Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төрт жанрды тел емген...

04.05.2024 1778

Төрт жанрды тел емген 14+

Төрт жанрды тел емген - adebiportal.kz

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, сатирик,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өріс Яшүкірқызының 75 жылдығына арналған шығармашылық кеші және 4 томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті. Әдеби шараға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар,  БАҚ өкілдері, журналистер, оқырмандар қатысты.

«Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрмет белгісінің иегері Өріс Яшүкірқызы журналистикадағы қарымды шығармашылығымен, оның ішінде өлеңдерінен бөлек, юмор-сатирасымен және детектив жанрындағы шығармаларымен де танылған қаламгер. Автордың «Боямасыз өмір» әңгімелер жинағы, «Сексеуілдің шоғы» өлеңдер жинағы, «Шенеунікше тактика» әзіл-сықақ, сатиралық әңгімелер жинағы, «Қараша қаздың қаңқылы»  өлеңдер жинақтары кезінде оқырман тарапынан лайықты бағасын алды. Айта кетейік, Ө. Яшүкірқызының  «Боямасыз өмір», «Сексеуілдің шоғы», «Қараша қаздың қаңқылы» кітаптарының электрондық көшірмелері ҚР  Ұлттық академиялық кітапханасының  (www.kazneb.kz) порталында сақтаулы.

Жиынды жүргізген ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма басшысы Мереке Құлкеновтың Өріс Яшүкірқызына арнаған құттықтауын оқып, мерейтой иесіне «Қазақстанның Құрметті Жазушысы» атағы берілгенін хабарлап, Жазушылар одағының шапанын жапты. Мерейтойлық шарада өлең, проза, сатира, детектив сияқты төрт жанрда бірдей қалам тартқан қаламгердің руханиятқа қосқан үлесі жайында айтылды. Жазушы Шәрбану Бейсенова: «Мен тоқсан сегізінші жылы Астанаға дәм тартып көшіп келгенде Орекең «Ақшам» газетінде істеп жүрді. Орекеңнің әрбір мақаласын сүйсініп оқитын едім, менің есімде қалғаны, столға шығып тоққа түскен жігіт туралы жазған мақаласы бар-ды, сол қайғылы оқиға сондай бір мейірбан жүрекпен жазылғандықтан ерекше әсер еткен. Артынан сол жігіттің атына есеп ашып, көмек ұйымдастыру керек деп акция жасалды. Бұл кісінің жазғандарында жанашырлық, сонымен бірге әділеттілік жағы басым болатын. Ореке, шығармашылығыңыз кемелдікке келген кезіңіз, кейінгі уақытта қылмыс әлемі туралы жазғандарыңыз оқырман арасында көп оқылып жатыр, онда әйел қылмысы, өйтуге оны не итермеледі деген сауал тұрады, сонымен бірге сатираңыз да көп оқылады, сатира арқылы әр адам өзін көреді» деп жылы пікір айтты. Сондай-ақ, Әлібек Асқаров  кезінде бір министрлікте жұмыс істеген кездерінен естеліктерге тоқталып, Толымбек Әбдірайым, Жолтай Әлмашұлы, Камал Әлпейісова, тағы басқа қаламгерлер лебіз білдірді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Егеухан Мұқамәдиқызы жазушы Өріс Яшүкірқызының төрт томдығын оқып шыққанын айтты. 

Егеухан Мұқамәдиқызы: «Өріспен соңғы жылдары табыстық, өзі кішіпейіл, шығармашылығынан төрт жанрды еркін меңгергені анық көрінеді. «Жансарайым-өлеңімдесін» оқыдым, дастандарынан «Қазақтың Қараторғайы» деген шығармасына тәнті болдым. Лондонда оқып жүрген қазақтың қаршадай қызы Ақбота арқылы жат жерде жүрген жалғыз қыздың жан дүниесі мен бүкіл қазақ қыздарының қайсарлығын айқындаған тақырып болып отыр. Ал «Жүз және бір жарым дос» деген тақырыптағы хикаятында Ахмет Байтұрсынұлының: «Кісіге таза досты табу қиын. Көбіне дос етеді мал мен бұйым, досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан, басыңда, сірә, Ахмет болса миың» деген бір ауыз өлеңімен тұжырымдап, бас-аяғын соған сыйдырыпты. Бұл «досыңнан да сақтан, дұшпаныңнан да сақтан», деп өмірдің бірқалыпты тұрмайтынын айқындағаны. «Ұшық пен пұшық» деген кітабында «Алапес» деген тақырып жан-дүниемізді қозғап жатыр. Мысалы, ұлттың ұлықты пенделерінің жанды жерін тістеп, жан-жүйесін қозғаған ана тіліміздің әлі өз дәрежесіне жете алмағанына, ауыл адамдарының арасында ғана қолданып, алашұбар тілге айналып, күнделікті  қолданысқа түспегеніне қиналған, өзінің жан-жүрегінің шындығын жазған. Бұл енді үлкен өзекті мәселе. «Құлдықтағы қылмыс» деген кітабында Жарастың жан баласына үйлеспейтін қылығына, қияметтей қылмысына, жан түршігер оспадар әрекетіне адамгершілігімен, ұятымен қарсы тұрған Әсемнің әрекеті ақыры Жарастың өлімімен аяқталады. Алпауыттай ер адамды нәзік жанды әйелдің мотоциклге көтеріп салуы - оның ақ ниетін көрсетеді. Өріс Яшүкірқызы шығармаларында қазақ әйелдерінің ешкімге арын таптатпайтын, намысын биік ұстайтын жан-дүниесін ашып көрсетеді. 

Айгүл Кемелбаева, жазушы: Өріс апайдың «Жіп тұзақ»жинағын бір жыл бұрын оқып, үлкен мақала жазғанмын. «Жұлдызға» бердім, әлі шықпай жатыр. Сол «Жұлдызға» шыққаннан кейін сайттарға беретін ойым бар. Енді қазақ әдебиетіндегі поэзияға келсек, қазақ өзі ақын халық қой, қыздар поэзиясы Ұлбике, Сара апаларымыздан басталған, қазақта небір мықты-мықты ақын қыздар аттары да белгісіз болып қала берді. Төрт шумақ өлең айтпайтын қыздар болған жоқ. Одан кейін жиырмасыншы ғасырда Мариям Хакімжановадан басталды. Фариза апай мен Ақұштап апай поэзияны өте биікке шығарып жіберді. Енді гендерлік саясат дейміз, әдебиетте өте мықты болмасаң, ер адамдармен менсінбей тұрады ғой. Ал проза деген жанр өте қиын. Соның ішіндегі ең қиыны - детектив, детектив болғанда да ол қазақ үшін бөлек жанр, бұрындары қылмысы болмаған, болса да сирек болған елміз деп ойлаймын. Соңғы бес-алты жыл болды, детективке қатысты конкурс жиі болады. Конкурс үшін екі-үш әңгіме жаздым. Сонда байқағаным, конкурстарға түсетін дүниенің көбінің сюжетін, идеясын батыстан, Еуропадан, орыс әдебиетінен алады. Ал Өріс апайдың «Жіп тұзағын» оқығанда мен таңғалдым, Абайда бар ғой, «самородок сары алтын» деген, таза өмірден алынғаны, ешкімнен алынбағаны, қоспасыз дүние екені көрініп тұрады. Әрбір әңгімесінде бір-бір тағдыр бар. Және маған ұнағаны, біз де естиміз ғой, кейде ауылда бір айтылмай қалатын, сыбырлап айтылатын қылмыстар болады. Соның бәрін бұл кісі жазған, жазғанда және ақтап алады да, кейбіреуі амалсыз қылмысқа барды дейді. Және ер адамдардың қылмысынан гөрі негізі әйел адамдардың, қыздардың қылмысы туралы жазған. Енді шынымды айтсам, бір демде оқып шықтым. Егер ағылшын тіліне, басқа тілдерге аударылып жатса, ол қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа деп ойлаймын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар