Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕГІРТКЕ
Жил Делөз. Бақылау қоғамы...

27.08.2021 4162

Жил Делөз. Бақылау қоғамы 12+

Жил Делөз. Бақылау қоғамы - adebiportal.kz

ТАРИХИ ДАМУ

Фуко тәртіпке бойұсынатын қоғам он сегіз, он тоғызыншы ғасырларда қалыптасты деп жазады. Бұл қоғам кемелдену кезеңіне жиырмасыншы ғасырда жетті. Тәртіпке бойұсынатын қоғам ауқымды «тұтқындау кеңістіктерін» ұйымдастыруға кірісті. Бұдан жеке тұлға бір тұтқындау кеңістігінен келесі кеңістікке үздіксіз ауысып отырды, олардың әрқайсысының өз заңы болды: алдымен отбасы заңы, кейін мектеп («сен енді үйде не отбасыңда емессің»), одан кейін фабрика, ара-тұра емхана, одан кейін мүмкін тұтқындаудың ең қолайлы әрі бекітіліген формасы – түрме. Түрме басқа «тұтқындау формасына» негізгі үлгі ретінде «қызмет етті»: «Еуропа 51» кейіпкері Росселлини зауытта жұмыс істейтін жұмысшыларды көргенде: «Мен тұтқындарды бақылап отырған сияқтымын»,- деген еді.

Фуко аталған «тұтқындау кеңістіктерінің» мінсіз жобасын тамаша талдады, әсіресе бұл зауыттарда ерекше байқалады: зауыттың міндеті – шоғырландыру, кеңістікте орналастыру, уақытты ретке келтіру, өндіргіш күшті кеңістік-уақыт континуумына орналастыра отырып нәтиже жекелей алғанда бар құраманың қорытынды нәтижесінен жоғары болуын қамтамасыз ету. Десе де Фуконың өзі бұл модельдің аралық сипаты болатынын мойындады. Тәртіпке бағынатын қоғам мақсаты мен мәні мүлдем басқа үстемдік етуші қоғамды алмастырды (бұл қоғам өндірісті ұйымдастыруға емес, салық жинауға, өмірді басқаруға емес, өлімге үстемдік етуге бағытталды және т.б). Осы екі типтегі қоғам арасында өтпелі кезең ұзаққа созылды, тек Наполеонның кезінде ғана ауқымды әрі бекіген тәртіпке бағынатын қоғам орнады. Бірақ аталған қоғам әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамып, нығайған жаңа күштерге орын беріп, дағдарыс кезеңін де өткерді. Енді біз тәртіпке бағынатын қоғам болудан қалдық, біз ондай емеспіз.

Біз тұтқындау кеңістігінің әртүрлі типтегі дағдарысты бастан кешіп жатқанын байқаймыз, айталық, пеницитарлық жүйе дағдарысы, медициналық дағдарыс, өндірістік дағдарыс, отбасы мен мектеп дағдарысы. Отбасы «тұтқындау кеңістігінің» моделі бойынша ұйымдастырылған өзге де ішкі кеңістіктер сияқты дағдарысқа ұшыраған. Әртүрлі деңгейге ие әкімшіліктер ағартушылық, өндірістік, медициналық, пеницитарлық және әскери реформалар қажет деп үнемі мәлімдейді. Бірақ бәрі олардың өлім алдындағы жанталасы қаншаға созылса да, бұл институттардың тізесі шыққанын жақсы біледі. Пайда болған жаңа күштер ақыр соңына дейін игерілгенше, жаназа рәсімдері мен жұмысбасты адамдарды ұйымдастыру туралы сөз қозғап отырмыз. Тәртіпке бағынатын қоғамды бақылау қоғамы алмастыруға мәжбүр. «Бақылау» - бұл сөзді Берроуз «құбыжық» мәнінде қолданады, ал Фуко бұдан жақын болашағымызды көреді. Пол Вирило өз қазанында еркін қайнап жатқан ультражылдам формалы бақылау жабық жүйенің қатаң кадры шеңберінде жұмыс істейтін ескі тәртіп әдістерін алмастырды деп талдайды. Біз ерекше фармацевтикалық өнімдер, молекулалық инженерия, генетикалық манипуляция және т.б еске салып өтейік. Бұл режимдердің қайсысы қатал деп сұрауға болмайды, өйткені әр режимнің бір-біріне қарама-қайшы яғни босату әрі құл қылу факторлары бар. Мысалы, аудандық ауруханалар, емханалар және күнделікті процедуралар (олардың бәрі белгілі бір мәнінде «тұтқындау кеңістігіне» жатады) сынды дәстүрлі клиникалық мекемелердегі дағдарыс бастапқыда жаңа еркіндікке жол ашуы мүмкін, бірақ кейін бақылаудың жаңа әдістері тұтқындаудың ең қатал түрлерінен асып түсетін салдарларға алып келеді. Әңгіме қорқыныш пен үміт туралы емес. Жаңа қару іздеу туралы айтып отырмыз.

ЛОГИКА

Жеке тұлғаларды өздері жарып өтетін «тұтқындау кеңістіктеріне» қамау түрлі модельдерге негізделген: біз қашан да бәрін басынан бастап жатырмыз деп санаймыз, десе де барша кеңістікте ортақ тіл бар, ол бұл кеңістіктердің үздіксіздігіне емес, аналогиясына негізделген. Екінші жағынан бақылау механизмі біртұтас құрылымның вариацияларына негізделген, бұл цифрлық тұрғыда маңызды тілі бар (бинарлы болуы міндет емес) айнымалы геометрияны құрайды. Тұтқындау кеңістігі жеке матрицалар, дистинкті құйма дегенді білдіреді, ал бақылау кеңістігі бір формадан екінші формаға үздіксіз құйылып отыратын не жіптері бір саңылаудан екіншісіне үздіксіз өтіп отыратын елек тәрізді өз-өзін өзгертуге қабілетті балқытылған заттай жеке субстанциялар модуляциясы дегенге саяды.

Бұл жалақы мәселесінде айқын көрінеді яғни зауыт өзінің ішкі күшін – өнімділік мәселесінде өте жоғары, ал жалақы мәселесіне келгенде өте төмен баланста ұстап тұрғысы келетін организм. Бірақ бақылау қоғамында зауыт және оның көзге түсер өрескел ұйымдарының орнын корпорациялар алмастырады. Корпорация – бұл рух, бұл газ. Әрине, зауыттарда да сыйақылар мен ынталандыру жүйесі болды, бірақ корпорациялар алысқа кетіп, қиындық, бәсеке және күлкілі топтық жұмыстарды жоғары деңгейде іске асыратын күрделі метатұрақтылық жүйесін – еңбекақының тұрақты модуляциясын енгізеді. Міне, ең дарақы телевизиялық ойындардың осыншама танымал болуы олардың корпорация моделіне дәлме-дәл келетіндігіне байланысты. Зауыт көпшіліктің әрбір элементін бақылап отыратын қожайынға және көпшіліктің жаппай қарсылығын ұйымдастыратын кәсіподақ сынды екі инстанцияға ғана пайда әкелетін біртұтас ағзаға біріккен жеке адамдар бірлестігі. Алайда корпорациялар жеке бәсекелестікті ынталандырудың ең дұрыс формасы, бір индивидті екіншісіне қарсы қойып, әр индивидті өз ішінен бөле бастайтын бөлшектеудің арқасында басқаруға қол жеткізетін ең мықты импульс дегенді білдіреді. «Жалақыны еңбек сіңіргеніне байланысты алады» дейтін модуляция принципі ұлттық білім беруге де әсер етті. Корпорация зауытты алмастыратынындай, тұрақты білім алу мектепті, ал үздіксіз бақылау бір реттік емтихандарды алмастырады.

Тәртіпке бағынатын қоғамда адам бәрін үнемі басынан бастайды (мектептен лашыққа, лашықтан зауытқа). Бақылауға бойұсынатын қоғамда керісінше, ештеңе аяқталмайды. Корпорациялар, білім беру жүйесі, әскерге бару деформацияның әмбебап жүйесі ретінде бір модуляция аясында бір-бірімен қатар өмір сүре беретін метатұрақты жағдайға айналады. Әлеуметтік формацияның екі типінің шекарасында өзін-өзі танып білген Кафка «Процесс» романында ең қорқынышты заң формаларын сипаттады. Тәртіпке бағынатын қоғамды уақытша ақтау (екі тұжырым арасында) бар және бақылауға бойұсынатын қоғамдағы дүниелерді қарастыруды шексіз кейінге қалдыра беру бар (үздіксіз вариация). Бұл құқықтық өмірдің екі түрі болып саналады. Бүгінде заң қауқарлы емес, себебі біз бір модельден екінші модельге өтудің тоқырау кезеңінде тұрмыз. Тәртіпке бағынатын қоғамның дербес тұлғалықты растайтын жеке қолтаңба және жеке тұлғаның көпшілік арасындағы орнын білдіретін құжат нөмірі сынды екі полюсі бар.

Бақылауға бойұсынатын қоғам аталған екі модалдылықтан ешқандай айырмашылық көрмейтіндіктен, мұндай екітараптылық бақылауға бойұсынатын қоғамның осы қасиетіне негізделген. Яғни билік бір уақытта көпшілікті даралап көрсетсе де, оларды қыса түседі, демек өзі басқаратын бағынышты субстанцияны бір денеге жинайды да, осы дененің әрбір жеке фрагменттерін дайын формаларға құяды. (Фуко мұндайды дін қызметкерінің діни билігінен байқайды яғни ол отарды тұтастай әрі әрбір қойды жеке бақылай алады, ал азаматтық қоғам өз билігінен «зайырлы» дін қызметкерін жасайды). Екіншіден, бақылауға бойұсынатын қоғамда қолтаңба мен нөмір маңызды емес, код маңызды. Код – бұл құпиясөз, ал тәртіпке бойұсынатын қоғамда лақап атпен жұмыс істейді (интеграциялық қана емес, резистентті аспектілер де танытады). Бақылауға бағынатын қоғамның цифрлық тілі сізге ақпарат алуға рұқсат ететін яки қол жеткізу мүмкін емес кодқа негізделген. Біздің енді бұқаралық жұпта не жеке тұлғада шаруамыз жоқ. Индивидуум «дивидуумға» айналады [1], ал бұқара – сэмпл (үлгі), мәлімет, нарық және «банкке» айналады. Бәлкім қаржы саласында бұл айырмашылық айқын көрінетін шығар. Тәртіпке бағынатын қоғам өз қаржы жүйесін алтынды цифрлық стандарт деп қарастыратын фиксациялық эталон санайды. Бақылау қоғамы валютаны стандарт валюталар желісі анықтайтын бағамдар негізінде модуляцияланған өзгермелі айырбас бағамына жатқызады. Ақша құмар кәрі көртышқан – «тұтқынға алу кеңістігінің» хайуаны. Бақылауға бойұсынатын қоғамның хайуаны – жылан. Біз бір хайуаннан екінші хайуанға яғни көртышқаннан жыланға айналдық. Біз өмір сүретін жүйе – жылан жүйесі, бірақ бұл біздің өмір сүру тәсілімізге және басқалармен қарым-қатынасымызға әсер етеді. Тәртіпке бағынатын адам үздіксіз энергия өндіруші болды. Тәртіпті адам толқынның, ғаламзаттың адамына, үнемі желіде болатын адамға айналды. Міне осы себепті серфинг жасау [2] басқа спорт түрлерін алмастырды.

Көлікті де қоғамның түр-түріне оңай жатқызуға болады. Көліктер бұл түрлерді анықтамайды, өздері өндіретін және қолданатын әлеуметтік формаларды жүзеге асырады. Ежелгі қуатты қоғамдар – иінтірек, жетеккүш, сағат сынды қарапайым көліктерді пайдаланды. Ал кейін келген тәртіпке бағынатын қоғам энтропияның оқшау қаупі мен қасақана белсенді қауіп төндіретін көліктермен жабдықталды. Бақылауға бойұсынатын қоғам үшінші типтегі көлікпен яғни компьютермен байланысты. Компьютерлер оқшау қауіп тудырса, бір орында тұрып қалады, ал қасақана қауіп тудырса, қарақшылық жасап, вирустар енгізеді. Бұл технологиялық эволюция капитализм мутациясының терең деңгейін көрсетеді. Демек ХІХ ғасырдағы капитализм шоғырлану, тауарлар мен мүлікті шоғырландырудың капитализмі болды деген бәріміз жақсы білетін мутация. Сондықтан зауыт капиталиске тиесілі өндіріс өнімдеріне де, аналогия бойынша құрылған (жұмысшыларға арналған үйлер, мектептер т.б) бір-бірімен шектес кеңістіктерге де иелік ететін «тұтқынға алу кеңістігі» болып құрылды. Нарықтар не мамандандыру арқылы, не отарлау арқылы, не тауарлардың өзіндік құнын төмендету арқылы бағынды. Алайда қазір капитализм Үшінші Әлемді басқаруға тоқыма, металлургия немесе мұнай өңдеу сынды ауыр өнеркәсіп саласына жол ашса да, өнеркәсіпке тартылмаған. Ол енді шикізат сатып алмайды және дайын өнімді қайта сатпайды яғни капитализм қазірдің өзінде дайын өнім мен бөлшектерді сатып алады. Бұл жоғары деңгейге ие өндірістік капитализм. Ол қызметтерді сатады, тауарларды сатып алады. Капитализм енді өндіріспен емес, дайын өніммен, өнімді сату немесе маркетингпен ғана айналысады. Қазір капитализм – дисперсті, шашыраңқы, ал зауыт болса корпорацияларға орын босатады. Отбасы, мектеп, әскер, зауыт мемлекетке не жеке билікке бағытталған өзара ұқсас типологиялық «тұтқынға алу кеңістіктері» яғни меншік иесінің пайдасы емес. Олар қолында билігі бар бір корпорацияның кодталған фигураларына (үнемі деформацияланатын және өзгеретін) айналады. Тіпті өнердің өзі «тұтқынға алу кеңістігінен» (галерея) босап шығып, банктердің ашық айналымына енеді. Қазіргі кезде нарықты жаулап алу қашықтан оқыту, бақылауға иелік ету, тауарлардың құнын төмендету, айнымалы бағамдарды бекіту я өндірісті мамандандыруды емес, өндірісті өзгерту арқылы жүзеге асады. Сыбайлас жемқорлық барлық жерде кең қанат жайып келеді. Маркетинг корпорацияның орталығына, «жанына» айналды. Бізге корпорация «тірі» деп үйретті, бұл ең жан түршігерлік жаһандық жаңалық. Нарықтық операциялар қазіргінің әлеуметтік бақылау құралы, және олар бізді басқаратын қожайындардың ұятсыз бірлестігін құрады. Бақылау – үздіксіз және шексіз, ол қысқа мерзімді операциялар мен қысқа уақытта пайда табу арқылы жүзеге асырылады. Тәртіпке бағынатын қоғам керісінше, әрбірінің бекітілген шекарасы бар, дисконтинуал жұмыс істейтін мерзімді жобаларға бағытталды. Адам енді тұтқынға емес, борышкерге айналды. Сондай-ақ капитализм өз тепе-теңдігін тұрақты ұстай алатыны, осы себепті адамзаттың төрттен үш бөлігі кедей өмір сүретіні анық айқындалды. Демек адам борышкерге айналу үшін тым кедей, ал тұтқын болуы үшін адам саны тым көп деген сөз. Сондықтан бақылау қоғамы шекара эрозиясымен ғана емес, кедей аудандардағы әлеуметтік наразылықтармен, өндірістік геттолармен бетпе-бет келеді.

БАҒДАРЛАМА

Кез келген сәтте ашық кеңістіктегі әрбір элементтің орнын дәл тіркейтін бақылау механизмінің тұжырымдамасын (мысалы мойнындағы электронды қарғыбаудың көмегімен қорықтағы жануарды немесе корпорациядағы адамды бақылау) ғылыми фантастикадан көшіріп алу міндет емес.

Феликс Гуаттари керек есік пен өткелдерді ашып беретін «жеке» электронды кәртішкенің көмегімен кез келген адам өз көшесін, өз үйін, өз аймағын тастап кете алатын қала өмірін суреттеді. Бірақ карта бір күні, бір сағатта жұмыс істемей қалуы мүмкін. Кедергі маңызды емес дейік. Әр адамның орналасқан жерін бақылауға алатын компьютер заңды я заңсыз болсын, ғаламдық модуляцияны жүзеге асырады.

Пайда болған кезінен-ақ бақылауға алынған бақылау механизмдерін әлеуметтік-технологиялық зерттеу тиянақты болуы тиіс және әбден тозығы жеткен тұтқынға алудың тәртіп модельдерін алмастыруы керек. Бәлкім алғашқы басқару қоғамынан жеткен ескі әдіс-тәсілдер қолданылатын шығар. Яғни өзгерістер ене отырып, өткенге қайта оралу жүзеге асады. Ең бастысы, біз жаңашылдықтың табалдырығын аттағалы тұрмыз.

Қылмыстық-атқару жүйесінде жазаны өтеуге (кем дегенде жеңіл қылмыстар үшін) «субституттар» іздеп көруге болар, яғни бұл мақсатта белгілі бір мерзімде, белгілі бір уақыт аралығында үйден шығуға тыйым салатын «электронды қарғыбаулар» қолдануға болады. Білім беру жүйесінде бақылаудың үздіксіз түрі енгізіліп, тоқтаусыз білім беруге көшеді. Салдарынан университеттер барлық зерттеулерінен бас тартып, мектептер корпорацияға айналады. Медицинада «дәрігерсіз және науқассыз» деген жаңа модел енгізіліп, науқас адамды математикалық көрсеткіштері бар медициналық аппаратпен жеке қалдырады. Сондықтан науқас қорқыныш сезініп, тәуекел етіп түрлі шарпысқан сезімдерді бастан кешіріп жатып, ем алады. Енді ол дербес нөмірі бар индивид емес, бақылауға бойұсынатын «дивидуалды» кодтық материал ретінде қарастырылады. Корпоративті салада ескі өндіріс-сауда циклдары толығымен жойылып, ақша, пайда және адами материалдармен жұмыс істейтін жаңа моделдер қолданылады. Жоғарыда айтылғандардың бәрі аз ғана мысал, десе де институттар дағдарысы туралы сөз қозғағанда нені меңзеп тұрғанымызды жақсы ұғуға мүмкіндік береді. Бұл жаңа үстемдік етуші жүйенің прогрессивті және дисперсті қондырғысы. Ең маңызды сұрақтың бірі кәсіподақтарға қойылады. Себебі кәсіподақ тарихы тәртіпке бағынатын қоғамдағы және «тұтқынға алу кеңістігіндегі» жағдайларға қарсылық танытатын күреспен байланысты. Олар жаңа жағдайға бейімделіп, бақылау қоғамына қарсы тұрудың жаңа формасын жасай ала ма? Маркетингке жол бермейтін, болашақта қара бұлттай төніп келе жатқан жобалардың ең болмағанда сұлбасын болжай аламыз ба? Қазірдің өзінде жастардың басым көбі «өмірге құштар екендерін» айтып мақтанады, олар тұрақты және үздіксіз білім алуды өздері талап етіп отыр. Бірақ жастарға кімге адал қызмет ететіндерін білуге тура келеді, себебі олардың ата-бабалары да тәртіпке бағынатын қоғамның шын мақсатын еңбек еткенде ғана түсінді (тәртіпке бағынатын қоғамның шын мақсатын қиындықсыз білді деген сөз емес). Жыланның сақинасы көртышқанның жерасты іздерінен де күрделі.

[1] Латынның «individuum» сөзі «бөлінбейтін» деген мағынаны білдіреді, ал «dividuum» «бөлінетін» деген мағынаға ие.

[2] Серфинг — ағылшын тілінен surfing, surf, сөзбе-сөз аударғанда «жылжу, сырғанау» деген мағынаны білдіреді.

Аударған: Friedrich Shegirtke


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар