Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Толстой – ағартушы ұстаз...

27.08.2024 1282

Толстой – ағартушы ұстаз 14+

Толстой – ағартушы ұстаз - adebiportal.kz

Лев Толстой әлем әдебиетінің классигі ғана емес, ағартушылық және педагогикалық қызметпен   шұғылданып   оқу-ағарту ісіне, бала тәрбиесінің педагогикалық мәселелеріне зор үлес қосқан ағартушы – ұстаз, педагог. Толстойдың педагогикалық идеялары, балаларға арналған көркем шығармалары, баланы оқыту және оның тәрбиесіне қатысты ақыл кеңестері мен қағидалары бүгінде оқу-әдістемелік және тәрбиелік құрал саналады.  Лев Толстой мектеп мұғаліміне жоғары мәдени және моральдық талаптар қойды. 

Лев Толстой өзінің мектептегі   жұмысын оның өміріндегі ең жарқын кезеңі санады. «Бұл (мектеп) бірінші маңызды нәрсе ғана емес, өмірдегі ең басты мәселе, өйткені біз қалағанның бәрін келесі ұрпақ қана жүзеге асыруы мүмкін», - деп жазды.

Толстой жас кезінен Ресей мектептерінде балалардың оқытылуына көңілі толмады, Ресейдегі білім жүйесін түбегейлі өзгертуді өзінің өмірінің басты мақсаты санады. 

Толстойдың алғашқы педагогикалық және ұстаздық тәжірибелері 1849-1850 жылдардан басталады. 1849 жылдан бастап өзінің қарауындағы крепостной шаруалардың балаларын оқыта бастайды.  Оқыту барысында жиған тәжірибелері шаруа балаларының қызығушылығын, білімге деген зор ынтасына көзін жеткізеді. Толстой шаруа балаларын оқыту бағдарламасын қайта қарауды, оқыту үшін пәндер аясын кеңейтуді және жаңа пәндер енгізуді қолға алады. Бірақ оның педагогикалық ойлары Қырым соғысының басталуымен тоқтап қалады, соғыс аяқталғаннан кейін Толстой қайта жалғастырады.

Лев Николаевич 31 жасында 1859 жылы күзде Ясная Полянада өзінің мектебін ашады, өзінің әдісі бойынша шаруа балаларын тегін оқытады. Педагогикалық зерттеулерін жалғастырады, оқыту және тәрбие жүйесін жаңартуды қолға алады.  

       Ясная Полянадағы шаруа балалары үшін ашқан мектептің ғимараты 

Осы кезде Лев Толстой балаларға арналған кітаптар жазуды бастайды, «Азбука» хрестоматиясын жазып бітіреді. «Азбука» хрестоматиясының алғашқы басылымы 1872 жылы 13 қарашада жарық көреді.  Толстой «Азбука» хрестоматиясында балаларға танымдық шағын әңгімелер, ертегілер, аңыздар мен батырлар жырының, мақал-мәтелдердің ең үздік үлгілерін енгізді.  Үш жылдан кейін «Новая Азбука» деп аталатын екінші басылымы жарық көреді. «Новая Азбука» әліпбиі баспасөз бетінде оң бағасын алып, Ресей оқу –ағарту министрлігі халық мектептеріне оқу құрал ретінде қолданады, автордың көзі тірісінде «Новая Азбука» хрестоматиясының отыздан астам басылымы жарық көрген.  Сол кездегі көптеген беделді мұғалімдер Толстойдың оқу кітаптарының жоғары тәрбиелік негізін, балаларды оқытудағы ыңғайлылығын, көркемділігін, мәнерлілігін және   балалардың орыс тілінде дұрыс сөйлеудегі қолданысын, танымдық мағыналылығын атап өтеді. 

 Біраз уақыттан кейін балаларды оқытуға арналған орыс тіліндегі кітаптардың төрт томдығы жарық көрді. Барлығы Лев Николаевич Толстой балалардың дүниетанымын дамытуға арналған   әр түрлі жанрларда 629 көркем шығарма жазды. 

Лев Толстой ұстаздық қызметтің, оқыту машақатының ауыртпалығын ерекше сезінеді, өзінің оқытушылық қызметі туралы «Арылу» дүниетанымдық –философиялық туындысында: «Шет елден келген соң мен деревняда шаруа балаларын оқыта бастадым, мектепке қызметке тұрдым. Оқу сабақтары маған жақын еді, әдебиет оқытушысы қызметінен маған анық болғаны, мұнда әдебиеттегідей көзді алдайтын өтірік жоқ еді. Бұл жерде де мен прогресс үшін жұмыс істедім, бірақ мен енді прогреске сын көзбен қарайтын болдым. Мен басында адамдарға, шаруа балаларына мүлдем еркін қарап, өздері қалайтын прогресс жолын таңдауды ұсыну керек деп санайтынмын.

Негізінде неге үйретуді білмейінше, мен оқытуға қатысты шешілмейтін мәселелердің төңірегінде шыр айналдым да қойдым. Жоғары әдеби қызмет ортасында мен бірдеңені білмей тұрып біреуді оқытуға болмайтынын, өйткені әркімнің өзінше оқытатынын және өзара дауласып, өздерінің білмегенін бірінен бірі жасыратынын анық білетінмін; ал шаруа балаларымен бұл қиындықты, олар нені оқығысы келсе соны оқыту арқылы айналып өтуге болады деп ойлайтынмын. Қазір енді осыны есіме түсірсем күлкілі екен, өзімнің күйтшілігімді екі етпеу үшін мен талай рет бұлтақтадым емес пе? – жүрегімнің түбінде оларды неге үйрету керегін, мен өзімде білмейтінмін. Мектепте өткізген оқулардан соң бір жылдан кейін балаларды неге оқытуды білмеген соң, басқалардан үйрену үшін тағы да шет елге аттандым.

Шет елде оқып, біліммен қаруланып келген соң, шаруаларды босатқан жылы Ресейге қайтып оралдым, бітімгершілікпен шұғылданып, оқымаған халықты, өзім шығара бастаған журналда оқыған адамдарды оқыта бастадым. Ісім алға баса бастады, жақсарғандай болды, алайда мен өз ақылымның сау еместігін байқадым, өйткені мұның ұзақ созылуы мүмкін емесін сездім» деп еске алады.

Толстой Еуропа елдеріне сапар шеккен жылдары, шет елдердегі білім жүйесіндегі көптеген кемшіліктер мен ағаттықтырды көреді. Ол, неміс мектептерінде болып бақылайды, зерттейді, неміс мұғалімдермен сөйлескеннен кейін Л.Толстой: «Мектепте болдым. Қорқынышты. Балалар патша үшін дұға оқиды, балаларды ұрып-соғады. Бәрі жатталады, зәресі ұшқан, әбден соққы жеген, бүлінген балалар» деп жазады. Жазушы өзі барған барлық дерлік елдерде әртүрлі оқу орындарында болады, алайда балаларды оқыту мен олармен жұмыс істеудің бірде-бір керекті үлгісін таба алмайды, күткен үміті ақталмайды, Толстой көрген мектептер оның мектеп туралы түсінігіне мүлдем сәйкес келмейді.

Ресейге оралғаннан кейін Толстой Ясная Полянада өз мектебін ашуға шешім қабылдайды.

Ясная Полянадағы мектеп кіреберісіндегі шаруа балалары 

Толстойдың Ясная Полянадағы мектебі 1859 жылы ашылып 1862 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеді.  Толстой  өзінің мектебінде 7 жастан 15 жасқа дейінгі жастағы шаруа балаларын тегін оқытты.  Оқыту таңертеңгі тоғыз жарымнан басталып, кешке дейін жүргізілді.  Осы уақыт ішінде оқушылар физика, арифметика, тарих, таза жазу, әдебиет, музыка, этика және құдай сөзін оқумен айналысты. Мектептегі шаруа балаларының оқуға ынтасын жоғалтпау үшін оқу бағдарламасын   ыңғайлы жасайды. 

Толстой оқу күнін екі бөлікке бөлді: таңертең балалар мұғаліммен бірге оқиды, ал түстен кейінгі балалардың уақыты шығармашылық сабақтарға бөлінеді-оқушылардың біреулері ән айтса, енді біреулері сурет салады, мүсіндеумен шұғылданды, әлде біреулері кітапты дауыстап оқиды. Балалар өздері қалаған жерлерде отырады: орындықта, сәкіде, үстелде, терезе алдында, еденде отырып оқи беретін, мектептегі оқу процесі өзі анықтаған қағидаларға толық сәйкес келді: Толстой өзінің педагогикалық басты қағидасы – балалардың еркіндігі деп білді.

Мектепте үйге тапсырма берілмейтін, Толстой балалардың отбасындағы материалдық қиыншылықтарды ескеріп, олардың үй тапсырмаларын орындай алмайтынын, шаруа балалары үй шаруашылығында ата-аналарына көмектесетінін жақсы білді. Үзілісте және сабақтан кейін Толстой балаларға қызықты оқиғалар, танымдық әңгімелер айтатын, оларға гимнастикалық жаттығулар көрсетіп, балалармен дене шынықтыру жаттығуларын жасайтын, олармен күресіп, қыста қардан қалашықтар тұрғызып, жарысып жүгіретін, қыраттан шанамен сырғанап ойнайтын, жазда өзенге шомылатын, орманға серуенге баратын, балалармен қол ұстасып, Толстой балалармен бірге билейтін.

Лев Толстой балалармен серуендеуде 

Мектеп кіші және жоғары сыныптардан тұрды, Лев Николаевичтің өзінен басқа мектепте тағы төрт мұғалім жұмыс істеді, әрқайсысы күн сайын 5-6 сабақтан берді. Балалардың жасына, дайындығына және жетістіктеріне қарай оларды: кіші, орта, үлкен топтарға бөлінді. Лев Толстой мектебінде баланы мәжбүрлеп оқыту моделінен толығымен бас тартып, өзінің мектебінде оқу кестесін алып тастайды, балалар мектепке кез-келген уақытта келетін, мектепте оқымағаны, үй тапсырмасы үшін жазалау, оқушыларды түгендеу, баға қою жоқ болатын. Мұғалімнің басты міндеті балаларды жалпы әңгімеге тарту, оқуға қызықтыру және білімге құштарлығын ояту болатын. 

Толстой сол кездегі білім беру жүйесіндегі, оқу орындары мен мектептердегі зорлық-зомбылыққа, дүре соғуға (шыбықпен сабауға) қарсы болды, мектептерде, оқушыны білмегені үшін жазалауға болмайды деп үзілді-кесілді қарсы тұрды. Ясная Поляна мектебінде қандай болмасын жазаның жойылуы   сол кезде XIX ғасырда жаңашылдық болды, замандастары мұндай әдістің тиімді болатынына күмәнданғанмен Лев Николаевич қажырлы түрде өзінің идеяларынан бас тартпайды.

«Балалар Ясная Поляна мектебіне қуана –қуана келетін. Бізге мектепте оқу көңілді еді, аң аулайтынбыз, ойнайтынбыз, жазатынбыз.  Лев Николаевич бізбен көбірек айналысатын. Бізден гөрі, біздермен көп шұғылданатын, біздермен көп жұмыс істей тін, үнемі таңғы тамақсыз қалатын», -  деп мектеп оқушыларының бірі Василий Морозов еске алды.

1859 жылы Ясная Полянадағы Лев Толстой ашқан мектеп Ресейде ғана емес, шетелдердегі мектептерге қарағанда мүлдем ерекше еді, мектеп аз уақыт ішінде озық халық мектептерінің біріне айналды.

Сонымен бірге, 1861 жылдан бастап «Ясная Поляна» педагогикалық журналы шықты. Толстой өзі шығаратын басылымға өзі бас қызметкер ретінде жұмысқа кіреді. Журналдың бір бөлігін жазушының педагогикаға қатысты теориялық мақалалары шықса, ал енді бір бөлігінде балаларға арналған шағын танымдық әңгімелері жарияланды, «Ясная Поляна» басылымында «Тәрбие және білім» деген тақырыпта    педагогика саласындағы үлкен жұмысы жарияланды.

Алайда Л.Н.Толстойдың ағартушылық қызметі билік пен жандармерия бақылауында болды, Толстоймен жұмыс істейтін халық мұғалімдеріне жасырын бақылау жүргізілді. Өйткені мектептегі мұғалімдердің көпшілігі демократиялық көзқарастағы және студенттер толқуларына қатысқан университеттерден шығарылған студенттер болатын. Толстой болмаған кезде, ол Башқұрт елінде қымызмен емделуде болған кезде жандармдар мектепке келіп тінту жүргізеді, мектептегі оқыту мемлекеттік білім беру жүйесіне сәйкес емес деп мектепті жабуға үкім шығарады. Л.Н. Толстой үкімді орындайды, 1862 жылғы желтоқсанда өзінің мектебінің жұмысын тоқтатады, яғни Толстой өзінің мектебін жабуға мәжбүр болады, «Ясная Поляна» журналы да жабылады. Патша билігі журналдың бағытын діни және адамгершілік негізгі ережелеріне қайшы келетін зиянды деп санады.

Лев Толстойдың педагогикалық қызметі кезінде Ясная Полянадағы мектеппен ғана шектелмеді, оның тікелей көмегімен 1861 жылдың күзіне қарай Тула облысының Крапивен уезінде Толстой мектебінің үлгісіндегі жиырмадан астам халық мектептері ашылды. Толстой ол мектептерге үнемі қолдау көрсетіп тұрды, мұғалімдермен байланыс орнатып, өзінің педагогикалық тәжірибесін жомарттықпен бөлісті. Толстойдың кеңесі бойынша мұғалімдер оқушының қалыптасып келе жатқан тұлғасын бақылау күнделіктерін жүргізеді. Сенбі күндері Ясная Полянада осы мектептердің мұғалімдерін жинап, үнемі педагогикалық тәжірибелерімен пікір алмасып тұрады.

Лев Николаевич халықты ағарту мәселелерінде мұғалімдерден үнемі шығармашылық ізденісті, педагогикалық білімдерін және өзін-өзі жетілдіруге шақырды. «Сіз өмір бойы үйренуіңіз керек, біз мұны күндесін күнде бірге жасайтын боламыз – өмір бойы үйренетін боламыз, өмір бойы білім алатын боламыз. Мәселе тек мынада: біз балаларға қандай білім беруіміз керек? Ең қажетті ғылымдар - тілдер, сосын – математика, содан кейін басқа да жеңіл ғылымдар. Тілдерді үйренуге қатысты: өте қарапайым және жеңіл тәсілін айтайын. Өзіңіз оқыған, ұнатқан кітабыңызды оқып, оны тікелей аударыңыз. Осылайша сіз көп ұзамай өзіңізде байқамай тілді үйреніп кетесіз. Бұл көп оқуды жеңілдетеді» дейді.

Толстойдың педагогикалық тәжірибелері орыс және шетелдік қоғамның назарына ілінеді. Ясная Полянаға Ресейден ғана емес, басқа да шет елдердің көптеген қалаларынан мұғалімдер тәжірибе алмасуға келді, Толстойдың мектеп жұмысына қызығушылығы, шаруа балаларын білімге деген ынтасын оятудағы ағартушылық жұмысы айтарлықтай дәрежеге жетті.

Толстой мұғалім туралы 

Лев Толстой мұғалімнің қызметі туралы: «Мұғалім алған білімімен ғана мұғалім емес, мұғалім «басқаша болмауы керек» деген ішкі сенімі бар адам ғана мұғалім бола алады. Мұндай сенім сирек кездеседі, мұны мұғалім өзінің мойындағанын жанқиярлығымен дәлелдейді», «Егер мұғалім қызметіне сүйіспеншілікпен қараса ол жақсы мұғалім, ал егер балаға мұғалім баланың әкесі, анасы сияқты сүйіспеншілікпен қараса, ол барлық кітаптарды оқыған, бірақ ісіне, оқушыларға сүйіспеншілігі жоқ мұғалімнен жақсы. Егер мұғалімдік ісіне деген сүйіспеншілігін және балаға махаббатын біріктіре білсе - ол мінсіз мұғалім» деп жазады.

Лев Толстой мұғалім баланы мәжбүрлеп оқытуға, күштеп тәрбиелеуге құқығы жоқ деп мәлімдеді. Білім берудің незінде оқушының нені және қалай үйренгісі келетінін таңдау еркіндігіне негізделуі керек дейді.  Бұл ойын Жан – Жак Руссоның жетілмеген адамдар қоғамы және ересектер өздерінің «жалған» мәдениетімен баланың ізгі табиғатын бүлдіреді   деген ойына сүйене отырып, мұғалім – әрқашанда баланың табиғатын қорғау, баланың жағын ұстану керектігін және оның жанын жан жақты дамыту қажеттігін жазады, бұл идея Л. Н.Толстойдың педагогикалық мақалаларында және оның бастауыш мектепке арналған оқу кітаптарында ерекше көрініс тапты.

Толстой мұғалімдерге берген кеңестерінде: «Мұғалімнің оқушыға үйрететін нәрсесі түсінікті және қызықты болуы керек», «Сабақ оқушының қабылетіне сәйкес жасалу керек», «Мұғалімге қиын болған сайын, оқушыға жеңіл болады», «Оқушы өзінің оқытушысы мен құрдастарынан   ұялмайтын болуы керек», «Оқушыға сабақ сайын оны білімге жетелейтін жұмыс беріңіз» – деп үйретеді.

Толстой балалармен адамгершілік тақырыбында әңгімелесу, адамгершілік сабақтарын өткізу арқылы балалардың ересек өмірінде керекті   мінез-құлықтарды тәрбиелудің жағдайларын жасады. Толстой сондай-ақ адамшылық қағидаттарында мұғалімдер мен тәрбиешілерді баланың (оқушының) санасына дәлелденбеген, талғаусыз дүниелерді ұсынудан сақтандырды. Бала тәрбиесінің мәселелеріне қатысты Лев Николаевич: «Оқушының сезімдеріне әсер ету керек. Тәрбиеші мен тәрбиеленуші арасында мейірімді, жақсы   қарым – қатынастар ғана орнаса жетістікке жетеді. Баланы өмірге үйрету – оның өзін тұлға ретінде сезінуіне көмектесу керек. Тәрбиедегі ең қиын, бірақ ең дұрыс жол – ол баланың өзінің ойлануына, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге ынталандыру қажет. Мектепте оқушы тәрбиешінің тікелей қысымына ұшырамайтын, оның билігін сезінбейтін, сонымен бірге, балаға интеллектуалдық   және моралдық ықпал ететін атмосфералық ортаны құру қажет.  Дәл осындай жағдайларда оқушы өмірінде, келешек өмірінде, қызметінің барлық салаларында белсенділік пен еркіндік көрсете алады» деп жазады.

Л.Н.Толстой педагогикалық шығармашылықпен қартайған шағында да айналысты, 77 жасында Лев Николаевичті мектепте оқу ісін және бала тәрбиесін жетілдіру туралы мәселе қатты мазалады, мұны 1905 жылғы күнделігіндегі көптеген жазбалардан көруге болады. Ол мектептер мен гимназияларда оқытылатын бірқатар пәндердің оқу бағдарламаларын қайта қарау жөніндегі ойларын білдіреді: «Біздің мектептерде, гимназияларда оқытылатындар туралы: негізгі пәндер: 1) ежелгі тілдер, грамматиканың мүлдем қажеті жоқ; 2) ең жақыны орыс әдебиеті, яғни Белинский, Добролюбов және біз сияқты пенделер.  Дегенмен, дүниежүзілік әдебиетке әлі де жол жабық тұр; 3) тарих -  ол патшалардың, императорлардың, диктаторлардың, әскери басшылардың және әртүрлі залымдардың тарихы, яғни шындықты бұрмалайтын тарих және оқиғалар; 4) Құдай заңы пәні -  мүлдем мағынасыз, ақымақ салт дәстүрлерге құрылған, догмалардан тұрады. Бұл төменгі мектептерде оқытылады, бұл ақылға сыймайтын, ақылға қонымсыз пән, адам баласының ақылын теріске шығарады».

1906 жылы Л.Н.Толстой «Балаларға арналған Құдай Заңы» ержелерін құрастыруды жалғастырады, ол қарапайым ережелерден тұрады: «1. Кінә артпа. 2. Артық тамақ ішпе. 3. Нәпсіңді тый. 4. Ақымақ болма. 5. Ерегеспе. 6. Адамдар туралы жаман өсек айтпа. 7. Жалқау болма. 8. Өтірік айтпа. 9. Дауласпа. 10. Күшпен тартып алма. 11. Жануарларды азаптама. 12. Біреудің еңбегін сыйла. 13. Қайырымды бол. 14. Үлкен адамдарды құрметте - деген ереже негіздерді жазады. Бір қарағанда, қарапайым көрінетін осынау ережелердің үлкен тәрбиелік мәні зор еді, бұл ережелер- моральдық өсиеттер, мінез-құлық кодексі, тәрбиеленушілерге арналған адамшылықтың негізгі қағидаттарын құрады.  

Үлкен педагогикалық дарын иесі, көркем сөздің шебері, талғампаз психоаналитик, адам жанының білгірі Лев Толстой балаларды өзінің бауырына тартып, жанына жинай алатын ұстаз болатын, балалар да оған сондай сүйіспеншілікпен қарады. 

Толстойдың педагогикалық мұрасымен танысқан адам оның идеялары әлі күнге дейін жаңашылдығын жоймағанын көреді, дегенмен олар бүгінге дейін мың рет қайталанып, әртүрлі тұжырымдамдар мен түрлерде жазылса да, біздің өмірімізге қайтадан   жаңалық болып қайта орала береді. Сонда Толстой педагогикалық көзқарастарының жаңалығы неде деген сұрақ өзінен өзі туындайды?

Лев Толстой баланың бойынан болашақ тұлғаны көрді. Ол баланың ойлау еркіндігін, ішкі жан дүниесін, өзінің өмір жолын таңдау құқын, өмірлік шығармашылық бастауына барлық мүмкіндіктер туғызу қажет деп санады. Қандай болмасын зорлық, оның ішінде, әсіресе білім мен тәрбие беру ісінде мүлдем орын алмау керек деп талап етті. Бүгін де оның идеялары, қалыпты, түсінікті болып көрінгенмен, осыдан бір жарым ғасыр бұрын революциялық сипаттағы идеялар еді.

Лев Толстойдың педагогикалық ізденістері орыс педагогикасын ғана емес, жалпы адамшылық тәрбие мәселелерін едәуір дамытты. Лев Николаевич бала жаны мен табиғатын терең зерттеп, балаларға    әңгімелер жазып, өмірден мысалдар келтіріп, бастауыш және орта мектеп оқыту әдістемесінің және педагогикалық қиын мәселелерін шығармашылықпен шеше білді –  мұның бәрі бүгінде Л. Н.Толстойдың ұстаздық еңбегінің өміршеңдігін көрсетеді.

 «Өмірдің мәні – басқалардың игілігі үшін өмір сүру, өз пайдаңнан гөрі басқалардың игілігін ойлау» - деп өмір сүрген   кемеңгер жазушы Толстой балалардың жанына ізгілік ұялатқан ұстаз еді, бірде өзінің мектебінің оқушыларына: «Маған оқуға келіп жүргендеріңе рахмет. Мен сіздердің жақсы оқығандарыңа қуанамын. Тек тентек болмаңдар. Өздері тентек, тыңдамайтын балаларда болады.  Менің айтқандарым сіздерге әлі керек болады. Сіздер мен болмағанда, қарттың айтқан сөздерін әлі де еске алатын боласыңдар» - деп айтқан екен, Толстойдың айтқандарын адамдар әлі де көп ғасырлар еске алатынына күмән жоқ. 

                                                                                     Салауат Кәрім


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар