Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Төлен Әбдікұлы шығармаларындағы психологизм

11.05.2021 1317

Төлен Әбдікұлы шығармаларындағы психологизм

Мақалада Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы», «Ақиқат», «Оң қол», повестері негізінде жазушы шығармаларының ерекшелігі, соны кейіпкерлердің ішкі сырлары, оқырман үшін жұмбақ пайым-парасат көкжиегінің даралығы сияқты негізгі ойлар ортаға тасталады. Автор өз шығармаларында тіс бата бермейтін маңызды тақырыптар – парасат майданы, ақыл мен азап ауруы, тұлғаның екіге жарылуы, кейіпкердің қарапайым адамдарға тән емес науқаспен ауруы, философиялық болмысты іздеу сияқты күрделі, тың дүниелер қозғайды. Модернизмнің жұрнақтары – қазақ әдебиетінде, соның ішінде Т.Әбдіков шығармаларында қалай көрініс тапқандығы көрінеді. Жазушының қаламгерлік айқындылығын таныту үшін «Парасат майданы», «Ақиқат», «Оң қол» сияқты сюжеттік желісі бір-біріне ұқсас үш шығармасына жан-жақты талдау жасалады. Әлем әдебиетіндегі авторлармен ұқсастық, ортақ мативтер жайлы айтылады. Онымен қоса, қазақ қаламгерлер поэтикасында ерекше сипатқа ие интертекст мәселесі де қозғалады. Мақаланы жазудағы мақсат, қиын да күрделі, психологиялық тереңдікті талап ететін Т.Әбдіков шығармаларын оқырманға таныстыру болмақ.

«Қазіргі қазақ прозасында ойлы шығармаларымен, ешкімге ұқсамайтын өзіндік талантымен белгілі Төлен Әбдікұлы – қалың оқырманға да, әдеби ортаға да танымал жазушы. Жазушының әдебиеттегі қолтаңбасының ерекше екендігін өзіндік жазу мәнері, сөз қолданысы, кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін, мінез-құлқын сомдау, оқшау образдар, тосын тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп тұр. Т.Әбдіковтың кез келген шығармаларының кейіпкерлерінің ой жүйесі, сөз саптауынан бастап дүниетанымына дейін ерекшеленеді.»[1; 90] Қазақ әдебиеті сахнасына тосын түйіндерімен, жаңа бағытпен келіп қосылған бірнеше автордың бірі – Т.Әбдік болатын. Оның әр шығармасы терең толғанысты, зерттеуді талап етеді. Ал кейіпкерлерінің ішкі сыры тым күрделі, тереңдікке негізделгендіктен шығармаларының мазмұнын-идеясын әп дегеннен түсіну қиын. Бұл осы тақырыпты зерттеген сыншы, әдебиетшілердің аздығынан аңғарылады. Себебі, жазушының поэтикасына бойлау үшін оқырман психология, парапсихология, телепатия, тұлғаның екіге жарылуы(раздвоение личности), ақиқатты аңсау, сана немесе ой ағыны сынды абсурдты дүниелермен алдын ала таныс болуы керек. Жалпы әдебиетте қаламгердің үш түрі бар. Соның бірі – қаламгер ойының оқырманнан оқ бойы озық тұруы. Біз Төлен Әбдікұлы шығармаларын осы топқа қосар едік. 2000 жылы әдебиетте Нобель сыйлығын иеленген қытай жазушысы Гао Синцзянь өз лекциясында былай дейді: «Когда литературе удается перейти за рамки традиций, свойственных отдельному общественному строю, и за рамки отношений между людьми, сложившихся в определенной среде и времени, тогда природа человека выступает такой, какой ее описывает данное произведение – общей для всего человечества»[2] Мүмкін, жазушының қазақ сана сезімінің қалтарыс-бұлтарысынан шығып, әлемдік әдебиетке, жалпы адамзат атаулысына ортақ үндеу болғысы келетіндігі – оның шығармашылығының ерекшелігі шығар. Қайткенмен де, Т.Әбдіков модернизмі қазақ оқырманы қаласын, қаламасын әдебиеттегі биігін қалыптастырған сынды.

Мынау жалған дүниенің жапа тармағай сұрақтарына жан-жақты жауап беруге тырысқан жазушы адам баласының сан қилы әрекеттерін олардың дүниетанымы мен ішкі психологиялық әлемі арқылы шынайы суреттеп береді. Адам бойындағы тылсым арпалыстар, адам бойындағы психикасындағы ұшы-қиырсыз ғажайыптар, адамгершілік, адалдық сынды тамаша қасиетттер мен пендешілік, арамзалық сияқты алпауыт күштер майданы – Төлен Әбдік шығармаларының негізгі сарыны. [3;11]

Әдебиеттегі терең психологияны автордың баяндауы арқылы да оңтайлы табуға болады. Сондай элементтердің бірі – шығарма тілінің 1-ші жақтан баяндалуы. Бұл «Ақиқатта» Роберт арқылы, «Парасат майданында» белгісіз кейіпкердің күнделігі арқылы көрінеді. Бұл оқырманға басты кейіпкерді басқа ракурстан тамашалауға және ой сүзгісін әділетті жүргізуге мүмкіндік береді. «Парасат майданы» хикаяты – алғашқы оқыған сәтте бірден ішіне баурап алмаса да, авторлық ой-сана шығарма тереңдігіне сүңгітіп жібереді. Сюжеттері бірінен соң бірі қиюласып жататындықтан, «белгісіздің» келесі қаракеттері оқырманға интрига тудырып отырады. Ал, шындыққа автор осы «майданның» басынан бастап оқырманды дайындай түседі. Тек оны сіз шығарманы екінші мәрте оқып шыққаннан кейін аңғарасыз. Мәселен, автордың «Фойедегі орындыққа отырып, басымды ілігіп тұрған жерінен біржола жұлып алып, келесі орындыққа қойдым»[4;14] дегені кейіпкердің түсі арқылы алда жүзеге асатын жанның екіге жарылуының реалды болмыспен оқырманды алдын-ала сендіруі сияқты. Әңгімешіл дәрігердің осы тақырыпта сөз қозғауы, әртүрлі мысалдар келтіруі: «Психика поталогиясы туралы ұзақ лекция оқыды. Әсіресе, тұлғаның екіге жарылуы... Яғни бір адамның бойында екінші тұлғаның пайда болуы» [4;17] Оны(белгісізді) алғашқы кездесуге шақырып, қараңғыда айнадағы «өзімен» шағылысып қалуы, Бодлердің өлеңдер жинағының өз палатасынан табылуы, түсінде «белгісіз құрбысын» көруі, хат жазған адамның кейбір ойларына өзінікі сай келуі сынды толып жатқан мысалдар – тұлғаның екіге жарылуы деген ойға сананы еріксіз иліктіреді. «Адам жан дүниесінің екіге жарылуы – қазақ әдебиетінде бұрыннан бар, адам психологиясын терең түсіндірудегі ерекше құрал. Мәселен, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы бас кейіпкер бойынан да, осы құбылысты көруге болады. Ақбілек қанша адал, пәк адам дегенмен де, ол кейде қарамұрт офицердің құшағынан тыныштық тапқандай болады ғой. М.Әуезовтің де «Қаралы сұлуы» туралы да осыны айтқан жөн» [3;11] Ал, Төлен Әбдіктің кейіпкеріндегі тұлғаның екіге жарылуы – осы шығарманың сюжетіне, компазициясына, идеясы мен мазмұнына қызмет жасап тұр. «Парасат майданының» артықшылығы да осында жатыр.

«Ізгілік пен зұлымдық майданы» - бір адамның ашылмай жатқан жұмбақтарын жан-жақтан толық ашып беру арқылы, адам деген жұмбақ жаратылыстың түйінін шешеді. Жазушының ізгілікті ақтау ойлары – барлық жерден қылаң береді. Бұл автордың жоғары философиялық деңгейінен(кондиция) хабардар етіп отыр. Оқырманын Шәкәрімше айтсақ: «Ақ жолдан айнымай, ар сақтауға» шақырады. Тек кейіпкердің келесі күні зұлымдық бойын жайлаған тұлғаға айналуынан қорқып, расында оның қатерлі ойынан, болмысынан қорқып, «ақ(ар) жолына» – өліммен барады. Бұл – автордың шешімі. Әйтсе де, «белгісіз» осы жолда шын күрескерлік танытқан кезде, оқырман арқасынан ауыр жүк түскендей болар еді...

«Өмір – күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін болды. Одан кейін неше түрлі қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Енді қатері одан кем емес, парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреуі басталады.»[4;22] Кейіпкер толықтай майданға шығады. Санадағы сандалған ойларды, қатігездік, жауыздық сынды дүниелерді адам бойынан әшкерелеуден автор тайынбайды. Керісінше, осы түйіннің бәрі – сайып келгенде бүгінгі адамзат хәліне деген жиіркеніш сезімін, аласұру, өз жанын бұл әлемге бұдан артық сыйғыза алмау қайғысының жетегінде екенін көрсеткісі келеді. «Осы шығарма адам тағдырын ЖАН ДҮНИЕНІҢ екіге ЖАРЫЛУ құбылысы арқылы бейнелей отырып, мәдениетті іздеп жүріп, өркениетке(цивилизация) адасып кеткен АДАМЗАТ тағдырын көрсетіп берді.» [3;11]ПАРАСАТ МАЙДАНЫНДА ол – ертеңгі күн үшін ғана күрескер болғандығы жүректе өкініш сезімін қалдырады.

«Әлемдік әдеби нұсқалардағы лабиринт «Әлем – театр» (Шекспир), «Әлем – кітапхана» (Борхес), «Әлем – жатақхана »(Маканин) т.т түрінде болса, Т.Әбдіковте «тіршілік – аурухана» тұрғысында көрінеді. [5;53] Оның шығармаларындағы кейіпкерлер тағдыры ұқсас. «Ақиқаттағы» Роберт – «тіршілік-аурухана» лабиринтінде адасып жүрген персонаж. [5;53] Осы шығарманы түсіну үшін телпатия ұғымымен оқырманның таныс болуы шарт. «Ол – яғни алыстағы адам туралы белгілі бір ақпарат игеруге қабілеттілік» [6] Міне, Роберт осы қасиетке ие болады. Автор Робертке сын көзбен қарайды. Ол жанындағы адамдардың бәрінің ішкі-дүниесінен хабардар болса да, соған сай іс-қимыл жасамады. Керісінше, оған шыдай алмай, тіршіліктен қол үзді. Жындыхана – Т.Әбдіков кейіпкерлері мекен ететін кеңістік. Ал кейіпкерлер психологиясы реалды кеңістікке мүлдем бағынбайды. Әсіресе, Роберттің жындыханадан қашып шығып, ойланып, өз ақылының азабынан, адамдардың жанды қинайтын қарекетінен безініп, ол жаққа қайта оралуы. «...Ақыл-ес ауруынан қалай құтылу керек? Құтылу керек...Жындану керек...Сонда ғана бақытты бола аласың...Қалай жындануға болады?...Қалай? Роберттің есіне жынхана түсті» [5;188]

Роберт үшін өмір – азап, өлім – тыныштық, рақат. Оның священникпен Құдай туралы сөз қозғауы, ақыр соңында оны жоққа шығаруы – модернистік сарынның көрінісі. Ол зұлымдықты, бақыт дегенді адамдардың еркінен тыс құдірет арқылы жүзеге асады деп сенеді. « -Ізгілік ешқашан да жеңе алмайды! – Роберт тағы да айғайлап тұра келді. -Кісіге қиянат қылудың мың түрі бар,- Роберт саусақтарын бүгіп, қиянаттың қаншалықты екенін санай бастады. – Алдау, арбау, зорлау, сату, ату, тонау, тағы сондай-сондайлар... Ал қиянат қылмаудың біра-ақ түрі бар. -Роберт бір-ақ саусағын бүкті. - Ол – тек қиянат қылмау. Ендеше ізгілік жолы жіңішке, ізгілік әлсіз...» [4;194], - дейді автор. Жоғарыда автордың Робертке сын көзбен қарайтынын жазған болатынбыз. «Роберт – амбивалентті, яғни қандай да бір ішкі тұтастықтан айрылған, шексіз жалғыздыққа ұрынған кейіпкер болғанымен, абсурд-қаһарман емес. ОЛ – әлемдік құрылымның, қоршаған болмыстың абсурдтығын танушы адам.» [5;54] Ол осы арқылы адамдарды көп ақиқатқа меңзейді. «Ақырында «ең үлкен бақытсыздық – бақыт атаулының болмайтынын сезу» деген пессимистік ойдың ақиқатына көз жеткізген ол жындыхана бөлмесінде өзіне қол салады.» [5;54]

Қараңыз, қызық дүние байқайсыз. Ол автордың үш шығармадағы алған кейіпкерлері типтік бір ғана образды беріп тұр. «Оң қол» - Алма қыздың санасының ауруға шалдығуы. Автор Алманың бұл өмірде не үшін өзіне қол жұмсағысы келетінін жұмбақ қалдырады. Тіпті, еркінен тыс оң қолдың кеңірдегіне бара беретіні – кейіпкер іс-әрекетінен тыс қимыл сияқты сипаттайды. Бірақ соны орындаған, өзіне қол жұмсаған – Алма. Осы сәтте тұлғаның екіге жарылуының алғашқы деңгейі басталады. Ол – Алманың «майдан» мен «ақиқаттағы» кейіпкерлердің – жастық шағы болуы. Екінші, «Ақиқаттағы» Роберт – «Парасат майданындағы» хат жазғыш белгісіз құрбы. Ізгілікке қарсы барлық ойдың тұманымен тұмшаланып алған ба дерсіз? Осылайша, автор «Оң қолмен» сол образдың жастық шағын, «Ақиқатпен» тұлғаның зұлымдық жағын, «Парасат майданымен» ізгілік жағын беруге тырысқандай деген ой туады.

Жазушы Төлен Әбдік шығармаларын оқып отырып, еріксіз санаңызға Жан Поль Сартрдың, Кафканың өмірден әділет іздемейтін(себебі оны іздеп шаршаған), әлемнің бәрі күңгірт, бақыттылық деген түсінік толығымен бұл өмірде жойылған деп санайтын кейіпкерлері ойға оралады. Ең қызығы, оларды байланыстырып тұрған түсінік – өлім. Бұл авторлардағы ортақ шешім. Кейіпкер динамикасы солай аяқталады. Бәлкім автордың шығарманы жазудағы толғанысы, жазудағы аласапыран жай-күйінің «нүктесін» солай қоюға тырысты(оңтайлы шешім). Бұл оқырман санасын одан кейін не болады деп шаршатпай-ақ, бірден шешімін беруге деген автордың жауапкершілік жүгі шығар. Қаламгердің «Ақиқаттағы» Роберт, «Парасат майданындағы» белгісіз кейіпкері де өмірде көп білген, тоқыған, ізденуден шаршамайтын кейіпкерлер. Джек Лондонның «Мартині» сынды. Бірақ Мартин – романтикалық кейіпкер. Ол сол заманның қоғамдық ой-санасына сыймағаннан емес, өз арман -мақсатының тоқырауға ұшырағандығынан өзіне қол жұмсады. Әдебиетте жиі кездесіп отыратын мотивтер бар. Бұл шығармаларда кездесетін ортақ мотив – оқырманның өзгелерден бөлек ойлауы, аласұруы, адамзаттың санасын, іс-әрекетін құп алмауы, т.т соңында өзіне қол жұмсауы. Мифтік әрі психологиялық кеңістікпен астарласып жататын - түс көру мативі де үш шығармада қайталанады.

«Ақиқат» повесіндегі Роберттің әжесі айтатын ертегі – шығарманың сюжеттік желісін бір-бірімен байланыстырумен қоса, өзіне мынадай жүк артады: «Сонда әлгі адам жолаушыны жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп кіргізді де: «Қалаған шарабың мен тамағыңды іш, сұлу кәнизактармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп алтын сарайды тамашала. Тек мынау тұрған бір есікті ашуға болмайды. Оны ашсаң бақытсыз боласың» [4;205] Алма да, Роберт те, «белгісіз» де сол есікті ашып қойғанға ұқсайды.

Автор «Парасат майданында», «Ақиқатта» көркем ойды қуаттау үшін интермәтіндерді орынды қолданып отырған. Бодлердың зұлымдық өлеңдері, шығарманың эпиграф мен прологы, М.Мақатаевтың өлеңі, зұлымдық пен ізгілік атаулыны дәріптеудегі Ницшенің пікірлері сияқты оңтайлы тұстар – туындылардың көркемдік қуатын одан әрі асқақтатуға септігін тигізіп тұр. «Бостандық деген не? – Ар-ұяттың тазалығы» деген біздің дәуірімізден жеті ғасыр бұрын өмір сүріп кеткен жеті дананың бірі – Периандр Коринфский» [4;30]

Түйіндей келгенде, жазушы Төлен Әбдіков шығармаларының өзіне ауыр жүк арқалайтынын байқаймыз. Егер, қаламгер көтерген тақырыптарды орынды бағамдай білетін болсақ, оқырманға берер ойы орасан. Жазушы Ә.Кекілбаевтың: «күн нұры мен жер нәрін бойына мейлінше сіңірген құнарлы дарын иесі» деп баға берген Т.Әбдіктің өзгеше қалам тербеуі – расында дарындылық. «Кейде Төлен Әбдік те сол есікті ашып қойғандай болады. Бірақ ол бақытты. Оның осындай шипалы шығармалары бар. Оқырманы бар. Өзін сүйген халқы бар»[3;11.] Қазақ әдебиеті сахнасында өзіндік өрнегін қалыптастыра білген авторға ұзақ ғұмыр тілейміз!

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Г.Ержанова «Өлара романындағы шындық және дала бейнесі.» Қазақ тілі мен әдебиеті 2010.-№9-90-99б
  2. http://Noblit.ru Гао Синцзянь. «Право литературы на существование» Новелеская лекция(Звезда, №10,2001)
  3. Дәулетбаева Б «Құпия есіктің құлпын ашқан қаламгер» Қазақ әдебиеті 2002ж,№47,11б
  4. Төлен Әбдік «Әке»2005. Алматы «Қайнар»,-384б
  5. Жарылғапова Ж «Абсурдтық идея және сана ағымы» ҚарМУ хабаршысы 2010.-№2.-50-55б

Ержанова Сәуле Баймырзақызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

Зинелова Жібек Курашқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha