Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Ұлықбек Есдәулет. Өлең қуалау...

29.04.2019 7684

Ұлықбек Есдәулет. Өлең қуалау

Ұлықбек Есдәулет. Өлең қуалау - adebiportal.kz

Мен мектепке баратын 1961 жылдың жазында ауылымызға ақын Əбдікəрім Ахметов пен композитор Бекен Жамақаев келді. Əкем елге келген өнер адамын қонақ қылмай жібермейтін əдетімен оларды үйге ертіп əкеліп, мал сойып, ұлан-асыр отырыс жасады. Əбдікəрім аққұба жүзді, ұялы көзі нұр шашқан жайдары, əзілқой кісі екен, ал бидай өңді, жағына пышақ жанығандай Бекен ағамыз сəл тұйықтау əрі мұңдылау көрінді.

Ақын ағамыз ұйқастырып, тақпақтай сөйлеп, осы ауылдың өз адамындай болып, үлкен-кішінің бəрімен бірден қалжыңдаса бастады.

Ал композитор болса көп үндемей, бастықтар құсап мойнындағы шоқпардай галстугін сипалап, ыздиып тұрып, қылтиып отырды. Дегенмен, менен екі жас үлкен апайым Бағдат Бекен Жамақаевтың сол тұста жаңа шыққан, ел аузындағы əндері «Махаббат вальсі» мен «Ертіс вальсін» нақышына келтіріп орындап бергені сол екен, композитор бірден өзгеріп сала берді, тіл бітіп, даусы шығып, шабыттанып, арқаланып, Бағдатты айналып-толғанып, төбесіне көтеріп əкетті.

Одан Əбдікəрім аға да қалыспай, кезі келгенде «Телефон » атты əдемі суретті бір кітапшасын оған қолтаңба жазып сыйлады. Апайым кітапшаны ашып жіберіп, сол жерде тұра қалып дауыстап, судыратып оқи жөнелді. Мəз болған ақын мені де шақырып алып, атымды сұрап, əлі мектепке бармағанымды естіген соң, кітапшасының қадірін біле қоймас деді ме екен, маған ұсынбады. Кітапшасының түрлі-түсті суреттеріне қызығып қалдым.

Бар ықылас өзіне ауған Бағдат апайым бірден жұлдызға айналып шыға келді. Мен болсам құр қызыққаныммен өнер дегеннен жұрдай едім, не домбыра шерте білмеймін, не əн салар дауыс бермеген. Кімнен үйренгенім есімде жоқ, сол кездегі жатқа білетін тақпақтарым:

Діңгіл, Діңгіл, Діңгілбай,

Діңгілбайдың қызы бар.

Екі емшегі тоқпақтай,

Иіріп қалған сопақтай…

немесе:

Жігіт сүйсең мені сүй,

Байға тисең маған ти, –

деп келетін, шетінен бейпіл, бəдік шумақтар болатын. Сондықтан ұялыңқырап, қонақтарға көп жақындай алмай, сырғақтап, сырттан бақылаушы болумен шектелдім. Əкем өзімді қонақтарға таныстыра салысымен сытылып шыға берген себебім де содан.

Дегенмен, біраз уақыттан соң менің де бір керегім болып қалды.

«Əкең шақырып жатыр», – дегенге жүгіріп жетіп келсем, олар дастарқан басынан əлі тұрмаған екен:

– Балам, мектеп директоры Мəкеш Əукебаевтың үйінде мына ақын Əбдікəрім ағаңның өлеңдері қалып қойыпты. Үйін білесің ғой, шауып барып, соны əкеліп бер. Жаңа өлеңін оқиын десе жатқа білмей жатыр. Жүгір, бір аяғың онда, бір аяғың мұнда болсын, – деді əкем.

Менің ұғымымда, ол кезде біздің ауылда «өлең айту» деп əн салуды айтушы еді. «Өлең оқу» дегенді бірінші естуім. Мен көрген ауыл ақындары Ержан Ахметов те, Рахметолла Тоқтарбаев та осындай отырыстарда өлеңді домбыраға қосып, əндетіп суырып салып шығаратын немесе «Қабанбай батыр», «Арқалық батыр» сияқты ұзақ жырларды мақамдап жырлайтын. Үйдегі қаракөк патефонға күйтабақ ойнатып, басқа да жырларды тыңдағанмын. Сондықтан домбырамен əн салмайтын ақынды бірінші рет көрген маған «өлең əкел» деген сөз «күйтабақ əкел» дегендей болып естілді. Сонда да болса:

– Өлең деген немене? – деп сұрадым мен жұлып алғандай. Əкем бірден қонаққа əзілдей бұрылып:

– Əй, Əбдікəрім, ақын мен емес, сенсің ғой, мына менің балама «өлең» дегеннің не екенін жəне оларыңды дəл қайда қойғаныңды өзің дұрыстап түсіндіріп жіберші, – деді. Ақын аға мені қасына шақырып алып:

– Айналайын, «өлең» деген қағазға жазылған қолжазба болады. Сол қолжазба кеше біз қонақ болған Мəкеш ағайыңның үйіндегі шкафтың үстінде папкасымен қалып қойыпты. Барып: «Ақын аға Əбдікəрім өзінің өлеңдерін сұрап жатыр» десең, қолыңа ұстата қояды. Соны маған тез əкеліп берсең болды. Əкеліп бересің бе? – деді менің арқамнан қағып тұрып. «Өлең», «қолжазба», «папка» дегеннен түк түсінсем бұйырмасын, миым шатасып кетті, сонда да:

– Əкелемін! – дедім мен өзіме сенім артқанға дардай болып. Ауыл ортасындағы Мəкеш ағайдың үйіне көшенің шаңын бұрқыратып отырып, жүгіріп жетіп келдім. Үйде бала-шағасы өріп жүр екен. Үлкен қызына:

– Біздің үйдегі қонақ боп жатқан ақын ағай сіздердің үйлеріңізде өлеңім қалып қойыпты деді. Сол өлеңді алып кел деп жіберді. Шкафтың үстінде тұр деді, – деп ентігімді баса алмай бастырмалата жөнелдім.

Тілеуіңді бергірлер көп қинамай, бір шеті баумен байланған, картоннан жасалған қомақты буманы қолыма ұстатып тұрып:

– Ол кісінің өлеңдері, сыртындағы жазуына қарағанда, осы папкада болуы керек, – деді.

Өлеңнің не екенін ұқпай тұрып, бұл буманың «папка» деп аталатынын мен ол кезде қайдан білейін? Əріп танымайтын кезім, сыртындағы жазуын да оқи алмаймын.

Өзімнен үлкен буманы қос қолдап құшақтай ұстап, үйге қарай ұшып келе жатып, жол-жөнекей мені бір қызығушылық сезім биледі: «папка» дегеннің ішіндегі беймəлім «өлең» деген құпияның не екенін, қандай болатынын көріп-біліп алғым келді.

Жалма-жан тұра қалып, буманы тіземе қойып, байланған бауын шешіп, абайлап аша бастадым. Неге екенін білмеймін, маған сол сəтте əлгі «папканың» ішінен торғай тектес бір нəрсе пыр етіп ұшып шығатындай болып көрінді. «Өлең деген қандай болады екен?» деген құмарлық ой əбден меңдеген болуы керек.

Ақырындап ашып қарасам – ішінен торғай тұрмақ, шіркей де ұшып шыққан жоқ. Машинкаға басылған текше-текше, жыпырлаған жазу толы қағаздар екен. Оқи білмеймін. Сонда да болса парақтап қарап тұрмын. «Өлең! Өлең!» деп сонша əулиедей əспеттеп алдырып жатқандары осы ма, тəйірі?» – деп, көңілім қоңылтақсып, қызығушылығым су сепкендей басыла қалды.

Содан буманың бауын қайта байлағанымша болған жоқ, қолымнан сырғып түсіп кетіп, ішіндегі парақтарды жел суырып ала жөнелді. Шаңды бұрқыратып, тұра кеп қудым. Бумадағы қалған өлеңдер қобырай берген соң жол шетіндегі бір үлкен таспен үстін бастырып кеттім.

Өлеңдер қашады, мен қуамын. Біздің Үлкен Қаратал ауылының орталық көшесін бұрқыраған өлең алып кетті. Қонақтың бір қағазын жоғалтсам нағыз масқараның көкесі бола ма деп, ұялғаннан жанұшыра жүгіріп жүрмін. Кей парақтар жол шетіндегі жусанға, шөпке ілігіп, кейбірі көшеден өтіп барып, біреулердің шарбағына, үй іргесіне жабысып қалып жатыр. Əйтеуір, бірқыдыру уақытта əупірімдеп жүріп, «қашқан өлеңдерді» əрең-пəрең жинап-теріп алдым. Содан қомақты буманы жерге жатқызып қойып, əлім келгенше реттеп, асықпай бауын байлап, бір мезгілде үйге қорқасоқтап, абыржи əкелдім.

Папканың сырты шаң-шаң, айғыз-айғыз. Ішіндегі өлеңдері де оңып тұрмаған болуы керек. Дегенмен, бұл кезде қонақтар кеу-кеумен біраз жерге барып қалған екен.

– О, өлең келді! Өлең келді! – десіп, серпілісіп, дүрлігісіп қалды. Басымнан сипап, буманы қолына алып, шиеленген бауын шешіп, ашып қалғанда ішінен шаң бұрқ етті; маған «айналайынын» айтқан ақын аға сыр берген жоқ, бірер парағын суырып алып, əлдебір өлеңді саңқылдай қоя берді:

Дос жүрегі – шарайна,

Сылтауыңа қарай ма?

Бүлдіріп алма қалайда,

Кір шалдырма, жарай ма?

Абайла, бауырым, абайла…

Жұрт тым-тырыс тыңдап қалды. Ақынның биязы даусы өлең оқыған кезде өзгеріп, күшейіп кетті.

Тапсырманы орындап, бумасын қолына аман-есен табыс еткеніме шүкіршілік еткен мен ашып-шашып, өлеңін кірлеткенім үшін сөгіс естімей тұрғанда табанымды жалтыратуды ойлап, сыртқа зыта жөнелдім.

Міне, содан бері қырық жылдан астам уақыт өтсе де сол бір желді күні ауыл көшесінде жанұшырып өлең қуалап жүргенім əлі есіме түсе береді. Қазір мен кейде өзімді Жер шарын айналдыра өмір бақи өлең қуалап жүргендей сезінемін. Алайда «өлең» деген құпияны білдім деп əлі де айта алмаймын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар