Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Зейнолла Қабдолов: Қаламгерге «жас» болдым деген с...

29.08.2017 13665

Зейнолла Қабдолов: Қаламгерге «жас» болдым деген сөзді желеу ете беруге болмайды

Зейнолла Қабдолов: Қаламгерге «жас» болдым деген сөзді желеу ете беруге болмайды - adebiportal.kz

Қазақтың маңдайалды әдебиетшілерінің бірі, сыншы Зейнолла Қабдолов биыл көзі тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Қазақ әдебиетінің іргетасын қалыптастырған санаулы тұлғалардың қатарына қаламгерді еш қымсынбай қоса аламыз. Зейнолла Қабдоловтың «Әдеби-көркем сын» атты кітабымен аз-кем әңгімелесудің, сырласудың сәті түсті.

- Сіздің Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтен дәріс алып, шәкірт болғаныңызды жақсы білеміз. Көркем шығармада сөзбен сурет салудан алдына жан салмайтын жазушыны тыңдаудың өзі ғанибет шығар...

- Шешен болу үшін адам кәдімгідей қанатты болуға тиіс, - дейтін Мұхаң. – Қанат болғанда, жай емес, парлап ұшатын қанат болуға тиіс. Әйтпесе, қанат тауықтарда да бар.

Бірақ, тауық пен бүркіттің қанаттарында біраз айырма барды. Демек, шешенге біткен қанат тауыққа емес, бүркітке тән талмайтын, самғайтын қанат болуға тиіс.

Мұхаң филология, журналистика факультеттерінде қазақ фольклоры мен Абайтанудан лекциялар оқыды.

- Тегінде, әдебиеттен сабақ беретін әр адам, - дейтін Мұхаң – өз сабағын шын мәніндегі эстетикалық сұлулық биігіне көтеріп әкетуі шарт.

Лекторлық шешендікті Мұхаң осы тұрғыдан түсінетін.

Несін айтасыз, ғажап еді ғой!..

Сөз өнерінің інжу-маржаны, қазіргі қазақ әдебиетінің шыңы – Шекспир мен Гёте, Бальзак пен Достоевский, Толстой мен Шолохов шығармалары секілді бүкіл әлемдік классикаға айтулы үлес боп қосылған «Абай» эпопеясын туғызған Әуезов Мұхтар өзінің ұстаздық ісін көркем сөз ұстасы ретінде суреткерлік қызметімен қатар қоймаса, төмен қоймайтын.

– Ұстаздық – ұлы нәрсе! – дейтін ол.

Адам бойындағы көп қасиеттің түп төркінін Мұхаң тәрбиеден іздейтін. Ең жеңілі, адам мінезіндегі ұят пен ұяңдықты да ол, негізінен, тәрбиеге байланыстыратын.

Мұхаң асқан шешен кісі болғасын ба, кім білсін, әйтеуір ауызекі айтқан ойларында ғана емес, жазып-жариялаған эсселері мен сын пікірлерінде де сөздегі саздылыққа, үндестікке көп мән беретін: «үдей басатын, алғыдан асатын», «сын шын болсын, шын сын болсын»... «Мәлік Ғабдуллинге жауап хаттың» тек бір абзацының өзінде «сілтегені перизат, сермегені адамзат», «жаза баспас қадам жоқ, жаңылмайтын қалам жоқ» деп қайта-қайта есіле сөйлесе, мен қазақшалаған бір мақаласындағы бір орысша орамды «Не аңғарар еді? Неге танданар еді?» деп, әдейі әндетіп аудартқаны әлі есімде.

– Сыншылар көп жағдайда қазақ прозасында Мұхтар Әуезовтен кейін Ғабит Мүсіреповтің салған өрнегін тілге тиек етіп жатады...

«Күллі қозғалысы, ең бір елеусіз қимылының өзі, ең арғы жағы шылымының күлін қаққанына дейін сабырлы, тіпті салғырт, бірақ дәл санулы; әр қимылы мақсатсыз қыбыр етпейтін кісінің қылығы мен құлқын танытып тұр».

Фединнің Горький туралы айтқан осы сөзін оқысам, менің көз алдымда Мүсірепов тұрады. Асылы, үздік қасиеттер бір – бірінен неғұрлым ерекше болса, бір – біріне солғұрлым ұқсас болады.

Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден «Мүсірепов» деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда терең, мазмұны әлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповты мақтаудың қажеті жоқ, Мүсіреповпен мақтанған жөн.

Қадірлі жазушымыздың қырық жылға жуық қаламгерлік құлқына қарап отырсақ, қалай мақтануына да болады. «Қос шалқардан», «Соның ізіне» дейін, «Қыз – Жібектен» «Амангелдіге» дейін, «Тулаған толқыннан» «Оянған өлкеге» дейін өмірге өнер төгумен, өнерге өмір берумен келе жатқан шіркін шебер ірі мақсатсыз қыбыр етіп көрген кісі емес. Және ғұмырда асықпаған, ылғи ғана салмақпен, сабырмен нық басқан; өнер өрісінің әр белеңінде жаңа сыр ашқан, әр кезеңінде жаңа түр тапқан. Бұған таңданбасқа да болмайды; жас шағында да, жасамыс кезінде де жаттығу жасаған жері жоқ, бұл не керемет? Рас айтам, қағаз бетіне түскен қолының дір еткен тұсы болмаған, әрқашан еркін, батыл, байсалды қозғалған; әр сөз өз орнына шебер құрылысшының кірпішіндей берік қаланған да отырған. Бұл зергердің қолынан шыққан бұйымдардың жұрт таныған асыл қасиеті осында жатыр.

Ғ.Мүсірепов жасаған бейнелерді бір жерге жинасаң, бүтін бір галерея ашуға болар еді. Бірақ, Ғ.Мүсірепов жасаған бейнелер бір жерге жиналмайды, олардың бәрі – тірі кісілер, сондықтан дүниенің о шеті мен бұ шетіне тарап кеткен; олар әрқашан жұрт арасында, халықпен қарым – қатынаста, іс-әрекет үстінде жүр және солай жүре бермек. Ғ.Мүсірепов жасаған образдардың қоғамдық – өзгертушілік күші осында жатыр.

Жазу үшін жазушы болу керек

– Сол кісілердің жазу-сызуға деген адалдығы, жауапкершілігі бұл күнде сирек кездесетін мінез сияқты...

Жуырда мен күтпеген жерден бір құрметті жолдаспен қабақ шытысып, қатты қынжылып қалдым. Жер орта жасқа келген, ондаған жыл ірі мекемелерде жауапты қызмет атқарған саналы азамат еді; әдебиет туралы ұғымы бір уыс екенін қайдан білейін, қолтығына жуан қара папкасын қысып, арнайы іздеп келген соң, ілтипатпен қарсы алдым.

– Шырағым, - деді ол буаз папкасының бауын шешіп, - мына бір шатпақтарым не нәрсе, екен, қарап көрші!

Мен таңданыңқырай отырып «шатпақтарға» көз жүгірттім. Түк емес. Көлемі көш-құлаш болғанымен тобық жасырар тереңі жоқ жайдақ су: өзінің туғанын, өскенін ер жеткенін, үйленгенін, ел аралағанын, ет жегенін, шай ішкенін ащы-ішектей шұбатып, жаза беріпті... Қол жазбаның сыртына Мопассан романының атын қойып, осыны кәдімгі әдеби шығарма деп жұртқа оқытып жүр. Ал керек болса!...

Әрине, мен шынымды айттым:

– Әлгі сөзіңіз дұрыс, мынауыңыз әшейін нәрсе!

Ол маған таңдана қарады:

– Қой, әзілің шығар ... Бұрын жазумен айналысуға кеңсе жұмысынан қол тимей жүрді, енді қартайдық, ермек осы болып қалды...

Ұғымның түрін көрдіңіз бе?

Реніш осыдан басталды. Мен жазғандарының бәрі жай нәрсе екенін түсіндірмек болдым. Бірақ ол жөндеп түсіне қоймады. Бірнеше белгілі әдебиетшілердің атын атап олардың «бұдан бірдене шығады» дегенін менің алдыма кесе көлденең тарта берді. Мен енді қынжылдым, дәмеленген бұдан гөрі дәмелендірген әдебиетшілердің қылығына қынжылдым. Солар шын мәніндегі әдебиетші болса, әдебиетке неге мұнша енжар, көлденең көкаттыша қарайды деп ойладым.

Сөйтіп, қонағым қолжазбасын жинап алды да, шарасыздана тұрып, сұрақ қойды:

– Сонда қалай жаз дейсіз?

Бұған не деуге болады, «жазу үшін жазушы болу керек» дедім де қойдым.

– Оны біз де білуші едік, - деді ол ызалылау күлкімен, - дегенмен түсіндірсең қайтеді.

Мен оған жауап бергенім жоқ. Күліп кездескен кісімен тұнжырап, үнсіз қоштастым.

Енді ойлап қарасам, оның сұрағына жауап беру керек сияқты. Өйткені ол жазушы дегенің кім екенін білмейді, «білуші едік» дегені ұшқары, сондықтан да ұлғайған жасына, өмір тәжірибесіне қарамастан ағат басып жүр. Сол тәрізді адасып жүргендер біздің әдебиетшілер арасында да аз емес. Атын атап, түсін түстеп не керек? Олар жазушылық дегенді кәсіп деп ұғады. Олар Лев Толстойдың «Жер жырт, етік тік, тағы бірдеңе жасап тамақ асыра, бірақ жазушылықты кәсіпке айналдырушы болма!» деген даналық сөзін ұқпайды.

Сондықтан да әлгі кісінің сұрағына жауап беру керек, жауап бергенде кәдімгі әдебиеттің «әліпбиін» түсіндіру қажет.

– Әдебиеттің әліпбиін түсіндіруді қаламгерлік қабілетке баға беру арқылы бастау керек шығар. Жазушы нені және кімді жазу керек деген сауалдың өзі осы уақытқа дейін күн тәртібінен түскен емес.

Мынау керемет анықтама: жазушы – адам жанының инженері. Қаламгерлік қабілет пен талантқа бұдан артық терең, дәл сипат беру мүмкін емес.

Біздің ұғымымызша, адам жанының инженері болу кен инженері, мұнай инженері, құрылыс инженері болудан әлдеқайда қиын. Неге? Неге десеңіз, бұл инженерлердің ісінде белгілі бір сүрлеу, тәртіп, «заң» бар. Бұлардың істеген ісінің нәтижесі – коллективтік еңбектің жемісі. Айталық, бір ғана мұнай инженерінің қолынан жарытулы ештеңе келмейді, бүкіл бір кәсіпшіліктің барлық мұнайшыларының, бүтіндей бір коллективтің жаппай, жұмыла қимылдаған қажырлы еңбегі ғана белгілі нәтижеге – табысқа жеткізеді.

Ал адам жанының инженеріне келсек, мұның іс-әрекеті мүлде басқаша. Әр адам – зерттелмеген кен. Оны зерттеу керек. Зерттеп қана қоймай, сол кеннің көзін ашу керек. Ол ашқаныңыз әдебиет әлемінде бұрын – сонды болмған, шын мәніндегі құбылыс – жаңалық болуға тиіс. Айталық, бір көркем шығармада бірнеше образ бар. Олардың әрқайсысы бүтін бір дүние, біріне-бірі ұқсамас болар. Міне, сол әрқайсысын өз қалпында, өзгеше күйінде жан-жақты ашып таныту қажет, әрқайсысынан типтік характер жасау керек. Ал нағыз талантты жазушының шығармасындағы әр адам – тип!... «Әр адам – тип, сонымен бірге Гегель қария «осы ғой» деп бірден танығандай, бесенеден белгілі тұлға болуға тиіс» (Энгельс). Яғни әр геройдың түрі – түсі, ісі, іші бар бітімімен толық көрінуі шарт. Сол арқылы бар сыры – қырымен өмір көрінбек және ол өмір даму үстінде көрінбек. Сонда ғана көркем шығарма белгілі бір кезеңнін, дәуірдің айнасы бола алады. Сонда ғана көркем шығарма қалың оқушы көпшілікті тебіренте тартып, баурап, оларды тәрбиелеп, ойына ой қосып, өрісін кеңейтіп, адам бойына эстетикалық әдемілік дарыта алады, сайып келгенде, қоғамдық – өзгертушілік рөл атқара алады.

Не деген күрделі қиын бұралаң! Және осының бәрін бір ғана инженер істеуге тиіс. Сізге ешкім шығарма жазып бермейді. Сіздің кеніңізді өзініден басқа біреу зерттеп, жоба жазып, сызып, көздеп бермейді. Көркем шығарма жазудың нұсқаулығы да, оқулығы да жоқ.

Міне адам жанының инженері дегеніңіз. Мұндай инженерлікке күнің мен түніңді, жазың мен қысыңды, бар қабілет – күшінді, күллі әрекет – ісінді, ой-санаң мен ақыл-сезіміңді, әйтеуір бойындағы бар асылыңды, бүкіл ғұмырыңды арнау, азабы мен рақаты мол толассыз еңбегінді түгел жұмсау арқылы барып ие бола алсаң жақсы, болмаса жоқ!

– Инженер дегеніміздің өзі қарапайым тілмен айтсақ жаңа бір дүниені өз көкірегінен ұсынатын адам ғой. Біздің кейбір жазушылар жалаң баяндап, көргенін ғана қағазға түсіріп, көркем шығарма ретінде көрсеткісі келеді. Оқығанбыз.

Бір таңғаларлық нәрсе, осы ап-айқын шындықты кейбір адамдар ұқпайды. Ауыл даласында трактор жүргенін, трактордың рөлінде бір жап-жас қыз отырғанын, сол жас қыздың жұмысқа ынталы екенін жалаң баяндайды да, өзін жас жазушымын деп түсінеді. «Сүйемін» деген сөзге «күйемін», не «бас иемін» деген сөздердің ұйқасынан өлең деп ұғып, сүю жақсы нәрсе деген идея туғызған болады, өзін жас ақынмын деп таниды.

Шеберлік жоқ жерде, мамандық жоқ

– «Жас ақын» дегеннен шығады, кейбір қаламгердің осал шығармаларын сынасақ: «Ол осыдан біраз жыл бұрын жазылған, жастықпен айтылған» - деп ақталып жатады...

Шынына келмек бар ма, осы бір «жас жазушы» дегеннің өзі – шартты атау. «Жас» деген сөз «жазушы» деген сөзге тұрақты эпитет бола алмайды. Алдымен адам жазушы адам болмауы мүмкін. Ал жазушы болдыңыз ба, «жас» дегенді көп көп желеу етудің орны да, орайы да бола бермейді. Жазушы болсаңыз – маман адамсыз, сөз шеберісіз, адам жанының инженерісіз. Михаил Шолохов «Тынық Донның» алғашқы екі кітабын жазғанда жиырманың аз-ақ үстінде екен. Ал, біздің қырыққа келгенше жаспыз деп жүруіміз ретсіз-ақ! Жә, гәп мұнда да емес. Гәп мынада: шеберлік жоқ жерде, мамандық жоқ.

Демек жазушы болу үшін шеберлік керек. Бұл талап ұлысы бар, кішісі бар, қолына қалам ұстағанның бәріне қойылады. Аса заңды талап! Енді бір ғажабы – дәл осы талапты қоюға болмайтын адамдар бар... Жазушылар одағына, немесе газет, журнал редакцияларына күн сайын құшақ-құшақ пакет келеді. Айталық, сіз солардың біразын ашып, мұқият оқи қалдыңыз. Не көріп, не білер едіңіз? Есімі жаңа бірқатар жас авторлар алғашқы жазғандарының бірін – әңгіме, бірін – өлең, бірін – очерк... деп атаған. Бірақ бары сол ғана. Малшылар туралы очерк жазған болады; қой өсіру, сиыр сауу, жүн қырқу жөнінен мәлімет береді. Егіншілер туралы әңгіме жазған болады; егіс шығымын арттыру жайлы кеңес, астық тапсыру жайында ақпар береді. Махаббат туралы өлең жазған болады; жар сүюдің жақсы екені жөнінде, үйленудің тамаша екені жайлы ақыл айтады... Ал, сіз не айтасыз бұған? Әлгі ортақ талапты қойып, «шығарма жазсаң шебер жазу керек» демексіз бе? Оныңыз әшейін мораль ғана ғой. Жоқ, ол мораль жөнін сізден артығырақ біледі.

– Әдеби шығарманың негізгі талабы, критериі қандай болу керек?​

Енді осы арада өзіміздің әдебиет туралы ой-пікірлеріміздегі бір кездейсоқ көріністі, орынсыз, оғаш жайтты айта кетуіміз керек. Біздің бірқатар жолдастарға қоятын талаптарымызда негізсіздік көп.

Көркем әдебиеттің проблемалары ұшан-теңіз, шеберлік критерийлері мол. Соның бәрін орынды-орынсыз, кейде тіпті жүйесіз жіпке тізіп, әркімге бір ұсынуда не мән бар? Мысалы, конфликт немесе композиция мәселесі. Өз орнында осылар қандай күрделі проблемалар! Ал бірақ, осыларды жазу жұмысында аз-кем жаттығу жасағандардың бәріне бірдей бас жоқ, аяқ жоқ, кеке-көлденең тартып, «сенің шығарманда конфликт жоқ», немесе «сенің шығармаңның композициясы олақ» деп, беталды ұсына беруге бола ма? Алдымен, сол адамның шығармасы әдеби дүние ме, жоқ па? Максим Горький айтқан «әдеби тұңғыш элемент – тіл» десек, сол адамның тілі кәдімгі әдебиеттік, суретті образды тіл ме, жоқ па? Болса, сол адамдардың өзара қарым-қатысы біздің көз алдымызда табиғи бояулы суретпен жайылып көріне ме, жоқ па? Міне осынау заңды сауалдарға белгілі дәрежеде жауап берер шығарма жазған адамға конфликт немесе композиция сияқты мәселелерге байланысты күрделі талаптарға қоюға болады. Ал біз кей реттерде, әлгілердің елесі де жоқ, сүреңсіз нәрсенің авторына «мынауыңда конфликт жоқ», «мынауыңның сюжеті сұйық», «мынауыңның композициялық құрылысы нашар» деген сияқты шамадан тыс сауатты тұжырымдар жасаған боламыз да, сол арқылы өзіміздің схемаға, стандартқа, тіпті схоластикаға ұрынғанымызды аңдамай қаламыз. Қойшының образын жасаудың орнына қой қоздатудың тәсілін баяндайтын «шығарма» авторына конфликт, характер мәселесін уағыздаудан қандай нәтиже шықпақ! Апырм-ау, сіздің авторыңыз әдебиеттің спецификасын, ілкі шартын, тіпті ең бір қарапайым жайын түсінбей отырған жоқ па?! Міне, өз талап – талғамымыздан табылып қала беретін осы кемшілік шұғыл түзетілуге тиіс.

Асылы, әдеби шығарма туралы, жазушылық, шеберлік жайлы сөзді тілден бастаған жөн. «Қалай болса, солай сөйлейтін адам – қалай болса, солай ойлайтын адам» (А.Толстой) емес пе?

Бұл – бұл ғой. Мұның бәрі аты белгісіз әуесқойлар туралы айтылып отыр. Ал, жазушы деген аты бар адам өз ісіне осылай қараса қайтеміз? Оларға мына шыңдықты қайта-қайта ескерту қажет: жүз сөз жазбақ, бірде-бір сөз жаман, не орта болмай, «тоқсан бесі өте жақсы, қалған бесеуі жақсы болғанда ғана біз – жазушылар ғасырымызбен бір дәрежеде тұратын шығармалар туғыза аламыз»(М.Шолохов).

Әдебиет – ардың ісі.

Жазушы атанған адам жаман жазуға арлануы керек.

Шолохов өмірді өнерге, өнерді өмірге айналдырып жіберген

– Сөзіміз дәйекті болу үшін осы орайда кейбір әдеби шығармаларға шолу жасап, тоқталып өтсеңіз? Жаңа өзіңіз тілге тиек еткен Михаил Шолоховтың шығармашылық қуаты неде?

Шолоховтың қағаз бетіне сөзбен өрнектеген ғажайып суреттері секілді, айдынына аспанды құлатып алып, ақжайқын Дон ағады. Шелектерін суға толтырып, өзеннен Аксиньялар келе жатады. Су шетінде арғымақтарының жалын тарап, Григорийлер тұрады. Жағада Ванюшаларын ойнатып, қыран тектес Соколовтар отырады. Үй арасында қутың қағып Щукарьлар журсе, егіс даласында Давыдовтар мен Нагульновтар...

Осылар шын өмірдің өзі ме, әлде Шолохов жазған өміршең кітаптар ма?

Әйтеуір, Дон маңына барған адам таңырқамай, аузын ашпай, көзін жұмбай кеткен емес: өмір мен өнердің мұншалық астасуын бұрын-соңды кім көрген?

Иә, көрмегендер көреді. Тынық Донның жарқабағындағы үлкен үйдің үстіңгі қабатында түні бойы шамы сөнбейтін шамшырақ суреткер аңыз-ертегілердегі құдіретті күш тәрізді, дәл әлгідей етіп, өмірді өнерге, өнерді өмірге айналдырып жіберген.

Шолохов дегенде Лениннің Горькийге қойған сауалы еске түседі:

– Күллі Еуропада Лев Толстоймен қатар тұра алар кім бар?

Өз сұрағының жауабын да Ильичтің өзі бергені мәлім:

– Ешкім жоқ.

Неге десеңіз, Шолохов – бүтін бір ғасыр: «Тынық Дон» - революциясы шежіресі болса, «Көтерілген тың» - революциялық өзгерістер уалаяты, ал, «Олар Отан үшін шайқасты» - орыс адамының қаһармандық хикаясы. Басқасын өз алдына қойғанда, осынау үш эпопея өзара тұтасып, біз өмір сүріп отырған ғасырдың кең панорамасын жайып салып тұрған жоқ па!

– Орыс жазушылары Лев Толстойды ерекше құрметтегені түсінікті. Тіпті Максим Горький өзінің атақты «Фома Гордеев» романын Толстойдың «Анна Каренинасына» еліктеп жазса, Александр Степановтың «Порт - Артур» шайқасы туралы жазған тарихи романына «Соғыс және бейбітшілік» шығармасының әсері болғаны сөзсіз.

«Фома Гордеев» - М.Горькийдің әйгілі шығармаларының бірі. Роман түп нұсқасында 1899-1900 жылдарда жарыққа шықты. Бұл жылдар бірінші орыс революциясының қарсаңы болатын. Россия жұмысшы табының азаттық жолындағы алып күресі күн сайын ұлғайып, жаңа биікке, тың өріске шыққан еді. Ел ішіндегі бұл әлеуметтік – саяси жағдай пролетариат жазушысының да жаңа творчестволық өрлеуіне шешуші себеп болғанды. Соның нәтижесінде туған «Фома Гордеев» - М.Горькийдің жазушылық сапарындағы кезеңді шығарма ретінде танылады.

Ал ұлы жазушы творчествосынан мұншалық мәнді орын алатын «Фома Гордеевтің» қазақшаға аударылып, қалың оқушы жұртшылыққа ана тілінде жетуі аса игі жұмыс деп білуіміз керек.

М.Горький творчествосында, айталық, «Фома Гордеевте» ерекшелік көп. Оның бәрін тізіп жатудың бұл арада орны да, орайы да жоқ. Бірақ «Фоманы» аударған адам қашса да құтыла алмайтын мынау екі ерекшеліктің астын сыза кету жөн деп білеміз. Кейін аудармаға үңілгенімізде бұл екі ерекшелік әрқашан біздің де ойымызда отыруы тиіс.

Біріншіден, М.Горький – қағаз бетіне сөзбен сурет салатын нағыз художник болумен бірге, кітабын мінбеге айналдырып алып, нөсердей төгіле сөйлейтін шешен де кісі. Демек, М.Горький шығармасы жалынды публицистикаға толы. Оның әр сөйлемі асау теңіздің ақжал толқынындай буырқана тулап, арнасынан аса шалқып жатса, әр сөзі ойнап, жанып, жалын атып, ұшқын шашып тұрады. Сөз, сөйлем тіркестері ұзақ – ұзақ; бірақ бұл ұзақтық шұбаландық емес, автордың толғамының молдығы, тынысының кеңдігі, ойының тереңдігі болып табылады. Дәл осы жай оның стиль ерекшелігін белгілейді.

Екіншіден М.Горький шығармаларында, оның ішінде «Фома Гордеевте» шындықтың әр алуандығымен бірге, ой, қиял, арман, сыр мен сезім мол, ұшан теңіз. Демек, М.Горький шығармасы парасатқа (интеллект) толы. Романдағы геройлардың бәрі – адам атаулыны тұншықтырып, тірілей көрге сүйреп жатқан өз ортасынан түңіле безіп шыққан саналы көпес Фома Гордеев, көпестер тұрмысынан тұнығын шайқағысы келмейтін кәрі қорқау Ананий Шуров, капиталистік тәртіптің тоңмойындығы мен зымияндығын өз қара басының күш – қуатына айналдырып алған алаяқ қу Яков Маякин, еңбекшілерді езуді «европаландырмақ» болған айлалы сұм Африкан Смолин... – осылардың қайсысы болса да тіршілік, немесе тағдыр туралы сөйлегенде де, ойлағанда да шетінен философ, қым – қиғаш қисын соғады. Мұның бәрі М.Горькийдің көл – көсір білімдарлығынан туған. Дәл осы жай оның өнер диапазонындағы ерекшелікті белгілейді.

«Порт - Артур» - Александр Николаевич Степановтың совет әдебиетіндегі ең таңдаулы шығармалардың алғашқы тобында Мемлекеттік сыйлық алған әйгілі романы. Бұл екі томдық роман 1904-1905 жылдардағы орыс – жапон соғысында Россияның Қиыр Шығысындағы Порт – Артур қамалының жаумен қалай шайқасқаның, қайтіп жеңіліске ұшырағаның баяндайды. Жапондармен соғыста «масқара жеңіліс тапқан орыс халқы емес, патша самодержавиесі» деген еді В.И.Ленин. «Порт-Артур» романының фабуласындағы негізгі идеялық арқау да Лениннің осы пікірі болып табылады. Жазушы Порт-Артур оқиғасын кең құлашты, эпикалық планда асықпай, жүйелі суреттеп, генерал Стессель мен оның сыбайластарының қысылтаяң кездегі қоянжүрек қорқақтығын, сатқын екіжүзділігін дәл көрсетеді. Қиыр шығыстағы орыс флотының жеңілуі осының салдары екенін танытады. Мұндай сатқын генералдарға қарама – қарсы, романда Порт-Артур қамалының қаһармандары – орыс офицерлерінің, солдаттарымен матростарының жарқын бейнесі жасалған. Осы бейнелер арқылы А.Степанов ержүректік, қайсарлық, шыдамдылық, батырлық, уайымшылдық, тапқырлық тәрізді орыс халқына тән асыл қасиеттерді көрсетеді. Адмирал Макаров пен генерал Кондратенко образдары арқылы А.Степанов орыс флоты мен армиясының жауынгерлік жақсы дәстүрлерінің жалғасын аңғартады.

«Порт-Артур» романында бір үлкен кемшілік те бар: Қиыр Шығыстағы соғыс уақиғалары тарихи жағынан да, әлеуметтік- саяси жағынан да 1905 жылғы революция қарсаңындағы орыс елінің хал-жағдайларымен жөнді байланыстырылмайды, елге жақындаған орасан зор күрестің лебі романда тым осал, ол сыр дұрыс ашылмаған. Бірақ бұл кемшілік романның идеялық-көркемдік құнын жоққа шығармайды.

Белинский Пушкин реализімінің негізгі сипаттарын анықтап берді

– Орыстың ұлы әдебиетіне түрен салып, сын көзқарас танытқан Белинский қаламының қарымды болуының басты себебін айта аласыз ба?

Ұлы революцияшыл-демократ Белинский самодержавиелік-крепостниктік правоның қатал айыптаушысы, езілген шаруалардың мұң-мүддесі мен ізгі ой-арманының жалынды жаршысы болды. Оның XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихынан алатын орасан зор орны да осында. Белинскийдің саясат пен әдебиеттегі дұшпаны П.А.Вяземскийдің оны «алаңда орын болмағандықтан журналдарда бүлік шығарып жүрген әдебиет сойқаны» деуі тектен-тек емес.

Алдымен В.Г.Белинский – әдебиет сыншысы. Сыншы көркем шығарманы, немесе жазушының бүкіл творчествосын талдап, түсіндіріп, оның ерекшелігін, құны мен мінін белгілеп береді. Сыншыны жазушы мен оқушының екеуіне ортақ ара-дәнекер деуге болар еді; біріне жазғандарының қателігімен кемшілігін, жетістігі мен ерекшелігін көрсетіп, қаламгердің өзіне әлсіздік жағы мен шеберлік жағын танытып, творчестволық өсуіне қолма-қол көмек көрсетсе, оқушыны оқығандарының байыбына барып, оны жан-жақты, терең түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Белинский осы міндетті орындай отырып, әдебиет сынын өзіне дейінгі дәрежесінен әлдеқайда биік принциптік сатыға көтерді. Дәуір алға тартқан саяси, философиялық, әдебиеттік күрделі мәселелердідер кезінде шешіп, көркем әдебиет пен өнердің өмірдегі орнын, қоғамдық мәнін белгіледі. Ол өз кезіндегі әдебиеттің өсуіне зор ықпал етіп, алға бастаған жетекші, өз кезіндегі жазушыларға қамқор тәрбиеші болды. И.С.Тургеневтің сөзімен айтқанда, әрбір «жаңа дарын жаңа роман өлең, повесть жарыққа шыққан сайын, оған Белинскийден бұрын, одан артық нағыз шешімді сөзін, дұрыс бағасын айтқан ешкім болған емес. Лермонтовты, Гогольді, Гончаровты тұңғыш танытқан, олардың кім екенін тұңғыш түсіндірген сол емес пе? Басқалары қанша десеңші! Белинскийдің сыншы ретіндегі тағы бір тамаша қасиеті кезектегі, шұғыл шешілуге тиіс мәселенің, күнделік қажет нәрсенің не екенін дәл, терең түсіне білуінде еді».

В.Г.Белинский көркем әдебиет пен өнердің шыңшылдық, халықтық қасиетін, қоғамдық прогрессивтік маңызын ту ғып көтерді; «ғасырдың ұлы мақсаттарына» қызмет етуін, адамды құлдық бұғаудан босатар, күрес пен бостандыққа шақырар азаттық күш болуын талап етті. Міне, сондықтан да ұлы ойшылдыңорасан күрделі де іргелі творчестволық ісі тек әдеби-мәдени ғана емес, сонымен қатар, тарихи мәні зор қоғамдық – саяси құбылыс болып табылады.

Белинскийдің дүниеге көзқарасының дұрыс дамуына Россия шаруаларының помещиктерге қарсы таптық күресі, орыс қоғамындағы дін езушілігіне қарсылық, патша үкіметіне қарсы үдеген азаттық қозғалыс негіз болды.

Белинскийдің дүниеге көзқарасының қалыптасуында шешуші рөл атқарған орыстың азаттық қозғалысының революциялық дәстүрі және Ломоносов пен Радищевтен басталған орыстың материалистік философиясы еді.

Белинский өзінің сын-мақалаларында көркем әдебиеттің алдына өмір шындығын дұрыс суреттеуді міндет етіп қойды. Қалың көпшілікке ағартушылық идеяларын неғұрлым кең, мол тарата алатын нағыз халықтық әдебиет жасалуын талап етті.

– Белинскийдің нақты талдап, зерттеген обьектісіне шолу жасап өтсеңіз?

Белинский Пушкин реализімінің негізгі сипаттарын анықтап берді. Пушкин поэзиясы «...қиял, өтірік... атаулының бәріне жат; ол бастан – аяқ шындыққа бөленген» поэзия деп қорытты.

Пушкин «ұлт ақыны еді және сонысын ол терең түсінді» дей келіп, Белинский оны Байронға еліктеуші ретінде кішірейтіп, бұрмалап көрсетпек болғандардың жат, зиянды пікірлеріне қарсы шықты. Сөйтіп, данышпан сыншы Пушкин поэзиясының өзіндік ұлы қасиеттерін, оның тарихи зор мәнін айқындады.

Пушкиннің «Россиядағы классик ақын болатын дәуірі де келер-ау» деген ұлы сыншының кемеңгерлік пікірінің дұрыстығын тарих дәлелдеп отыр.

М.Ю.Лермонтов жөніндегі еңбектерінде («Біздің заманымыздың геройы», «М.Лермонтовтың өлеңдері») Белинский ақынның өзіне тән өзгешеліктерін ашып, өзі өмір сүрген дәуірге байланысты Лермонтовтың орыс поэзиясынан алатын орнын белгіледі.

Лермонтов поэзиясының әлеуметтік – тарихи мәнін, оның Россиядағы крепостниктік қоғамға арналған кегі мен өшпенділігін ашып көрсетіп берді.

Лермонтов өлеңдеріндегі «отты ыза» өз замандастарын өздері өмір сүрген ортаның сұмдығынан безіндіріп, жарқын келешек үшін күреске бастағандығын Белинский талдап түсіндірді.

Белинскийдің тамаша сын еңбектерінің бір алуаны Гоголь творчествосын талдауға арналды. Белинский Гоголь творчествосын өз кезіндегі әдебиеттің шыңы деп есептеді. Гоголь творчествосы көркем әдебиетте суреттелетін шындық құбылыстардың шеңбері кеңейгендігінің, әдебиеттің «қарапайым адамдар» өмірін суреттеуге ауыса бастағанының айғағы деп түсіндірді. Гоголь орыс өмірінің нағыз маңызды мәселелерін тақырып етіп алып, оны шындық шеңберінде терең, толық суреттеді; сөйтіп, орыс әдебиетін тың, жаңа мазмұнмен байытты деп түсіндірді.

Белинский өзінің «Орыс повестері және Гоголь мырзаның повестері туралы» деген мақаласында Гоголь творчествосының прогрессивтік, демократиялық мазмұның айқын ашып, крепостниктік правоға қарсылық сипатын танытып, оны Россиядағы ең бірінші жазушы деп атады. Белинский Гогольдің реализмі үшін күресе отырып, орыс әдебиетін әлеуметтік сатираның жаңа арнасына салды. Ол өзінің Гоголь шығармаларына арналған көптеген мақалаларында көркем әдебиетте Гоголь бастаған жаңа бағыттың халықтық, патриоттық қасиетін талдады. Гоголь реализімінің терең ұлттық өзгешелігін, өзіне тән қасиеттерін айқындап берді.

Гоголь бағытының маңындағы Белинский бастаған тартыс сол кездің әдебиет әлеміндегі революциялық – демократиялық және либерал – крепостниктік екі лагерьдің арасындағы бітіспес күрес пен қайшылықты айқын танытқан еді. Белинский осындай күрес үстінде сыншыл реализмді мейлінше жақтап, халық – азаттық күресіндегі әдебиеттің белсенділігін сақтап қалды.

Белинский өзінің әдеби – сын еңбектері арқылы театр өнерін демократизмге, реализмге және халықтық жолға бағыттап, орыс театрының өсіп – өркенденуіне де зор ықпал етті. Өмірдің шындығына негізделген орыстың реалистік драматургиясы мен орыс актерлерінің ойнындағы ұлттық өзгешеліктерді насихаттау Белинскийдің тарихи еңбектерінің бірі болып табылады.

Орыстын сол кездегі театр мәдениетінен Белинский екі бағытты – демократиялық және аристократиялық бағыттарды – айырды. Атақты актер Щепкинді Белинский оның сахналық творчествосындағы демократиялық мазмұны үшін жоғары бағалады.

Белинскийдің театр сыншысы ретіндегі еңбектері орыс театрын өзінің даму барысындағы жаңа кезеңге дайындады. Сөйтіп, ол өзінің бұл саладағы сын еңбектерінде, кейін Чернышевский мен Добролюбов ілгері дамытқан, орыстың революциялық-демократиялық театр сынының негізін салды.

Қысқасы, Белинскийдің әдеби-сын еңбектері – идеялық-тәрбиелік сынның тамаша үлгісі.

Пікірдегі табансыздыққа төзбейтін қатал принцип, әрнәрсеге баға берудегі әділдік – ұлы сыншының өзіне тән айрықша қасиеті. Оның бұл тамаша қасиеті орыстың реалистік сынының негізін салуда шешуші роль атқарды. Белинский өз бойында бар күш-қабілеті халқына, Отанына, өнерге деген бар сүйіспендікті өзінің сын мақалаларына пайдаланды.

Белинскийдің бүкіл еңбегі реализмді прогрессивтік-қоғамдық күш ретінде қорғауға және насихаттауға арналды.

Белинскийдің әдеби-сын еңбектері өнерді шындықтан, ғасырдың алдыңғы қатарлы идеяларынан бөліп әкетуге тырысатын буржуазия идеологтарына қарсы күні бүгінге дейін қаһарлы, өткір құрал болып табылады.

Ахаңнын «Әдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік

– Белинский сияқты қазақ әдебиетінде Ахмет Байтұрсынов бір ғана «Әдебиет танытқыш» атты еңбекпен резонанс тудырды ғой...

Ахмет Байтұрсынов 1926 жылы өзінің әйгілі «Әдебиет танытқышын» кітап қып бастырып шығарады. Бұл біздің жыл санауымыздан үш жүз жиырма алты жыл бұрын Эллада елінде жарық көрген Аристотельдің атақты «Поэтикасы» тәрізді сөз өнерінің болмысы мен бітімін жүйелі байыптайтын қазақ топырағындағы тұңғыш теориялық зерттеу еді.

Егер Лессинг өзінің «Гамбург драматургиясында» Аристотель «Поэтикасын» мінсіздік тұрғысынан «Евклид элементтерімен» қатар қойған болса, біз бүгін Ахаңнын «Әдебиет танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік.

Мұның мәнісі – екеуі де: бірі – грек әдебиетінің, екіншісі – қазақ әдебиетінің алғашқы «әліп - билері». Асылы, үздік қасиеттер бір – бірінен неғұрлым ерекше болса, бір – біріне соғұрлым ұқсас болады.

Мінсіздік дедік.

Мұның өзі уақыт пен кеңістікке тығыз байланысты тарихи категория: уақыт өтсе, кеңістік өзгерсе, бұл да адам танымастай өзгеріске ұшырайды.

Айталық, Эсхил трагедиясындағы мифтік құдайлар қырсықтан қырсыққа шалдығып қырылып жатқанда шетінен маңырай жылаған гректер Лукиан комедиясындағы өлімге жамырай күлген.

Тарихтың бұлай жылжу себебін Маркстен артық айту қиын: «Адам баласы өзінің өткенімен күліп қоштасып отырған».

Мінсіздік дегенді де солай түсіну керек.

Мәселен, Аристотель өзінің Лессингке мінсіз көрінген «Поэтикасында» ұғым һәм термин ретінде тарихта тұңғыш рет өзі қалыптастырған фабула дегеннің композициялық бүтіндігін былай түсіндіреді:

– Бүтіндік дегеніміз әрнәрсенің басы, ортасы, аяғы болуы. Басы – өзгеге ермейді, өзіне ертеді; ортасы – өзі де ереді, өзгені де ертеді; аяғы – өзі ереді де, өзгені ертпейді.

Ал Ахаң болса, біз тұңғыш қазақы теориялық трактак ретінде бағалап отырған өзінің «Әдебиет танытқышында» Терменің жанрлық ерекшелігін былай сипаттайды: «Терме деп ат қойылуының мәнісі – бұл түрлі шығармалар бір нәрсенің жайынан сөйлеп тұрмай, көп нәрсені теріп сөз қылып өтеді. Көп нәрсені сөз қылғанда, әрқайсысына айналып, баяндап жатпайды. Түрлі шөптің басын шалып оттап, тоқтамастан желге қарай тартып бара жатқан мал сияқты»

Ал енді бар ма, Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен мекенінде «мінсіз» көрінген осы қисындары мен қағидалары әдебиет туралы ғылымның біршама шарықтап өскен бүгінгі деңгейінен қарағанда, шынын айтсақ, сын көтермейді.

Онда қалайда мінсіз? Гәп осы арада.

Бүгін бізде – ана тілімізде әдебиет теориясы жасалды. Қазақ әдебиеттануын үш саладан – әдебиет тарихынан, әдебиет сынынан, әдебиет теориясынан – тұрады десек, бұл үш сала да қазір тек өз дәрежемізде ғана емес, өзге де кәдімгі өркениетті елдер деңгейінде өрістеп – дамып отыр.

Демек, күні кешеге дейін кешең қалып келген әдебиет теориясы да бізде, туған әдебиетіміздің тарихы мен сыны секілді, бүтінделді. Әлгі бір Аристотель қалыптастырған ұрыммен тұжырар болсақ бұл, ғылым да бүтін: мұның да «басы, ортасы, аяғы» бар. Басы – жиырмасыншы жылдарда туған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы»; ортасы – қырқыншы жылдарға таяу басылып шыққан Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» мен Есмағамбет Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері»; аяғы – алпысыншы жылдардың ақырына таман жазылып бітіп, жарық көрген Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері («Сөз өнері») – Сәкен Сейфуллиннің сөзімен айтқанда, «қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртып, арын бірге жақтаған» ардагер Ахаңның араға алпыс жыл салып қайтып оралуы ағартушы – ақын – ойшыл – оқымысты ретіндегі өзге қырларын өз алдына қойғанда, біздің әдебиет туралы ғылымымызды, оның теориясын осылай бүтіндеді.

Туған топырағымыздағы әдебиет теориясының басы болып табылатын «Әдебиет танытқыштың» айта қалғандай қадірі мен қасиеті, тарихи мәні мен маңызы дәл осы арада жатыр.

– Сонда «қазақ әдебиетін қалыптастырған Ахмет Байтұрсынов» - деп айтуымызға толық негіз бар ма?

Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік...

Ахаңның әдеби қисындарын бір қазақ әдебиеттануында тұңғыш туып – қалыптасқан әдебиет теориясының «әліп – биі» деп жайдан – жай атағанымыз жоқ. Дәл осы себептен де Ахаң әр нәрсені «А-Б-С» дегендей нақ-нақ, мектеп оқушысына әріп үйреткендей тәптіштеп түсіндіреді.

Айталық, бүгінгі монографиялар мен оқулықтардың кіріспесі, алғы сөзі, яки беташары көпшілікке таныс қарапайым нәрселерді көп ежіктеп жатпай-ақ, бірден есіле, көсіле басталып кететін болса, Ахаң олай етпейді, әр сөздің әрпіне дейін, әр ұғымның ұтыры ғана емес, үтіріне дейін мән береді, «соқырға таяқ ұстатқандай» қолма – қол қорытып, асықпай аңғартады.

«Әдебиет танытқыш» кіріспе орнына берілген «Аңдату» деген екі қайырым (абзац) ғана беташардан басталады. Мұнда автор, жоғарыда айтқанымыздай, ә дегеннен төрт түрлі ұғым – төрт түрлі термин қалыптастырмақ болады: 1) Жаратынды нәрсе, 2) Жасалынды нәрсе, 3) Тірнек өнері, 4) Көрнек өнері. Бұлардың қайсысы тұрақты ұғымғы айналып, санамызға сіңер – сіңбесін тәжірибе көрсетер. Жалғыз – ақ осы арада Ахаңның әр нәрсеге өзгеден үлгі іздемей, немесе өзгені қайталамай, тек қана өзінше ат қойып, айдар тағу әрекетінің өзі бұл ұғымдарға ғылыми сипат береді. Өйткені бұлардың әрқайсысын Ахаң ойлады, толғады, әрнәрсемен салыстырды, сөйтіп барып қорытты, түйін түйді. Ал ойлау, толғау, салыстыру тұжырымдау бар жерде ғылым бар. Осыларды өзгелерше емес, те өзінше ойлап – қорыту бұларға ұлттық қасиет дарытқан. Ахаң қисындарының нұсқалылығы осыдан туған.

Ахаңның жаратынды нәрсе деп отырғаны табиғаттың өзінен жаратылған орман, теңіз, өзен, тау; жасалынды нәрселерді – адам қолымен құйылған кірпіш, салынған үй, қазылған құдық, өсірілген бақша. Барды біз бүгінде жаратынды, жасалынды деп жатпай – ақ, табиғи, жасанды дей саламыз. Оның үстіне мәселен, Ахаң жаратынды нәрсені жаратылыс қалпында қалдырып, жасалынды нәрсені етік тігу, киіз басу секілді тірнек өнері; ән салу, күй тарту секілді көрнек өнері деп тағы да екі түрге бөлген болса, бүгінде біз мұның екеуін өнер яки, көркемөнер деп бір-ақ қосып атап, анау табиғи, жасаеды дегендердің өзін осы атауға теліп, өнердің өзіне сын ретінде қолданамыз. Мысалы, шын мәніндегі шебер қолдан шыққан сұлу өнер туындысын өмірдің өзіндей табиғи да тамсана қабылдасақ, олақ қолдан щыққан олпы-солпы дүниеліктерді шындықтан аулақ жасанды нәрсе деп сырт айналамыз. Бұл арада өмір мен өнерге деген бүгінгі талап пен талғам жатыр.

Өнер мен ғылым уақыт сынынан осылай өтетінің ескерсек, Ахаңның «Аңдатуындағы» жоғарыда аталған төрт нәрсе (жаратынды, жасалынды тірнек, көрнек) өмір мен өнердің ара – қатысын, өзара өзгешеліктерін, тіпті бұлардың түп – төркінін, сайып келгенде, өнердің өмірден туу құпиясын тәптіштеп түсіндіретін төрт түрлі ұғым ретінде қанша мәнді, мағыналы болғанмен, төрт түрлі термин боп қалыптасып, тұрақтана қоюы қиын.

Демек Ахаңның «Аңдатуындағы» байыптауларының сарқып құяр сағасы біреу: ол – өнер.

Ахаң енді Өнерді «Көрнек өнері» (келе – келе «көрнек» деген эпитетте түсіп қала ма, кім білсін?) деп «тірнектен» бөліп алады да, әдеби – теориялық қағидаларын қалыптастыруға көшеді.

Осы күнгі белгілі бір ортақ арнаға түсіп, әбден жүйеленген әдебиет теориясы да, әдетте, осылай басталады. Ендеше, осы мағынадағы Ахаң салған сүрлеу де әдеби қисын атаулының жалпыға ортақ даңғылана қосылады екен деп білген жөн.

«Әдебиет танытқыштың» кіріспеден («Аңдатудан») кейінгі алғашқы тарауы Өнердің түрлерін белгілеуден басталады.

Ахаңша Өнердің бес түрі бар: 1) сәулет өнері (архитектура), 2) сымбат өнері (скульптура), 3) кескін өнері (живопись), 4) әуез өнері (музыка), 5) сөз өнері (литература).

Әділін айту керек, өнердің бұл бес түрін қазақ топырағында тұңғыш анықтап, саралап, даралап, дәл осылай қазақы ұғымға, қазақша сөз тіркестеріне айналдырған Ахмет Байтұрсынов. Бұған дейін Өнер бізде бұлай бөлінбеген: синкретті болғандықтан ғана емес эстетикалық тұрғыдан сауатты қисын қалыптаспағандықтан. Демек, бұл – Ахаңның Ахаңдығы, жоқтан бар жасаған жері.

Бүгінде, әрине, әдебиет туралы ғылымның ілгеріленуіне байланысты Ахаң атауларының кейбіреулері аздап түрлендіріліп, жетілдіріліп келеді. Мәселен сымбат өнерін мүсін өнері деп алып жүрміз. Бұл дұрыс. Кескін өнерін бейнелеу өнері деп дәлдеңкіреген боламыз. Мұнымыз дұрыс емес секілді, бұдан гөрі Ахаңның атауы дәл, нық, нағыз. Сондай – ақ, біз бір еңбегімізде музыканы саз өнері деп қалып едік, соны әуез әлеміндегілер дереу қағып әкетіп, бұл күндерде жаппай, жамырай, музыканы саз өнері музыкантты сазгер деп атап бара жатыр. Мұның өзі Ахаң атауын (әуез өнері) жетілдіру болып шыға ма, жоқ па, оны келешек көрсетер.

Қалай болғанда да, әйтеуір, осы түрлендірулердің бәрі әдебиеттануды, Әуезовше айтқанда «Ахаң түрлеген» түрлер болғандықтан түрлендіріп жатыр. Бұл ретте де Байтұрсынов бар бастаманың басы (начало всех начал) болып қалады, қала береді.

Ахаң енді әлгіндей Өнердің өзі белгілеген бес түрінің ішінен Сөз өнерін (әдебиетті) бөліп алады да, одан әрі тек қана осы өнердің қадір - қасиетін, сыр – сипатын, болмыс бітімін таратып талдауға, дәлелдеуге көшеді. Сөз өнерін басқа бар өнердің басына қояды: «Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінін де қызметін шама қадырынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын – сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді».

Әдебиет теориясын түгелімен қазақ ұғымына лайықтап осылай бастаған Ахаң енді өзінің осы қисындарын қағидаға айналдыра орнықтыру үшін Абайдың әйелді сымбаттауын («Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы»), күзгі күнді сүгіреттеуін («Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан»), ән мен күйді сөзбен сипаттап – танытуын («Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа»), Мағжанның толқынды кескіндеуін («Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады») мысалға келтіріп, қолма – қол және жан – жақты дәлелдеп шығады. Бұлар сонда ауызбен айтылған сөз ғана емес сөзбен салынған сурет болады да, оқырман оларды құлақпен естіп қана қоймай, көзбен көріп қолмен ұстағандай әсерленеді, түсініп қана қоймай, түйсінеді.

Ахаңның әдеби қисындары осылай нақты ғана емес, затты сипатқа көшеді. Сонда «толқыннан толқын туады толқынды толқын туады қуады» деп Мағжан айтқандай, шын мәніндегі ғұлама ғалымның ой –толғанысқа толы эстетикалық талғамы мен танымынан осындай нақты да затты әдеби қисын туады да, ол дәлел мен дерекке негізделген нағыз ғылымға айналады. Олай болса, Ахмет Байтұрсынов – біздің әсемдік әлемімізде бірыңғай әдеби ұғым қалыптастырушы ғана емес, әдебиет ғылымын туғызушы да: Ахаңның қазақ әдебиеттануындағы айрықша орны осылай бағалануға тиіс.

Біздің әдеби сынымыздағы басты кемшілік не?

– Қаламгердің әдебиетке келгендегі басты мақсаты қандай болу керек?

Асылы, адам әдебиетке сұлудың бұрымындай өрілген екі мақсатпен келеді: бірі – өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі – өзге ешкімге ұқсамай, тек өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жерде ғана шын мәнініндегі әдеби туынды бар. Шын мәніндегі әдеби туынды дегеніміздің, Леонид Леонов айтқандай, мазмұн жағынан жаңалық ашу, пішін жағынан өнер табу болатын себебі де сондықтан.

– Әдеби сынның негізгі міндетіне тоқталып өтсеңіз?

Әдеби – көркем сынның атқарар ролі екі түрлі: бірі оқушыны оқыған шығармасының байыбына барғызу, екіншісі – жазушыны жазған шығармасын жетілдіруге жетелеу. Бірақ осы екі мақсаттың орындалар тұсы тағы да екі бөлек: бірі – шығарма кітап боп шыққаннан кейін, екіншісі шығарма кітап боп шыққанға дейін... Біз бұл жолы соңғы байлауға қол қойдық: бірсыпыра очерктерге, естеліктерге айтар сын пікірлерімізді кітаптар емес, қолжазбалар бойынша, олардың тіпті сиялары кеппестен айтып отырдық. Авторлар үшін пайдалысы да осы еді.

– Бір кездері қазақ жастары жаппай оқыған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының авторы Әзілхан Нұршайықовтың «Жер туралы жыр» деген кітабына пікір білдірген екенсіз. Бір қызығы сол пікірде Әзілхан Нұршайықовты жазушы ретінде емес, очерктің шебері ретінде алға шығарасыз...

«Жер туралы жыр» - Әзілхан Нұршайықовтың очерктер жинағы. Жалықпадық, түгел оқып шықтық.

Жалықпадық демекші, Әзілхан Нұршайықовтың очерктері жалықтырмайды, қызықтырады, жеңіл оқылады, Мұның бірнеше себебі бар: Ә.Нұршайықов 1) тек қана шындықты жазады; 2) шындықты жай жазбайды, ел өміріндегі келелі мәселелермен байланыстыра жазады; 3) адам мінездерімен атастыра суреттейді; 4) шырайлы тілмен, ширақ стильмен жеткізеді; 5) өмір шындығын, адам мінезін өзінше тың тәсілмен, нұсқалы пішінімен жинақтайды.

Осы ерекшеліктер Ә.Нұршайықовты әдебиетке келген бетінен бастап-ақ біртүрлі соны қалыпта танытқан-ды. Рас. Ол әдебиетке кәдімгідей өз қолтаңбасымен, өз мәнерімен келді. Қай жерде жүріп, қалай қалыптастырғанын қайдан білейік, әйтеуір, Нұршайықовта әдебиетке келген бетте-ақ өзіне тән машық болды. Мұнысы басқа қазақтарға ұқсамады. Оның үстіне Ә.Нұршайықов – өмір шындығындағы, адам құлқындағы бүкпе қалтарыстарды көргіш, бақылағыш, тапқыш қаламгер. Бұл қасиет оны өз шығармаларындағы деталь дәлдігіне әкеледі...

Не айта беретіні бар, өз басымыз Әзілхан Нұршайықовты қазіргі қазақ әдебиетіндегі «№1 очеркист» деп білеміз. Бізге бұл қаламгердің күллі жазуларының ішінде бәрінен бұрын ұнайтыны – очерктері.

Константин Симонов та жақсы публицист. «Журналист қалпымда қаламын» деп атапты Симонов бір кітабын. Бірақ біздің Нұршайықов өзінің очеркистік машығымен Симоновты емес, Овечкинді еске салады, Нұршайықов – қазақтың Овечкині...

– Қазақ әдеби сынының ерекшелігі мен басты кемшілігі неде?

Осы тақырыпты біз жиі қайталаймыз. Тектен-тек емес. Бізге шын мәніндегі творчестволық күштерді принципті негізде топтастыра алатын әдемі әдеби сын, тіпті ең көрнекті жазушы үшін де өте көп нәрсе істей алатын жақсы әдебиет сыншылары қажет. Әдеби жұртшылық талабы да, оқушы көпшілік тілегі де әрқашан осы түйінге келіп тоғысады.

Бұл тұжырым «немене, сондай-ақ бізде әдеби сын, немесе әдебиет сыншылары жоқ па екен» деген сияқты салғырт сұраққа, әсіресе әріпшілдікке әкелмеуге тиіс. Қазіргі қазақ әдебиетінде дамыған әдеби сын да бар, ысылған әдебиет сыншылары да бар.

Сыншы жазушының творчестволық өсуіне қандай ықпал жасап отыр, оқушының эстетикалық талғамын өрбітуге қаншалық әсер етіп отыр? Сынның күші де, сыншының ісі де, сайып келгенде, осымен өлшенбек. Бұл ретте, сөз жоқ біздің әдеби сынымыз бүгінгі күннің талабынан әлдеқайда төмен жатыр. Неге! Негесі сол – бізде көлемі барда тереңі жоқ авторының әдеби сауаты аздығын ғана куәландыратын қара дүрсін, кібіртік мақалалар, немесе жасамыс жазушыға жаутаңдай келетін, жас жазушыға тайтаңдай беретін тайғанақ рецензиялар көп те, талғамы биік, талабы үлкен, қоғамдық ой-сананың қазіргі жалпы көркемдік дамуымыздағы көрінісі боларлық ұшқын атқан, жалын шашқан өрелі, өзекті сын аз. Бұған қынжылмасқа болмайды.

Біздің әдеби сынымыздағы басты кемшілік не? Басты кемшілік әдеби шығарманы бағалаудың критерийлерін білмеу, біле қалған күнде дұрыс сақтай алмау болып табылады. Кейбіреулер көркемдік критерий дегенді әдеби шығарманың кемшілігін ғана қазбалау деп ойлайды. Бұл – қате ұғым. Көркемдік критерий ең алдымен әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі – осы. Кез келген шығармада болатын үлкенді-кішілі кемшілікті табу бәрінен оңай. Ал шығарма несімен жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын. Бұл, әрине, біздегі кейбір ымырашыл рецензиялардағыдай көзді жұмып жіберіп, болымсыз бірдеңелерді бет алды мақтай жөнелу емес. Бұл сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді.

Дайындаған Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар