Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Открытое мнение
НӘПСІЛІК МАХАББАТ

ОТКРЫТОЕ МНЕНИЕ

07 ноября 2020
936
0

НӘПСІЛІК МАХАББАТ


(лирикалық-биографиялық эссе)

 

Мен өмірімде бір көрген жігітті қайтып көрмеймін. Сондықтан нөмірімді сұрайтындарға жауабым қашанда дайын еді: Әуре болмаңыз, бәрібір екінші қайтып мені көрмейсіз! Жоқ. Неге? Мен сізді тауып аламын! деп бой бермейтіндері де өмір жолымда жолықты. Әйткенмен, иә, онымен қайта жолықтық...

 

Бірде құрбыларыммен алдындағы дәмханада жиналдық. Дәмхананың іші де ауасы да кең, жүріп-тұруға жайлы. Дәл ортасында би алаңы бар. Жарығы аз, сұп-сұр зал. Безендірілуі тұрғысынан тым жұтаң, жадағай. Мені шабыттандыратындай, күй сыйлайтындай жер емес, әрине. Бірақ, ол сәттерде қазіргідей қатаң талғамайсың. Көңілің саған бағынбай өзі-ақ алып-ұшып тұрады...

 

Билеп жатсам, әлдебіреу оң қолымнан ұстап алды. Артыма жалт бұрылдым. Сұр футболка киген ол тұр. Құпия жымыйды. Жүрегім қалыптан тыс жылдам-жылдам қағып кетті. 
- Сіз бе? 
- Танымай қалдың ба не?
- Қайдан жүрсіз? Көрем деп ойламадым.
- Мен жолдастарыммен жүрмін. Алдында қоштаспай кеттің ғой?
- Иә... 
- Риза, біздің үстелге отырсаңдаршы? 
- Жоқ, қажет емес. 
- Жақсы. 
Бірге билеп кеттік. Тек Греймен ғана бір толқында үндесіп, жарасымды билейтін едік. Өзге ешкіммен ол әсерді алмадым, бірге билегендегі сол күйді қайтып кешпедім. Басқалармен өзімді мәжбүрлейтінмін. Тым сирек біреумен жұп болып билейтін ем. Әдетте ешкімді саналы түрде маңайлатпайтынмын.

 

Суық түрімді көріп Кешіріңіз-кешіріңіз... деп өздері-ақ қашатын. Кейбірі Болмай ма не? Ойбай, не болыпты?! дегендей қарсыласатын. Әй жоқ-шәй жоқ бас салып  көтеріп әкететіндері мен жол бермей қоятындары, қолыңнан жібермей ұстап өзіне тартып әлек болатындары мен өтіп бара жатып қолыңнан сипап кететіндері де кездесті... Жай жүрмей мен де талайының намысына тиген де шығармын. Түнде жүрген қыз балаға кім оң көзбен қарайды дерсің? Бұның қалауы да басқалардыкы сияқты сол баяғы жігітпен танысу, бір түн бірге болып шығу деп қана келте топшылайды емес пе? Өйткені, мейрамхана, клуб, бардан кейін басқа қыздардың бейтаныс ер азаматтардың көліктеріне отырып кетіп бара жатқандарын жиі көреді... Содан барлық қазақ қыз балаларының деңгейлері бір деп есептей салады. Рухани деңгейдегі қыз бала мұндай жерлерден не іздейді?! Әрине, түсініксіз... Әйтпесе, үйінде жылы орнында қаздиып отырмай ма?! деп дәстүрге салып шолақ ой қозғамайма тобырлық сана.

 

Тоғыз жыл достасқан режиссер Ақбөбек құрбымның бірде айтқаны бар: Мен сенімен енді ешқашан ешқайда шықпаймын. Сен жақтырмай қабағыңды түйіп, жігіттердің бәрін қуып жібересің. Менсінбейсің, өзінше жекіп сөйлейсің. Оп-оңды жігіттер келіп тұрса, бізге кету керек деп жынды адамдай тағы орныңнан атып тұрғаның не? Ылғи сөйтесің! Келесі де кеткің келсе, өзің кете бер, біз қаламыз. Құр биден шаршамадың ба, билей беруден рас жалықпадың ба? Арасында танысқанда тұрған ештеңе жоқ. Осы бізден басқа ешкім құр терлеп-тепшіп билеуге бармайтын шығар, сірә. Өзімізбен-өзіміз құр текке жалғыздан-жалғыз билеп-билеп қайтамыз... Босқа күш кетіріп, уақыт жоғалтып.  Жыларман болып талай мені ашықтан-ашық айыптаған. Үндемейтінмін, тек төртінші ретінде ғана мен де жауап қатқанмын. Ол оқиғаға алда жеке тоқталармын...

 

Греймен қос аққудай тербеліп әдемі вальс биледік. Бас қайтадан айналып қалды. Жасы менен екі-үш жас кіші болды-ау. Батылдығы да бұзықтығы да байқалып тұратын. Төбелестерге ойланбастан қатыса  кететін. Жастықтың буы ма екен? Шешен жігіттері ұқсап қызуқанды еді. Десек те, бірқалыптылығы мен сабырлығын жоққа шығара алмаймын. 

 

Үскірікте далада қалғандай денем қалтырап дір-дір етеді. Бәріне кінәлі - оның қап-қара тұнық көздері. Қараған сайын өңменімнен өтіп кетеді. Ал ол мені аямайды, әдейі қайта-қайта қарайды. 
Медляк билеп жатқанымызда белімнен өзіне қарай қатты тартып қалды. Байқамағандай тұрдым. Қарасам, қызып қалған екен. Көздері оттай жанып тұр. Баяу әнге бойым жібіп қалықтап мен кеттім, басқа таңғажайып әлемдерге тегін саяхаттап. Сырттан қараған біреу мына қыз ішкен деп ойлар ма еді?.. Жерге түссем, ол шаштарымды түзеген боп мойнымнан иіскеп тұр. Үйге келсем мойнымда таңба ма, белгі ме, әлдене бар, қараймын көгерген сияқты... Қайдан келді деп есіме түсіре алмадым. Не екенін де, нені білдіретінін де, қалай аталатынын да білмеппін. Ертеңгі күні университетте жүрмін аққу мойнымды аппақ қылып ашып тастап Ал көріңдер! дегендей. Бәрі қарайды. Кейін бізден төрт жасқа үлкен тәжірибелі группаласымыз Ақжарқын айтып түсіндірді. Ол кезде өзімді жазғырып, жазалап не кінәлаған да жоқпын. Өкпелемедім де айыптамадым. Жай қарай салдым... Кейін 23 жасымда бірақ саналылық келгенде, ол қылығыма қатты көңілім қалды. Қалай аңдамадың, сезімге неге ерік бердің, қалайша жол бердім деп тіземді соғып қалдым. Соны еске алсам, өзімді мүлде сыйламай қаламын. Өйткені, ешкімді алдай алмаймын оны өзім білемін, ішім біледі, оны Алла анық көрді, бақылаушы періштелерім де куә... Ниетімді жазып алушы періштелерім мені әсте айыптай қоймас, себебі анығында арам ниетім болмады... 

 

Бәлкім, сол кездерде қараланып қалған болармын. Нәпсілік махаббат дейді мұны. Әдетте, нәпсілік махаббат  - жындық қуаттан. Сол менің сынағым болды-ау. Сынақ үшін Алла беріп тұр ғой, қажетсіз нәрсені құштар қылып. Рухани кесел де болуы мүмкін. Иә, Алла - махаббат көзі! Қалғаны жәй  құштарлық. Алдамшы өмірде Алладан басқасы ақиқат емес. деуші еді рухани ұстазым...

 

Сонда расында да қалай сезбегенмін? Әлі түсініксіз. Түк ұқпадым. Сол жолы жолдастары әлдебіреулермен келіспей қалып, төбелес шығарып, Грей асығыс кетіп қалды. Ал үшінші рет оны Арек шақырып алды... 

 

(жалғасы бар) 

 

Риза ЫСҚАҚ

ҚР Журналистер Одағының мүшесі, публицист-эссеист. 


Поделиться:
     
Оставить комментарий:
Captcha