Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жаһанша Досмұхамедов

30.05.2021 1087

Жаһанша Досмұхамедов

Алаш арыстарының ХХ ғасыр басындағы аумалы-төкпелі, қым-қуыт дәуірдегі ұстанған басты мақсаты – керегеміз ағаш, ұранымыз «Алаш!» - деп Еділ мен Алтайдың арасын ен жайлаған қалың жұрттың осы бір алмағайып кезеңде күштінің табанына тапталып торғай тоз болып кетпеуін қадағалау, осыған байланысты іс-әрекет жасау болғаны белгілі. Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеті Семей мен Орал өлкелерінде барынша көрініс тапқаны белгілі. Солардың ішінде Жаһанша Досмұхамедұлының тұлғасы айрықша көрнекті. Біз мақалада Алаш арысының өмір жолына шолу жасауды жөн көрдік.

Большевиктік биліктің «жауыздық низамындағы» атышулы 58-ші баптың құрсауын басқалар білмесе де, тап Жаһанша Досмұхамедовтің түйсінбеуі мүмкін емес-ті. Алайда жазадан сескеніп, тайқып шығуды мақсат тұтпады. Өйткені ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Ақсақал аға, азамат іні... бірік... Алаштың басын қорғауға кіріс!» - деп ұран тастауымен, «тірі болсақ бір төбеде, өлсек – бір шұңқырда болармыз» деп уағдаласқан алашордашылардың серті серт еді.

Жаһанша Досмұхамедовтың ауызға ілігіп, көзге түсуі 1917 жылы мамырдың басқы күндері Мәскеуде өткен Бірінші Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің қарсаңы. Сол жылы сәуірдің 19-22 жұлдызында Орал қазақтарының құрылтайы шақырылады. Сегіз жүз делегат қатысқан бұл құрылтайды Орал облыстық Қазақ атқару комитетінің мүшесі Жаһанша Досмұхамедов басқарады. Осы жиында ақпан төңкерісінен кейін әрі-сәрі күй кешкен жұртың бұдан былайғы басқарылуы, Уақытша үкіметке және жүріп жатқан соғысқа деген көзқарастың айқындалуы жайындағы келелі мәселелер қаралады. Жаһанша Досмұхамедовтің алдағы мұсылмандар съезіне Орал тобын бастап баруға жолдама алуы да, осы құрылтайдың түйіні болатын.

Заңдық баптарға және самодержавиелік Ресейдің ішкі заңдылықтары мен қозғалыстарына жете көз жіберген және соны бейімдей білген Жаһанша Досмұхамедов, өзінің үлкен заңгерлік, саяси қайраткерлігін Ресей Мұсылмандарының съезінде ерекше көрсеткен екен.

Көпес Асадулаевтің үйінде өткен атаулы съезде Жаһанша Досмұхамедов бірауыздан Бүкілресейлік «Шура-и-ислам» комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Жиынның және бір маңызы – Ресейдегі мұсылман қауымы, оның ішінде түркі жұрты тәуелсіз мемлекет құруға құқы бар деген идеяның көтерілуі. Бұл әрі Ресей империясы империя болғалы, отар жұрттың алғашқы саяси бас қосуындағы азаттық туралы жар салған тұңғыш үндеу болатын. Осы үндеуге және оның қарарларының жазылуына Әзербайжан Топшыбашов пен оның орынбасары болған Жаһанша Досмұхамедов ерекше үлес қосты.

Бұл кез Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышбаев сынды әрқайсысы бір төбе қазақ оқыған зиялыларының ұлт мүддесі жолында бас біріктірерлік саяси һәм рухани келбетінің қабындап тұрған шағы еді. Ал арпалысқа толы болмақ ендігі өмірдің қамына шын кіріскен Жаһаншаның, Патшалық Ресейдің қырына ілігуі бұдан сәл ертерек, 1911 жылдар шамасы болатын. Бұдан соң Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Қазан мен ақпан төңкерістері жүрілді.

Там-тұмдап қана мақаламыздың мазмұнынынан хабардар еттік. Енді Жаһаншадай күрескердің асқақ басталып, трагедиямен аяқталған саналы ғұмырын басынан тартып баяндап шықсақ дейміз.

ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙ ТҰСЫНДА

Хош. Жаһанша Досмұхамедұлы 1887 жылы 27 маусымда Орал облысы, Жымпиты болысының №3 ауылында, ауқатты шаруа отбасында дүниеге келген. Болыстық қазақ мектебінен сауат ашқан Ол 1899-1905 жылдары Орал қаласындағы реальдық әскери училищеде оқиды. Осыдан кейін бір жыл әзірлік курста оқыған Жаһанша Досмұхамедовке Ресейдің жоғарғы оқу орнында білім алу үшін Орал облыстық губерния басшысының арнайы шәкіртақысы тағайындалған.

Атарлған әзірлік курсын ойдағыдай аяқтаған соң, 1906 жылдың 22-ші тамызында Жаһанша Досмұхамедұлы өз қолымен Император атындағы Мәскеу университетінің ректорына, сондағы заңгерлік факультетте оқығысы келетінін айтып өтініш жазған еді. Далалық өңірдің талапты шәкіртінің бұл өтініші көп кешікпей қабыл алынады.

1910 жылға дейін Император атындағы Мәскеу университетінің заң факультетінде оқыған Жаһанша Досмұхамедұлы, құқықтық іліммен барынша қарулануды мақсат тұтады. Ол университеттегі заңгер-профессорлардың лекциясынан бөлек, Батыс Еуропа заңгерлерінің еңбектерін түгесіп, сол замандары Ресейде шығып тұрған заң газеттері мен журналдарын жата жастанып оқиды.

Жаһанша Досмұхамедұлы АҚШ, Германия, Франция, Англия т.б. алпауыт мемлекеттердің заң жүйесін шебер меңгереді. Бұдан өзге Америка федералистері, республикашылары Пееин, Джеферсон, Франклин, Вашингтон, Гемитон т.б. белгілі заңгерлердің идеясын бойына сіңіреді.

Жаһанша Досмұхамедұлы заңгерліктің бір шарты – шешендік, шебер сөйлеу деп білген. Бұл оның табиғи қабілеті, сөз сөйлеу мәнерінде туадан бар еді. Заманында Сәкен Сейфуллиннен: «Міржақып – жазу сөздің шебері, Жанша – ауызша сөздің шебері», - дейтін бағалау лебіз қалыпты.

«Сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына айрықша мән беріп, мағыналы етіп сөйле. Сөз үйренуден жиренбе. Көп біліп аз сөйле, аз біліп көп сөйлеме. Сөйлегенде әрбір сөзің нысанаға дәл тисін», - дейді екен, Жаһанша Досмұхамедовтың өзі. Ол әсіресе, азаматтық құқық негіздеріне қатты көңіл бөледі. Мәскеу императорлық университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген Жаһанша Досмұхамедов заң саласында жұмыс істей жүріп, енді біртіндеп саяси өмірге араласа бастайды.

Мәскеудегі оқуын тәмамдап, елге оралған Жаһанша Досмұхамедұлы, 1911 жылы Орал қаласында құрылған «Көші-қон басқармасының» қарамағындағы статистикалық комиссияның құрамына алынады. Басқарма Ақмола, Торғай, Орал қырғыз-қазақ шаруашылықтарының есеп жинақтарын алу жұмыстарымен айналысатын.

1911 жылы Ресейдің әсіреұлтшыл оқығандары арасында «Қазақ жерінде мемлекеттік құрылым бұған дейін болған жоқ. Бұларда өзіндік басқару жүйесі болмаған», - деген қыңыр пікір қылаң береді. Қазақтарды бұратана ретінде қарастыратын империлистік шовинизм бел алып тұрған, дәрегейіндегі күші аз, дәрмені кем отар жұртты кемсіте сөйлеу, біздің арқамызда ғана жарыққа шыққандар дейтін пасық тұжырымға ерік беру империяның қашанғы әдеті. Ал ұлттық интелегенциясы кемеліне келіп, азаттықтың күрес жолына мықтап түскен, әнтек мүмкіндікті қапы жібермеуге тас-түйін отырған қазаққа қарасты Патшалық Ресейдің бұлай деуі, бұл жолы сөз жоқ, қауіптің алдын алу еді. Жаһанша осы бір астамшылыққа қарымта қайтаруға бекінеді.

Сөйтіп ол қазақ заңнамалық кодекстерінің жарқын үлгісі Тәуке ханның «Жеті жарғысын» бүге-шігесіне дейін талдап көрсетіп, көшпелі қазақ тұрмысындағы кез келген жайт хан жарғысымен реттеліп, әр кез әділ шешім тауып отырғанын айтады. Қазақты бір кісідей зерттеген Левшин, Радлов, профессор Самоквасов сынды орыстың өз ғалымдарынан мысалдар келтіріп, қарсы тараптың бұлтаруына жол қалдырмайды. Мақала «Несколько слов об обичном праве казахов и народном суде» деген атаумен «Уральский листок» газетінің 1911 жылғы қаңтардың тоғызы, он төрті және жиырмасы күндері шыққан нөмірлерінде жарияланады.

Атаулы мақала жарық көрген соң-ақ, саяси аренада үлкен дода басталған сияқты. Себебі алаштанушы ғалым Дәметкен Досмұханқызы Жаһаншаның мақаласын іздеп «Уральский листок» газетінің Орал, Алматы, Орынбор қалаларындағы сақталған тігінділерін түгел парақтап шығады. Қай-қайсысында да дәл сол мақала жарияланған сандары жоқ болып шыққан. Мақаланың ізіне түсіп, індете қазбалаған Дәметкен Досмұханқызы бұнымен тоқтамай, тікелей Мәскеудің өзіне сұрау салыпты. Нәтижесінде «Уральский листоктың» баяғы, жоғалған үш нөмірі Ресей астанасының «Старовагонная» көшесіндегі бір үйдің жертөлесінен табылған. Дәметкен Досмұханқызының өзі бұл туралы: «Осы мақаланы оқып, менің түйгенім, сол кезде бұл мақала тек қана қазақ оқыған зиялы қауымына емес, сонымен қатар бүкіл Ресей патша үкіметінің барлығына да өте қатты қорқыныш тудырған. Себебі қазақ халқында мемлекеттік құрылым болған. Қазақтың хандары болған. Олардың өзіне тән мемлекет басқару жүйесі болған. Олардың өз өмір-тіршіліктерін қатынастарын реттейтін арнайы заңдылықтары болғанын паш еткен бұл мақаланы олар сондықтан да газеттен алдырып, халық оқымасын, халыққа тарамасын деп әдейі түбірімен жауып тастағаны белгілі болды», - деп ой түйеді.

Әйгілі мақаладан соң айылын жиған өлкелік Губернатордың бұйрығымен, Жаһанша Досмұхамедовке Орал облыстық басқармасында жұмыс істеуге тыйым салынады. Бірақ ол заңгерлік қызметтен қол үзбеді. Алдымен Орал округтік сотының көмекшісі, қылмыстық істер бөлімі хатшысының көмекшісі, бітімші сот, 1912-13 жылдары Омбы сот палатасына қарасты Барнауыл, Змейногорск уездерінде бітістіруші сот, Барнауыл уезінің көмекші прокуроры қызметтерін атқарады. 1914 жылы Том округтік сотының Каин уезі бойынша прокурордың орынбасарлығына тағайындалады.

Ал 1915 жылы Томск губернаторының нұсқауымен «Памятная книга Томская губернии» деген кітап шығады. Губерния қайраткерлерінің есім-сойы тізімделген сол кітапқа Жаһанша Досмұхамедовтың де аты есімі енген. Өйткені, Каин уезінде прокурордың орынбасары қызметін атқара жүріп саяси жер аудару мәселесін қадағалған білікті заңгер, еңбекқор маман, халықшыл тұлға Жаһанша небары 27 жасында «әділет генералы» атағын алған еді. Айтпақшы, 1915 жылы Гурьевте (қазіргі Атырау) өткен бір аты шулы сот процесінде адвокат болған Бақытжан Қаратаев мемлекеттік айыптаушы ретінде Томскіден заңгер ЖДосмұхамедовты шақыртқан деген дерек бар. Осы арада хронологиялық тұрғыда сәл алға оза сөйлесек. «Жаһанша Досмұхамедов заңгер, шешендік қабілеті өте мықты, көзқарасы жағынан түсініксіздеу (яғни, не алашты, не қызылды, не империялық жаңа держабаны қолдамады деген мағынада), ақкөңіл, ерік-жігері әлсіздеу, орыс тақылетті интелигент. Саяси жағынан толысқан саналы адам». Бұл қызылдардың тарапынан өзінің дұшпанына берген мінездеме.

АҚПАН ТӨҢКЕРІСІНЕН КЕЙІН

1917 жылғы ақпан төңкерісі бодандықтың қамытын киіп, қазақ даласына саяси сілкініс әкелді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бастатқан қазақ зиялыларының ұйытқы болуымен Торғай, Орал, Семей, Ақмола облыстарында съездер өтіп, қазақтың ендігі жерде өз алдына дербес ел болу қамы қызу талқыланып жатты. 1917-1918 жылдары бүткіл қазақ жерінде ұзын-ырғасы 68 құрылтай шақырылғаны соның айғағы. 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында «Алаш» партиясы құрылады.

Сол асығыс және үлкен тәуекелмен құрылған «Алаш» партиясының және Алашорда үкіметінің негізгі жобалық бағдарламасын хатқа түсірген адам – Жаһанша Досмұхамедов болатын.

1917 жылы желтоқсанда Орынборда Екінші жалпықазақ сьезі өтеді. Сонда Алашорда үкіметін құру мәселесі сөз болады. Үкімет мүшелері қатарында Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар да бар еді. Сьезде Жаһанша Досмұхамедұлы: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру. Қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз...» - деп баяндама жасайды.

Мың тоғыз жүз он жетінші жылғы 5-13 желтоқсан күндері өткен Екінші жалпықазақ съезінде ұлт кеңесін құру, ұлттық милиция жасақтау мәселелері де сөз болады. Алайда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов болып, бұл мәселені әзірше қоя тұруға кеңес берген. Сөйтіп қазақ автономиясын құру мерзімі бір айға шегеріледі. Ал Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер елге жетісімен, 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде Орал қазақтарының Үшінші съезін шақырады. Мақсат – «Ойыл» уәләятын құру болатын.

Қаратөбедегі сьездге Орал ревкомының атынан екі жансыз жіберілген екен. Олардың мақсаты – құрылайын деп жатқан мемлекеттік құрылымға кедергі келтіру, қайткенде де делегаттар арасына жік салып, қолға алған істі бағыт-бағдарынан тайдыру болатын.

1918 жылы 21 наурыз күні «Алашорда» үкіметі Кеңес үкіметі жанындағы қазақ-қырғыз істері туралы комитеттегі қазақ жұртының елшісі етіп Жаһанша Досмұхамедовты тағайындайды. Ал сәуір айының басында большевик көсемдері Ленин, Сталинмен келісім жүргізу үшін Жаһанша мен Халел Мәскеуге жүреді. Артынша «большевик көсемдерін қазақтың өз ішінде жаряланған «Алаш» автономиясын мойындауға келістіргендерін айтып» Мәскеуден Алаш қаласы Семейге жеделхат жолдайды.

Сол жолы Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары И.В. Сталинмен болған арадағы және бір сөз – қазақ өлкесінің әлеуметтік ахуалы орайында өрбіген. Сталин бұл мәселені Азық-түлік Комисариаты жанындағы Коллегия мәжілісінің қарауына жүктейді. Нәтижесінде қазақ халқының аз да болса мұқтажын өтеу үшін Досмұхамедовтер алып қайтқан қомақты қаржы, кеңестік идеологияға құлша берілген қайсы бір қазақ тарихшылары жазғандай «жалынып жүріп сұрап алған» пұл емес еді.

Жаһанша Досмұхамедов сол жолы автономия жариялап, әскер жасақтау үшін елдегі меқырық миллиондай ақша сұраған. Бірақ қырық миллион емес, он екі миллион сом берілген деседі. Және бір жана ма деректерде кепіл ретінде Атырау облсындағы «Досор» мұнай кешені кепілге қойылғаны айтылады...

Тарихта екіжүзділігімен аты мәлім пролетариат көсемі В.И. Ленин: «Алашорда» үкіметіне еш қолдау болмасын, бірақ уақытша олардың басшыларын (оқығандарын) Кеңес өкіметінің қызметіне кеңірек пайдалану керек. Жас Кеңес өкіметіне олардың білімдері қажет. Ал қалғанын кейін көрерміз. Бірақ оларға мүлде сенуге болмайды...» - деп астыртын жарлық шығарған. Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар осынау астыртын жарлықтың алғашқы ащы дәмін Мәскеуден елге жеткенше бір емес екі рет татып үлгереді. Әуелі Кеңес билігінің дұшпандары деп Саратов қаласында Совдеп басшысы тұтқындаған. Соның кесірінен «совет үкіметін мойындап, келіссөз жүргізіп, олардан ақша алып, солардың жағына шыққан сатқындар» деген жаламен «Тасқала» деген станцияда Орал казактарына және ұсталады.

1918 жылы мамырдың 18-і мен 21-і аралығында Жымпитыда Орал қазақтарының 4-ші съезі шақырылған болатын. Съезде жиырма шақты мәселе қаралып, түйінінде – Жымпитының дәл өзінде «Ойыл уәләяты» Уақытша үкіметі құрылады. Төрағасы Жаһанша Досмұхамедов болып, штаб пәтері көпес Таракновтың үйі деп бекітіледі.

«Ойыл» уәләятынің іс тындыру функциясы тастай еді. Әуелі, сот ісін басқару жүйесі қалпына келтірілді. Содан соң, жеке адамдардың қолында кеткен жер телімдерін қайтарып алу ісі қолға алынды. Сауда-саттық жолға қойылып, кредиттік банк ашылды. Бастауыш білім беру жүйесі ұйымдастырылып, уәләяттың төл газетін шығаруға ден қойылды. Содан кейінгі және бір басты мәселе – ұлттық милиция жасақтау жайы болатын. Сол үшін Жымпитыда алты айлық юнкерлер курсы ашылады. Себебі қазақ жігіттерін әскери өнерге баулу керек. Және алдымен әскерге шақырылатын азаматтардың жас ерекшелігі ескеріліп, екіншіден, бір үйден бір ғана ер азаматты алуға шешім қабылданады. Үшіншіден, әскерге шақырылған адам өзінің атымен, қару-жарағымен, бір киер киіммен келуі керек болды...

Ақ пен қызыл қос бүйірден қысқан қысылтаяң сәтте ойылдықтар мынадай да қулыққа барыпты. 1918 жылы адмирал Колчакқа делегация жіберіп, Күнбатыс Алаш орданың құрметті азаматы деген атақ береді. Ақысына Орынбор казак-орыстарынан екі автомобиль, қару-жарақ алды.

1918 жылы 11 қыркүйек күні Уфада Әлихан Бөкейхановтың тізгіншілігімен «Алашорда» қайраткерлері төтенше жағдайда бас қосады. Сөйтіп әскердің жайы мен байланыстың нашарлығын ескеріп, «Ойыл» уәлаятының орнына «Алашорданың» батыс бөлімшесін құрады. Басшылығы әрі әскери жетекшілігі Жаһаншаға жүктелген.

Әуел баста «Ойыл» уәлаяты болып дүниеге келген «Алашорданың» батыс бөлімшесі 19 ай 3 күн өмір сүріп, 1920 жылы 5 наурызда таратылады. Батыс Алашордашылардың бұдан кейінгі тағдырын Орта Азиядағы қызыл армияның бас командирі Фрунзенің: «Олардың қазақ даласында болуы кеңестік құрылысқа қауіпті... Сондықтан да қазақ еңбекші бұқарасынан оқшауландырылсын», - деген бір ауыз сөзі шешкен. Сөйтіп «Қазақ өлкесінде кеңес өкіметі барынша орныққанша «Батыс Алашорда» ұлттық үкіметінің жауапты жетекшілері: Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов және Беркінғали Атшыбаевтарды Мәскеуге немесе орталық губерниялық қалаларға жіберу...» туралы Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңес қаулы етеді.

Бұдан соң Жаһанша Досмұхамедов 1921 жылы Мәскеуден Ташкентке ауысып, сонда 1927 жылға дейін Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің қазақ бөлімінің хатшысы, халық шаруашылығы кеңесінің жанындағы жүн-жұрқа бөлімшесінің бастығы міндеттерін атқарған.

1924 жылы Түркістан әділет халық комиссариятының өтінішімен Жаһанша Досмұхамедов Ресей федерациясының қылмыстық кодексін тұңғыш рет қазақ тіліне аударады. Ол сол жылы Ташкентте Түркістан Республикасының арнайы комиссиясы баспасынан «Ресей федерациясының жауыздық низамы» деген атаумен жарық көреді.

Алғашында 1000 данамен басылған атаулы низамға, 1926 жылы тағы да сол Жаһаншаның басшылығымен өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, «РСФСР қылмыстық заңы» деп екінші рет жарық көреді. Сөйтіп бұл заң 1952 жылға дейін қолданыста болыпты.

КЕҢЕСТІК ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАУ ҚҰРБАНЫ

Кеңес Одағын құрып, аз жыл басқарған Лениннен кейін Ресей билігін қолына алған Сталин, орайы келген сәтінде-ақ тәуелсіздік күресіне лап қоюдан тайынбайтұғын, және кез келген текетіресте дес бермейтін саяси-интелектуалдық күш қарымымен талай мәрте састырған Алаш зиялыларынан біржола құтылудың қамына кіріседі. Тек бұл жолы күрестің басқа бір түрін таңдапты. Бұл туралы: «Сталин қазақтың жауапты қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қидаластыру арқылы бұл халықты зиялылардан айырды», - деп бір замандары Лев Троцкийдің өзі мойындаған болатын.

Жаһанша Досмұхамедұлын қолға алу ерте басталды. Жаһанша Досмұхамедұлы 1930 жылы 31 қазан күні Мәскеуде тұтқындалып, Алматыға жеткізіледі. Екі жыл тергеуде жатып, 1932 жылы 20 сәуірде «Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысты. Кеңес үкіметіне қарсы әрекеттері толық дәлелденді» деген айыппен 5 жылға Воронежге жер аударылады.

Жаһанша Досмұхамедұлы мұнда келгенде денсаулық жағдайын ауырлатып алады. Түрмеде жүріп 1933 жылы өкпе туберкулезінің ашық түрін жұқтырады. Отыз төртінші жылы 28 наурызда КСРО-ның ОГПУ коллегиясына жолдаған өтінішінде: «...Сондай-ақ бүкіл денемді дуылдататын жүйке қышымасына да ұшырадым. Аурудың себебі – ауыр жұмыс, ауа райының жақпауы, тұрмыстық нашар жағдай», - деп жазған. Ал 1938 жылы 1-ші маусымда жыл бұрын алған инсульт салдарынан жарты денесінен жан кеткен, тілсіз күйінде Мәскеуде тұтқындалады. Ауруы меңдеткен адамды да аямайтын қызыл террор жазалауға әзір еді. Сөйтіп РСФСР Қылмыстық кодексінің аты шулы 58-бабы бойынша Жаһанша Досмұхамедұлы «ұлтшыл, контрреволюциялық ұйымның басшысы, кеңес өкіметіне қарсы бүлік ұйымдастырмақ болған» деген айыппен ату жазасына кесіліп, үкім сол жылы 3-ші тамыз күні орындалыпты.

«Алашым, қалың жұртым, қазағым!» - деп арпалысқан айтулы азамат Халел Досмұхамедұлының ғұмырын кеңестер билігінің жазалау саясаты осылай қиды. Өзі өлгенімен, елінің жүрегінде есімі, атқарған ұшан-теңіз ісі қалды. Жаһанша Досмұхамедұлы және басқа да жазықсыз құрбан болған мың-мыңдаған зиялылардың өр рухы, мемлекетшілдік санасы бүгінгі қазақтың бойынан көптеп табыла берсе игі еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар