Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Жанболат Аупбаев. Біржан Салдың ұрпағы...

26.08.2019 7094

Жанболат Аупбаев. Біржан Салдың ұрпағы 12+

Жанболат Аупбаев. Біржан Салдың ұрпағы - adebiportal.kz

Мұханбетқали Теміртасұлы БІРЖАНСАЛОВ

Əн. Сол əн əуеге мамырлай көтерілді де белгілі бір биіктіктен түспей тұрып алды. Сөйтті де терең толғанысқа толы саз мұң-бесікке бөленген күйінен жазбай, жаңылмай жалғаса берді, жалғаса берді. Ол тым шығандап шырқап та кетпейді, төменге судырай сырғып та түспейді. Жəне сорғалап келіп құйылар қоңыр əуенге де бой алдырмай, төңіректі дірілдетіп тұрып алды.

Оу дүние, өтеріңді біліп едім,

Білдірмей серілікпен жүріп едім, – деп басталған əуен ұлы Біржан ғұмыр-тірлігінің сарқылып келіп тəмам болар азалы сəтінен хабар бергендей. Əн атақты сал-серінің шау тартқандағы мүшкіл халін сездірген сайын: “Беу, опасыз жалған!” – дегізер күйікпен сенің де ет жүрегіңді шабақтап, жан сарайыңды аңырата соққан ызғарымен қари түседі. Қалтыратып жібереді.

Қара су есік алды ылайланды,

Бай қылмақ, жарлы қылмақ құдайдан-ды.

Қамзолдай қысқа пішкен дөңгелентіп,

Дүние өтерінде шыр айналды, – деген тұста өміріңді өтпестей, күндеріңді бітпестей көретін пендешіл көңілің тіксініп сала береді. Осы сəтте ғұмырыңның келтелігін жаңа ғана сезінгендей, оны сездірген “қамзолдай қысқа пішкен дөңгелентіп” дейтін Біржан сал пайымдауы ұқтырып тұрғандай боласың.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тəтті,

Кем қылмай өсіріп ем салтанатты.

Əкең ем аяйтұғын жаның ашып,

Шешсеңші, білегіме арқан батты!

Əннің шырқау биігі де, көңіліңді өксікті күйікке шарпытып, сезіміңнің тас құрсаулы шеңберін талқан етіп, жаңа бір пайым парқына шығандатып əкетер сөз салмағы да міне, осы арада, осы жерде сияқты. Мұны естігенде былайғы сəттегі күйініш- ренішің де, нала-мұңың да Біржанның, ұлы Біржанның керегеге таңылған кездегі қайғылы халінің қасында түкке тұрмастай болып көрініп, өте бір аянышты əсер қалдырады.

Реквием-саз тəмамдалды. Жай ғана тəмамдалған жоқ, жүрек басына қан ұйытып, жан-дүниеңді егілтіп барып аяқталды. Оны бізге орындап берген бұл күнде жасы жетпістің алтауына келген Мұханбетқали ақсақал. Иə, иə, ұлы Біржан салдың: “Теміртас, Асыл, Ақық балдан тəтті”, – деп сөз арнаған Теміртасының бүгінгі көзі тірі ұлы Мұханбетқали ғой, бұл.

Шынымызды айтайық, біз алдымызда отырған асылдың сынығы бұл кісіні күндердің күнінде көреміз, əнін тыңдап, əңгімелесеміз деп əсте ойлаған емес едік. Бірақ, есімін бала кезден жақсы білетінбіз. Оны бізге ұқтырған, Біржан салдың осындай ұрпағы бар деп хабардар еткен атақты өнер зерттеушісі, профессор Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұлдары” атты кітабындағы қысқа да нұсқа жалғыз сөйлем болатын. Осыдан 30 жыл бұрын жарық көрген жоғарыдағы шығармада Есім Байболов деген өлкетанушының аты аталады. 1928 жылдың жазында міне, сол кісі Бурабай поселкесінен шығып, Ақкөл деген жерде отырған Біржанның баласы Теміртасты іздеп келеді.

– Үйезден бұдан бұрын да талай адам келіп, əкем туралы деректер алып кетіп еді. Білгенімді сіздерге де айтып көрейін, – дейді сонда отағасы ойланып. Сөйтеді де əсерлі, əдемі əңгіме тиегін ағытады. Сөзінің соңында:

“Əкеміз өлген жылы біздің үйде екі сиыр, бір бие, бір ат, оншақты қой болып еді. Біржаннан қалған төрт перзенттен тірісі мен ғана, мына бір Мұханбетқали деген жалғыз балам бар”, – деп қасындағы алты-жеті жасар бүлдіршіннің басынан сипап қояды.

Сол Мұханбетқали міне, осы кісі. Көз əйнегін оң қолымен оқтын-оқтын түзеп қойған қария қоңыр домбырасын алдына өңгерген қалпы жанарын бір нүктеге қадап, біздің алдымызда үнсіз отыр. Көп сөзге жоқ тұйықтау адам ба дейсің. Əңгімені суыртпақтап сұрамасаң, сараң мінезінен ештеңе де ұқтырмайтын сияқты.

– Əкеңіз Теміртас туралы не білесіз? Ол қандай кісі еді? – дейміз біз Мұхаңнан.

– Ес білгендегі өз аузынан естігенім, əкей патшаның 1916 жылғы июнь жарлығында қара жұмысқа ілігіп, батыстағы соғыста окоп қазыпты. Одан қайтып келгеннен кейін 1918 жылы осы Бурабай поселкесінің іргесіндегі шетелдіктердің консерві зауытында еңбек етіпті. Он-он бір жастағы кезім ғой… Түр-тұрпаты əлі күнге көз алдымда. Ол кісі бойы екі метрге жуық еңселі адам еді. Қаршыға қабақты, сұлу мұртты жан болатын. Степняк, Бурабай өңірінде одан күші асты дегенді естіген де, көрген де жоқпын. Мына іргедегі Күркіреуік өзенінің үстіндегі су диірменге екі қап бидайды екі қолтығына қысып апара беретін. Ұмытпасам су диірменінің иесі Кочегуров деген орыс болуы керек. Қазір республикалық Бурабай шипажайы қоныс теуіп тұр ғой сол орында. Нелер шу асауды əкей бұғалық, құрық салып əуре болмай-ақ қос құлағынан басып тұрып үйрете беретін.

– Анаңыз кім еді?

– Шешем Гүлжəмила сонау Абылай заманында Көкшеге келіп қоныс теуіп қалған қырғыздардың ұрпағы Сатай деген кісінің қызы-тын. Осы өңірге алғаш медресе-мектеп ашқан, сəулетті мешіт үйін салдырған атақты Қосдəулет деген бай болған. Шешеміз қыз кезінде міне, сол кісінің ұлы Омар қажыға атастырылып қойылған екен. Бай баласы ертең-бүрсігіні той жасап алайын деп отырған жерінен əкей тартып əкеткен ғой анамызды.

– Апырмай, ə, – дейміз біз. – Өзі бай, өзі бір болыс елді аузына қаратып отырған Қосдəулеттің келінін тапа талтүсте тартып əкеткен əкеңіз де осал болмаған-ау, сірə.

– Солайы солай-ау. Бірақ, тақуа, діндар Қосдəулет бас жарар дау-дамайға бармаса керек. Ол өз заманының ақылды адамы болған деседі көнекөздер, – дейді Мұхаң.

Əңгіме иесінің айтуына қарағанда, Теміртас пен Гүлжəмиладан Шаймерден, Шəріп, Мұхаметжан, Мұханбетқали деген ұл балалар мен Жамал есімді қыз өмірге келген. Олардың алғашқы екеуі Ұлы Отан соғысында опат болыпты да Мұхаметжан, Мұханбетқали жəне Жамалдың тағдырлары соқтықпалы-соқпақты тірлікке тап келіп, көрешектерін көріп жүріп ғұмыр кешкен. Тоқ етерін айтқанда, тұрмыстары шеке шылқытпаған.

Оған себеп болған революция, азамат соғысы, кəмпеске деген заманы қалай болса, қалпағы солай киілген кезең еді. Ал оған келіп кейін жұт, ашаршылық, қызыл террор секілді нəубеттің қоса киліккені бар. Міне, осындай кезде мұндағы елдің мамыражай тірлігінің тас-талқаны шықты. Шетелдіктер салған консерві зауытынан өз нəпақасын тауып жеп жүрген жарлы-жақыбайлар: “Батыс алпауыттарына қызмет еткендер жаңа елдің жаулары!” – деген ұр да жық ұраннан кейін жан-жаққа бас сауғалап безіп кетті. Шолақ белсенділердің шошаңдаған қамшысы бұйығы жұртты басыр етіп тастады. Осындай бей-берекет тіршілікті көрген, одан запы болған Теміртас та отбасын ертіп Сібірге бет алды. Түменге (Тюмень) жете берер жердегі қашқан-пысқан қазақтардың басын құраған “Бірлік” колхозына табан тіреді.

Əрең дегенде ес жиып, етек жапқан кезі еді. Отағасының мойнына “халық жауы” деген пəле ілінді. Ақыры Біржан салдың ұлы Теміртастың опат болғандығы жөнінде елге 1943 жылы ғана хабар жетті. Екі ұлы Шəріп пен Шаймерденнен соғыста, ал сүйікті жарынан жоғарыдағыдай зобалаңда айырылған қамкөңіл Гүлжəмила ана да көп ұзамады. Жылай-жылай ол да өмірден озды.

Міне, сондай уақытта, сондай заманда атамекеннен қашық жерде жүрген Мұханбетқалидың мойнына тауқыметті тұрмыстың сірне-сірне қамыты мықтап-ақ киілген еді.

– Он төрт жасымнан бастап тракторға отырдым. Күзде комбайнның штурвалынан түспедім. Техника тілін білгенім аштан өлтіріп, көштен қалдырған жоқ. Ақыры автокөлікті де тізгіндедім. Сөйтіп, 1955 жылы Түмен жағынан елге кəдімгідей есейіп оралдым. 1957 жылдан Бурабайда тұрып келе жатырмын. Зейнеткерлікке шыққанға дейінгі он бес жылымда Мəскеуге бағынышты “Физика земли” ғылыми-зерттеу институтының осы арадағы филиалында автокөлік жүргізушісі болдым, – дейді Мұханбетқали ақсақал.

Иə, тұрмыс талқысы тектіден қалған жалғыз тұяқты теріс теппесе, бауырына басып, өбектей қоймапты. Оған оның жоғарыдағы сөздері дəлел.

– Біржан салдың əніндегі өлең жолдарына қосылған сіздің əкеңіз Теміртастан басқа оның Асыл, Ақық деген қыздары да болған ғой. Олардан ұрпақ бар ма? – дедік біз осы арада Мұхаңды қайта əңгімеге тартып.

– Ақық пен Асыл – əкемнің апалары. Олардың қыздарының қыздары Степногорск қаласында тұрады. Бертінде табыстық, – деп қысқа жауап қайырды бұл сауалымызға қария. Сөйтті де: – Осы арада басын ашып айта кететін бір мəселе бар, – деді жөткірініп қойып. – Біржан бабамыздың Теміртас, Асыл, Ақықтан басқа Қалкен деген ұлы, Мəра деген қызы болған. “Үш жүздің ортасында Біржан едім, Бұл күнде қойды құдай шалықтатып”, – деп жатқан ауыр науқас кезінде туған бұл балалар атамыздың қоштасу өлеңіне енбей қалған ғой. Сол Қалкен 1924-1936 жылдары Степняктағы алтын шахтасында еңбек етті. Көкше өңірінде Ленин орденін алған алғашқы еңбеккер де осы Қалкен еді. Рахила деген əйелі болды. Бəдендінің сұлуы еді. Амал не, олардан ұрпақ жоқ. Білетінім осы.

Біржан Қожағұлұлының зираты. Ақмола облысы, Степняк ауылы

– Енді атаңыз Біржанның зираты жөнінде бір сауал. Ол жер сізге бала кезден белгілі ме еді жоқ əлде кейін біреу əдейі апарып көрсетті ме? Оны қай уақыттан бері білесіз?

– 30-шы жылдардағы нəубетте біздің үй Сібірге қарай көшті ғой. Ол кезде кішкентай баламын. Сондықтан бұл мəселеден онша хабарым болған жоқ. Ресейдің Түмен облысынан елге 1955 жылы ғана оралудың сəті түсті. Міне, сол кезде Шарғия деген апам мені Степняктан бір-екі шақырым жердегі зиратқа əдейі əкеліп: “Атаң Біржан салдың сүйегі осы жерде жатыр. Келіп құран оқытып тұр”, – деп əнші қабірін алғаш рет көрсетті. Ал, Шарғия кім дейсіз ғой. Бабамыз Қожағұл əулетінен Ержан, Нұржан, Біржан тараса, Шарғия апамыз солардың ішіндегі Нұржанның Сыздығының қызы.

– Сіз алғаш көргенде зират қандай күйде еді? Ал, кейін ше?

– 1955 жылы қабірдің төңірегінде шикі кірпіштен қаланған қоршау бар-тын. Ертеректе орнатылған құлпытас болуы керек, құлаған күйі жерге сіңе мүжіліп қапты. 1964 жылы бабамыздың туғанына 130 жыл толуы қарсаңында жергілікті үкімет зиратқа қызыл кірпіштен төрт құлақты қабырға-қоршау тұрғызды. 1974 жылы бюст қойды. 1994 жылы Көкшетау облысының əкімі Қызыр Жұмабаев ұлы сазгер-əншінің 150 жылдық мерейтойына орай, оның сүйегі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитектуралық ансамблі бар алаңға айналдырып, бабамызға əдемі ескерткіш орнатты. Оған бүкіл ел риза болды.

– Республика жұртшылығы 1966 жылы Біржан салдың бейнесімен тұңғыш рет қауышты. Ол портретті салған қазақтың ең алғашқы кəсіби суретшісі Əбілхан Қастеев болатын. Айтыңызшы, аталмыш туындыны өмірге əкелерде Əбекең Көкше өңірінде болды ма? Егер болса онда суретші Біржанның тікелей ұрпағы болып табылатын өзіңізбен кездесіп, əңгімелесуі керек еді ғой. Қылқалам иесі атаңыздың портретін неге, нендей деректерге сүйеніп салды деп ойлайсыз?

– Менің білетінім мынау. Алматыдағы Ғылым академиясында біздің осы Бурабай кентінің тумасы Қарта Қаңтарбаев деген ғылыми қызметкер болған. Міне, сол кісі Əбілхан Қастеевке Біржан атамыздың жоғарыда Ленин орденін алған деп өзіміз айтып кеткен Қалкен деген баласының суретін апарып берген. Неге дейсіз ғой. Көнекөздердің айтуынша, Қалкен Біржан атамыздан аумайды екен. “Тірі Біржан!” – деуші еді дейді қарттар онымен ұшырасып қалғанда. Суретші Əбілхан Қастеев атақты əншінің портретін міне, соған қарап салған дейді. Ол кездері, яғни 60-шы жылдары жоғарыдағыдай шаруамен маған келіп ешкім жолыққан жоқ. Жолыққан күннің өзіңде ештеңе айта алмас едім. Өйткені мен атамды көрген жоқпын ғой. Қариялардан да естігенім шамалы. Шет жақта жүрдік емес пе?

Мұханбетқали ақсақал осы сөздерді айтты да əкесі Теміртастың суретін көрсетті. Бұл бізге Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұлдары” кітабынан таныс фото болатын. Автор өз шығармасында осы рəсімді өзіне əкеп табыс еткен Ғылым академиясының қызметкері Қарта Қаңтарбаевқа ризашылық сезімін білдіруді ұмытпаған. Бұл сол Қарта, суретші Əбілхан Қастеевке Қалкеннің суретін апарып беретін Қарта ғой.

– Осы уақытқа дейін: “Біржан салдың ұрпағы еді”, – деп өзіңізді іздеп келген біреулер болды ма? Болса олар кімдер деп айтар едіңіз?

– Болды. Ол – Илья Жақанов. 1982 жылы атамның 150 жылдық тойының қарсаңында мені іздеп тауып, Көкшетау қаласындағы мəдениет сарайында сондағы елмен кездесу өткізді. Əн салдырды. Алматыға ертіп апарып, Қазақ телевизиясының хабарына қатыстырды. Қазіргі қолыма ұстап отырған мына домбыра содан қалған белгі дер едім. Мұны Илья маған сол 1982 жылы сыйлаған болатын.

– Атаңыз Біржан салдың қанша əнін білесіз жəне олардың нешеуін орындай аласыз?

– Мен өзім əннің соңынан түспеген, оны көп кəсіп қылмаған адаммын, қарақтарым. Басқа мамандықтың иесімін деп айттым ғой əңгімемнің басында. Ал, бірақ біреулер: “Қане, өнеріңізді көрейік, шырқап жіберіңізші”, – десе атамның бес-алты əнін қадери-халімше орындап бере алатын қауқарым бар. Олар “Жанбота”, “Теміртас” жəне Біржан салдың ақын Сарамен айтысынан алынған үзінділер.

Мұхаң ақсақалмен арадағы болған əңгімелерден бір байқағанымыз, ол кісінің өз əкесі Теміртасты өте жақсы көретіндігі дер едік. Сұхбат барысындағы реті келген жердің бəрінде сол бір ғазиз жанды аузынан тастамай, ыстық ықыласпен, сағынышпен еске алып отырды. Осы сəтте біздің есімізге Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің ертеректе жарияланған бір естелігі түсті. 20-шы жылдардың соңында ұлы жазушы Степняктан Бурабайға арбамен келе жатып, салт атты милиционердің екі қолын артына қайырып байлаған еңгезердей қазақты алдына салып айдап келе жатқанының куəсі болады. Сұрастыра келсе жаяу тұтқын Біржанның ұлы Теміртас болып шығады. Жабылған жала – бір қап ұн болса керек. Сол тұста қаламгер Біржан сал секілді біртуар ұлы əншінің жер бетінде қалған жалғыз тұяғы Теміртастың жалған жаламен айдалып келе жатқандығын, осы сапардан енді оның қайтып оралар-оралмасын білмей күрсінеді. Өйткені заман сондай еді. Осындай-осындай оқиғалардың бəрі кейін жинала келіп, 37-нің ойранында ақыры Теміртасты “халық жауы” етіп шығарғаны анық. Болған іске не шара дейсің де қоясың.

Сөз соңында, Мұханбетқали ақсақалдан ұлы атасының көпке беймəлім бір ауыз сөзі болса да айтсаңыз, оларды ел-жұрт біле жүрсін деген өтінішімізді алға тарттық.

– Атақты Жанбота мен Азынабай болыстардың Біржан салдың өмірінде ерекше мəнге ие болғандығын əркім əртүрлі сөз етеді, – деді əңгіме иесі. – Шын мəнісінде олардың екеуі де елге сыйлы, аузының уəлі, сөзінің уəжі бар тұлғалар болған. Атышулы “Жанбота” əнінен кейін Азынабайдың тентек поштабай үшін кешірім сұрап, Біржан атамыздың алдында иіліп, ат-шапан айып тартқаны мəлім. Əйтсе де ұлы əншінің нəзік сезімін күйік шалып, көңілі көпке дейін жарым болып жүрген. Бірде Жанбота мен Азынабай бас қосып отырғанда екеуі атамызға əн айт деп қолқа салса керек. Сонда ол кісі:

Бұрынғының жақсысы тəмам болды,

Ендігінің жақсысы жаман болды.

Арғымақ аяғына арқан шалып,

Тұлпардан есек озған заман болды.

Бұрынғының биіндей би қалмады,

Ендігінің биінде ми қалмады.

Хатым-құран оқыған молдалардан

Өлікке одан басқа сый қалмады, – депті.

Осынау қос шумақтан Біржан атамыздың бірбеткейлігі, беделдері бел қайыстырған қос болыстан қаймықпаған ақиқатшыл алмас мінезі байқалады. Əнші жоғарыдағы шумақтар арқылы екеуің де бұрынғының “жақсысы да, биі де емессіңдер” деп тұрған жоқ па.

...Əңгіме аяқталды. Қайтарымызда Мұхаңнан отбасы туралы, өзінің қалай тіршілік кешіп жатқаны жөнінде сұрадық. Бұл кісіден қазір Серік, Шəріп, Орал, Марал деген төрт бала бар екен. Олар жұмысшы, жүргізуші сияқты түрлі кəсіптің жетегінде жүрген жандар болып шықты. Солардың ішіндегі Шəріп Теміртасов деген ұлының өнерге икемі бар секілді. Ол аудандық “Көкше əуендері” ансамблінде өнер көрсетеді дейді. Мұханбетқали ақсақалдың өзі аурушаң кемпірін бағып, болмашы зейнетақымен күн көріп жатқан жайы бар. Тұрмысы онша емес. Қоңторғай тіршілікпен ғұмыр кешуде. Оны көргенде жергілікті əкімшілік орында-ры қарияға көз қырын салып, көмектесіп тұрса ғой деп ойлайсың. Иə, асылдың сынығы, тектінің тұяғы осы бір момын да біртоға қарияға көмек керек-ақ.

2003 жыл.

Авторлық анықтама. Мұханбетқали Теміртасұлы Біржансалов 2010 жылы өмірден озып, бақилыққа аттанды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар