Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Махаббатта – түк те жоқ,...

02.01.1970 14515

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Махаббатта – түк те жоқ, Ар-ұят та... ештеңе.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Махаббатта – түк те жоқ, Ар-ұят та... ештеңе. - adebiportal.kz

Алдияр Оқырманым менің,
Өзіңнен басқаға бас ұрмаймын.
Өлең жазбаған уақыттарда,
Ене-тірліктің емшегіне жабысқан масылдаймын.
Сондай сорлылықтан тұтанады жасыл қайғым...

Тексергенде Дүниенің ақ-қарасын,
Ақиқатты көрмес көз – тек сора-су.
Мен Өзіңе жүгінем сондай кезде де,
Сенсің – досымнан да қымбат бақталасым.
Оң жағыма жайқалтып Күн дарағын,
Сол жағыма жайқалтып Түн дарағын,
Есіл-дертіме еркелігін де жиып алып мың баланың,
Саған ғана періштелік махаббатпен құлданамын.

Алдияр Оқырманым менің,
Арманыма, адалдығыма... ел сенбей бір,
Табалай кеткенде өңшең бейпіл,
Өлер болсам, өңменіме сұғылып семсердей мұң,
Сөзден және Сенің қолыңнан өлсем деймін.
Мүмкін, бозқасқасы да ақылымның бошалар мың.
Мүмкін, қара тасына да көңілімнің қашалар мұң.
Сонда мені жалғыз тастап кетсең,
Жын-шайтандарға да оқырмын өлеңдерімді.
Иә, мен сондай да есалаңмын!

Алдияр Оқырманым менің,
Алдияр Оқырманым менің,
Тұтанса, пендешіліктен тұтанады жасыл қайғым...
Өлең жазып отырғанымда, 
Құдайдың қолындағы жасындаймын!
Тек, сондайда бөгет бола көрмеші,
Не өзімді, 
Не Өзіңді мерт етіп аларымды жасырмаймын!


08. 11. 2016


Тыныштықбек Әбдікәкімұлы


***


Қағазым өлсе өлер, сүйегі әбден сарғайып. 
Қаламым өлсе өлер қансыраумен. Ол – ғайып.
Көкірегінде көзі барларға оқылады
Шер жұпарына шылқыған өлең-маңдайым.

Көре аламын мен ауаны да адамдық пішінде.
Күннің отыз екі нұры сақталған – отыз екі тісімде.
Тілімнің ұшында да көз бар!
Шексіздік бар ішімде!

Өмірді сүйемін ертең де, бүгін де.
Аспандай – жүрегіммен арқалаған жүгім де.
Адамдарға ғашық боламын сәт сайын,
Нұр құлпырып, отыз екі омыртқамның да түбінде!

Алпыс екі тамырымның бәрі - қош тамыр.
Мұңым да – пенделердікінен басқа мұң.
Мен -
- бүршіктей ғана жұпар Ойы ішінде де Құдайды қабылдай алатын
Ақын деген қасқамын!


07. 11. 2016


***


Е-ее... Махаббат дейсің бе?..
Аңыз бен ертек, бәрі – шын…
Махаббат - Өмірмен бәсеке, Ажалмен келісім.
Сайтанның сүтін де сауып ішіп,
Кісі де өлтіресің Сол үшін.
Ол – тар, қысқа, кең, ұзын…
Барша сезімдердің негізі.
Сұлулықтың Шешесі де - 
Сол, 
Тәңіріге егіз Үн!..

Ол құйып берген жап-жарық жасампаз шер - іште.
Мейлің, келіс-келіспе.
Махаббат үшін Басыңа Күн көтеріп жүргеніңде,
Қолыңа су құюға да жарамайды мың...періште.

Махаббат, ол – ұғынылмайтын ұғым, ұқтың ба?
Өлтіре де алмайсың.
Ала да алмайсың тұтқынға.
Оның алдында - өз көз жасынан уланып өлген,
Әлемдік талай билеуші-мықтың да.

Махаббатта – түк те жоқ, Ар-ұят та... ештеңе.
Оған - бәрібір, таңертең бе, кешке ме...
Ессіздіктің Нұры сондай тап-таза!..
Белгісіз...
Бейғарышта жүзіп жүрген бос кеме...
Бірақ, босты "бос" деме.
Оттай береді мораль менен діни сын.
Махаббат қана дарытар - жұпар діл иісін...
Онымен аңқылдап үйлесе алсаң, - үйлестің.
Үйлесе алмасаң, - құрисың!


13. 11. 2016


***


Сыртта - боран, 
Ішімде - дұға.
Ережем...
Жұмық көзім түрлі-түсті шиырлайды мың ізді...
Түні бойы қобыз шалар терезем.
Есігім - сыбызғы.

Жанның да қасқырланатынын ерте біліп ем.
Дұшпаным да жоқ, досым да.
Кейпімді зерттеп түнімен
Күрсініп шықты гүлдер, қасымда.

Кісікиік-Ойлар аяусыз өткен тепкілеп,
Адырайған тамыр сөйлейді көк шекем.
Сондайда, 
Сығырайған жарықтың да кек тілеп,
Көлеңкеңнің болғаны да - жақсы екен.

Әй, осы, өзім де – қобызбын-ау,сірә, айнасымен әлем үйірген!..
Әлде, кісіленген сыбызғымын?.. шамасы...
Жүрегімнің төбесіне үйілген -
- жалғыздықтың обасы.

Өлеңсіз де таң атты. Есінеу– бос ырбаң.
Көңіл – сол, адасып жүрген баяғы маңырақ..
Боран басылған.
Тірлік тұр енді, аңырап.


14. 11. 2016


***


Қайран Шешетайым!..
Өмірде, көз ұратын, сөз ұратын,
Құбылыстарды оңай емес ажырату.
Денеме түскен жара, есте, бірақ,
Көз жасың тамып кетсе, жазылатын.

Мал іздеп шықсаң-дағы қарагермен,
Өзіңді - өзім ойнар Дала көргем.
Балаңды, 
Адам ба едің,
Бұ Дүниеге,
Жаратып, бағу үшін ғана келген?

Көнбеуші ем кейде өзіңнің жетегіңе.
Жастамын ақсақалмен тете міне.
Әкемнің қамшысынан бүгілуші ең,
Ұлыңды орап алып етегіңе.

Жазмышың – ұмсыну-шер, қымсыну–шер.
Жадымда тірі жүрген Мұңсұлу – сен.
Әкеден айырылған жетіміңді
Қалайша қуантарыңды да білмей, күрсінуші ең.

Әлі де - сол баяғы пақыр ұлың.
Ішінде ит-өкініш жатыр ұлып.
Ағарды-ау талай шашың, қайран Шеше-ай,
Ақымақтығымның уына матырылып!..

Күпимей Дүниенің кіндігіндей,
Айтайын Бастағы енді мінді міндей.
Соңыңда қала берген екенмін-ау,
Өзіңе еркелегеннен басқа дымды білмей.


05.11. 2016


***


Пір тұтпай-ақ Пушкинді я Хаямды,
Сүйемін мен мына Өмірді баянды.
Жарық Дүниеге құштарлығым
Шешемнің
Күн-емшегін сезінуден оянды...

Болмасын деп білімділерден қастандық,
Жастық орнына жарқын кітап жастандым.
Ат үстіндегі Әкетайыма қарасам,
Көруші едім құдіретті Аспанды...

Су ішсем де,
Мөлдірлігінен 
Көне бір
Кеңістікті көмейіммен өремін.
Топырақпен - тәнім туыс, сенемін.
Ауамен қоса, аян жұтып келемін.

Бүкіл ғұмыр да – бір-ақ жұтым дем күші.
Қайғыны да қуаныш тұтар - Ер кісі.
Мына Өмірді қалай ғана сүймессің,
Жәндігіне дейін – үр-тіршіліктің белгісі!

Жоғарыда Құдай менен Ұмай бар.
Мен өлмеймін!
Аулақ кетсін мұң-Ойлар!
«Қабір» деген қорабында жатып та
қобыз-сүйегім өмір жәйлі күй ойнар!


03.11. 2016


ҒАШЫҚТЫҚ


Ғашықтық, ол – көздер нұры сүйіскен.
Гүл жарату – Сөздегі қош иістен.
Ғашықтық, ол – даурығысқан тірлікке 
Тыныштық боп тиіскен...

Самал желдің Есінде үні сақталған
Ғашықтықты
Таба алмайсың ақпардан.
Ғашықтық, ол – Періштені көргеннің 
алпыс екі тамырындағы көкпар-қан!..

Ғашықтық, ол – тірлік іздеу тастан да.
Тік тұратын төбе шашың, сасқанда.
Ғашықтық, ол – түсініксіз түсінік,
Мыйың – Жерде,
Ал жүрегің – Аспанда!..

Ғашықтық, ол... ұқсас құбылыс биге де.
Сезінбесең, көңілдегі күй – кедей.
Ғашықтық, ол – Жарық Дүниені Басыңа көтеріп,
Қалт-құлт ету, күдік ұшында инедей...

Ол сезімді мүмкін емес негіздеу.
Ол сезімді тым тұрпайы «теңіз» деу.
Ғашықтық, ол – ессіздіктің ішінде 
Құдайдан да тысқары бір жол іздеу...


02. 11. 2016


***


Шағанайым,
Қара байрағын Түн салбыратып тіршілік бүлкіліне,
Ұйқы періштелері қона-қона қалғанда кірпігіңе,
Бұ Жалған Дүниеден сытыла шығып, ылақпа,
Біз самғап кетеміз, жыным екеуміз, Жұмаққа!..
Сонда, оның шараптарына да, қыздарына да қарамай,
(Өйткені, жаратылған жоқпыз ермекке!) 
Таптыртпай жүрген Жер-Көктен
Жаратушыны іздейміз, 
Адамша Сәлем бермекке!..
Алайда, сәлем берудің өзі оңай емес ол Хаққа!..
Сөйтіп, біз, Тамұққа да тап болып, сорлатпа,
Шырқырап ұшып жүреміз, 
Сайтаннан сабақ алмаққа!..

Шағанайым,
Сондайлық түнгі сапарлар білім бе?..
Жоқ, әлде, ілім бе?!..
Ұдайы тылсым Ой ойлау - Тәңір сындары?!..
Таңертең Өзің оянғаныңда, бұрқырап жатады,
Өлең жазылған қауырсындарым!..
Шашылған парақтар түрінде.


11. 10. 2016


***


Тірліктегі мақсатымыз не өзі? Қырсық қалау?..
Тылсым дүниеге пенделік тіл сұқпалау?
Онда шаруам жоқ.
Кекірейген сұлуды көрсем,
Кейіп жасай қоямын бүршіктанау.

Үміт деген немене, үркек Ой ма ол, бір ақ қоян?..
Мəңгіліктің мəнісі - Жұмаққа аян?
Онда шаруам жоқ.
Жылдар бойы құр оттай беретін мінберлерге,
Сауысқан үніне салып ап, сұрақ қоям...

Дене көше ме о Дүниеге, Бас көше ме?..
Жетіп қалды екен Сайтандағы... жас нешеге?
Онда шаруам жоқ.
Тарту етемін Құдайға жұпар Өлеңімді,
Тізерлей отыра кетіп, 
Мұсылмандары да зарланған лас көшеде.

Желде сөз бола ма, бұлтта - мүсін?..
Кім есептейді, өзара сыбырласқан жұрт табысын?
Онда шаруам жоқ.
Күннен жаратылғанын білмейтін әлем алдында,
Мас болып жүрем, Күн нұрын ұрттап ішіп!..


07. 10. 2016


***


Аспанымды қошқылға Күз де бояп...
Жүрек шіркін қоймай ма сыздамай-ақ...
Жазмышымды жазғыш-ақ мазақ тұрмыс,
Басқа тартсам көрпемді, мұздап аяқ.

Сияқтанып мына өмір серуен-бес күн,
Елірме елмен әдейі ербеңдестім.
Қайырсызы сондайлық қу қоғамның,
Қайырымға да сенбейтін болды енді ешкім.

Тұман іші ұлан да, бұлан да - бір?..
Жан-Дүниеге берер ме күмән дамыл.
Хақ Сөзіңді айтсаң-ақ,
Көсемдердің
Шекелерінде шоршиды жылан-тамыр!..

Мыйымда да біреу жүр күбірлеген...
Күреңдене береді ғұмыр неден?..
Көз алдымда - сұрықсыз ылайсаң көше.
Көңілімде - Күз демі, у үрлеген.

Жалшы жұрттың көңілі де ылайсаң-ды...
Басымызға бұл хәлді Құдай салды?..
Еріксіз кемсеңдей қалып ем..
Күз жарықтық қосыла жылай салды...


06. 10. 2016


***


Күздің осы мезгілі... Күн қызарған!..
Жасы мөлт-мөлт көз ұшы - Түз, бір арман!..
Қарағанының да мамығын сағындым-ау!..
Садаға кетсін жүз бір орман!

Күздің осы мезгілі... алабұртқан...
Біреу шыға келердей қара бұлттан!..
Елімнің де сор Басын демемек еді-ау,
Қайран әр омыртқам!..

Күздің осы мезгілі... жын көшетін...
Таным менен талғам да, дін де - шетін..
Осырақ есек екен ғой - Жалған Дүние!
Білгенімде, мінбес едім!..
Күздің осы мезгілі...


05. 10. 2016


***


Бес жасымда,
Сақалы тұманданған Сексек Атадан 
Темірді де кемірген Теке міндім.
Әке-Шешемнің жебеуімен, жеке міндім.
Ол кезде үш Өмір екенін білмеймін ғой,
діндарлар көкитін "екі Өмірдің"...

Алты жасымда,
Аса-таяғы да ақыл аңқыған Шопан Атадан 
Қойтастан ірі Қошқар міндім.
Жамандықты - қасымдағы құрдас қастан білдім,
Жақсылықты - мұңдас достан білдім.
Алаулатып санамды,
Ауылдан үздім қарамды...

Он үш жасымда,
Бійшігі от боп тұтанған,
Тасты да сауып, сүт алған,
Бір Сөзі қырық сан табындай, қасиетті Зеңгі Бабадан 
Мүйізі бұлт іреген Бұқа да мініп, кеудесі Алтай тауындай...
Сиырсәскеде мөңіреген,
Қазақ деген аңқау Елге де жеттім, еңіреген...

Отыз жасымда,
Кійесі желден де жүйрік Ойсыл Қарадан 
Бура мініп, аққан терінің көбігі де - құрбан қан...
Аласұрма бүкіл әлемді көрдім жынданған,
"Жалған Дүние" атты алапат зынданнан!..

Елу жасымда,
Құрығы құрдымнан да нажағай суырған Қамбардан 
Адамкөзді Айғыр міндім, әуселесін әуеде алқынтып...
Күнге де барып келдім - ғажап жасампаз салқын Нұр!..
Тозағында да әркім - Пір!..

Енді,
Орқыратып олай да, бұлай да,
Сайтан мінгім бар...
Сәлем беріп қайту үшін Құдайға!
Бірақ, Ол 
Аспандай Арымның салмағына шыдай ма?!..


18. 09. 2016.


***


Өзгермелі - ауадағы қысым да.
Иә, жәйлап жақындауда Қысың да.
Карта соғып жатыр шалдар, даурығып,
Күз демінің күреңіткен ұшында.

Күн - әлі де мейірімді, Үлкен Пір.
Сағымында жылқытекті жын мөңкір.
Бір көзімен немересін күзетіп,
Бір көзімен ел аңдиды сұр кемпір.

Анау жігіт, ол бір - маңғаз, ақшалы.
Қарғаларым қарқылдауда жақсы әнін.
Көз алдымда - көрікті әйел, тәкәппар.
Сәл арсыздау жарқырайды ақ саны.

Уағында уайымдап кім ойлар,
Осылайша өтеді деп күн, айлар.
Құмнан ғалам жаратуда, былдырлап,
Пыс-пыс еткен кіп-кішкентай құдайлар.

Иә, талай кетті ішіліп қымыз-күн.
Қарағайлар ғана қалды, мұңы ізгі.
Мыйым ішін айналдырып Көктемге,
"Күз" деген Ой ойнап отыр сыбызғы...


17. 09. 2016.


***


Ай, шіркін-ай,
Аңғалақ Елімді алдыма алып сүйіп, бір көрсем!
Сіміріп бір көрсем барша әнін!..
Қатыгез қалаларымды да құшып бір көрсем, 
Жұпар иісі түрінде аршаның!

Арамдалған теңіздерді сапырып та көрсем, 
Бойынан қамырықты бұлты ұшқанша!
Ақымақ әлемге ақырып та көрсем, 
Аспаннан түскен әділ дұшпанша!..

Ай, шіркін-ай, арманым көп қой!...
Түгендеп шығудың өзі - бір ғұмыр!
Мына пенделік тірлікті қайтем,
Құр күбір?!..

Бір күн болса да, Тәңірше өмір сүрсемші!
Жаратсамшы бәрін нажағайлы өлеңмен!..
Алапат нұрымды тұншықтырған қара тәнім ішінен,
Сорлы күйде, сығырая... берем мен...
Ай, шіркін-ай!..


15. 09. 2016.


ҚОҚЫС БАСЫНДА

Ій-йй, шіріндіден жаралған шіркейлер,
Орнатпақшысыңдар ма Жәнатты?
Қақыларың жоқ ұшуға!
Гүлдерге беріңдер ана қанатты!..


15. 09. 2016.


Жыным келіп тұр... мұңайған...
Аумайды-ій өзі құмайдан!
Менің жүрісім - мынау, ербеңдеп -
бір айға секіріп бір айдан...

Жыным келіп тұр... қапалы..
Күз шуағындай ап-арық.
Әр талының түсі - әртүрлі, 
не істеп қойған-ій сақалын?!..

Жыным келіп тұр... өш пиғыл?..
Бұтында – дамбал, кеш киімі.
Өлең қайда? - деп қояды үн-түнсіз.
Өзім де - жынмын ғой... естимін.

Жыным келіп тұр... қақшиған.
Төбеқұйқасына өскен көп ши бар...
- Неменеңе қалдың-ей ыржия?
Сайтанымды қоздырмай, кетші-ій, бар!... –

Жыным келіп тұр... сезікпен...
Сезіледі, иә, нәзік дем!..
Шағанайым келген екен-ау қасыма. 
Отырыппын ғой өлең жазып мен!..


09. 09. 2016.


Кейде, баяғыдай мейірімді де сияқты паң Қалам!..
Ал, қандастарым қазақша сөйлесе кетсе, таң қалам!
Сөйтуші еді алпыс екі тамырым арсыз қозарда!
Таң қалатын болдым, бір әдепті саудагер тұрса да базарда!

Ести қалса біреуден риясыз күлкіні,
жүрегім талып та қалар бір күні!
Көңілім абдырап, берген сәлемінен-ақ шынайы,
таңырқап қалатын болдым, 
біреу келсе үйіме: "Қонақпын - деп, - құдайы"!

Қырық құбылып мінезімдегі ізгі өлшем,
Кәдімгідей қысылып та қалатын болдым, 
бір ұялшақ қыз көрсем!
Дүниеден қайтқан кезінде семсер-Ер,
Аңырайып та қалам, 
"Ой, бауырым!-дап біреу келсе егер!..

Улы сезімге шүпілдеп тұрғанда шер-кесем,
Таң қалам, әкім де әкіреңдемей сөйлесе!
Таң қалам - әр маусым да өз қасиетімен көрінсе!
Бұл әлем мүлде өзгеріп кеткен секілді менімше?!...
Әйтеу, мен қазір жылт еткен жымиысқа да таң қалам!
Оңбаған!..


07. 09. 2016.


О-ооу, балалық шағымның Дала аңқыған мәңгі мемлекеті,
Бесенесі – сенсің шекемнің.
Байрағың - бұзаутісті бұжыр қамшысы Әкемнің!
Одан асар айбын бола алмайды еш ұғым!
Әнұраның - Шешемнің Күн нұры ойнаған әсем әлдиі,
Елтаңбаң - періште аңқыған бесігім!

Мен қазір сорлы елде жүрмін,
Ата Тілі де тұншықтырылып, Ата Мекені де сатыла бастаған.
Қалатыны, сірә, - қайғы мүңкіген боқ мыйым.
Қайдан пайда болды бұл әулекіленген лас қоғам?
Ашынып айтқан ақиқат-сөзімнің құны - көк тиын.

Көсемсіген құлқын көп,
Кілең, қарасүйек мырзалар мен ханымдар.
Ақ Сарбаз! - десем, артымнан ерер жұртым жоқ.
Тек, Жарым бар...

О-ооу, балалық шағымның Дала аңқыған мәңгі мемлекеті,
Сен менің соңғы шебімсің!
Сен менің соңғы шебімсің,
Жарқ-жұрқ тоғысып жататын шермен шер!
Арқыраған ақ шыбығыма мініп ап, 
Ши-садағымды Көкке көтеріп,
Мен Өзіңді қорғап бағамын өлгенше!

Қорғай алмасам, бәріне де бекеммін.
Қылқынып өлерім - бұзаутісті бұжыр қамшысы Әкемнің.
Жасасын мола-заң!
Табытым - періште аңқыған бесігім,
Шешемнің әсем әлдиі – жаназам!..


06. 09. 2016.


Жалғанды мынау бес Күндік,
«Қажетті қанағаттандыру кеңістігі» деп қана білетін,
Сол үшін, бірін бірі өлтірісіп жүретін 
Көргім келмейді ешкімді.

Қала түгілі, ауылдарда да
Сыбайласып та үлгеріп сауда сасыған мәңгүртпен,
Туысқандарының өзін темір есік алдында телмірткен
Есуастанып алған сияқты ел біткен...

Өзім - ең оңбаған пақырмын!
Ақылымнан қашып шығып,
Адал нұр шашыратқан шеңгел ішінде жатырмын...


04. 09. 2016.


Қыркүйектегі алабөтен Күн нұры!..
Естіп қалғандай бір сүрең,
Көкала шашым ерен шытырлап, 
Үрей шашырататынын да түйсінем..
Елесін көріп те қалам көне Семейдің,
Қарт еменнің мейірім аңқыған иісінен!..

Қыркүйектегі Күн нұры!.. 
Ұрттап бір алсам... 
Ойнақ салып жұлыным түбіндегі қара нұр,
Қайғымды да ыңылдай қаламын...
Басым басқа бір әлемге сұғына кетерін де аңғарам,
Татқандай Құдай шарабын!..

Қыркүйектегі Күн нұры!.. 
Музыкасын тыңдасам...
Бетон екеш бетонмен де мұңдасам!..
Сезіп те үлгерем - 
Қазақты бақытты етерлік Хан болатынын да кім, қашан!..

Қыркүйектегі Күн нұры!..
Алақанымнан алақаныма сапырсам,
Жана кететіндей іштегі бір соқыр шам...

Қой, қиялдана бермей, доғарайын,
Жындыханаға қамап тастар дөкір заң.

Мейлі ғой, бәрібір,
Тым ерекше қыркүйектегі Күн нұры!..
Әйтеуір, бір кереметінің бары анық.
Оны ұғу үшін, түбегейлі тазалау керек сананы...
Ақыл-есі жарқылдап, бір сәтке оралар ма еді-ау
Соңынан шілтен шұбырған балалық!..


03. 09. 2016.


Күз... жапырақтар сүйегі...
Әрбіреуін күреңіткен күрсінісіммен сүйемін.
Адамбыз ғой...
Көңіл жасылын сақтауда да - табу керек бір емін.

Рас, Күз - уақыт, Күн көзінен ағылған.
Арыла алмай жүрміз ақылдағы арам сағымнан.
Бұ Дүниеде жалғаншылап өледі -
- жасанды ережелерге бағынған.

Қу тірліктің қозғалысы - көнуден,
Адасқандарға еруден.
Ал, бізге Тәңірі сыйлады емес пе
"Жан" деген жасампаз дәру-Дем?

Мен, сондықтан,жалғандыққа көнбеуді ұнаттым.
Түсіме енсе де... жын.. ақ Түн...
Күзге де ере беру - ісі емес маңдайдағы Жұмақтың...

Міне, жапырақтар сүйегі...
Әрбіреуін күреңіткен күрсінісіммен сүйемін.
Сүйемін де.. дем саламын бәріне,
Күндей құлпырып түр-өңім!
Мен өмірге о бастан осылайша еміндім!..
Күз - өзіне сенімді.
Өзіне құл боп көнгендердің бәріне, соңыра,
Көктен жауған көк қармен тоқып береді кебінді.


09. 2016.


Қош келдің, аяулы Қыркүйек!
Анау - біздің Даламыз, етегі Көкке дейін далия...
Ал, Өмір - Күнге барып құятын дария...
Темекімнің иісі ме?..
Қоздырғыштардан да қорғану үшін,
түтіннен шипалы ою түзетінім де бар, иә.

Сенесің бе, Қыркүйек,
Мен тумысымнан аңқылдақ та еркін ем.
Ақындарын сыйлай бермейді бейпіл ел.
Барған сайын неге ыстық тартып барасың сен, осы,
Тамызым емеспісің, Күздің еніп алған кейпіне?!..

Өлердей армандағанымда пайда болады 
менің де осы құс-кейпім.
Тірлігім бе? Қайтесің оны, 
ұйқымдағы мағынасыз түстей бір...
Кел, онанда бірге отырып, өлеңнің сүтін ішейік.
Шарап ішпеймін.

Діндарларды жек көрем, жалбарынатын өлмес күні үшін.
Тәңір - ең құдіретті Табиғат,
Ғарышқа бүркуде жасампаз нұрлы шырышын!..
Шын айтам, аяулы Қыркүйек,
Сайтанымды да баурап барады, 
сенің осы Құдайдай аңқып тұрысың!

Білесің бе, 
Бақыт биігіне әркім өзінше өрмелер.
Бірақ, пиғылдар көп - бір-біріне көлденең!..
Жұмақтық қоғам орнамайтынын қалай ұқпақшы адамзат,
маңдайдағы сорменен?!

Неге үндемейсің?
Дос болайық, Түн түбінде сырласқан.
Екеумізде де - жапырақтектес бір қош қан!
Кешір... тұра тұрш... жоғары қарашы, 
Бұлттар кемсеңдей ме... біртүрлі... мұңлы Аспан...


01. 09. 2016.


Бүгін - соңғы күні Тамыздың.
Күрсінісі - "Жаз" аталмыш Аңыздың.
Жасылынан айырылмасын деп,
Жапырағына 
қаламымның жасыл қанын тамыздым.

Бұл Тамыздың хайуанаттары да 
тәубәшіл
Көңілімнің шалғынына аунасын.
Көз жауымен сипап қоям кекілінен,
балалығы қалмаған әр сәулесін.

Таң шығынан шалшығына дейін, бәрі - асыл
Тамыз кетер түнжарымда тау асып.
Қою-қою жұпарымен Сөзімнің 
демеп қоям жабырқаған ауасын...

Түкпірінде үнсіз жатқан айғай мың
Ақылымды 
сыздатады Айдай мұң.
Бұл Тамызға Тыныштықбек бар ынтыққан.
Ал, Тыныштықбек кімге керек екен деп ойлаймын...


31. 08. 2016.


Жындандырар мәнсіз күндер аламан,
Не Өлеңді, не Мені.
Ел қоғамның өзгергенін қалаған.
Енді Күзден дәмелі.

Қоғам өсіп-өнбейді ғой бақшада.
Жұрт өзіне нанбаса...
Уәзірлер жаутаңдайды патшаға.
Далбаса.

Қараңғы ақыл - көкесі сол түрменің.
Аурусың ба, саусың ба?..
Көптен бері кеткім келіп жүр менің
бесінші бір Маусымға.
Сол Маусымда мыйы өседі кісінің,
кәдімгідей қош аңқып.
Егер оны қиын болса түсіну,
түсіндірер Асан-Құт*.

Ал, әзірше, Күзді күтер ел бекер.
Сары тұрмыс-сарсаңда.
Тыңдамайды мына қоғам кер мекер.
Әулие болсаң да.

Хан да көнбес көпшілікке дүрлікпе.
Қане, тақтан түс! - десе.
Ештеңе де өзгермейді тірлікте,
Мый уылжып піспесе.

Асан (Өс-Өн) – Күн Рухының көнедегі бір атауы


27. 08. 2016.


Беу, Тамыз, сен елге де, желге де нанба, 
Маған нан!
Ауырып тындым, арсыздар мен ашкөздер жаратқан қоғамнан.
Көркем де көсем Ойларым - 
- қара діндегі қандастар қолынан қырылып қалды ма,
әлде, қырық құбылатын Ата Заңнан тығылып қалды ма,
әйтеуір, із-түзсіз жоғалған!

Ғайыптан сыбырламайды енді Өлең.
Бүгін - 26-сы. 
Өтінем, Тамыз, тезірек дөңгелен!
Ақшасыз дімкәсқа атаукересін зорлап ішкізеді бұ жақта.
Сондықтан, 
жомарт Күздің сана аңқыған сары демімен емделем.

Меншікқұмарлардың арам пиғылынан бұзылды мендік ізгі рең.
Аман болсыншы емші-әулием - Күз күрең.
Үкісінің үнімен аластаймын өзімді!
Ақ жаңбырымен үшкірем!

Шын айтам, Тамыз,
Миғұла қылып бітті, сахналардағы мәңгіме саз, 
Мінберлердегі қаңғыма сөз, қанбұзар,
Мұнаралардағы сұңқылдаған таңғы зар...
Жадымда қалғаны - Абайдың әні, жаңғыз ән.
Күзге барам да, 
тұманына өлгенше тұншығып,
қайғымның іріңді жарасын аш қасқырларына жарғызам...

Ақылым әбден ашынған.
Көңілім өлген, жасырман.
Күзге емделем.
Сыздаған Жанымды мұздай түндеріне қоям матырып,
тырналарын үш айналдыра ұшырғанша басымнан...

Қанша азапты болса да, Күздің емдеуін өтінем.
Құлан-таза айыққан соң ғана, қоғамға оралам өкірең. 
Оралам да, 
қасқая қарап алып оның сазарған бетіне,
қарғыс егіп беремін көтіне.


26. 08. 2016.


Қайран Қазағым,
Аңқау Қазағым,
Алаңғасар Қазағым,
Айтшы, - арман қайсы, жалған қайсы?
Ә-әә, еш ойланбайсың.
Арандатушың көп - айнала.
Қорғанбайсың.
Өзгені бақытты етем деп жүріп,
Өзгеге малай болып бара жатқан сормаңдайсың!

Сол өзгелер Атамекеніңді тонап, құтырып,
Ата Тіліңнің жұпарына түкіріп,
Өздері үшін алтыннан мұнара соғуда.
Ал, сен болашағыңа күркеңнен сығалайсың жұпыны.

Ол да - аз саған.
Қас дұшпандарыңды да еркелетесің, құшағыңнан тарс шығармай!
Ақылың ақымақтыққа құмар ма-ай?!
Әлемдегі ешбір ел өзіңді түсіне алар емес.
Құдай да отыр Өзіңді ұға алмай!..


26. 08. 2016.



***


Кейде, баяғыдай мейірімді де сияқты паң Қалам!..
Ал, қандастарым қазақша сөйлесе кетсе, таң қалам!
Сөйтуші еді алпыс екі тамырым арсыз қозарда!
Таң қалатын болдым, бір әдепті саудагер тұрса да базарда!

Ести қалса біреуден риясыз күлкіні,
жүрегім талып та қалар бір күні!
Көңілім абдырап, берген сәлемінен-ақ шынайы,
таңырқап қалатын болдым, 
біреу келсе үйіме: "Қонақпын - деп, - құдайы"!

Қырық құбылып мінезімдегі ізгі өлшем,
Кәдімгідей қысылып та қалатын болдым, 
бір ұялшақ қыз көрсем!
Дүниеден қайтқан кезінде семсер-Ер,
Аңырайып та қалам, 
"Ой, бауырым!-дап біреу келсе егер!..

Улы сезімге шүпілдеп тұрғанда шер-кесем,
Таң қалам, әкім де әкіреңдемей сөйлесе!
Таң қалам - әр маусым да өз қасиетімен көрінсе!
Бұл әлем мүлде өзгеріп кеткен секілді менімше?!...
Әйтеу, мен қазір жылт еткен жымиысқа да таң қалам!
Оңбаған!..


07. 09. 2016.


***


О-ооу, балалық шағымның Дала аңқыған мәңгі мемлекеті,
Бесенесі – сенсің шекемнің.
Байрағың - бұзаутісті бұжыр қамшысы Әкемнің!
Одан асар айбын бола алмайды еш ұғым!
Әнұраның - Шешемнің Күн нұры ойнаған әсем әлдиі,
Елтаңбаң - періште аңқыған бесігім!

Мен қазір сорлы елде жүрмін,
Ата Тілі де тұншықтырылып, Ата Мекені де сатыла бастаған.
Қалатыны, сірә, - қайғы мүңкіген боқ мыйым.
Қайдан пайда болды бұл әулекіленген лас қоғам?
Ашынып айтқан ақиқат-сөзімнің құны - көк тиын.

Көсемсіген құлқын көп,
Кілең, қарасүйек мырзалар мен ханымдар.
Ақ Сарбаз! - десем, артымнан ерер жұртым жоқ.
Тек, Жарым бар...

О-ооу, балалық шағымның Дала аңқыған мәңгі мемлекеті,
Сен менің соңғы шебімсің!
Сен менің соңғы шебімсің,
Жарқ-жұрқ тоғысып жататын шермен шер!
Арқыраған ақ шыбығыма мініп ап, 
Ши-садағымды Көкке көтеріп,
Мен Өзіңді қорғап бағамын өлгенше!

Қорғай алмасам, бәріне де бекеммін.
Қылқынып өлерім - бұзаутісті бұжыр қамшысы Әкемнің.
Жасасын мола-заң!
Табытым - періште аңқыған бесігім,
Шешемнің әсем әлдиі – жаназам!..


06. 09. 2016.


***


Жалғанды мынау бес Күндік,
«Қажетті қанағаттандыру кеңістігі» деп қана білетін,
Сол үшін, бірін бірі өлтірісіп жүретін 
Көргім келмейді ешкімді.

Қала түгілі, ауылдарда да
Сыбайласып та үлгеріп сауда сасыған мәңгүртпен,
Туысқандарының өзін темір есік алдында телмірткен
Есуастанып алған сияқты ел біткен...

Өзім - ең оңбаған пақырмын!
Ақылымнан қашып шығып,
Адал нұр шашыратқан шеңгел ішінде жатырмын...


04. 09. 2016.


***


Қыркүйектегі алабөтен Күн нұры!..
Естіп қалғандай бір сүрең,
Көкала шашым ерен шытырлап, 
Үрей шашырататынын да түйсінем..
Елесін көріп те қалам көне Семейдің,
Қарт еменнің мейірім аңқыған иісінен!..

Қыркүйектегі Күн нұры!.. 
Ұрттап бір алсам... 
Ойнақ салып жұлыным түбіндегі қара нұр,
Қайғымды да ыңылдай қаламын...
Басым басқа бір әлемге сұғына кетерін де аңғарам,
Татқандай Құдай шарабын!..

Қыркүйектегі Күн нұры!.. 
Музыкасын тыңдасам...
Бетон екеш бетонмен де мұңдасам!..
Сезіп те үлгерем - 
Қазақты бақытты етерлік Хан болатынын да кім, қашан!..

Қыркүйектегі Күн нұры!..
Алақанымнан алақаныма сапырсам,
Жана кететіндей іштегі бір соқыр шам...

Қой, қиялдана бермей, доғарайын,
Жындыханаға қамап тастар дөкір заң.

Мейлі ғой, бәрібір,
Тым ерекше қыркүйектегі Күн нұры!..
Әйтеуір, бір кереметінің бары анық.
Оны ұғу үшін, түбегейлі тазалау керек сананы...
Ақыл-есі жарқылдап, бір сәтке оралар ма еді-ау
Соңынан шілтен шұбырған балалық!..


03. 09. 2016.


***


Күз... жапырақтар сүйегі...
Әрбіреуін күреңіткен күрсінісіммен сүйемін.
Адамбыз ғой...
Көңіл жасылын сақтауда да - табу керек бір емін.

Рас, Күз - уақыт, Күн көзінен ағылған.
Арыла алмай жүрміз ақылдағы арам сағымнан.
Бұ Дүниеде жалғаншылап өледі -
- жасанды ережелерге бағынған.

Қу тірліктің қозғалысы - көнуден,
Адасқандарға еруден.
Ал, бізге Тәңірі сыйлады емес пе
"Жан" деген жасампаз дәру-Дем?

Мен, сондықтан,жалғандыққа көнбеуді ұнаттым.
Түсіме енсе де... жын.. ақ Түн...
Күзге де ере беру - ісі емес маңдайдағы Жұмақтың...

Міне, жапырақтар сүйегі...
Әрбіреуін күреңіткен күрсінісіммен сүйемін.
Сүйемін де.. дем саламын бәріне,
Күндей құлпырып түр-өңім!
Мен өмірге о бастан осылайша еміндім!..
Күз - өзіне сенімді.
Өзіне құл боп көнгендердің бәріне, соңыра,
Көктен жауған көк қармен тоқып береді кебінді.


09. 2016.


***


Қош келдің, аяулы Қыркүйек!
Анау - біздің Даламыз, етегі Көкке дейін далия...
Ал, Өмір - Күнге барып құятын дария...
Темекімнің иісі ме?..
Қоздырғыштардан да қорғану үшін,
түтіннен шипалы ою түзетінім де бар, иә.

Сенесің бе, Қыркүйек,
Мен тумысымнан аңқылдақ та еркін ем.
Ақындарын сыйлай бермейді бейпіл ел.
Барған сайын неге ыстық тартып барасың сен, осы,
Тамызым емеспісің, Күздің еніп алған кейпіне?!..

Өлердей армандағанымда пайда болады 
менің де осы құс-кейпім.
Тірлігім бе? Қайтесің оны, 
ұйқымдағы мағынасыз түстей бір...
Кел, онанда бірге отырып, өлеңнің сүтін ішейік.
Шарап ішпеймін.

Діндарларды жек көрем, жалбарынатын өлмес күні үшін.
Тәңір - ең құдіретті Табиғат,
Ғарышқа бүркуде жасампаз нұрлы шырышын!..
Шын айтам, аяулы Қыркүйек,
Сайтанымды да баурап барады, 
сенің осы Құдайдай аңқып тұрысың!

Білесің бе, 
Бақыт биігіне әркім өзінше өрмелер.
Бірақ, пиғылдар көп - бір-біріне көлденең!..
Жұмақтық қоғам орнамайтынын қалай ұқпақшы адамзат,
маңдайдағы сорменен?!

Неге үндемейсің?
Дос болайық, Түн түбінде сырласқан.
Екеумізде де - жапырақтектес бір қош қан!
Кешір... тұра тұрш... жоғары қарашы, 
Бұлттар кемсеңдей ме... біртүрлі... мұңлы Аспан...


01. 09. 2016.


***


Бүгін - соңғы күні Тамыздың.
Күрсінісі - "Жаз" аталмыш Аңыздың.
Жасылынан айырылмасын деп,
Жапырағына 
қаламымның жасыл қанын тамыздым.

Бұл Тамыздың хайуанаттары да 
тәубәшіл
Көңілімнің шалғынына аунасын.
Көз жауымен сипап қоям кекілінен,
балалығы қалмаған әр сәулесін.

Таң шығынан шалшығына дейін, бәрі - асыл
Тамыз кетер түнжарымда тау асып.
Қою-қою жұпарымен Сөзімнің 
демеп қоям жабырқаған ауасын...

Түкпірінде үнсіз жатқан айғай мың
Ақылымды 
сыздатады Айдай мұң.
Бұл Тамызға Тыныштықбек бар ынтыққан.
Ал, Тыныштықбек кімге керек екен деп ойлаймын...


31. 08. 2016.


***


Жындандырар мәнсіз күндер аламан,
Не Өлеңді, не Мені.
Ел қоғамның өзгергенін қалаған.
Енді Күзден дәмелі.

Қоғам өсіп-өнбейді ғой бақшада.
Жұрт өзіне нанбаса...
Уәзірлер жаутаңдайды патшаға.
Далбаса.

Қараңғы ақыл - көкесі сол түрменің.
Аурусың ба, саусың ба?..
Көптен бері кеткім келіп жүр менің
бесінші бір Маусымға.
Сол Маусымда мыйы өседі кісінің,
кәдімгідей қош аңқып.
Егер оны қиын болса түсіну,
түсіндірер Асан-Құт*.

Ал, әзірше, Күзді күтер ел бекер.
Сары тұрмыс-сарсаңда.
Тыңдамайды мына қоғам кер мекер.
Әулие болсаң да.

Хан да көнбес көпшілікке дүрлікпе.
Қане, тақтан түс! - десе.
Ештеңе де өзгермейді тірлікте,
Мый уылжып піспесе.


Асан (Өс-Өн) – Күн Рухының көнедегі бір атауы


27. 08. 2016.


***

Беу, Тамыз, сен елге де, желге де нанба, 
Маған нан!
Ауырып тындым, арсыздар мен ашкөздер жаратқан қоғамнан.
Көркем де көсем Ойларым - 
- қара діндегі қандастар қолынан қырылып қалды ма,
әлде, қырық құбылатын Ата Заңнан тығылып қалды ма,
әйтеуір, із-түзсіз жоғалған!

Ғайыптан сыбырламайды енді Өлең.
Бүгін - 26-сы. 
Өтінем, Тамыз, тезірек дөңгелен!
Ақшасыз дімкәсқа атаукересін зорлап ішкізеді бұ жақта.
Сондықтан, 
жомарт Күздің сана аңқыған сары демімен емделем.

Меншікқұмарлардың арам пиғылынан бұзылды мендік ізгі рең.
Аман болсыншы емші-әулием - Күз күрең.
Үкісінің үнімен аластаймын өзімді!
Ақ жаңбырымен үшкірем!

Шын айтам, Тамыз,
Миғұла қылып бітті, сахналардағы мәңгіме саз, 
Мінберлердегі қаңғыма сөз, қанбұзар,
Мұнаралардағы сұңқылдаған таңғы зар...
Жадымда қалғаны - Абайдың әні, жаңғыз ән.
Күзге барам да, 
тұманына өлгенше тұншығып,
қайғымның іріңді жарасын аш қасқырларына жарғызам...

Ақылым әбден ашынған.
Көңілім өлген, жасырман.
Күзге емделем.
Сыздаған Жанымды мұздай түндеріне қоям матырып,
тырналарын үш айналдыра ұшырғанша басымнан...

Қанша азапты болса да, Күздің емдеуін өтінем.
Құлан-таза айыққан соң ғана, қоғамға оралам өкірең. 
Оралам да, 
қасқая қарап алып оның сазарған бетіне,
қарғыс егіп беремін көтіне.


26. 08. 2016.


***

Қайран Қазағым,
Аңқау Қазағым,
Алаңғасар Қазағым,
Айтшы, - арман қайсы, жалған қайсы?
Ә-әә, еш ойланбайсың.
Арандатушың көп - айнала.
Қорғанбайсың.
Өзгені бақытты етем деп жүріп,
Өзгеге малай болып бара жатқан сормаңдайсың!

Сол өзгелер Атамекеніңді тонап, құтырып,
Ата Тіліңнің жұпарына түкіріп,
Өздері үшін алтыннан мұнара соғуда.
Ал, сен болашағыңа күркеңнен сығалайсың жұпыны.

Ол да - аз саған.
Қас дұшпандарыңды да еркелетесің, құшағыңнан тарс шығармай!
Ақылың ақымақтыққа құмар ма-ай?!
Әлемдегі ешбір ел өзіңді түсіне алар емес.
Құдай да отыр Өзіңді ұға алмай!..


26. 08. 2016.


***

Тілінен айырыла, аһ ұра бастаған Елімді ойласам,
Түнектен құтырма жел еміп сансыраған шырақтаймын.
Гүлінен айырыла, сатыла бастаған Жерімді ойласам,
Қылпулы қылыш құшып қансыраған қынаптаймын.
Өзімді солайша сорлатқаны үшін,
Ата Заң түгіл, Құдайды да ұнатпаймын!
Өлең, 
Сенің жұпарыңа тұншығып өлейінші,
Қайдасың, жұмақтай Мұң?!..


24. 08. 2016.



***

Күзге барайын...
Жоқ, Түзге барайын!
Қарлығашы қанатымен сүртіп сорамды,
Қасқыры жалап, жазып беруші еді-ау Жан-Дүниемдегі жарамды!..
Қалаға бекер келіппін.
Жанып тұрған шамдары да қараңғы.
Мұнда өтірік ақын болып жүргенше,
Қаңғыбасы болайын Даламның!

Түзге барайын.
Бидайығын жейін үгітіп,
Бұлағының дәмін тамсайын.
Жаңа бір өмір бастайын таң сайын.
Маған оның қарақұсы да - Хан, 
Қарғасы да - Ханшайым!

Түзге барайын.
Қалада - атақ пен билікке мас бәйгі.
Жанашыр жоқ. 
Туыс түгіл, дос - қайғы.
Түзде, еңіреп жыласам да,
Жартастары жаңғырыса қоштайды.

Қалада құрметтейді ақшасымен күштіні.
Қазақ Тілінің қайыршы сияқты ұсқыны.
Даламда бұлт пен жел, жусан мен көртышқан... 
Бәрі - бір тілде ұғысқан туысқан!..
Түз Тілі!

Түзге барайын, мұңымның Анасы!..
Қайтыс болармын сонда, шамасы.
Жаным Күнге ұшқанда,
Шіріген тәнім шипаға айналып,
Бітіп те кетсе екен Даламның жазылмайтын бір жарасы.


20. 08. 2016.


ҚАЛАМЫМ


Қаламымның арқасында, мен не көрмедім!..
Қаламым не көрмеді, менің арқамда!..
Хақ алдында да иілмейтін өр бейнесі - көзімде.
Өрт-сиясы... бар - қанда.

Сүйегі де - жасыл, өндірден.
Күміс қалпақшасы да - мөр-таңба.
Жан жарым да білмейтін талай құпия сырды да біліп алған ол, 
Жасырынып тұрып қалтамда.

Ішінде де жатты қамалып сансыз кітаптың.
Жер-жаһанды жұлдыздарымен құтыртқанда сынақ-Түн,
Талай кесір Ойды да соның қарасымен жаныштап,
Талай есіл Ойды да қаламұшымен тұтаттым...

Жанымның байрағына сап та қылдым мен оны.
Жаманға атар оқ та қылдым мен оны!
Қамшы орнына, дат та қылдым мен оны!
Иә, дәтім де - сол - затым да!
Қайратты да қарымды!
Талай рет емдеймін деп те зарымды, 
Ар нұрына малынды!
Шимайға да армансыз салынды...

Аңқып бергенде күзгі алма,
Өзіммен бірге ғашық та болды талай-талай періеліндік қыздарға...
Әр саусағыммен де бір сүйіп, аялаймын мен оны 
Жүрегім сыздарда я мұздарда.


19. 08. 2016.


***


Менде де - сол, бір-ақ Сана, бір-ақ Ар.
Мінезім бар - алқоңыр.
Өлеңнен тыс тіршілігім - күнәһар.
Мінәжатханам - тоғызыншы қабаттағы балконым.

Сол балконда шылымымның түтініне ашуым өлер асылып.
Терезелерінен жалт-жұлт көрінеді есер ғасырым.
Тұман енеді есінеп.
Көгершіндер, ғашығым...

Сол балконымда ересен,
Өсіп тұрған жұпары көкшіл усойқым,
Түгі құлпырған түнгі көбелегім - бәрі әсем.
Ал, Күн құлақтанғанда,
Мұңлы әлемді үшкіріп, 
Жынды Ойларыммен кеңесем.

Негізінде, балконым мен жазу бөлмем - екі өмір.
Екеуінде де іздеп жүремін дәт емін.
Төменге ұшсам, - эшафот.
Жоғарыға ұшсам, Тәңіріге кетемін!
Қайта түсем, жарым шайға шақырса.
Не, пырақтай пысқырынған қымызын сапырса.
Мен балконда жұлдызды өлең оқимын,
Космостық Ақынша.
Түкпірінде оның Көкәләйімнің* ойыншықтары да бар тамаша.
Өзім кейде күліп те жүремін, О Дүниемен жанаса.
Қайғырам ба?
Әрине, қайғырамын,
Жаһандағы барша мәртебе балконымнан аласа.


*Айбүбі (Көкәләй) немерем


18. 08. 2016.


***


Түрлі адамдар - түрлі обал.
Жақсы адамдар - пір маған.
Жақсы адамдар... гауһары бар Жанының,
Періштелер қырлаған.

Басты пірім - Ата Тіл.
Ата Тілім - дәт әділ.
Мендік Жанда бір ғажайып көк тас бар,
Нажағайлар өлең жазып жататын...

Күлдірген де жылатқан
Аңқыр-мүңкір сұрақтар...
Ертең менің көк тасымды Бақ Құсым
Әкетеді Жұмаққа.

Оттап пасық, көкіп қар,
Дулай тұрсын. Уақыт бар.
Ей, пенделер, гауһары жоқ Жанының,
Өлеңдерімді оқып қал...


10. 08. 2016.


Жетілмей жатып, жетімдікті көрдім, 
Көңілі көкала өксікпен жамаулы.
Қайырымдыларды көрдім.
Санаулы.

Қырық түрлі қырсық дертті де көрдім,
Кезек пе кезек құтырған.
Айыққан сайын, арман қуып кеттім.
Бәрін де көрді, шүкір, қан.

Қапасты да көрдім, озбырларға отты жұдырық берем деп.
Бүргені де көрдім қанішер.
Көз алдымда өлтірілгенін де көрдім найсаптың,
Ары - шер.

Обалды білмес оңбағандардан зәрем де ұшты сан рет.
Таяқ та жедім.Ұшып та кетті тісім де.
Ойымда - істемегенді істедім.
Кісі де өлтірдім... түсімде.

Озбыр орыс социализмінің күйрегенін де көрдім.
Келіп жеткен капитализмге де нанбағам.
Коммунист-комсомол қожалар
Елімнің түгін қоймай тонап алды, оңбаған.

Үйсіз-күйсіз қаңғырып та көрдім.
Жолдас та таппай саналы.
Құлап та көрдім, жылап та көрдім.
Көрдім жынды... хананы.

Оқты да көрдім, маңдайыма көзеле, арақ мүңкіген.
Кекті де көрдім, көсем Өлеңіме безерген. 
Қаптаған қандас діндарларды да көрдім,
арабша зарынан Аталы Сөз өлген.

Ақыры,
Ата Тілім мен Ата Мекенімді сатқандарды да көрдім. 
Қайғыруға келгенде, Асан Қайғы менен артық па?
Өзіңе де жалбарынбаймын, Құдайым,
Тозағыңмен қорқыт-қорқытпа!


08. 08. 2016.


Он тал шылым, бір қасық бал.
Қара мен Ақ, ырғасып қал!..
Шимай-шимай... умаж-умаж ......
Туынды жоқ. 
Құр машық бар.

Телефоның, ол бір - безек..
Тыңдай қалсаң, - мәңгірме өсек.
Әңгір қағып есігіңді,
Терезеңді жаңбыр көзеп...
Араласар қаныңа мәй...
Будда сынды зәлім Абай...
Күтімі жоқ жалбыр шашың
жан жарыңа ол ұнамай...

Екі көзің бақырайтып,
Бақылайсың соқыр Айды.
Түйсік жыбыр еткен кезде,
бала-шағаң ақыл айтып...

Онан кейін..
Мұң. 
Шай. 
Дәрі...
Жүйкең Жанды құрсайды әлі.
Жаңалықты білгің келсе,
Тележәшік жын-шайтаны!..

Даң болады біржола Бас.
Ондай Басқа нұр жоламас.
Көз көрмеске жоғалсаңшы!.. 
Тыржалаңаш...


05. 08. 2016.


Мен, тегінде, көсемдердің де білмейтінін білемін.
Қас дұшпандар үшін қылшылдаған семсер - түр-өңім.
Сорлылардікінен де бетер сорам да ағады.
Арлылар күлкісінен де асыра, әдемі күлемін.

Абызымын Даланың.
Сондай-ақ, доңызымын қаланың.
Ұлағатын айтып тұрып дананың,
ұғатынын ұқпай да жатам баланың.

Әулиемін - Өлеңде.
Жаным - космостық тереңде.
Әдебімнен айырылып та қаламын,
Әзәзілге ерем де...

Албастылардың да жанды жерін білемін...
Алкеуделілерге де жасай аламын жын емін.
Бірде - пайғамбар, бірде қас топас болып,
Бұ Жалғанда қыдырыстап, біраз жүремін.
Қашан өзіне шақырғанша Көктегі тылсым Күн-Өмір...

20. 07. 2016.

Ақиқат бар, әңгүдіктер тарих топырағына жасырған...
Баяғыда, Өлең тылсымына Ақын енгенде тосыннан,
Жапырыла қашып түйе үстіндегі қосындар,
Жасылтулы пайғамбар да шошынған!..

Қорқыт сарыны гулесе де қобыз бенен қурайдан,
Күннің нұры сөйлемейді түнгі Айдан.
Ақын - жалғыз, ақымақ - сансыз.
Арасы -
бітіп болмас гүр майдан.

Ақылсыз Ес - дін сөзіне де ұйып, түтіндер...
Поэзия - ажалсыз әлем, бітімгер.
Әй, пенделер,
Ақынды өлтіргілерің келсе,
Өлең тылсымынан тыс қалған кезін күтіңдер!

9. 07. 2016.

Әр Сөзіңе, жаратылған періштелердің демінен,
Әзәзіл де өлердей болған, еміне,
Ата Тілім,
Сені де;
әр жусаныңды қорғап тұрған жүз балбал,
Күнге Кійең кісінеген, Түз-Қамбар,
Сені де -
- құртып тынбақшы қожасынған дұшпандар!

Енді кімге, қалай жеткіземін назамды?!..
Оданда, бүгін өткерейін де тәндік қазамды,
Тәңіріге аман-есен алып барайын, тым құрмаса,
бір ауыз Аталы Сөз бен бір түйір атамекендік тозаңды!..

7. 07. 2016.

Ақ таңмын.
Көңілімді өкінішпен қақтар мұң.
Ақиқаттан қашқан бауырларымдағы көп арман
"Көктен түскен кітаптарға" қамалған...

Талтүспін.
Жанымның мазасын алғыш мұң.
Заман - мынау, ауызкесел, бұткесел.
Бақ пен Сордың құпиясын ұқпас ел...

Іңірмін.
Ғұмыр - мұң.
Бақыт дәмі де - у дәмі.
Тәңір Жүзі тым бұлыңғыр –
- жадішіндік будағы...

Бүгін де түк бітпеді. Масқара!..
Сөз соңындағы көп нүктелер - көзімдегі бүртік-бүртік жас қана.

5. 07. 2016.

МӘСЕЛЕ

Маған осы не жетпейді, білмеймін.
Жұлынымды жаныштайды да тұрады зілдей мұң...
Бейне бір, тұмсығы жоқ пілдеймін.
Әлде, көгі күйіп кеткен күңгеймін?..

Барлап қарасам,
Бүгінгісі - қор, ертеңгісі зор Елім бар.
Бүгінгісі - сатылған,
Ертеңгісіне дұшпандарымыз аһ ұрған Жерім бар.
Бүгінгісі - тоңқаңдап арабша ән салған,
Ертеңгісі - өліге де Дем салған тәңірлік Сенім бар.
Яғни, өзімді бақытты сезінетіндей-ақ жөнім бар.
Бірақ...
Үнемі қамыға ойлаймын.
Маусымдар айналысына ұқсаған айналма қойдаймын...
Неге?

Жүрегім - жаутаңдарға жақтасып,
Мыйым - тылсымдарға қақпа ашып,
Сегіз қырлы хақ Сөзімнен өзіме атылған оқ қашып,
Жанымның жайлауында ойнап-күліп жатар болса да көп ғашық,
Бәрібір, Сор мүңкитіндей Бақ-Басым...
Мейлі ғой, бұ Дүниеден де өтермін ыңырсып.
Тек, о Дүниенің Тозағынан я Жұмағынан да
Құдай дәл осылайша қоңырсып өтуден сақтасын!..
Ал, о жақта да солай болса ше?!..

18. 06. 2016.

Жас атаулыдан - арманшыл ақымақ кезімді,
мас атаулыдан - жалмаңдаған безімді көрем.
Кемсең қаққан корғансыздарға кезіксем,
қорлағыштарды күні ертең тәубасына түсірер
көрдей суық Сөзімді көрем.
Еліме қарасам, -
- Өзімдегі Аспандай нұрлы Сезімді;
Жеріме қарасам,
Өзімдегі ажалдан да ауыр Төзімді көрем.
Мен бүкіл дүниеден Өзімді көрем.
Көрем де,
баршамыздың бір ғана Ата - құтынан,
Бір ғана Ана сүтінен жаралғанымызды түсінем.Шіркін-ай, әркім осылай түсінсе ғой ішінен...

13. 06. 2016.

Жалықтым!..
Менің жалығуымда -
- баршаға Бақ іздеген мыңдағанжылдық обалы бар Зарықтың.
Мен солайша жалықтым.
Қамықтым.
Шектеулі құлдық тірліктен жалықтым -
- тірлігіндей аквариумдағы балықтың.
Тақпаққа айналып кеткен моральдан,
Қорғансыздардағы жаутаң жанардан,
Қайталана беретін маусымдардан,
Кеңселердегі ұят ойнағыш нән сұмдардан
Һәм олардың обырлығынан,
Тобырлығынан халықтың... жалықтым.
Дүниеге келгендердің сорасынан,
Дүниеден кеткендердің моласынан,
Доссыз сәлемнен,
Қошсыз өлеңнен,
Құдайсыз Әлемнен... жалықтым...
Ешкім де, ештеңе де өзгерер емес!
Бәрінен өлердей жалықтым!
Тозағыңа әкетсең де, алып кетші мені, Жарық Күн!

2. 06. 2016.

Мен күн сайын,
Оянғанда,
Ашпай тұрып көзімді,
Нұрлы бала сезінемін өзімді,
ұйқы нұрларынан жаралған.
Санамда ойнап қоя береді сан арман!
Көзімді ашсам-ақ, аш ит көрем... пендешілік тірлікті.
Әй, оғым жоқ-ау атарға!..
Бір алжыған шал сезінемін өзімді,
кешке... қайта ұйқыға жатарда.

Жағдай солай...
Итшілеткен тірлік те - бір ілім?
Бүгін тағы, көзімді ашар-ашпастан,
Естіп жатырмын ырылын.Осы қаншық-ақ соры болды-ау шекемнің!
Әй, әкеңнің!..

26. 05. 2016.

МЕНДЕГІ ҒАШЫҚТЫҚ

Қазағымды (өліп бара жатса да, қарайлайтын қонағына),
Домбыраны (ғарыш музыкасын сыйғызған шанағына),
Атамекенімді - Жер кіндігін,
Аққан судың, соққан желдің еркіндігін,
Жүріп бара жатқандағы жылан биін,
Басына бұта өсірген бұлан мыйын,
Түнгі салютты, күркіреген зеңбіректен,
Күнді, Жанымыздың жапырағын желбіреткен,
Сол сияқты,
Сайтан және саналы Аспан...
Яғни, барша жаратылыс пен құбылысты,
Құдайдың жұпар Демі араласқан
һәм Құдайды
- жақсы көрем!

Мендегі сондай ғашықтық -
- қиял да ұшып өте алмайтын қашықтық.

20. 05. 2016.

ЖҰБАНЫШ

Қайран қалам,
Неге мен өз үйімде, өз қаламда, өз елімде,
Мына Жарық Дүниеде,
Бойымды тіктей алмай, қиналамын көбінесе,
Бұғаудан буынып қалған жабайы жылқыдай?!..
Маңдайыма солайша жазып қойып па еді Нұр-Құдай?!

Егер, шынында да,
Елім бар болса егемен,
Жерім бар болса жебеген,
Нажағайлы күндей жалпағынан күркіреп,
Еркін өмір сүре алмаймын неге мен?!..

Мысалы дегенім ғой,
Ертең өкінбеу үшін, ана жаққа кетерде.
Жоқ, рас, амалсыздың жазуы бар ма шекемде?!..
Неге қорына берем, жаутаңдағандай дар ағашындағы арқанға?
Әлде, жылап жүр ме әлденендей зар қанда?
Әлде, шабыт құйыны қанкөбелек ойнағанда арқамда,
Құдайға ғашық жаратылған бейкүнә Үміттерімнің
сайтан-күштерден шошынып,
көз жасым түрінде құлап кетпегінен қорқам ба?!..

Сірә, соңғысы болса керек?..
Бірақ, кім біледі...

16. 05. 2016.

ҚОРЫНАМ

Алпысжылдық айланы көргенде алты жасар баланың көзінен, -
- қорынам
Ондай ұрпақтың жоғы жақсы - барынан.
Қорынам - сөз ұқпайтын ресми гүжбанға.
Қайраным жоқта - тұмсығын бұзғанға.
Дамбалынан сақалы ұзын діндарға,
қазақтығы жоқ қандас жындарға - қорынам.
Қорынам - баспанам да, жұмысым да жоғынан;
әкіреңдік мұнара соғып алғандарға, дүниеқоңыздық боғынан.

Биліктің насихатынан да нұр қашып,
заңға сүйене, бетімнен алғанда шүлдірлек ұрғашы -
- қорынам.
Қорынам -
Жер-Анамды сатып алып, зорламақшы болғанға,
қарсы шықсам, қорламақшы болғанға;
өз Елімде өзгелерге жалпылдақ құл болғаныма,
Ордадағы мемлекеттік сорлы Тіл болғаныма - қорынам.

Қорынам, қорынам, қорынам...
Әй, құдай біледі, бір күні бар ғой,
Дүниені сәтте талқандап жіберетін
алапат Ой болып жарылам!..

12. 05. 2016.

КЕЙДЕ

Кейде, мен
қырық жыны ерен қызыл кәрленген аязға
шыға саламын жалаңбұт... дымқыл жейдемен.
Кейде, мен
періштеше сөйлесіп отырам пендемен.
Күнәм жоқ па?
Қайдаағы... о жағынан да кенде емен.

Кейде,
қаладағы ел-жұртқа
сыпыра сәлем беруге де шығам, ән аңқып.
Кейде, жап-жарық күлкі алып кірем, топ ішіне қараңғы.
Қайғым жоқ па?
Қайдаағы... кейде, сүрте алмай есім шығады сорамды.

Кейде,
иіліп тәжім етем, қыз көрсем дара көрік.
Кейде, шалшық жалдап кетем, ес білмейтін балаға еріп.
Басқа жұмысым жоқ па?
Қайдаағы... кейде, өсіргім де келеді санама өрік.

Кейде,
мезетінде мыйішіндік күңгір Түн,
кәдімгідей қолыммен ұстағым да келеді мұң құртын.
Уақытша өліп, қабірге құлағым да келеді,
сұрағым да келеді хал-жағдайын Аңқыр мен Мүңкірдің.
Есалаңмын ба?
Қайдаағы... әзәзілден айла ұрлаған жымқырмын.

Кейде,
мендегі шырылдаған Жан - шегірткелермен де жарасымда.Кейде, қуана қабыл алам антұрғанның жаласын да...
Мен әйтеуір, ел сияқты жосып-босып жүре бергім келмейді,
ас пен дәрет... ханаларының арасында.

11. 05. 2016.

СЕМЕЙ. ШАҺКЕРІМ ДАҢҒЫЛЫ - 86-87

Жұмыс бөлмемде - домбырам.Бақсылансам, - даңғырам.
Шайтантиегі - Ұмайтеректен.
Ата Тегі - Байтеректен.
Пернелерінде - Бақ Құсының үні бар.
Еріге қолға алсам, сөйлемей қоятын жыны бар.
Ішегін Сексек Ата ызып берген.
Қуанышым мен қайғымда ғана қызып берген...

Жұмыс бөлмемде, сондай-ақ,
Шүңкілдеседі қағаз бен қалам, тағы да басқа ағайын.
Терезе алдында - титімдей ерке тоғайым.
Қабырғада - немерелерімнің суреттері, жүрегімнен нұр сіңген.
Мыңдаған қария-кітаптар, күрсінген...
Бағзы заманадағы Түз Демі...
Әлем айнасы... ол - менің үстелім.
Содан көремін шөп шыққанын қай жерге.
Қай жерге жасын түскенін...

Жатын бөлмемде ұйықтап кетіп перғауындық пішінде,
Құдаймен де тілдесемін түсімде.
Сондай данамын мен, әрі түк білмейтін баламын.
Үйімнің бір қуысында пендеше күңсіп те аламын.
Бір қуысында күнәдан да жуынып-шайынам, өлімдей.
Төр бөлмемде Қыдыр отырады көрінбей.
Ол кеңістік - өзімізге де құт, елге де.
Ыңылайды ылғи көк шәугім, жан Жарым жүрген бөлмеде.
Кеселер күледі сыңқылдап...
Ал, мендік маңдайдан шалқиды ғұмыр-Жан.
Таңдайда балқиды ғұмыр-дәм.
Сылдырап уақыт ағады құбырдан...

О Жарық Дүние, осылай ғана тұрсаң - құп.
Көкірегімде Өлең көшіп жүр, Қазағымның иісі аңқып!

11. 05. 2016.

ЖҰДЫРЫҚ

Қанат Ислам бауырға

Болаттай кезімдегі жұдырығым
Болушы еді байтөбеттің басындай.
Итмінезділерге жұмсадым оны әрдайым,
Катапульттың ұшыртып тасындай.
Ал, ақылым со кезде - мұңды ақыл да жынды ақыл.
Төбелестен түк шықпасын білген соң,
Жұдырығым тынды ақыр...

Әй, ит-тірлік-ай десеңші,
Ол кездердегі қалаларда
қазақтығыма оқты көз бен шоқты сөз әрдайым қарша борайтын...
Жұдырықтар да солай-тын...
Жарайды.
Есесіне, Мыйым зорайды...

Жә, енді, қиянатты көрсем-ақ,
Ойларымнан да шып-шып қан шыққан!..
Егер, күңсіп ел, алжып хан,
Жау атойласа іштегі һәм сырттағы әр сұқтан,
Жұдырық Құдайы жаратыла кетеді,
кәлләм ішіндегі тірі Балшықтан!..

9. 05. 2016.

Боз Даладан - не қайыр - Астанадан?
Масқара түн - ақшалы - масқара таң.
Көкәләйім, кеше гөр,
Келді өзіңе
Саясат пен саудадан қашқан Атаң.

Әулиедей түр де енді - жай ғана түр.
Ауыздағы тіл де енді - қаймана тіл.
Ақылының тағында әр адамның
«Сайтан» атты сатқынкер жойман отыр.

Дәстүрден де түк қоймай жалмады Ақыл.
Әр Ой, әр Сөз – меншікшіл сарнакәпір.
Жерді сатты, Сайтекең, шерді сатты.
Сатылмаған ештеңе қалмады ақыр.

Алыссақ та Сайтанмен ұдайы біз,
Аңқылдақ ұл - саудада - мінәйім қыз.
Бәрімізді соқыр заң пұлға сатып,
Құлға айналды іштегі құдайымыз.

Тірлігіміз - сондайлық мазақ өлім.
Аңырансын көңілім-азагерім!
Көкәләйім, сен ғана қалдың менде -
- былдырлаған титімдей қазақ елім!..

4. 05. 2016.

Мына Жарық Дүние маған - Қазақтың Жаны, алдымен.Қазақ туралы - Ауаға да айтар әңгімем.
О Дүниеге өтсем де, одан да әрмен кетсем де,
Қазақ болып қана қаламын мәңгі мен.

Қазағым - пенделікке періштедей аңырған.
Қазағым - отыз омыртқам, қырық қабырғам.
Қарашы,
Аңқыған Жанын түтіп жеу үшін,
Әлемнің бүкіл ашкөзділері Соған жабылған!..

Тарихы да - обалды, қанды шұбалаң.
Тілсіз, жерсіз, үйсіз,
Өз Отанында қаңғырып жүрген қасиетті Дуанам!
Күнге жалбарына қол созған тірі Мұнарам!..
Қайтейін,
Адамша жылап, хайуанша ғана жұбанам...

Шын айтам,
Мына Жарық Дүние маған - Қазақтың Жаны, тегінде.
Тірі үміттері жатыр кебінде...
Құдіретіне енсін, бейкүнә Қазаққа жол бер, ей, Уақыт,
Көтіңнен кері шегін де!

24. 04. 2016.

Уай, аспантекті аңқылдақ Қазағым,
Арқалым,
Сен барда, таусылмас талқаным.
Мұңым да - Сен айырған торта-мұң.
Арсыздансам,
Асыл Сөздеріңнен есілсін - асылып қалар арқаным.

Қайғы болып па - өз қайғым,
Маздасам, Сенімен маздаймын.Жыласам,
Дертіңе ем болсын - сора-сора көз майым.
Өзіңе деген ынтық сезімнен тұншығып та қала жаздаймын.

Бірақ, Сен,
Бітіп бір болмас ит тірлікте ақшашыл,
Бітіп бір болмас ит тірлікте боқ сасыр,
Боз Басыңмен өзгенің ойлап қайғысын,
Көз жасыңмен суғарып жүрсің бақшасын.
Содан шығар, мына қоғамың әзірше
Көктем секілді алауламайды жап-жасыл...
Мүмкін, Сен үшін ол да - бөлек сын?
Аңдап қарасаңшы, айналаң - толы өлекшін...
Балағыңа ғана лайық талай жұрт Басыңа шыққысы келсе де,
Барлығын балаңдай көріп, бауырыңа басып әлексің!
Еңселім,
Мені бір өлтірсе, өлтіреді сондай кемсеңің.
Өлеңіңнен өзге бар - деме, - нең сенің?
Әр өлеңім - жаманның ғұмырына татырлық өлшемім.
Қаламыңнан өзге бар - деме - нең сенің?
Қаламым - бүктемелі семсерім!..
Сондықтан,
Бір перзентіңнен байқап қалсам үркек дем,
Аузымнан атылардай бұлт-өкпем...
Қайран Қазағым-ау,
Мен үшін,
Өзгенің алтын кенінен де артық - күлтөкпең...

Өлмесінші - деп. - шүкіршіл ырымың,
Бұзық пиғылдылардың бұзып та берем мұрынын.
Танысаң таны, танымасаң, өзің біл,
Бұл ұлың -
- Жан-Дүниесінде сондай қырсығы да бар құрылым.
Сенсің - менің Күнге жалғасқан жұлыным.
Қуанғаныңда - Тәңірімсің,
Қайғырғаныңда - құлыным...

18. 04. 2016.

Отаным,
Мен Сенің ел-жұртыңды да,
Шер-құртыңды да сүйген бір титімдей араймын.
Шекараңдағы мола да болғым келеді - дұшпанға қарсы зор айбын.
Ит екеш иттеріміздің де сені ғана күзетіп үргенін қалаймын.
Иә, мен солаймын.

Қорғансыз қалам деп алаңдайсың текке Сен.
Мен бұлт болсам да, құшағыңнан ешқашан ауып кетпес ем.
Құшағымда саған орын жоқ! - десең,
Жасырынып, тіпті Сендегі боқта өсем.
Егер, жауға бір тал тікеніңді сатып жіберсе де,
Ертең өкініштерінен өледі көп көсем.

Отаным,
Мен құлқынсәріден құстарыңды да тыңдаймын,
Әр қошақаныңды да тыңдаймын...
Өйткені, өзім де құсұйқылы, қошақантаңдайлы, тірі сырнаймын.
Айдаладағы адам дұға етпес көріңде жатсам да,
Бір түйір тозаңыңдағы дертке де дауа іздейді
Көзі – қара Аспандай мұң-қайғым.

Құдай тынысы Сенімен ғана өлшенер.
Өзіңді өзгеден қызғансам, өзімді де жарып тастар семсер ем.
Менен не қалайсың, жасырмай айт қашанда,
Жынданайын, жынданғаным керек болса егер.

Менің сертім осындай, нанбасаң да, нансаң да.
Топырағыңда да жүрмей-ақ қояйын алшаңдап.
Онсыз да, бар ақыл-есім - Өзің үшін сарсаңда.
Риза болар ем -
- тым құрымаса, ғұмырымда бір рет
"Ей, сорлым!" деп, төбемнен нұқып қалсаң да.

15. 04. 2016.

ТАҢҒЫ ДҰҒА

Күннің Өлең-Сөзі жаратты бесқарулы Қазақ-Азаматты.
Жердің Өлең-Шөбі - бестұрманды Қазанатты.
Біз сол кезде
Бескүндік Жалған әулекілігін сол Екеуіне жазалаттық.

Енді,
Өлеңсөзді Қазақ та жоқ!
Өлеңшөпті Қазанат та!
Тәңірім,
Қорғансыз қалған бізді қорқау Әлемге жазалатпа!Қайыра Қазақ ет, көкірегімізді Өлең-Сөзге тазалат та!..

14. 04. 2016.

Уай, адамдар,
Расында,
Жарқын Ойлар көп, Басымда.
Қажеттеріңе жараса, алыңдар.
Әрқайсысында - Абызға тән таным бар.
Әрқайсысының бар ізгі тілеуі.
Әрқайсысы - Сөз әділ.
Жан жарасын жазады - біреуі.
Біреуі - тән жарасын жазады.
Біреуі - жауды жасқайтын өктем үн.
Біреуі - күрсіністі өзгертеді шат күлкіге.
Оларды да өздеріңнен алғам теп-тегін.
Құдайдың берген мүлкі де.

Бір Ойларым бар - қателіктерің болса, кешірер.
Жамандықтарыңды көшірер жаманға.
Зар жылап жүрген жоқ па бір есіл Ер?
Отбасыларың аман ба?

Бір Ойларым бар - Ойларыңа Ой боп қосылар.
Тіл-көзден аман сақтайды.
Бір Ойларым бар - жұпары мұхит жасыл Ар.
Қабылдасаңдар, - жоқ қайғы.

Уай, адамдар, шын айтам,
Ғұмыр - қас-қағым.
Сендерден адамдығым бөлек пе?
Жарқын Ойларым көп - Бастағы.
Жаратыңдар керекке.

Егер, менсінбесеңдер өзімді,
Тәлкек етсеңдер сөзімді -
сынақтарың қиын-ды.
Демек, менің Ойларым - қара Басым үшін ғана үйілген үйінді.
Қиынды да жиынды!Күлтөкпеге лақтырып жіберем ондай Мыйымды!

12. 04. 2016.

Театр, кино, көк базар,
Эстрадалық лақпа зар,
Бәрі - ақша үшін?

Бала мен Жердің саудасы,
Трайбалистік лаң тасу,
Бәрі - ақша үшін?

Импорт та импорт боқ тағам,
Әр түрлі діндер оттаған,
Бәрі - ақша үшін?

Саяси ойындар өрескел,
Мемлекет, байрақ және әскер,
Бәрі - ақша үшін?

Бас Алқадағы сөз ырбаң,
Жасырын көрлер қазылған...
Бәрі - ақша үшін?

Толеранттылық көлкін у,
Халықтың Тілін өлтіру,
Бәрі - ақша үшін?

Заманның жүзі, сап-сары,
Жаңадан сайлау патшаны,
Бәрі - ақша үшін?

Сайтанның жұлып ақ шашын,
Құдай кеп жынын қақса шын...Ол да - ақша үшін?!..

08. 04. 2016.

Қайран, адасқақ-аңғал Қазағым,
Сен мені
Қайырлы Қара Жерімдей әлпеште,
Қара тырнағыма дейін жұпар гүлдесін!
Солай өмір сүрейік, сүргесін!

Сен
Аспандай баура Жанымды,
Аңқыған армандарыңа тәнті Көк Ұл - мен.
Ардақтасаң, алапат жасындай құш мені,
Өліп те кетсем өкінбен!

Ал, мен Сені онсыз да өлердей сүйемін,
Күпіншекжұлдызды күдіктерің сыпсаңдап,
Қара тәнімді абақтыңа жазықсыз тықсаң да.
Қайғы мінгестірсең де қайғыма әр,
Ешқашан сөнбейді, Саған деген қаперім ойқұмар.
Тәңірден түскен сондай жарғы бар.

Мен Сені сүйемін,
Ақиқатыма ақыра шығып патшаң да,
Ата Жауыңа құл ғып сатсаң да.
Тіпті, қақ маңдайдан атсаң да... кәрленіп.
Өлең-Сөз бен өлең-шөп лаулаған топырағыңа жерленіп,
Өзің үшін өмір сүре беремін мен,
Өкпелеп Саған жатсам да.

Қайран, адасқақ-аңғал Қазағым...

08. 04. 2016.

Мойындаймын,
Мен барып тұрған қырсықпын.
Көктемір бұлшықпын.
Жақсылыққа барар жолымды біреу бөгесе,
Салып жіберем, көздеп тұмсықты.

Арамдықпен байығандар да көрсете қалса өктемдік,
Құйрықтарында мәңгі қалып қойсын деп көк теңбіл,
Оларды да теуіп-теуіп өтем көттен бір!

Әділдігім сондай - өзімше.
Әттең, милары соны сезінсе!
Әйелдерін сабағандарды да әдемілеп тұрып сабаймын,
Әйелдерінің көзінше!

Болса екен тек, он екі мүше... Ой аман!
Егер, биліктен де қан қақсап жүрсе аламан,
Оларды да бишік астына алғанымда,
Хандығына да қараман,
Жақсылардың құл болмасы үшін жаманға!
Ал, Ата Тілін сатқандарды атып тастаймын табанда!..

Бірақ, мен ешқашан олайша істемеймін ғой.
Мендегі мұң - тым адал.
Егер, істесем,
Еңіреп жүріп істер ем, бас тартпай ешбір күнәдан.
Өйткені,
Емірене айтатын "Елім!" деген бір ғана Сөзімді де
Көтеріп жүруге қауқар таппайды мың адам!

21. 09. 2016.

Отан,
Мен Сенің алдыңда кіммін?
Қыбырлаған бір құмырсқамын.
Ойлап жүретін өзінше жұмыс қамын.
Бірақ,
Илеуім түрінде болса да,
Тауыңды тұрғызуға тырысқанмын.

Күбірмен ғана өтіп әрбір күпірлі күн,
Таба алмай қойсам Сен үшін ұтырлы ұғым,
Бөксеңе төселсін,
Үнемі күрсініспен ғана тоқылып келе жатқан бұ тірлігім.

Екеумізге - Тәңірім алақанына салып, Күнді ұсынған.
Өкінішті,
Құшағыңда сұмдар да көп, жын қышынған.
Өзіңді сондайда талай рет атып жіберсем де,
Ылғи құс ұшып шығады перенімнің ұңғысынан!

Отан,
Егер, Саған, бір мәрте болса да, хайуандық істесем,
Мойныма мініп ал да,
Барша лағынетіңмен тілгілеп бер сауырымды.
Тізесімен де қанды өлең жазатын Ермін мен, жауырынды.
Алайда, Ата Жауыңа айналамын - Қазақша сөйлемесең!
Тәрк етсең - көңі де аңқыған Ауылымды!

08. 11. 2016




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар