Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
«Тұманды қараша» мен тұманды қараша арасы......

28.04.2025 810

«Тұманды қараша» мен тұманды қараша арасы... 14+

«Тұманды қараша» мен тұманды қараша арасы... - adebiportal.kz

Туынды анатомиясы

«Гонконг жаңа толқынының» аса көрнекті өкілі, кинорежиссер Вонг Кар-Вайдың «Мазасыз махаббат» фильмінде қилы-қилы сезім селін басынан өткеріп, жан азабын тартқан журналист Чоу Мо Ван мен сұлу бикеш Су Ли Женге қарап махаббаттың адам атаулы түсініп болмас ұлы күш екеніне тағы да көзіңіз жетеді. Сол секілді жазушы, ақын, эссеист, редактор Ырысбек Дәбейдің «Тұманды қарашасын» оқығанда да екі жан бір тағдыр жолында түйіскенімен де, ары қарайғы өмірі өздігінше өрбитінін көрдік. Осы тұста, Жаратушының пешенеге жазғаны бола ма әлде махаббат үстемдік ете ме деген сұраққа өзекті жан әлі күнге шейін жауап іздеумен, оған өз нұсқасын ұсынумен келеді. Ырысбектің қаламынан туған хикаятта да сондай рәуіш, сондай сарын...

Тіп-тік біткен бойын еркінси қимылдатқан кербез, бұрымын арқасына түйе тастаған ерке қыздың домбыраға тіл бітіріп, тіршілікке сән кіргізген күйі тек Маңғыстау топырағын ғана емес, маңғаз қоныс, маң даланы да күміс күмбірге бөлеп әрі өтіп жатқан әдеби іс-шараға арнайылап Алматыдан келген жігітті де естанды етеді. Күй құдіреті, өнер кереметі адамзатқа ала-бөле әсер ететіні анық: «...Ай жарым жүріп келген шексіз де шетсіз сайын дала көз алдыма келді. Сол сайын далада шыбын жанын алып қашқан ақсақ құлан, ашкөз аңшы елестеді. Шешем секілді сартап сағынышын арқалап, ботадай боздаған мұңлықтың мұңы өксітіп, өзегім өртенді. Кейде аспан астында ешкімді теңгермейтін қайсар рухым қанат қағып, үзеңгі бауым сегіз қабат болды... Ең қызығы осы сәтте иен баққа құс болып ұшып келіп, сілкініп қызға айналған Шәмшәбануды көріп, есінен тана ғашық болған Жиһаншадай мәжнүн хәлім еді». Бұ шығармада сөз бояуы ой ағысымен астасып, сұлу аруды бір көріп, ғашық боп, алайда қыз баланың айттырылу себебінен баянсыз махаббат ‒ дертке, рухани дертке ұласады, ер жігіттің жанын қажайды, мазасын қашырады. Қыз-қырқын, жігіт-желең жиылып ап, Ай жарығымен ақсүйек ойнап жүргенде, ішіндегі біреуінің шоңқайма өкшесі түсіп қалады. Қатты шиді ұштап-үшкірлеп, табанын тас қып бекітіп берген соң, жігіттің мырзалығына қатты риза болған өнерпаз ‒ Науша қыз «Шидеме-шегелемені» шығарады.

Қаламгердің қиналмай-тыраштанбай, емін-еркін жазатыны, кең көсілетіні аңғарылады. Бастапқыда, сюжеттік желі баяу дамып, бірсыдырғы, іркес-тіркес жылжып отырғандай көрінгенімен де, уақиға барған сайын шиеленісіп-ширығып, ішкі динамика үдеп, градация өрістейді. Автор соның арасынша сөз-сөйлеммен ойнайды, елеусіз ғана инверсияға ырық береді: 

« ‒ Бір әріптен шатастыңыз, атым Ғалия емес, ‒ деді күйші қыз жымиып». Өнерші арудың бір әріптен жаңылдыңыз деуінің сыры мынада: өмірдегі «Шидеме-шегелеме» орындаушыларының бірі ‒ Алия (Әлия), ал «Тұманды қарашадағы» кейіпкер қыздың есімі ‒ Ғалия. Ырысбек есте жоқ ескі мезгілдегі әңгімелерді (имам мен патша туралы әпсана) тікелей емес, жанама айту арқылы мазмұнды қоюлата түскені сөзсіз. Өйткені, Ғалия ‒ Жұматайдың Ләйләсі секілді жігітті ынтықтырған, бойындағы құмарын оятып, жүрегіндегі алауды маздатқан ажарлы ару. Ал, мұның бәріне себепкер ‒ қасиетті қара домбырадан төгілген күй. Хикаятта ақын, драмашы, Алаш арысы Ілияс Жансүгірұлының «Күйші» поэмасынан үзінді сәтті, орынды қолданылған, есесіне, ол ой-идеяға ‒ тұздық боп, ал көркем мәтінге ‒ ерекше мән дарытып тұр: 

Екі ішек жүрек жарып көңіл ашып,

Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,

Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің ‒

Бәрін де лақылдатып төгіп шашып.

Күңіренген бір мұңды күй даланы алды,

Табиғат тып-тыныш бола қалды. 

Шығармадағы интертекстуалдылықтың да маңызды рөлін атап өтуге тиіспіз. Жаһан әдебиетінде повесть жанрында алдына жан салмайтын жазушының бірі – Константин Паустовский. Оның «Алтыннан құйылған раушангүлінен» оқырман бас қаһарман – Жан Шамет іс-әрекетінен алтын гүл туралы арман-аңсарға толы аңызы және оны жасаудағы қиындық-бейнетінен хабардар болады. Өзінің қоңыр күйіне қарамастан зергер Сюзаннаны бақытты еткісі келіп, бітімі бөлек роза дайындауға бел буады. Шеберхана ішіндегі шаң-тозаңды қорапқа жиып, үйіне таси береді, таси береді. Соның ішінен күнбе-күн алтын ұнтағын іздеп тауып, ақыры арманына жетеді, алтын розаны жасап шығады. Бұл ‒ кез келген кесек шығарманың қандай азаппен, қиындықпен туатындығы туралы метафора. Түрлі көркемдік элементтер мен компоненттер: сюжет, композиция, тіл, стиль қарым-қатынасы тұтастығынан тұрады. Сондай-ақ, баяндаудың сәтті, ретті шығуында Ы. Дәбейдің дүниетаным, жеке шығармашылық бағыт-бағдары, кеңістік пен уақыт ұғымдары арасындағы тылсым байланысты ұғына білу қабілеті, деталь-штрихтарды қолдану машығы зор рөл атқармақ. «Тұманды қарашадағы» баяндаушы-нарратор бір уақиғадан екіншісіне емін-еркін өтіп, майдай сырғып отырады, арадағы жік-кідіріс байқалар емес. Бұл ‒ көркем мәтін пластикасын күшейтетін көрсеткіш. Мәселенки, таң намазына тұрып, сонда қонақтаған дәу қара құстың аяғынан шап берген имамның ісі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Миғраж түнгі сапары алдындағы құманның қисайып тұрған сәтін еске салады. Осы ретте, аллюзия, реминисценция, пастиш әдісі дөп пайдаланылған-ды. Сондай-ақ, автор бұл уақиғаны (құс пен имам) Ғалияның күйді шертуімен және оған деген іңкәрлікпен салғастырады: «Сол кезде Жаратушының маған айрықша мұғжиза бергенін ұқтым. Күнде мешітке барып, жоғары көтерілерде тағы сол құсты көрсем екен, тағы да аяғынан ұстап әлемді шарлап қайтсам екен деп армандаймын. Мінберге қуанып шығып, мұңайып түсетінім сол дейді. Ғалия, мен де сондай бір сырлы уақытқа, ғажайып сәтке тап болған секілдімін деп ойлаймын кейде. Арасында сен тартқан күйдің біразын талай дәулескер күйшілердің орындауында интернеттен іздеп тыңдап көрдім. Керемет орындаулар, әдемі күйлер. Бірақ, сондай тұтасқан дәуірлерді, ішінде өзім де өмір сүргендей хәл кеше алмадым...». Махаббат та күйге ұқсайды. Себебі, ол адамға әсер етеді, жанына рақат сыйлайды. Махаббат ‒ Алланың сыйы, махаббат ‒ сезім, махаббат ‒ кісі мен кісіні, рух пен рухты жақындастыратын күш, махаббат ‒ естіні ессіз әрі ессізді есті ететін табиғи феномен.

« ‒ Әй, Оралхан!.. Фойеге қойылған дивандағы ақ шашты сатирикті» де, «ұзын шашын желкесіне түйген, арықтау келген жігіт ағасын» да танығандай болдық. «Маған бірдеңе болды-ау деймін, өзім де түсінбей жүрмін. Әлде күздің әсері ме екен, көңіл-күй болмай кетті соңғы кездері. Мына жердің аурасы да жаман, еңсеңді бірнәрсе басады да тұрады, депрессияға түсіп кетесің». Бұл ‒ кейіпкердің сол кезгі күйі, оның өң мен түс арасындағы ахуалы, артхаустық фильмдердегі қаһарманмен өзектес жайт: «Екеуміздің арамыз сені сүйетінімді білмейтіндей, мені сүймейтініңді білетінімдей ұзақ...». Ләйлі мен Мәжнүн туралы хикая басы артық деталь емес. Себебі, жазушы кейіпкердің Мәжнүн кейпін кигенін меңзеп-нұсқап отыр. Автор «Тұманды қарашада» бірінші жақтан баян қылады және мұнда оқырманды баурап алар, елітіп әкетер әңгімешілдік бар, ырғақ бар. Жігіттің Ғалияға жазған хаты, естелігі жан мен жанның үнсіз диалогке түсіп, іштей тілдесетіндей, ақталып-арылатындай, сырлас сыпатындағы дүние. Ғалияның түр-тұлғасы, болмыс-бітімі ерек, ешкімге ұқсамайды: «Ықшам киініп, қолаң шашын төбесіне түйген Ғалия аққұба өңі бал-бұл жанып алдымда, қол созым жерде жүгіріп бара жатады. Өңмеңдеп соңынан қалмай келе жатқан мені көрді де, сықылықтап күледі. Айдың жарығында оның маржандай әппақ тісіне дейін анық көремін...». Періштетектес қыздың сымбатты бойы, жан тазалығы, пәктігі қай еркекті болсын ессіз етеді. Кейіпкер хат жазып отырып өзінің Мәжнүн екендігін еріксіз мойындайды, мұны аруға арнаған жазбасынан байқаймыз: «...Мен үшін күтпеген кездесу, ойламаған оқиға болғаны рас. Бірақ, бұйрық соғылған қасқа маңдайдағы жазуды ап-анық оқып тұрып бұра тартуға, аттап өтуге ақылым да, әлім де келмейтін секілді. Емші-уақыт емдемесе, осы кеткенім кеткен. Мен де ‒ бір Мәжнүн». Сақал-мұрты қаулай өскен, әбден қажыған, ой мүжіген жігіт таксиге отырып, үйіне тартады. Үлкен даңғыл үстіндегі көпірден өте тоқтап, көліктен түсіп, өзен жағалай жүріп, қалың тұман тұмшалаған, ит тұмсығы өтпес мұт орманға еніп, жоқ болады. Автор шығарма соңында қос ғашықты қоспады, арасын ажыратты. Бір жағынан бұл концепция да дұрыс шығар. Өйткені, махаббат деп аталған керемет адамды өсіруі де мүмкін, дәп солай өшіруі де ғажап емес. Қалай айтсақ та, Ырысбек Дәбейдің 2025 жылы «Steppe&World» баспасынан жарық көрген «Тұманды қараша (Ай сонатасы)» атты сырлы хикаяты ойландырды, көңіл күйге әсер етті, кейбір мәселелерге басқа жағынан қарауға жағдай туғызды: «Сен Ләйлі болсаң, менің ішімдегі Ләйлі кім?». Бұл ‒ кейіпкердің өзді-өзіне емес, оқырманға, жалпы адам баласына қойған сұрағы деуге негіз бар. Түйін де ‒ осы.

Ы. Дәбей көзге көп шалына бермейтін 3 нәзік желі-параллельді қатарластыра өрбітіп, қамшыдай өріп отырады: 1.) Айға қарап дәрет сындырған, бетіне сәуле түскен баланың айкезбе ауруына шалдығуы және Ғалияға ғашық болған жігіттің де делқұлыдай күй кешуі; 2.) Ләйлі-Мәжнүн уақиғасы һәм (әм) жігіттің Мәжнүн кейпін киюі; 3.) YouTube арқылы Людвиг ван Бетховен «Ай сонатасының» тыңдалымы (домбыра-күй-пианино-фортепиано) әрі ердің құлазып, суатқа құлауы. Мәнді осы үштаған ішінен іздеген абзалырақ. Ақын, сыншы, мифолог Әмірхан Балқыбектің:

Махаббат үшін бір екен ессіз, естің де,  

Шын ғашықтарда болмайды екен ес мүлде.

Дәл мендей сені сағына аңсап жалғанда,

Дәл мендей сені сүймеген шығар ешкім де,

деп жырлауының мәні тереңде жатқаны даусыз. Шығармада негізгі 4 көркем локация (хронотоп) бар: 1.) Маңғыстау ‒ кафе (ресторан) ‒ шығармашылық үйі ‒ редакция: психологизм ‒ ностальгия ‒ романтика ‒ жан азабы ‒ жалғызсырау ‒ жатсыну ‒ мәжнүндік ‒ тұйық көше ‒ тұманның қоюлануы ‒ хаттар ‒ естеліктер ‒ ... Мысалы, мына мәтінге мән берсеңіз, мұнда көркем бейне әлеміндегі беймазалық, алай-дүлей жағдай айқын көрінген-ді: «Түнде төпелеп жаңбыр жауды. Терезеден сыртқа қарап тұрып тұңғыш рет құштарлық отына күйіп ынтыққан жан азабын сезіндім. Осынау жаңбырлы түні әлгі кассетаны тауып, магнитофон дауысын барынша шығарып, армансыз тыңдағым келді...». Туындыда аты аталмайтын жігіт ‒ бүгінгінің Ромеосы, мына заманның Төлегені.        

Көркем мәтін – құрылымы ерекше семиотикалық құбылыс. Соған орай, мәтіндегі тілдік таңбалар, кодтар жүйесі ‒ таным жемісі. Сондықтан оқырман санасында көркем мәтіндегі тілдік кодты аша алатындай, талдап-тәпсірлей алатындай білім болуы шарт. Өйткені, автордың айтпақ ойын lingvo-бірліктер және көркемдік-эстетикалық жүйе арқылы ғана ұғына алмақпыз. Әдебиет – дүниетанушылық ғылымының ең биігі, төресі, төбе биі. Бұл – адам өмірі мен қоғамды көркемдік тұрғыдан зерттеу деген сөз. Қазіргі қазақ прозасы тақырып аясының кеңдігімен, образдар жүйесінің нақтылығымен, уақиғалар желісінің шымырлығымен, кейіпкерлер мінез‑қасиеттерінің даралығымен, қаламгерлер концепциясының айқындығымен ерекшеленеді. Ойымызды қорыта келе айтарымыз, жазушы Ырысбек Дәбей «Тұманды қарашада» кешегі мен бүгінгі, көне мен жаңа арасын жалғаған күй өнерінің өзегіне үңіледі, оның табиғатын тануға талпыныс жасайды, көркем бейненің естанды халі арқылы жоғалған дәуірдің көмескі кескін-келбетіне, мәңгірген ұрпақ болмысындағы бос кеңістікке зер салады, біраз дүниені өз тұрғысынан саралайды, патша көңілімен парықтайды...  

         

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, 

әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы, 

Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар