Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 13...

28.04.2019 4853

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 13

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 13 - adebiportal.kz

ХІV

Егер одан да ертерек болмаса, 1932 жылдың басынан өлкелік комитетке, ҚазОАТКОМ-ға, Халком кеңесіне аштық туралы дабыл көтерген хаттар, жеделхаттар, баянаттар келе бастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 12

Үштөбеден жолданған жеделхат (ақпан, 1932 жыл): “Балқаш бойындағы барлық ауылдар аштыққа ұрынды. Басқа алты әкімшілік ауылда 4417 шаруашылық болған еді, 2260-ы қалды, олардың 63%-ы ашығуда. Қалған тұрғындар жедел көмекке зәру. Аштық 1931 жылғы декабрьдің алғашқы­ күндерінде басталды. Дәл емес мәліметтер бойынша, барлығы 600 адам өлді. Ашыққандар жылқының өлексесімен, қасап қалдықтарымен қоректенуде...”

Ырғыздан жеделхат (1932 жыл):

“Алма-Ата Крайком Голощекинге Астық дайындау жоспарын орындау есебі жеткізіліп берілуге тиісті астықты ұстап қалу жолымен үш жүз центнер дайындалды нүкте Ауданның азық-түлік қиыншылығын ескере келіп үтір мал өткізушілерге берілетін астық есебінен дайындалған астықты қайтаруға нұсқау берілуін сұраймыз райком Поктаров”

Одан әрі Мәскеуге жазды.

ССРО ОАТКОМ төралқасына ӨТІНІШ (1 ақпан, 1932 жыл):

“Бұрынғы Павлодар округінің тұрғындары ұшыраған аштықтың үнсіз және әрекетсіз көрермендері болып қала беруге бұдан әрі өзімізді құқықты емеспіз деп санап, біз ССРО үкіметінің орталық органдарына мәлімдеуге мәжбүрміз. Аштықты тудырған себептерге талдау жасаудан және оған баға беруден бас тарта отырып, біз саналы түрде өзіміз куә болған көріністерді бейнелеп көрсетумен ғана шектелеміз.

Шамамен бір жарым айдан бері Павлодарға аудандардан аш адамдар ағылып келуде, бет-ауыздары ісініп, алба-жұлба киінген адамдар, негізінен, қазақтар. Қала оларға толып кетті. Адам нанғысыз қайыршылық орын алуда. Әр үйге күн сайын ондаған адам келіп кетеді. Аштардың ішінде барлық жастағы адамдар: жастар, қарттар, балалар бар. Қоқыс тастайтын жерлерде қалдықтарды аударыстырып, талғажау етер тамақ іздеген аш адамдар қаптап жүреді.

Емдеу мекемелері аштықтан өлген адамдарға толып кетті. Аштықтан жұқпалы аурулар, індет таралуда (тіпті сүзекпен күрес жөніндегі төтенше үштік құрылды). Қаланың түбінен және қаланың өзінен үсікке шалынған, баспанасыз, аш адамдардың мәйітін үнемі тауып алады. Қалалық емханада дәрігердің қабылдауына келген науқас адамдардың көзінше аштықтан адам өлген жағдайлар бар. Біз нан сұрап келген аш адамдар табалдырығынан аттай бере құлап түскен үйлерді білеміз. Қол шанасына көрпе-жастығын салып, ал оның үстіне жолда өлген баласын жатқызып, беті ауған белгісіз жақтарға қаңғып бара жатқан қазақтар отбасын жиі көруге болады.

Мекемелерге шала үсіген аш балаларды лақтырып кетеді. Балалар үйі аузы-мұрнынан шыға толған, ешкімді қабылдамайды. Қалада күн сайын ондаған тастап кеткен, үсік шалған, аштықтан сіңірі шығып ісінген әр жастағы балалар табылады. Олардың әдеттегі жауабы: “Әкем өлді, шешем өлді, үй жоқ, нан жоқ”... Кейбір азаматтар мұндай балалардың кейбіреулерін, әрине, милицияға тапсырады, бірақ олар балаларды қабылдамайды, көшеге қайтадан қуып жібереді.

Ақырында бұл балаларға иесіз үй беріліп... олар осы жерге әкелінді. Біздің кейбіреулеріміз бұл үйді барып көрдік. Өлгендер мен үй алдындағы аулада, шөп үйіндісінде және үй ішінде табылған мәйіттер туралы егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ, жалпы жағдай жөнінде ғана айтар болсақ, бұл “жетімханада”... тек күніне бір рет қана ішінде бір үзім наны бар болмашы ботқа не сорпа беріледі, кір басып, сасыған балалар еденде яки пештің маңайында, қараңғы түнек ішінде айқасып-ұйқасып домалап жатады, өзімен-өзі жүреді, жылайды, ал жылауға шамасы келмегендері қорсылдап, қырылдайды. Жағдайдың ауырлығы сондай – балаларға қарау үшін қалалық совет бекіткен әйел ертеңінде-ақ қашып кетті.

Бізден бір адам 20 қаңтарда осы үйде көргендерінің бәрін айтып, қалалық советке мәлімдеген кезінде, қалалық советтің төрағасы милиция шақырып, оны тұтқынға алдырып, ГПУ-ға жөнелткеннен басқа жақсы ештеме істей алмады...

Апат аранын кең ашуда. Аштық Павлодарға аудандардан күн сайын жаңа қаңғыбастарды қуып әкелуде. Бойынан күш-қуаты кетіп, әлі құрыған адамдар жол-жөнекей өліп жатады. “Бір үзім нан” үйлеріне (по домам “кусочки”) жиналған аш адамдардың айтуына қарағанда, кейбір ауылдар мен кенттер тірі жансыз қаңырап бос қалған, енді біреулерінде жүздеген ауладан бір-екеуі ғана, ең жақсы жағдайда он шақты үй қалған. Тұрғындардың бір бөлігі Сібір өлкесіне кетті, ал қалғандары аштық құрсауында өліп жатыр. Павлодар ауданында 1931 жылдың жазында болған халықтың жартысына да жетпейтіні қалды. Мысалға айтар болсақ, Подпуск және Черное кенттері иесіз бос қалды... Енді №1 ауыл деген атымен жоқ. Бесқарағай ауданының Жалыбай ауылындағы 300-ден аса үйден тек ауыл советтің әкімшілігі ғана қалды.

Біздің қандай нақты көмек шаралары қабылдануы тиіс екенін атап көрсеткіміз келмейді. Біздің мақсатымыз – болып жатқан сұмдықтарды жасырып тұрған перденің бұрышын сәл-пәл көтеру ғана...

Саяси жер аударылғандар: В.Иогансен, О.Селихова, П.Семинин-Ткаченко, Ю.Подбельский, А.Флегонтов”.

БОАТКОМ төрағасы М.И.Калининге (10 ақпан, 1932 жыл):

“Қазақстанда тұратын барлық тұрғындар аштықтан өліп жатыр, кейбір жерлерде халық бүкіл ауылымен қырылуда”.

Жолдас М.И.Калининге: “Бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі ауданы, Сарқант станицасының азаматшасы Дворникова Мелания Харитовнадан жолдастық хат (ақпан, 1932 жыл):

“Құрметті жолдас! Маған әйел ретінде, мына мәселелерді түсіндіруіңізді Сізден басымды иіп өтінемін: біздегі колхоз құрылысы неліктен осылай қойылған? Астық дайындау өте қиын, меніңше, тіпті төзуге болмайтын жағдайда өтті, мысалы, “Тарас” казак колхозындағыдай. Барлық астық, яғни егістіктердің бәрі ортақтастырылған және оның үстіне, әркімге тағы да 10-15 және 20 пұтқа дейін салық салады. Бүкіл жаз бойы колхозда істеген адам мұны қайдан алады? Енді міне, қазіргі кезде бүкіл осы аш тобыр өздеріне қорек іздеп, жүк көтерген балаларымен бірге жол бойында жүр және жол-жөнекей шыбынша қырылуда. Бұдан әртүрлі тонау, кісі өлтіру әрекеттері болуы мүмкін және қазіргі кезде мұндай жағдайлар бар да. Аягөз стансысында бір әйелді жарты бөлке нанға бола бауыздаған. Қайырымдылық сұраған мүсәпірлер күн сайын он-ондап сабылып жүр, оларға беретін ештеме жоқ, өйткені колхозда, сондай-ақ жұмысшыда да ешқандай артық астық жоқ, ал май туралы айтудың керегі болмас. Колхозда үлесті (паек) еңбеккүнге қарай береді, ол жұмысшының өзіне әрең жетеді, ал отбасы мүшелері мүлде қанағаттандырылмайды. Осыдан барып жүздеп, мыңдап шекара асуда, тіпті онда оларды ұрып-соғып, кескілеп өлтіріп жатқанына да қарамайды. Ал олар кімдер? Көпшілігі біздің таптық бауырларымыз: батырақтар мен кедейлер. Менің жеке пікірім бойынша, бұл дұрыс емес...

Өзім туралы айтарым: мен – кедей отбасынан шыққан шаруа әйелмін, революция толқыны менің иығымнан өтті, 1924 жылдан партия мүшесімін...

жасым 38-де және жас кезімнен 1929 жылға дейін: бірде ыдыс тасушы, енді бірде үй тазалаушы болып жалдықта істедім. 1929 жылы Сарқант Халық клубында үй тазалаушы болып істеп жүріп, мен 1 дес. (десятина – жер ауданының 1,09 гектарға тең ескі өлшемі – ауд.) жерге егіс егуге жалдандым (менің алып жүрген 23 рубль айлығым мені қамтамасыз ете алмады), ал іс жүзінде 53 пұт берген бұл егіс үшін әр деседен 110 пұттан өнім алынады деп есептеп, маған 92 пұт тапсыруға Комоз келді. Ауа райы жағдайына байланысты өнімнің аз болғаны жөнінде акт жасалды, бірақ соған қарамастан, мені басқа әйелдермен бірге кеудемізге “Халық жауы”, қаскөйлікпен астық тапсырмаған” деген жазуы бар қара тақтайша іліп, көшеден-көшеге, телімнен-телімге қуды. Партия мүшесі және 43 пұт астық тапсырушы ретінде мен өзімді “халық жауымын” деп санамаймын. Менен басқа да әйелдерге жәбір көрсетілді, онымен қоймай, құйыршық байлап, иық белгі тағып масқаралап, 2 апталық нәрестелерімен бірге суық қамбаға қамап, 3 тәуліктен отырғызды, бұдан көптеген аурулар пайда болды. Мен партия мүшесі ретінде мұның дұрыс емес екенін дәлелдей бастап едім, маған жалған материалдар жасады, әсіресе ауылдық советтің төрағасы – Сидоров.

Партия мүшесі болса да, бірақ кулактың баласы, таптық бауыр да, идеялас жолдас та емес, алайда ол бюро мүшесі ретінде мені партия қатарынан шығару жөнінде мәселе қойды... 1931 жылдың соңында маған партбилетті тапсыруды ұсынды, сол үшін Сіздің назарыңызды осыған және менің БК(б)П мүшесі ретіндегі құқығымды қалпына кел­ тіруге аударғым келеді.

Осылар жөнінде қол қоямын”.

Солтүстік Қазақстан облысы, “Казгородок” отырықтану пунктін тексеру актісінен (көктем, 1932 жыл):

“Адамдардың көпшілігі арып-жүдеп кетті. Қалдықпен қоректенеді. Қандай да бір жалаңаш сүйек табылса, содан “сорпа” қайнатады. Бұдан басқа, тағамға кеуіп қалған, ал кейде тіпті иленген тері де пайдаланылады. Аудан орталығында иттің етімен қоректенетін отбасы да бар. Үйінің маңайынан көптеген иттің басы табылды. Қазанда бірнеше иттің сирағы қайнап жатты... 144 үй болған Шоқы кентінде 60-қа жуығы ғана қалды. Адамдар азық болар нәрсе іздеп қаңғып кетті. Тексеру кезінде болғандардың көпшілігі өлексемен, бұзылған ет пен, сүйек сорпасымен, кебек көжемен және қайнатылған терімен қоректенді. 15 отбасы мүлде жүдеп, ісініп кеткен. Олардың өміріне жәрдем көрсетерлік ешқандай қор колхозда жоқ. Жұмысшы-құрылысшы Биғар Қиғарин бір адамға ғана үлес алады. Оның әйелі мен үш баласы көжемен және сумен қоректенеді. Қожан Кенжеболатовтың отбасында алты жан. Тексеру сәтінде оның он жасар баласы көңді тырмалап жүріп әлденені тапты да, аузына салып сора бастады. Сағындықов Қуовтың отбасында үш жан бар, иттің етімен тамақтанады...”.

ОГПУ ҚазПП-ның (ОГПУ Қазақ саяси бөлімше­ сінің) мәліметі, 4 тамыз, 1932 жыл:

“Қолда бар мәліметтер бойынша, Атбасар ауданында азық-түлік қиыншылығы барынша ушыққан. Аштыққа байланысты жаппай ісіну мен өлім жағдайы байқалуда. 1 сәуірден 25 шілдеге дейін 11 кісі өлімі тіркелген, олардың 43-і шілдеде”.

Республика Халком кеңесіне жолданған баянаттағыдай, ашыққандар тек қоныс аударушылар ғана емес, сонымен бірге “...көшпелі аудандардағы қазақтардың әлі де өз орнында отырған 100 мыңға жуық шаруашылығы аштыққа ұшырауда. Қазақ тұрғындардың ішінде жаппай ауру мен өлім-жітім байқалуда”.

Қазақ ОАТКОМ-ы ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы Замайловтың баяндамасынан (5 қыркүйек, 1932 жыл):

“...Балқашқұрылыстың шет жағына маңайдағы аудандардан көшіп келген, ешбір өндірістік жұмыс пен шұғылданбайтын қазақ тұрғындар азық-түлік көмегіне өте мұқтаж. Азық-түлік қиыншылығына байланысты мыңдаған адамдар жұқпалы аурулардан (сүзек, құрқұлақ, дизентерия) азап шегуде, оларға медициналық, сондай-ақ азық-түлік көмегі көрсетілмейді. Оның үстіне, көшіп келген мұқтаж адамдарға азық-түлік көмегін көрсету мәселесі кешіктірмей шешуді қажет етеді.

Бертісте мен мынадай фактіге куә болдым: онда жұқпалы аурулардан және аштықтан өлген адамдардың мәйіттері алаңдарда шашылып жатты және олар 3-5 күнге дейін жиналмады”.

“Молния Алма-Ата ҚазОАТКОМ-ға Бесқарағай ауданы Бауковск ауыл советінде адамдар аштан арам қата бастады мәлімдеу үшін хабарлаймыз ауылсовет”.

Мәтінде дәл осылай жазылған: “арамқатты ” (здыхать)... Мәлімет үшін хабарлаған, көмек сұраған жоқ. Үміт артпады...

* * *

“Советская степь” газеті, 1932 жылдың 11 қаңтары. Өлкелік комитеттің хатшысы Кахианидің Алматы партактивінде жасаған баяндамасынан:

“Ауыл шаруашылығында біз таңғаларлық табыстарға жеттік”.

1932 жылдың 15 мамыры. Голощекиннің өлкелік актив кеңесіндегі “Қазақ ауылындағы коллективтендіру туралы” сөзінен:

“Үш жылдың тәжірибесі көрсеткеніндей, коллективтендіру барысында қазақ ауылдары ауылдағы еңбекшілер бұқарасының әл-ауқатын жоғары деңгейде және шапшаң қарқынмен көтерерліктей өзінің шаруашылығын ұйымдастырудың таңдаулы формасына ие болды...”

“Казахстанская правда”, 17 маусым, 1932 жыл: “Жапон шаруалары ашығуда. Жалгерлердің мұқтаждығы есебінен кулак-жер иеленушілер баюда...” 1932 жылдың маусымында Алматы партия конференциясында Құрамысов егістік жағдайы туралы баяндады:

“Талдықорғанда үй маңайында өсіп тұрған биік бәйтеректерді ортақтастыруға дейін барған. Және кейбір жерлерде оларды қиған да. Бір қызылармияшы әйел келіп теректерінің жартысын отап тастағаны туралы мәлімдеді...” – деді.

Одан соң ол коллектив мүшелеріне бақша өсіруге қалай тыйым салынғандығы, ал селолық совет “тездетіп тауық, сиыр тапсырыңдар” деп жазбаша нұсқау жібергендігі туралы жазылған газет хабарын есіне алды. Және “Бұл барлық жерде болды!” деп, шағын хабарға түсініктеме берді.

Голощекин: “Ал ол (көрсетеді) тіпті барлық омартаны ортақтастырды”.

Құрамысов: “Өйткені әбден ойланып істеу керек қой!”

1932 жылдың 20 қазанында Голощекин Алматыдағы актив жиналысында сөз сөйледі. Бұл кезде БК(б)П ОК-нің Қазақстандағы мал шаруашылығы туралы, нақтырақ айтқанда, мал шаруашылығындағы қалған-құтқандар жөніндегі шешімі қабылданған болатын. Бірақ Филипп Исаевич шаруашылықтың талқандалуынан көңіліне секем де алған жоқ:

“...ОК өлкелік комитеттің қазақ ауылын қайта құру саласындағы бағытын мақұлдады!” – деді (ду қол шапалақтау).

1932 жылдың 28 қазанында “Казахстанская правда”:

“Жолдас Голощекин бастаған өлкелік комитеттің жетекшілігімен қол жеткізілген қазақ ауылдарын социалистік қайта құру саласындағы ірі табыстар... үлкен тарихи мәнге ие факт болып табылады” деп жазды.

* * *

Ұжымдастыруды жүргізуші бүкілпартиялық төбетоп сөз сөйлеу мәнеріндегі қатыгез де аяусыз арсыздығымен ерекшеленді.

1932 жылдың 8 шілдесінде Киевтегі Бүкіл украиндық конференцияда Молотов сөйледі. Ол ұжымшарлардың аса зор жеңісі туралы айта келіп, “ауыл шаруашылығын социалистік қайта бөлудің алдыңғы қатарында келе жатқан” Украинаны қол жеткізілген табыстардың жарқын мысалдарының бірі деп атады.

Каганович украин партия ұйымы жолдас Сталиннің басшылығымен бұдан да әрі алға қарай – “жаңа ұлы тарихи жеңістерге” жете алады деп сендірді.

(Ду қол шапалақтаумен жалғасты.)

Бұл кезде Украинада аштықтан миллиондаған адамдар өлген болатын. Украиндық облыстар әскердің қоршауында қалды. Пулеметпен, мылтықпен қаруланған чекистер, милиция жан-жаққа бытырай босқан әл-қуатсыз аш адамдар тобырына өлім тырнағынан сытылып шығу мүмкіндігін бермей, оларды бөгеп тұрды. Соңғы мәліметтер бойынша, онда аштықтан 7 миллионға жуық адам қырылған.

Партиялық төбетоптың іс-әрекетіндегі арсыздық олардың сөздерінен де асып түсті.

“Алапат аштыққа қарамастан Сталин Еуропа елдеріне астық экспортын жалғастыруды талап етті. Егер 1928 жылғы өнімнен шекара сыртына 1 миллион центнерден азырақ астық жөнелтілген болса, ал 1929 жылы 13 миллион центнер, 1930 жылы 48,3 миллион, 1931 жылы 51,8 миллион, 1932 жылы 18,1 миллион центнерге жеткізілді. Тіпті аштықтың ең ауыр кезеңі болған 1933 жылдың өзінде Батыс Еуропаға 10 миллион центнерге жуық астық жіберілді. Оның үстіне, кеңестік астық Еуропа елдеріндегі экономикалық дағдарыс жағдайында іс жүзінде түкке тұрғысыз дерліктей арзанға сатылды. Ал 1932-1933 жылдары шекара сыртына асырылған астықтың жартысы да барлық оңтүстік аудандарды аштықтан аман алып қалуға жеткен болар еді. Дей тұрғанмен, аштықтан әлсіреп және өліп жатқан шаруалардың аузынан жырып алынған кеңестік астықты Батыс Еуропада арланбай да қымсынбай әрі аруақтан қорықпастан, “тыныш отырып” жеді. Ресейдегі аштық туралы барлық қауесеттерге қатаң тойтарыс берілді. Тіпті, 30-жылдардың басында КСРО-ға танысу сапарымен келген Бернард Шоу Ресейдегі аштық туралы қауесет сөздер ойдан шығарылған деп жазды және ол өзі осы жерде болған кездегідей Ресей бұрын-соңды ешқашан азық-түлікпен дәл осыншалықты жақсы қамтамасыз етілмегеніне көзін жеткізді.

1932-1933 жылдары аштықтан қанша адамның өлгенін әлі күнге дейін ешкім білмейді. Көптеген зерттеушілер 5 миллионға тоқтайды. Енді біреулер 8 миллионды атайды, бұлардікі шындыққа жақынырақ болар.

“1921 жылдағыға қарағанда және 1877-1878 жылдары Қытайда болған сұмдық аштық кезіндегіге қарағанда көп қырылды...” – деп жазды тарихшы Рой Медведев.

Бұл хабарлама 1992 жылдың көктемінде Мәскеудегі Революция мұражайында өтіп, елдің жетекші аграршы-тарихшыларымен жұртшылықтың кездесуі болған “Жер. Аштық. Реформалар” экспозициясының материалдары бойынша журналист Е.Александров жақын уақытта жасаған басқа қорытындымен толықтырылады:

“1932 жылдың маусымында Сталин Саяси бюроға хатында қуғын-сүргін шараларын негіздей отырып, “ондаған мың украиндық колхозшылар әлі күнге дейін ел кезіп жүрулері арқылы еңбекшілерді ыдыратуда” деп шағынды. 1932 жылдың көктемінде мемлекеттің астықты аудандарға 17 миллион центнер мөлшерінде несие бөлуіне тура келді. Егін егілді, әзірше жаппай аштықтан бой тасалауға мүмкіндік туды. Алайда адамдар жаңа өнімге шегінен шыққан жұтаңдық жағдайында жетті. Егіс алқабында масақ толыса бастасымен-ақ оған “шаштараз” деп аталатындар лап қойды, бұлар, ең алдымен, әйтеуір бір ботқа дайындап, балаларын тамақтандыру үшін әлі пісіп үлгермеген масақты қиып алу мақсатымен таңға жуық егістікке келетін аналар еді... 1932 жылдың 7 тамызындағы “социалистік меншікті ұрлағаны” үшін өлім жазасын беру (жеңілдетілген жағдайда 10 жыл түрме) қарастырылған сталиндік “жеті-сегіз” (“семь-восемь”) жарлығы осылай пайда болды. Шаруалар атап кеткеніндей, “бес масақ туралы” жарлық бойынша, 32-нің тамызынан 33-тің қаңтарына дейін 56 мың адам сотталған (ату жазасына кескен екі мың үкімнің мыңнан астамы орындалған).

1932 жылғы дайындау науқаны деревняда астықты толығымен сыпырып алу жолымен өтті, бірақ жоспар орындалмады, иә, оның орындалуы да мүмкін емес болатын.

Мемлекет бұл жолы 180 миллион центнер дайындады, ал шетке “небәрі” 18 миллион центнер жөнелтті, алайда ол мұны өз халқының қамын ойлаған адамгершілік тұрғыдан істеген жоқ. Енді астықты сығып алу үшін ең жабайы әкімшілік қуғын-сүргін әдістері қолданылды. Сөйтіп, осылайша жаппай ажал оғын сепкен аштық басталды. Тарихшылар 1932-1933 жылдардағы аштық құрбандарының саны туралы 3-тен 14 миллионға дейінгі аралықта әртүрлі цифрды атайды. Көп­ шілігі 4-7 миллион адамға тоқтайды. Қазіргі кезде Сталиннің және оның айналасындағылардың қылмыстық ой-пиғылы болғандығы туралы айтуға мүмкіндік беретін құжаттар белгілі. Оның үстіне, елде адамдарды құтқаруға толығымен жететін­ астық қоры болды. Бұл, сөздің толық мағынасында, ұйымдастырылған аштық болды, бәлкім, Сталиннің КСРО халықтарына қарсы жасаған ең ауыр қылмысы болуы да. Сталиндік адамжегіштіктің әртүрлі дәлел-себептерін топшылауға болады және ұжымдастыру – оның ең бір “жарқын” мысалы да емес. Өйткені аштық балғасы ұжымшар мүшелерін де, еместерді де талғамай соқты. Мәселе тіпті де басқада: нені, қашан, қайда себу керек екенін өзі шешіп келген ғасырлар бойғы әдетінен әлі де арыла қоймаған шаруалар қауымын біржола және түпкілікті түрде жуасытып, бастықтырып алғысы келгенінде деп айтуға әбден болады...”

* * *

Отызыншы жылдардың бас кезінде жаңа халық мақалы пайда болды:

Орақ пен балға қолда!

Аштық пен ажал сонда.

* * *

Қазақстандықтардың куәгерлігі...

Ұлы Отан соғысының ардагері, Александр Невский орденінің иегері Сасан Нұрғалиұлы Нұрғалымов айтады:

– Мен Талдықорған облысы, Ақсу ауданының тау баурайындағы Қараағаш ауылында тудым. Әкем Ілияс Жансүгіровпен құрдас әрі жолдас болған, болашақ ақынмен ол бастауыш училищенің бір партасында отырып оқыған. 1926 жылы әкем қайтыс болды, анам төрт баламен қалды. Ал екі жылдан соң, 1928 жылы біздің үйді кәмпескеледі, сауын сиыр мен бір жылқыдан басқа малды айдап әкетті. Туған үйімді әрең-әрең есіме түсіре аламын, ол кезде небәрі жеті жаста едім... Көп ұзамай біз Ақсудағы анамның туыстарына көшіп бардық.

1932 жыл анық есімде. Аштық пен аяз қатар қысқан жыл еді, талғажау етер ештеме жоқ. Қыста адамдар аштан өле бастады. Гэпэушниктер шанамен көше аралап, өлгендердің мәйіттерін жинайды. Карболка (карбол қышқылы ерітіндісі – ауд.) мен керосин құйып өртейді. Қалған күл-қоқысын жардан өзенге лақтырады.

Біздің ауданға шұбартаулықтар көшіп келіп, аштық тырнағынан аман қалды. Бірақ олар көп еді, ақырында бәрі өлді. Бір әйел ғана қалды. Қаңырап бос қалған көшені кезіп, өз шашын өзі жұлады, кімге айтқаны белгісіз: “Сайтан алсын сені! Сайтан алсын сені!” – деп айғайлайды...

Бірде, ақпанның аязды бір кешінде, біз үйде отырғанбыз. Анам тары көже жасап жатты, ал біз пештің жанына ұйысып, тамақты күтіп отырғанбыз. Кенет есік шалқасынан ашылып, бөлмеге ораулы шүберек келіп түсті. Шүберекті ашқанда, ішінен жас нәресте – екі-үш айлық ұл бала шықты. Анам далаға жүгіріп шыққанымен, онда ешкім болмады. Құдай берген бала деп, атын Құдайберген деп қойдық. Біз оны асырай алмаймыз ба деп қорықтық, өйткені өзіміздің де талшық етеріміз тапшы еді. Көп ұзамай оны 45 жастағы баласы жоқ ауыл ұстасы асырап алды. Сөйтіп, ол әйелімен екеуі тастанды баланы бағып өсірді, сол бала қазір совхозда зоотехник, жеті баланың әкесі.

1933 жылдың басында мені Сарқанттағы мектеп-интернатқа орналастырды. Онда біз тек капуста, күнжара және қайнақ сумен ғана азықтандық. Бәріміздің ішіміз ісіп-кеуіп кеткен, ауырмаған жеріміз жоқ. Мұғалімдердің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Қазақ тілінің оқытушысы Әбдірахман Исақов әлі есімде, аштықтан бет-аузы ісінген оның сабақ жүргізуге шамасы әрең келіп жүрді. Әсіресе наурыз бен сәуірде қатты қиналдық. Таңертең далаға шықсаң – арықтың жағасында қатып қалған мәйіттер жатады...

Кейіннен сабақ біржола тоқтап қалды. Күні бойы жатақханадағы төсегімізде аунақшып жатып ойлайтынымыз – тіске басар үйір дәнді қайдан табамыз болды. Жоғары сыныптағылар асхананың жертөлесінде картоп бар екенін біліп қалады. Жертөленің шағын ғана саңылауынан ешқайсысы ішке түсе алмай, ең кішкентай әрі арық мені мәжбүрледі. Мен, әрине, қорықтым, бірақ олардың бастаушысы мені шапалақпен жақтан бір тартты да: “Егер төмен түспесең, соққыға жығамын!” – деп қорқытты. Содан әйтеуір амалдап, тар тесіктен арқанмен жертөлеге түстім. Көшеден қауға шелек тастады. Суланған және жартылай шіріген картоптың өзі де өте аз болып шықты. Мен бірнеше шелекті толтырып, жоғарыға жөнелткеннен кейін, қараңғы қуысты тырмалап жүріп жартылай босап қалған майшабақ бөшкесін таптым. Қос майшабақты қалтама сүңгітіп те үлгерместен есіктің құлыбы салдырламасы бар ма! Есіктің ашылған саңылауынан қолында “жарғанаты” бар, сыңар аяқты қоймашы шал көрінді. Одан қашып құтылармын деп ойладым мен. Алайда баспалдақпен егде жастағы аспазшы әйел түсіп келе жатты. Мен әлдебір жәшіктердің қалқасына жасырынып жата қалдым. Олар ештемені сезбестен, менің жанымнан өтті. Сәлден кейін мен жылыстап далаға шықтым да, әупірімдеп жан шақырдым. Үш күн бойы біз өз бөлмемізде картоп қайнатып, оған қоса майшабақты бәрімізге бірдей етіп бөліп жедік...

Жазда мені Андреев ауданына сиыр бағуға жіберді, ал шілдеде менің артымнан әкемнің кіші інісі Абылай аға келді. Ол кезде аштан өліп қалмау үшін барлық оқушыларды мектептен босатып, ата-ана, туысқандарына таратқан болатын. Анам маған бірдеме болып қалмасын деп алаңдап ағайды жіберген екен. Одан жеті жасар қарындасым Сүйінбикенің қыста өкпе ауруымен сырқаттанып қайтыс болғанын естідім...

Бақташылық жұмысым үшін маған бес метр сиса берді. Біз Абылай екеуміз оның бір бөлігін сатып, екі жұқа нан сатып алдық. Одан соң Ақсуға жаяу тарттық. Келе жатырмыз, наннан аз-аздап тістеп қоямыз. Ыстық, күн күйіп тұр, жол алыс – қырық бес шақырым. Айнала толы жұлым-жұлым киінген, омсырайған адамдар. Аяқтарын әрең-әрең алып келеді: біреулері Ақсуға, екіншілері Сарқантқа. Біздің қойнымызда нан барын қайдан иіскеп біле қойғанын қайдам! Алыстан аңдып, ізімізбен ілесіп, соңғы күштерін жинап қуады да, ес-түссіз жерге құлап түседі.

Қанша жыл өтті, бірақ бойында жаны бар демесең, өлі аруақ секілді мүсәпір жандар беті ауған жаққа қаңғып бара жатқан сол бір шілде жолы әлі көз алдымнан кетер емес...

* * *

Данабике Байқадамова есіне алады:

1933 жылдың тамызында жас орыс дәрігер әйел екеумізді І Алматыдан он бес шақырым қашықтықтағы қамқорлыққа алынған “Ынтымақ” колхозына жолдамамен жіберді. Елді мекенде тірі жан қалмапты, тастап кеткен. Үйлердің шатыры отын болып шашылып жатыр, терезелердің ағаш жақтауларын алып кеткен, есік орнында – қараңғы үңгір. Қонып шығу үшін тоқтауға болатын үйді әрең іздеп таптық. Кейінірек Халком кеңесінен қызметкерлер келді. Жұмыс басталып кетті. Даланың әйтеуір бір жақтарынан сіңіріне ілініп, ыңыршағы шыққан жартылай тірі адамдарды алып келді. Қайсысы еркек, қайсысы әйел екенін айыру қиын. Биттеген шаштарын тақырлап алдырған, қаңқа тәрізді сыриған. Дене жоқ десе де болғандай, бәрі ішке кіріп кеткен... Дәрігер оларды қарап, ал мен мәліметтерді жазып отырдым. Дәрігер олардың әрқайсысынан: “Неге қалаға барып жәрдем сұрамай, далада жүрсіздер?” – деп сұрайды. Әлдекімнің: “Аштар қонаққа бармайды, намысы барлар бөтеннің есігін қақпайды, сырын ашпай, іштей тас түйін болып бекініп алады және Құдайды да ұмытады...” – дегені есімде қалыпты. Ал көпшілігі: “Қашан олардан айырылып­ бітіп, далада қаңғып қалғанға дейін аш малдың соңынан еріп жүре бердік”, – деп жауап берді...

Біртіндеп бос үйлер адамға толды, тіпті жергілікті мектептің бұрынғы мұғалімі де қайта оралды. Бұл екі арада менде түсініксіз жағдай болды: күнде көріп жүрген жаншошырлық көріністерден бе, әлде басқадан ба, әйтеуір ұйықтай алмайтын болдым. Ал егер ұйықтай қалсам, түсіме сұмдық жағдайлар кіреді. Жиі-жиі терлеп оянып кетемін де, одан соң түні бойы көз ілместен қалшылдап жатамын. Күндіз жан шыдатпас бас ауруынан азап шектім... Дәрігер әйел көп ұзамай ауру жұқтырып қайтыс болды, мен ештемені түсіне алмай, құр басымды шайқай бердім. Бірде бәрі түсінікті болды – мұғалімге жерлестері келген еді, мен оның айтқандарын кездейсоқ естіп қалдым.

...Бұл үйде МТС саяси бөлімі бастығының отбасы тұрған екен, дұрысын айтқанда, бастық – әйел адам, өйткені саяси бөлімді айтарлықтай жас қазақ әйел басқарған (сирек жағдай!). Ол мықынынан жоғары қайыс бау тағып, оған байланған тапаншасының қабы салақтап жүреді екен. Олардың – күйеуі мен екеуінің аштық басталған тұста қатты ауырған үш жасар ұл баласы болады. Ата-аналары ол үшін қалай шыр-пыр болса да, бәрібір ажалдан алып қала алмаған... Кезектесіп, күні-түні әлсіреген баланың жанында отырған. Бірде қалжыраған екеуінің де көзі ілініп кетеді. Ал таңертең анасы баланың өліп жатқанын көреді. Баланың қарны жарылған, жүрегін суырып әкеткен... Қыстың күні ақ қардың үстімен табалдырықтан бастап әлі қатып үлгермеген қан тамшылары шұбалып жатады. Тапаншасын қолына алған ана қан ізімен жүріп отырады. Із көрші көшедегі үйге алып келеді. Онда, ел арасында тараған сөзге қарағанда, әйелі мен екі баласы жақында жоғалып кеткен жалғызбасты еркек тұрады. Әйел бекітілмеген есікті шалқасынан ашып кіргенде, еденде отырған адамның оның ұлының жүрегін пеш үстіне қойған бақырашқа салып, қуырып отырғанын көреді.

“Мен сені атып өлтіремін!” – деп айғай салады әйел. Ол: “Ат. Ештемеден қорықпаймын”, – деп жайбарақат жауап береді.

Соны айтады да, кенеттен еңкейіп, қолын пешке тығып жіберіп, одан әлденені алып, әйелдің аяғының астына қарай лақтырып жібереді. Ол – үш адамның басы: біреуі – оның жоғалған әйелінікі, ал екеуі жас балалардікі болып шығады.

Мұны көрген әйел тапанша ұстап дірілдеген қолын алдыға қарай созған қалпында ес-түстен айырылып, еденге құлап түседі. Оқ та атылмайды...

Сол бір 1933 жылдың тамызында мен көп жағдайды көрдім, ал жоғарыдағы әңгімені естігеннен кейін орнымнан тұра алмай жатып қалдым. Бірнеше күн бойы безгек ұстағандай сандырақтап жаттым...

* * *

Академик Жабағы Сүлейменұлы Тәкібаевты тұңғыш қазақ физигі деп атайды. Оның кең ауқымды физика ғылымында іргелі және қолданбалы маңызға ие 500-ге жуық жеке және бірлесіп жасаған жұмыстары бар. Ол – біздің өз елімізде және шетел ғалымдарына белгілі республикадағы тұңғыш фи­ зикалық ғылыми-зерттеу институтының – физикалық-техникалық институттың, сондай-ақ ядролық физика және жоғары энергиялар физикасы институттарының құрушысы және тұңғыш директоры.

Міне, оның айтқаны:

– Мен Семей облысының бұрынғы Абыралы ауданы жеріндегі бабам Тәкібайдың ауылында тудым. Кейіннен бұл жерді Берия атом қаруының сынақ полигоны етті және алаңды таңдап алған Курчатовтың маған: “Білесің бе, біз сенің туған ауылыңда болып едік қой”, – дегені есімде.

Біздің отбасымыз нағыз діндар болды: атам қасиетті орындарға тауап етуге барды, қажы болды, әкем мейірімді, байсалды қайырымды адам еді, молда болды. Қазіргі өлшеммен оны сауаты аз адам дер, бірақ жиырмасыншы жылдары әкем білімді адам болып саналды және жұпыны ауыл мектебінде балаларды оқытты, тіпті директор атанды-ау деймін. Діни әдет-ғұрыптарға бұл кезде тыйым салынған, алайда ар-иманы бар мұсылман Пайғамбар өсиет еткен парызды өтемей тұра алмайды, сондықтан мектептің шошалаға ұқсаған оңаша бос бөлмесінде бір өзі қалып, әкем тиісті намазын оқитын. Әйтсе де, адамның көзіне түспей қалу мүмкін бе?! Біреу байқап қалып, тиісті жерге жеткізген. Енді сөйтпей қайтсін: ерінбей-жалықпай, әлдебір жақтан фотографиялық аппарат тауып алып, намаз оқып отырған әкемді құпия түрде түсіріп алған. Міне, көрдіңіз бе, мектептің директоры қандай, ескінің сарқыншақтарынан құтылғысы келмейді. Міне, осындай кертартпа совет балаларын оқытады! Рас, ол кезде бәрі аудандық ГПУ-де ауызша ескерту берумен аяқталды да, әкемді босатты. Бірақ 30-ыншы немесе 31-жылы біздің жақта колхозға қарсы бүлік бұрқ ете түсті: көтерілісшілер аудан орталықтары Қайнар мен Шыңғыстауды алып, онда қызыл туды жасылға ауыстырды, одан кейін бұларды Семейден жіберілген әскери отряд басып-жаныштады – менің өзім алыстан жеткен винтовка оқтарының дыбысын естідім және неге екенін, әйтеуір ересектерден естіген – жазалаушы отряд бастығының Шубин деген фамилиясы жадымда қалып қойыпты.

Біраз уақыт өткеннен кейін бұл оқиғаларға қатыспаса да әкемді тұтқындады, жай ғана, бұрын ауқатты болған адамдардың барлығын “айыр мен тырманың астына” алды, ал әкем болса, оның үстіне, молда болған, яғни сол кездің лексиконы бойынша, діни соқыр сенім иесі еді... Біз анам екеуміз Семей­ дегі №2 түрмеге барып, әкеме амандасып қайттық, соңғы рет оны өлерінен аз күн бұрын көрдік. Бірнеше жыл түрмеде отырған ол 1933 жылы сотқа үш ай қалғанда қайтыс болды. Ал Абыралы ауданында бұл кезде бұрынғы тұрғындарының көп дегенде 15-20 пайызы ғана қалған болатын: біреулері Қытай асып кетті, енді біреулер басқа өлкелерге көшті, көпшілігі аштықтан қырылып қалды.

Біз Семейге көшіп бардық. Мынадай жағдай есімде. Үйдің жанынан әлдебір жүк артылып, үстін жөкемен жапқан шана өтіп бара жатты. Біз, балалар, шананың ізімен жүгіре жөнелдік, сырға­ нағымыз келеді. Мен қуып жетіп шанаға артыла бергенімде, әлдебір қатты нәрсеге соғылып қалдым. Жабудың шетін ашып қараған кезімде – сіресіп қатып қалған кіші жастағы балалардың мүрдесін көрдім...

Сұмдық кезең. Құдай мұндайды көруді ешкімге жазбай-ақ қойсын. 1933 жылдың қысында ездовой (әскери жүк арбасындағы делбеші – ауд.) жерлеушілер таң атысымен үсіп қатып қалған, аштықтан және аурудан өлгендердің мәйіттерін жинайтын. Бәлкім, менің атамды да дәл осылай әкеткен шығар: елдің айтуына қарағанда, тамақ ішпей әлсіреген ол тура көшеде құлап түскен. Көп ұзамай әжем де қайтыс болды. Одан соң анам қайтыс болды. Көз алдында болған қайғы-қасіретті көтере алмады. Сөйтіп, мен “таза” жетім болып, балалар үйінен баспана таптым. Олар екеу еді: №2 және №5. Рақмет...

Ал енді 1941 жылдың көктеміндегі Мәскеуді көз алдыңызға елестетіп көріңіз: Кремльдің жарқыраған Георгиев залы, әрқайсысы жеке үстелге орналасып, бар зейінімен әлдебір сәтті күтіп отырған – бүкіл елден жиналған жүздеген жігіттер мен қыздар – сталиндік стипендияттар... кенеттен! – Мүлде күтпеген жерден, салтанатты есіктен емес, әлдебір бүйірдегі кішкентай елеусіз есіктен жүздері сұсты, жинақы киінген әскери адамдар пайда болады да, дәліз бойлап сап түзеп, бізге қадала қарап тұра қалады және дәл осы кезде әлгі дәлізбен бірінен кейін бірі барлық жерлерде тұратын портреттер бойынша таныс көсемдер өтеді: Калинин, Ворошилов, Каганович, Молотов... ал олардың соңынан, ұзақ үзілістен кейін баяу басып, үстіне түсі көзге байқала бермейтін пешпентше (френч) мен аяғына етік киген адам келе жатады. Сталин! Және бүкіл залда отырғандар бір кісідей әрі бір деммен: “Ур-р-р-ра-а-а!!!”

Бәлкім, бірнеше минут бойы “уралап” айғайлап, қол соққан болар. Менің үстелшем Сталин келіп тоқтаған жерге тіптен жақын болып еді. Мен дүниедегінің бәрін ұмыттым – қазірге дейін осы бір қас қаққандай сәттен өзге ештеме есімде жоқ, – тек оған қарай бердім, қарай бердім. ...Айтпақшы, өзінің суреттегі бейнесіне ұқсамады: мен толық, ауыр денелі, енжар, еңкіш адамды көрдім. Көз қарасы да селқос, немқұрайды. Және дәл сондай енжарлықпен, талғаусыз сөйледі. Оқуға қатысты екі-үш сөйлем айтты да, “Коммунизмге қарай алға!” деген тәрізді әлдебір ұранмен аяқтады... Бірақ мен ол кезде қуаныштан өзімді ұмытқан едім! Дүниеде менен бақытты ешкім болған жоқ! Бұл не? Көздің байлануы ма?..

Кейін Ташкенттегі Ортаазиялық университетте оқыған кезімде менің аяғым жерге тимеді: біресе Ташсельмаштағы немесе әлдебір фабрикадағы, бірде мектептегі кездесуде боламын және барлық жерде сұрақ қоюлар, гүл ұсынулар, қол шапалақтаулар. Енді қалай?! Тірі Сталинді көрдім ғой! Осылайша мен қыза келе, Сталин сөзін аяқтай бере, бейне бір әдейі істеген секілді, көзін жиі-жиі жыпылықтатып қыса берді деп байқамай айтып қалғанға дейін, мені бір залдан екіншісіне тасып сөйлете берді.

Келесі күні маған машина келіп, НКВД-ға алып барды. Сымбатты ер адам мұндай егжей-тегжейлікті айтудың керегі жоқ екенін маған ұзақ та салмақ түсіре нығарлай ұғындырып бақты. “Елеусіз нәрселерді еске алудың қажеті жоқ және тіпті, оның үстіне, бұл туралы айтудың қажеті жоқ, ешкімге және ешқашан да”, – деді. Осыдан кейін мені үйге босатты. Бірақ бірде-бір кездесуге шақырған жоқ. Ешкім және ешқашан да.

Ал елуінші жылы диссертация қорғап, Ғылым академиясына жұмысқа орналасу үшін Алматыға келгенімде, менің кандидатурам қаралған жалпы жиналысқа төрағалық етушіге: “Біздің арамызға “халық жауының” ұлы қайдан кіріп кеткен?” деген домалақ қағаз келіп түсті. Мұның бәрі мен үшін жақсылықпен аяқталмауы да мүмкін еді, бақытыма орай, тұтқындауға асыға қойған жоқ. Мен Мәскеуге ұшып келдім. Онда өзім аспирантурада оқыған ФИАН-ның (ҒА-ның физика институты) бірінші бөлімінің бастығына өтінішпен кірдім. Мемлекеттік қауіпсіздік генералы мені мұқият тыңдап болып, ертең келуім керектігін айтты. Ертеңінде: “Қайта бер, мәселе шешілді”, – деді. Мені құтқарған – түрмеде өлген ауыл молдасының ұлы екенімді өмірбаянымда жасырмағандығым болды. Жалпы, мен мұны ешқашан да жасырып көрген емеспін. Тіпті, балалар үйінде, 34-жылғы аштықта да. Сол үшін де, тап бойынша жолдас болмасам да, мектептегі класта мені пионерге қабылдады. Басқа жолдастар секілді, солармен бірге кейін комсомолға да...

* * *

Жазушы Қалмұқан Исабаев:

– Сол бір 1932 жылдың ызғарлы күзгі күні әлі есімде. Сірә, әлдеқашаннан бері бүкіл отбасымыз болып от жағылмаған суық бөлмеде жатамыз: аяғы ісіп кеткен, ауру әкем, кеудесіне менің бір жасар қарындасым Сәукенді қысып алған, өзі де әлсіреген анам және біз, үш ағайынды: тоғыз жасар Заркен, төрт жасар Бабкен және әлі алтыға толмаған мен. Үй жартылай қараңғы. Үш күн бұрын анам бидай кебегінің соңғы қалдығымен көже қайнатқан. Бізге кішкене кесеге құйып беріп, күш жинау үшін қозғалмай жатуды қатаң талап етті. Келесі күні Сәукен мен Бабкен шыдай алмай қыңқылдай бастады. Анам далаға шығып, терезе қақпағын нығыздап жауып келді де, көзінің жасы сорғалап:

“Ботақандарым менің! Мен терезені қараңғылап келдім. Біздің қалай өлгенімізді ешкім көрмей-ақ қойсын...” – деді.

Таң бозарып ата бастаған секілді. Терезе жақтауының саңылауынан сыздықтап енген күн сәулелерінің самауырдың күңгірт бүйіріне бұқпантайлап қалай жеткенін бақылап жатырмыз, біртіндеп көз алдымыздағының бәрі шыр айнала жөнелгендей болады. Жарық сәулесімен бірге шөп талшықтары, месқарын самауыр, есіктің бос ойығы – бәрі-бәрі айналып тұрғандай. Ол кезде мен аштықтан есімнен танып қала беретінімді түсінбейтінмін. Санаң бір сәтке оянғанда, ішіңнің қалай суырылып бара жатқанын қайтадан сезінесің. Жанымдағы­ інім мен қарындасым көз жасына шашалып, анамызды шақырады. Ол балаларға қарай жүгіре жөнеліп, кенеттен бөлменің орта тұсында құлап түсті. Әкем анама бір жамбастап жақындап келіп:

“Махтум! Махтум!” – деп үрейлене үн қатады оған. Анам үнсіз жатыр. Ал біз төртеуміз қосылып жылай бастадық...

Кенеттен бөлме ішіне күн сәулесі лап берді: әлдекім терезенің қақпағын ашып жіберді. Есікті қатты-қатты қағып жатыр. Үлкен ағайым орнынан тұрды. Табалдырықтан ақырын, бірақ күшті дауыс гүрілдеп естіледі:

– Сәлеметсіздер ме, көршілер! Бәріңіз аман-саусыздар ма?

Таныс дауыс. Бұл – Иван ағай. Кеңшар қоймашысы – Иван Семенович Мартынов. Мартыновтардың біздің ауылға қайдан және қашаннан бері келіп тұрып жатқанын білмеймін, бірақ, сірә, көптен бері болса керек.

– Сарқыт алыңыздар. Бейнеттеріңіз азайсын, – деп, ол шағын, бірақ тығыршықтай тығыз қапшықты ұсынады.

Мына ғажапқа қараңыз: анам есін жиды. Сірә, көзін де ашып үлгермесе керек, бірақ қапшыққа қолын созады. Келесі сәтте ол пеш жанында күйбеңдеп жүрді: асығыс бақырды қойып, астына от жақты. Біз ұннан жасалған көжені ашқарақтана және рақаттана жұтамыз, тек қана әне-міне мескейдің түбі көрініп қала ма деп қорқатын секілдіміз.

Кейін білдік, сол күні Иван Семенович Мартынов барлық үйді аралап, әрқайсысына аздап ұн үлестірген екен. Сөйтсек, қоймада қол тигізуге қатаң тыйым салынған қап болыпты. Бірақ адамдар өлім халінде, ажал аузында жатқан кезде қоймашы бұйрықты бұзған. Балалары көп үйлерге сәл артығырақ етіп бәрімізге тең бөлген.

Сол күннен кейін әкем оңала бастады. Ал сауыққан соң жұмысқа барды да, үйде аздап ішіп-жем пайда болды.

Бірде анам көшеден жылап келді. “Ауылда біреу-міреу аштықтан өлген шығар?” деп ойладым мен. Сәлден соң әкем де келді.

– Жә, жетер, қойсаңшы, – деп, ол анама қабағын түйе қарады.

– Иә, қалай қоямын?! Егер Мартынов болмаса, қанша адам аштан өлген болар еді! Ал ол жанашырлық көрсетіп, қазынаның ұнын таратты. Әлде ол ғана кінәлі ме? Не, сендер еркек емессіңдер ме, неге қорғамайсыңдар?!

– Қорғап көр. Аудан орталығына үш түнемей жете алмайсың. Олар оны босатпайды да. Тура бір өзің білмейтіндей...

– Бірақ он жыл түрме не үшін?! Аштарға көмектескені үшін бе?

– Солай деуге болады...

Қыс түсті. Иван Семеновичтің әйелі Марфа тәтей Павлодар түрмесінде қамалып жатқан күйеуін көріп қайтқысы келді. Бір күні Мартыновтың жыртық тон киіп, белін жіппен, қайыс баумен байлаған бес баласы түгел біздің үйдің есік алдында тұрды. Олардың үлкені – менің достарым Петька мен Ваньканың жасы жеті және алтыда болатын. Марфа әр баласының бетінен кезекпен сүйіп шықты да, кетіп бара жатқан арбаға қарай асығыс жүріп кетті. Осылайша олар біздің үйде қыс бойы тұрды. Ал көктемде үйдің жанына жүк арба келіп тоқтады. Марфа өзімен бірге әкесін, сары жирен сақалды, шымыр денелі қартты ерте келіпті. Анам оның балаларымен құшақтасып қоштасты, ал олар арбамен бір жаққа қарай кетті.

1951 жылы мен туған өлкеме демалыс алып келдім. Мен кіші лейтенант шенінде аяқтаған соғыс, жеңістен кейінгі тұрақты армиядағы қызмет артта қалған. Біздің үйіміз ол кезде Баянауыл ауданының Ленин атындағы кеңшарында тұратын. Бірнеше күн демалғаннан кейін мен атқа қонып, қосауыз мылтықты алдым да, қырға қарай жорта жөнелдім.

Үйден алыстаған кезде бұрын таныс емес үлкен көлдің жағалауына іліктім. Көз салып қарап едім, жағадан жағылған оттың түтіні шығып жатыр екен, сол жерде қармақ салып біреу отыр. Жақындап бардым. Бұл сақал-мұрты ағара бастаған орыс шалы екен. Мен балықшыға сәлем беріп: “Бұл қандай көл?” – деп сұрадым.

Қарт маған өткір көгілдір көзін қадалта қарап:

– Ал өзің қайдансың? – деді.

– Баянауылдан.

– Міне, қалай? Жерлес екенбіз ғой. Алысқа ұзап кетіпсің, бұл енді Қарағандының жері. Оскаровский ауданы. Ал көл Шыдынды деп аталады...

Баянауылдықтан кімді білесің, а?

– Көп...

– Исабаев Әлиді білесің бе?

– Ол менің әкем!

Қарт қолынан қармағын түсіріп ала жаздады. Содан соң мүштікпен шегіп отырған шылымының түтінін терең тартып, қармағын былай тастады да, орнынан түрегелді.

– Заркен емессің бе? – деп толқи сұрады ол.

– Жоқ, Заркен менің үлкен ағайым. Ал мен – Қалкенмін.

Ол қуана күлімсіреп, кенет мені ат үстінен қуатты қолдарымен жұлып алды. Содан соң жалпақ алақанымен арқамнан қағып, бетіме барлай қарады.

– Танығың келмей ме, а? Мартыновпын мен, Иван Семенович. Бәлкім, туыстарыңнан мұндай есімді естіген шығарсың? Марфа! – деп айғай салды ол үй жағына қарап. – Мейманды күтіп ал!

Есік алдына бүкірейген кемпір шықты да, алақанымен көзін көлегейлеп, маған тесіле қарады. Содан соң қолдарын шапақтап, менің жаныма жүгіре басып келді де, маңдайымнан сүйді.

– Махтумға судың қос тамшысындай ұқсас. Жоғары шық, төрлет, ұлым!

Үйден ұзын бойлы, ақ сары шашты жігіт – мен бірден тани алмаған бала кезгі досым Ванька шықты.

Сәлден кейін біз мерекедегіше дайындалған үстел айналасында отырдық. Соғыста қаза тапқан Петрді еске алдық, Мартыновтар үшін және менің туыстарым үшін, біздің кездесуіміз үшін іштік...

* * *

Камил Икрамов “Менің әкемнің­ ісі” (“Дело моего отца”) кітабында былай деп жазады:

“Біздің салон-вагон қыстыгүні қазақ жерімен өткенде, сірә, мен алты жаста болармын. Қазалы ғой деймін, стансыда вагон ақ ғимараттың қарсы бетіне келіп тоқтады, жол мен даланы жапқан қар жыртық ақжаймаға ұқсайды, ал пойыздың алдында қолдарын жалбарына жоғары созған қаңқалар тұрды – балалардың қаңқаларын қолдарына ұстаған ересек адамдардың тірі қаңқалары.

Әкемнің (сол жылдары – Өзбекстан партия ұйымының 1-хатшысы) не дегені жөнінде немесе, ең болмаса, оның бет ажары қандай болғаны туралы қосып айтқым да, қорытынды шығарғым да келмейді. Сол сәттегі әкемнің түр-түсі есімде жоқ, жалпы, маңайды жапқан жаңа жауған қар мен бет-жүздері де қарсылық көрсету үшін көтерілген емес, бір үзім нан күтіп жалбарына жайылған қолдары да қап-қара адамдардан басқа ештеме де есімде жоқ. Ал сол кезде біздің вагонда, бәлкім, картоп қосылған қуырдақ пісіріліп жатқан да болар. Мүмкін, қойдың майына қуырылған...”

Дәл осы теміржолмен сол жылдары Мәскеуге Голощекин жиі барып тұрды...

“...1933 жылға, – деп еске алады тағы да Камил Икрамов, – біздің отбасымыздың досы Зинаида Дмитриевна Кастельскаяның әңгімесінің қатысы бар...

– ...Мен бақшада тұрғанмын, – дейді ол. Бәлкім, жылаған болармын... Көңіл күйім өте күйінішті әрі қайғылы еді. Сұмдық! Сенің әкең келді. Ол да әйтеуір ұйықтамаған.

“Сіз неге көңілсізсіз? Сіз бір нәрсеге алаңдаулысыз ба, реніштісіз бе?”

Мен оған: “Білесіз бе, мен сұмдық қорқынышты түс көрдім, сіз білесіз бе, сондай үрейлі, қайғылы – тіпті одан шығар жол да жоқ”, – дедім. Оның білгісі келіп: “Қандай?” – деп сұрады. Мен айтамын: “Міне, ең алдымен, алғашында аспан болды, содан кенет жұлдыздар ағып түсе бастады, – деп.

– Түсіп жатыр, түсіп жатыр, соншама көп жұлдыз. Мен қарап тұрмын, бір кезде жұлдыздарды көру үшін жүгіріп келдім, көз салып қараймын – өлі қойларға ұқсап жатыр, жалпы, тұтас табын, бұйра жүнді өлі табын. Содан соң мен жақынырақ келіп, анықтап қарай бастадым, жоқ, бұл табын емес, бұлар – адамдар, бұлар – қазақтар! Өлі, сұмдық қорқынышты, әлдебір алба-жұлба жабу бүркенген және нағыз қаңқалар жатыр...”

Әкең сондай көңілсіз қарап тұрып, кенет маған: “Зинушка, сіз сондай жақсысыз, сіз тіпті мұның бәрінің не екенін білмейсіз” , – деді...

– Бұл отыз үште ме? – деп сұрадым мен.

– Отыз екіде де болған. Бұл отызыншы жылдан басталды, тіпті жиырма тоғыздан, бірақ олай емес. Дегенмен, қалай болғанда да, отыз үшінші жылы. Өйткені қазақтар туралы әңгімелер көп болды. Оның үстіне, стансы атаулының бәрінде де солар болды. Мәскеуден Ташкентке дейінгі барлық жол бойында, бұл сұмдық жағдай еді, осы бір жалбарынған, жылап-сықтаған, тамақ сұраған бақытсыз, алым-жұлым киінген балалар...

Міне, сірә, осы кезде Қазақстандағы сұмдықтар туралы әңгіме болды. Бәлкім, бұл Николай Ивановичтің (Бухариннің) сапары кезінде болған болар, өйткені ол мүлде күйінішті жағдайда келді. Ол өзінде бардың бәрін, барлық ақшасын таратып берген, “Біз аш келдік. Қарауға дәтің шыдамайды...” – деді. Орынборға бет алған кезде барлық жол бойы, барлық стансылар өлген адамдарға толы болды. Барлық жақтан бақытсыз адамдарды көресің, балалар­ стансыларда, жалпы барлық жерде сенделіп жүрді...”

Ал Николай Иванович сол кезде, отыз үште жоқ болмады...

* * *

Қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин маған мына әңгімені айтты:

– 1944 жылы біз көштік, мен төрт жаста едім. Көш он екі күн бойы әулеттің байырғы жолымен, Семей облысының оңтүстігінен Жезқазған облысы­ ның солтүстігіне қарай жүріп отырды. Біз үш жүз шақырым қашықтықты басып өттік. Бәрі де есімде: құлазып, қаңырап қалған қыстаулар, үйлердің терезелері шағылып, есіктері суырылып алынған, онда әлдеқашаннан-ақ қасқырлар ұя салған. Айнала толы адамдардың шашылып жатқан қаңқалары мен бас сүйектері; сапырылысқан сайғақ табындары... Жолдан бірде-бір ауылды ұшыратпайсың – отыз екінші жылдан бастап бәрі қаңырап қалған. Сол кезде мен бала болсам да осының бәрін айтып беру үшін: “Мені жазушы ете гөр!” – деп Құдайға жалбарындым.

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар