Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жетісу – кітап керуені...

08.02.2024 1259

Жетісу – кітап керуені

Жетісу – кітап керуені - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жетісу – кітап керуені» жобасы аясында 2006 жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыға бастаған ақын-жазушылар, композиторлар мен суретшілер кітаптарының 500 данасын сыйға тарту мәдени іс-шарасы өтті. Мәдени шараға Астана қаласындағы Жетісу өлкесінен шыққан зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, оқырмандар келіп қатысты.

                  

Жетісу облысының мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов өз сөзінде былай деді:

– Жетісу орталығы, Талдықорған төрінен келіп облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан ақын-жазушылардың кітаптарын сыйға тартып жатқан жайымыз бар. Соңғы жылдары Жетісу ақын-жазушыларының кітаптарын шығару дәстүрге айналып келеді. Шығарылып қана қоймай, облыстық кітапханаларға таратылып, оқырманға қолжетімді болуына қолдау жасалуда. Осы кезге дейін елорда төріндегі кітапханада Жетісу өңірінің кітаптарының болмауы  алаңдатып жүрген еді, республикамыздағы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңесшісі Серік Сарыбай мырзаның және академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызының идеясымен ұлттық кітапханада әр өңірдің, әр облыстың ақын-жазушыларының кітаптарының көрмесін өткізу ұсынысы игілікті іс болып отыр. Жақында Талдықорған қаласында кітап жәрмеңкесін ұйымдастырған едік, кітап дүкендері мен жеке кітап қоры мол адамдардың өз кітаптарын оқырманмен бөлісіп, кітаптардың оқылуына ықпал еттік. Кешегі Жібек жолының өзі Жетісу жерінен басталғандықтан, кітаптың керуенін де өзіміз бастайық деп, 500 кітап, сонымен бірге 150 ақын-жазушының кітабын кітапханаға әкелдік. Былтыр 13 қаламгердің кітабын шығардық. Қазіргі шақта барлық аудандарда кітап жәрмеңкесі бастауын алды, бұның оқырманға пайдасы барына көзіміз жетті. Талдықорғанда әр аптаның бейсенбі күні поэзияға жақын адамдардың басқосуы өтеді, бұл да болса қазақ әдебиетін насихаттауға себін тигізері анық. Өткенде Жұматай Жақыпбаевтың поэзиясына арналған іс-шара өткен болса, осындай үлкен бастама Мұқағали атамызға арналмақ. Биылдан бастап Жетісу өңіріне арналған кітап сериясын шығарамыз деп жоспарлап отырмыз, оның ішінде өңірдің құрылу тарихынан бастап, ауылшаруашылығы, медицина саласы болсын, жан-жақты қамтимыз деген жоспар бар. Әрине, оның бәрін қарайтын, жауап беретін арнайы комиссия құрамы бар, материалдарды бетке ұстар азаматтардан құралған шығармашылық топ қарайды. 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы: «Бұл шара 2-3 күн көлемінде шешілген дүние. Бізге келген кітаптарды үндемей-түндемей қарсы алып, қорға ала салуға да  болар еді. Бірақ біз руханияттың игілігіне сауын айтайық дедік. Қазаққа, ұлтқа тән тұлғалар бар, мысалы, Фариза мен Қадыр тек батыстыкі емес, бүкіл қазақтыкі, Әбіш тек Маңғыстаудікі емес, бүкіл қазақтыкі. Алматыда 2015-тен бері «Атырау – Алтай» арасы деген үлкен жоба бар. Әрине, бізде керуен көп, соның ішінде кітап көрмесіне арнайы жиын жасап, мерекеге айналдыруды мақсат еттік. Өңірлерде өте көп кітап шығады екен, соны ескеріп осы жерге басшылыққа келгелі әр өңірге  хат жазып шықтым. Әр кітаптың өз оқырманы табылады. Бізге «кітапты кім оқиды, жұртшылық кітапханаға бара ма» деген сұрақтан арылып, кітап туралы айта беру керек. Бұл келген кітаптар да сөрелерден құрметті орнын алады, порталға да орналастырып, оқырман оқуына жағдай жасап  қоямыз. Кітапхана – қаламгерлердің насихатшысы. Соңғы кездері кітап жәрмеңкесін ұйымдастыру жақсы үрдіске айналып келеді. Әр үйде күн сайын жарты сағат кітап оқылса, қоғам дағды алса, бұл рухани өзекке, қуатты мемлекетке айналуымызға себепші болмақ», – дей келіп, Жетісу облысының делегациясына алғыс білдіріп, кітапханашы әріптестерін алғыс хатпен марапаттады. 

Сондай-ақ, “көлікті құр қайтармайық” деп,  жуырда Ескелді ауданындағы өртеніп кеткен кітапхана қорына ҚР Ұлттық академиялық кітапханасынан мың кітап тарту етті. 

Іс-шара барысында өткен жылы Жетісу облысы әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Елшібек пен журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыр Әлімқұловтың кітаптарының лентасы қиылды. 

Бұдан кейін қонақтар Жетісу облысы өнерпаздарының өнеріне қол соғып, риза көңілмен тарады.

                   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар