Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Ұйқы қашыратын әңгімелер...

17.11.2023 1665

Ұйқы қашыратын әңгімелер

Ұйқы қашыратын әңгімелер - adebiportal.kz

Кейде бір әңгімелерді оқып отырып, ол осыдан бір ғасыр бұрын жазылған болса да одан өз қоғамыңды, өзіңді, билігіңді  көресің, оқып болғасын да біразға дейін ойыңнан шықпайды. Мәселе сюжетінде, жазушының атмосфера жасай алатын шеберлігінде ғана еместігін түсінсең де, тереңі осы деп таныған ерекшелігінен ой-қиялың қозғалысқа түседі. Бастағаннан-ақ әлдебір құпия бүккен бұлыңғыр атмосферасына, мистикалық элементтеріне қарап готикалық деуге болатын яғни бір сәтте айналаңды күңгірт түске бояп, төбеден бұлт қаптатып, басқа  әсер беретін бір-екі әңгіме туралы айтайық. Мысалы, Леонид Андреевтің 1913 жылы жазылған “Ол” және 1900 жылы жазылған “Үнсіздік” деп аталатын әңгімесі. Адамның санасында жүріп жататын ойын мен көркемдік кеңістіктің ішкі құрылымы айқын көрінетін сюрреалистік шығармалар аздап Эдгар Поның «Ашерлер үйінің күйреуін»  еске салатындай. 

“Ол”

Ешкімі жоқ жетім, ақшадан қиналып жүрген жарлы студент  айына елу рубль төлейтін репетиторлық жұмыс барын хабарландырудан оқып,  жаяу-жалпылап ұзақ жүріп, айтылған жерге келеді. Қаладан алыстау, орман арасындағы екіқабатты сәулетті үйде тұратын үй иесі оған екі баланы оқытқан еңбегіне қосымша ақы төлейтін болып, студент  қуанып жұмысқа кіріседі. 

Бірнеше күн өткенде репетитор  тосын жайларды байқайды, мысалы,  бақтың ішімен жүріп өткенде жер дымқыл болса да аяқ ізі қалмайтыны... себебін білмек болғанда үй иесі Норден іздерді жұмысшылардың тегістеп  отыратынын айтады. Леонид Андреевтің “бояу жағысы” бөлек, Питердің сұр тұман басқан, күзгі суық желі соғып тұратын кешін, үйді, аула, бөлмелерді бірыңғай сұр түсте, кейде тіпті үрей шақыратындай  етіп суреттейді. Норденнің өзі де біртүрлі адам көрінеді... ол репетиторға айналаны таныстырып, үйге таяу теңізге апарған кезде үлкен қызының осы теңізге батып кеткенін мұңайып емес, жымиып жеткізеді. Және қайтыс болған Еленаның өліміне бұл үйде ешкім қайғырмайды, ол туралы  айтпайды. Кеш батқанда “Танцирен” деп бұйырған тарғыл дауыс естіліп, терезеден үй ішіндегі қаракөлеңке арасында жындана билеп жүргендердің сұлбасы көрінеді. Үйдегілердің  қай кезде билеп, қай кезде күлу керегін тек Норден шешеді.   Норден үйдегілерді тегіс жинап, би кешін ұйымдастырған күні жоғары қабаттан күйсандықтың үні естіледі. Бірақ күйсандық ойнаушының  өзін ешкім көрмеген, музыканы кім ойнайтыны белгісіз. 

Ол үйдегілерді күлдіру үшін күн сайын бір анекдот айтады, күн сайын естіп жүрсе де соған балалар да, қызметшілер де бәрі тегіс  мәз болып күледі. Тіпті көздерінен жас аққанша күлетіндері сондай, домалап қалады. Тек репетитор ғана күле алмайды. “Айналада он шақырымға дейін бізден басқа еш тірі жан жоқ, өз көңілімізді өзіміз көтермегенде қайтеміз?” - деп түсіндіреді Норден бұның себебін.  «Билеңдер!» - деп бұйрық берілген бойда ұл мен қыз жаны бар адам емес, құдды ағаштан жасалған қуыршақтар құсап билеп жүреді. Үй иесі осынау жасанды көңілділік арқылы өзінің қайғысын баспақшы бола ма, осы жасандылықтың артында не бар? Ал бұған көнбеген, қарсылығын білдірген репетитордың өзі жүйкесі ауыратын біреу көрінеді. Осы үйге келгелі босатпай қойған мұң, әлдебір қайғыдан  кейіпкер естен айырылып,  ақырын «өліп бара жатқандай» күйде. Оған осынша адамның арасында әлі өлмеген, тірісі үй иесінің суға кетіп қайтыс болған қызы сияқты болып көрінеді де тұрады. Бір күні үйден шыққанда терезеден қарап тұрған жүдеу жүзді, мұңлы әйел затын көреді.  Бұл үй иесінің жас әйелі еді, бірақ, оқиға соңына дейін ол туралы айтылмайды. 

Балалар да біртүрлі, бала болып шуламайды, не алаңсыз күлмейді, тіпті құлап қалып бір жерін жарақаттап алса да жыламайды. Репетитор өзі сабақ беретін баланы ұнатпайды, бір жағы әкесінің түсініксіз мінезінен де балалық болмысынан алыстап, ерте есейген, түрі бала болғанмен, қылығы тым ересек баладан оның өзі де қорқатын сияқты. 

Бір күні студент терезеден Ол қарап тұрғанын байқайды. Бастапқыда оның екі метр биіктікке қалай еркін жетіп тұрғанына мән бермейді. Тек бір күні Ол екінші қабаттағы терезеден  көрінген кезде репетитор өзін қорқынышты түс көріп жатқандай сезінеді. Бұл оның жүйкесін ширықтырып, тап қазір бірдеңе болатын сияқты күйге салып қояды. Үнемі бірдеңе күтумен болады, бірақ адамды әдейілеп қорқыту үшін жасалып жатқан ештеңе жоқ сияқты. 

Түн ішінде терезеден қарап тұратын Ол кім? Бұл үй иесі қанша елемесе де бәрібір өзінің бар екенін, жоғалып кетпегенін білдіргісі келетін қайғының символы болуы да мүмкін. Бірақ автор мұның жауабын оқырманға қалдырған (әдебиетшілер экспрессионист натуралист ретінде бағалайтын Леонид Андреевтің өмірде невротик, жүйкесі әлсіз болғаны айтылады. Мәскеу университетінде адвокаттықта оқыған жазушының өмірінде нешетүрлі тосын оқиға болған). 

Бір күні күйсандықтың әуені тоқтап, бірдеңе тарс етеді де, артынша біреудің шыңғырған даусы естіледі. Бұл үй иесінің ешкім көрмеген жас әйелі еді. Репетитор сол күні асүйде табытта жатқан жас әйелдің бейнесін алғаш рет және соңғы рет көреді. 

Бір қарасаң, Норден дегеніңіз өзіне бағынышты халықтың көңіл-күйі қалай, ішінде не бар, қалауы не, оған бас қатырмайтын билікке ұқсайды. Өзі нені дұрыс көрсе, соған еш күмәнсіз сенетін. Бұйыру арқылы адамның тек өзін емес, көңіл-күйін де басқаруға болады деп ойлайды. Сол үшін бүкіл билігін пайдаланады. Күн сайын әлдеқашан тізесі шыққан анекдотын айтудан жалықпай, басқалардың соған күлуін талап етеді. Репетитордың сұрақтарына, оған күмәнді көрінгеннің бәріне қисынды өтірікпен жауап береді. Норден образы арқылы антогонистік режим мен мемлекеттің шексіз, бақылаусыз, автократиялық билігі көрінеді.  Ол өзінің туған қызының қайтыс болғанына қайғырмайды, жайбарақат көрінеді, сөйте тұра тынып қалған үнсіздіктен қорқатын сияқты, әйтеуір үйдің іші-сыртын жайлап алған мелшиген көңілсіздік пен қайғының орнын жасанды көңілділікпен басқысы келеді. Ал қызметшілер, бала күтушілер, балалар осыған үнсіз көнеді, бұйрықты орындайды. Адамдардың қылықтарының бәрі жасанды. Өйткені үй ішіндегі болсын, мемлекеттегі болсын, осындай басқару түрінің үстемдігі адамдарды өзгертеді. Тіпті ең бір жүрегі жұмсақ адамның өзіне темірдей қаттылық пен тоңмойындық дарытады. Айналасына деген салқынқандылық осылай басталады. Бала екеш баланың өзі бала сияқты емес, жастай эмоциясын басқарып, сыр алдырмас әккі болған. Ешкімге көрінбейтін жас әйел өлгенде де ешкімнің қайғырмай, ештеңе болмағандай жүретіні содан. Өйткені, бұл биліктегі эгоцентризм басқаларға жылылықпен қарауды ұмыттырып, тек адамдар арасындағы қатынасты ғана емес, адамгершілікті, мейірімді өлтіреді.

 

“Үнсіздік”

Басқа қоғам келе жатқанын болжап, адамдардың баяғы сенімінен, құдайынан ажырай бастағанын айтқысы келетін шығарманың психологиялық жағына үңіліп көрейік. Леонид Андреев адам өмірінің баянсыздығы жайындағы яғни эсхатологиялық әңгімесін “Үнсіздік” деп тегін атамағанын түсінеміз. Тарихтан белгілі, осы әңгіме жазылған 1900 жыл алдағы болатын бірдеңені ауыр күткен, әлеуметтік жағынан да, халықаралық қатынас жағынан да қиындау,  үрейге толы уақыт еді. 

Игнатий деген поптың жалғыз қызы Петербургтен гимназиядан келгелі ешкіммен сөйлеспей, бүк түсіп жатып алады. Вераға не болды, біреуге өкпеледі ме, ғашықтық дертіне ұшырады ма, автор оны айтып жатпайды. Қыздың үнсіздігі әкесі Игнатийге ұнамайды. Үнсіз жатып қалған қызын қанша жауапқа тартса да ол жауап қатпайды. Әкесі үнсіз қалған адамды жайына қалдырмай, одан қандай да бір жауап алмақ болып қысым жасаумен болады. Ол баласына әке ретінде тіл қата алмайды, тек бұйырады, талап етеді, кесіп айтады (билік пен идеалға талпыну адамның көзін байлайтынын көреміз). Игнатийдің мінезі шынымен де халықтың ашу-ызасынан іш жиғанда  әлеуметпен араға тосқауыл қойып үлгеретін, қорықса жауаптау мен жазаның классикалық үлгілерін қолдана бастайтын билікке ұқсайды. Өйткені, қарсылықтың себебіне үңілу, бір келісімге, мәмілеге келу көп күш пен әрекетті керек етеді, ол үшін кішірею керек, ал билік ондайдан өлердей қорқады ғой, өйтсе беделі түсуі, ешкім сыйламауы мүмкін. Адамның жанын түсіну дегенді мүлдем қабылдамайтын, тек «мынау болады, мынау болмайды» деген қатал ережелермен ғана өмір сүретін қатыбас, тәртіпті поп ешуақытта үйіндегілердің сөзіне құлақ асып, мәмілеге келген емес. Негізінде ол Құдайдың жолындағы, ізгілік мұратын жалғаушы роліндегі адам болғанымен басқа жұртпен дөрекі, шын мәнінде Құдайдан алыстау, тәубесіне келмеген адам екенін көреміз. Қызы да сондай, әкесіне тартқан қырсық. Психологиялық қысым сезінген қыз пойыздың астына түсіп, қарсылығын осылай білдіреді. 

 Анасы қайғыдан сал болып қалады. Ал Игнатий дін адамы болғандықтан  қызының бұл ісін барып тұрған сорақылық, ешуақытта кешірімі жоқ күнә деп есептеп, тас-түйін қатайып алады. “Поптың қызы бұлай етпеуі керек еді”. Ол “неге бұлай болды?” -  деген сұрағына қандай да бір жауап алмақ болып тілсіз қалған әйелінен жауап күтеді. Қыздың моласына келіп, оған ессіз адам секілді “неге бұлай болды, неге өйттің?” деген сұрағын қоюмен болады,  қызынан жауап күтеді, бірақ, тек тыныштықты естиді. Ол қызының ақырына дейін үнсіз қалғанына көндіге алмай аласұрады.

Әңгіменің өне бойында үнсіздік бар, ол үнсіздік - поптың өзі. Бірақ ол оны мойындамайды. Жүрген жерін торлап, басып тұратын үнсіздікті естімеуі үшін өзінен-өзі сөйлей береді, өз кінәсін мойындай алмаған, бірақ, одан қашып та құтыла алмаған адамның жан азабы. Қызының өлімі попты өзгертті дей аламыз ба? Нақты айту қиын. Автор не айтқысы келеді? Кейіпкердің генетикалық жағынан келешекпен байланысы үзілгені өз алдына, автордың дінге, әділетке қатысты сұрақтарын аңғарасың. Бұл жерде Құдай авторға тек қана “неге бұлай?” деген сұрақ қою үшін ғана керек болып тұрған сияқты. Поп қызының моласының басында тұрғанда  айналасын тастай суық толқын орап, бір құйынның дыбыссыз жақындап келе жатқанын сезеді. Егер ол құйын көзге көрінер болса бүкіл дүниені жайпап кетер еді. “Неге бұлай болды?” - деп сұрайды ол тағы. Бірақ өзінің сұрағына жауапты да, тыныштықты  да емес, тек Құдайдың үнсіздігін естиді. Егер Вера үнсіз қалса ол қорқынышты емес еді, оған үйренген. Ал бұл жерде ол Құдайдың өзінен сырт айналғанына көзі жетеді. Бұл дүние қара түнектің қоршауында тұр деген ойы үшін ғана бұны готикалық шығарма деп атауға болады. Өйткені адамның өмірі үлкен бір үмітсіздік пен тұңғиық мұхитындағы кіп-кішкентай сәуле ғана екенін айтып тұр. Осы үнсіздік жиырмасыншы ғасырдың көп сұрағының жауабы да болмақ. Шынымен де ең соңында адамды не күтеді?

Білім, мораль мәселелеріне немқұрайлылықты, индифферентизмді не тудырады? Жақын арада осының жауабын таба аламыз ба?

Автор ашып айтпаса да, бір нәрсе анық. Адам баласы жан тереңінен шығатын мейірім мен аяушылық арқылы ғана ұжданы мен бақытын сезіне алады, уайым өзгенің жан түкпіріне бойлау арқылы келеді, өйткені, сезім дегеніңіз шынымен терең нәрсе. Ал эмоция бұл сыртқы жағы. Ар жағы бос қуыс, жалғыздықтың ызғары мен үрейі, бәріне немқұрайлылық қана бар. Қазіргі біздің халықты басқару үлгісінде де осындай эмоционалдық кембағалдық көрінеді. Ал, біздің үнсіздігіміз ше... Біздегі үнсіздіктің артында не бар және ол қашанға дейін созылмақ?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар