Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Толымбек Әбдірайым.«Мұзтаудың мұзын жібітем десең,...

19.09.2023 1717

Толымбек Әбдірайым.«Мұзтаудың мұзын жібітем десең, ана тіліңді әлдиле!..» 14+

Толымбек Әбдірайым.«Мұзтаудың мұзын жібітем десең, ана тіліңді әлдиле!..» - adebiportal.kz

Эссе

Тұлпардың тегін тұлпар таныр...

Оралхан Бөкейдің астанамыз Алматыға келуіне көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза себепші болса, дарынды жастың есім-сойын айдай әлемге әйгілеген – кешегі «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алаш» газеті. 

«...«Лениншіл жасқа» қызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім, - дейді Шерағаң. (Шерхан Мұртаза. «Оралхан» О.Бөкей еске түскендегі елес пен ойлар. «ОРАЛХАН», «Өнер» баспасы, 16 бет).

Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады.

Газет бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе басың кетеді. Сөйтіп жүріп, мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.

Ал, Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, күнәсі жоқ ақ қағазды шимайлап, былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп-білмеген жердің тамырын басып танып, сол құмдағы адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанын ұғып-білу – жаратылысынан дарын иесіне ғана дарыған.

Әйтпесе сол құмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы. Шопан үйі, қойы, иті т.б. 

Ал, Оралханың көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен. Әдебиет пен әуен – егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры, музыкасы жоқ әдебиет – көркем әдебиет емес.

Әттең, мен қалай байқамағанмын. Аудан, совхоз орталығынан ілесе келген үлкен-кіші бастықтармен ет жеп, коньяк ішіп, карта ойнап, қырғауыл атып жүріп қалай байқамағанмын.

Сөйтсем, құмның іші жақсылыққа да, жамандыққа да, адалдыққа да, арамдыққа да толы екен...» 

***

Қызығынан шыжығы басымдау мынау фәни жалғанда жан-дүниеңді мұң-нала кернегенде, өзіңмен-өзің сырласатын, ой тұңғиығына терең-терең  батып-барлайтын шақтар болады ғой. Сол сәтте кестелі тіл орамдарымен қара сөздің майын тамызған дарынды суреткер Оралхан Бөкейдің   шығармаларын оқимын.

«Көзімнің алды тұманданып кетті. Көзімнің алды тұманданып кеткен жоқ. Өн бойымнан жылан жорғалап өткендей болған соң, ес танды халде, таз-тақырланып жатқан далада өз-өзімнен қуыстанып, өз-өзімнен қуыстанғаным шығар. Таз-тақырланып, жоны шыт-шыт жосылып кеткен даланың дел-сал кеші еді. Мен ғанамын... Жоқ, мен ғана емес, қыбыр-қыбыр басып адамдар ғана жүр. Әне, байғыз шақырғандай болды...»

Суреткер Оралханға ғана тән өзіндік стиль, дара үн, кестелі сөз тіркесі бірден адам жанын баурап алар беймәлім мұң, беймәлім сыр еліктіріп бара жатқандай. Ай-хой, айналайын даланы, ауылды, жалғыздықты аңсайсыз, сағынасыз.

Бұл сөз құдіреті, сол сөз-кестеге сұлу ою-өрнек салған Алла сүйегіне суреткерлік дарытқан жазушының қабылет қарымы!

Әсілі қазақ әсершіл, романтик халық. Содан да болар Оралхан Бөкейдің оқырмандары көп. Өйткені жазушы кейіпкерлерінің армандары асқақ, рухтары мықты! Қайсыбірін айтайық. Алғашқы жазған әңгімелерінің бірі – «Сарыарқаның жаңбыры» өмірден қыршын кеткен, қазақтың талантты ақыны Сұлтанмахмұттың Қатонқарағайға, Әбдікерім болыстың қол астына кеп бала оқытқан кезеңін суреттейді. 

«...Көз байланған уақ. Тау сілемдері ауыр сібірленген мұнараға бөгіп тұр. Күнбатыс көкжиекте ақшылтым жолақ бар. Әлемді түннің кейуана тыныштығы баса-көктеп жайлап алған секілді. Әншейінде тағат таппай безілдейтін шегірткенің үні де дәл бүгінгі кеште семгендей, оқта-текте үйірінен адасып қап кісінеген жылқының арқыраған қоңыр даусы ымырт тыныштығын тіліп өтеді. Ауылдың түнге айналған уағы біржола меңдеп бара жатқан меңіреу тыныштықтың құшағына ойыса беріп еді. Ұзақ тауының етегіндегі шоқ қарағайдың түбінен жарқ еткен жалын мен сыңғырлаған күміс күлкілер мазасын алды. Қатар тұспа-тұс өскен қос қарағайға алтыбақан құрған ауыл жастары лаулатып от жаққан еді. Топтың топаны мол. Бүгінгі кештің басалқасы Ахметбек те, гүлі  - Махмұт...» 

Оралхан Бөкейдің қай шығармасында болсын оқырманын жетелейтін, ынтықтыратын ортақ тақырып, ортақ желі – адам мен табиғат, олардың тұтастығын, туыстығын тамыршыдай  тап басады, таниды, сүйсіне суреттейді, жарқырата өрнек салады. 

Бұл – дарынды жазушының дара қолтаңбасы, өзіндік өрнегі! 

«Сарыарқаның жаңбырындағы» жоғарыдағы суреттер мен көріністер де бірі-бірімен жымдасып, кейіпкердің ішкі әлемін айқара ашқан. Содан да аталмыш әңгімені мұңаймай, ойланбай оқу мүмкін емес. Әбдікерім болыстың үлкен қызы Бағила мен Махмұттың арасындағы көзге көрінбейтін, жүрекпен ғана ұғысарлық нәзік сезім... үзілген үміт... әттең-ай дегізер!..

Суреткер Оралхан Бөкейдің әдемі әннің қайырмасындай мөп-мөлдір әңгіме, новеллаларын айтпағанның өзінде «Қамшыгер», «Ұйқым келмейді», «Бура», «Кербұғы», «Ардақ», «Қасқыр ұлыған түнде», «Жылымық», «Аспирант қыздың тракторшы жігіті», «Бәрі де майдан», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота» деп аталатын әңгіме, повестері мен «Өз отыңды өшірме» романы сыншылар тарапынан да, оқырман тарапынан да әділ бағасын алған жауһар дүниелер!  

«О.Бөкей өзінің кіндік қаны тамған Алтай өлкесінің қайталанбас жыршыларының бірі болатын. Ол қазақ прозасына сонау Сұлтанмахмұт пен Мағжандардан, Саттар Ерубаев пен Баубек Бұлқышевтардан кейін көмескілене бастаған романтизмді қайта алып келді, - дейді жазушы, филология ғылымдарының докторы Серік Асылбекұлы. («Оралхан әңгімелерінің поэтикасы», - «Қазақ әдебиеті», №41-42, 10.10.2014 жыл). 

Шығармаларында реализмнің біраз белгілері болғанына қарамастан ол өзінің кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда да, авторлық баяндау тәсілдерінде де, сюжеттегі тартыстарды құру машығында да, тіпті, адам портреттерін сомдауы мен табиғатты суреттеуінде де негізінен романтик болып қалды. Сондықтан да ол бейнелеген Алтай тауларының қарлы шыңдары мен ол суреттеген персонаждардың ішкі рухынан бастап сыртқы кейіптеріне дейін – бәрі-бәрінен асқақтық пен паңдықтың, өрліктің лебі есіп тұрады. Оның кейбір шығармаларындағы тартыстар мен коллизиялар тосындығымен, кейде кісінің ақылына сыя бермейтін кілт бұрылыстарымен есте қалады...».

***

«Атау кере» повесінің табиғаты мүлде бөлек. Мұнда басы артық деталь, оқиға жоқ. Бас кейіпкер Еріктің, оның анасы Нюра Фадеевна - Нүкеннің, Еріктің жұбайы Айнаның арасындағы оқиға психологиялық тұрғыда өрбиді. Мұнымен қоса бас тұлғаның бірі Таған атты жігіттің талантын тас-талқан еткен маскүнемдік дертке душар болу себептері шынайы һәм сезімталдықпен өрілген. Жазушы мұнымен қоса сонау ашаршылық, жеке басқа табынушылық кезіндегі қасыретті нақпа-нақ көрсетіп, ащы шындықты жеріне жеткізе суреттейді.

О.Бөкей адамның тазалығын, адамгершілігін, әділетті іздеген жазушы. Өркениет кезінде адам қалай өзінің тазалығын сақтап қалу керек дегенді адамзаттық деңгейде көтерген. 

«...НЕГЕ БІЗ ОСЫ адамзатты тазартпаймыз, а, неге? Жер – ол да алып үй, баспанамыз, олай болса қағып-сілкіп, желдетіп, шаң-тозаңнан арылтып, дімкәстіктен, арам пиғыл, теріс көзқарас, дүниеқоңыз ниет-пиғылдардан айықтырса ғой...» (О.Бөкей. Атау-кере. («Қауіпті будан») «Ұйқым келмейді», повесть, әңгімелер. Алматы, «Жалын», 1990 жыл).

***

1970 жылдар. Он жылдықты тәмамдаған соң жоғары оқу орнына түсудің орайы келмей елде жүрген кезіміз. Аягөзде ақын-жазушылар саусақпен санарлық. Білетініміз аудандық «Алға» газетінде әдебиет-мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ақын Ерғазы Рахимов. Шама-шарқынша өлең құрастыратын,  қаламгер болуды армандайтын үш-төрт жігіт аудандық газетті, Ер-ағаңды төңіректейміз. Ерғазы аға болса екі-үш жинағы шыққан қаламгер. Астанамыз Алматыдағы атақты ақын-жазушылармен тонның ішкі бауындай араластығы бар. Қазақтың қарқарадай ақыны Хамит Ерғалиевті, жампоз жазушы Оралхан Бөкеевті сары ауыз біздер сырттай жақсы білеміз. Кітаптарын қызыға оқимыз. Шіркін-ай, көрсек, таныссақ, кітаптарына қолтаңба алсақ деп қиялдаймыз.

- «Мұзтау» керемет шығарма! - дейді әлем әдебиетін көп оқитын, өзі де көркем әңгімелер жазатын мұғалім Жеңісхан Кенесарин.

- О-ой, ана «Қасқыр ұлыға түнде», «Жылымық», «Қамшыгер» әңгімелері ғажап! – дейді Уәлихан дос Иманқұлов.

- «Қайдасың қасқа құлыным» хикаяты классика! – дейді Келіс Рахымжанов.

1982 жылдың жазында Қатонқарағайға, еліне кетіп бара жатқанда Оралхан ағамыз Ерағаңның үйіне тоқтап, мейман болғанын естігенде ол үйде өзімізде бірге болғандай қуанғанымыз естен кетпейді. Ерағаң болса Оралханмен арадағы сыр-сұхбатын аздап мақтаныңқырап, аздап қосыңқырап әңгімеледі.

Сонда біз Оралхандай досы бар Ерғазы аға қандай бақытты адам деп ойладық. Қызыға қарадық.

1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түскен жылы, қыркүйек айының бір күні «Қазақ әдебиеті» газетіне барып  «Өз отыңды өшірме» романына қолтаңба алдым. Сол кезде жасы қырықтағы, бір көрген адамға тәкаппарлау көрінгенімен, жүзі жылы, ұзын бұйра қою шашы өзіне сондай жарасымды, аққұбаша өңді Оралхан ағам жылы жымиып төмендегі сөздерді жазып берді.

«Толымбек!

Өзің  әдемі де, әдепті жігіт екенсің, творчестволық қадамың құтты болсын! Ағаң, Оралхан. 19.09. 83 ж.»

Сәл кейінірек Алматыға келдім. 1990 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жауапты хатшының орынбасары болып жұмыс істеп жүргенмін. Жаңадан ашылған «Ана тілі» апталығына қызметке ауысқан журналист-жазушы  Ертай Айғалиұлының орнына «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа тұрмақшы болдым. Бас редактордың орынбасары Оралхан Бөкей қабылдады. Бұл маусым айының басы болатын.

- Бұрын бізге қатысып па едің? – деді Орағаң.

- Мақалам шыққан. Былтырғы қараша айындағы нөмірде «Ғылыми орталық па, әкімшілік орталық па?» деген.

- А-а... есіме түсті. Әлгі атышулы мақала ғой! Өтінішіңді жаза ғой!

Сол жылы маусым айында, ФРГ елінің Мюнхен қаласында тұратын, шығыс өнері – таэквондоның 6 дан қара белбеу иесі қазақ жігіті Мұстафа Өзтүрік Алматыға келді. Қандас бауырымыздың орталық циркте көрсеткен өнерінен соң жолығып, сыр-сұхбат жазып газеттің кезекті санына ұсынған болатынмын.

- Газет штатындағы тұңғыш материалың ғой, оқымай-ақ қол қояйын, - деді Оралхан аға.

Бұл сенім мені керемет қанаттандырды!

Кейіннен бұл сөздерді «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, бүгінгі талантты жазушы Жүсіпбек Қорғасбек те айтты:

- Орағаң, мен жазған мақаланы да оқымай қол қояды!

Қарамағында қызмет істеген соң Орағаңды біртін-біртін біле бастадым. Бұрындары «ол кісі тәкаппар, паң» деп естуші едік. Онысы сыртқа пошымы екен. Әңгімелесе қалсаңыз, жан дүниесінің тазалығын, жүрегінің нәзіктігін, адамгершілігін, әділ де турашылдығын, табандылығын һәм еңбекқорлығын білер едіңіз.

Орағаң апталық лездеме-жиналысты сағызша созбай, жинақы жүргізіп, нақты-нақты тапсырмалар беретін. Басында идея көп болатын. Көп нәрселерге елдік, ұлттық тұрғыдан қарайтын.

Отыздан ассам да тынымсыздау орман-бермен мінезді кезім. Секретариатта жұмыс істеген соң өзімше тың идея айтсам, аз да болса газетке бір жаңалық қоссам деймін ғой. Келе сала өлең, әңгімелер салынған пәпкілерді қарап отырып ретсіздікті байқадым. Көбінесе Алматы және Отүстік өлкесінің авторлары ғана газет бетінен көрінеді екен. 

Кезекті бір лездемеде Орағаң:

-Толымбек жаңадан келдің ғой, тың ұсыныстарың бар ма? Айта отыр, - деді маған бұрылып.

- «Қазақ әдебиеті» - қазақ қаламгерлеріне ортақ әрі жалғыз әдеби басылым болғанымен, география сақталмайды екен. Бірде Алматы, бірде оңтүстік, бірде солтүстік, енді бірде шығыс, батыс, орталық өлкелерде тұратын ақын, жазушыларды жарияласақ деген ойым бар. Белгілі, танымал қаламгерлер қатарында жас талап ақын-жазушыларды да қамтысақ дұрыс болар еді.

- Бұл ұсынысыңа қосылам. Тұқа, қарсы болмайсыз ғой - деді жауапты хатшы Тұтқабай Иманбековке қарап. - Бұдан былай өлең-әңгімелерді өзің ұсын Толымбек, келістік пе?!

«Қазақ әдебиетінің» жаңа саны бейсенбі күні түс ауа дайын болатындықтан, сол күні кешке қарай «Қазақ радиосына» барып апталық шолу жасаймын да, ол шолуым жұма күні таңертең эфирден өтеді. 

Қыркүйекте келесі жылдың баспасөзге жазылу науқаны басталады. Қазақ радиосының қызметкерлерімен танысып алғасын, газетке үгіт-насихат айтып, 15 журналисті бір жылға «Қазақ әдебиетіне» жаздырып, кейінірек бермек болып квитанцияларды сақтап жүргем. 

Әдеттегідей лездеме үстінде Орағаң маған қарап:

- Толымбек, бірдеңе айтқың келіп отыр-ау деймін, байқаймын, - деді.

- Иә, Ораға, - дедім орнымнан тұрып. - Өзіңізді және корректорларды қосқанда редакцияда 27 адам жұмыс істейді екенбіз. Сол 27 қызметкердің әрқайсысы 10 данадан газетке жазылуды ұйымдастырса, жалпы таралымға 270 дана «Қазақ әдебиеті» қосылады екен. Сол іс-шараны қолға алсақ.

- Олай болса, тура өзіңнен бастайық! Үлгі көрсет!..

- Мен ол жұмысты орындап қойғам дедім де, қалтама салып сақтап жүрген 15 квитанцияны бас редактордың столына қойдым.

- Жарайсың Толымбек! Қане, ертеңнен бастап бәріміз бір кісідей 10 данадан газет жаздыруға кірісейік. 

Тұтқабай Иманбеков, Сайымжан Еркебаев, Қайырбек Асанов, бастаған үлкендер жағы Орағаңның ұсынысын қабыл алғасын, өзге қызметкерлер де қарсы келген жоқ.

Көп ұзамай мен өнер бөліміне ауыстым. 

Оралхан аға газетте жарияланған жақсы материалдарды атап өтіп, авторын қанаттандырып отыратын. Редакция қызметкерлеріне дауыс көтеріп, зекіп-ұрысқанын көргенім жоқ. Соның өзінде ол кісінің кабинетіне жөнді-жөнсіз кіре бермейтінбіз. Мысы басып тұратын. Кейде көңілденіп отырғанда ағыл-тегіл әңгіме айтатын.

1991 жылдың 8 наурыздағы санында жарияланған Қайыммұнар Тәбеевтің «Желтоқсан. Шолпан. Махаббат...» және менің «Жапандағы жалғыз үй, жалғыз кемпір» деген мақаламды мақтап, жылы пікір айтты. Лездемеден соң мен жазған мақала желісімен деректі хабар түсірілуін өтініп, сол кездегі Республикалық телевизия және радио комтетінің төрағасы Сағат Әшімбаевтің атына хат жазып берді.

Арада бір апта өткен. Жұмыстың соңына қарай белгілі композитор, танымал музыка зерттеушісі һәм жазушы Илья Жақанов келе қалды. Қасымдағы әріптестерім үйлеріне кетіп, кабинетте жалғыз отырған едім. Ілекеңнің көңілі пәс, ренжулі екен. Себебін сұрағанымда бүгінге дейін үйелмендегі он жанның  небәрі үш бөлмелі пәтерде қысылып-қымтырылып тұрып жатқанын, «Социалистік Қазақстан»  газетіне хат жазғанын айтты.

- Ілеке ол хатыңызды біздің газетте жарияласақ қайтеді? – дедім.

Мен Ілекеңнің күте тұруын өтініп, газетті басқарып отырған (Бас редактор Т.Әбдікұлы ауруханада жатқан болатын. Т.Ә.) Орағаңа барып жағдайды түсіндірдім.

- Дереу нөмірге дайында! – деді Орағаң.

Илья Жақанов жазған «Халімді сұрар кім бар-ау?!» деген тақырыптағы мақала жарыққа шыққан соң, республикамыздың түкпір-түкпірінен ағылып хаттар келе бастады. Олардың біразын газетке жарияладық. Соңынан Орағаң өз қолымен сол кездегі Алматы қаласының басшысы Заманбек Нұрқаділовтің атына хат жазып, мәшінкеге  бастырып Ілекеңнің қолына ұстатты. Жарты ай өтпей Илья Жақанов жаңадан салынған «Жетісу» шағын ауданынан төрт бөлмелі пәтер алды.

Оралхан Бөкейдің осындай-осындай адамгершілік қасиеттері мол еді. Қайсыбірін айтайын.

Жазушы Оралхан Бөкейдің есімі Астанамен де тығыз байланысты. 1992 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде астананы Ақмолаға көшіру туралы жазған тұңғыш мақаланың авторы да Оралхан Бөкей. Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге республикамызды аралаған іс-сапары туралы көлемді эссе-мақаласында тұңғыш рет қазақ баспасөзінде осы тақырыпта ой қозғап, жұртшылықты пікір таласқа шақырып еді.

***

«Жазушы – қоғамның хатшысы» - дейді атақты Оноре де Бальзак.

Оралхан Бөкей танымдық мақалаларымен де танымал болатын. Бұл сөзіме қаламгердің  1991 жылы «Егеменді Қазақстан» газетінде, «Жариялылық мінберінде – жазушы» деген айдармен жарияланған «Тауықсыз да таң атар...» атты  мақаласы куә. 

Мұнда О.Бөкей Қазақ елінің арғы-бергі тарихына барлау жасап келеді де, «әттеген-ай» деген тұстарымыз бен, ақтаңдақтар хақында келелі ой толғайды. 

«...Қазақшылығымыз жаппай коллективтендіру және ашаршылық, репрессия жылдарында да бой көрсетіп, «жауын бір жауса, терек екі жауадының керін жасағанымызды білеміз; орыс халқының «бей своих, что бы чужие боялись» деген мақалын біздей орындаған ешкім жоқ шығар, - дейді. - Тың кезінде не істемедік, тоқырау жылдарында ше? Қандай да бір жоспарды артығымен орындауға келгенде алдына жан салмайтын қазақы мінез – енді міне, қайта құруды да тізгін үшінен қағып алып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын ұйымшылдықтың орнына, әркім өз «партиясын» құрып, сандаған проблеманың шоқтығына жармасып, сандуғаштай сайрап жүрміз. Меніңше, бүкіл халықтың бүгінін ғана емес, ертеңін ойлайтын барлық көкейтесті мәселелерімізді қамтып, бірте-бірте жүзеге асыратын кешенді бағдарлама жасалмайынша, қазақ қазіргі берілген аз мүмкіндікті пайдалана алмай, бір сәттілік бостандықтың буына масайып, 19 ғасырдағыдай, тағы да өз үлесімізден құр қалуымыз мүмкін. Мен осыдан қорқамын. Мен айғайшылдықтан, ұраншылдықтан, бастамашылдықтан, мінбеқұмар көпірме көк сөзділіктен қорқамын...

Шіркін-ай, ұқсата алмай жүрген дүниелеріміз қаншама десеңізші?!

Рас, Қазақстанда тыныштық! Бірақ, «тұнық  удың түбі құрт» дегендей, бұның ұзаққа баратын баянды тыныштық екеніне кім кепілдік бере алады?!.»

(«Егеменді Қазақстан», «Тауықсыз да таң атар...» 22.06.1991 жыл)

О.Бөкейдің осыдан отыз екі жыл бұрын айтқан ойлары әлі де актуальді, әлі де орын алып отырғаны жасырын емес.

***

«Мұзтаудың мұзын жібітем десең, ана тіліңді әлдиле!..»

Оралхан Бөкейден осындай сөз қалған екен. Ал бүгіндері  жазушының мол мұрасы – шығармаларындағы терең ой мен айшықты тіл, жалғыз Мұзтауды емес, дүйім қазақ оқырманын әлдилеп, тұщындырып келе жатқаны аян.

Оралхан Бөкейдің дүниеден озғанына отыз жыл болады. Көкірегі ояу, көзі қарақты оқырман іздеп жүріп оқитын оның кітаптары жыл аралатып шығып жатыр. 2018 жылы «Қазақ ПЕН-клубының» «Біз – қазақпыз» жобасы аясында «Кісі киік» аталатын кітәбі ағылшын тілінде жарық көрді.

Бұл – біртуар жазушының екінші рухани өмірі!

Бұл – біртуар жазушының бақыты!..

Иә-ә, қызығынан шыжығы басымдау мынау фәни жалғанда, жан-дүниеңді мұң-нала кернегенде өзіңмен-өзің сырласатын, ой тұңғиығына шым батырар шақтар болар. Сондай сәтте суреткер Оралхан Бөкейдің шығармаларын оқимын... 

Тамыз, 2023.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар