Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жәудір Нартай. Люданың хаты...

10.04.2024 1847

Жәудір Нартай. Люданың хаты 14+

Жәудір Нартай. Люданың хаты - adebiportal.kz

Әңгіме

Жиен сіңлім екеуміз қаланың ең шулы аудандарының бірінде орналасқан ескі жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрып жатқанымызға екі жылдай  уақыт болған. Карантиннен кейін сіңілімнің оқуы басталып Алматы кетті де, іле менде қаланың элиталы ауданынан жаңа пәтер тауып көшуге қамдана бастадым. Бір жерде ұзақ уақыт бойы тұрақтай берсең кіріп-шығып жүрген көршілеріңе де, ауланың ит-мысығына да кәдуілгі ет жақын туысыңдай бауыр басып қалады екенсің. Кетерімде көңілім көбеңсіп көршілерімді қимай әрі-сәрі күй кештім. Көршілерімнің ішінде, әсіресе, Люданың орны бөлек еді. 

- Сен расымен көшіп жатсың ба? 

- Ай-ай-ай, осындай жақсы көршілердің көшіп кететіні қандай өкінішті, - деп басын қайта-қайта шайқап, заттарымды жинасып күйбеңдеп жүрді.

- Тет Люд, сағынғанда келіп тұрамын ғой…

- Иә сағынасың….ертең-ақ ұмытып кетерсің….

- Олай демеңізші…

- Егер де пәтер іздесең бірден маған хабарлас, басқаға болмаса да, саған пәтер тауып беруге әзірге жарап тұрмын, өзің де білесің ғой, мен ұялы телефон ұстамаймын, мынау менің үй телефоным, хабарласып тұр, - деген Люда аса бір қамқорлық пейілмен телефон номері жазылған тілдей қағазды қолыма ұстатып жатты.

Люда тәрізді көршілерімнің көбісі жалғызбасты кемпірлер еді, біреуі ит, енді бірі мысық асырайды. Сол жануарларды баласындай күтеді, адамша сөйлеседі. Тіпті қу жандарын да сол жануарлардың жолында садақа етуге әзір еді кемпірлер. Алғаш жатақханаға көшіп келгенімде мен өзімді едәуір уақыт қарттар үйінде жүргендей сезініп, үлкендердің қас-қабағын бағып, алабөтен именіп, төменшіктеп жүретінмін. Оларда мен кіріп-шыққан сайын, көздерінің астымен қарап күбір-күбір етіп сөйлеп қалатын. Уақыт өте келе ескі жатақхананың қоңырқай бірсыдырғы өміріне, тіпті кәріліктің иісі сіңген сұрғылт көк түсті қабырғаларына да бойым үйренісе бастағандай еді. Сенбі, жексенбі күндерді кейуаналардың жағдайын білуге бала-шағаларын ертіп ұл-қыздары, туыстары келіп мәре-сәре болысып жататын. Бұл қарт аналардың  жәй күндерге ұқсай бермейтін ерекше думанды бақытты сәттері  еді.

Солардың арасынан тек Люданың ғана соқа басы сопайып жалғыз отыратын да қоятын. Оны ешкім іздеп келмейтін, ол да бірсыдырғы өміріне әбден көнтері болып кеткендей, ешкімді елеңдеп күтпейтін. Күн жылынса болды, тарғыл мысығының жотасын сипап, әлденелерді сөз етіп мысығымен сыбырлай сөйлесіп, кейде кеңкілдей күліп, ал кейде күңкілдей ұрсып есіктің алдында отыратын. Тарғыл мысық та пыр-пыр етіп көзін сығырайтып еркелеп, кемпірдің бауырына тығыла түсетін еді. 

Күн аптаның сенбісі болатын, шалжиып жатып он екіге дейін ұйықтасам ғой деген тілегім қабыл болмай, таң атпай есігімнің қоңырауы безілдеп қоя берді. Зілмауыр денемді төсектен әрең көтеріп, еріне басып есікті ашқанымда, қарсы алдымда  қарға бойлы Люда тұрды. 

- Сәлеметсің бе?! Білесің бе? Анися сендердің үстеріңнен дәліздің еденін жумайды деп шағым түсіруде, Анися өзі сондай көп сөзді, қарға секілді қарқылдап қалған әйел ғой, бір-а-а-а-ақ мен сендерді Анисяға әбден мақтадым, олар жұмысбасты қыздар ғой қолдары тимей жүрген шығар, - дедім. Дұрыс айттым ба? Рас қой. Осы кезде Люданың баданадай көкшіл көзіне “мен сендерге болыстым ғой” деген әлде қандай бір мақтаныш сезімі үймелей қалатын. Ол шашын екі иығына сілкіп тастап,  түбіт шәлісінің өңірін қымтай түсті де сөзін әрімен қарай жалғап әкетті.

- Анисяға айттым өзің жас болмап па едің, әлде мемлекетке жұмыс істемеп пе едің, кеңес уақытында 30 жыл бойы қорғасын заводында жұмыс істегенің есіңнен шығып кетті ме? Біреу бетіңе жел болып тиді ме сонда, қайта Ұлы Кеңестер одағы төбесіне көтеріп кеудеңе медаль тағып, басыңа баспана беріп, Ялтаға демалуға жіберді емес пе?! Эх, біздің дәуір қандай еді ә! - деп мақтаныш сезімімен басын кекжитіп мырс етті Люда. 

- Тет Люд, таңғы жетіде оянып, қаланың келесі бетіндегі жұмысыма барып жүрмін, түні бойы ұйықтамай тапсырыспен мақала жазамын. Бүгінгі демалысымда сағат он екіге дейін ұйықтасам деп едім, түстен кейін сөйлессек бола ма, а?

- Иә, әрине, жарқыным, о не дегенің жақсы ұйықтай ғой, кедергі келтірмейін, ұйықта, бірақ өміріңнің жартысы ұйқымен өтіп кетпесін, жас адам сергек болу керек, - деп жымың ете қалды Люда.

Есіктің қоңырауы тағы да безек қағып қоя берді. Бұл жолы есіктен бүкірейіп Анисяның төбесі көрінді.

- Сәлеметесің бе, үйдесің бе? Шаруа былай, - деді келген беттен бірден шаруаға көшкен Анисия кемпір. 

- Мына жердің еденін сүртіп қойыңдар, Людадан шағым түсіп жатыр. Люданы білесің ғой, беймаза әйел. Әрі-беріден соң үшінші қабаттың тазалығына жауап беретін де өзі, үшінші қабаттың  әр тұрғыны өз пәтерінің шыға беріс еденін жуып қоюға міндетті, бұл жердің жазылмаған заңы солай, - деді салқын қабақпен сөзін қысқа қайырған Анисия. 

- Бір демалысымда ұйқы бермейтін не деген кемпірсіңдер өзі, қайсысыңның сөзіңе сенемін, - деп күңкілдеген қалпы төсегіме қайта кеп құладым.

Есік қоңырауы қайта безілдегенде уақыттың 12:37 болғанын телефонымдағы сағатқа қарағанда аңғарып, орнымнан ұшып тұрдым.

Есікті ашқанымда, табалдырықта тағы да көкшіл көзі қалталанып Люда  тұрды.

- Білесің бе, сен өткенде ауырып қалдым деп едің ғой, жақсы бал бар. Павлодардың балы. Таза бал. Мына жігіт сатып жүр екен деді, - есіктің артында тұрған сылыңғырлау ақ сары жігітті көрсетіп жатып.

- Игорь балыңды әкеле қойшы, жарқыным….

- Рақмет, тет Люд, мен жазылып кеттім ғой. 

- Иммунитетті көтереді деймін, осындай салқын күндері...

- Рақмет деймін, керек емес. Тәтті жемеуші едім.

- Алсаңшы енді, нең кетеді, өткен жолғыдай ауырып қалсаң қайтесің, ақшасын кейін бересің, Игорь өзіміздің жігіт қой, - деп бір банка балды қолыма ұстата салды.

Люданың сөзінің жаны бар еді, оның үнемі менің көңіліме қарап, денсаулығыма алаңдап жүретінін сол оқиғадан кейін жиі байқайтын болдым. 

Бірде кезекті журналистік сапармен провизорлық орталықтың дәрігерлерімен сұхбаттасып келгеннен кейін тәулік бойы ыстығым түспей, дәм, иіс сезу қабілетімнен айырылып мұрттай ұштым.  Ковид-19 індетінің асқынып, өлім-жітімнің көбейіп тұрған шағында жедел-жәрдем шақыру басыңды бәйгеге тігумен бірдей болған соң дымымды шығармай бөлмемде сұлық түсіп жата бердім. Жақындарымды уайымдатпау үшін өзімнің науқас халім туралы тіс жармауға бекініп, тек әлім әбден құрып, төсектен тұра алмайтын халге жеткенімде, “Роща” ауруханасында медбике болып істейтін туысқан сіңіліме “мен ковид жұқтырған секілдімін, халім нашар, тез келмесең өліп қалатын сияқтымын” деп дыбыстық хабарлама жібергенім ғана есімде. Ары қарай қалжырап ұйықтап кеттім. Оянсам жанымда Люда отыр екен. Бетін бетпердемен тұмшалап алыпты. Мен оны баданадай көкшіл көзінен таныдым. Оның көз жанары шарасынан шығардай үлкейіп, бір түрлі үрейлі көрінді. 

- Мен саған сорпа әкелдім, ыстықтай ішіп ал, ай-ай-ай, сұрың қашып кетіпті ғой өзіңнің, - деп шекеме алақанын қойды, 

- От боп күйіп тұрсың ғой, ауырып қалғаныңды неге маған ертерек айтпағансың, жаңа ғана бір дәрігер қыз келіп ине салып кетті, “есін жиғанша қасында болыңыз” деп маған тапсырып кетті, сен есіңді білесің бе өзі, - деп темір қасықпен аузыма қоймалжың сорпа құя бастады. 

Мен қақалып-шашала бастадым.

- Сорпа сиыр етінен жасалған, іш, әлденіп ал, - деген Люда өбектеп жүріп,-  ай-ай-ай өзі сондай жап-жас, әрі науқас, - деп көрпемді қымтай түсті. Мен тостағандағы еті мол сорпаға қарадым да жүрегім кілкіп, құсқым келіп, басымды бұрып әкеттім. 

Күн жылынса үйшік-үйшік ойнайтын майда қыздар секілді аула алдындағы орындықтарға жиналып шүйіркелесіп отыратын әйелдер, кейде шәт-шәлекейлері шығып керілдеседі. Ұрыс-керістерінің ұзын ырғасы; Үй комитеті Люданың қызметіне көңіл толмаушылық, ал оның көмекшісі Анися барып тұрған антұрғанның нақ өзі, оның қолынан іс келу былай тұрсын, ешкімге сөзі де өтпейтін бір жүрген бейшара. Солай ма? Солай! - деп ду-ду еткен әйелдердің арасынан ұзын сирақ Света елден ерек едірең-едірең етіп барып басылды. 

- Ал егер сол Анися мен Люданың жұмысын мына бізге берсе ғой, ох, шіркін-ай! Мына үйдің ауласы жылан жалағандай жалтырап жатар еді, бірақ кәрі қарғалар ондай дүрдей қызметтің тізгінін бұларға ұстата қоюшы ма еді? Ұстатпайды ғой, солай ма? Солай! - деді ащы суды көп ұрттағаннан көзінің асты көгеріп, астыңғы ерні салпиып кеткен Света темекі тұқылын қоқысқа жанай шертіп жіберіп. 

Мұны естіген естіген Люда:

 - Оттапсың, ұзын сирақ Света! - деп үшінші қабаттың балконында тұрып саңқ етті бұларға. 

- Оттапсың, жәдігөй неме! Сен үй комитеті болсаң, мына жер әлдеқашан тауық қораға айналар еді, әуелі сыра ішкен бөтелкелеріңді қоқыс жәшігіне тастап үйрен, қызталақ, - деп айғай салған. Жаңағы баж-бұж еткен Светаның бөтелкелестері ә дегеннен тым-тырақай тарқасып, сидаңдаған Света жоғарыда тұрған Людаға кіржие қарап: - Ах Люда, сенің де дәуренің өтер! Өмір бойы үй бастығы болып жүре беремін деп тұрсың ба, сенде бір күні ақылыңнан алжасарсың, кәрі қақпас, - деп мұрнының астынан міңгір ете қалды да, жерде жатқан сыра бөтелкесін көтеріп қоқысқа қарай қисалаңдап бара жатты. Бұл аулада Людадан барлығы ығатын еді. Үлкен де, кіші де. Солардың ішінде ұзын сирақ Света ғана Люданың бетіне туралап келмесе де өзі тәрізді бөтелкелестерінің басы қосылған жерде  айдарынан жел есіп Люданың сыртынан сықпырта жамандап, оның жұмысына көңілі толмай, іштей таласып дүрдараз боп қалатын. 

Бірде мен Люданың жазушылық қасиетін байқадым. Анығында оның бұл әдетін кездейсоқ білдім. Люда өз ойын ақ параққа хат қып түсіргенді жақсы көретін еді. Оның жазғандары не проза, не поэзияға келмейтін, оның жазғандары әлдебір наразылыққа, әлде бір базына мен өкпе назға толы өтініш еді, ал кейде Люданың жазғандары бүгінгі қоғамның көзге көрінбейтін кіріптар көріністерінің қысқа қиындылары секілді еді. Әсілінде Люда өзінің базынасын тек біз секілді жаңа дәуірдің жастарына бағыттайтын. 

Біздің дәліздің еденін уақытында жумайтынымызды, туфлиіміздің өкшесін тақылдатып баспалдақтан жиі түсіп мазасын алып, ұйқысын бұзатынымызды, кейде тіпті сәлем бермей өте шығатынымызды, кешкілік музыканы қатты қойып, қатты күлетінімізді, әсіресе, 57 пәтерде тұратын студент жігіттердің темекі тұқылын еденге  лақтырып кететіні, ол ол ма, марқұм күйеуі Виталик қайтыс болып кеткеннен кейін жанының жалғыз жұбанышы болған тарғыл мысық Васяның мұртын оттықпен күйдіргендері нағыз шектен шыққан сорақылық әрі варварлық іс-әрекет еді, содан бері байқұс Васяның көңіл-күйі күрт түсіп нәумез мысыққа айналғаны қарт ананың жүрегіне батқаны сондай, осы күндері Люда валидол дәрісін ішіп, қан қысымын жиі өлшеп жүргенініне шағымданыпты. Замана келбеті өзгеріп, адамның азғаны сонша, қазіргі жастардың үлкендерді сыйламайтын өзімшіл және өркөкірек болып бара жатқанын әлденеше рет атап өтіпті. Ал өзі өмір сүрген кеңестік дәуірде жастар арасында мұндай арсыздық ешқашан болмаған болар еді, алда-жалда ондай сорақылық орын алса, заң шеңберінде жазаланып комсомолдан шығатын. Ал қазіргі қоғамда заң жоқ. Барлығы солқылдақ. Люда өзінің кеңес заманының жарқын өкілі ретінде, бүгінгі жастарға көңілі көншімейтінін және оны айтуға толықтай құқы барын айта келіп, қолмен жазылған тілдей хатын бетімізге басқандай ұзын дәліздің қабырғасына іліп кетіпті. Алғашында қабырғада ілулі тұрған хаттарды оқып, мырс етіп күліп өтіп кететінмін. Кейін дәліз қабырғасын жағалап Люданың өкпе-назға толы хаттарын оқу менің күнделікті әдетіме айналды. Мен оның әр хатын апталық газетті күткендей асыға күтетін болдым. Бірде ол кезекті хатында; “Үшінші қабаттың ұзын дәлізін көрдіңдер ме? Көрдіңдер ғой, көздерің шыққырлар, көрсеңдер сол дәліздің қабырғасын сырлаған мына мен - Людмила Андреевна. Сендердің тілдеріңде кәрі қақбас Люда.  Сендерді ұйқы басып  жатқанда, жетпіске таяған жасымда қабырғаны бір өзім сырлап шықтым. Біреуің келіп жәрдемдескен жоқсыңдар! Не рақмет айтпадыңдар! Алда-жалда біреуіңнің сол жерге темекі тұқылын тастап, не сарып не қабырғаны сызып бүлдіргендеріңді көрейін, менен жақсылық күтпеңдер, бәріңді қалдырмай тегіс пәтерден қуып шығамын, сендер кезіндегі кеңес жастарындай мейірбан әрі меймандос емессіңдер! Сендер қатігез және өркөкірексіңдер! Сендердің замандарың да өздеріңнің пейілдерің секілді тар әрі қатігез ”, - деп хаттың төменгі жағына сойдақтатып қол қойыпты. 

Люда хат жазған күні бөлмесінен шықпайтын. Тек келесі күні ғана бейне бір тентектік жасап, сазайын әбден тартқан беймаза баладай екі көзі жәутеңдеп, жүзін төменшіктетіп, әлдекімнен қысылғандай, әлдекімнен жәбір көргендей жуасып, есік алдында тарғыл мысығын әлдилеп отыратын. Люданың сол кездегі бейнесі менің жанымды ауыртатын еді.

Кейде мен Людамен ділімді ашып сөйлескім келетін. Мен оның жастық шағындағы фотосуреттерін көргім келетін. Ол да жас әрі сұлу болған шығар... Ал оның күйеуі Виталик қандай адам болды екен? Екеуі қалай танысты екен? Виталик оны шын сүйді ме? Люда қандай қызмет істеді екен, қай өлкеде туды, қай жерде тәрбиеленді, балалары болды ма? Мен кейде одан осының бәрін сұрағым келетін. Алайда Люда маған ештеңе айтпасын білетінмін, оның айтары бізге нанымсыз ертегідей көрінетін. Асылында өзі солай ойлайтын-ды.

Кейде Люда сондай мейірбан, әрі қамқор. Кейде соншалық мұңлы әрі жалғыз еді. Қыстың қысқа күндерінде ол бөлмесінен шықпайтын. Аула алдындағы орындықтар да қаңырап бос қалатын. Ондайда ешкім-ешкіммен керілдеспейді. Ешкім ешкімнің есігін қақпайды. Біздің аулада бір бұйығы тыныштық орнаушы еді. Сонда мен көрші кемпірлерді ойлайтынмын. Соның ішінде Люда дәл қазір не істеп отыр екен деп ойлайтын болдым. Ол бөлмесінде не істеп отыр екен, ауырып қалмады ма екен? Бәлкім, ескі альбомдарын ақтарып, жас уақытында түскен фотосуреттеріне қадала қарап, өткен шағын, сүйікті кеңес дәуірін сағынып отырған болар...

Әлде тарғыл мысығы Васямен сыбырлай сөйлесіп, түбіт шәлісін жамылған қалпы “дәрісалғышынан” жүректің дәрісін іздеп отырған болар... Бәлкім ол ақпанның жапалақтап жауған аппақ ақ ұлпаларына терезеден қарап, бір кіршіксіз бейдауа сағыныш құшағында қамалып, манаурап отырған болар, бәлкім, Люда тіпті де кеңес дәуірін емес, сол дәуірде қалған жастық жылдарын, бақытты сәттерін сағынып отырған болар...

Бәлкім Люда тағы да жастарға, бүгінгі дәуірге кейістік танытып хат жазып отыр ма екен? Бірақ оның хатын бүгінгі дәуір оқымайтын еді, ол өз хатына ешқашан жауап алмайтын еді.

Сол күні 57 пәтерде тұратын студент ұлдар Люданың қабырғадағы кезекті хатын оқып ыржаң етіп күлді де, хаттың шетіне оттық тигізіп лап еткізіп өртеп жіберіп,  “Сдохни, старуха” деп қабырғаны айғыздап кеткен еді…

2024 жы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар