Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Толымбек Әбдірайым. Портрет...

02.05.2024 1124

Толымбек Әбдірайым. Портрет 14+

Толымбек Әбдірайым. Портрет - adebiportal.kz

Екі новелла

Портрет

«Сыйлық емес, сый қымбат»

Қазақ мәтелі.

Жапалақтай жауған ақша қар қалықтай кеп табан астына қонақтап жатыр. Арқаның солтүстігіндегі жазаңдау жерге орын тепкен шағын елді-мекендегі бәкене үйлер мен қора-қопсылар, көкжиекке шейін көлбеген жазира дала, бел-белестер мен қырат-жоталар бейне ақ көрпе жамылғандай бұйығы. Тым-тырыс. Бұл ауыл облыс орталығына апаратын асфальт  жолдан шалғайлау жатқандықтан, қыраулы қыс  айларында автокөлік сирек қатынайды. Жеңіл машиналар боран-шашын күндері аттап баспайды. Негізгі  жол қатынасы – ат шана.      

Малақай құлағын түсірген, етегі шолақтау қара тон киген ашаң өңді жігіт көше бойында алаңсыз ойнап, бір-біріне домалақтап қар лақтырған қара домалақтарға назар аударды. «Кішкентай күнімізде тезірек өсіп, тезірек үлкен болуға неге асықтық екен, ә?!.» – деп ой құшағына еніп кетті. Ер жетіп үйленді, перзент сүйді. Өмір аталатын бұралаңы мол жолға түсіп тағдыр қамытын мойнына кигелі көрген қызығы қанеки?!. Ойлап отырса, әркім маңдайға жазылған пешенеден қара үзіп кетпейді екен ұзап. Мағжан ақын: «Жүрегім мен зарлымын жаралыға, сұм өмір абақты ғой саналыға...» – деп неге жазды дейсіз? Ол  – қазақ елінің  басына қара бұлт үйірілген аласапыран жылдар делік. Қазір ше?! Қазір не жетпейді? Кералаң шақ туды ма? Тәңірі одан сақтасын! Түсінбейтін сұрақ көп. 

Абзалдар бір кіндіктен бес ұл, екі қыз. Әкелері - аласа бойлы қаңғажақтай қара шал ғұмыр бойы трактор жүргізген, «темір тұлпардың құлағында ойнаған» бейнетқор жан  еді. Ешкімге дауыс көтергенін көрмепті. Совет одағына қараған кеңшар кезінде басшылар қайда жұмсаса да күн-түн демей салпақтап, қандай жұмыс болса да айтқан жағына үнсіз кете беретін бас изеп. Сол көндімбай мінезінің арқасында абыройлы болды. Жеті баласын қатарынан кем қылмай өсірді. Бір өзі тоғыз жанды қалай асырап-сақтаған. Әлде заманның кеңдеу, адамдардың адал ниет-пиғылынан ба екен... 

Бүгіндері ауыл қожырады. Жастар қалаға ағылды. Астық өсірумен айналысатын шағын елді-мекендегі бес-алты шаруа қожағылының тірлігі он – он бес  кісіден артылмайды. Қалғандарының айналысатын тірлігі - азды-көпті қой-ешкі мен бес-алты ірі қарасы. Осы маңдағы үш қазақ ауылы Дмитриевка селосына дейінгі он бес шақырым жолдан көресінді көріп ақ келеді. Көктем, күз айларында толассыз жауған жаңбырдан тойбатпақтап, қыста қатты боран соқса омбы қардан жүре алмай көлік біткен жолда қалады... 

Былтыр тоғыз жылдық мектеп жұмысын тоқтатты, енді тоғыз бала оқитын бастауыш сынып та жабылып тынар. Кезінде жетпіс шақты түтіні болған «Кіндік қарағай» дүрілдеп тұрды. Кең сарайдай клуб үйі, кітапхана, дүкен, фельдшерлік пункт, монша қандай еді? Отар-отар қой, табын-табын сиыр өріп шығатын ауыл шетіндегі  баздан. Соның бәрі тып-типыл. Адам баласы қиратып, бүлдіруге неге шебер? Клуб пен моншаны сақтап қалуға болар еді. 

Кіндікқарағайдан жылда бірнеше отбасы қалаға қоныс аударады. Былтырғы жазда Абзалдардың екі көршісі қалаға кетіп, жарамды дүниелерін бұзып, алып кеткен. Сынық, жартыкеш, ұсақ кірпіштер мен топырақ үйіндісін көргенде  көңілі жабырқап жүрді. Әлі де көңілі алаң.

-Ой, Алла-ай! – дейтін Абзал налып. – Қазақ көші қашан тоқтар?! Ата қоныс кімге аманат?! «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» бар ма?!.. 

***

Түс ауа жиырма мың теңге іздеп шыққан. Ауыл шетіндегі үйіне келе жатып терең ойға шомды. Бүйтіп ақша сұрап көрмеген.  Ақайдар мен Ермекбайдың шаңырағынан құр қол шыққан соң, өзгені былай қой. 

Бастауыш сынып мұғалімі Абзалдың төрт баласы бар. Тұңғышы Қарлығаш бесінші сыныпта, кенжесі екіде. Айлығы ас суға азар жетеді. Қолдағы үш сиыр мен жиырма шақты қойға қарап отыр.

-Таптың ба? – деді орта бойлы, қара торы әдемі келіншек.

Күйеуінің түрі жабырқаңқы.

-Кімнен шығады дейсің? – Отағасының жауабын күтпестен әйелі сауалына өзі жауап қайтарды.

-Көке, далаға шығып ойнайыншы, – деп ортаншы баласы Ғани әкесінің аяғына оралған.

-Түске дейін ойнағаның аздай, отыр тыныш! 

Еркетай әкесінің артына тығылған Ғаниды шап бере ұстамақшы еді, анау бұға қалып, анасының қолы ауаны қармады. – Сені ме, бәлем!.. Түсерсің қолыма!.. Жаныңды шығарам...

-Жә, баланы ұрып-зекіп тәрбиелемес!..

-Қол көтертпей қоя ма?! Қарашы өзің, кеше киген үсті-бастан сау-тамтық жоқ. 

Бала әкесінің араша түскеніне арқаланса да, бүйірдегі бөлмеге зып бере кіріп жоғалды. 

***

Түнгі сағат он екі. Үй іші ұйқыда. Абзалдың көзі фото альбомға түсті. Әлгінде Қарлығаш қарап отыр еді, орнына апармай ұмыт қалдырыпты. Жақыпжан ағайдың суретіне ұзақ үңілді. Жүзі мейірім шуағын шашады. Бұлар осында көшіп келгенде жерсінбей қиналды. Сонда көрші үйдегі Жақыпжан ағай ақыл-кеңесін айтып, көңілдерін аулады.  Тұңғышы емшекте, Еркетайдың төсі ауырып сәбиін емізе алмайды. Жақыпжан ағай күнде таңертең сүт әкеліп тұрды.

 Жас өспей ме, жарлы байымай ма?! Тұңғыштары ширады, еңбектеді, бір жастан асқан соң әпіл-тәпіл жүре бастады. Жазда сиыр сатып алған соң  ел қатарына қосылды ептеп. 

Суретке қарап отырған Абзалға тамаша ой келді. Жиырма күн бұрын Жақыпжан ағасының суретін қара қарындашпен кескіндеген. Енді майлы бояуға жүгінсе болғаны. Жақсы шықса, қуанар. Өнерді түсінетін жүрегі нәзік  адам ғой.

Абзал жас кезінде суретшілікпен әуестенген. Қазақтың талай-талай марқасқаларын кескіндеп, сурет пәнінен дәріс беретін Мырзахмет мұғалімнен мақтау естіген. Қазірде қолы босағанда табиғат тамашаларын қағазға түсіреді. 

Төргі бөлмеге келді де, сурет салынған ватманды жайып, бойай бастады. Жақыпжан ағайдан  аумайды! Тура өзі! Еркетайдың ұйықтап қалғанын қарашы, көрсетіп алатын. 

Абзал түн ауғанда үлкен іске нүкте қойды. Бірер сағат мызғып алуы керек. Күн жексенбі. Түскі сағат екіде той.

Залдағы екі қатар үстел басында отыз шақты кісі. Жастары кіші – Абзал мен Еркетай әдеп сақтап, жоғары озбай төмендеу кеп жайғасқан. Абзал мұқият орап әкелген портретін ауызғы бөлменің бұрышына елеусіздеу қоя салды. Тілек айтып, сөз сөйлеген меймандар той иесіне сыйлықтарын табыстап жатыр.

-Бір мүйнет құлақ түріңіздер,– деді той асабасы ұзын бойлы жігіт, араның ұясындай гуілдеп, шалқып-тасыған көпшілікке естірте. – Қадірлі қауым! Сөз кезегін Сәдібек ағайға беремін.

Меймандар қошемет білдірді.

-Жөн сөз! 

-Үзеңгі жолдасы ғой!

-Сәкеңнің кезегі расында.

- Екеуі телқозыдай бірге өсті,   - деген қолпаштаған сөздер естілді.

Шашы аппақ қудай, қалқан құлақ, жасы алпыстан асқан көзілдірікті кісі орнынан созалаңдай тұрды.

Қонақтар  тынышталды. 

-Менің алдымда ақжарма тілек айтқандарға қосылам, – деді Сәдібек аға жөткірініп. 

-Жөн-ақ!

-Алла жар болсын!... – Бір-екі адам жол-жөнекей пікір қосты.

-Жәкең туған топырағында бүр жарған кісі. Тай құлындай тебісіп бірге өстік. Бір класта оқыдық. Сонау Читаның Оловянная деген станцияда, армияда бірге служит еттік. Ол ұзақ әңгіме! Ал Жәке, тойың тойға ұлассын! Алпыс үш деген не тәйірі?! Алпыс – тал түс деп жүр ғой. Айырмашылығы үш-ақ жыл. Сен бақытты адамсың! Мектебіміз жабылмай тұрғанда пенсияға шығып отырсың. Бұл – қуаныш!  Алланың сыйы! Бала-шағаңның қызығын көр! Денің сау болсын!

-Сөз – жүректің кілті...

-Деген-ай!..

-Сәкең шіркін, қара сөздің майын тамызат...

-Жәке, мынау біздің сыйлығымыз. – Сәдібек қаудырлақ целофан пакеттен орауын жазып, су жаңа кәстөм-шалбар алып шықты.

-Тамшы қалдырмай түбіне дейін ішіп қойыңыздар! – дейді заржақ асаба айқайлап. Артынша даңғаза музыка естілді.

Жұрт у-шу. Шүпілдете арақ құйылған стақандарын соғыстырып, үлкен-кішісі, әйел-еркегі қалмай бірдей  ішіп қойды.

Абзал байқап отыр, сыйлықтың арзаны жоқ. Шапан, құндыз бөрік, кәстөм-шалбар, жейде, ең азы отыз мың теңге...

«Кедей тұрамыз дейді?!.. Жоқ дейді-і?!. Мақтаншақтау, бөспелеу қазақтың тыраштануы ма, әлде... шын ықылас-пейілі ме?!.»

Бұлардың әкелгені - бар болғаны портрет! 

Абзалға екінші үстелде сөз кезегі тиді. Бастапқыда кібіртіктеп еді, соңынан түзеп алды. Жөні түзу сыйлықтың реті келмегенін айтып, орауын жазып сыйлығын ұсынды.

Жұрт қол шапалақтап, қошемет білдіріп жатыр. Той иесі түрекеліп Абзалды құшақтады. Өзі отырған төрдегі  кілем тұсына ағаш рамадағы портретті  ілгізді.

Тойшыл қауым Абзал кескіндеген суретті мақтап, біраға дейінз даурықты. 

 Елес

Қарашаның өліарасы. Дала көз қарықтырар аппақ қар. Қансонардың нақ өзі.  Ауылдан ұзап шықсаңыз, қарсақ, қоян, қасқыр, түлкінің іздері сайрап жатыр. Аң аулауға бірнеше күннен  дайындалғанбыз. Түске тақау досым су жаңа ЗИЛ-131 машинасына от алдырып, ауылдан ұзадық. Өзектен бір топ  қасқыр шығып, қойшылардың жазғы жұртын тіміскілеп алға кеткен сияқты. Із бағытына қарап сондай  болжам жасадық. Жарым сағат өткесін  қараңдап бір топ көкжал үйірі көрінді.   

- Әне! - дедім мен қуанғаннан. –  Іздегенге сұраған!..

- Аптықпа! – дейді машина руліндегі серігім. 

- Айда, тез! - деймін орнымда отыра алмай қопаңдап. 

Еркін газды аямай басты. Қуғынды  байқаған қасқырлар жортып барады. Оң жағымыз да, сол жағымыз да ұзыннан-ұзақ созылған аласа таулар. Кенет біреуі ақсаңдап, қатты жүгірмей, оң жақ қапталдағы жазыққа  қарай салды. 

- Топты қуайық, - дедім мен.

- Сыңары жөн, - дейді Еркін. – Бұл, оның қулығы. Үйірін сақтамақ. Соңынан ерейік. 

Тақап қалғанда, шойнаңдаған көкжал бар күшін сала екпіндей-екпіндей қашты кеп. Қуып келеміз. Қасқыр сайға да түсті, қамысқа да кірді, тауға да шықты, өзеннен де өтті. Неше түрлі айла-амал жасап бақты. Мәшинеміз сенімді, көз жазбай еріп отырдық. Қасекең атуға мүмкіндік бермейді, жақындап қалғанда қарқынын үдетіп тарта жөнеледі. Мылтық атсақ оқ далаға кетеді. Бір кезде көкжал жота үстіне екпіндей шықты. Соның арасынша көз жазып қалдық. Қайда кеткен? 

- Артқа жүрейік, - деймін досыма.

- Неге? – дейді ол.

- Бұр көлігіңді.

Келген жолға түссек, көкшолақ артқа қарай жортып бара жатыр. Тілі салақтап,  әбден шаршапты. Әбден діңкелеттік. Міне-міне жете бергенде, бөгетке шұғыл бұрылды. Байқасақ, бес-алты қасқыр жайбарақат жатыр. Олар бізді көре сала алға тарта жөнелді. Жарты шақырымдай жерде қоршалған ағаш шарбақ көрінді. Әлгі қасқыр «не істейсіңдер» дегендей көлденең түсіп жатып алды. Сасар емес.  Мәшинені тоқтатып, жерге түстік. 

Мылтық кезенген Еркінге:     

- Атпа! – дедім айқайлап.

- Онда жақынырақ келейік,  тірідей қолға түсіреміз. 

- Қайдағы қолға түсірген? Қоян дейсің бе көкжалды? 

Көкбөрі безіп жоғалды. Еркін мәшинені от алдырып қозғалғанша қасқыр қарасын батырды. 

Мендегі қару - қос ауыз мылтық. Алдым қалың қамыс. Шарбақ-қоршауды айналсам қасқырдың ізі бар, өзі жоқ.  Қамыс ішіне еніп кетсе керек. Қамыс онша биік емес. Мен  жаяумын, машина қоршау-шарбақтың басынан бері айналды. 

- Сен ар жағынан, мен бер жағынан шығайық, - дегем Еркінге. 

Кенет мәшиненің ышқынған даусын  естідім. Гүрс ете қалғандай болды. Мылтығым оқтаулы. Бірдеңе жыбыр ете түсті. Тышқан ба деп ойлағам. Сөйтсем қасқырдың тұмсығы екен. Домаланып жатқан көкжал тұра қашты. Шүріппені басып-басып жібердім. Жалп ете қалды. Шапшаңдата оқтап, тағы аттым. Керіскедей  созыла құлады. Ұрғашы қасқыр өмірде алғызбайды деуші еді. Үйір басы да қаншық болатын көрінеді. Арланы  айқас кезінде ғана араласады екен. 

Жүгіріп Еркін жетті.

- Тиді ме? – дейді ентігіп. – Оһ-о, қандай үлкен! Дәу ғой!.. 

Қасқырды екеулеп сүйреп мәшине үстіне тиеп, палаткаға орадық. Көлігіміз балшыққа батқан. Доағалақ көрінбейді. Айнала сор, батпақ. Ар жағында сыздықтап бұлақ ағып жатыр.  Бетін жұқа қар басқан, асты жылым.

Машина сол жерде қалды. Төбеге шығып дүрбімен төңірекке көз жіберсем, тарам-тарам жол. Жаяу тарттық. Досымның аяғында унти етік. Менің аяғымда пима. Жеп-жеңіл. Әжем қоярда-қоймай галош кигізген.

Аяз күшейді. Еркін көңілді. Ән айтып келеді. 

- Айт, айта түс, соңыра әуселеңді көрермін, - дедім әзілдеп.

- Ән – көңілдің ажары... - дейді Еркін де жымыңдап.

Айсыз, қараңғы түн. Аяңдап келеміз. Бір кезде алдан жер там кездесті. Қарасақ, аттың боғы. Бұл  жылқышылардың қосы болуы керек.

- Енді қай жаққа барамыз? – дедім Еркінге. 

Досым жақ ашпады.

***

Апырым-ай, осындай да бола ма?! Таңғажайыпқа таң қалдым. Анандай жерде әжем, жасы тоқсанға таяған менің сүйікті әжем кең базға қой қамап жатыр. Қасында бес-алты адам. Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаға сиындым... Лә иләһа, иль Алла!.. Көзім тас төбеме шықсын... Қап- қараңғы түнде, қарт әжем қайдан жүр? Өңім бе, әлде түсім бе?! 

- Еркін, көріп тұрсың ба?! Мына ғажапқа қара? Айналайын ақ әжем, әне-е-е, бір отар қойды базға қамап жүр, - деймін алтын тапқандай қуанып.

- Не деп жұмбақтап тұрсың?! Қайдағы отар?! Қайдағы әже?!. Қайдағы баз?!

Үңіле қарасам, ешкім жоқ. Айнала ақ түтек. Әжем көрінген жаққа қарай ілбіп, ақырын жүре бердік. Түн жарымы болған секілді. Біз әлі жүріп келеміз. Не деген ұзақ түн? Не деген таусылмайтын жол?! Шөлдегеннен қар асаймыз. Отыра кетсек рахат күй кешкендей, жұмақтың төрінде отырғандай сезімге бөленеміз. Шым-шытырық, қым-қиғаш сапырылысқан оқиғалар. Әкем дәйім: «Балам, сен өте аңкөссің, аңға шығамын деп, далада өліп қалып, сүйегіңді таба алмай жүрмейік» - деп отырушы еді. Әкемнің сол сөзі есіме түсті. Қазір де естіп келемін. Ызың-ызың, құлақ түбінен кетпейді. Біраз жүріп тоқтаймыз. Қайыра алға жылжимыз. «Айттым ғой, айттым емес пе?!» - деген әке сөзін  жақыннан, ап-анық естимін. Жел күшейіп, қатты аяз дірдек қақтырды. Қай жерде келе жатқанымыз белгісіз. Айдала. Көзге түртсе көрінбес түн. Бір кезде иттің үрген дауыстары естілгендей. Сол жағымызда, төбенің ар жағында қолдарында жарық шам ұстаған біреулер жүргендей..

«Елес қой! – деймін сөйлеп. – Елес емес пе?! Есімнен адасқан жоқпын  ба?!..»

Ілкіде көрінген шам жарығы жым-жылас. Үрген иттердің дауысын қайыра естідік. Ілгері басқан аяғымыз кері кеткендей, қарға адым аттау мұң. Қалжырап шаршаған шақта, жатаған төбе үстіне көтерілсек - Ақши ауылы. Қуанғаннан тұрған жерімізге отыра кеттік. Аз уақыт тыныс алдық. Қайыра тұрайын десем, аяқтарым бастырмайды. Бір-бірімізге тізерлей жақын келдік те, жағамыздан жұлқа тартып, зорға тіктелдік. Мылтықты иыққа іле-міле таудан төмен түстік. 

Махамбет досымыздың үйіне жеткен бойда сырт киімдерімізді шала-пұла шешіп, төр көрпе үстіне құлай кеттік.  

Бір ғажабы, әжем түсіме тағы кірді. Ажары ашық, жүзі жайдары. Құшағына қысып,  бетімнен  сүйіп жатыр.

21.11.2021.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар