Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Жат өлкенің жылғасында (І бөлім)...

06.08.2024 1137

Жат өлкенің жылғасында (І бөлім) 14+

Жат өлкенің жылғасында (І бөлім) - adebiportal.kz

Мәулекеш те, Әмірхан да Волоколам түбінде неміске өтіп кетпекші боп құйысқаны көтеріліп, майданға өздері тіленіп келген сияқты болып көрінеді, шынында да. Смоленскідегі Штрик-Штрикфельд тәрізді орысшаның түбін түсіретін ұңғыттар екеуін дереу ұшақпен арнайы алдыртқанына қарағанда, жігіттер Волоколам дулагында ашылып бір сайрап бергену. 

МАҚАЛАНЫҢ БАСЫН  ОСЫ ЖЕРДЕН ОҚИ АЛАСЫЗДАР

Сонда не айтулары мүмкін? Осы жағдай мен көп ойлантты.

Жанындағылар неміспен жампаңдасып жатқандарын көріп, «Жалғыз жүріп жол тапқанша көппен бірге адасайық» деді ме екен? Әлде жүректерінің үніне құлақ тосты ма? Олай болса, не деуі мүмкін, ол жұдырықтай бұлқыншақ?

Ата-бабасы ірі шонжар болуы себепті жас кезінен қуғын көрген Харес Қанатбай, шынымен де кейін өзі жазғандай, жау жаққа өз еркімен берілуі әбден мүмкін. Әмірхан Тілеумағанбетов жай шаруаәлкім дөңгелек дәулеттілеу, бірақ қайткенде де бай емес) отбасынан шыққан-ды, бірақ ол, көргендердің жазуынша, шығанға шыққан ұлтшыл екен, ал мұның өзі немістермен жұмыс істеуге бірден келісім беруінің негізгі себебіне айналуы кәдік. Мәулекеште ондай идеялық себептілік болды деп айта алмаймыз, жоғарыда көргеніміздей, ол да байдың тұқымы, алайда өзі де, ағалары да соған бола совет өкіметінен теперіш, жамандық көрді деген мәлімет жоқ, қайта жаңа түзім оларды оқытты-тоқыттықызмет берді, бір сөзбен айтқанда, тақырдан көтеріп, тұғырға жеткізді. Сөйткен өкіметке жағын шайнап, ызасын ішіне түйіп жүрді, жеме-жемге келгенде сол үшін советпен ат құйрығын кесісіп, су ішкен құдығына түкіріп, жау жаққа аунап түсті деу қисынсыз болып тұрғаны. Мұндай нәсікүрлік, тегінде, оның зиялыға тән зипа бойына жат болмақ керек.

Десе-дағы... Мәулекештер өкілі болып саналатын 20-30 жылдарғы «жас қазақтар» – жаңашыл жәдидтердің үшінші буыны – елді кеңестендіру ісіне совет өкіметіне алабөтен іш тартқандықтан емес, алдымен идеялық тұрғыдан атсалысқандарын, қазақта мәдениет кесегін қалауды өздеріне айрықша бір хасыл еткен буын болғанын есте ұстау жөн. Бұлар ескінің сірге жияр соңғы кезеңін көре қалған еді. Көріп қана қалмай, Алаш қайраткерлерінің алдын көрген алашшыл халық мұғалімдерінен оқып, білім жиып, тәлім-тәрбие алған-ды. Тіпті десеңіз, көбісі «96-шы пробалы нағыз алашордынецтердің» өзін көре қалған, біле қалған. Сол қарқуарлардың көген түп соңы, ағаш үстіріктегенде сыдырылып түскен сыдырындысы, тарамыс талдағанда бөлініп қалған сыдырымы, ине ұшында кеткен ұшақ жібі. Бас жібімен қазыққа қанша тұқыртып тастағанымен, алаштықтар тұтатып кеткен рухани от тарихи ситуацияда үрлеп қалса, лап етіп жана жөнелердей еді.

Мәулекеш халыққа қасірет боп келген алапат ашаршылық кезінде орталықта оқуда жүргенімен, қимасыңды алатын соғыстай аштық нәубетінің жаңғырығын естіп, салдарын көзбен көргені зайыр ақиқат. 37-нің зобалаңының тіпті ортасында болды, одан кейінгі ортағасырлық құлдық әдістермен жүргізілген индустрияландыруды да көріп, байқастады. Сол жылдарғы зиялы қауымның ішкі қарсылығын да жан-жүрегімен сезінген шығар-ау. 

Осының барлығы тарихи жағдай туғанда ұлттық аутентика реңкін алмақ. Күнұзын өліп қалған қыжылын, намысын қамшылап оятпақ. Большевизм ат артына теріс мінгізіп жіберген қаракөктердің тұқымы екенін есіне салмақ. Сондықтан майданға келгенге дейін Мәулекештерде совет өкіметіне ашық қарсылық, анық антикеңестік көңіл ауаны болмағанымен, белгілі бір оппозициялық көңіл-күйде жүруі ғажап емес. КСРО құрамындағы халықтардың доминанттары қилы болған ғой, мәселен, орыстарда ұлыдержавалық идеология басым, оған бодан аз ұлттарда, соның ішінде қазақтарда, этнопсихологиялық белгілер басым. Неміс национал-социализмі серкелерінің бірі Вальтер Шелленберг кейін естеліктерінде жазғандай, нацистік санаткерлер соғыс бастала кеңестік аз халықтарды қалай пайдаланамыз дегенге бас қатыра келіп, «Бұлар біздің национал-социализмімізге ауалана қоймас, бұларға өздері елтитін бостандықтың бір жұтым ауасын жұтқызып, соңыра сендерге ұлттық мемлекет, – әрине, қуыршақ, –  құрып береміз деп аруанадай жетелеу керек» деген шешімге тоқтайды. Содан құмдағы жыланның тісін санап, судағы балықтың ізін кесіп жүрген Штрик-Штрикфельдтер майдандағы армияның штабтарында отырып, большевизмге көңілі тоқырамаған, сталиндік режимге іштей қыжылы бар әскери тұтқындарға алдымен құрық салған. Көркем ниет, бәкиза көңілмен қырпуын тауып ұрса, тас екеш тас та жонуға көнеді емес пе, ұлтшылдарына ұлттық мемлекет құру идеясын, үмбетшілдеріне жасыл тулы ислам идеясын, түркішілдеріне заманында Шоқай, Рысқұловтар түрлі формада көтерген «тұтас Түркістан» («Гросстүркістан») идеясын ұсынып, кәмпитпен алдаған баладай алдаусыратады. Қылайыдай майысып келісе кетпегенде қайтеді? Одан басқа жол бөгеулі тұр. Сондықтан Мәулекеш немістер жағының ұсынысын алдымен болатын жағын ойлап, яғни идеялық тұрғыда тұрып қабылдаған деу жөн. Яғни дүниенің жарымын жәукемдеп отырған алман немісті жеңетініне сенген. Мұны бір деп қойыңыз. Сонымен бірге бұл жерде объективті тұрғыдан алғанда мәселенің жеке, көмес себебі де болмай қалмаған сияқты.

Мәулекеш сол күнде жиырманың жетеуінде екен. Жарылмаған қауындай тояты бар, бүкіл өмірі алда бозым, ал айнала сюрреалистік сурет – тікенек қоршаулы лагерь. Қарашаның үшінші онкүндігінде аяз 30 градусқа жеткен. Бит-бүргесі қойдың кенесіндей дулагтар мен шталагтар. Тіске сыздық көже-көкір, оған мауар болмай, өлген тұтқынның жамбас етін ойып алып, кәтөлекке пісіріп жеген, тоз кеміріп, қабық аршып кеткен аң кейіпті адамдар. Пеллагра – аштықтан авитаминозға ұшырататын, одан кейін қандай тамақ жесең де бойға тарамай қоятын лагерлік тажал ауру. Мұндайда барлық істі құдайға тапсырып, мөлдіреп отыра берсең құдай төбеңнен ұрады. «Көп екен көргеніңнен көрмегенің, бәрінен де жақсы екен өлмегенің». Тірі қалмағың, жер басып, күн көрмегің. «Құс тұзаққа жем үшін ілінер». Тіпті өзін сатып нан жемейтін нәсілді ердің ұрпағы да. Қайтерсің, «Ердің құны бір аяқ ас». Айнала соғыс жүріп жатқанда әркімдікі өзінше дұрыс. Бұл тауарихты зерттегелі бері осы Әмірхан мен Мәулекештер бір тым «үлкен ойынның» ішіне кіріп кеткен жоқ па екен деген ойдан да арыла алмай қойдым. Алғы шепте жүргендерінде тасадағы мәскеулік әлдебір топ берген тапсырманы орындап, жау жағына солардан бір сепараттық сәлемдеме апарған жоқ па екен деп алағызған сәттерім болды. Саясат – қолдағы мүмкіншілікті бағалай білу өнері дейді ғой, вермахт әскері кеңестік түзімнің соңғы бекінісі Мәскеудің тап іргесіне, 14 шақырым жерге келіп, пайтақытқа дүрбімен қарап тұрған кезде бұл кәллаға нелер ойлар келіп-кетпеді дейсің?! Жанқысылдыда қиын шешім мен өте қиын шешімнің арасында біреуіне таңдау жасауға тура келеді. 

Шамамен қарашаның 25-26-ы күндері Әмірхан мен Мәулекеш Смоленскіде, әлсіз үмітке ылыққан күйі, неміс «Титанигіне» көтерілген. Алды – өрт, арты – жар, енді қайтып түспестей боп. Қайсысы дұрыс, соңың ба, алдың ба, өкшең бе, маңдай бетің бе, ол жағы қараңғы еді және кейін де екеуі үшін сол қараңғы күйінде қалды. 

Дүние тіршілігінде, «тарихи тұлға» атанған әулекі пенделердің жүректеріндегі нәсікүр қыңырлықтарына бола дүниені бір тарының қауызына сыйғыза жаздайтын соғыс адамдардың тағдырын сықпанша сыққаннан ауыр не нәрсе бар екен, сірә?!

Мәулекештің Германиядағы алғашқы күндері жайында мәлімет жоқ. Штаглагтық персоналкартесі сақталмаған, сақталса да бір жерде архивтің мүлкі болып жатыр. Әмірханның лагерлік картасындағы деректерге сүйеніп, екеуі жау жатағы Берлинге бір мезгілде, қарашаның соңғы күндері жеткізілгенін ғана шамалаймыз: Әмірханның персоналкартесінде оның 1-желтоқсанда Берлиндегі айрықша маңызды әскери тұтқындарды жан-жаққа шталагтарға бөлетін ІІІ D офлагынан «70-ші коммандосқа» жіберілгені жөнінде белгі бар. Осыған қарап, онымен бірге Мәулекеш те әлгі коммандосқа тап болуы мүмкін-ау, немесе өзге бір шталагқа жіберілген бе деп ойлауға болады. Соңғысы көбірек келеге келетін сияқты, себебі, Әмірхан өз күнделігінде Берлиннен елдің оңтүстігіндегі Ставнау қаласына кеткенін жазғанында «Жанымда Асан болды» демеген, «Өзім кеттім» дейді. Екінші бір дерек – Аққали Ахметовтың мақаласы. Онда Ғайпен Бейісовтың (атыраулық әскери тұтқын, Германия Шығыс министрлігінің насихатшысы) кітап деректері негізінде мынадай мәлімет беріледі: «...Немістер 1942 жылғы сәуірден соғыс тұтқындарын Берлинге жинақтады. Екі ай карантинде ұстап, екі топқа бөлді: бір топта офицерлер, екінші топ – цебиль (азаматтық) топ. Соңғы топта Үсен Қошалақов, Қарыс Қанатбай, Мәулекеш Қайболдин, Мәжит Айтбаев, Оразаев, Саттар Алмамбетов, т. б. болған». 

Әмірхан Тілеумағанбетов Ставнауда жатып неміс командованиесіне хат жазып, қазақ жігіттерінен ұлттық әскер жасақтау ұсынысын вермахт басшыларына өткізгеннен кейін Мәулекеш екеуінің қызметтік жолдары екіге айырылады. «Қуғындалған ақын болса да, қуғында солдат болмайды» демекші, Әмірхан «Әлихан Ағаев» дейтін оперативтік есіммен ұлттық әскер әтіретін құруға білек сыбана кіріседі, ал әскери адам ретіндегі тәжірибесі одан азырақ, қаламгерлік қабілет-қарымы күшті Мәулекеш цивиль тобына қабылданғаннан кейін біржола насихатшылық, журналистік бағытқа жүз бұрады. Жоғарыдағы Ғайпен Бейісов ағамыздың естелігінде бұл мерзім 1942 жылдың сәуірі деп көрсетілген, ал оған дейін, яғни 1941-дің желтоқсаны мен 1942-нің сәуірі аралығындағы үш айда ол қайда болған?

Хамза Абдуллиннің айтуынша, Мәулекеш Германияда сегіз айлық аудармашылар курсын екі айда тәмамдап шыққан. Соншама уақытқа есептелген бағдарламаны қысқа мерзімде экстерн аяқтағанына қарағанда, сабазың немістің тілін партиялық «Фелькшиер беобахтер» газетіне мақала жазарлық деңгейге жеткізе меңгеріп алған сияқты ғой. Бірақ ол курсты дәл қай уақытта оқыған? Тарих бұл хақында ләм-мим, біздің қолда бары –  Серік Шәкібаевтың мәшһүр «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабы, дұрысы – деректі-құжатты повесі. Оқиық. 

Мәулекештің атын алғаш повестің 54-56-бетінен ұшырастырамыз. Ағаевтың хаты қолына тиген неміс барлаушы офицері Майер-Мадер Варшава түбіндегі Зеленке әскери тұтқындар лагерінде Әмірханмен кездеседі. Совет тылында агентуралық-диверсиялық жұмыс жүргізетін қазақ тобын жасақтауына келісімін алады. Екеуі Берлинге жүретін болады. Әмірхан сол жерде Мадерге «осы лагердегі өзімен бірге қашып келген жазушы Қайболдинмен әңгімелесіп көруді» ұсынады. Өзін «Қайболдин Мәулекеш» деп таныстырған жігітті автор «тайпақ бойлы, жұқалау, қара шашты, жасы отызға жетіңкіремеген» деп суреттейді. 

– Сіз, қалай, Ағаевпен бірге қашып келіп пе едіңіз? – деген неміс офицерінің сұрағына:

– Иә, Ағаевпен бірге 17-ноябрь 1941 жылы Москва маңында,  – деп жауап береді. 

– Отаныңызды сатып кеттіңіз? – деп қадалады Мадер. 

– Отанымды емес, большевиктерді сатып кеттім десе дұрыс болар, – дейді «тайпақ бойлы жұқа жігіт» тайсалмай. – Мен тұтқын болу үшін қашып келген жоқпын. Большевиктерге қарсы күреске шыққым келеді. Жазушымын. Жақында орыс ақэмигранттарының «Новое слово» деген газетінде Асан Кайгин деген атпен бір мақалам басылды. Егер талантымды пайдалансаңыздар, үгіт жүргізуге шамам келеді... Егер мүмкіндік берсеңіздер, Ағаевқа көмекші бола алар едім. 

Мадер ұсынысты қабыл алады. «Жарайды, сізді Люккенвальд лагеріне жібереді. Сол жерде Ағаевпен табысасыз» дейді. Шәкібаевтың жазуынша, Қайбалдин Люккенвальде лагерінде Ағаевпен, Харес Қанатбаймен бірге диверциялық топқа, адам іріктеу жұмысына қатысып жүреді де, бір күні Шығыс министрлігінен қызметке шақыру келіп, Берлинге жүріп кетеді.

Қайбалдиндер отбасы

«Бір сөз бір сөздің қабығын ашады» демекші, жоғарыдағы Шәкібаев кітабындағы Мәулекеш айтты делінетін «үгіт жүргізуге шамам келеді» деген тіркес пен Шығыс істері жөніндегі министрлік тарапынан шақыру алуы өзара ұштас, бірақ бұл екі оқиғаның аралығында бір емес, бірнеше ай жатыр және Мәулекештің Люккенвальдеге баруы күмәнді. Германиядағы Түркімен легионының қайраткері Мырат Тачмыраттың жазуынша, әр жердегі лагерлерден Зеленкидегі майор Майер-Мадерге ілкімді түркістандық әскери тұтқындар жеткізу 1942 жылғы ақпанда жүргізілген, осы жерде Майер олардың денін Скиерниевичте ұйымдастылып жатқан 450-Түркістан жаяу әскер батальонына, қалғанын Шығыс министрлігі жанынан ұйымдастырылып жатқан насихатшылар мектептеріне аттандырады. Бұл Шәкібаев жазатындай 1942 жылдың көктемінде (наурыз-сәуірде) емес, қыста болған жағдай, Зеленкиде болашақ диверсанттармен жұмыс көктемде жүргізілген. Сондықтан Мәулекеш желтоқсан-қаңтарда аудармашылар курсын тәмамдаған соң Зеленкидегі селекция нәтижесінде насихатшалар мектебіне жіберіліп, үгіт-насихат жұмыстарына даярлықтан өтуі мүмкін, бірақ бұл да құжатпен дәлелденбеген, болжам ғана. Көктем, Әмірхан мен Мәулекештің Зеленкиде де бірге болуы, одан әрі Мәулекешті Люккенвальдеде диверсиялық топ жұмысына қатысты деп көрсету, мұның бәрі Серік Шәкібаевтың Мәулекешке қара күйені баттастыра жағу үшін ойдан құрастырған кезекті өтірігі. Цивиль топ – пропагандалық Шығыс министрлігінің құзыретіне берілген штаттық азаматтар, олар қарулы күштердің – верхмахт ОКВ-сы жасақтап жатқан барлаушы-диверсанттардың жұмысына қалайша араласа алады?! Араласа алмайды, дегенмен, Люккенвальдеде, ондағы Ағаев тобы тәрізді агентуралық-диверсиялық арнаулы топтар жасақталған III А шталагы сияқты лагерлердің аумағында насихатшылардың даярлық курстары жұмыс істегенін, оларда насихатшылар мектебіне үміткерлер әзірліктен өткенін ескерсек, Мәулекештің осы Люккенвальдеде лагерінде болғанын ада-күде жоққа шығаруға болмайды. Ал онда, Хамза Абдуллин айтқандай, аудармашылар курсы жұмыс істеді ме, жоқ па, ол жайында мәлімет кездеспейді. 

Есесіне арнайы аудармашылар әзірлеген лагерлер мен мектептер бар. Кеңестік әдебиеттегі аты – «Агент-насихатшылар әзірлеген лагерлер мен мектептер». Оларға тыңдаушы қабылдау жүйесі бірнеше сатыдан тұрған: неофиттерді алдымен Польша аумағындағы Кельце қалашығында орналасқан жинау лагерінде тексеруден өткізіп алады, сосын сыннан өткендер Вустраудағы, Цитенхорстағы және Футзецтегі оқу лагеріне барып түседі. Оқу мерзімі тыңдаушылардың оқу үлгіріміне қарай 2-6 айдың аралығы. Мектепке алынған болашақ насихатшылар тіркеуден, дактилоскопиялық белгілемеден өтіп, фотосүгіретке түскен және Германияның пайдасына жұмыс істеуге жазбаша міндеттенген. Бұл мектептердің қазақ ұлтты тыңдаушыларының бірде-біреуінің әлгіндей құжаттамасы табылған жоқ, сірә, бундесархивте, дәлірегі Файбургте жатыр, немесе АҚШ-қа әкетілген. Жарыққа шыққаны – Вустраудағы мектептің офицерлік құрамының тізімі, онда 10-реттік нөмірмен «қазақ» тобының насихатшысы Карис Кусаевич Канатбаевтың аты-жөні көрсетілген. Яғни, бөлек «қазақ» тобы болған, жоғарыдағы тізімде Ю.Аветисиян, Л.Гванцеладзе, А.Кашия тәрізді аудармашылыққа оқығандар аталады, соған қарағанда Х. Абдуллиннің Мәулекеш оқыған аудармашылар курсы деп жүргені осы 2-6 ай оқитын мерзімдік лагерь-мектептің бірі болып жүрмесін.

Шығыс істері жөніндегі министрлік құрған Вустрау насихатшылар мектебі оқу лагерінен және «еркін» бөлу-тарату лагерінен құралған. «Еркін» лагерге «А» тобы белгісімен ауыстырылғандар әскери тұтқын деп есептелмегендіктен беймарал жүріпті, осында оқуды біржола аяқтап, мамандықтары бойынша жұмысқа берілетін жолдаманы күткен. Жолдама келгесін практикалық қызметпен айналысатын жұмыс орнына жіберілген.

Біздіңше, Мәулекеш Шығыс министрлігі 1943 жыл басында Вустрауда құрған осы насихатшылар мектебінде «неміс тілінің аудармашысы» мамандығымен оқыған болуы. Олай болса, Қанатбаймен де Люккенвальдеде емес, Нойруппин түбінде танысып, екеуі жас шағынан қарайлас, әрі жерлес болғандықтан жақын араласып кетеді. Немістер баста азиялықтарды «дегенерат ориентал» деп менсінбейді, бірақ жүре келе ол пікірлерін өзгертеді. Әсіресе сөйлесе тілінен өрт сөнетін, істесе қолынан іс келетін сауатты, алғыр қазақ жігіттері жөніндегі ойлары 360 градусқа бұрылады. Сол 1942-нің бас кезінде қызу қолға алынған Ұлттық комитеттер аясында алыс мақсат – оккупацияланған аумақтарды басқару (гремиум) үшін сол жаққа кадр әзірлемек ойымен құрылған тұзаққа (Түркістан Ұлттық комитетіне) Вустрау мен Оствиц мектептерінде даярланған мықтыларды, яғни ұғымталын ТҰҚ-қа, ұрымталын сұққа бөліп, сорпаның майын үпіріп отырған тарату-бөлу орнынан Мәулекештің дәл қай жерге жіберілгені анық емес. Әйтеуір гремиум алдында немістердің сол бір халыққа қатысты бүкіл іс-шарасын және сол халықтың алдындағы герман үкіметінің легитимділігін бекітетін қызметін насихаттық тұрғыдан қамтамасыз ететін бір орын болуы талассыз. Әлбетте, мектептердің иесі – Шығыс министрлігіне, оның бөлімдері мен бағынысындағы мекемелерге жіберіледі. Енді әскери тұтқын емес, штаттық киіммен жүре алатын және «неміс бодандығынан тыс» белгісі қойылған герман паспортына ие бостан адамдар. 

Бір жартымсыздау, десе де қисынға сиярлық дерек бар.  Блогер-зерттеуші Игорь Петров осыдан бес-алты жыл бұрын 1941 жылы Берлиндегі III D әскери тұтқындар лагеріне майданнан жеткізілген ресейлік коллаборанттардың тарихын жариялады. Бұл – біз ілгеріде айтқан, Смоленск арқылы Әлихан Ағаев жеткізілген офлагтың өзі. Петров осы лагерьге келгендердің тізімін саралап отырып, онда 15 000-ден 15 100-ге дейінгі аралықта әскери тұтқын нөмірі берілгендер шылғи пропагандалық жұмысқа пайдаланылғанына назар аударған (өзі бұған «15-серия» деген ат береді). Яғни, немістер осы аралықтағы реттік нөмірлермен насихаттық жұмысқа әлеуеттілерді белгілеп, арнаулы топқа ыңғайлап отырған. Шынында да әлгі тізімдегі адамдардың дені соңыра,  1941 жылғы қазан – 1942 жылғы ақпан аралығында орыс эмигранттары КСРО әскери тұтқындары үшін шығарған «Заря», «Клич», «Новое слово» тәрізді газеттерге мақала жазып тұрған («пленкорлар» деген атпен белгілі насихатшылар тобы). Ал енді Игорь Петров жариялаған тізімде екі түркі есім-сойы кездеседі және екеуі қатар тұр: «15 063. Лугин Бактиков, мл.лейтенант. С мая 1942 года в штате «Винеты»; 15064. Алехан Агаев, лейтенант. Нет сведения». Мұндағы «Алехан Агаев» – Әмірхан Агаев деген жанама есімді Әмірхан Тілеумағанбетов екені талассыз, ал ұлты татар Мугин Бактиковтың мамандығы мұғалім екені жөнінде дерек кездеседі. 

Мәулекештің кіші ағасы

Осындағы «Винета» – Геббелстің Халық ағарту және насихат империялық министрлігі Шығыс бөлімінің структуралық құрылымы. Соғыс басталмай тұрып, КСРО-ға қарсы алты бағыт бойынша насихаттық және қарсы насихаттық түрлі жұмыс жүргізілген. Империялық радиотарату қоғамы Геббельс мекемесіне берілгеннен кейін «Винетаның» ұйымдастырушысы, 30-жылдары КСРО-да жұмыс істеп келген лениншіл неміс коммунисі Карл Альберхт Совет Одағы аумағына дезинформация және бүлдіру хабарларын тарататын радиостанса құрып, оны өзі басқарады. Он сегіз КСРО халықтары тілінде құйтырқы хабар таратқан «Винетаның» ұлттық секторларының бір парасы Түркістан аймағына жұмыс істеген, сәйкесінше оған әр кезде түркістандық авторлар, аудармашылар алынып отырған. Карл Альбрехт соғыстан кейін жарияланған мемуарлық кітабында радиостансаға қызметкерлерді өзі соғыс тұтқындары лагерлерін аяқтай аралап жүріп жинағанын айта кеп, Берлин-Вульхайде арнаулы лагерінде бұрын азаматтық өмірде агроном, оқытушы және студент болған үш офицер және бір мұғалім, бір студент екі қатардағы жауынгерді таңдап алып «Винетаға» алып келгенін жазады. Мұндағы Вульхайде Берлиндегі III D лагерінің эмбрионы (анақұрсағы) деп саналады, ал ол Берлиннің түбінде, ал III D Берлиннің өзінде, Belle-Alliance Str. 107-де орналасқан, дегенмен бұл жерде авторлық жад жаңылшақтағы (абберация) факторын да ескеру жөн. Бір ойымыз айтады, Альберхт жазып отырған бұрынғы агроном Әлихан Ағаев, ал екі мұғалім Мугин Бактиков пен Мәулекеш Қайбалдин емес пе екен деп. Әлиханның «Винетада» жұмыс істеген-істемегені мәлімсіз, бәлкім, әскери тұтқындар газеттеріне III D-дан яки 70-коммандос тұрған Карл Маркс штадттан мақала-заметка жазып тұруы да ғажап емес (ол өлең де жазған, сонан соң «Клич», «Заря» газеттерін шығаруға оның болашақ шефі полковник Рейнхард Гелен қатысқан ғой)сонымен бірге Майер-Мадерге «Новое слово» газетіне Асан Кайгин деген атпен жазып тұрдым дегеніне қарағанда Мәулекеш те осы іске белсене араласса керек. Оның қалам қарымын байқаған Альберхт сәл кейінірек Бактиков екеуін «Винетаға» шақыруы мүмкін. 

“Винетаның” Викторияштрассе, 10 адресінде орналасқан жабық мекеме – аударма бюросының ғимаратында ОКВ мен Насихат министрлігі құрған әскери тұтқындардың арнаулы лагері болған. Ресми түрде ол III D лагеріне қараған. Сонда тұрақты тұрып, радиоға материал әзірлеуге қатысқан неміс тілін білетін легиондық әскери тұтқындардың арасында Сталинның ұлы Яков Джугашвили де бар еді. III D-дағы лагерлік нөмірі 15024, яғни ықтимал насихатшылар тізімінде, осындағы беттестіру кезінде оны Клара Цеткинаның бұрынғы хатшысы әйел танып қояды. Одан басқа орыс редакциясында белгілі артист Блюменталь-Тамарин (ол да 1941 жылы қарашада Мәскеу түбінде жауға пенде болған), жазушы Набоковтың туған інісі Сергей Набоков, полковник Нерянин сияқты бірқатар танымал адамдар жұмыс істеген. Бұрынғы әскери тұтқын қызметкерлерге «бодандықтан тыс» мәртебесі берілгеннен кейін олар бюроға таяу жалданба пәтерде тұрыпты. Киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтау санатына қойылған. Түркіұлтты венеталық легионер қызметкерлерден біз білетін төрт қайраткер бар – радиостансада түркі хабарларын әзірлеуді ұйымдастырған татар эмигранты Ахмет Темір (ол өзі он бес лагерді аралап, насихатшылыққа адам тапқан, III D-ға да барып, Ағаев, Бактиков, Қайбалдинді де осы Ахмет тауып жүрмесін), сосынғысы – Вульдхайдедегі лагерь-мектептің түлегі Дәулетшин (кейін, 1950-жылдары «Азаттық» радиосында қызмет еткен және белгілі чешен қайраткер, тарихшы-ғалым, жазушы Абдурахман Авторханов екеуі «Азаттықтың» Солтүстік Кавказ редакциясын ұйымдастырған) және жоғарыда айтылған «15-серияшылардан» татар Мугин, Бактиков (Мұғын Бақтықов, егер шын нәмі болса). Көзге шұқып көрсетерлік дерек жоқ, біздікі болжам ғана, дегенмен Мәулекешті де осы қатарға қосуға болар еді – негізі, менің түйсігім алдамайды деп қояйыншы.

Құнттап іздесе, Мәулекештің осы кезеңде жазғандары газеттерден, «Винета» радиосы архивінен табылып қалуы әбден мүмкін. Радиохабарлардың жазбасын папкілерге мұқият түптеп, архивке өткізіп отырған. Ал мерзімдік баспасөзге жазылған мақалалаларға насихатшылар лагерлік нөмірлермен қол қойған, мысалы, Бактиков мақалалары «В/пл. № 15 063 Б» бүркеншігімен немесе «В-п. А.Н-н» (Алексей Нерянин) сияқты басқы әріптерімен (нем. Initialen) жарияланған. 

«15-серия» тізіміндегі насихатшылар газет-журнал мен «Винетадағы» қызметтерін шамамен 1942 жылғы ақпанда тоқтатқан сияқты, себебі одан әрі олар жазған мақалалар көрінбейді. Ал «Винетадағы» жұмыстары 1942 жылғы мамырда Карл Альбрехттің өзі құрған ұйым басшылығынан кетуімен аяқталса керек (Геббельс оның радио арқылы оппортунистік бейбітшілік саясатын, яғни лениндік насихатты сыналап жүргізіп отырғанын байқап қалып қуып шыққан). 

Осы жерде бір сәт өзіміз өрнегін тоқып келе жатқан хронологиялық тәртібімізден сәл ауытқып, бір жағдайға – кейіпкеріміздің «Асан Қайғин» дейтін есім-сойына назар тіктеп өтсек.

Серік Шәкібаев Мәулекешті Германияда жүрген кезінде өз аты-жөнімен Мәулекеш Қайболдин деп жазады. «Асан Қайғин» дейтін атпен газеттерге мақала шығардым деген сөз салады аузына. Ал «Азамат Алтай» дейтін бүркеншікпен белгілі Германиядағы қырғыз қайраткері Құдайберген Қожамбердиев кейін жазған мемуарларында 1950-жылдары «Азаттық» радиосында «Түркістан редакциясы» ашылған кезде оған редактор ретінде қазақ Асан Қайғыны тағайындағандарын келтіреді. 

«Бұл оның соғыс жылдарынан келе жатқан бүркеншік аты, шын аты-жөні Мәулекеш Асан аға» дейді. Ағаев та күнделігінде «Асан екеуміз» деп жазғанын ілгеріде келтірдік. Сөйтіп, бұл кісі «Асан Қайғин», «Асан Қайғы», «Асан аға (ата)» деп келетін жалтартып алған бірнеше ат-есімге ие болғанын көреміз. Олар негізінде «Асан Қайғин (Кайгин)» деген бір есім-сойдың өзгеріске түскен дериваттары (бөгенайлары) екені байқалады. 

Антропонимнің асыл түбін қуаласаң, Алтайдағы алтай-кижилер мен Еділ бойындағы суваштардан, Анадолы түріктерінен бір-ақ шығасың. Кайгин деген пормдағы пәміл алтайлықтарда және сой ретінде түріктерде жиі ұшырасады екен. Соңғы халықтың ішінде ғылым докторлары Ердоған, Эсранур Кайгиндер, сондай-ақ футболшы Серкан, Шенай, Эмре, Хусейн, Кайгиндер, сондай-ақ футболшы Метин Кайгин, шахматшы Барыс Кайгин бар. Деннис Кайгин – белгілі неміс футболшысы, бір кезде Германия құрамасында ойнаған жартылай қорғаушы. Сафия Кайгин (Safiya Kaygin) – американ киноактрисасы, интернетте өмірбаяны берілмеген, «Бладрейн 3: Үшінші рейх» дейтін блокбастерге түскен. Ғаламторда сондай-ақ Анна Кайгин (Вагнер) деген есім ұшырасады, 1991 жылы Kelheim қаласында дүниеге келген. Бір пәмілдің әртүрлі халықтарда бір түрде кездесуі қызық. 

Ал «Қайғин» десе қазақтың есіне Асан Қайғы түседі ғой. Баяғы сол желмая мініп, қоныс іздеп жер шалған тарих XIV-XV ғ.ғ. өресінде, Әз-Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген Хасан Сәбитұлы деп білетін, шежіре Ноғайлыдағы ноғай жұртының үйсін бөлімінен шығаратын тарихи тұлға. Әкесі Сәбит Арал маңында, ал Хасанның өзі Еділ бойында дүниеге келіпті. Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы Балаби ауылына жақын маңда орналасқан «Оқшы әулие» деп аталатын қорымдағы Асан ата кесенесі осы тарихи Хасанның соңғы тыным тапқан жері деп есептеледі. Болса болар, себебі Асан Қайғы туралы жыр-аңыз Еділ мен Жайық арасында төтенше мол: мысалы, «Асан Қайғы аңызы», «Асан Қайғының баласы Әмет», «Асан Қайғының інісі Тоған батыр» деген желілі жырларды Батыс Қазақстанның эпик жыршылық дәстүрінің ірі өкілдерінің жырды салынып айтатын көпшілігі-ақ жырлаған. Айталық, Қашаған Күржіманұлы, одан үйреніп Мұрын жырау, Мұрын біраз жырды Мәулімберді Үдербай баласы деген үлкен жыраудың жанына еріп жүріп үйренген, ал шежіре Мәулекеш жыраудың түп ізін Ақтөбе, Орал жерінен шығарады. Ол жырды Оралдағы табын Марабай мен табын Дүйсембай жыраулар да айтуы мүмкін. Жымпитылық ақын, Мәулекеш Қайбалдиннің досы Абдолла Жұмағалиевтің соғысқа дейін жазған поэмаларының біреуі «Асан туралы аңыз» деп аталады. Әйтеуір ол күнде Асан Қайғыны білмейтін, қадірлемейтін қазақ кемде-кем болған шығар-ау. Ал Абдолла, Мәулекеш сияқты жаңа бастаған ақындар үшін Асан сөздері өздеріне тартылған сыйдай қабылданса керек. Қызықты факт: «қайғының» бағзы мағынасы «қай» түбір сөзіне тіреледі. Морфема ертеде «теңіз, мұхит (қайман)» дегенді білдірген, жүре бара жырдың өте ауқымдысы, үлкені «қай» атанған. Оны жырлайтын өнер иесі – «қайчы», «қайғы», «қайқы», яғни жыршы. «Қайырма», «айқай» сөздері де «қай» морфемасының көмегімен жасалған дейді зерттеушілер. Үндістердің «Хай!» дейтіні «Айт, сөйле» дегендері. Міне, осыларды негізге ала келіп, Мәулекеш өзіне бүркеншік есім ретінде қалаған «Асан Қайғы» – Асан жыршы дегенді ымдаған ныспысы болуы да ғажап емес. Үлкен домбырашы, күйші болған Мәжит Айтбаев Германияда жүріп, өзіне күй атасы Қорқыттың атын бүркеншік есім еткені секілді, Мәулекеш те жыр атасы Асан Қайғыны өзіне бөгенай қылуы мүмкін ғой. Бәлкім, кейін келе ауыспалы мағынада желмая мініп, жаһан кезген, сол жолда қазақтың ілкі утопиясы, әрі антиутописі атанған атасына ұқсатқан да шығар өз өмірін.

 Осылай дейміз ғой, қисынға салып, дегенмен бұған кейбір фактілер бағынбай тұр. 

Қарап отырсаңыз, осы мақалада өзіміз қарастырып отырған бұрынғы әскери тұтқын қайраткерлеріміздің арасында шын аты-жөнін өзгертпеген жаңғыз Харес Қанатбаев екен. Ол тіпті әкесінің де есімін қалдырмай жазып отырған. Қалғандары жағалай өзгерткен және «Қорқыт», «Алтай», «Дара» секілді псевдоним емес, екінші ат-пәміл алған. Сондайлар: Әмірхан Тілеумағанбетов – Әлихан Ағаев, Мәулекеш Қайбалдин – Асан Қайғин, Абдурахман Авторханов – Манюс Мансур, Мұса Залилов (Жәлел) – Муса Гумеров, Денисов (Деничев) – Яков Джугашвили …осылай жалғаса береді.

Барлығы да мұндай қадамға өздерін немістерге толық танытпау үшін барғандай әсер қалады.

Яков өзінің Сталин баласы екенін ашқызбас үшін, Авторханов мақала-кітаптарына авторлығын совет өкіметі біліп қоймас үшін… Ал енді Залилов неге Гумеровке, Авторханов неге Мансурға, Тілеумағамбетов неге Ағаевқа, Қайбалдин неге Қайғинға өзгерген? Бұл аталғандар олардың өтірік аты-жөндері екенін немістер білген бе, біліп тұрып, кейін олар насихатшылар ретінде сүзгіден, оқудан өтіп келген соң, «бодандықтан тыс» герман азаматтық паспортын берген кезде оларды сол жалған аты-жөндерімен құжаттаған ба? 

Зерттеушілер арасында «Немістер «Гумеров» болып жүрген Мұса Жәлелдің шын фамилиясын – Залиловты білмеген, дегенмен оларға «Жәлел» дейтін әдеби псевдонимі мәлім болған» дейтін пікір бар. Мұса осы Гумеров сойымен Вустраудағы насихатшылар мектебіне алынған. Ағаевтың да жағдайы дәл сондай – оның лагерлік персоналкартасында әке-шешесінің аты-жөні, туған жер, т.б. мәліметтер қалай бар, солай жазылған. Бірақ шын аты-жөнінің орнына «Алехан Агаев» делінген. Бірінші версия: немістер Мұса Жәлелге де, Әмірхан Тілеумағамбетовке де III D лагерінде «Гумеров», «Ағаев» дейтін барлаушылық, оперативтік есімдер берген. Екінші нұсқа: Мұса да, Әмірхан да тұтқынға политрук билетінсіз, өзге де еш құжатсыз түсіп, дулагтағы ілкі тіркеу кездерінде өздерін Гумеров, Ағаев деген басқа аты-жөнмен жаздыртқан. Әмірханның өз күнделігінде Мәулекешті есімімен жазбай, «Асан» деуінде көп сыр бүгулі. Сірә, екеуі де бергі бетке өтпей тұрып-ақ, бәлкім, тіпті тұтқынға түсер алдында өздеріне өзге есім-сой ойластырып қойған. Немесе олар үшін өзге біреулер ыңғайластырған. Жаңа пәмілдерінің бірі орыста көп таралған Агаев (Агеев) фамилиясымен бір ізді басатынына, Кайгиннің славян ішіндегі фин-өгір жұртына тән «ин» жұрнағына аяқталуына қарағанда, жаңа құжаттарын салапан жұрты өкілдері үшкіріп берсе өзі білсін. Тұтқынға осы қолдарындағы жаңа пәмілдері, деректері жазылған жаңа құжатпен түсуі де мүмкін. Тарихта болған факт: жоғарыда айталған Авторханов Кавказдан герман әскеріне келіп, өзі берілген кезде алғы шептен Авторханов деген құжатты фамилиямен өткен, Германияда оған шетелдіктерге берілетін паспорт (фремденпасс) осы пәмілмен толтырылған, а бірақ Авторханов та бұл кісінің шын аты-жөні емес – шын бөгенайын әлі күнге ешкім білмейді. 

Абдурахман Авторханов 1942 жылы Мәскеуден Кавказдағы Кеңес әскеріне келген. Сонда оны «бас чекист» Берияның өзі оңаша вагонында қабылдап, екеуден екеуі ұзақ сұхбаттасыпты. Авторханов шыққасын 1940 жылдан бері тауда жігіт жинап орыспен соғысып жатқан чешен көтерілісшілерінің көсемі Исраиловпен кездеседі де, одан герман үкіметінің адресіне Чечняның болашақ тәуелсіздігін мойындайтындай шартпен, неміспен одақтасу ұсынысы жазылған хат алып, арғы бетке өтіп, неміс командованиесіне келеді. Немістер «Бізге ешқандай одақтастың керегі жоқ» деп ұсынысты қабылдамаған, бірақ бірқатар уақыттан кейін оны Берлинге шақырып, «Винетаның» жұмысына жегеді.

Мәулекештің немере қарындасы, Тілек Қайбалдинның қызы Роза

Зерттеушілердің арасында «Авторханов сол жолы Германияға Исраилов арқылы Берияның хатын апарған» деген болжам бар. Тарихтан мәлім, көптеген кадрлық барлаушылар, кей жағдайда Берияның өзі ғана білетін картотекасындағы агенттері тапсырманы орындауға (арнаулы іссапарға) кетер алдында басқа фамилияға жазылып, оларға соған сәйкес жаңа құжаттар жасалған. Тіпті Жуковтың Юрьев, Константинов, Сталиннің Васильев, Филиппов, тіпті Фын Си (Батыс желі) деген шартты әскери жалған аттары болған. Бір ойымыз айтады: «Алихан Агаев» және «Асан Кайгин» – политруктер Әмірхан мен Мәулекештің жау жаққа өтер алдында алған жаңа аты-жөндері емес пе екен деп. Осы рас болса, онда екеуі әскери тұтқындарды мұқият зерттеп, тіпті әртүрлі ұлтқа жататын адамдардың ауыз құрылысына (прикус) дейтін зерделеп отырған немістердің аузын ырситып кеткені да. Олай болса, Мәулекештің «Асан Қайғины» – неміске өтердегі жаңа құжатына таңбаланған аты-жөні, кейін ол бүркеншік аттан авторлық псевдонимге айналған деу жөн. Ленин, Сталин, Троцкий деген сияқты. Осы Асан Қайғинмен белгілі болған соң ол ат соғыстан кейінгі Германиядағы қызметінде де қалмаған. 

Кешегі соғыстың бүгінгі біз білмейтін талай тылсымы бар. Біз соның бетін шөмішпен қалқып қана алып жүрміз... 

Әлихан Ағаев неміс, ағылшын тілдерін жетік білген. Мәулекеш те небәрі екі айда немісшені жатық сөйлеп, мүдіріссіз жазып кеткен. Басқа ел, бөтен жағалау жағдайында бұл мүмкін бе? 

Теориялық тұрғыдан мүмкін. Кісінің шетел тіліне бейімі, жалпы тілге қабілеті күшті болса. Белгілі бір тіл тобы – бұл жерде роман-герман тілдері, – адамға бірдеме-бірдемесімен жақса, мінез-құлқына сәйкес келген болса, мысалы, жоғарыда айтылған Ахмет Темір (Ахмет Яруллин) сегіз тіл білген екен, соның бірқатары роман тіл тобына жатады (неміс, ағылшын, француз, венгр, орыс, түрік, моңғол, қытай тілдері). Харес Қанатбайдың лагерь картасында оның орыс, татар, өзбек тілдерін білетіні жазылған. Демек, көп нәрсе бейімге, тіл үйренудегі үздік қабілетке байланысты. Десе де, кез-келген шет тілді меңгеруге орта есеппен бір жыл уақыт керек. Ондай мерзім Мәулекештің еншісінде болған тәрізді.

Соғыстың алдында герман-совет қарым-қатынасы өрлеп тұрғандықтан КСРО-да немісшені шетел тілі ретінде оқып-үйрену ісінің де мойны озық болған. Сол кезде елде баяғы герман колонистерінің ұрпақтары – екі миллиондай этникалық немістер тұрған («руссландойче», кейін – «совьетдойче»). Бұл диаспораның елдің экономикалық жағдайына ықпалы елеулі еді. Сонымен қатар 1930-1940 жылдары қолданысқа енген латын әліпбиі де неміс тілін тез үйренуге шарапатты әсерін тигізсе керек. Осы себептерден келіп зияли ортадан шыққан және қызметкер бірқатар әскери тұтқындар Германияға немісшені шырамытып келген сияқты. Мәселен, соғысқа дейін Қырғызстан Юстиция министрлігінде жұмыс істеген Саттар Алманбетов (Бет-Алман), Татарстан үкіметінде кеңесшілік қызмет атқарған заңгер Тамурбек Дәулетшин неміс тілін жақсы білген екен. Жалпы табиғатынан алғыр Мәулекештің де тілге бейімділігі күшті болған сияқты, оның үстіне ол Мәскеуде, ИФЛИ-де роман-герман тілдерін шетел тілі ретінде оқып-үйренуі әбден мүмкін ғой. Кейін «бас чекистің» алқауымен сол білімін арнаулы курста жетілдіріп алса да өзі білсін... 

Deutsch – өте қиын тілдің бірі. Диалектілері көп, солардың бірі – жоғарғы дойчланд диалектісі бүкіл диалектілік континиум үшін бірыңғай әдеби тіл нормасының бойын ширатып, қанын таратады. Абырой болғанда, ағылшын сияқты тілдермен салыстырғанда сөйлеу тілі жазба тіліне жуық келеді. Аналитизм мен флективтілікті бойына қатар сіңіргендіктен агглютинативті (жалғамалы) түркі тілдерінен ауылы алыс жатыр, десе де, бұл тілдің лексикалық терең қабаттарындағы қазақ (түркі) тілімен қайбір ұқсастықтар таңғалдырарлық: мысалы, біз «иә» десек, бұлар «иа» дейді, «Хальт!» (Тоқта!) дегені біздің «Қалт тоқтаны» еске салады және т. б. Өздері елдің солтүстігінде ұшырасатын Иерменсу дейтін ұзын тас бағандардың атының не мағына беретінін білмейді, ал осының қазақ үшін дым қиындығы жоқ: Жер мен Су ғой, ойбай-ау. Көк (су) мен жерді байланыстырмаққа зау биікке асылған мифтік Зорбаған көпір.

«Сиырдың тілі біреу, жыланның тілі екеу» деп Шерағаң айтпақшы, кісінің тілі нешеу болу керек, осы? Сірә, неше тіл білсең, сонша өмір сүргендей болатын шығарсың. Әсіресе бөтен жер, басқа ықылымда жүрсең. Карл Маркс қабасақал айтпақшы, өзің топырағын басып жүрген елдің тілін білмеу үшін не қонақ, не нақұрыс, болмаса өз тілінен басқаға паңдана қарайтын басқыншы болуы керек шығар. Қонақ яки нақұрыс, тіпті оккупант болсаң да тілсіз шетте мылқаудан күнің төмен. Пенде дәм-тұз бұйырған жерінде жүреді ғой, сонда да апмай, біреудің балғынын, біреудің жалғызын жоқ етіп жатқан қанқасап соғыстың да пайдасы болады-ау деп кім ойлаған, астафралла!

Айтайын дегеніміз, Мәулекеш осы айналдырған он жылда не көрмеді дейсің: Мәскеу, Шыңжаң, Өзбекстан, Мешхед, Смоленск, Берлин, Вустроу, Луккенвальде... Кейін экскурсиямен барған Варшава, Прага, Вена, Париж... Еуропа өзі көп жер емес қой, Германия да шағын, жүрдек «урлауф» пойызына отырасың да жетіп барасың. Әрі теміржол билеті, әрі азық-түлік құжаты «маршфейбель» қалтада, қаласаң зырылдатып Еуропаңды көлденеңінен де, ұзынынан да шарлап шығуға, туасылы көрмеген мұғжизаларды бастан кешуге мүмкіндік толық. Су жыландай ағып келе жатқан урлауфтың екі кісілік жұмсақ купесінде көзді сақтайтын француз әйнекті терезесінен доңғалақ астында шарқайрақтай дөңгеленіп қалып жатқан шалғынды, таулы әм өзен-көлді, шұрайлы табиғатқа көз алмастан есің кете қадалып, ара-арасында купедегі түрлі-түсті теледидардан жер-жаһанды тамашалап қойып келе жатасың (Германия 1935 жылы бұрынғы электромеханикалық теледидардың орнына әлемдегі нумбер уан электронды телевизияға көшкен). Черчилль «Ресейде жол жоқ, бағыт бар» депті ғой, ал мұнда атқан оқтай түзу автобанның үстімен «Опельдер» мен «Виллистер» жын қуғандай жүйткиді. Құйма бетон жолға төстіктей керіліп қалған «мерстер». «Ап-май, қазақтың көзі мен сөзін жарылқаса, мына Еуропаның басы мен қолын жарылқапты ғой» деп, еріксіз ойға кетесің. Фатерландтың сартегеш шаһарлары... Метро... Лифт... Аспан үйлер... Бейне бір шығыс ертектеріндегі гауһарнекин... Зейнеткеріне шейін тепкілеп ішіп-жеп, кекірелеп қыдырып қызық көріп жүр. «Байлықтан не жерін білмей отыр» деп қазақ осындайда айтатын шығар. Біздер коммунизмге жетеміз деп жүрсек, коммунизм мында екен. Үздіксіз перманентті әлемдік революция жасап қажеті жоқ. Кеңестік жаңғыз фаст-фуд – пончигінің өзіне қолдары әрең-пәрең жететін кешегі тұтқын солдат бүгінде бюргердің шаруасын қылып, ұрттап-жалап ішіп-жеп жүр. Әйтеуір лагерьден құтылып шығып, бір жұмысқа тұяқ іліктірсең, тамақтан пенде болмайсың. Мәселен, Мәулекештер Vineta-да жүріп 500 марка айлық жалақы және азық-түлік кәртішкесін алған. Тегін жатын орын, күндіз тапсырманы тездетіп атқарып тастайсың да, күннің қалғанын эрзац-кофе үстінде газет оқып, шахмат айнаумен өткізесің. Түстікті жақын маңдағы кафеден ішеді, онда жылқы етін, өздері мушельн дейтін бақалшақ ұлу, шпинат, кольраби, кольрюбен деген және басқа да аты мәлімсіз толып жатқан шөп салаттарды кәртішкесіз, жегеніңше салып береді (кольрюбен дегені ғана таныс, біздіңше тарна). Жігіттер «Теңізінде құрт-құмырсқа, бақа-шаян жүзіп жүргенде, жерінде қылтиып көк шөп өсіп тұрғанда неміс аштан өлмейді» деп әзілдейді. Дойчтың мақтаулы сырасы да ағыл-тегіл – тікелей бөшкеден, көбігін көпіршітіп тұрып сарығыңды басасың. Дәмі бұрын өздері ішіп жүрген сырадан айырмасы аз, а бірақ күштілігі... тіпті айтуға ұят – бір яки екі-ақ градус...

Роза Қайбалдинаның нағашы ағасы ғалым-биолог Болат Қаңтарбаев

Деректерді қарасақ, тарих бетін ақтарсақ, соғыс кезінде жау жаққа өтіп кеткендердің арасында баспана тауып қана қоймай, өз елдерінен анағұрлым артық тұрмыс кебіне кенелгендер аз болмапты. Мәселен, Әмір Темірдің тепкінімен Литваға кеткен Көк Орданың қыпшақтары (литвалық татарлар – липка) Ұлығ Витовт билігі боданында жүргенде «Ойпырм-ай, мәйпең мінезбен нәлеті жауыздарды да иліктіруге болады екен ғой» дескен екен. Барған жерлерінің тұрмыс жағдайын да, мәдениетін де бірден қабылдағандықтан кейін липка арасынан небір тұлғалар шыққан, мысалы, нобелист жазушы Сенкевич...

Еуропа легионерлердің көз алдына тұрмыс кебінен бөлек, мүлдем тосын және бір қырымен тартылды. Танымның, мәдениеттің сыйымен, сыйлауымен баурады. Taventzien-Palast сынды Берлин театрлары, соғыс кезінде оның сахнасында Ольга Чехова ойнаған. Шуберт-залда Мәулекештердің «Винетасының» көркемөнерпаздар бригадасының мүшелері Т. Иванова, А. Гринев-Блюмбергтер өнер көрсетіп жүр. Лютцовштрассе 76-да орналасқан Шуман-залда пианист Арнольд Рофенның Чайковский, Лядов, Шопен, Лист шығармаларын ойнайтын жабық концерттері. Plaza Варьете-театрындағы Дита, Жерарт қойған «Жұмақ құсы» балет спектаклі. Итальян комик-акробаттары, клоун акробаттар. «Екі Марфронос» акробатикалық балеті. Ондағы жарық эффектілері. Шун-Фун бастаған қытайлық жонглер-акробаттардың кісі таңқаларлық ерекше өнері. Көп, тіпті көп айта берсе бұл мұғжиза... 

Жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар