Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ұйқым келмейді» қойылымынан түйген ой

30.05.2022 1998

«Ұйқым келмейді» қойылымынан түйген ой 12+

«Ұйқым келмейді» қойылымынан түйген ой - adebiportal.kz

Адамзат. Жер. Ғаламшар. Өмір атты сан түрлі иірімі бар толассыз тағдырлар тартысы. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейін, айналаны тану – басты міндет. Өмірде өз орныңды таба білу – ең басты қағида. Міне сол себептен театрды «рухани өнердің қара шаңырағы» деп бекерге атамаған. Театр адамның ішкі жан дүниесін танып білуге, имандылыққа, мәдениеттілікке жетелейтін баспалдақ. Қойылымдағы кейіпкердің өмірінен көрерменнің өз өмірін көруі, қателіктерін байқауына мүмкіндік береді. Тұла бойыңды шымырлатып, осындай сезімдерді бастан кешіруге Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасы әсер етеді. Осы шығармаға негізделіп, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Бәзіл Сұлтанғазының режиссерлығымен спектакль өтті.

Пьесса қаламгердің түсінен басталады. Тұманда адасқан жас жігіттер мен қыздардың бірін-бірі таба алмай жүргенін өз өмірімен ұштастырады. Алайда, түсінде тұншықтырмақшы болған бала, қаламгерді одан сайын толғандыра түсті. Ұйқысынан ояна салып, әйелінің ұйықтап жатқан бейнесіне қарап терең ойға батады. Кейіпкер балалық шағы өткен ауылды, алғашқы махаббатын, мектеп кездерін есіне түсіреді. Келесі кезекте, оқиға алғашқы махаббатының үйіне барғандағы сезімінен басталады. Қос ғашықтың кенеттен жолығуы, көңілі қалған Бақыттың түр-әлпетінен суықты байқауға болады. Алайда, мұңға толы көзімен Жеңісханға сол кездегі жазған хатын ұсынады… Хат қыздың жігітке деген ренішін, ашу-ызасын, оның тағатсыздана күтуін, тағдырының қиын болғанын айтып, Жеңісханның сәбиінің дүниеге келгенінін баяндайды. Дегенмен, жігіттің барлық нәрседен құр қалғанын түсіндіреді. Сол түні алты жыл бұрын қыз қалып, ұлдың кеткенін баяндап, аяқтайды. Қойылым қос ғашықтың албырт махаббатын, ойланбай жасалған әрекеттен үлкен қасіретке душар болғандығын ашып көрсетеді.

Театр тамашалап келген көрермендерге керемет көңіл күй сыйлап, жасөспірімдерге махаббат арасындағы қателіктерді түсінуге ықпал етеді. Қойылымды жастар актерлік шеберлігімен, астарлы әзіл-қалжыңмен ұштастыра отырып көрермендерді ерекше сезімге бөлей білді.

«Ұйқым келмейді не жайлы? Ол бәріміздің басымыздан өткен алғашқы махаббат, сол махаббат әр адамның басында әртүрлі өтеді және Оралхан Бөкейдің жақсы көру махаббат па деген сұрағына бізде осы балалармен жауап іздеуге тырыстық. Ал оған жауап бере алдық па, бере алмадық па, оған көрерменнің өзі жауап бере жатар», - деп пьеса режиссері Бәзіл Сұлтанғазы қысқаша тұжырым айтты.

Жоғарыда жыр боп төгілген сөздің моншақтарынан ой шығарып, қорытындылайтын сәт түскен секілді. Өмірде сан қилы тағдырлар, қиындықтар болатыны сөзсіз. Ең маңыздысы – сол жолда өзіңді жоғалтпау. Арманыңа жетер жолда түрлі қиындыққа тап боласың, алдыңнан алынбас қамалдар кезігіп, жаның ауырады. Ең ақырғы үмітің үзілген кезде өзіңді дәрменсіз сезінесін. Бұл-өмір заңдылығы...

Асел БАЙБЕКЕТОВА

Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар