Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Зәкір Асабаев. Барлығы да тұлға еді-ау немесе ән т...

06.03.2019 7166

Зәкір Асабаев. Барлығы да тұлға еді-ау немесе ән төресі «Қарлығашты» алғаш айтқан кім? 12+

Зәкір Асабаев. Барлығы да тұлға еді-ау немесе ән төресі «Қарлығашты» алғаш айтқан кім? - adebiportal.kz

Өнер сан салалы, әншілік өзінше. Өмірге көз ашқаннан әнші болуды армандап, мақсатына жеткен дарабоздар миллиондаған тыңдарманға өлшеусіз рухани нәр берумен бірге, қаншама жас талапкердің қиялына қанат бітіріп, алда олардың да әншілік жолды таңдауына себепкер болғандарын білді ме екен? Пәлен деу оңай емес. Өйткені, ол жезтаңдайлар, мықтағанда, елге қызмет етіп жүрміз деуден аса қоймаса керек. Ал, ақиқат әлгіндей. Кейінгі буын – әншілер оларды үлгі санап, пір тұтқаны даусыз. Бұл пікірді енді әрі қарай кейбір өзіміз білетін деректермен дәйектеп көрейік. Кезінде атақтары жер жарғанмен, бүгінде біразын ешкім біле бермейтін, бірлі-жарым көз көргендерден бөлек ешкім ойға алмайтын, есімдері есте қалатын іс-шаралар ескерілмей, елеусіз, атаусыз қалып келе жатқан тұлғалардың аруақтарына тағзым ету үшін.

Айтыңызшы, Ләззат Сүйіндікова туралы естуіңіз бар ма? Қайдам дейсіз бе? Сіз болмағанмен, бүгінде жастары алпыс не одан асқан, жетпіс, сексен, тоқсандағы ұрпақ өкілдеріне ол есім бес саусақтай белгілі. Олар тек сол күміс көмей әншінің жасы ұлғайған соң Парижде тұратын қызының қолына барып, ұзақ жылдан соң сонда дүние салғанынан бейхабар болуы ықтимал. Ал, қазір көп айтылмайтын халық әндерін кезінде қазақ радиосының барлық (әсіресе, «Шалқар») арналары мен теледидардан тамылжыта шырқайтын Ләззат Сүйіндікова есіміне біз сонау өткен ғасырдағы 40-50 жылдардан қанық болатынбыз. Кейін сахнадан көріп жүрдік. Көптің алдына үлде мен бүлдеге бөленбей, қарапайым ұлттық киіммен шығатын шағын денелі, жылы жүзді Ләззат әнші бәлсініп-қылымсымай, жер тепсініп тұлданбай, көзге түсудің қитұрқы айла-шарғысына бармастан, інжу-маржан әндерді келістіре шырқаумен шектелетін. Амал қанша, осы күнде сол әншінің өзі ғана емес, ол шырқайтын әндер де ұмытылды (бәрі емес, әрине). Мұра жинаушылар бұл жайлы не істеп, не қойып жүргендерін өздері біледі. Біздіңше, Ләззат Сүйіндікованың таспаға жазылып, алтын қорда сақталған әндері аз болмаса керек. Өнер саласының оқу орындарында соларды кәдеге жарату артық болмас, сірә. Бірақ, жоғары атақтың бәрін еңсерген соң, олар аздай, қалағаныңша ақша ал да, диссертация жазып бер дейтін әншісымақтар көбейген тұста, көзі тірісінде жөнді марапат көрмеген Ләззат Сүйіндіковаға жоқшы табыла қояр ма екен, бірдеңе деу қиын.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Бибігүл Төлегенова: Күләш сахнаға ешқашан қоңыр киім киіп шыққан емес


Әншілігі кім-кімді де бірден баурайтын, қай әнді де ерекше мақаммен шырқайтын Сара Мамытованың жасы бүгінде тоқсаннан асса керек. Өткен ғасырдағы Отан соғысы кезінде күллі респуб­ ликаны аралап, өнер көрсететін топ ішінде Сараның өнері мен тұрпаты, адами қасиеттері қазіргі халық әндерін бұзып орындаса да, жұлдызбыз дейтіндерден әлдеқайда бөлек болатын. Пах! Оны да күллі қауым төбеге көтерді, ардақтады, әлпештеді. Оқта-текте әндері радиодан беріледі. Бұдан он бес жылдай бұрын ойда жоқта тұңғыш әрі соңғы рет кездейсоқ жолығып қалғанда, жарықтық «ұмытылдық қой» деп күлімсіреген-ді. Әлі солай-ау, тегі. Аса дарынды, ерекше жаралған, Нұрғиса Тілендиев жоғары бағалаған керемет әнші (марқұм) Кенжегүл Сыздықова мен Сара Мамытова жайлы айтып-жазып жүретін бір жанашыр, өзі де самдағай әнші, өнертанушы – Алтын Иманбаева ғана. Бірақ, бір адамның қолынан барлығы келе берсін бе?

Ләззат Сүйіндікова, Сара Мамытова, Кенжегүл Сыздықова, Ха-физа Әбуғалиева т.б. тұрмақ, Кеңес өкіметі орнаған жылдардан ба-стап күллі қазақтың даңқын асырған Қосымжан Бабақов, Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Рабиға Есімжанова, Байғабыл Жылқыбаев, Әли Құрманов, Бісміллә Балабеков, Мағауия Көшкінбаев сынды әншілердің аттары аталмайтын болғалы не заман. Олармен бірге, олар шырқаған «Сапар», «Юран-ай», «Молдабай», «Қалқа», «Нұркейдің әні», «Зұлқия», «Топайкөк», «Шама», «Әупілдек», «Нақ-нақ», «Қызыл бидай», «Бүркітбай» тәрізді әндер де ешкім орындамаса, құлақ естімесе, келмеске кетті демеске не лаж? Қайсыбірін айтайық, ұмыт болған әншілер де, әндер де толып жатыр-ау. «Желдірмелері» желдей есетін арқалы ақын Иса Байзақов та жөні бөлек әнші бопты. Сондықтан да шығар, кейбір деректерде оның соғыс жылдарында концерт бригадалары құрамында елге шығып тұрды делінетіні. Ал, менің оны 1945 жылдың мамыр, маусым айларының бірінде сахнаға шығып, басын біресе оңға, біресе солға бұрып, құйқылжыта ән салғанын көргенім жадымда. Орталау мектепте оқып жүргенде «Әдебиеттік оқу» кітабында «Көк күмбез шатыр киген Зайсан көлі» деген өлеңнің жоғары жағындағы суретінен бірден танып, «Ой, мынау баяғы артист қой», − дедім жанымдағы балаларға. Әдебиеттен сабақ беретін мұғалімге де айттым. Осыған кеңірек тоқталу артық еместей.

Соғыс жылдарындағы ахуал белгілі. Тұрмыс жүдеу, ішер ас, киер киім тапшы. Соғысқа кеткен боздақтардың көбі оралған жоқ. Біз тұратын «Ынталы» колхозынан бес-алты шақырым жерде «1 Май» колхозы болатын. Нағашыларым сонда. Жиі қатынап тұрамыз. Әжемізді апта көрмесек сағынамыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қыз Жібек - қазақ аруының символы

Соғыс біткен. Әкеміздің аман-сау екенін білеміз де, қашан келетінін білмейміз. Бір күні ойда жоқта үлкен нағашымның менімен жасты тұңғыш ұлы жаяулата жетіп келді де: «Ертең соғыстан қайтқан бір топ әскер әуелі біздің колхозға келеді екен. Ішінде сенің көкең де болуы мүмкін. Солардың құрметіне жиналыс, онан соң концерт болады дейді. Алматыдан артистер келіпті. Бүгін де, ертең де концерт, соған жүр», – деді маған.

Не тұрыс. Құстай ұштық. Айта кетейін, «1 Май» колхозы − аудандағы тұрмыс-халі дұрыстау шаруашылық. Орталық көшеге тас төселіп, телефон байланысы орнатылған. Шағын клуб, мектеп үйі бар. Онда жеміс ағаштардың барлық түрі өсетін, көлемі он шақты гектарды алып жатқан «Дайраштың бауы» деп аталатын үлкен бауда анда-санда аудандық жиындар, алыстан келетін атақты артистердің концерті өтеді. Бұл жолы да солай болатын түрі бар. Нағашыларымның аулына әп-сәтте жетіп бардық.

Енді кеш батсайшы. Ертеңгі жиын өзінше. Бізге бүгін болатын концерт керек. Ол құрғыр бола ма, жоқ па, белгісіз. Әлдекімдер әлі артистер келмепті деседі. Күн батып, қараңғылық түсті, концерттен күдер үзе бастағанда «болады» деген хабар жетті. Біз барғанда аядай сахнаның екі жағына екі-екіден май шам қойылып, жұрт жиналып қалыпты. Орындық аз, көп адам жерде отыр. Бір бұрышқа біз де қонжидық. Көзіміз сахнада. Кенет екі ер адам шыға келіп, біреуі қолында домбырасы бар екіншісін таныстырды да, шығып кетті. Домбыра ұстаған бұйра шашты (бізге солай көрінді), орта бойлы, арықтау, шағын денелі, көздері күлім қаққан артист бірден әуелете әнге басты. Бізге оның терме секілді ұзақсонар әнінен гөрі, бет-аузын құбылтып, оқыс қимылдар жасап, сан құбыла саңқылдайтын даусы қызықтау көрінді. Ол шақта қол шапалақтаудан гөрі, жер тепкілеп, у да шу басымдау. «Бәрекелде! Қайта шық!» десетін тілек-ниет.

Әлгі артист бәлсінбей, екі-үш рет қайта шығып, тақпақ па, әзіл ме, бірдеңелер айтып, жұртты күлкіге көмумен болды да, кенет бойын тіктеп:

– «Қарлығаш». Орындайтын... – деп хабарлады.

Ол кезде әркім-әркімнен «Қарлығаш» дейтін жаңа ән шыққанын еститінбіз. Кім шығарғанын білмейміз. Міне, енді сол әнді тыңдайтын болдық. Концерт жүргізуді де қолына алған бұйра бас артист «Қарлығаштың» авторын да, орындайтын кім екенін де айтқан болу керек. Бірақ, бұл күні де, ертеңіне «Дайраштың бауында» болған концертте де ол жағы есте қалмапты.

Сахнаға қалыңдау қара шашын желкесіне түйіп, жеңі шолақ, қоңыр түсті көйлек киген, өңі сұстылау, орта бойлы, қара торы қыз шығып, жұртқа бас изеді де, жанында тұрған музыкантқа қарады. Баян шалқи жөнелді. Ілесе ән қалықтады. Ән! «Қарлығаш!»

Айтары жоқ, ән де, әнші де керім. Өңі сұстылау қара торы қыздың өзін ұстауы, орындау мәнері бұған дейін көріп жүретін әншілерге ұқсамайды, болмысы өзгеше. Нәркес көздері жарқ-жұрқ етеді. Көпшілікке сәл-пәл бас иеді, сәл-пәл жымияды (Ришат Абдуллиннің «мен көп күлмейтін адаммын» дегені бар-тын).

Әнші қыз көптің сұрауымен «Қарлығашты» екінші рет орындады. Бұл жолы ол барынша ширығып, бұрынғыдан да құлшына шырқады. Шамасы, бұл ән өзіне де ұнайтын сияқты.

Әсіресе, «Құралай көз, қолаң шаш» деген қайырмасына кел-генде, екі қолын алға кезек сермеп, барынша беріліп, шабыттана шырқағаны ғажап! Ашық дауыс, сұлу үн. Пай-пай! Жүрекпен айту осындай-ақ болар.

Ертеңіне концерт «Дайраштың бауында» өтті. Түс кезінде. Адам көп. Аудан басшылары да келген болса керек. Бірақ...

Ол күні соғыстан оралуы тиіс әскерлер (майданға кеткендерді со-лай атайтын) келген жоқ. Менің әкемді осында күтіп алып, ауылға бірге қайтамыз деген үмітім желге ұшты. Әкем содан бір жарым айдан кейін келді («Қызыл ту» стансасында күтіп алғанбыз).

Нағашыларым тұратын «1 Май» колхозындағы сол күнгі кон-церт әлі күнге есте. Көп жайды кейін білдік. Әрі ән айтып, әрі кон-церт жүргізген Иса Байзақовты көру сирек құбылыс. Исамен бірге концерттік топта болған анау... «Қарлығашты» шырқаған... өзі де, әні де әсем, сұсты қыз... Сонысымен есте қалған оның кім екенін білу ол кезде де, кейінгі ондаған жылдарда да ойға келген жоқ. Ол түгіл, біз пақыр соғыс аяқталған сол жылы сахнадан тұңғыш тыңдаған « Қарлығаш» әнінің авторы Ахмет Жұбанов екенін білдік пе? Әрине, концерт жүргізуші айтқан шығар, бірақ, есте жоқ. Көп нәрсе есте жоқ. Иса Байзақовтан өзгесі. Онда да, онымен әдебиет оқулығы арқылы «екінші рет кездескенде» (сондай тақырыппен жазған шағын әңгіме бұдан көп жыл бұрын «Балдырған» журналында жарияланған).

«Қарлығаш». Біз оны алғаш тыңдаған кезде орындаған кім? Оқта-текте осы сұрақ ойға келетін. Ләззат Сүйіндікова, Үрия Тұрдықұлова, Сара Мамытова... Жамал Омарова... басқалар да емес, онда кім? Егер аман-сау болса, қазір Алматыда тұратын болуы да мүмкін-ау.

Осындай ой қылаң беретін. Кім білсін, үмітсіз сайтан, күндердің күні...

...Жасы тоқсанға таяп өмірден озған байырғы журналист, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұса Дінішевпен он алты жыл қызметтес болғанда, өзі айтпаса да, айналадағылардан оның кештеу үйленгені, үш ұлдың анасы – әйелінің оған тұрмысқа шыққанға дейін филармонияда әнші болғаны әрі ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің туған әпкесі екені жайлы естіп, кейін бәрімен біршама таныс-біліс, дәмдес болып жүрдік. Мұсекеңнің зайыбы Кәмила Мұқымқызы Абдуллинамен кездескен сайын оны бір жерде көрген сияқты болатынмын. Қой, мүмкін емес, қайда, қалай көруім мүмкін? Оның үстіне Кәмила апай Мұсекеңнің қалауымен сонау 1950 жылдардан бастап үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысқан болса. Айтпақшы, оның филармонияда әнші боп істегені рас па екен? Ән шырқай ма? Әрине, рас, бәрі рас. Ришат пен Мүсілімнің әпкесі ән сала алмай ма? Екі інісін оқытып-тоқытып, өнерге өзі баулыған.

1972 жыл. 2 Мамыр. Мұсекең алпыс жасқа толып, Құрмет грамотасымен наградталды. Біз 5 мамыр күні жұмысқа келгенде бір- ақ құттықтадық. Мұсекең жұмыстан кейін ұжым мүшелерін үйіне шақырды. Көңілді отырыс. Әзіл-оспақ, ән-күй. Сол күні әлі консерватория студенті Әлібектің пианиноға қосылып салған әндерін бірінші рет тыңдадық. Кәмила апайға қарап: «Балаңыз әлемге белгілі әнші болғалы тұр екен»,– деп қалдым. Кәмила апай: «Аузыңа май. Бұған дейін Әлібектің ән салатынын ұстазы Шарипова мен Мұса екеуміз ғана біліп, құпия ұстаушы едік. Бүгін сендерге көрсетіп отырмыз», – деді салқындау үнмен.

Дастарқан басында Жекен Жұмақанов, Қуандық Шаңғытбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Шәрбану Құмарова, Шәрбану Бейсенова, Марат Мәжитов, Владимир Мыльниковтер отырған-ды. Әлібектің әнін де, менің әлгі сөзімді де барлығы естіді. Сөйтіп...

– Апай, сіз жас кезіңізде әнші болғансыз ба? – дедім тағы да тек отырмай.

– Болсақ, болған шығармыз, – дей салды.

– Филармонияда ма?

– Филармонияда да, басқасында да...

Сол-ақ екен, жұрт апайдан ән шырқауды өтінді. Апай бәлсінген жоқ. Қазақтың «Бір бала», «Секіртпе», «Әпитөк» секілді әндерін бірінен соң бірін төгіп-төгіп тастады. Па, шіркін! Неткен талғам, неткен сезім! Дауыс қандай! Әлі бұзылмаған қалпында. Апай сәл еркінсіп, адуындылау сөйлейді екен. Ағайынды Абдуллиндердің әпкесі басқаша болсын ба? Ол сирек күледі екен, жымиюдан аспай-ды. Ришатың да: «мен сирек күлетін адаммын», − дейтінін талай естігенбіз.

Мені тағы да түлен түртіп:

– Апай, «Қарлығаш» кімнің әні? – дедім әй-шәй жоқ.

– Кімнің әні болушы еді, Ахмет Жұбановтың әні! – деді қатқылдау үнмен.

– Онда соны айтыңызшы!

– Айта алмаймын, шаршадым, қонақ күту оңай ма?

– Кешіріңіз, «Қарлығашты» бұрын айтып па едіңіз?

– Айтқанмын. Бірінші боп айттым десем де болады. «Қарлығаш» саған ұнай ма?

– Ұнайды.

– Елге шыққанда да айтушы ма едіңіз?

– Айттым дедім ғой, айтқанбыз.

– Апай, Иса Байзақовты көрдіңіз бе?

– Сұрағың көбейіп барады ғой, оны қайтесің? Талай рет гастрольге бірге шыққанбыз. Әнді жақсы айтатын.

− Ол ақын емес пе еді?

− Ақын ба, пақын ба, мен білетін Иса әнші болатын.

Солай деген Кәмила апай орнынан кілт көтеріліп, асүйге шығып кетті (қонақ күту қамы шығар дегенмен, маған ренжіп бара жатқан жоқ па деген күдік те келе қалды көңілге. Онда кінәлі – мен).

Бәлкім, солай, бәлкім, олай емес. Осы үйдің табалдырығын аттағалы ешкім дәл мендей еркінсіген жоқ-ты. Мен тәуекел еттім. Осындай реті келіп тұрған кезде көкейдегі сұрақты неге сыртқа шығармасқа деп. Оның себебін өзімнен бөлек ешкім білмейді. Білу мүмкін де емес-ті. Кәмила апай екібастан...

1945 жыл. «1 Мамыр». Клуб. Концерт. Иса Байзақов... Ән. «Қарлығаш». Сол жолы оны шырқаған кім? Қарсы алдымызда отырған Кәмила апай емес пе? Қисыны келе ме, келмей ме?

Осы жерде тіл байланды. Біз тұрмақ, атақтары жер жарған екі бірдей інісі Ришат пен Мүсілім, тіпті, «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы, біздің бастығымыз, үй иесі Мұсекеңнің өзі «абайлап» сөйлесетін апайға енді әрі қарай тағы да сұрақтар беру, сыпайылап айтқанда, жөнсіздік, тіпті, жүрек жұтқандық болар еді. Әйтсе де... Бәрібір...

Ұзақ жыл көңілді күпті етіп келген түйткіл шешілгендей болды емес пе? Қанағат!..

Кәмила Мұқымқызы Абдуллина, сөз жоқ, кәсіби әнші. Біртуар. Талғам-түйсігі аты шулы екі інісінен де асып түседі дегенді сан мәрте құлағымыз шалған. Ол, әрине, жоғарыда – сөз басында – аталған әншілерден де бір мысқал кем емес-тін, егер артық болмаса. Бірақ, әншіліктен ерте қол үзді. Есесіне, қазақ өнеріне есімдері алтын әріппен жазылған КСРО халық артисі Ришат және Қазақ КСР халық артисі Мүсілім Абдуллиндерді қатарға қосты. Әлемге белгілі әнші, КСРО халық артисі Әлібек Дінішевтің анасы. Бір адам үшін аз ба, көп пе, бағамдай бер.

Аға буын әншілер. Асқар таудай алыптар. Ұмытылған (деуге болатын) аяулылар. Жо-жоқ! Мүмкін емес... Олар ұмытылмайды...

Ешқайсысы! Ешбірі! Ал, енді әңгімемізді солардан бастап, Кәмила Абдуллинаны еске алумен аяқтағалы отырғанымыздың сырын ұққан шығарсыз. Лайым, солай болғай.

Па, шіркін, «Қарлығаш»! Ән төресі!..

Суретте: Камила апай мен ұлы Әлібек Дінішев. 60-жылдар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар