Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ТОП-5: Әдеби тұлғалар туралы үздік мақалалар

21.12.2021 1837

ТОП-5: Әдеби тұлғалар туралы үздік мақалалар

Көзді ашып-жұмғанша 2021 жыл да өз мәресіне жетіп үлгірді. Тәуелсіздіктің отызыншы жылына айтар өкпеміз жоқ, алдағы жаңа жылдан күтеріміз тіпті де көп. Келергі күннен алар еншіміз үшін өткенді де ұмытпағанымыз ләзім. Сосын да, қайыра қайта жыл санап, жүріп өткен жолымызға үңіле отырып, осы жылғы әдеби-танымдық, сын-сарап мақсатында тұлғалар туралы жазылған сүбелі мақалаларға қайта бір барлау жасап өтсек деген ниетпен, порталымызда тұлғалар хақында биыл жазылған ТОП-5 үздік мақалны ұсынып отырмыз.

Сәбит Мұқановты оқымауға болмайды

Уақыт – ең қатал да әділ сыншы. Ол әсіресе, әдебиетте, өнерде тіпті солай. Бүгін де, кеше де қазақ әдебиетінде ондай күрделі тұлғалар көптеп табылады. Солардың бірі – Сәбит Мұқанов. Жазушы Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығының күрделі, тартысты болатыны оның өмір сүрген кезеңіне тікелей байланысты. Аталмыш мақала осы төңіректе ой өрбітеді. Мақала авторы Асылбек Байтанұлы жазушыны ақтамайды да, даттамайды. Бар болғаны тарихи деректер мен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып өз ойын ортаға салады. Және Сәбит Мұқановтың өмір жолы мен шығармаларына қысқаша тоқталып, дәйектер келтіріп отырады. Сәбит Мұқановтың атына телініп жүрген қате пікірлерді, сәбиттанушы ғалымдардың пайымымен дәлелдейді. Соңғы ойын автор былай деп түйіндейді: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дегендей, қазіргі буын кешегілердің жеке басын, туындысын мәніне жетпей жатып мансұқтаса, ертеңгілер де бүгінгілерді дәл солай тарихтың шаңына лақтыруға бейім болмасына кім кепіл? «Мен тарихта қаламын ба?» деген гамлеттік сұраққа жауап қандай болмақ. Ал Сәбит Мұқанов тұлғасы мен шығармашылығы – келесі дәуірлерде де халқымен бірге жасай берері сөзсіз».

Кетемін көкке жұлдыз боп

Ақын Сабыр Адай десе ел есіне бірден «Әр қазақ менің – жалғызым» деген қастерлі сөзі еске оралады. Ақын ол туралы: «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөзді менің жүрегіме жаратушы Ием: қуғын-сүргін көрген атам Адайдың белінде, қанында жүргенде жазған. «Құдай менің таңдайыма әдебиеттегі бағыма, қуғын-сүргін құрбандарының өтеуіне «Әр қазақ – менің жалғызым» деген қастерлі де киелі ұғымды тұтас салды. Болмаса жеке-жеке ол сөздер күнделікті өмірде бар ғой. Жүрегім солай сыбырлайды»,- деп баян етеді. Айтса айтқандай ақынның тұтас шығармашылық жолы осы бір киелі сөзге байланған. Аталмыш мақалада автор осы ұстанымды негізге ала отырып, індете зерттеп, ақынның тұтас шығармашылық болмысын ашуға талпынады. Ақынның өжет, өр дауысына еліте отырып, сүйегі үзілмеген, сөзі сұйылмаған жыраулар заманының озанын көз алдымызға әкеледі.

«Ей, Адамзат –

Менің қалың орманым!

Мен – өзіңмін!..

Мен де сендей тордамын.

Ниетің мен өз қолыңның боданы,

Қабағың қан, халің нешік қорғаным?!...

Ей, Адамзат!..

Қай ісіңмен адамсың?!

Білімдісің ғарыш кезген қадамсың.

Шындығында көктен орын жоқ саған,

Сен себебі қанды жорық табансың».

Таласбектің «Бір мәтіндік» теориясы

Жазушы, күйші, ғалым Таласбек Әсемқұлов қазақ руханиятындағы айтулы тұлғалардың бірі. Оның көркем шығармалары мен қатар пайымы терең ғылыми еңбектері уақыт өткен сайын өз құндылығын арттырып келеді. Таласбек Әсемқұловтың танымдық еңбектері ұлттың өткені мен кеткенін сараптай отырып, адам жанының ең күрделі қалтарыстарына үңіледі. Автор осы мақаласында Таласбек Әсемқұлов еңбектерінде бұлтартпас дәлелдермен пайымдалатын, адам бойындағы енжарлық пен құлдық сананың шығу төркіні мен салдарына үңіледі. Таласбек Әсемқұловтың «Талғам – эстетикалық ар-ұят», «Оқығам жоқ», «Абайдың жұмбағы», «Василий Шукшиннің «қырқыншы синонимы», «Сұлулықта ояну» сынды мақалаларында айтылатын ойлардың ұшығын барынша тарқата келіп өз көзқарасын ортаға салады. Мақала авторы өз ойын былай деп түйіндейді: «Петр Чаадаев: «Құлдықтан қорынбаған халық шіріп өлсе – сауап» дейді. Өнер ықтай жалдаудан емес, қарсылықтан туатынын ұмытпаған жөн. Қарсылықтың отаны адамның ішкі рухынан түрегеледі. Блез Паскаль айтпақшы, түбінде бәріміз құлаймыз ғой, құлағасын биіктен құлаған жөн емес пе?! Сонымен, аз ғана оймыздың түйінін Таласбек ағаның өзіне бергенді жөн санадық. «Ескі сөзге, кертартпа ойға құрылған кітап – ұйқыңды ұзарта түсетін мылқау кітап. Ал жаңа сөзге құрылған жаңа кітап, ол – бес уақыт мұнарадан азан шақырып айқайлап, мұсылман әулетінінің иманына ұйқы бермейтін мәзін сияқты. Ұятыңды өртеп, дүниеде бұдан саналы адами өмірдің бар екенін айтып маза бермейтін кітап».

Қабдеш Жұмаділов туындысындағы портреттер

Портрет – көркем шығармадағы кейіпкердің бейнесін ашуда, тұтас адами харектрін анық көрсетуде кем болса болмайтын бейнелеу құралы. Қазақ әдебиетінің, соның ішінде қазақ прозасының өзіне тән дәстүрлі бейнелеу тілі, портрет жасау шеберлігі ертеден қалыптасқан. Әсіресе ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандар да, жыраулар әдебиетін де кемеліне жете суреттелген. Осы мол фольклорлық мұрадан сусындаған кейінгі жазушыларымыз да әдеби портрет жасаудың сан түрлі бояуларын тапты. Сол қатардың басында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовте тұр. Аталмыш мақалада автор жазушының тағдырлы туындысы «Соңғы көш» романындағы кейіпкерлер бейнесіне, суреткердің олардың портретін, тарихи тұлғасын ашудағы шеберлігіне жан-жақтылы тоқталады. Мақала авторы романдағы негізгі кейіпкерлер Нұғыман, Қанағат, Шөншік, Нартай, Садық, Ли Хуаң, Ажар бәйбіше, Жолбарыс, Дүрия, Ұзақ, Естай сынды толып жатқан кейіпкерлердің портреттері қалай және қандай жолмен ашылғанына баса мән береді. Және олардың шығармада өз орнын, өз рөлін қалай тауып, жазушының образ жасауына, көркем ой қортуына қалай қызмет етіп тұрғанын ашып көрсетеді.

Жерде туып көкте өлген

Омарғазы Айтанұлы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың көрнекті суреткерлерінің бірі. Ол қазақ поэзиясына жаңа өрнек, жаңа форма, жаңа мазмұын әкелуімен ерекшеленеді. Өмірі де, шығармасы да, жасаған тарихи ортасы да аса күрделі. Омарғазы Айтанұлы поэзия, проза, драматургия, әдеби сын сияқты әдебиетіміздің барлық жанрларында еңбек еткен. Өмірінің көп бөлігі ХХ ғасырдың ортасында Қытайда жүргізілген «Мәдениет» ревалюциясына тура келеді де, жастық дәурені қуғын-сүргінмен өтеді. Соған қарамастан артына он томға жүк боларлық рухани қазына қалдырып кетеді. Автор бұл мақаласында Омарғазының жан әлеміне, шығармашылық болмысына үңіле отырып, ауыр да азапты тағдыр жолын ашып көрсетуге ниеттенеді.

Тас ілгек

Ақ тамақ сол қарғамның асыл жері,

Тезірек бейітім бол, жасыр мені!

Сол менің құлыптасым хат жазулы

Көк мәрмәр алтын балдақ тас ілгегі.

Кім көріп қызықпасын көзі түсіп,

Тұрса бір сұлу сурет-сезім пісіп.

Қоздырып елітеді әсем камзол,

Көрсетіп қуыршақтай белін қысып.

Не деген тап-таза тән келісті еді

Топ-толық көкірегіңнің еңіс жері?!

Сол жер ғой бекітілген тас ілгекпен,

Нәпсідей бекітілген бейістегі.

Көк мәрмәр тас орнатқан есіміме

Әлде сол зиратымның есігі ме?

Құшақтап жылайыншы босағасын

Бір бақыт болар ма екен несібеме?

Құдай-ай, ете көрші өзің нәсіп,

Ағытып ақ ихрам төсін ашып,

Бас қойып ақ тамағы сәждесіне

Азырақ жатар ма едім бетім басып!

Емес пе көр топырағым бір төмпешік,

Әлде осы жас кеуде де толған өсіп.

Аймалап қиналам сол әппақ тәнді,

Махаббат мехрабы – қайда есік?

А, құдай, ашыла гөр тас ілгегі,

Тезірек мәйітімді жасыр енді.

Келгендей бейіс лебі тұрсын келіп,

Сол жерге көкірегіңнің асыл лебі!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар