Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Жанай Амантурлин. Жетімнің көз жасы (әңгіме)...

18.06.2025 1089

Жанай Амантурлин. Жетімнің көз жасы (әңгіме) 14+

Жанай Амантурлин. Жетімнің көз жасы (әңгіме) - adebiportal.kz

Күн шайдай ашық. Аспаннан емге бұлт таба алмайсың. Тамып тұр. Күн өтпесін деп орамалын жаба тартқан Қилыбайдың қатыны бүгін орталықтағы базардан әдеттегіден  көңілдірек қайтты. Өздерінің аудан орталығына таяу көрші ауыл жақтан көшіп келгендеріне де көп бола қойған жоқ, 4-5 жылдың ғана жүзі өткен. Сонда жүріп, кеңестік шаруашылықтың біраз жұмысына құлша жегіліп, соңы қой бағумен аяқтаған. Жүріс-тұрыс, сөз ләміне қарағанда біраз қулық-сұмдығын да көрген болу керек. 

Келе сала: 

– Ай, келін, мен бүгін бір жаңалық естіп келдім. Базар дегенің сауданың ғана емес, қайнаған хабардың да ортасы ғой, шіркін. Гу-гу, зу-зу әңгіме. Қазір айтамын, – деп жуынатын бөлмеге кіріп кетті.

Ғұмыры бір жастықта қартайып келе жатқандықтан Қилыбайға оның сыры бес саусақтай белгілі еді. Тағы бір пәлеге ұрынбасақ жарар деді ішінен. Мына әңгімесі айтпай-ақ шикілеу көрінгендіктен көңілі күпті. Сәлден соң Қадиша да дастархан басына келіп жайғасты. Бұл – бестің шайы болатын. Алайда ауылдағыдай малдасты құрып жіберіп, самаурынды маздатып, шоқ аяқтың шоғын әлсін-әлсін қоздырып, күрең шайды тартатынның заманы өткен. Екі бұзаулы сиыр, бір баспаққа сатып алған екі қабатты ескі үйдегі екі бөлмелі пәтер. Не болса да, ел ішінде болсақ, ел қатарлы ебін тауып кетерміз деген. Сонымен қуықтай ас бөлмедегі шайдың әңгімесін Қадишаның өзі бастады.

– Жаңағы бір естіген жаңалығымды айтайын. Қазір мемлекет аз қамтылған отбасыларға үй беруді қолға алыпты. Соның ішінде жетім, жартылай жетім отбасылар бар екен...

– Оны несін айтып отырсың, бізге қатысы жоқ қой, – деп Қилыбай сөзді бөлгені сол-ақ еді қатыны лезде ашуланып:

– Әй, жағаласпай отыршы осы. Аяғына дейін тыңдамайсың ба? – деп  дауыс көтере сөйлегенде көмекейінен базар «дәмінің» исі ілесе шықты. – Айтайын дегенім, кейбір қулар отбасынан уақытша ажырасып, үй алады екен. Өткенде отыз үйдің кілтін тапсырғанда арасында осындайлар болған дейді. Келер жылы тағы салынбақшы екен, – деп кеседегі шайын жұтып жіберіп, келінінің алдына қайта қойды. 

Қилыбай:

– Қайдағы-жайдағыны айтпа, қатын. Ол болмайтын нәрсе, – деп еді әлгі долы одан бетер көгеріп, енді тіпті дөрекі кетті. «Келін отыр, ұят болар-ау» деген ойдан мүлдем ада.

– Сен өзі не ойлайсың? Бізге енді кім үй салып береді? Мына балалармен қашанғы тұрамыз. Мәңгі ажырасып кетер деп пе едің?! Заң жүзінде уақытша ажыраса тұрсын, – деп бұрқылдап-бұрқылдап барып бір тоқтады. 

– Апам дұрыс айтады ғой, ата! Оны несіне қызғанып отырсыз. Баспана алып қалсақ болмай ма? Біз де ақымақ емеспіз ғой, түбегейлі айырылып кететін. Сіздерге бәрібір. Мына балалармен қалай отырамыз? – деп келіні Сандуғаш та енесін жақтай саңқ етіп, әлгі отты одан әрі қоздыра май құйып жіберді.

– Әне, көрдің бе? – деді жұлып алғандай Қадиша.

 Сонымен бестің шайының сәні болмады. Қилыбай дым деместен орнынан тұрып кетті. Ендігі әңгіме енесі мен келіннің арасында өрбіді. Қайткенде де баспанаға қол жеткізудің қамы. Не болса, соған дайындық. 

Бұл мезгілде Қилыбай сыртқа шығып, жақын маңдағы қазақы үйде тұратын көршісі Бәтимамен әңгіме-дүкен құрып тұрған. Осы маңдағының бәрі сыйлайтын Бәтима қазақ әдебиеті мен қазақ тілінен көп жыл сабақ берген ардақты мұғалім болатын. Оның немересі Сұңғыла: 

– Ассалаумағалейкум, ата! – деп сонадайдан шауып келіп амандасып жатыр. 

– Мына немерем Махамбет оқуларынан бас жүлде алды. Жарығым, менің жолымды қуып мұғалім боламын дейді. Оңай дей ме екен? Өздерің амансыңдар ма? – деп әңгімені одан әрі жалғастырды. 

Кешкі салқынмен көршілердің бәрі бала-шағаларын ертіп, серуендейтін әдеті. Қадиша да орамалын баса тартып, бұлардың жанына келіп жайғасты. Осы тұста Сандуғаш та балаларын алып шыққан еді. Көршісі жылыжүзді, аққұбаша келген жазық маңдай, құралай көз, ұзын шашын түйген бойшаң Ақжарқын жылышырай амандасып:

– Өй-й, томпағым-ай! Бойың өсіп қалыпты ғой, – деп Сандуғаштың үшінші баласы Ахметтің бетінен аялай шымшып-шымшып алды да: 

– Барыңдар, балалар. Ан-а-а-у, жерге ойнаңдар. Тентек болмаңдар, – деп жанындағы Құралайды да солардың қатарына қосып жіберді. 

– Иә, Сандуғаш, не жаңалық? Бір түрлі көңілсіздеусің ғой, – деп сыр тарта сөйлеп еді Сандуғаш та жұлып алғандай:

– Қой, тыныш құрсын. Баяғы үйдің жыры ғой. Балалар өсіп келе жатыр. Білмеймін, мына шалдың не ойлайтынын. Ербұланның жұмыстан қолы босамайды. Табысы да мардымсыз.

– Қой, олай деме, Сандуғаш! Шүкір, десейші. Үлкен кісілерің бар, бақыттысың ғой. Құдай бұйырса, оған да жететін күн туар. Ең бастысы, балаларың аман болсын. Өйтіп босқа күйініп қайтесің, – деді. 

Шынында да Сандуғаш ыңғайсызданып қалған болатын. Бірақ онысын білдіргісі келмей әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. 

Анығында Сандуғаштың тұрмысы жайлы адам. Ата-енесі, жары, балалары бар. Қайғы жұтып, бас қатыратындай емес. Керісінше Ақжарқынның қабырғасына бататын тұрмыс түйткілі көп. Отағасы бір жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Төркіндеп барып төрінде отыратын, маңдайынан сипайтын ата-анасы да жарық дүниенің есігін жапқалы біраз жыл өтті. Бауырлары болғанмен, қазаны басқаның қайғысы басқа дейтін. Сонда да еңсесі тік. Балаларына шаң тигізбей, ел қатарлы тәрбиелеп отыр.

– Айтпақшы, Сандуғаш, – деді Ақжарқын балаларға қарай қозғалып бара жатқан күйі. 

– Біздерде бір жақсы жаңалық болатын сияқты келесі жылы. Саған ең бастысын айтпаппын ғой манадан бері. Бүгін әкімшіліктен хабарласты. Аты есімде жоқ. Бұйырса, көп қабатты үйлер салынады екен. Соған құжаттарыңды жинақтап тапсыр деп жатыр. Баспанамен қамту санатына жатады екенбіз, – деді қуанышын жасыра алмай.

– Мә-ә, не дейт, – деп Сандуғаш қызғаныштан қолқасы күйіп, айтарға сөз таба алмай қақалды да қалды.

– Иә, сендерге де бұйырсын. Ай, Атагелді, Амангелді! Алтынай қайда? Кіріңдер үйге, – деп әрі қарай балаларымен бола берді Ақжарқын. 

Іңір таяғанда жұрттың бәрі тарап, үйлеріне кетті. 

Түнімен Сандуғаш дөңбекшіп ұйықтай алар емес. Әлгі қызыл иттің күшігі ішіне кіріп алып, жанын жеп бара жатыр. Оның үстіне енесінің әңгімесі санасында өршіп, тыныштық берер емес. 

– Жо-о-қ, мен ол пәтерді алуға жұмыстануым керек. Ұяты несі. Миллиардтап тонап жатқандарды жұрт айта алмайды ғой, – деп күңкілдейді өзінен-өзі. Қайткенде де таңның атуын күтті. Содан соң енесінің қолымен от көсеуге кірісу жоспарын қолға алу керек.                       

   Ауылдың қым-қуыт шаруасына әуелден ерте тұрып үйренген еңсегей бойлы, терең ойлы, ашық қабақ, кең иықты Қилыбай таңсәріде сыртқа шығып, кешегі қаңқу әңгімеге іштей күйініп біраз жүрді.  Әлгі ақылсыз қатынның басқа шығуының себебі де бар. Бұл – атадан жалғыз. Өткен ғасырдың колхоздастыру кезінде әкесі Тоқтағазы осы өңірге келіп тоқтап, мұғалімдік қызмет атқарған. Біраз ауыл балаларының сауатын ашып, хат танытқан. Кейін соғыс оты тұтанғанда әскери комиссариатқа шақырылып, майданға аттанады. Қилыбайдың есінде қалғаны марқұм шешесі Ымсындық екеуі Жайық өзеніне дейін ілесіп келіп, пароходқа мінгізіп салғаны. Сондағы әкесінің:

– Балам, біз жауды талқандап келгенше шешеңе қамқор бол! Еңбек ет, дұрыс жүр! Мына шаңырақ енді еркеккіндік саған аманат! Түсіндің бе? – деп маңдайынан иіскеп қоштасқаны есінде. Содан бері әкесінен екі-үш рет үшбу хат келгені болмаса, із-түзсіз кеткен. Маңдайындағы иіс қана мәңгілік сағыныштың мөріндей, әкесі есіне түссе, әлі күнге балаша көзіне жас алады. Соғыс жағдайына көшкен тылдағы егінші шешесіне қолқанат бола жүріп, ер жетті. Таңнан тұра бір топ бала тұқымға жаудай тиетін қарға үркітудің хас шебері болып алды. Барып кел, алып келдің бәрі осы балалардың мойнында. Шешесі де жалғызым деп жанынан тастамай көженің сұйығын өзі ішіп, қоюын Қилыбайына беретін. Сөйтіп жүріп, ауылдағы ескі мектептен жадын жаңартты. Әкесінің аманатын жүрегіне түйіп өсіп, жаман жәутік атанғысы келмеді. Есейген соң азаматтық борышын өтеуге әскерге кетті. Сол мезгілдің әр күні Ымсындыққа қымбатқа соғып, жалғызын күткендегі ана жүрегінің сағынышын айтып жеткізу қандай қиын еді. Әйтеуір, анасының көз жасына елге аман-есен оралды. Содан бері өмір жолында осы Қадишаға жолығып, ақ отаудың отын маздатты. Ымсындық анасы да алғашқы немересін бесікке салғаннан кейін ауыр науқастан жалған дүниемен қоштасты. Жарықтық: «Тоқтағазымнан бір хабар келіп қалар ма?» деп жаутаңдап, күн батысқа қарайлаумен көз майын тауысты. Үміт еткен көзінің нұры Қилыбайымның маңдайына шаң тимесе екен деумен жүріп, жалғызын қимай-қимай өтті. Қилыбай да перзенттік борышын адал орындап, анасын арулап жер қойнына тапсырды. Алайда міншіл қайын жұрты ғана мұның ешкімі жоқ дегендей міндетсіне қарайтын. Төркініне әбден сеніп алған әлгі қатынның ықылық атуы да содан еді. Дегенмен Қилыбайдың құдайы әрдайым жүрегінде тұратын.         

Аспан мөп-мөлдір. Саф ауа. Сүтқайнатым уақыттан соң көкжиектен құланиектеніп жаңа күн туып келе жатты. 

– Ата, шайға, – деді келіні терезеден айғайлап. Әдетте сәскеге дейін ұйықтайтын келіннің бұл әдеті атасына тосындау көрінді. Өйткені таңертеңгілік шайды күнделікті кемпірі екеуі отырып асықпай ішетін.   

– Күн бүгін тағы ысиын деп тұр. Кеше қызарып батуы содан еді-ау, – дегені сол еді: 

– Қай малым суға қанбай қалар деп отырсың. Қаланың адамының шаруасы түгел емес пе? – деп Қадиша әңгімені шорт кесті. 

– Бізге де қиын ғой, апа! Үй жанып кетеді. Оның үстіне ас пісіреміз. Айтпақшы апа, кешегі әңгімеңіздің жаны бар екен. Мына көршіміз Ақжарқынның айтуынша, аз қамтылған отбасыларға үй береді. Сіздің әлгі ойыңыз дұрыс сияқты. Кімді кім аяғандай қазір? – деп Сандуғаш шытынап шыға келіп еді, енесі оны қоштай кетті.

Осындай бір пәленің барын Қилыбай келінінің ерте тұрғанын-ақ байқаған болатын. Шай емес, у ішкендей түйіліп қала жаздады. Әйтеуір, енесі мен келіні бір жақ. 

Қадиша күн қызған мезгілде базарына қарай кетті. Бұл базардың бір бұрышында шалдардың жиналып алып карт ойнайтыны бар. Оны-мұны, шаруа кілтінің бағыты осы жердегі кеңесте де айтылады. Қадишаның ерлермен де әңгіме-дүкен құруға еті үйренген. Сондықтан күндегіден асығыстау қимылдап, мәселесінің шет жағын айтып еді, зейнеткерлікке жаңадан шыққан бір замандасы оны бірден ЖКХ-ға қарай сілтеді. Оны оңашалап алып сөзге тартты. 

– Сен бұл шаруаны Қилыбайға айт, тездетсін. Сонда бір жүзіқара бар. Соның тілін  тапсын. Бітті шаруа. 

– Ой-й, оны қой. Өзім-ақ реттейін. Енді маған жолдарын айтсайшы. Не істеуім керек?

– Айтып тұрмын ғой «тілін табу керек» деп. Турасын айтқанда бір малыңды байлайсың.

  Бұл қатыннан қулық арылған ба? Әлгі шаруашешер туралы толығырақ мәлімет алып еді, өзімен рулас екен. Сөйтіп көп тұрмастан жылдам қимылдап ЖКХ-дан бір-ақ шықты. Бұл келгенде әлгі жүзіқара да бөлмесінен шыққалы жатыр еді. Аман-саулық сұрасып, інісі екенін жадына қыстырып үлгерді. Талайдың тілін тауып, құман ұстатып кетіп жүрген Қадишаға ЖКХ-ның басшысы не болыпты? Іші-бауырына кіріп кете жаздап, шаруасының жайын жорғалатып жіберді. 

– Жақсы, апа! Мынау біздің бас маманымыз. Сол кісі сізге барлық жайды түсіндіреді. Қалғанын кейін сөйлесерміз, – деп шығып кетті. 

Ал Қадиша болса, жаңағы мамандарды айналып-толғанып, қулықтың кілтін тапқандай болды. Мән-жайға толық қанығып алған соң көшеге қайта шықты. Енді келін ісін орайласа, Жүзіқараның: «Кейін сөйлесерміз» дегеніне қарағанда сынатын түрі барын байқады. Оның жолын қалай таппақ? Балалардың нағашысы. Нағашылап барса... Бірақ, балалар әке жағына қарай тартқан. Ондай іске бара қоюы екіталай. Айтпақшы, Ербұланның да жұмыстан келетін уақыты болып қалды. Кенет Қадиша есін жинап алғандай болды. Өйткені ол әкесіндей мұңды емес. Есесіне мінезді болатын. Тіпті ашуы келсе, өз нағашыларын да сөйлетпей тұқыртып қоятын. Мынаны естісе қайтпекпіз? Есіріп жүргені енді-енді есіне түскендей орталық бақтағы орындыққа отырып, біраз тынықты. Жаман ойлап жүрген ештеңем жоқ. «Заманың түлкі болса, тазы болып шалдың» кері ғой, деп өзін-өзі арашалай сөйледі де, бір шешімі болар деумен қайта қозғалды.   

Түскі асқа Қилыбай қан қысымы көтеріліп, мазасы болмағандықтан келмеді. Уайымнан, әрине. Оның үстіне әнеугүні көрген түсі есіне түссе, жанын қоярға жер таппайды. Айнала тас түнек. Бір немересінің аталап шыңғырған дауысы шығады. Оны таба алар емес. Әрі-бері жүгіріп еді, жоғарыдан сәуле түседі. Бірақ, оның қайдан екені тағы түсініксіз. Жатқан бір шырғалаң. Сөйтіп жатып шошып оянған. Содан бері сең соққан балықтай селсоқ. Жүрекке күш болып, ақыры күйзеліске ұшыратқан. Түскі асты енесі мен келіні асықпай ішті. Келіннің атасының ауруымен шаруасы да болмады. Бар ойы баспана алуға ауып, соны асықпай отырып талқылаған. 

– Ертең Ербұланның жұмыстан келетін уақыты. Дұрыстап тамақ асып қоярсың. Содан соң асықпай тездетіп мән-жайды түсіндірерсің. Мен кілтін қалай табу керек екенін ойластырып қойдым, – деп енесі немересін жетектеп бөлмесіне кетті. 

  Күн өткен соң Ербұлан да жұмыстан келіп, үй-іші мәре-сәре болып қалды. Әсіресе балаларының әрқайсысына арнап, ойыншық, киім-кешекке дейін ала келіпті. Кішкентай Ахмет әкесінің арқасына шығып алып, түсер емес. Содан соң Ербұлан алдымен амандасып шыққан әке-шешесінің бөлмесіне қайта кірді. 

– Иә, жұмысың қалай? Сол баяғы тұрба тазалау ма? – деді шешесі баласына өзі қатырып жүргендей сұраулы көзбен қарап. 

– Жаман емес. Тағы бір аптаға қаласың ба деген. Қой, бала-шағама барып келемін дедім. Бапа, қалайсыз, жақсысыз ба? – деп әкесіне қарай бұрылды. 

– Жақсымын, балам! Қан қысымым көтеріліп, аздап басым айналатынды шығарды. Күн де ысып кетті ғой. Өзің жақсысың ба? Жұмысың денсаулығыңа зиян емес пе? Күкірт бар көрінеді ғой. 

– Ондай ауыр емес. Реті келсе, жайлап басқа жұмысқа ауысу жағын қараймын ғой, – деді Ербұлан.

Ол әкесін өте қатты жақсы көретін. Сондықтан оған оның көңіл-күйі ұнай қойған жоқ. Ауру емес, жүзінде бір гәп бар тәрізді көрінді. Жанарын жас қыса жаздаған соң онысын байқатпай Ахметін арқалап, сыртқа шығып кетті. Зауал ауса да қарғаның миын қайнатар шіліңгір шілденің ыстығы қайтар емес. Бірақ бұл аралықта тұздың пісетін мезгілі болғандықтан, жұрт буын ауруына ем іздеп, тұзбұлаққа барып, балшығына түседі. Біреу біліп түседі, ал, қызықтауға келгендер «шошқаша» аунап жатады.

Кешкі асқа түгел отырып, отбасы бір берекелі болып қалды. Әкесін сағынған балалар да мәз. Қилыбай атасы асық жіліктің асығын тазалап болып:

– Ахметжан, мінекей! Әл-и-и, хоп, – деп шертіп жіберіп еді, асығы домалап барып алшысынан түсті.

– Осы менің Ахметімнен бірдеңе шығады-ау. Жолын қарашы әне, – деді Қилыбай баласы келгелі үй-іші толып, көңілі марқайған күйі. 

Қилыбай тағы да бүгін ұйықтай алмады. Ол әлгі келін түнімен баласының миын жеп, үй-іші ойран болып кете ме деп қорықты. Бар болғаны балапандай бауырына тығылып жатқан немерелерін иіскелеп, әлсін-әлсін қарап қояды. Түніменен кірпігі айқаспай ақыры таңды атырды. Айтқандай, Ербұлан ерте тұрып кетті. Кеше ғана жұмыстан келді. Шаршағанын басып, отбасының жанында біраз тынығу керек еді. Олай болмады. Іле-шала келін де сарт-сұрт шай қойып жатты. Қилыбай төсегінен көтеріліп, баласының соңынан шықты. 

– Ау, бапа! Ерте тұрып кеткеніңіз не? Дем алмадыңыз ба?

– Таңғы ауаға жететін не бар, балам? Өзің неге ұйықтамадың, шаршап келдің ғой.

– Ой, бапа, ауылдың ауасын сағындым. Сосын ерте тұрып кеттім. Ол жақта мынадай қайдан болсын, – деп іштегі шерді білдірмей теріс айналды. 

Сәскеге қарай Ербұлан көше жаққа шықты. Достарына барып, бір сергіп қайтпақшы. Түскі, кешкі тамаққа да келмеді. Түннің бір уағында ғана удай мас күйі келді. Келе Сандуғашқа килікті. 

– Менде не өшің бар ала алмай жүрген? Бар айыбым мына тап-тар үйде балаларыңды бағып-қағып отырғаным ба? – деп міндетсіді. 

– Ей-й, сен..., – деп ашу қысқан Ербұлан шапалағының Сандуғаштың жағына қалай барып қалғанын өзі де байқамай қалды. Әкесі араша түскен соң ғана есін жиып, төсегіне сұлық құлады. 

Осылайша жау жоқ жерден үй ішінде жанжал туды. Мұның бәрі отағасының жанына қатты батты. Алайда Сандуғашқа керегі де осы еді. Ертесіне Ербұлан қойдан жуас қалпы төсегінен көтерілді. Мастықпен ашу қысып, не айтып қойғанын білмей, іштей өзін жеп отыр. Есесіне ас бөлмедегі ыдыс-аяқтың сылдыры қатты. Келін күш алған. «Полицияға арыз жазамын. Кетем де кетеммен» үйді басына көтеріп әкетті. Оның үстіне жаңадан шыққан қатал заң – әйелдердің жағында. Түртсе болды, еріңнің қолын қайырып, абақтыға қамайды. Сондықтан Ербұлан әріге бармай басу айтып еді, одан сайын өршелене түсті. Ақыры Ербұлан қақпанға түскен торғайдай Ахметін бауырына қысқан күйі еңсесі түсіп отыр еді, Ахмад пен Венера да көздері жәутеңдеп, әкесін пана тұтті. Сол сәттегі «балаларымнан айырылып қаламын ба?» деген ой Ербұланды не болса, соған көндірді. Тіпті, тезірек жұмысқа асықты. Міне, осы жағдайды енесі мен келіні өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып үлгерді. Енесі келінін жақтай сөйлеп, жоспарының жай-жапсарын айтып, әлгі ЖКХ-дағы шаруа шешу үшін ғана керек нағашысына жұмсады. Өзін-өзі кінәлап күйіп отырған Ербұлан сол кездегі отбасы татулығын ғана ойлап, әкесімен ақылдаспастан әлгі жүзіқараны жоқ жерден нағашылап, алым-беріммен келістіріп үлгерді. Темір тасып, кезек сатып үйренген жемқор құлқынның қамын қайдан жіберсін. Жүзі жайнап кетті. Ашу үстінде жасалған қадамның соңы не боларын Ербұланға ойлатпады да. 

Бұл кезде Сандуғаш танысы арқылы қорғаушыдан кеңес алып, іс барысын ойластырып, сотқа арыз беріп үлгерген еді. Яғни алымның алғашқы сыбағасынан ауыз тиген қорғаушы судьяның тілін тауып, қайткенде де тезірек шешім шығарудың қамын жасап қойған. Алғашқы сот отырысына жұмыста жүрген Ербұлан онлайн қатысып, көп сөйлеуге дәті бармай, келісімге бас изеген. Дегенмен заң тұрғысында іс жүргізу мерзімі жүргізіліп, татуласуға берілген арнайы уақыт та мерзімінен бұрын шапшаң бітті. Оның олай болатын себебі: Ербұланға тағылмаған айып жоқ. Арақ ішеді, әйелін сабайды, балаларға тиіседі, отбасының шырқы бұзылды. Оны прокурор да қолдап, «обалы жоқ» деген. Ақыры судьяның қаулысы шықты. Оның мәтіні о бастан белгілі болатын. Шындықтың маңдайы қасқа келсе де, оны бидің өзі боқпен майлап қойса оған не дейсің?! Сөйтіп, Сандуғаш ажырасқаны жөнінде сот қаулысын қолына алып, ЖКХ-ға барып, үй кезегіне тұрып алды. 

Бірер жылдан соң Республика күні пәтер тапсырылатын сәт туды. Аудандық әкімдікте тұрғын үй бөлу комиссиясының отырысы өтіп, жүзіқараның ықпалымен Сандуғаштың өтініші тізімнен өтті де кетті. 

Бұл кезде Ақжарқын көңілді жүрген болатын. Өйткені көп кешікпей пәтер алмақ ойы бар. Тіпті оған керек-жарағын алып, қоныс тойдың да қамын ойластырып қойған. Алайда сол күнгі пәтер алушылар қатарынан оның аты-жөні жоқ болып шықты. Есесіне пәтер кілтін тапсыру салтанатына көршісі Сандуғаш бара жатты. Оны көріп қалған Ақжарқын:

– Мә-ә, сықиып қайда барасың? – деді. 

Сасқалақтап қалған Сандуғаш: 

– Былтыр мен де пәтерге өтініш беріп едім. Соған шақырып жатырған көрінеді, – деді ыңғайсыздана қарап. 

– Мә, күшті жаңалық қой. Құтты болсын. Қуанбайсың ба қайта? Біртүрлісің ғой өзің, – деп еді, Ақжарқынның жанындағы кішкентай қызы жұлып алғандай: 

– Мама, бізге береді деп едіңіз ғой. Көршіге беріп қойған ба? – деді. 

– Олай деме жаным. Бізге келесі жылы беретін болыпты. Көрші ақалардың отбасы көп қой, жаным. Ата-әже бар. Айтпақшы, ол үй мынадан да жақсы көрінеді, – деп жұбатты қызын. 

Жүрегіне қанжар сұғып алғандай күй кешкен Ақжарқын сөреде тұрған жалғыз ақылшысы Құран кітапты балаларға байқатпай алып, жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Онысы балалар ештеңе сезбесін дегені еді. Шыдай алмай егіліп жылап жіберді. Содан соң өксігін әрең басып, киелі кітапты жүрек тұсына басып, Алладан сабыр тіледі. 

– Ой, Аллай! Адам осыншама неге қас қылады екен? Анадағы пәтер аламын деп айтқан аңғалдығым-ай. Соны көршім өзіме қарсы пайдаланып тұр. Айналамдағылардың бәрін дос көрген өзіме де обал жоқ. Бұйырса, бізге де ақ күн туар. Енді балаларым мұңаймасыншы, – деп ешнәрсе сездірмей қайта шықты. 

Алайда балаларының да қуаныштары су сепкендей басылып, көңілдері түсіп кеткен. Кішісі өкіріп жылап отыр. 

– Балалар, сендер неге ренжисіңдер? Ол үйде үлкен кісілер бар. Бәрі кішкентай үйде қалай тұрады? Ыңғайсыз емес пе? Сондықтан көршіміздің қуанышына бірге қуанайық. Бұйырса, біз де аламыз, – деп еді ортаншы ұлы Амангелді тас-талқан күйі: 

– Олардың әкесі, аталары бар емес пе? Салып алмай ма үйлерін. Ал біздің ешкіміміз жоқ. Мына заттарды қарызға алып, сол үйге апарамыз деп тасыдыңыз ғой. Енді не істейміз? Балалардың бәріне жаңа үй аламыз деп мақтанып айтып едім, өтірікші болып қалдым. Сабаққа қалай барам енді? Оқымаймын, – деп көпшігін құшақтап біраз жылады өксігін баса алмай. 

Осы сәтте бұйырмаған пәтер жайын біліп келе жатқан Атагелді ағасы ғана інісін бауырына басып, жұбатты. Өйткені ол сол пәтер тапсыру салтанатына барып, кімдердің үй алғанын көрген еді. Бірақ, шешесінің көңілін бұзып алам ба деп ештеңе айтпастан іштей күйініп қана келген еді.     

Осылайша бес қабатты үйдің 3-інші қабатынан 3 бөлмелі пәтердің кілтін алған енесі мен келінінің қуанышында шек болмады. Үйді аралап біраз жүрді. Кішкентай Ахмет мамасына әкеме телефон соғып, сүйінші сұрамайсың ба деп еді, онымен Ербұлан желіден тыс жерде болып шықты. Ал ауруханадан кезекті емін алып келіп жатқан Қилыбай бұл хабарға қайырымен болсын енді деп, жай ғана ниет білдірді. «Алақайлап» жүрген балалардың қуанышын көрсең ғой. Соған қарап, қу заманда бұл да бір ақылды айла тәрізді көрінді Қилыбайға. Сонда да Құдайдан медет сұрайды. Көп кешікпей Ербұлан да келді. Қазақы ырымның бәрін жасап, құран оқытты. Ағайын-туысты шақырып, қоныс тойын жасады. Бірақ, бұрынғы көршісі Ақжарқынға келгенде Сандуғаш қипақтап шақыртпады. Өйткені, үй әуелде соларға тиесілі болатын. Шын жетімнің көз жасына бұлар қарамады. 

Сонымен ескі үйді сатып, үйге керек-жарағын алып, қалыпты өмір жалғаса берді. Ербұлан да жүзіқарамен есеп айырысқан соң жөніне кетті. Оны көргісі де жоқ. Жас ұлғайған сайын Қилыбай мешітке барып, мұсылмандық парызын өтеуді әдетке айналдырды. Ербұланның да жұмысы өзгеріп, табысы өсті. Балаларының алды аяқтанды. Айтпақшы,  Сандуғаштың аяғы ауырлап, шекесі торсықтай тағы бір ел қорғар өмірге келген еді. Жаңа қонысқа келген соң есімін «Қонысбай» деп қойды атасы.               

Бір күні Қонысбай сыныпта тентектік жасап, оған мектеп қызметкері қатты ұрысқаны соншалық, «Өй-й-й, некесіз!» деп жіберген. Бір кездері әке-шешесінің ажырасқанын бетіне басқан түрі болса керек. Оның не сөз екенін білмесе де оқушылыр оны «Некесіз» деп келемеждейтінді шығарыпты. Бір күні үйіне жылап келген бала мұны ата-әжесіне айтып еді, Қилыбайдың төбесінен мұздай су құйып жібергендей тер бұрқ ете түсті. 

Мұны естіп үлгерген Сандуғаш:

– Сен, бала, кірші мына жаққа, – деп шапалақпен тартып жіберді. 

– Ол баланы ұратындай не кінәсі бар, айтшы осыны? – деді атасы келініне. 

Әшейінде басынан сөз асырмайтын Сандуғаш долылықтан сөз таба алмай жылап жіберді. 

– Көшедегі көрінгеннің сөзіне бола мені неге кінәлайсыңдар? Мен не жаздым сендерге? Бәріне заман емес пе кінәлі? – деп өксігін баса алмай біраз отырды. Айтарға ақылы қысқа Қадиша да келінін жұбата бастады. 

Уфілеп орнынан көтерілген атасы Қонысбай немересінің басынан сипап тұрып:

– Саған «жетесіз» деген болар. Ол да жақсы сөз емес. Келесіде ондай ойын сөздеріңді үйге айтып келе берме! Ұят болады! – деп бауырына басты. 

Ертесіне ептеп мектеп директорына барды. Көп отырмады. Әңгіменің негізгі бағытын астарлап жеткізіп:

– Өмір дегенің оңай емес қой, шырағым. Ал, мектеп дегенің сол өмірге бағыт беретін ағартушы орын. Әрине, әркімнің алуына қарай. Бірақ, мынау мектептен шығатын сөз бе еді? Абай болсаңдар қайтеді, қарағым! – деп орнынан көтерілді. Директор сол қызарған күйі ештеңе айта алмастан шығарып салып қала берді. Соңғы кездері басқа түгілі мұғалімдердің бала оқытудан гөрі материалдық байлыққа қарай қызығып, киім жарыстырып, сөз қуатыны қоғамда сынға ұшырап қалып жүретін. Мынау енді тіптен кешірімсіз. Сондықтан мектептің басшысы дереу жалпы жиналыс өткізу керек екенін, оның қорытындысы бойынша мұндай оясыздар білім ордасынан қуылу қажеттігін жөн деп шешті. 

Бір күні үйге ынтығып жеткен Қонысбай:

– Әже, ата құлап жатыр, – деді. 

– Көтек, не дейді, байғұс... 

Сөйтсе, Қилыбай дәлізде ес-түссіз жатыр. Дереу жедел жәрдем шақырды. Көршілер көмекке келіп, үйге жайғастырғанмен жүзі бері қарамады. Дәрігерлер емханаға алып кетті. Осы кезде байырғы көршісі Ақжарқын Қилыбай ағасының ауырғанын, оның жансақтау бөлімінде жатқанын естіп, дереу Астанадағы ұлы Атагелдіге хабар салды. Түннің бір уағында Ербұлан да қаладағы ұлы Ахмадтың көлігімен келіп жетті. Жансақтау бөліміне кіруге рұқсат жоқ. Дәрігерлерге телефон шалып көріп еді әлі есін жия қоймапты. Енді үйге келіп, күтуден басқа амал қалмады. Ол үйдегі болған жағдайдан мүлдем бейхабар болатын.   

– Апа, бұл қалай болды? – деді Ербұлан. 

– Тіпті білмеймін. Осы жерде телевизор қарап жатты да, содан сыртқа темекі тартуға шығып кеткен. Сөйтсек, дәлізге құлап қалыпты, – деп Сандуғашқа қарады басқа әңгіме болмасын дегендей. Ол да түсіне қалып:

– Иә, иә. Шайдың орнын жинап жатқанмын. Шошып кеттім, – деді. Сонымен әңгіме тәмам. Мұндайда таң атсашы. Ербұлан түніменен он кіріп, он шықты. 

Таңның атысына әрең шыдаған Ербұлан мен Сандуғаш шайды ішер-ішпестен аурухана жаққа кетті. Сол сәтте  емханада Күлпаш деген таныс медсестра жолыға кетіп:

– Астанада кімдерің бар еді? Іштегілер тас-талқан болып жатыр. Ағам системада, әлі өз-өзіне келе қойған жоқ. Бірақ, жүрек қағысы жақсы деп жатыр. Қаладан тікұшақ шақырыпты. Сонда алып кетпекші. Облыстағы бас дәрігердің өзі келе жатыр деді ғой. Соған қарағанда звонок қатты болған сияқты, – деп әрпіл-тәрпіл әңгіменің біраз басын қайырды.

Сөйткенінше болған жоқ жедел жәрдем емхананың алдына келіп тоқтады. Іштен науқасты алып келе жатыр екен. Ербұлан алдынан шығып:

– «Әке», «әке», – деп еді тіл қатпады. Тек, баласының жанына келгенін сезгендей қолынан жұмсақ қана қысып жатты. 

– Жүреміз, жүреміз, – деген бас дәрігердің бұйрығынан соң көлік қозғала беріп, әкесі баласынан қол үзіп бара жатты. Ербұланның жанарын жас торлап, қолқасынан қысқан өксік тұншықтырып бара жатқандай әрең дем алып үлгерді. Көлігіне келіп отырғанмен рульге қолы жүрмей, біраз дем алды. Үйге келіп, бар жағдайды анасына айтты. 

– Енді құдайдың салғанын көреміз, балам! Еңсеңді түсірме. Сенің салың суға кетсе, мына бала-шағаң қайтеді? Ақырын күтейік. Әлі-ақ жазылып кетер, – деді Қадиша.                                   

– Апа, Астанадан біреу телефон соғыпты дейді. Ол кім болды екен?

– Қайдан білейін, қарғам. Біздің ол жақта ешкіміміз жоқ. Әкеңнің таныстары болмаса. Біреу есік қағып тұр емес пе?

– Қазір, мен ашайын, – деді Сандуғаш.

Сөйтсе бұрынғы көршісі Бәтима екен. Қадишаны құшақтап, халін сұрап жатыр. 

– Жағдайды естігесін шыдап отыра алмадым. Құрдас, құрдас деп қалжыңдап жүретін. Облысқа алып кетіп жақсы болған екен. Дәрігерлер қарайды ғой, қам жеме, Қадиша, – деді ол. 

– Иә, солай болар деп отырмыз. Бұрын ондайы жоқ. Бірден құлағасын тіпті, не істерімізді білмей қалдық. Білмеймін, Астанадан біреу телефон соғыпты дейді, ол кім екенін, – дегені сол еді:

– Ойбай-ау, Қойшыбайдың баласы емес пе екен? Кәдімгі Ақжарқын көршілерің бар ғой баяғы. Бас қалада мықты дәрігер деп естідім. Осы ауданнан барғандардың көбін сол қарап жіберетін көрінеді. Қадиша үнсіз ойланып қалды. Ел іші өсек жата ма? Бәтима бәрінен хабардар еді. Бірақ, оның пайымы мүлдем бөлек. Бір жағы соны айтқысы келді. 

– Ай, Қадиша. Біздің заманымыз басқа еді ғой. Көл-көсір, өз өміріңе өзің қожасың. Ал мына қоғамға залымдар әмірін жүргізіп отыр. Уәдеге бергісіз алаяқтар көп. Әділетсіздік жайлаған, қойдың терісін жамылғандар. Кейде адам да соның ығына жығылып, тұрмысын түзейді. Сол жүзіқаралардың кінәсі бәрі. Құдай саулық берсін дейік енді, – деп астарлы әңгімені қайырып қойды. 

Бұған бір жағы жүрегі бір жеңілдеп қалғандай Қадиша жеңіл күрсініп отыра берді. Алайда бәрі бір «жетімнің көз жасына қалдым-ау» деген ой оны мазалай бергені анық еді. 

– Апа, шайға, – деді Сандуғаш.

Шай үстінде өткен-кеткенді қозғап, үй-іші де көңілденіп қалғандай. Бәтима да алғысын айтып, үйіне кетті. 

– Кенет Қадишаның телефоны шыр ете түсті. 

– Сәлембердік, әже! Байырғы көршіңіз Қойшыбайдың баласы Атагелдімін ғой. Астанадан соғып тұрмын. Анам Ақжарқын хабарлаған болатын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Тым кеш болып қалды. Бір қалдесуге тілі келер, бәлкім. Енді өзіңіз ауырмаңызшы. Ертерек неге айтпадыңыздар? Астанаға келіңіз. Мен бәрін қолымнан келгенше жасаймын. Әзірге уақыт тығыз. Амандықпен кездескенше, әже!, – деді ол асыға сөйлеп. 

Иә, ол кезде байырғы көршісі Ақжарқын да біраз қиындық көрген еді. Сол жылдың қысы қатты болып, ескі үйдің шатыры қалың қарды көтермей, ақыры төбеден үйге тамшы аққан. Жиған дүниенің көбіне су тиіп, пайдасыз қалды. Дегенмен келер жылы былтыр тапсырылған үйдің қарсысынан салынған ғимараттан Ақжарқынға да пәтер тиіп, бар көрген қиындығы артта қалған еді. Тұрмысы жайланып, балалары ержетті. Атагелдісі Ақтөбедегі медицина оқуын бітіріп, Астанадағы республикалық орталықта білімді дәрігер. Қарындастары Алтынай мен Асылай ағаларының қасында Елордадағы ең жоғары оқу орнында оқиды. Мұнайшы мамандығын меңгерген Амангелдісі қолында, Құралайы он бірінші сыныпта оқиды. Сол сәттің бірінде қарсы үйге келіп тоқтаған жедел жердемді көрген жұрт кім ауырып қалды екен дескен. Сонда ғана Ақжарқын байырғы көршісі Қилыбай ағасының ауыр халде екенін естіп, Астанадағы ұлына телефон шалған еді. Атагелдінің дереу қолға алып, ауылға хабарласқаны соның айғағы болатын.   

Сонымен дәрігерлер Ербұланның қаладағы жансақтау бөлімінде жатқан әкесіне кіруге рұқсат берді. Алайда соңғы күшін жинаған әкесі баласына жанарымен ғана өмірдің бар тауқыметін түсіндіргендей болды. Қас-қағым сәттен соң әке мен бала мәңгілікке қоштасып кете барды... 

Арада біраз уақыт өтті. Қадишаның да ауруы дендеп, ақыры қан қысымынан дүние салды. 

***

Әке-шешесін о дүниеге аттандырған Ербұлан да бел орта жастан асқан. Сәскеге таман үйдің көлеңкесінде тұрып, біраз ойланды. Ғұмырдың қамшының сабындай қысқа боларын заман енді ұқтырғандай... Шылымын ышқына тартып, ауыр күрсінді. Әлгі балаларымен қатар өскен Атагелдіге телефон шалып, жай ғана амандығын білгісі келіп еді, оған дәті бармады. Бірақ, бәрібір амандығын біліп тұруды өзіне парыз санады. Ертесіне белді бекем буды да жергілікті әкімдікке келіп, бір кездері алған пәтерін кері қайтару жөнінде өтінішін жазып кетті. Бұған енді Сандуғаш та үн-түнсіз келіскен. Сөйтіп қалаға біржола қоныс аударды. 

Ал осы оқиғаға бірден-бір кінәлі әлгі жүзіқара су жаңа көлігімен анадай жерде кетіп бара жатты. Ол әлі жетімнің көз жасынан мүлдем бейхабар еді...

Бұл мезгілде баяғы Махамбет оқуларын жатқа оқитын бала Сұңғыла Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп келіп, мектепте сабақ беретін. Тоқсанды алқымдап қалған Бәтима әжесіне келіп: 

– Әже, бүгінгі газетке шыққан әңгімені оқыдыңыз ба? – деді.

– Үзіп-үзіп оқып шықтым. Көзім талады осы күні. Өзің не ұқтың, жарығым? – деп немересіне қарады, не айтар екен дегендей.

– Қоғамның ащы да болса шындығы ғой, әже! Өмір болған соң...

– Өмір, әрине. Ал, ол дегенің – әдебиет! Солай, құлыным!

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар