Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖОЛДАУ
Ұлттық құрылтай һәм ұлттық сапа...

14.08.2024 740

Ұлттық құрылтай һәм ұлттық сапа 12+

Ұлттық құрылтай һәм ұлттық сапа - adebiportal.kz

Қазір ұлттың, алаштың атынан сөйлеу сәнге айналып бара жатқанын жиі байқаймыз. Өзінің «иттігін» «қазақпыз ғой» деген емеурінмен бүркемелеуге асығып тұратын саяздығымыз тағы бар. Ұлт туралы сөз болғанда бәріміз «данышпан» болып кетеміз. Білімпаз адамның бейнесіне кіріп алып сайрағанды жанымыз сүйеді. Қара аспанды төндірген сайын білермендігіміз бен білгіштіктің артына жасырған аяр жанашырлығымыз асқына түседі. Ұлттық руханиятымыздағы осы бір теріс энергияға толы індет, тұтас әлемді жұтып қоярдай жайлаған обадан да қауыпты ма деген ой санаңның бір бұрышынан еріксіз қылаң береді. Бұл да бүгінгі біздің қоғамдық ойдың көрсеткіші. Қандай ақпарат тұтынып, оны қалай қортып отырғандығымыздың көрінісі. Біздің ойымызша қоғамдық-әлеуметтік сананы бұлайша ластай беруге болмайды. Ұлттың, елдің, ұлыстың атынан сөйлеу саяздықтың көрінісі. Ұят жаңдай. Ол қоғамдық ойлау жүйесіне, елдік санаға кері әсерін тигізіп, жұрттың сүйегін жасытуға дейін жеткізетін мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапа­сын арттыруға атсалысу», - деген сөзді айтты. Шын мәнінде қазақ болмысын шыт жаңа түлету мен өркендету стратегиясы енді кезек күттіретін дүние емес. Қазақтың ары мен ұяты, бүгіні мен ертеңі сынға түсіп тұр. Таразы басының ұзақ теңселе беруі мемлекеттік идеологияның теңдігіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Осы сынның салмағы бүгінгі ел азаматтары мен ұлт зиялыларына түсіп тұрғаны белгілі. 

Уақыт деген ұлы жылдамдық. Уақытқа ілесу – ел болудың, ұлт болып ұйысып отырудың анық көрсеткіші. Бұл мемлекетіміздің әр буын өкіліне, жасына, кәрісіне, оқымыстысына, әр сала маманына тікелей қатысты. Қазір ел болашағының ертеңі саналатын жастарымызда әр түрлі. Сан қилы. Білімді, заманауи, көп тіл білетін жастарымыз бар. Өкініштісі осындай жастардың дені мемлекетшіл, ұлтжанды емес... енді бір топ жастарымыз әсіре діншіл. Бұларда да ұлттық, отандық қасиеттер кемшін түсіп жататыны өкінішті. Аңсарлары басқа. Енді бір қауым ауылдан келген, қалаға, заманға енді бейімделген жастар. Бұл жастардың дені шығармашылыққа бейім келеді. Жаны таза. Отанды сүю, ел мен жерге деген махаббаты биік. Менің пайымымша осындай жаны таза, қиялы ұшқыр қазақы жастардың тәрбиесіне көбірек үңіліп, молырақ мүмкіндік берген абзал. Өйткені бұлардың бойында ұлттық дәстүрдің ұлы сабақтастығы бар. Бұндай жастар мемлекет тірегінің көзі. Өйткені саналық, тәрбиелік тұрғыдан туған халқына жақын. Олардың барлық мәселелерін жан дүниесімен түсінеді, тез аңғарады және мәселені шешудің жолдарын да атқара алады. Бұл біздің сапалы ұлттық мемлекет құруымыздың күретамыры сияқты дүние. Бұл ойымызды жазушы, ұстаз Роза Мұқанованың мына бір сөзі тіпті де тиянақтай түседі деген ойдамын: «Мен өз шәкірттерімнің мүддесін туған балаларымнан жоғары қоямын. Себебі туған балаларым, жетіліп өсті, қалада тұрды, таңдаулы мектептерде оқыды, соның арқасында шет елдік оқу орындарының айтулы университеттерінің грантына өздері қол жеткізді. 4-5 тілде еркін сөйлейді. Себебі ата-ана ретінде біз барымызды салып, көңіл бөлдік. Ал шәкірттерім ондай мүмкіндікке ауылда жүріп қайдан қол жеткізер еді. Сондықтан шәкірттерімнің болашағы, тағдыры маған да салмақ салады. Оған бәз біреулер дау айтса, шәкірттерім куәлік келтірер. Менің шәкірттерім, ауылдан келіп, халықаралық конкурстардан жүлдегер болып, өз киносценарийлерін өздері түсіріп халықаралық кинофестивальге қатысқандар. Олар бір-бірімен бәсекеге түсіп жүріп жетілді. Олар ана тілінен нәр алып, ұлт тәрбиесін бойына сіңіргендер, намысшыл. Міне осы буынға шын қолдау керек!!!»

Атырауда өткен биылғы Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі мәселелердің бірі – елдің тұтастығы мен тыныштығы, бұлжымас бірлігі. Осы тұрғыдан келгенде президент аға буын өкілдерінің, ел ағаларының ауызбіршілігінің берік болуы басты нысанда екенін атап өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы ұлт зиялыларымен жиі пікірлесіп тұратын. Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Қадыр Мырза-әлі, Фариза Оңғарсынова сынды Мемлекет және қоғам қайраткерлері елдің, мемлекеттің мәселелеріне тікелей әсер ететін еді. Олардың ел алдындағы абыройы кезкелген ұлық пен шенеуніктен биік-тұғын. Журналистердің баспасөзде көтерген мәселелері де назардан тыс қалмай, шешіліп жататын. Өкініштісі ұлт зиялысы мен билік арасындағы сабақтастық соңғы жылдары алшақтап кетті. Оның әртүрлі себептері бар екені анық. Ортада «Жолбике» жазарман мен сасық зиялының «Алтынкөпір» бола жүріп, өз құмалағын төрттен қойғандар жетерлік. Сондықтан да жұрт болып шын зиялыны танитын, бағалайтын көрегендік керек. Зиялы мен зияндыны, бір сөзді адам мен екіжүзді пақырды айыра білген ләзім. Оған айнымас мінез керек. Осы шарттар басым түскенде ғана, ел ағаларының жоқ жерден жыртысып, бос сөзбен даурығып, елді де, өзін де жік-жікке бөліп жұрт берекесін кетірер кептен айығарымыз сөзсіз. Тұтас халық болып жалпыұлттық деңгейде ойлағанда ғана біздің әр саладағы шешілмей жатқан мәселелеріміз өз арнасын таппақ. Жөн-жосықсыз ата-бабасын, жерлесін, руласын ұлықтап, бейберекет ас беру, орынсыз ескерткіш қоя беру ел бірлігінің анық көрінісі емес. Оған «Шыңғыс хан қазақ па?» деген дауды қоссаңыз, түбі терең қуысқа түсіп кеткендей күй кешесіз. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, елдің жанды жерін пайдаланып, намысын шабақтап арнасы жоқ өзенге лақтырып жіберіп, қызығын қарап жағада тұру рухы биік елдің ерлеріне жарасар қылық емес. Бұл төңіректе Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да, жиналған ұлт зиялылыры да, ҚР Жазушылар одағының төрағасы да қадап айтты. Енді елдің алдында анығын айту бір парыз да, ел алдында сол өнегені қалыптастыру, аталы сөзге амал ету бір парыз. Құрылтайға жиналған басшы мен қосшыдан да күтеріміз осы. Бұл тұрғыдан келгенде соңғы үш жыл бойына үзіліссіз өтіп келе жатқан Ұлттық құрылтайдың халық пен билік арасындағы дәнекерлік рөлі айрықша. Алдағы уақытта бұл мызғымас беріктік өз арнасын таба береді деген ниеттеміз.

Ұлтқа, елге, жерге, діл мен ділге, дәстүрге қызымет ету һәм оған берік болу - бүгінгі қоғамның ең зәру мәселесі. Бұл жерде халықтан биік билік те, халықтан биік тұлғада жоқ. Жұртымыз қашаннан қорыққанын емес, ақылы асқан данасын сыйлаған. Соны ханнан да қадырлы көрген. Біз тұлғатану, тұлғаның тұғырын анықтау мәселесінде , бабалардан қалған осы жолды берік ұстануымыз керек екені сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде, бізде зорлап, күштеп, артынан итермелеп, қолпаштап қолдан «тұлға» жасау бар екені жасырын емес. Ондай «тұлғалардың» жарнамасы жер жарып тұр. Осындай сәтте адам өзі ойланып, шешім шығарғаны дұрыс. Өйткені, қазір жеке адамның өзінің де тұлғалық қасиетін жоққа шығармайтын кезең. Таңдау өзіңде ғой. Безбеннің басын қалай ұстау өз қолыңызда екенін ескерген жөн. Ал анау «тұлғаңыздың» «Әй, мен осыған лайықпын ба? Мына жұрт сонша шулап кетті ғой... мен сонша не істеп, не бітіріп едім осы жұрт үшін?» деген ішкі ар таразысы болғаны дұрыс. Теледидар мен радиода сайрағанның, журнал мен газет бетінде жосылтқанның бәрі тұлға емес. Айтып отырған әңгімеміз дастархан басындағы күңкіл-шүңкіл болса, оны ел алдына сүйрелеп абырой таппасыңыз анық.

Біздің ендігі жүрісіміздің бағыты, мінезіміздің бітімі өзгерісті қажет етеді. Өзгеріс – өсудің, өркендеудің, түлеудің нышаны. Адамның табиғаты да соны қалайды. “Ақпаған су сасық” дегендей, тұтас қоғамдық ойдың біртоғалана бастауы, жолдың тұйықталуына жетелейді. Өзіңде жоқты, өзгеден тартып алма. Үйрен. Ізден. Еңбек ет.  Бүгінгі мемлекетіміздің бағыт-бағдары осыны өзек етеді. Намыс пен жігерді, қажыр мен қайратты отаншылдықтың жалауы іспетті ардақтайды. Ендеше, сіздің қолыңыздағы ұлттың айбарындай болған жалау жығылмасын. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар