Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Жәнібек Қожық. Маңғыстаудың өзге өңірлерден ерекш...

27.03.2024 2788

Жәнібек Қожық. Маңғыстаудың өзге өңірлерден ерекшелігі көп... 12+

Жәнібек Қожық.  Маңғыстаудың өзге өңірлерден ерекшелігі көп... - adebiportal.kz

Маңғыстау сапарында тарихшы, өлкетанушы Жәнібек Қожық мырзамен ел мен жер тарихы туралы сұхбаттасқан едік. 

- Жәнібек аға, өзіңізді тарихы қатпарлы қарт Маңғыстаудың өткені мен бүгіні туралы қалам тербеп, ертеңі жолындағы түйткілді мәселелерге алаң көңілмен атсалысып жүрген азаматтардың бірі ретінде білеміз. «Туған жерге туыңды тік», - дегенді ұстаным қылған тағдыр жолыңыз бар екен. Сұхбатты туған топырағыңыздан бастасақ.

- Иә, інім, Маңғыстауға қош келдің! Ауылымыз туралы не айтуға болады? Біздің елден білгір шешендер мен жыршылар көп шыққан екен. Осы Ақтаудан екі жүз шақырым қашықтықта жатқан Ондыда тұрамын. Әбіш Кекілбай атамыздың туған ауылы ғой. «Білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз» дегендей, қанша естіп-білдің дегенмен, ел мен жер тарихының ұңғыл-шұңғылы көп қой. Өзім ауылымды қимаймын. Қалада баламның үйі бар. Қалада бейне, тордың ішінде тұрғандайсың, жан жағың көрінбейді. Мұнда ауыл симфониясы жоқ: түйе боздамайды, жылқы кісінемейді. Ию-қиюдың ішінде, қапылып жүрген халық. Сондықтан да жанымызға жақын тыныштықты, табиғатпен үндестікті ауылдан іздеп тұратын болармыз. Тарих тұнған өлке ғой бұл.

- Теңізбен жиектеліп, мүйістелген маңғаз Маңғыстаудың даласы сан қилы аңыздарға толы ғой. Ел-жер тарихы туралы әңгіме өрбітсек. Қазақтың байырғы өлкесі Маңғыстаудың ұлт тарихындағы сүбелі орны бар ғой. Осы жөнінде әңгіме өрбітсек...

- Біз, қазақ – Маңғыстауда ежелден бері мекендеген халықпыз. Қайсыбіреулердің: «Бұл ежелде түрікпендердің жері екен, қазақтар бертінде соларды түре қуып жіберіп иеленіп алған екен», - деп айтатыны бар. Бұл – бер жағындағы тарих қой. Біздің ата-бабаларымыздың осы өлкеде қанша ғасырлар бойы отырғанымызды Алла-Тағаланың өзі ғана білетін шығар, бәлкім. Басқасын айтпағанда Ноғай ордасына тоқталайықшы. Ілкіде Ноғай ордасы болды ғой. Тоқсан таңбалы Ноғай ордасына қазіргі Қазақстанның батысындағы Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының аумағы түгел кірген. 

Ноғай – төре тұқымы, Жошы ханның ұрпағы ғой. Тарихтан белгілі: Ноғай ұрпақтары билеген ұлыс ХҮ ғасырларда Едіге мен Тоқтамыстың өзара соғыстары кесірінен ыдырайды. 

Едігер деген ер еді,

Ел басына күн туса,

Едіге қайда дер еді, - 

дейтін сөздер содан қалған. Сол Ер Едіге мен әйгілі Қырымның қырық батыры шыққан өлке – осы біздің Маңғыстау. 

- Тарихта Едіге бидің жерленген жері туралы пікір алуандығы бар ғой. Осы тұрғысында алғанда Едіге бидің Маңғыстауда жерленгені қалай дәлелденіп отыр?

- Менің туған ауылым Ондының шығыс бетінде, он бес шақырымда Қарауылкүмбет дейтін жер бар Ер Едігенің бейіті сол жерде жатыр. Онда Едіге бабамызға арнап үлкен кесене салынған. Басында: «Едіге би баһадүр болды» деген жазу бар және өзінің құлпытасында «адамның қолынан шаһид кетті» деген жазу бар. Рас, Едігенің жерленген жері ретінде тарихта үш жерді атайды. Біреуі – Ұлытау. Екіншісі – мына көршілес жатқан Атыраудың Сарайшығы. Олардың әрқайсысының өзіндік уәжі болғанымен, алдыңғы екеуінде мынау Едігенің моласы дейтіндей, белгі жоқ. Едіге – әйгілі би, елбасы болған адам. Ондай тұлға кез келген жерге жерленбейді. Біз жоғарыдағы, басынан табылған жазуды негізге ала отырып, Едіге би осында жатыр деп сеніммен айта аламыз. 

Ұлы Далада біршама уақыт салтанат құрған Ноғай ордасы біртіндеп әлсіреп, бытыраған тұста, яғни 1419 жылы Едіге би қайтыс болады. Осыдан кейін біраз уақыт өткенде тарих сахнасына Жәнібек пен Керей сұлтандар шығады. Олардан үлкен елшілік келеді. «Біз жаңа хандық құрып жатырмыз. Осы хандыққа келіңдер, бір шаңырақтың астына бірігейік, бәріміз бір ұлтпыз», - деген үндеу айтылғаны анық. Едіге келмеске кеткеннен кейінгі елде лайықты басшы болмай, екіге бөлінеді. «Ноғай мен қазақ айырылған» деген күй де бар ғой, тарихта. Бұл күй нағыз осы кезеңді бейнелейтін туынды. Сол тұста тұтас елдің бір бөлігіне дәуір талабына сай таңдау жасауға тура келеді«Бұдан кейін төре тұқымына бағынбаймыз. Олар біздің кешегі Едігеге дейінгі қаншама игі-жақсыларымызды өлтірді. Біз оларға бодан болмаймыз. Өз алдымызға Ноғай ордасы болып қаламыз. Мына жер қоныс болмаса, болмасын. Еділдің ар жағында шұрайлы жер бар екен, біз сол жаққа барамыз!» - деп Едігенің руы мағыттар және басқалары бөліне көшеді. Бір бөлігі кешегі анау Қазтуған, Доспамбет жыраулардың жырларындағы: 

Балығы тайдай тулаған, 

Бақасы қойдай шулаған, 

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, 

Балығы көлге жылқы жаптырмас, - 

деп суреттеген Еділге қарай бет алса, енді бір бөлігі: «Жоқ, бұл болмас. Қазақ хандығы болып біріксек дұрыс болар!» - дейді. Осы заманда біздің ел түстікке, Жәнібек пен Керейге қарай бағыт ұстайды.

- Бұл тарихи кезеңнің оқиғалары қазақтардың мұнда ноғайлы дәуіріндегі тағдыр таңдауынан хабар береді. Адай елінің тарихы шығыс бетпен де байланысты емес пе?

- Иә, бұдан өзге: «Адайлар Алтай жақтан келген екен», - дейтін де сөздер бар. Ол да бекер емес. Сол жерлерде отырғанда адайлар ондағы кереймен де, найманменен де қоныстас болады. 1723-жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты кезеңде ар жағында циньдік қытаймен, бер жағында жоңғарлармен көп соғыстан титықтаған біздің адай елі: «Ел қайда, батыр, ел қайда, Туып өскен жер қайда?» - деп ежелгі мекенін аңсайды. Сөйтіп: «Біз енді Маңғыстауға көшеміз!» - деп осы жақты бетке алып үдере көшеді. Осылайша адайлар ата-бабаларының ежелгі мекені Маңғыстауға қайта оралып келеді. Келе жатқанда, әркім өз ата-бабасының туған жеріне барып иеленуі керек қой. Сол үшін ру-ру болып ата қонысқа жаушы жібереді. Сол кетіп бара жатқан кезде екі-үш ауылға беттеген жаушыға жаудың оғы тиіп қалып қояды. Сегіз арыс адайдың ен кенжесі Мұңал деп аталады. Сол Мұңалдың бір баласы – Алақұлан. Осы Алақұланның ұрпағы – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Маңғыстау облыстық обкомның хатшысы болып қызмет істеген Тұтқабай Әшімбаев еді. Қысқасы, сол жаугершілік заманда адайдың кейбір тармақтары Орта жүздегі керейдің, арғынның т.б. ішіне кіріп сіңісіп кетеді. Мысалы, Орта жүзде арғынның ішінде қырықмылтық дейтін ру бар. Адай шоғының балалары сол қырықмылтықтың ішіне кіріп кетеді. Кірме ру есебінде жүріп, 

беріректе Маңғыстауға беталады. Ал Шоғы батырдың сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанында жатыр. 

- Адай елі шығыстан қайта бері беттегенде бұл жер бос болмады. Тұтас өлкені түрікпендер мекендеп отырды деп түсінуге бола ма?

- Солай. Бұл ел ең алғаш Құлсары беттегі Кең Жылойға келеді. Мың жеті жүзінші жылдардың басында ата қонысқа келгенде елші жіберсе, бұл жерге түрікпендер отырып қалған екен. Маңғыстаудан ел екі айырылып көшті ғой. Ел қашқанда қалмақтың Дундук-Омбо дейтін қолбасшысы он мың қолмен 1630 жылы Маңғыстауға кіріп, мұнда 1664 жылға дейін тапжылмай қоныстанады. Қалған елді қырғынға ұшыратып, емін-еркін билеп жүрген кезде Ресей билігі оларға қазіргі Элиста астаналы Қалмақиядан жер береді. Олардың қалмақтарға жер бөліп беріп көшіріп алуының өзіндік мақсаты бар еді. «Жауымның жауы – менің досым» деген бар, кешегі орыс жұртын үш жүз жыл билеген жұртқа осыларды айдап салу қажет еді. 

- «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» дейтін Маңғыстаудың соңғы кеткен жұрты осы қалмақтар болып отыр ғой?

- Солай. Сөйтіп қалмақтар Еділден ары қарайғы жерге үдере көшкенде Маңғыстаудың бойы қаңырап бос қалады. Бос қалғанда қандай жер десеңізші? Қысқа жайлы, жайылымы мол, тауларының қасында бұлақ бар жер. «Бос жатқан жер жау шақырады» дейді ғой. Мынау түрікпенің абдал, бозащы, шәудір, жәуміт дейтін рулары біздің бос жатқан жерлерге келіп қоныстанады. Ол кезде де мұнда қазақтар қалады, бірақ олардың саны соншалықты көп болмаған. Бұл жерлерге адайлар қайта айналып келгенде түрікпендердің қоныстанып алғанына елу-алпыс жылдан асып кеткен, қапелімде жерді босатып бере қоймайды. Бауыр басып қалған ғой. Қазақтар Үстірттің үсті, яғни мына Сейсем атада бөгеліп тұрады. Бұл өлке – ызғырық желді, мал қыстауға өте қолайсыз.

Дегенмен осы кезде Бозащы бетінен, әр маңнан біртіндеп жер беріле бастайды. Бергендегі шарты: келісіп мал беріп, қыстатып шығарады. Сөйтіп қазақтар байырғы мекеніне келуін келіп алса да, қазіргі иесі түрікпендермен өзара келісімге келіп, солардың ыңғайына көніп отыз-қырық жылдай отырады. Түрікпен дейтін де бір көп зияны жоқ, жуас ел. 1780 жылдар ма екен, сол тұста тағы да жалға жер сұрай келген қазақтың батырын түрікпеннің Құлықсейіт деген ханның сыртта жүрген жаушылары өлтіріп тастайды. Елшіні өлтіру – соғыс шақыру деген сөз. Адайлар да сылтау таба алмай отырған. «Біздің бейбіт елшімізді неге өлтіресің? Керек десең – бұл ежелгі біздің жер!» - деп адайлар тік көтеріле шұбырып келеді ғой. Не керек сонымен, адайлар түрікпендерді ХҮІІІ ғасырдың соңы, ХІХ ғасырдың басында түрікпендерді түгел түре қуып шығады. Сол тұстан бастап бұл өлкені адайлар толықтай иеленіп мекендейді. Қазір сол соңғы рет келіп толық мекендегеніне 230-240 жылдай уақыт болып қалған екен. Біздің аталарымыз түрікпендермен дауласқанда айтады ғой: «Ал, сенің жерің екен. Келістік. Оны немен дәлелдейсіңдер?» - дегенде олар күмілжіп қалады. Себебі, түрікмендер там салмайды, мола салмайды, кесене тұрғызбайды, тек тас шошайтып қана кете береді. Ал қазақтар ежелден там салады және өз руының таңбасын қашап салып кетеді. Сөйтсе мұнда кіл алшындардың таңбасы тұр. Алшын деп отырғанымыз – біздің аталарымыз, жалпы Кіші жүздің өзі ғой. Содан адайлар Маңғыстауда тұрақты мекен теуіп қалды.

- Осылайша қазақтар жеті жұртты өткерген Маңғыстауға түпкілікті ие болып қалды дедіңіз. Мұндағы жұрттың жалпы жалпақ қазақтың баласы дегенімізбен, тұрмыс-салтқа және т.б. қатысты өзіндік өзгеше сипаты не деген болар едіңіз?

- Бұл туралы да көп дүниені айтуға болады. Қазақстанда бір ру ғана жиналған облыс – осы Маңғыстау. Қалған жерлердің бәрінде құрама бар. Дегенмен кейінгі жылдары жан жақтан қандас ағайындар көптеп келуі арқылы Маңғыстау рулық жағынан құрама болып қалыптасып келе жатыр. Елге ел қосылуда. Біздің жақта амандасқанды бұрынғы кісілер: «Не хабар бар?» - деп сөйлейді. Мұның мәнісі – «хабар» деген сөз – «жау-жардан аман ба, ел тыныштық па?» - деген мағынаны білдіреді. Бұл да өзіндік ерекшелігі болса керек. Ертеде тұтқиыл жаугершілікті күтіп отырған адамдар жан жақтан хабар алып, елеңдеп қарап, ат шаптырып отыратын болған. Біздің елдің жаугершілігі көбінесе хиуалықтарға қатысты. Түстік-батыста жатқан Хиуа хандығы Маңғыстауды басып алғысы келіп, тарихы әлденеше рет шабуылдар ұйымдастырған екен. Бұл Хиуа хандығына өзбектер, түрікпендер, қарақалпақтар кіреді ғой. Хиуа ханы басып алмақ болып қазақтарға күш көрсеткенімен, әлдері жете қоймайды. Адайлар оларға салық та төлемейді. Қазақтың жалпы жерінің көлемділігі – қала салмағаны себепті болар. Егер басқаларға ұқсап біз де қала салғанда иелікті жеріміз баяғыда-ақ кішірейіп қалатын еді. «Қазақта шекара жоқ», - деп жатады кейбіреулер. Шекара неге болмасын? Шекара болған. Қазақтың шекарасы, оның белгісі міндетті түрде болды. Қазіргі үрдісте шекара бағанасының тағанын бұрғылап қазып, үстіне металл бекітеді, сым қояды ғойСөйтіп «мынау – менің жерім» деп құжаттап шегелейді. Бұл – оның еш өзгермес шекарасы емес. Себебі: оны жүз метр ары да, жүз метр бері де ауыстыруға болады. Ал біздің қазақ қайткен? Қазақ иеленген жеріне қазып отырып өзінің ата-бабасының сүйегін көміп қояды. Сөйтеді де, бетіне құлпытас, кесене тұрғызып, үстіне таңбасын салады. Бұл: «Мен қай жаққа көшсем де, қашан келсем де, мынау – менің ата-бабамның сүйегі жатқан жер! Мынау – менің құдығым, суым!» - деп куәландыруы болып саналады. Ата-бабасының сүйегін көрден қазып алмайды, бірақ дауласқандар жеңіліп қалады.

Маңғыстау өлкесінің өзге өңірлерден тағы бір ерекшелігі – мұнда ағынды өзен де, көл де жоқ. Республикамыздағы бірден бір шыңырау құдық қазатын облыс та – осы Маңғыстау. Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» дейтін, әлгі Еңсеп құдық қазатын туындысы осыны бейнелейді ғой. Маңғыстау жерінде шыңырау құдықтар көп. Шыңыраудың тереңдігі жүз адым болуы мүмкін. Жүз-жүз жиырма метрге кететін терең құдықтар бар.

- Құдықшылық туралы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» хикаятында Бөкен байға арнап құдық қазу кезіндегі дайындық сәтін бейнелейтіні бар ғой: «Ана жерге барып та, мына жерге барып та топырағын қарайды, шөптің тамырын қазады, иісін иіскейді. Ең соңында, Бөкен байдың үйір-үйір жылқысын алдырып, біресе текіректетіп айдап өтіп, біресе шаптырып көрді. Қалың жылқы тасыр-тұсыр шаба жөнелгенде, ақсақал шалдар жата-жата қалып, жерге құлақтарын тосып, тың тыңдайды. - Кеуек жоқ. Кеуек болса дүсірге жаңғырығып, дүңкілдеп кетер еді», - дейді. Бұл да бір шөл даланы мекендеген қазақтардың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі болар.

- Солай, әрине. Біздің елде ежелден бергі тәжірибелерді жинақтаушы, өте сұңғыла құдықшылар болған. Әбекең жазғанындай қалың жылқыны шаптырып жіберіп, тостағанды жерге қоя қойып, ат тұяғының дүбірімен өлшей отырып қанша тереңдікте су бар екенін тап басып білген. Жердің бетіндегі шөпті, шиді аузына салып, шайнап-шайнап жіберіп, олардың дәмі арқылы судың қасиетін аңғарған. Біздің елдің сұңғыла құдықшылары сол жердегі ұшқан құс пен жүгірген жануарлар мен жыбырлаған жәндіктердің бәрінің қимыл-әрекетінен жер астындағы суды болжамдаған. Міне қарапайым дала қазақтарының осылай ғажап сыншылдық өнері арқылы қазып су шығарылған пәленбай мың құдық бар. Құдық қазуда мүлт кетпес қасиетті аталар болған. Бұл су дегеніміз – мәжбүрлік қой. Қазіргі мынау дамыған заманда, аспанда жерсерігі бар, қолымызда тереңдікті өлшейтін құрылғылар бар, солармен бағдарлап барып қазғанда, тіпті бес-алты жүз метр жерден су шықпай қалып жатады. Немесе шыққанның өзінде су удай ащы болып, не мал ішкенге, не егін суарғанға жарамай жатады. Ал қазақтың құдықшылары қателеспеген. Қазған құдығы тұп-тұщы болып шығады. Тіпті тұщы болып шықпағанның өзінде мал ішуге жарайтын су болып шығады. Құдық қазу үшін қарайған еңбек шығарып, қаншама бойдақ беріп қаздырады ғой. Осындай құдықтар көп болды.

- Қатал табиғатпен үндесе тіршілік етудің ғажап үлгісі дегеннің өзі осы-ақ болар. Осыншама бейнетпен игеріп, иеленген жерді сырт дұшпаннан қорғаудың өзі оңай болмаса керек. Жоғарыда айтылғандай: «Не хабар бар?» - деудің астарында үлкен мағына жатыр ғой. Маңғыстау өлкесіндегі халықтың, нақтылай айтқанда адайлардың ғасырлар жүзінде қалыптасқан қорғаныс жүйесі туралы тоқталып өтсеңіз.

- Мұның бәрі мәжбүрліктен дедік қой. Бұл өңір қашанда жау-жарсыз болмаған. Жау әдетте Хиуа жақтан келіп отырды ғой. Бұл Хиуа хандығында жиырма бес жыл бойы жаттығатын тұрақты әскері болды. Ал адайда әскер жоқ, сот жоқ, хан жоқ. Бұл бір көшіп жүрген халық. Жазда Арқаға барады, Орал мен Ақтөбе мен Орынборға дейін кетеді, қыста қайтадан осында келеді. Сөйтіп өмір сүріп жүрген халықтың қорғаныс тәсілдері болған. Осыған байланысты біздің Маңғыстау өңіріде ұран отын жағатын жерлер бар. Ең негізгілері ретінде Отпан тауы дейтін бар. Қаратаудың үш шоқысы дейтін, Қарауылкүмбет дейтін биіктіктер бар. Сисем атада Қонайдың биігі дейтін бар. Мінеки, сондай-сондай биік тұрғылы жерлерде ұран оты жағылып тұрған. 

Ұран оты жағылатын биік жерлерге күзетшілер қойылады. Олар өз өңіріне жауапты болып, айналаны түгел бақылап отырады. Бұл араға түйелеп әкеліп ағаш отынды, тезекті даярлап үйіп қояды. Міне әлде бір күн тұтқиылдан жаудың қарасы көрінген кезде отты лап еткізіп жағып жібереді. Бұл: «Жау шапты!» - деген дабыл белгі

Сосын Маңғыстауда қорғанысқа қатысты екі бұлжытпайтын заң бар. Көбінесе Хиуа әскерлері келетін Қасқа жол деген бар. Сол жақтағы рулар да биік жерлерін отжағарлап дайындап жүреді. Жау шапты ма, бірден от жағады. Осы үрдіс бойынша, он-он бес минуттың ішінде айнала төңірек жау шапқанын біліп үлгереді. Әр отжағардың арасы жиырма бес-отыз шақырымдай жер. Ұшқыр атпен анау бері, мынау ары қарай отқа шабады. Себебі, жау өтірік от жағып қырып жіберер ме деген күдіктен арылуы керек. Осылайша бүкіл Маңғыстау бір-екі сағат ішінде жау шапқандығы туралы хабардар болып үлгереді. Жау шапқанда қайтеді? Жау шапқанда көшпелі жұрт өздері отыратын құдықтарының басынан ағаш үйлерін артып алып, екінші жерге үдере көшіп кетеді. Кетерде жай кетпейді: жылқының тезегін, адыраспанды, итсигекті араластырып у жасайды да құдыққа салып кетеді. Құдықты аршып ашу үшін жауға кемінде екі-үш күн кетеді. Ал құдықсыз ат та, адам да жүре алмайды. Маңғыстауға жаулық ниетпен келгендер үш жүз-төрт жүз адамнан артық топпен жүре алмайды. Себебі, үш жүз-төрт жүз адам қатар келіп қалатын болса, оларды сумен қамтамасыз ететін құдық жоқ қой. Үш жүз жау келетін болса, жетектегі бір атымен алты жүз атпен жүруі керек. Бір аты ауырып немесе өзге де жағдайдарға ұшырап қалуы мүмкін. Сондықтан қос атпен жүруге мәжбүр.

Маңғыстаудың ойына түсетін жерде Ой, Маната, Сынды, Өрмелі, Қаратүйе қатарлы оншақты құлау бар. Соларды тиімді пайдалану арқылыжергілікті жұрт жаудың қай тұстан келетінін, қай жерден қайтатынын алақандағыдай біліп отырады. Жаудың қаруы мықты, олар үкіметтің армиясы ғой. Біздікінде жүйрік қару жоқ, шоқпар мен садақ қана. Біздің жауынгерлер жоғары айтқандай қысылтаяң жерлерден тиеді. Сөйтіп жау келеді делік. Құдыққа келсе – су жоқ. Қазіргідей өздерімен ертіп жүретін су таситын машина жоқ. Меске құйып алып жүретін суын өзі іше ме, малына бере ме? Жылқы дейтін екі күннен артық суға шыдамайтын және суды бір ішкенде 60-70 литрді тауыса беретін хайуан ғой. Құдық қазып, тазалап отыратын уақыт жоқ, олай жайланып отырғанда бүкіл қазақ келіп қырып тастайтынын жақсы біледі. Содан ана ауылға келеді, жоқ, мына ауылға келеді, олар жоқ, орнын сипап қалған. Орта жолда білмей қалған біреулерді қолға түсірмесе, қалың елге соншалықты бір тіс батырып, тиісе алмайды. Кейін қайтқанда қазақтар осы жолмен жетімі мен жесірін, мал-мүлкін ешкімге жібермейді. Алып кету – шанда-шанда бір болады. 

Түрікпендер адайды шабарда, кімнің елі қайда отырғандығын анықтау үшін, тыңшы жіберіп картасын жасататын болған. Адайменен қай ру бір-бірімен соғысып жүр, қай ру адамының кегін ала алмай жүр, соларға өздерінің өкілдерін жіберіп картасын түсіріп алып кел дейді. Сөйтіп барып картасын түсіріп алады. Мен атын айтпайын, ұят болар, дұшпанға коллаборант болып қызмет жасағандар да шығып отырған. Ауызы күйгеннен кейін кей рулар жау келер тұстан көшіп кетеді. Біздің халық солай, қорғаныс жүйесін құрып, ұрпағын аман сақтап қалған деуге толық негіз бар.  
Сұхбаттың жалғасы :  Маңғыстау - құтты мекен, тұнған тарих
Сұхбаттасқан Асылбек Байтанұлы 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар