Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 8...

09.04.2019 5375

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 8

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 8 - adebiportal.kz

VIII

Қазақтарды басқару оңайдың оңайы: халық тыңдайтын және сенетін 500 зиялы адамды құртса болды, қазақтар өздері-ақ бағынады деп адмирал Колчак айтыпты дейтін бір сөз бар. Сібір билеушісі бұл сөзді айтты ма, айтпады ма, мұны растайтын түпнұсқа құжаттар белгісіз, әйтсе де Колчактың аз уақыттық басқаруы кезінде қазақ интеллигенциясы бір адамын да жоғалтқан жоқ. Алайда “жел соқпаса, шөп басы қимылдамайды” – идея, сірә, ауаға таралып кетсе керек.

1930 жылдың 1 қазанында Филипп Исаевич Голощекин Алматыдағы қалалық партия белсенділерінің жиналысында сөз сөйлеп тұрып, шамамен дәл сол ойларды, тек қана бөгде сөздермен көлегейлеп, бүркемелеп айтты. Ол партия органдарының “бұрынғы алашордашыларға” қатысты тактикалық міндеті “ұлттық интеллигенцияны ауыл бұқарасын өзіне жақындату мақсатында пайдалану, осы негізде Кеңестерді құру” болғанын өзінің шектен тыс арсыздығына сәл де болса шімірікпестен, өз сөзінің дұрыстығына толық сенген адам ретінде айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 7

Одан әрі Голощекин былай деді:

“Біз бұқараны соңымыздан көбірек ертіп, кедейлерді ұйымдастырған сайын, буржуазиялық ұлтшылдарға да соншама қатты соққы бердік. Және осының арқасында біз өзіміздің кадрымызды құрған, сөйтіп, бір кезде бұл уақытша одақтастарды лақтырып тастауымызға мүмкіндік туған (ерекшелеген автор. – В.М.) кезеңге де келіп жеттік.

Ал бұл кезеңге жеткенге дейінгі уақыт аралығында ұлтшылдықпен күресті шовинизммен күрес түрінде бүркемелей тұрмау қазақ бұқарасының сеніміне ие болудан бас тартумен бірдей әрекет болған болар еді”.

Міне, Филипп Исаевичтің тактикалары осындай болды: “пайдалану... жақындату... ие болу...лақтырып тастау”. Және алғашқы жылдары ұлтшылдықпен күресті шектен асырмау, ұлы державалық шовинизм туралы көбірек айғайлау... әйтпесе күтпеген жерден қазақ бұқарасының сенімінен айырылып қалуы... мүмкін.

Голощекин сондықтан да ескі қазақ интеллиген циясының қаймағымен, халықтың рухани көсемдерінің алдыңғы қатарлы өкілдерімен есеп айырысқаны туралы қаймықпастан және ұялмастан барынша ашық айтты.

Бұларды аластау “топшылдардың” көсемдерінен құтылуға қарағанда оңайға түсті: өйткені бұлар партияда жоқтар және ОК-ге шағымдана алмайтындар еді. Олардың “ескі күнәларын” – алашордалық өткен өмірін үнемі беттеріне басуға мүмкіндік болды (мұның өзі кейіннен, “өз кадрлары” дайындалған және ауыл кедейлерін “меңгерген” кездерінде пайдаланылды). Онсыз да, әрине, олардың кез келген іс-әрекеті буржуазиялық ұлтшылдықтың көрінісі ретінде саналғаны сөзсіз.

Алғашқыда Филипп Исаевич белгілі бір дәрежеде келісімшілдік танытты, қазақ интеллигенциясымен ынтымақтаса қызмет етуге шақырды, бірақ “партиялық жұмыстың басты тораптарына” қол сұғылмайды деген шарт қойды. 1925 жылғы Бесінші конференцияда ол интеллигенцияны тегістеу (жою ауд.) керектігі жөніндегі ойын толығымен табиғи әрі заңды пікір ретінде шегелеп айтты.

Алайда шығармашылық адамын ортақ пікірге келтіру деген нені білдіреді? Бұл – не оны бас шұлғығыш жағымпаз болуға мәжбүрлеу, яғни рухани әтек ету не жай ғана құрту, жою дегенді білдіреді, өйткені нағыз жеке тұлға ешқандай да орташаландыруға көнбейді. Жерді тегістегенде, әдетте, ең алдымен жоталар мен дөңестерді алып тастайды.

Голощекиннің жаңа құрылысқа қазақ халқының рухани көсемдері мен ұстаздарын тартуға тырыспағаны айқын, керісінше оларға таңылған ұлтшылдық жапсырманы ешқайсысынан алып тастамағандығы да сондықтан екені даусыз. Бұл оның тарапынан қолданылған тактикалық айла еді: уақытша, ол тек уақытша ғана “ұлтшылдарға” төзуге келісті, одан кейін олар, әрине, аластатылуға, жойылуға тиісті болды. Тап күресінің жаңа кезеңінің жағдайлары мен мүмкіндіктеріне қарай не олай, не бұлай.

Партиялық сын бағытталған нысанасынан бір сәтке де мүлт кеткен жоқ. С.К. дейтін біреу 1927 жылдың 27 мамыры күнгі “Советская степь” газетінде Қазақстанның жазушылар ұйымы туралы былай деп хабарлады: “Шығарманың саяси бағыты автордың қандай саяси ағымға тиісті екеніне қарап анықталады. Алдын ала есеп бойынша, ұлтшыл-авторлар 14, КазАПП-шылар (Пролетариат жазушылардың Қазақ қауымдастығы) 16 және бағыты бар авторлар 9 атау кітап шығарған... Ұлтшылдарда авторлардың әралуандығы көбірек көзге түседі (Байтурсунов, Ауэзов, Дулатов, Кеменгеров, Омаров, Абай, Джумабаев – үзіндідегі авторлардың аты-жөндері сол кездегі жазылуы бойынша берілді. – В.М.).

...Ұлтшылдар қазақ халқы мен даласын таптық мәннен тысқары ашық бояумен жырлайды, ал шын мәнінде, өз қаламын Совет өкіметіне қарсы бағыттайды”.

Көріп отырғанымыздай, Абай Құнанбаев та сынның қырағы нысанасына іліккен және төңкеріске дейін-ақ қайтыс болған оны да Кеңес өкіметінің қарсыласы деп жариялайды.

* * *

Голощекин, тіпті аз дәрежеде болса да ұлттық тұрғыдан ойлайтын партиялық элитамен есеп айырысып болған соң ғана қазақтың зиялы қауымына жаппай шабуылын бастады. Бұл кезде “ауыл кедейлерінің бұқарасы” белгілі бір дәрежеде “ұйымдасып” болған-ды.

Алтыншы Бүкілқазақстандық конференцияда (1927 жылдың қарашасы) ол:

“Қазақ тілінде 5 мыңға жуық терминнен тұратын жеке кітап құрастырылып, басып шығарылды. Бұқара оларды түсінбейді. Үлкен бұрмалаушылықтар бар, баршаға белгілі болар, онда “интернационал” сөзі “зорлықшы”, “жәбірлеуші” мағынасына жақын аударылған мүлде түсініксіз жай” деген сөздермен “академиялық орталықты” (Байтұрсыновты) партиялық бағытты бұрмалаушы ретінде айыптады.

Осыдан кейін Филипп Исаевич интеллигенцияның рөлі туралы барынша кеңінен сөйлей келіп, өзіне тән тактикалық жымысқы өркөкіректігімен шын көңілден ақтарыла сөйлегендей сыңай танытты:

“Мұнда аңду туралы мәселенің қойылуы мүмкін емес екеніне біздің күмәніміз жоқ, жолдастар. Керісінше, біздің интеллигенцияны өзімізге тартуымыз керек, ол бізбен бірге жұмыс істеуге тиісті...

Бірақ ол бізді емес, біз оны басқаруымыз керек – міне, осылай. Бізге жат, біздің идеологиямызға түбірімен жаулық көзқарастағы (ерекшелеген автор.– В.М.) оның біздің өміріміздің әртүрлі жақтарына өте күшті ықпал етуіне төзуге болмайды...

Ескі интеллигенцияның арасында бағыт ауыстырушыларға ұқсайтын қозғалыстың бары да белгілі. Сіздер Жұмабаевтың “90” туралы белгілі өлеңін білесіздер, ол енді, міне, 90 туралы жазады, ол 90 жағында, ал көптеген адамдар мұны шынайы айтылған сөз деп ойлап, бұған алданады.

Олар 100-ге жеңілді, сондықтан да 90-ға жеңуді байқап көргісі келеді; ал егер бізге келетін болса – жақсы, біз оларды тегістейміз, бірақ сонымен бір уақытта соғу да керек – 90 олардың өз жағында емес екенін, әзірше олардың өздеріне қарсы екенін, олар осы 90-мен ойнап жүргендігін білуі үшін”.

Соқты – екі жылдан кейінгі соққаны сондай, аса ірі қазақ ақынының есімі 60 жыл бойы жабық құлыптың астында қалды және өлеңдері де басыл мады.

Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінде қандай қылмыс белгілері болды? 1969 жылы башқұрттың Халық ақыны, 75 жастағы Сайфи Құдаш М.Жұмабаевтың тағдыры туралы Қазақстан КП ОК-нің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа мынадай хатпен өтініш білдірді:

“...Бұл өлеңінде М.Жұмабаев жүрек түкпірінен және шынайы өкінішпен былай дейді: “Бұрын барлық халықтардың аспанында жарық күн тұрған кезде мен қателестім. Бірақ мен өз еліме қызмет ету ниетінде қателестім. Мен Алашорданың құрылтайына барған жоқпын, мен оның жұмысына қатыспадым. Мен кейбіреулерге ұқсап, Алаш жетекшілерінің адъютанттығына бармадым. Мен Алаш партиясының қазақ халқы үшін қажет емес екенін түсіндім. Енді мен тек Коммунистік партия ғана қазақ халқының тағдырын дұрыс шеше алатынына көзімді жеткіздім. Егер Коммунистік партия халықтың 90 %-ына өкілдік ететін болса, Алаш бар болғаны 10. Мен 90-ды қорғаймын, өйткені барлық жан-тәніммен Совет өкіметіне қызмет етемін” (мағыналық аударма автор). Әлде бұл тәубеге келу, ағынан жарылу емес пе? Алайда оған сенбеді. Неліктен? Айту қиын, бірақ, сірә, жекебастық жеккөрушілігі, кекшілдік және тап күресінің ұстанымдарын қате түсіну үлкен мәнге ие болған секілді”.

Хатқа жауап қайтарылған жоқ: 1960 жылы ақ­ талған Мағжан Жұмабаев коммунистер үшін бұрынғыша күмәнді тұлға болып қала берді және өлеңдері де жарық көрген жоқ...

Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі Қазақстан Компартиясы ОК комиссиясының мына пікіріне көңіл аударайық: “Оның 1927 жылы жазылған “Тоқсанның толғауы” (осы кітаптың орыс тіліндегі түпнұсқасында – “Голос­ девяноста”– ауд.) өлеңі ақынның саяси бетін айқындап қана қоймай, сонымен қатар оның жаңа дәуірдің суреткері ретінде қаншалықты ілгері басқанын да дәлелдейді. Бұл шығармасында ақын өзінің тоқсанның­ жағында екенін, яғни ештемеге қарамастан, туған өлкесін жаңарту жолында батыл істерге барып отырған халықтың көпшілігімен бірге болатынын шын жүректен мәлімдейді”. Сөйтіп, 1988 жылы коммунистік сараптама ақыр аяғында М.Жұмабаевқа сенді...

Мәселе қайда жатыр: бәрі де өлеңнің мазмұнында емес, Голощекиннің түсінігіндегі соққы беру тілегінде болғаны көрініп тұр. Ал бұл тілектің мәні ұлттықты түп тамырымен жоюда, құртуда болды. Ұлт ақыны, өзінің табиғатына орай, ұлттық рухты жоятын пролетарлық интернационализмге қарсы келетінін, демек, ондай ақынға сенуге болмайтынын жақсы түсінді.

Иә, қазақ халқының өзі де Филипп Исаевичтің сенімін тудырмады: оның ең “алдыңғы қатарлы” табы – жұмысшылары жоқ еді, өзінің байлары мен молдаларын тыңдады, мұндай халық, оның пайымдауынша, қажет болғанда “қаннан да қорықпай”, ұзақ уақыт тер төгіп кеңестендіруге тиісті болмақ.

Бүкіл интеллигенцияға күдікпен қарады, сондықтан да Голощекин анадай немесе мынадай бір зиянды идеямен мүлде кездейсоқ кездескенін сөзінің арасына қыстыра отырып, интеллигенцияның әрбір қадамын аса бір қырағылықпен қалт жібермей қадағалап отырды.

Алтыншы конференциядағы сол баяндамасында ол былай деді:

“Мен “Еңбекші қазақтан” көркем әдебиет туралы” бір мақаланы кездейсоқ көріп қалдым (қазақшаны ол, әрине, оқыған жоқ, сондықтан да қазақ делегаттардың намысына ашықтан-ашық тигені сөзсіз. – В.М.) ...Мақала марксизмнің тонын айналдырып кию бағытында, дербес жағдайда, социалистік мәдениеттің болуы мүмкін бе (?) деген мәселе бойынша құрылған. Мен сіздерге қорытынды пікірін оқимын: “Қазақ ұлтшылдығында отарлаушылдық сипат жоқ. Ол үстемдік етуге, өзіне біреулерді бағындыруға ұмтылмайды, ол тек өзін қорғағысы, өзін құтқарғысы келеді және егер мүмкіндігі болса, қолынан келсе, теңдікке жеткісі келеді. Әзірге іс жүзінде ұлттық азшылық бұқарасы теңдік ала алмай тұрған жағдайда ұлтшылдық та жойылмақ емес”.

...Мүлде дұрыс емес, мүлде зиянды тұжырым. Қазақ жұмысшысы мен кедейінің “ұлтшылдығы” – еуропалық кедейлермен теңқұқықтылыққа қол жеткізу. Бұл – салауатты, дұрыс “ұлтшылдық”.

Біздің байларымыздың, буржуазиялық интеллигенцияның ұлтшылдығы қандай – бейкүнә пәк пе? Қараңыздар, Октябрьге дейінгі және Октябрьден кейінгі кезеңде бұл ұлттық күшік қалай өте үлкен ұлттық ит болып өскен (күлкі). Тырнақша ішіндегі “ұлтшылдық” бар, яғни теңдікке ұмтылу, салауатты, дұрыс және біз оған көмектесуге тиіспіз, ал байшылдық бағыттағы идеологтердің ұлттық бастауларына соққы беру қажет”.

Мұнда да қазақтың жұмысшы табы мен “кедей” халыққа қарсы қойылған.

Тәжірибелі режиссердің бағыттауындағы “ұлтшылдарға” қарсы науқан күш алды, алайда оған қатысушылар, берілген нұсқауды бас шұлғып орындаушылар, ұлттық мәдениетті қандай үлкен апат күтіп тұрғанын, бәлкім, ол кезде көз алдарына елестете де алмаған шығар.

1928 жылдың 11-12 сәуірінде “Советская степь” Ғ.Тоғжановтың “Қазақ әдебиеті мен сынындағы ұлтшылдыққа, жершілдікке және коммунистік төрешілдікке қарсы” (“Против национализма, обывательщины и комчванства в казахской литературе и критике”) деген көлемді мақаласын басты. Автор:

“Бұдан сәл ғана ілгеріректе, 3-4 жыл бұрын біздің ұлтшылдарымыз өнер, дербес жағдайда әдебиет саясатқа бағынбайды және саяси немесе олардың айтқанындай, тар өрісті таптық мүдделер оған жат, қазақтың көркем әдебиеті өз алдына таптан жоғары тұрған “жалпыұлттық” мүдделерді қояды деп дәлелдеген еді. Қазақ ұлтшылдарының жас идеологтері Әуезов, Д.Искаков, Аймауытов және К0 осылай жазды... Және Сәдуақасов та біздің советтік әдебиетімізді ұлтшылдарсыз – Әуезовсіз, Аймауытовсыз және Кемеңгеровсіз ойлай алмайды. Ол да ұлтшылдар секілді ұлтшыл-жазушылар қазақ еңбекшілері үшін ұлтаралық тақырыпта өте пайдалы нәрселерді бере алатынына сенімді. Бұл аздай... ол тіпті біздің ақын Мағжан Жұмабаевтың – белгілі ұлтшылдың, бір кездегі қасарысқан контрреволюционердің ұлттық идеологиясын әшкерелегенімізге қарсылық білдіреді”, – деп жазды.

Қазақ әдебиетін “ұлтшылдардан” тазарту құйыны бойын кернеген Тоғжанов КазАПП (Пролетар Жазушылары Қазақ Ассоциациясы) жетекшілерінің бірі коммунист Сәкен Сейфуллинді әшкерелеуге кірісіп, ол өзін пролетар жазушысымын деп атауына ешқандай құқығы жоқ, өйткені “онда пролетарлықтан ештеме жоқ екенінің үстіне, советтік те жиі-жиі жетіспейді” деп мәлімдеді.

Сейфуллинді кейін партиялық сыншылар белгілі үлгі бойынша “сейфуллиншілдік” деген атаумен жаңа “оңшыл-ұлтшыл жікшілдер” тобын ойлап тапқан кезде де айыптап, ақынның өзін тұтқынға алды және отызыншы жылдардың соңына қарай ату жазасына кесті. 1928 жылы олар Сәкен Сейфуллинге ештеме істей алмады, мамандар ортасында айтылатындай рәсімдеу қолдарынан келмеді.

Тоғжанов Сейфуллинді 1924 жылы ол “Домбыра” кітабын Троцкийге арнағаны үшін де сынады (айта кету керек, сыншы төрт жыл бұрынғы бұл жағдай туралы “дер кезінде” еске салды, өйткені партиядан қуылған Троцкий дәл осы уақытта Алматыда жер аударылу мерзімін өтеп жүрген болатын).

Екі айдан кейін, 1928 жылдың 6 маусымында, С.Сейфуллин Ғаббас Тоғжановтың мақаласына сол “Советская степь” газетінде жауап берді. Оның жауабы “Неонационализм және оның идеологиялық майдандағы шабуылы” (“Неонационализм и его наступление на идеологическом фронте”) деп аталды. Онда С.Сейфуллин:

“1922 жылдың 21 ақпанында “Еңбекші қазақта” жариялаған өзінің “жауынгерлік” мақаласында Ғ.Тоғжанов:

“Бұрын сән-салтанаты келіскен ақ туырлықты киіз үйлерде иісі жұпар аңқыған қымыз ішіп, дәмі таңдайдан кетпес майлы жылқы еті мен қазы-қарта жеп, үйірлеп жылқы айдап, мыңғырған қой, түйе мен сиыр өсіріп, бақытты өмір сүрген... қазақтар­ енді шөп-шаламмен, иісі мүңкіген сасық шыбын-шіркеймен, иттің, тышқанның етімен қоректенуде...

...Қазақ ауылдарындағы аштық туралы орыс газеттерінде жазбағанымен, қазақ газеттері жазып жатыр... деп жазған еді”, – деп жазды.

Осылайша өзінің сыншысының бұдан алты жыл бұрынғы дәл осындай “күнәсін” мойнына қоя отырып және бір кезде Тоғжанов Сәдуақасовпен бірге барлық алашордашыл жазушыларды және Жұмабаевты да, Әуезовті де, Аймауытовты да бір жолда келе жатқан мақсаттас-мүдделестер деп атағанын­ оның есіне түсіріп, С.Сейфуллин: “Әзірше қазақтың байлар табы бар болып тұрған кезде ұлтшылдық та (Алашорда) өмір сүреді” деген қорытындыға келді.

Содан кейін ақын Тоғжанов ұлтшылдық насихаты деп кінә таққан шығармалар бойынша нақты түсінік берді. Сонда айтылғанындай, мұсылман мейрамы туралы “Айт” өлеңін ол Ақмоладағы приход училищесінде оқып жүрген бала кезінде, өзі “марксизм туралы тіпті естімеген” уақытта жазған екен. Тоғжанов күстаналаған “Анама хат” өлеңі туралы Сейфуллин:

“...Біріншіден, менің аналық махаббатты бәрінен жоғары қоятыным туралы айтылғандар – жалған... Мен ананы әлде революцияны жоғары қоямын ба – бұл өлеңнің өзінен көрініп тұрған жоқ па?...” – деп жазды.

Кейінгі жағдайлар көрсеткендей, түсіндіруден де, өкінуден де ешқандай пайда болған жоқ.

Коммунистік төрешілдік туралы айыптауға С.Сейфуллин былай жауап берді:

“1928 жылдың 30 қаңтарында, Мәскеудегі Комакадемияда (Коммунистік академия ауд.) Громовтың эмигранттық әдебиет туралы баяндамасы тыңдалды. Громов Бунинді мақтап, біздің жазушыларға одан үйренуді ұсынды. Жарыссөзде жолдас Фриче сөйлеп, былай деді: “...Біздің лирика эмигранттықтан жоғары тұр. Біз Буниннен үйрене алмаймыз, өйткені ол мистик. Эмигранттық жазушылар өз табымен бірге тапталған, сондықтан олар жоққа тән. Бұл жазушылардың сыртқы көріністегі шеберлігі уақыт өткен сайын көмескіленіп, өшіп барады. Біздің жазушылардың олардан алатын ештемесі жоқ” (“На литературном посту”, 1928, №4). Міне, беделді марксистік сыншы жолдас Фриченің сөзі осындай. Мейлі, жылай берсін, ал біз алашордалық мистик Мережковскийдің, Бальмонттың шәкірті Жұмабаевтан үйренгіміз келмейді...”

Сол кездегі әдеби айтыс-тартыстың деңгейі осындай болды. Түптеп келгенде, ол қазіргі айқастардан ешбір айырғысыз...

Ол кез үшін ең таңырқарлығы – дарынның мүлдем бағаланбауы. Оны халықтың игілігі ретінде де түсінбеді, одан Құдайдың берген қасиетін де көре алмады. Дарынды тіпті құрметтеген де жоқ. Әдеби еңбектің өлшеуіші өсек-аяң деңгейіндегі дөрекі де қарадүрсін идеология болды.

“Жолдас Фриче” секілді есеппен сөйлейтін ақылгөйлер жаңа жазушыларды “таптық” қамшымен жаттықтырды. Сәл басқа жаққа бұрылса, бітті – айдаудағыдай­ қашқын ретінде қабылданып, қолма-қол от ала жүгірді... Айтыс-тартыс барысында (өзара саяси кінәласуға көбірек ұқсайтын) өздерінің дарынды әдеби әріптесі Мағжан Жұмабаевты және басқа дарынды жазушыларды қалайша қосылып бірге таптағандарын Тоғжанов та, Сейфуллин де тіпті аңғарған жоқ. Бірақ өздерінің көпшілік алдындағы ашық кінәласуларынан кейін іле-шала “ұйымдастыру шаралары” жүргізілетін уақыттың да келетінін олардың алдын ала сезбеуі де екіталай-ды. Әрине, оның қандай болатынын ешкім де дәлме-дәл болжай алмас еді. Мұны тек газет беттерінде ит қосып, ізіне түсіп қудалауды ұйымдастыратын, өлкелік комитетте отырған қоюшы режиссер ғана білді. Иә, ол білді...

Сейфуллиннің мақаласындағы ең дұрыс айтылғаны дейміз бе, әлде (бұл – мақаланың соңғы жағы): мұнда ол көркем әдебиеттің тар шеңбермен шектелгендігін жанама түрде меңзеп айтады және өзінің әртүрлі тақырыпта, оның ішінде, қайғыны да жазуға қақысы бар екенін имене жеткізіп ақталады.

“...Жақсы ұйымдастырылған кедейлердің ауыл­ шаруашылық артеліндегі коллективтік еңбекпен мәдениеттің қуанышты әнін шырқап тұрған сеператорды көрген кезде осы бір тамаша мәдениет музыкасына қосылып ән айтқың келеді, коллективтің жұмысына сүйсінесің... ал киімдері кір-жағал, азапты да ауыр еңбектен еңсесі түскен, белі бүгіліп, жүзін әжім торлап, төрт аяғы шатқаяқтаған арық есекпен ілбіп келе жатқан қазақ әйелін көргенде... сол кезде жан дүниеңіз ауырлап, көңіл күйіңіз еріксіз қайғылы да мұңды қалыпқа ауысады. Біздің өміріміздің басқа көріністері аз ба? Осылардың бәрі... еріксіз біздің көркем әдебие­ тімізде өз бейнесін табады”.

Еріксіз... Неліктен керісінше ерікті емес?.. Ешбір күдік ойламастан түрлі түсті “жолдас Фричелерді” басшылыққа алған қазақтың “пролетарлық жазушылары” ұлттық мәдениеттің негізін шайқалта бастады, оның үстіне, “жолдас Фриче” барлық ұлттықты ұлтшылдықпен теңестірген бұйрықтарын беріп, әрбір бұрыштан айғайлап жатты. “...Біздің жас қазақ жұртшылығы Абайдан емес, Маркс, Плеханов, Лениннен және басқа марксизм классиктерінен үйренуі керек... Біз Қазақстан партия ұйымының идеологиялық майдандағы бірінші кезекті міндеттерінің бірі әдеттегі буржуазиялық қыл-қыбыр ретіндегі абаизмнен арылу деп санаймыз. Сондықтан қысқа мерзім ішінде Қазақстанның партиялық-кеңестік жұртшылығының барша мәдени күштерін Абай іліміне және оның қазіргі ізбасар шәкірттеріне қарсы бағыттау қажет”, деп жазды Ілияс Қабылов, 1928 жылдың 2 тамызындағы “Советская степь” газетінде.

Филипп Исаевич Голощекин жаудың ізіне түсудегі өзіне тән әккілігімен Мағжан Жұмабаевтың және басқа “ескі” қазақ жазушыларының соңынан ит қосып қуу науқанын жалғастырды. 1928 жылдың 23 мамырында қызылордалық партактивтің жиналысында баяндама жасаған ол былай деді:

“Жолдас Бухарин БЛКЖО (ВЛКСМ) съезінде жасаған баяндамасында Жұмабаевтың Қазақстанда теміржол салуды (шын мәнінде, мәдениетті көтеріп, өндіргіш күштердің дамуына жеткізетінді) барлық ескіден айырылу деп санаған өлеңінен үзінді келтіреді. Маған осы уақытқа дейін, кейбір қазақтарда Түркістан – Сібір теміржолына қарсы ағым бар деп айтқанда, мен оған сенбеген едім. Мен мұны көз алдыма елестете де алмадым. Міне, енді, жоғарыдағы жолдарды оқығанда, мен: “Иә, бар екен” деп ойладым және мен олардың жолы... буржуазиялық өзін-өзі анықтау ұранына және буржуазияға сөзсіз тәуелділікке әкеледі деп санаймын”.

Ах, осы бір “партияның сүйіктісі” және өнердің қамқоршысы деңіз! Япырау, ол Мәскеуден ең шет өлкеге дейінгі әдеби кеңістікке қашан ғана көз тастап үлгерді екен?! Бұдан оның бәрін көретін қырағы көзіне Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері түсерден бір жыл бұрын Бухарин “Правда” газетінде (1927 жылдың 12 қаңтары) “Ащы жазбалар” (“Злые заметки”) мақаласымен оқыстан дауыл соқтырып, іс жүзінде орыс крестьян ақындарына қарсы бағытталған науқан ашуға әмір берді. “Есениншілдікпен” күрес желеуімен ол С.Есенин поэзиясын “қым-қуыт, әлем-жәлем көріністерден: “төбет иттен”, “иконнан”, “бала емізген әйелден”, “жарық майшамнан”, қайың, Ай, бұтақ, Жаратушы Құдай, қалыптан тыс жыныстық құмарлық... тағы сол сияқтылардан тұрады, осының бәрі диуаналық жалған халықтық ұлтшылдық қалпағының астына жасырылған” деп анықтап, орыстың ұлттық әдебиетіне ит қосып айтақтау науқанын өрістетті. (Бухарин тізбелеген образдар қатарында Жаратқан­ Ие мен икондар төбет итпен және бұтақпен араластырылуын түсінуге болады, өйткені Николай Иванович балалық шағында басқа ешкім де емес, антихристің дәл өзі болып шығуды армандаған болатын). Бұдан да ертерек, 1926 жыл­ дың наурызында, сталиндік қуғын-сүргіннен көп бұрын, Есениннің достарының бірі – Троцкийге қарсы поэма жазған ақын Алексей Ганин атып өлтірілген еді (“тежеусіз әмірші” Сталиннің 1934 жылы өзіне қарсы бағытталған өлең жазған Осип Мандельштамды жер аударумен ғана шектелгендігін және тек үш жыл өткеннен кейін ғана ақынның көзін лагерьде жоя алғандығын еске түсірейік, бірақ басқа – басқа, ал Кобаның даңқы кекшілдікпен шыққаны белгілі, сондықтан оның Мандельштамның айтқан сөздерін ұмыта қоюы екіталай-ды).

“Бухариндік қуғын-сүргін” деген термин жоқ, бірақ кім біледі, дәл осы бір өз кезіндегі құдіретті саясаткерге, сонымен бір уақытта Округтік Мемлекеттік Саяси Басқарма (ОГПУ) алқасының ықпалды мүшелерінің біріне, өзінің тұтас бір қатарын – крестьяндық әдебиетті жойғаны үшін тек орыс сөз өнері ғана емес, сондай-ақ алғашында “ұлтшылдар” деп, одан соң “контрреволюционерлер” деп жарияланып, 1929 жылдың өзінде-ақ заңсыз жазаланған өзінің ең таңдаулы жазушыларының көзін жойғаны үшін қазақ әдебиетінің де “қарыздар” болуы әбден мүмкін.

Қарапайым ғана жағдай: ұлттық интеллигенцияны өз мақсатына “пайдаланған”, енді оны жоюды ойына алған (оның: “Біз бұл уақытша одақтастарды лақтырып тастай аламыз”, – деген көп мағыналы сөзін еске түсірейік – жендеттің сөздік қорында лақтырып тастау дегеннің нені білдіретіні айтпаса да түсінікті) Голощекин өзінің “ұлтшылдарын” бүкіл елге көрсету үшін, яғни оларды тұтқындауға негіз қалау және сонымен бірге Мәскеудің, Саяси бюроның қолдауына ие болу үшін Бухариннің жеңінің ұшына М.Жұмабаев өлеңдерінің үзінділерін тықпалағаны анық. Қазақ тілін түсінбейтін Бухариннің қазақ ақынының шығармасындағы саяси “бүргені” өз көзімен көруі мүмкін емес қой! Саясаткерлерде кездейсоқтық болмайды.

Әрине, бұл Филипп Исаевичтің Қазақстанның көрнекті интеллигенттерінің үлкен бір тобын тұтқындауға адамсүйгіш Кобадан рұқсат алғанын тіпті де жоққа шығармайды, ал бірақ жазалаудың – қазір айтылатынындай – Голощекиннің ұсынысымен жүзеге асырылатыны ешбір күмән тудырмайды... Барлығын пайымдай келгенде, бұл – ұжымдастыру алдындағы артиллериялық дайындық еді: халықтың арқасын – шаруаларды – опырар алдында оның билікпен ешқашан да және ешбір жағдайда да келісімге келмейтін рухани көсемдерінен бірден және біржола құтылу керек болды...

1929 жылдың 19 сәуірінде “Советская степь” “Жазушы-қазақтардың шығармашылығы туралы” (“О творчестве писателей-казахов”) деп аталған хатты жариялады. Хаттың алдында шағын редакциялық алғы сөз болды:

“Правда” газетінің редакциясына және “Әдеби энциклопедияның” (“Литературная­ энциклопедия”) редакциялық алқасына жекелеген жазушы-қазақтардың шығармашылығына берілген бағаға қатысты “Энциклопедия” жіберген қателерге орай, бір топ жолдастардың қарсылық хаты жіберілген. Бұл хаттың үлкен қоғамдық мәнділігіне байланысты оны толық келтіріп отырмыз”.

Несі бар, бұл хатта әңгіме болған жазушылардың тағдыры бүгін де ешкімді бейтарап қалдырмайды, сондықтан оның негізгі мән-жайын толық келтірейік:

“Қадірлі жолдастар!

...Біздің ойымызша, Әуезов пен Байтұрсыновтың шығармаларына мүлде маркстік емес тұрғыдан баға берілген. Алдымен Әуезов туралы. “Литературная энциклопедияда” ол “осы заманның аса көрнекті жазушысы, көркем шығармалары ғажайып сезімталдығымен және тарихи шыншылдығымен ерекшеленеді...”, – деп жазылған. Біз мұның бәрі ең аз дегенде Әуезовтің өзін де, оның шығармашылығын да білмегендік, түсінбегендік деп санаймыз.

Біріншіден, Колчак кезінде шығыс Алашорданың белсенді мүшелерінің бірі болған Әуезов Колчакпен күресе алған жоқ, күреспеді де, керісінше белгілі екеніндей, сол кездегі бүкіл Алашорда, оның ішінде, Әуезов те Колчакпен одақтасып, большевиктерге, Кеңес өкіметіне қарсы күресті...

Рас, Кеңес өкіметі келген соң Әуезов оның жағына шығып, партияға өтті және біраз уақыт ҚырОАТКОМ-ның (КирЦИК – ауд.) хатшысы міндетін атқарды, бірақ соның өзінде де бәрібір Әуезов саясатта да, әдебиетте де қазақ байшыл дығының буржуазиялық ұлтшыл-идеологі болып қалады. 1922 жылы Әуезов антипартиялық алашордалық идеологиясы үшін партиядан шығарылып... әдеби және педагогтік жұмысқа кетті. Ол бұл жұмысын осы уақытқа дейін жалғастырып келеді...

Өзінің барлық шығармаларында ол қазақ өмірін өткенді аңсаған қазақ байының көзімен көреді, қазақтың ескі-азиялық әйелдерін жырлайды, қазақ хандарын, аңызға айналған батырларын, “дана” билерін, құрметті ақсақалдары мен феодал мырзаларды дәріптейді және онымен қоймай, оларды үнемі бүгін де құрметтеуге, еліктеуге тұратын ұнамды бейнеде суреттейді (қараңыз: “Қарагөз”, “Еңлік – Кебек”...). Бұл аз дегендей, жазушы Әуезов бұл айдай айқын реакциялық идеологиясын өзінің “сынында” да уағыздайды...

Байтұрсынов туралы бағаны да... мүлде дұрыс дей алмаймыз. Рас, Байтұрсынов революцияға дейін қазақтың ұлттық интеллигенциясы жетекшілерінің бірі болды, патшалық саясатқа қарсы күрес жүргізді және ол кезде ол объективті түрде қазақ өміріндегі прогрессивті буржуазиялық революционер болып табылды.

Алайда мұның бәрі “Байтұрсынов – аса көрнекті қазақ ақыны” деп айтуға ешкімге құқық бермейді...

Ол мұндай болған жоқ. Ол публицист болды және солай болып қалады да.

Байтұрсынов ... буржуазиялық ұлтшыл – қазақ байшылдығының идеологі болып қалады... Ол контрреволюциялық­ идеологияны уағыздады...

Осы заманғы қазақ қоғамы Байтұрсыновты біздің партиямызға қарсы күрес жүргізген және жүргізіп келе жатқан қазақ байшылдығын ашық қорғаушы, сол реакциялық алашордалық интеллигенция көсемдерінің бірі деп санайды.

“Литературная энциклопедияның” редакциялық алқасы жіберген қателерді түзету мақсатында біздің бұл пікірімізді “Правданың” беттерінде жариялауды өтінеміз.

Коммунистік сәлеммен, О.Исаев, І.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов, С.Сафарбеков, О.Жандосов, Х.Юсупбеков, А.Байділдин”.

Ізге түсу, қудалау науқаны соңына жетті. Қалғаны туралы – тұтқындау, тергеу және 14 қазақ жазушысы мен мәдениет өкілдеріне шығарылған үкім жөнінде – жалған құжат жасалған басқа процестердің (Шахтинск ісі, Промпартия ісі) баспасөзде егжей-тегжейлі жазылғанына қарамастан, ол кезде бір ауыз да сөз айтылмады. Қазірге дейін бұл туралы жалпылама түрде ғана айтылуда. Міне, “Қазақстан Компартиясы ОК комиссиясының Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеу бойынша қорытындысынан” үзінді.

Мағжан Жұмабаев туралы:

“...1921 жылы “Алқа” (“Круг”) деп аталған коллегияны, оны Сібір тұрғындарына Қазақ рес­ публикасын кеңінен таныстыру мақсатында Сибревком жанындағы ҚазақАКСР өкілдігі ұйымдастырғанына қарамастан, бейне бір астыртын қызмет үшін құрды деген жалған айыппен 1929 жылы 10 жылға негізсіз түрме жазасын береді. Бұл ағартушылық коллегия кейіннен, сталиндік қуғын­сүргін кезеңінде, қазақ ұлтшылдарының құпия контрреволюциялық ұйымы деген ат алды”.

Ахмет Байтұрсынов туралы:

“20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында революцияға дейінгі интеллигенцияның көптеген көрнекті қайраткерлері елде басталған әділетсіз қуғындау мен жазалауға ұшыраған кезде, Алашорданың бұрынғы көсемдерінің контрреволюциялық қызметінің бейне бір жаңа фактілері жөнінде А.Байтұрсыновтың үстінен де арыз жа­ зылды. Ол баспасөздің жапатармағай шабуылының нысанасына айналды да, 1929 жылдың маусымында тұтқындалып, ОГПУ коллегиясының шешімімен сотталды және Архангельск облысына жер аударылды. Ал оның әйелі мен қызы Томскіге жіберілді”.

Жүсіпбек Аймауытов туралы:

“...1929 жылы бейне бір астыртын ұлтшылдық ұйымға қатысқаны үшін қайтадан тұтқындалып, 1931 жылы атылған...

Ж.Аймауытовтың трагедиялық қазасының себебі де М.Жұмабаев сияқты жоғарыда айтылған “Алқа” ағартушылық коллегиясының жұмысына қатысқаны болды... Бұған Ж.Аймауытовтың РК(б)П-ның тарихи рөлі туралы шын жүректен шыққан мойындауы мен оның социалистік құрылысқа қатысқан практикалық қызметін ешбір елеп-ескерместен, бұрынғы “Алаш” партиясының мүшесі болғанын қосты.

Республика прокурорының қарсылық білдіруі бойынша, олардың қызметінде қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты, Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов және Ж.Аймауытов қайтыс болғаннан кейін толық ақталды”.

Міне, бар болғаны осы ғана. Бұл қысқа мәліметтерден айқын көрініп тұрғанындай, Жұмабаев пен Аймауытов бір іспен өткен. Ал Байтұрсынов ше?

Бәрі де бір ғана, 1929 жылы тұтқындалған...

1930 жылдың 1 қазанында Голощекин Алматы ұйымының қалалық партактиві жиналысында “Партия құрылысына 10 жыл” (“10 лет партийного строи­тельства”) деген баяндама жасады.

Ол:

“Жолдастар, есте ұстауларыңызды сұраймын, менің баяндамам партия ұйымының тарихы емес. Менің қолымда оған жеткілікті материалдар жоқ, ал бірақ болған күнде де мен қазір тарихты жазумен шұғылданбаған болар едім. Қазір тарихты жасайды...” – деді.

Бұл баяндамасында өлкелік комитеттің бірінші хатшысы өзінің кезеңдік істеріне – қазақ “ұлтшылдарының” талқандалу жайына нақты түрде тоқталды.

Бейне бір партбилетті бетке ұстап, өздерінің алашордалық қызметін жалғастыру және Кеңестерді құлату үшін жаппай партияға кіруді өз алдарына мақсат етіп қойғандай болған Алашорданың 20-жылдардың бас кезіндегі астыртын қызметі туралы айтқан шағын кіріспесінен кейін Голощекин:

“Жолдастар, мен жария ететін барлық құжаттар, бұлар... “Байтұрсыновтық” деп аталып, жойылған контрреволюциялық ұйым ұлтшылдарының көрсетулері (қазіргі кезде Тынышпаевтың, Ермековтің және Досмұхамедовтің тағы бір контрреволюциялық ұлтшыл ұйымы жойылуда)”, – деді Голощекин.

Голощекиннің басқалармен бірге Аймауытовтың көрсетуін әлденеше қайталап келтіргеніне қарағанда, олардың бәріне – Жұмабаев, Байтұрсынов және Аймауытов үшеуіне де бірдей айып тағылып, бір ғана іспен тұтқындалғаны түсінікті болады.

Істе “контрреволюциялық қызметтің” бірде-бір жаңа фактісі жоқ екеніне ешбір шімірікпестен, оларды дерліктей он жыл бұрынғы “күнәлары” үшін соттады. Және он жыл бұрын орын алған әңгімелер “ұлтшылдарды” жою үшін кінә етіп тағуға­ болатын салмақты дәлел екеніне көрсетулерді оқып тұрған Филипп Исаевичтің өзі де толық сенімді болды (қай жағынан алып қарағанда да, алғашында олардың бәрін ату үшін жинады – мысалы, Міржақып Дулатовтың Бутырск түрмесінің өлім жазасы кесілгендер камерасында тоғыз ай отыруы тегін емес. Бірақ кейін “әлеуметтік қорғаныстың жоғарғы шарасы”* деп аталған өлім жазасын он жылдық концлагерьмен ауыстырды). Осы көрсетулер бойынша (олардың қандай жолмен жиналғаны және қаншалықты шындық екені әлі белгісіз), шын мәнінде, ешқандай да контрреволюциялық қызметтің болмағанына көз жеткізу қиын емес – “буржуазиялық ұлтшылдардың” бүкіл кінәсі олардың өз халқының тағдыры туралы ойлағандығында болды және олар табиғи түрде бұл халықты білмеген, түсінбеген, сүймеген, таусылып бітпейтін нұсқаулардың көмегіне сүйеніп, кабинеттен басқаруды жөн көрген Голощекиннен өзгеше ойлады. Қазақтардың шынайы өмірі оған мүлде жат еді. Оған тек “ауыл бұқарасын игеру”, ал ол үшін алдымен ұлттық интеллигенцияны “пайдалану”, одан соң “бұл уақытша одақтастарды лақтырып тастау” ғана керек болды. Және лақтырып тастады да – қудалануға, жойылуға лақтырды, ал сонымен бірге ұлттық мәдениетті де лақтырып тастады.

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар