Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Үміт Битенова. Жастық шақ жырлары

01.03.2022 1689

Үміт Битенова. Жастық шақ жырлары

ОН ЖЕТІ ЖАС

Еліккіш кезім,

Еріткіш сезім

Алыстап менен кеткен бе?..

Көгім де бұлтсыз,

Көңілде - шық, сыз.

Қол жетпес ендi көктемге.

Алып - ұшпаймын.

Албырт емеспін,

Жастықтың буына мастанар.

Салқынқандымын.

Көбелек – елестi

Қуып жүр қазiр басқалар.

Суық сөзім мен

Сұқ көзімнен

Жайнаған жанар жасқанар.

Емін – еркін.

Шат.

Көрiнер бiр сәт

Кеткендей ұят,

Жастан –

Ар.

Іркiп бар ойды,

Кiрпияз күмән

Сананы басар сыналап.

Үркiп қарайды

Кiрпiк астынан

Он жетім

Маған

Сығалап.

Көзі де талды – ай,

Жолға әбден қарай.

Жақтырмай тұрмын мұны түк.

...Өзім де сондай

Болмап па ем,

Қалай

Кеткенмін демде ұмытып...

БҰЛ КЕЗДЕ

Бұл кезде менде сезім селдіреген,

Жоқ сезім ақ желкендей желбіреген.

Баяғы басымдағы бантигімдей,

Мұңыма байланбайды мөлдір өлең.

Бар еді жанымызға аяулы бақ,

Ағатын ақ бұлағы баяу құлап.

Болатын суы зәм-зәм, тасы таза,

Жан-жағы жасыл желек жаяу-құрақ ...

Жүруші ек әр күн сайын баққа барып,

Шалғыны ақ сәулеге жатты оранып.

Желпідік жапырағын тал - қайыңның,

Жаңғыртып жастық жырын жаттап алып.

Сол сәттің бәрі енді бүгін сағым,

Көзімнен бұлбұл ұшқан құлын шағым.

Көп еді ғой гүлдері көбелектің,

Кім түгендеп береді ұзын-санын.

Сол сәттің бәрі енді бүгін сағым,

Желкемде жоқ бұрынғы бұрым шағын.

Басылып асау көңіл қалғаннан соң,

Әкеткен аулақтатып шырын шағым.

Салмақты күйге енген соң салқынқанды,

Қойғанмын алып-ұшып алқынғанды.

Ұрланған ұйқылардың тасасында

Жылдардан жасырынып әр түн қалды.

Жағымды отырғаннан таянып ап,

Жарымның алақаны аялырақ.

Қамыққан күндерімнің өтеуіндей

Қуантып күнде құшақ жаяды бақ.

Жастықтың қойды уақыт бояуын ап,

Санамда сарғаяды саялы бақ.

Пердесін арман басқан періште күн,

Мен сені ұмытқанмын баяғыда-ақ.

ЖЫРЛА, ЖҮРЕК

Нәзіксің, сезімталсың

Тұла бой тұр ма елжіреп,

Сабырсыз төзім талсын,

Тоқтама, жырла, жүрек.

Сабырсыз төзім талсын,

Өрілсін нұрдан жібек,

Сезімге сен іңкәрсің,

Тоқтама, жырла, жүрек.

Сезімге сен іңкәрсің,

Санаңда сыр қалды көп.

Сындырмас сағыңды әр сын,

Тоқтамай жырла, жүрек.

Сындырмас сағыңды әр сын,

Самалды ырғал тілеп,

Сол сәтті сағынғансың,

Сондықтан, жырла, жүрек.

Сол сәтті сағынғансың,

Жатқанда мұңнан жүдеп,

Кез келді жалындар шын,

Жалындап, жырла, жүрек.

Кез келді жалындар шын,

Сыңғырлат сырғаңды кеп.

Әлемге әнің барсын,

Әуелет, жырла, жүрек.

Әлемге әнің барсын,

Шәліңді бұлғар білек.

Әйелдік бағың жансын,

Ақындық, жырла, жүрек!

КӨКТЕМІМ САҒЫНДЫРҒАН

Көктем келді кештетіп,

Көптен күткен.

Жаймашуақ төгілдi көк кеңдiктен.

Қонып жатыр үйiмнiң шатырына

Қанаттарын қаққыштап кептер бiткен.

Айлар бойғы

Дауылдан толас күткем.

Байқалмаған көзге еш оғаштықпен,

Жапырағын жоғалтқан былтыр күзде,

Бүр жарыпты қайтадан

Ағаш біткен.

Бұл кезеңдi басынан сан кешiрiп,

Қырда гүлдер жатқандай сәнге шығып.

Аққу да айдын көліне қайтып келдi,

Жылдағыдан жетсе де сәл кешiгiп.

Көктем келді

Кештетіп,

Сағындырып,

Жердің жасыл шапанын жамылдырып.

...Ауыр мұңнан мыс басқан арылар ма ем,

Кетсем егер қыр асып, сағым қуып.

ГҮЛ СЫЙЛАШЫ МАҒАН

Гүл сыйлашы маған,

Табиғаттың көркем

Сырға толы ерке нәзiгiн.

Гүл сыйлашы маған,

Гүлдеп өтсін өмiр

Куәсі боп көңiл жазының.

Гүл сыйлашы маған,

Гүл сыйлашы тәуiр,

Тiршiлiктен ауыр қажыдым.

Гүл сыйлашы маған,

Сергіп қалсын жаным,

Бойға дарып әнiм-азығым.

Гүл сыйлашы маған,

Жұпар иісін оның

Сүйгенім бе менің жазығым.

Гүл сыйлашы маған,

Көзге тұнсын көл бiр,

Жасыра алмай мөлдiр сезiмiн.

Гүл сыйлашы маған,

Құшағыңды ашып,

Шуағыңды шашып, жарығым.

Гүл сыйлашы маған,

Бір өзіңсің тірек,

Жалаулатар жүрек жалынын.

Гүлге айналсын аймақ –

Атқан арай таңдай,

Шіркін, өмір, қандай қымбатсың.

Гүлге айналсын аймақ –

Бақыт тілеп бізге

Басқан әрбір ізде гүл жатсын.

АНАМЕН СЫРЛАСУ

Өз жүзiңе шарайнадан көрiнген,

Ұзақ қарап ойланумен боласың.

Ұзын бұрым шашың әсем өрілген,

Самайыңа ақ түсiптi-ау, анашым.

-Уақыт өтiп, ескiргенмен жаңа жыл,

Ақ шалдырып көрсеткенмен мына айна,-

Жаймен ғана күбірлеймiн: - Мама, бұл

Кәрілiктiң белгiсi емес, мұңайма.

Менi байқап, көптен тұрған жаныңда,

Жүрегiңмен ұқтың ба екен күбiрдi.

Үлкен нұрлы көздерiңнiң маңында,

Тарамдалып майда әжімдер жүгiрдi.

Тек жабырқап жабықпашы, жан ана,

Елеме сен жүзiңдегi бар iздi,

Кәрілiктiң белгiсi деп санама,

Әжiм қайта өң беретiн тәрiздi.

Күрсiнумен өткен соқпақ жолдардың

Ойға шомба, қалай тапсам деп емiн.

Көлікте саған орын берген жандардың,

Ауыр алма көңілге “әже” дегенiн.

Балалықтан алыстармыз болмашы,

Мәңгі алдыңда сәбиміз бiз десек те.

Кәрiлiктi бiрақ ойға алмашы,

Тек біздердi есейдi деп есепте.

ЖАҚЫН ДА АЛЫС...

Ана - жүрек !

Көптен бері

Бүгiн сенiң өңiңе

Қан жүгiрдi қуаныштан,

Шырайландың,

Көрдiң бе ?!.

Адам деген

Бақытты өзін сезу үшін

Көп нәрсе

Керек емес деуші еді,

Түсінбеппін мен мүлде.

Бір – ақ сәтте

Бойыңдағы барлық мұңың жоғалды.

(Мұңмен

Қанша күнiң өттi.

Қанша жылың тоналды.)

Сәби дауыс

Телефонның құлағынан естілген

Сенің нұрсыз жанарыңа

Өмiр отын жаға алды.

Осы сәтті күткен едiң

Қанша төзiм тауыса.

Немереңнің балғын үндi

"Апа" деген дауысы – ай!..

Сағыныштың

Сазын төктің,

Сан айналып, толғанып,

Жүре бердi

Түгелденіп

Төрт құбылаң – бәрi сай.

Жап-жақыннан естіліп тұр.

Ортақ Жұлдыз.

Таныс Ай.

...Екi қала бөлiп тұрған

Екі араның

...алысы – ай.

БОЙЖЕТКЕНГЕ

Оу, бойжеткен, бақыт кілтін іздеген,

Болашақ жар, ана, келін – қыз деген,

Мінезіңді көркем етсін мына бір

Иманды ойға негізделген ізгі өлең.

Отау құрсаң, ата-енең мен жарыңның

Оябын тап, орамал да тағынғын,

Дәл өзіңе байланысты алдымен,

Жат-жұртқа кеп ашылуы бағыңның.

Ең алдымен сай бол әдет-ғұрыпқа,

Затың әйел екенін еш ұмытпа,

Үлгересің шығып биік сатыға

Еркегіңнен сәл-пәл төмен тұрып та.

Бұрынғылар салған қара сен ізге,

Екі жаққа тура жолды тең ізде,

Төсек жимай, тек төркіншіл болып ап,

Келген жерге көргенсіз қыз дегізбе.

Бір-біріңді жүрген кезде сынасып,

Күндер өтер көктем күзге ұласып,

Сылдырласа кесе-шәйнек сыр берме,

Жан-жағыңа жүзіңді ылғи жүр ашып.

Ақылды бол, намыс ойла, ар ойла,

Ақылдыда әрі қылық, әрі айла,

Күліп қарсы ал – күйеуің келсе қуанып,

Шаршап келсе – қабағына қарайла.

Сақтағанға аппақ адал некені

Жаратқан да мол жақсылық етеді,

Келіншекке Құдайдан шын сұраған

Қиын емес демде болу бөпелі.

Атанарсың сөйтіп сен де демде ана,

Емес, бірақ, туған жалғыз, сен ғана,

Адамдықтың көрсет өзің үлгісін

Азамат боп өсуі үшін сол бала.

Жақсы бала – әкесіне тартқаны,

Жаман болса – шешеге жүк артқаны,

Еркін өсір, еркінсітпе алайда,

Керек болса айылын қатты тарт, кәні.

Кемшілігін, бетке баспай қатесін,

Еркек сыйлау әйел үшін өте сын,

Жақсы жағын айтып ылғи сыртынан,

Асқар тау қыл балаларыңа әкесін.

Күйттеп жүріп тіршіліктің қу қамын,

Үй-жайыңнан ырыс-құтты қумағын,

Тіл тигізбе ата-енеңе ескермей

Күйеуіңнің дәл солардан туғанын.

Төркінді емес, үйде кәрі, жасты ойлап,

Келін болып жағыну ең басты айғақ,

Күйеуіңнің шотын шабу – міндетің,

Келген жерге судай сіңіп, тастай бат.

Адам Ата, Хауа Анадан тараған

Бір Аллаға сыйынады әр адам,

Есті әйел боп соны білсең Жәннатқа

Кіре аласың есігінен қалаған!

КӨКТЕМГЕ ҚАЛАЙ ІЛІНБЕК

Амандық-саулық сұрасқандарға

Ишара етем күлімдеп.

Жауқазын жырлар гүл ашқан қарда

Көктемге қалай ілінбек.

Көктемің қайда – а...

Армандай бұлғаң.

Өткенің ойға қалдырған.

Жабыққан күйді малмандай қылған

Жалықтым жылы жаңбырдан.

...Тұрақ жоқ боп тұр табиғат, айға,

Сұрақ көп боп тұр ақпанда...

Түспейді қашып перизат – айла

Көңілің құрған қақпанға.

Қаттысы кетсе қыстың,

Қабағы

Ашылар ауа райының,

Жүректе түйір ұшқын жоқ әлі

Табатын ойдың байыбын. .

Еріншек ерік жоғала жаздар

Көрінсе көктен құба таң,

Өзімді өзіне-өзі ор қазған

Осылай ғана жұбатам.

Амандық – саулық сұрасқандарға

Ишара етем күлімдеп...

Жауқазын жыр тұр – гүл ашқан қарда,

Бишара екен...

...Дірілдеп...

МЕНДЕГІ ІҢКӘР МАХАББАТ

Тағы да жауды қар қалың кеше,

Астында топырақ көктейді,

Өңірге көктем орнайын десе

Қалың қар еріп бітпейді.

Өңірге орнар өмір жаңарып,

Жадырап дала жер – көк пен;

Көңіл де іздер небір жаңалық,

Күзетіп ойды кер кеткен.

Көгімнен кетпей қойды да бұлтым,

Сағындым сәнін наурыздың.

Мойымау үшін мойнына мұңның

Сабырлы шәлі салғыздым.

Адыра қалғыр күйкі өмір дағы,

Жасаған,өзің жеткізгін!

Жұқармау үшін жүйкенің талы,

Тамырға ине еккіздім.

Көтерген нардай жігіттің жүгін

Жан сырын жатқа қияр ма ең.

Үзілмеу үшін үміттің жібін

Жапсырдым жырға қиялмен.

Ормандай ойым бар ұғымдарға

Жаңылдырғандай жұтаппын.

Жоғалтпау үшін жарығымды

Алға

Сенімнің отын тұтаттым.

Пейілден тауып жеңілген қалар

Мәңгілік рухқа қаталап.

Мейірімді жанға мейірмен қарар

Мендегі іңкәр махаббат.

Оң басар жолға бұрылсам деп ем,

(Жетсем деп емес жақсы атқа)

Сүрінсем – мейлі,

Жығылсам – көнем,

Тағдырым,бірақ,ақсатпа.

ҰМЫТ МЕНІ

Бөлек кетiп, бөтендi iздеп,

Араға көп жыл салып,

Кездесерміз екеумiз деп

Ойлаппыз ба мұншалық.

Еске салып бiр кездегi

Албырт, алау шақтарды,

Маған таныс нұр көздерiң

Көңiл сырын ақтарды...

Күйетiнбiз, жанатынбыз,

Шарлап сезiм әлемiн,

Келiспей де қалатынбыз,

Тым секемшiл жан едiң.

Тапсаң менен шөкiмдей мiн,

Алатынсың қысымға.

Мен өткенге өкiнбеймiн,

Сен ше, бақыттысың ба?

Қанағат қып барды мына

Қалса - дағы құр сүлдем.

Мен ризамын тағдырыма,

Сен ше? Налып жүрсің бе?

Қиналамын жүрегiмде

Үмiт оты сәл сөнсе.

Мен ғашықпын бұл өмiрге,

Мен ынтықпын. Ал сен ше?

Өткен күннен, кешегiңнен,

Елес берiп бiр мүсiн,

Суынып жар төсегiнен,

Бармақ тiстеп жүрмiсiң.

Бәрi өзiңнен, бекер еттiң,

Бiлмей кiм, не ұтарын.

Мен бардым да мекен еттім,

Бәйтеректiң бұтағын.

Ендi қазiр өсiп-өнген

Бағбанымын гүл бақтың.

Тiршiлiктiң көшiне ергем...

Ұмыт мені, қымбаттым.

БҰЙРЫҚ

Жалын жылда тауды бұзып, тас жарған,

Мұраттарға жету болып басты арман,

Әлі есімде, Қызыләуітте қазіргі

Ең алғашқы еңбек жолым басталған.

Қалдыру үшін ұлағаттық арқылы із

Осы жолды таңдағанбыз жалпы біз,

Қызыл көсем атындағы мектепке

Алты маман бірден келдік – алты қыз.

Дипломда – мәртебелі мамандық,

Оқу орнын оралғанда тәмам қып,

Біз секілді мұғалімде болатын

Тәжірибесіз талапқа тән балаңдық.

Жас маманбыз ала келген бөлек леп,

Шаршамаушы ек, үлгілі едік, елеулі ек.

Обалы не, бетімізден қақпайтын

Директорымыз Есдәулетов Төлеубек.

Еске алсам, ылғи түсем ізгі ойға,

Жететіндей қол созушы ек біз де Айға.

Шәкірттермен сабақтан соң, түс қайта,

Науқандатып жүруші едік күзгі айда.

Жан-жағынан жүректе жоқ бүгері,

Балдәуреннің жасыған ба жігері,

Балғындарды сапқа тізіп апарып,

Жинайтынбыз біз қырманнан жүгері.

Қыс жайлы да естеліктер көп менде,..

Құлпырушы ек, әсіресе, көктемде,

Оқушының қырға шығып гүл теріп,

Қызықтаймыз аунағанын көк белге.

Басымыз бос. Жастықтың не мұңы бар –

Бір-бірінен жасырмайтын сыры бал.

Жүктеме де жеткілікті бөлінген,

Айлықты да алатынбыз қыруар.

Қаһарынан қалтыраған талайлар,

Қалдыкүл әкпей ұстаз еді ар ойлар,

Ақылдарын аямайтын біздерге

Завучтар да – Ілияс, Дихан ағайлар.

«Жігіт біткен жалақылы, олжалы

Қызды аңдиды, белгілі ғой ол жағы,

Алтауың да түбі ауылда қаласың»,-

Деп бір күні Рәзия әкпей болжады.

«Бастарыңа, байқа, құрық тасталды»,-

Мырзабай да қалжыңдады астарлы.

-Бұл ауылға біз күйеуге шықпаймыз,

Атамаңыз!- деп бес құрбым бас салды.

Осы автордың естілген жоқ тек үні...

Бәрінің де нық сияқты ед сенімі.

...Бұйрық деген қиын екен,

Бұл күнде,

Бесеуі де сол ауылдың келіні.

САРЫ ҚЫЗ

Бір үлгімен берілмеген бұрын мән,

Желке жапқан шашы қалған бұрымнан,

Сары қызға өліп-өшіп кезінде

Талай жігіт төбелестен қырылған.

Киімді де соңғы сәнсіз кимеді,

Биіңнің де неше атасын биледі.

Талай сырттан сұқтанғанмен сыртынан,

Тәкаппар қыз ешкімге бас имеді.

Сағынатын шаққа жетіп бір-бірін,

Үй боп кетті бәрі қатар құрбының.

Өмірдегі орнын тапқан мансаптан

Сары қыздың бағы жанып тұр бүгін.

Түсіп жатқан шаш етектен пайда оған,

Табысты іске бар ғұмырын арнаған.

Шым-шым тартып тек жүрегі шаншиды,

Былдырлаған бала көрсе ауладан.

Сары күзге айналды да сары қыз,

Айғыздады әсем жүзді әрін із.

Кеңседегі қағаздардан қалжырап,

Қу тізесін құшақтайды кәрі қыз.

ДОЙБЫ

Оқушымыз. Жетіншіге көшкен жыл.

Бал-балалық. Шығар сәт пе естен бұл.

Дойбы ойнаймыз отыра қап екеуміз,

Бақытты сонда екенбіз.

Тұла бойды басты неге мөлдір мұң,

Тәтті екен-ау сол шақтар...

Алға қарай тасын қозғап дойбының,

Үнсіз ғана ұғысады саусақтар.

Бізге қарап тиіссе де бұзықтар,

Дойбы ойнаймыз басқа ойынға қызықпай.

Ойы - ұшқары, өзіміз едік бала тым,

Дойбымыз – сылтау болатын...

Өмір, бірақ, тақтасы емес дойбының,..

Өзгерді күн. Кемелденді ой бүгін.

Дойбы ойнаумен асыратын айласын,

Балдырғандар, қайдасың?!.

ЖАС ЕМЕСПІЗ ҚАЗІР БІЗ

Жас емеспіз қазір біз бір кездердегідей,

Жалын да жоқ сәуле шашқан көздерде күндей.

Жүрек сырын түкпірдегі жая алмаймыз біз,

Жүргеннен соң жайбарақат елдермен бірдей.

Жолдар бар-ды арамызда екіге айырылған,

Жылдар қалды күнпарақтай беті қайырылған.

Жастығымның мәңгі жасыл қалпын көшірген,

Жырлар қалды жарық көрмей бейкүнә құрбан.

Жанарыңның мұңын құйып қарама маған,

Жан-дүнием – бағым ешкім араламаған.

Жүгендеусіз жүйрік ойға құрық салмасам,

Жын-жыбырмен жазмышымды жаралап алам...

Жан-сезімнің қарашы бұл отқа салғанын,

Жасырынған көңіл көлі жасқа толды, әне.

Жүземін деп айдынында тұншығып қалмай,

Жағалауға аман-есен жетсем болғаны...

Жауабы жоқ.Қас-қағым сәт.Мөлдір шық тұнған

Жадыңдағы жасын-ойды айтпай ұқтырған.

Жұмақтың да, жұмбақтың да жолы жіңішке,

Жетер енді, босат мені, босат тұтқыннан...

СЕН МЕНІ САҒЫНБАЙСЫҢ БА

Сен мені сағынбайсың ба,

Кей сәттерде көргің келіп,

Уайымға салынбайсың ба,

Көз жасыңа бердің бе ерік?

Жанардан тамып тамшылар,

Сен мені іздемейсің бе?

Сағынбағаныңнан шығар,

Сағынсаң бір келмейсің бе?

Сағынсаң еске алар ең,

Серік етіп сыр сезімді.

Айналып маған бар әлем,

Көрер ең тұнжыр көзімді.

Естісең қатал болмас ең,

Дауысымды менің ышқынған.

Өртенер едің сонда сен

Мендегі ыстық ұшқыннан.

Еске алып өткен күндерді

Мұн торлап күрсінбейсің бе.

От сезім кешкен түндерді

Ойлаумен жүрсін дейсің бе.

Түсінер едің бәрін сен,

Түсінер едің қиналсаң.

Күтетініме кәміл сен,

Келем деп маған жиналсаң.

ГҮЛ ҚЫЗ, КӨКТЕМ ҚЫЗ

Гүл қыз, көктем қыз,

Гүлдей көркем қыз,

Көрмеп ек өзіңдей

Көркемді көптен біз.

Шиедей гүлдеген

Шат кезің бұл деген,

Көңілің құлпырған

Көктемдей күнменен.

Түк те жоқ ойыңда,

Жоқ қайғы, уайым да,

Асаулық бұлқынған

Талдырмаш бойыңда.

Түскендей көктен қыз,

Керілдің өктем, қыз,

Ашылып көзіңіз,

Басылар көктемгі із.

Гүл қыз, көркем қыз,

Күй, жан, өртен, қыз.

Жайдары жаз да өтер,

Келеді-ау ертең күз...

Көркем бол, көктем бол,

Көк-жасыл бөктер бол.

...Бақытты етсінші

Біз жүріп өткен жол.

ШЫДАМСЫЗ ЕДІМ...

Шыдамсыз едім - шыдауды үйрендім,

Сүрінсем сұраусыз едім -

құлауды үйрендім,

Көрсетпей жылаушы едім -

көрсетіп жылауды үйрендім,

Сынбаған, шытынамаған, қылаусыз едім -

жамап-жасқап құрауды үйрендім.

Өмір бәрін үйретті.

Үйретті.

Бірақ көнгім келмейді;

Сенімдерімді күйретті -

бірақ сенгім келмейді;

Іздегенге - ілік,

ілінгенге түйме етті -

болғым келмейді;

Сайтандарымды сыйлы етті,

тойған қарынды билетті -

көргім келмейді.

Бірақ қайда қашам,

Қайда барам?!.

-Ешқайда.

Өйткені

Осы топырақтан жаралдым,

Осы топыраққа айналам

Қайтадан!..

ЕШКІМГЕ АЙТПАҒАН СЫРЛАРЫМ

Ешкімге айтпаған сырларым,

Сендерді ешкімге айтпадым.

Ешкімге қиып бұрмадым,

Ешкімге теліп тақпадым.

Ешкімге айтпаған сырларым,

Сендер де адалдық сақтадың,

Есімнің есігін ұрмадың,

Көңілімнің әйнегін қақпадың.

Мазаламадың мұң іліп,

Жазаламадың, жасырдың.

Көрсетіп іштей ірілік,

Кішірейіп сырттай басылдың.

Ешкімге айтпаған сырларым,

Сендерге менсіз кім батпақ?!.

Мезгілсіз сауық құрмадың,

Мерзімсіз уақта сырғақтап.

Ешкімге ашпаған сырларым,

Қалыңдар солай жұмбақ боп.

Жылжыған сайын жылдарым,

Барады құның қымбаттап.

БҮГІН МЕЙРАМ

Бүгiн – мейрам көктеммен ере келген,

Құттықтадың сен менi мерекеммен.

Көктемменен бүр жарған қуанышым

Мәңгiлiкке айналсын деп өтем мен.

Жүрек ерiп, елжiрей қоңыр үнге

Бақ орнады менің де көңілімде.

Өмiр бұлтын ойдағы ыдыратып,

Жылу төккен теңедім сенi күнге.

Бүгiн – мейрам мен үшiн, сен үшiн де,

(Несi мейрам, болмасаң сен iшiнде?!.)

Өзiңмен бiр көтерем өмiр жүгiн,

Өзiңменен... жеңiлiс, жеңiсiм де.

Үміт БИТЕНОВА, ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жамбыл облысы, Қаратау қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар