Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
"Ұлағатты ұстазымыз еді..."...

13.03.2024 1708

"Ұлағатты ұстазымыз еді..." 6+

"Ұлағатты ұстазымыз еді..." - adebiportal.kz

Күні кеше жетпістің төртеуіне шыққан шағында, қазақтың тағы бір қатепті қара нары бұл өмірдегі көш-керуенін тоқтатты. Қазақ әдебиетіне қазақтың қоңыр мінезіндей кіріп келген, баспасөз саласының майталманы, қазақ теледидарына да айқын із қалдырған, жүрген жері мектеп, шәкірттерінің өзі бір-бір төбеге айналған айтулы тұлға Жұмабай Шаштайұлының қазасы исі алаш баласының қабырғасына қатты батты.  Төменде Жұмабай Шаштайұлының алдынан тәлім алып, айтулы тұлғаның ықпалымен  қара сөзге ат шалдырған азаматтардан ұлағатты ұстазы туралы бірер ауыз ыстық лебіздерін сұраған едік.

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын:

 

– 2008 жылдың басында белгілі журналист Жанарбек Әшімжанның шақыруымен «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа келдім. Газеттің Бас редакторы болып Жұмабай Шаштайұлы тағайындалыпты, мен журналист болып қызметке келдім. Менімен бірге Жанар Әбсадық, Қаракөз Смәділ бар, бір топ жастар жұмысқа кірістік. Ол кісіні журналистикадағы алғашқы ұстазым десем де болады. Өте адал, ақ пейілді адам еді. Жұмағаң редакцияда журналист тәрбиелеумен айналысқан жоқ. Негізінен адам тәрбиелеуге ден қоятын. Редакторымыз әр аптаның нөмірін талқылап, түрлі тақырыпты қамтуға арналған тұрақты жиналысы өтетін еді. Өзінің үнемі ойланатын, оқырманын да ойлануға жетелейтін тұрақты тақырыптары болушы еді. Адамның мінезі, қоғамдағы орны, заманға бейімделу, өз тілімен айтар болсақ, «кішкентай адамдардың» жан-дүниесі, қазақтың әлемдегі мақсат-мүддесі туралы ой қозғайтын. Енді ойлап қарасам, Жұмағаң журналист тәрбиелеумен емес, адам тәрбиелеумен айналысады екен ғой. Әуелі, алдындағы журналистің ішкі мәдениетін, қоғам туралы пікірін адалдыққа бағыттауға құлшыныпты. Әрбірімізге тұлға ретінде қарапты, тұлға ретінде қалыптасуымыздың тетігін іздепті. Бізге берген тақырыптары мемлекетке, ұлтқа қызмет етуден бөлек, жеке адамға, журналистің өзіне жауапкершілік, жастардың өсуіне, іштей жетілуіне деген тілектестік екен. Жұмағаң редакцияда өте талапшыл еді. Сол шақта «Қазақ әдебиетінде»  жеті-сегіз журналист болды. Ол кездегі «Қазақ әдебиеті» – бүгінгідей хал-ахуалы кеткен газет емес еді. Ұжымның ұжымдық қасиеті бар болатын. 

Жұмағаң жаңалыққа құмар жан еді. Еліміздегі барлық газетті (ол кезде сайт, әлеуметтік желі деген жоқтың қасы еді) оқып, олар нендей тақырыпқа мән беріп жатыр деген сұраққа үңілетін. Ал Ресейдің барлық газеттерін жаздырып оқушы еді. «Литературная газетаны» үзбей оқып, орыстың жас әдебиетшілеріне дейін барлап отыратын. «Известия», «Комсомолская правда», тағы басқа газет-журналдарын ақтарып отырып, олар не жазып жатқанын жіті зерттей отырып: «Мыналар мынандай тақырыпқа бас қатырып отыр. Ал біз ауыл-үйден ұзамаймыз», – деп күйінгенін талай көрдік. «Біз де мына тақырыпты көтерейік. Мамандарымыз бар ғой, соларды сөйлетейік» деуші еді. Алматыдағы мәдениеттанушы, философ, саясаттанушы, өнертанушы, музыкатанушы ғалымдарды әртүрлі тақырыптар бойынша іздей бастайтынбыз. «Барыңдар, осы саланың мамандарын табыңдар, сөйлесіңдер» дейтін. Сондай бір тапсырмамен ҚазҰУ-дың «Философия және саясаттану» кафедрасына бас сұққаным бар. Елден сұрап жүріп, бүгінде мәдениеттану саласының бірегей ғалымы Ақтолқын Құлсариеваға жолығып, пікір алып: «Қазақтың барысы емес, бөрісі бар» деген тақырыпта мақала жазған едім. Тақырып «ұлттық таным, ұлттық культ, тотемдік ұстыннан бүгінгі қазақ неге айырылып қалды? Өзімізді іздеп жүрміз бе, әлде іздейміз деп адасып кеттік пе?» дегенге саятын ұланғайыр кеңістіктің мәселесі болды-ау деймін. Ақтолқын Құлсариева ханым сол мақаладағы пікірінен кейін газетке сұхбат та берді. Әдеби-мәдени орта жас ғалымның тосын ойларына тәнті болды.

Ұмытпасам, «Литературная газетаға» әлемдік ауыз судың мәселесі жөнінде көлемді мақала шыққан болса керек, бас редактор жиналыста: «Міне, көрдіңдер ме, қандай тақырыпты өзек етіп отыр. Болашақта таза ауыз су үшін әлемдік соғыс болуы мүмкін дейді. Қазірдің өзінде 1 литр су 1 литр бензиннен арзан емес деп отыр. Бізде өзі су аз ғой. Іле мен Ертістің тағдыры не болады? Еліміздің болашағы сумен байланысты екенін ойлап отырған жан бар ма?» деп ойланып отырды да, осыны жазайық, елге жеткізейік деген еді. Мұндай жағдайлар көп болды ғой. Кез келген мәселені айтқанда арыдан қозғайтын. Жиналыста өзі бір дүниені қаузап келіп: «Мынаны кім жазады? Бұл тақырыпты кім өз мойнына алады» дей отырып, бір уақытта тапсырма беретін. Мынаны сен жаз, осы сенің ыңғайыңа келеді деген секілді. Редакцияның ішкі атмосферасы мен аурасын өте жақсы сезінетін және соған сай жұмыс істейтін редактор болды. 

Жұмағаң шын мәнінде, жоғарыда айтқанымдай, адам тәрбиелеумен, адамның ішкі мәдениетін, ішкі өрісін кеңейтумен айналысқан қаламгер еді. Ол кісінің елге белгілі танымал шәкірттері көп. Жұмағаның мектебін көрдік деп мақтанатын бірнеше буын өкілдері бар. Суреткерлігі, жазушылығы өте үлкен қаламгеріміздің бірі. Бірақ ол кісі ешқашан өзін көрсетумен, өзін жарнамалаумен айналысқан жоқ. Өзінің шығармашылығы туралы айта бастасаң: «Енді ол соншалықты бір мықты шығарма емес қой» деп өзі ыңғайсызданып, бір жағы қалжыңға сүйеп, «сен өзі бізді менсінбейсің ғой, біздің шығармамыз талқылауға тати ма?» деп қашқалақтайтын. 

«Қазақ әдебиетінің» Жұмағаң кезіндегі дәуірін сағынамын. Сан алуан тақырыпты қаузады. Ұрдажық ұраншылдыққа ұрынған жоқ. Бүгінгі тілмен айтқанда хайп қуып, бірді бірге соғумен айналысқан жоқ. Біреу білер, біреу түсінер, әйтеуір осы мәселе ой салар біреу табылар деген ойда болды. Бірде газеттің кезекті нөміріне дөңгелек үстел ұйымдастырдым. Оған Дидар Амантай, Ардақ Нұрғазыұлы, Әмірхан Балқыбек үшеуі қатысты. Үшеуі де өте білімді азаматтар ғой. Дөңгелек үстел өте жақсы шыққан еді. Бірақ, бір апта өткен соң әлдебір автор басқа бір газетте  мен өткізген дөңгелек үстелді сынап мақала жазыпты. Сондағы айтылған ойлар мен қатысушылардың шығармашылығына тиіскен. Бұлар әдебиетті құртайын деп жүр, суалтайын деп жүр. Бұлар батысты айта береді, өзімізді еш түсінбейді дегендей. Мен әлгі газетті көтеріп Бас редакторға кіріп: «Аға, мынаған жауап берейік. Мына кісі таза қиянат жасап, білімсіздікпен аузына келгенді айтып отыр» десем: «Тоқтарәлі, түрткен сайын саситын пенделер болады, ондайларға өміріңде жолай көрме, қайтесің», – деп еді. Сол сөз қатты есімде қалды. Әлі күнге дейін кейбір дүниелерде сол сөзді есіме алып отырамын... 

Сол кездің өзінде Жұмағаңды жек көретіндер болды. Шыны керек, көре алмайтындар да болды.  Бірақ, Жұмағаңның біреуге жауап беріп, солармен айтысып, тартысқанын еш көрген емеспін. Ал қазір уақыт өте келе Жұмағаңның сол мінезін, сол дегдарлығын бәрі түсініп,  керісінше сөйлеп, Жұмағаңды жақсы көріп кеткенін аңғарып жүрмін. Бұл адамгершіліктің биіктігі, пендеуи ластыққа былғанбаған сап таза жанының ақтығына сенгені  шығар деп те ойлап қоямын.

 

Ырысбек Дәбей, жазушы:

- Ел шын мәнінде Рымғали Нұрғали мен Мұхтар Мағауин секілді академик-жазушылар үлкен үміт күткен және сол үміттің үдесінен  шыққан Жұмабай Шаштайұлы сынды ғажайып жазушыдан айырылып отыр. Ол кісі шын мәнінде саналы ғұмырын тек қана жазушылыққа арнаған десек де болады. Жазушылықты өмірлік миссиясы ете білді. Сосын Жұмағаң  Жамбыл деген ауылда туған ғой. Бұл – Назарбаевтың дәуірінде біраз үлкен кадрлар шыққан ауыл. Соның мүмкіндіктерін былай алға салса да, рулық-географиялық мүмкіндіктерін салса да, мемлекеттік сыйлық болсын, басқа сыйлық болсын алатын еді. Бірақ бұл кісі оны мұрат-мақсат деп еш таппады. Тек өмірін жазуға арнады. «Аяз би», «Аспан қора» секілді қаншама ғажап дүниелерді өмірге әкелді. Жазушылыққа өте жауапкершілікпен қарады. 

Бұл кісінің «Қызыл қар» деген повесі советтік дәуірде жазылды ғой. Қоғамда ол кезде үлкен дүмпу тудырған, сол кездегі үкіметтің назарына іліккен үлкен шығарма болған. Тіпті, «Қызыл қарды» Қонаевтың өзі үкіметтің жиналысына салып  талқылағаны да бар еді.  Жұмағаң өмірді шынайы суреттей білген, жаза білген. Қазақтың өміріне, әсіресе сол өмірге жақын бір көненің көзіндей адам еді жарықтық. Жазушылық қыры енді қысқаша осындай, ол жай жазған жоқ, қоғамын жазды, мына қазақтың өмірін жазды және соны биік өреде суреттей білді. Өйткені қазақтың табиғатын, тұрмыс-тіршілігін өте тамаша білетін еді Ол кісінің қазақи зердесі де өте бір тұнық адам еді, онысы бүкіл шығармасынан, жазушылығынан анық көрініс тауып жататын.  Ал, бұл кісінің жазушылық қырынан бөлек, редакторлығы өте бір аңыз болған кісі. Кезінде, тоқсаныншы жылдары газет-журналдардың дүрілдеп тұрған кезінде, «Заман-Қазақстан» деген өте оқылымды газет жасады. Сол кезде Дидар Амантай, Талғат Ешен, Қасым Аманжолдың бәрі сол кісінің қол астында істеген азаматтар еді. Өтпелі кезең, қиын кез-тұғын. Сол кезде қоғамдық проблемаларды, қазақтың басындағы түрлі жағдайларды «Заман-Қазақстан» газетінде ашық шығарып отырды. Сол үшінде тоқсаныншы жылдарда «Заман-Қазақстан» газеті ең оқылымды дәрежеге көтерілді. Оның редакторлығының бір қыры мықты пайым жасай алатыны, қоғамдағы кез келген ақуал-жағдайларды зерделей алатыны, зейіннің күштілігі еді. Кейін Ғалым Доскен «Қазақстан» телекорпорациясына басшылыққа келгенде, бұл кісі де телеарнадан өзін көрсете алды. «Үзеңгі жолдаста» бүгінде көзі жоқ қаншама ұлыларымыз қонақ болды. Әдебиеттегі, өнердегі, жалпы кез келген саладағы, өздерін көрсеткен, өздерін дәлелдеген мықты адамдардың бәрі сол «Үзеңгі жолдаста» бейнеленіп қалды. Ол кісі, әрине, маған ғана ұстаз болған жоқ. Алдындағы буын Дидар Амантай, Талғат Ешендерге де ұстаз бола білді. Ал, кейін біз, Тоқтарәлі Таңжарық пен Ерлан Жүніс бастаған жігіттерді қалай әдемі журналистикалық жолға әкелді. Бізден кейін Бағашар, Арман секілді кейінгі буындарды да  өзі кеткенше тәрбиелеп, жазуға бейімдеді. Ол ғұмырын журналистикаға ғана емес, жалпы прозаға да, әдеби сынға да салған сондай ғажап адам еді. Енді өзі де Рымғалилардың көзін көрген, әкедей қамқорлығы бар кісі еді. Жеке шығармашылығына келсем, менің де осы прозаға келуіме Жұмағаң тікелей ықпал еткен адам. Алматы сынды үлкен қаладан баспаналы болуыма да тікелей ықпал еткен адам еді. Соның бәрінде сол кісінің  адамгершілігі, үлкен кісілігінің шарапаты жатыр десем еш артық айтқан болмас едім.

Арман Әлменбет, жазушы:

- Ұстазымыз Жұмабай Шаштайұлының қазасын ести сала бірден жолға шығып барамын. Ақыл сенгенмен көңілім еш сене алар емес. Қанша жерден үлкен кісі ауырып жатқанын біліп отырсақ та, жақсы деген хабар алып, әлі-ақ орнынан тұрып кетеді деп үміттеніп жүргенбіз. Әлі талай барып, үйіне соғып, дастарқанында отырып әңгімесін тыңдаймыз, еркелеп қайтамыз деп жүретін едік. Ол кісі негізі жылқышының баласы. Жылқылы ауылда сергек өскен адам болғандықтан, қартайса да тың кісі сияқты еді. Былай кенеттен кетеді деген ой үш ұйықтасам ойыма келмеген еді. Зейнетке шыққалы ауылына көшіп, үйде отырғаннан бері ол кісіге жылына бір рет болса да барып тұрушы едім.

Әр барғанда үзеңгілес жігіттер Ерболат Әбікенұлы, Думан Бақыткелділермен бірге барушы едім. Бір рет Мұрат Есжанмен бардым. Сонда байқағаным, бұл кісі зейнет жасына жетсе де жаныма еріп барған, менімен бірге барған адамдармен етене сөйлесіп, сол адамға  арнайы көңіл бөліп, уақытын арнап, ол адамнан не істеп жүргенін, кім екенін сұрап, керек десеңіз, саласына байланысты біраз әңгіме қозғап, жазатын адам болса, осыны неге жазбайсың деп жазуға келетін тақырыптар айтып, сондай бір қамқорлық жасап отырушы еді. Мен бұл кісі туралы алдын бір мақала жазғаным бар еді. Ол мақала Жұмағаңның шығармасы туралы болса да тұлғаның  портретін жасап, мерейтойында бір сайтқа берген едім. Соны оқыған болу керек. «Сен мен туралы айтыпсың, менің ол мінезім қой баққаннан қалған әдетім болу керек»,- дегені бар еді. Ол мінезім деп тұрғаны адамның көңіліне қарап тұратыны, әрбір  адамды қадірлей білетіні, бала демей, шаға демей жылы әңгімелесе білетін, адамға бір тұлға ретінде қарай білетін қасиетіне өзі сондай диагноз қойған еді. Бір жағы шынымен де қазақы, дарқан көңіл даланың мінезі деп айта аламыз. Басқа үлкен кісілермен жолықсақ, мына сөзді неге айтты екен, бұл сөзімді қалай түсініп қалды екен деген сияқты іштей ыңғайсызданып отырасың ғой. Ал Жұмабай ағамен сөйлескенде ондай нәрсе болмайтын еді. Емін еркін, өзіңнің әкеңмен, жақын адамыңмен сөйлескендей ойыңдағыны еш бүкпей ашық айтып, ол кісінің де сөзінің астарын іздемей тыңдап отыратын едік. Сол көңілді іздеп ол кісіге сәлем берген боп барып, шындығында өзімізге көп дүние, көп ой  алып қайтушы едік. Әмәнда солай бола береді деп қатты қателескенімді енді сезіп отырмын. Енді міне, өкініштісі ағамыздың жаназасына бара жатырмыз. Көңіл әлі де болса сенер емес, тек ақылмен ғана бара жатқан жайым бар. Рамазан айында Алланың құзырына қайтты. Алла тек алдынан жарылқасын! Көптің көңілі, көпке жасаған жақсылығы келесі өмірде алдынан шықсын деп тілеймін. Өзі де бір нағыз сүйегіне иман сіңген, жұртпен қарым-қатынасты да сондай ізетті,  ілтипатты жан еді. Осының бәрі бекер емес шығар деп ойлаймын. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар