Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жыр толғасам жарықтық Жұбандаймын......

24.10.2024 1295

Жыр толғасам жарықтық Жұбандаймын... 14+

Жыр толғасам жарықтық Жұбандаймын... - adebiportal.kz

23 қазан күні, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Фариза Оңарсынова атындағы залында, белгілі ақын Асантемір Қаршығаұлының «ШынЖЫР» атты жыр кітабының тұсауы кесіліп, әдеби таныстырылымы жасалды. Еркін форматтағы поэзия кешіне Асан Омар, Сұраған Рахметұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Маржан Ершу, Қалқаман Сарин, Ұларбек Дәлейұлы, Тоқтарәлі Таңжарық сынды астаналық шығармашылық қауым мен ақынның оқырмандары қатысты. Кеш барысында сөз алған абайтанушы ғалым Асан Омар ақынның өлеңдеріндегі шындық, ақиқат ұғымдарын Шәкәрімнің «Шыннан өзге құдай жоқ» пәлсапасымен байланыстыра отырып кеңінен талдады.   

Ақын Сұраған Рахметұлы Асантемірдің шығармашылығына тоқтала келіп: «Асантемір Қаршығаұлы – ХХІ ғасырдағы ерекше бір екпінді толқынның көшбасында келе жатқан ақындардың бірі. Ақындық өнерді әрқилы жағынан қарап, жан-жақты бағамдауға болады. Осы тұрғыдан келгенде, Асантемір поэзиясы жыраулық үлгідегі өлеңнің біздің заманымызда өзгеше бой жасаған түріндей әсер береді. Осы кезеңдегі мәселелерді ол өзгеше екпінмен шамырқана жырлайды. Көненің көзіндей көсемсөздері өлеңіне өзгеше өрнек бітіріп, адам жанының нәзік қылын шерте алатын бейнелілігімен баурайды», - деп баға берді. 

Одан кейін сөз алған Қалқаман Сарин, Маржан Ершу бастаған ақындар Қаршығаұлының екпінді, тегеурінді өлеңдеріне шын көңілден салиқалы пікірлерін айтып, Асантемірдің адами келбетіне, ақындық болмысына деген ризашылықтарын білдірді. 

Осы кешке Орал қаласынан арнаулы ат терлетіп келген ақын, журналист Рауан Сатыбалдиев Асантемір Қаршығаұлының шығармашылығы туралы: «Асантемірдің поэзиясы өзінің өмірлік ұстанымынан, азаматтық көзқарасынан алыс кетпейді. Оның өмірі мен өлеңі біте қайнасып, біртұтас Асантемірдің жан әлемін құрайды. Артынан ерген інісі ретінде оның бұл принципі бізге әрқашан үлгі. Оның ауылынан, ауылдағы қарапайым қауымынан кіндігін үзбеген шынайылығы, ағаға деген құрметі мен ініге деген ізеті кісі сүйінерлік. Қашан да айналасына інілерін жинап, осындай үлкен әдеби ортаға таныстырып, бауырларының жолына сәт сапар тіліп жүреді. Өзім шыққан биігім бәрінен қымбат демейді. Мейлі өмірде, мейлі шығармашылық  жолда болсын Асантемір ағамыздан үйренеріміз көп», - деп ағынан жарыла өз ойын ортаға салып, Асантемір Қаршығаұлының жыр кешіне арнап өлең оқыды. 

Асантемір Қаршығаұлы 1982 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданында дүниеге келген. Атырау, Орал қалаларында журналистік қызымет атқарған ақын жақында ғана Астана қаласына қоныс аударған. «ШынЖЫР» ақынның төртінші жыр жинағы. Осы жылдың қоңыр күзінде Астанадағы «Қаламгер» аллеясында, ақынның «Аспанымның астында өлең оқып берейін» деген атпен поэзия сағаты өткен болатын. Өлеңдерініен ер Махамбеттің, ұлы жыраулардың өткір, күрескер мінезі, асқақ рухы, екпіні мен жігері менмұндалап тұратын Қаршығаұлының поэзиясы бұл күнде өз оқырманын тауып келеді. Оның қазақтың қара өлеңіне деген адалдығы жан құрметтерлік. Ішер асы, жұтар ауасы өлеңмен ғана өріс табатын ақынның шығармашылық жолына толағай табыс тілейміз!

Иілмейтін болғасын майыспаймын,

Қатулансам көкке ұшып, Ай ұстаймын!

Қабағымнан қар жауып тұрғаныммен, 

Жібісем иі қанған қайыстаймын!

Өзге түгіл өзімді ұға алмаймын,

Сыр ақтарсаң, сыртыма шығармаймын!

Топты көрсем, тыпыршып тұра алмаймын, 

Жыр толғасам жарықтық Жұбандаймын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар