Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Төлеубек Омаров. Өлеңде бір терім бар алынбаған......

22.04.2024 311

Төлеубек Омаров. Өлеңде бір терім бар алынбаған... 14+

Төлеубек Омаров. Өлеңде бір терім бар алынбаған... - adebiportal.kz

Шығысым – сағынышым

Шығыстың табиғаты таңғажайып,

Жіберіпті сүмбіл шашын талда жайып.

Кер марал адыр мұйіз ашаларын,

Қарағай бұтағындай салған жайып.

 

Шаншылып зеңгір көкке шыршаларым,

Таласып бой жарысып шаршамадың.

Жап жасыл қысы жазы өздеріңдей,

Ергежейлі ағайындас аршаларың.

 

Бүлттармен иық тіреп биік таулар,

Әмірін жүргізеді билікті олар.

Шың басында шұқшиып қыран бүркіт,

Сыбанып дайындайды білекті олар.

 

Мүлгіген көз тұндырып келісті жер,

Сабағынан үзіп түсті жемісті жел.

Шар айна таумен тастар, көк аспанды,

Егіз ғып көрсетеді қамысты көл.

 

Жан дүнием жалғасқан тамырыңмен,

Айналып кетейінші Тәңірімнен.

Біте қайнап тұрсамдағы бір өзіңмен,

Сезімім ағытылды тағы өлеңмен.

 

Әлдилеп аялаймын Шығысымды,

Бастан биік көтеремін ырысымды.

Табан асты тырс етіп ағаш сынса

Бірден-ақ айырамын дыбысыңды.

 

Астан кестең көкірегім, тағы ішім,

Естен кетпес Шығысым-сағынышым.

Кейде мен өкпелімін өз-өзіме,

Қиянға тентіреткен тағдыр үшін.                     

 

Қолыңа үстасаңда нағыз мансап,

Өмірің болсадағы аңызға шақ.

Шығыстан батысқа аққан өзендерге,

Ағысқа қарсы жүзем Шығысты аңсап.

Өткелде

Атбасын тіреп өткелге,

Қарадық ізге өткенге.

Ертісім тулап шайқап тұр,

Назың ба сенің, өкпең бе?!

 

Бір жоғалып көрініп,

Байқалды қайық, көз іліп.

Балықшы ойнап толқынмен,

Сілтейді ескек керіліп.

 

Жағасы таулы Күршім жақ,

Бергі бет майда құм шаңдақ.

Су түбіне жете алмай,

Шағылтты көзді Күн саусақ.

 

Асты терең сүп-суық,

Бетінде балық, су тұнық.

Айдыннан тапқан қорегін,

Шаншылды шағала шұқшиіп.

 

Шаншылды шағала шұқшиіп,

Аузымен тістеп шықты іліп.

Сәулесі судың дірілдеп,

Мөлдіреп тұр тұп-тұнық.

Алтайдай сұлу жер бар ма?   

Табиғат неткен әдемі,

Пах, шіркін, ғажап тіл жетпес.

Алтайдың сұлу әлемі,

Мөлдіреп көзден бір кетпес.

 

Қарағай, шырша шаншылып,

Қадалып қалған аспанға.

Теңселіп ойнап сан шыбық,

Изейді басын асқарға.

 

Шыңдарға сонау қар басқан,

Жиғандай үйіп ақ ұнды,

Секіріп биік жар бастан,

Зулайды өзен ағынды.

 

Тоғайы жүрдек көшпелі,

Басына біткен маралдың.

Аралар күтіп қош мені,

Аузыма салып бал алдым.

 

Сәбидей аңқып кең ауа,

Ой көзін ашар кеуденің.

Айтады біреу, не дауа,

Аязын айтып, кейде мін.

 

Шолпандай жарық жұлдызым,

Алтайдай сұлу жер бар ма.

Марқасын, Катон, шың-құзын,

Аралап достым, көр бар да!

Тылсым дүние тіршілік

Тылсым дүние тіршілік,

Сойлессе шіркін тіл шығып.

Қоярем миллион сұрақты,

Қатпады бірақ үн шығып.

 

Жер, аспан, су, ауаңыз,

Таусылып бітпес бұл аңыз.

Тылсым дүние тіршілік,

Құлақты сізге бұрамыз.

 

Ғаламат өмір жерде де,

Көтерген бәрін жер кеме.

Алапат құйын ұшатын,

Сұрағым бар желге де.

 

Табиғат тылсым дүние,

Сияалмай шықтым үйіме.

Тың тыңдап құлақ тосамын,

Сыбызғы тартқан күйіңе.

 

Тылсым дүние тіршілік,

Талпынып өскен бір шыбық.

Анары толған толықсып,

Томпайып тұр бүр шығып.

 

Табиғат дүние тіршілік,

Өмірге құмар ұмсынып

Обал-ай, Алла, обал-ай,

Жайқалған қалды гүл сынып. 

 

Бір кіріп үйге, бір шығып,

Қарадым оған күрсініп.

Қарауытып, бүгіліп,

Солып қалды тұншығып.

 

Жайдары шуақ көк аспан,

Өзіңнен биік кім асқан?!

Тылсым дүние тіршілік,

Себелеп жауып төк аспан.

 

Тасымас қаптап су бекер,

Жайпайды анық, шу көтер.

Бақаны қойшы,

Қайтемін?

Тамшылап түссе суға тер!

 

Қабыршағы анау ауаның,

Озон деген тесігі бар оның.

Тылсым дүние тіршілік,

Шегіне жету дау оның.

 

Білуге сені жұлқындық,

Жүректер соғып бұлқындық.

Тамсанам саған, дүние,

Ғажайып әлем бұл шындық!

 

Құпия өрісің кең неге?

Ғылымның сыры кем неге?

Ғалым болмадым мен неге?

Тылсым дүние тіршілік,

Бірдеме деші, пендеңе!

Қуғын

Көш бойы ұзап кетті тұстастарым,

Орта жол, барып ішіп түскі астарын.

Дүбірге жер тарпынып шыға келсем,

Өлеңде көбі болар ұстаздарым.

 

Шын жүйрік намыс қысса арындаған,

Беремін жан дүние барымды оған.

Шаңғыдан жүгіруде болдым алды,

Өлеңде терім менің алынбаған.

 

Өзімді аямаймын қамшы басып,

Өнердің көзі болса аршып ашып.

Қызымет, жеке үй салу, бала-шаға,

Бір басқа түсті бәрі қайшыласып.

 

Еңбекте қарқыны мол күн ұтымды, 

Бәсекесін беріп оған түн ұтылды.

Үзбеймін ішке сыймай түрткілеген,

Ақ өлең, қара өлеңнен үмітімді.

 

Жүз келіп, жүз кетеді ой санадан,

Еркіне беріп оның, қойсаң адам.

Жырыма мөлдір моншақ тақсам деймін

Ен салып, арғы атамдай, қой санаған.

 

Көш бойы үзап кетті тұстастарым,

Десемде өздеріңмен қоштаспадым.

Желмая жүгін артып қуып берді,

Абайла, артқа қара, көш бастарым!

Маңдайдағы жазулар

Маңдайға жазылмаса адамға егер,

Қырық жыл қырғындада ажалды өлер.

Жазымыштың бергені бір басыңа,

Мөр басып, қол қойғаны, алдан келер

(Лажың жоқ, өзгертетін қолдан келер)

 

Маңдайдағы белгілер жазу бөлек,

Ерекше соғылғанын тану керек.

Шыр етіп жерге түскен сәбидіңде,

Тілін біліп, ойын біліп, тану керек.

 

Сараптап, айтпай-ақ, жазбай бәрін,

Адамдар жасайды жағдайларын.

Маңдайдағы жазудың жауабын тап,

Жарқырасын десеңіз маңдай бағың.

 

Берілесің іздеп оны тоқсан ойға,

Қайтесің әуре болып жас санауға.

Жазулардың жауабы жалғыз Күрес,

Өміріңді шарықтатар аспандауға.

 

Ғүмырың тоқтамайды әлі-ақ өтер,

Қуантады, қайғыртады, әлек етер.

Көреріңді көрсеңде, көрмеген көп,

Маңдайыңа жазылмаса бәрі бекер!..

Белекте

Түркі елінде ашық аспан нұр төгіп,

Дәл төбемде жатып алды күн шөгіп.

Су жағалай қара құрым қалың жұрт,

Зонтик қаптап жайқалады гүлше өніп.

 

Теңіз суы тепкілейді жағаны,

Мойнын созып көз тігеді жоғары.

Домаланған қиршық тас, құмменен,

Іздегені көрінбейді жоқ әлі.

 

Қалың қауым келіп жатқан жан-жақтан

Жылылықпен жайлылыққа жол тапқан,

Ағылған жұрт, табыс көзі қалталы,

Эвро, доллар құйылады сол жақтан.

(Қайдан келсін кейбір елге жәй жатқан)

 

Ел байлығын, жер байлығын игеріп,

Өз Отанын сүйрелейді итеріп.

Елден қашып, жерден қашып біреулер,

Көзден ғайып, көрсетеді ит өлік.

 

Тепсе темір үзетұғын жастар жүр,

Ғылым, білім игеретін баста жүр.

Бөтен елдің қарапайым жұмысы,

Елден безіп пайдасы жоқ, босқа жүр.

 

Бұл көргенім жалғызғана Белекте,

Отан-Ана бәрімізге керек пе?

Ел, жұртыңды тастай қашқан қазақтар,

Өздеріңе зіл батпандай, бар өкпе!

 

Төлеубек Омаров. Астана қаласы бойынша ІІМ-нің Ардагерлер кеңесінің мүшесі. «Құрметті ардагер» медалімен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тумасы. Ішкі істер минстрлігінің мектебін және Өскемен педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар