Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

13.12.2021 5436

Тәуелсіздік хроникасы. 2020 жыл 12+

Тәуелсіздік хроникасы. 2020 жыл - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне орай «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің «Әдебиет порталы» жобасы жүргізіп келе жатқан «Тәуелсіздік хроникасы» жобасы аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі кезек 2020 жылға келіп отыр.

2020 жылдың рухани хроникасы

2020 жыл – еліміз үшін Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, әлемнің екінші ұстазы Фарабидің туғанына 1150 жыл, Алтын Орда хандығының құрылғанына 750 жыл толуымен есте қалды. Отан абыройын, ұлт мерейін үстем еткен айтулы мереке тұтас республика деңгейінде аталып өтті. Өкініштісі тұтас әлемді жаулаған «COVID-19» вирусы алаштың аймаңдай азаматтарымен қатар көптеген қаламгерлерді де ала кетті. Бұл туралы порталымыз қазанамалардан тыс, жаһанды жаулаған вирус туралы жазылған алғашқы шығармаларды жариялады. Солардың қатарында жазушы Асқар Алтайдың «Вирус-мутант» әңгімесі, ақын Ғалым Жайлыбайдың «?» (Сұрақ белгі) поэмасын алғашқы сапта жариялағанымызды мақтанышпен айта кеткіміз келеді.

Тоныкөк ескерткішіне – 1300 жыл

2020 жылы ұлтымыздың ғана емес, тұтас түркі мәдениетінің тасқа қашалып жазылған құнды да қымбат көне жәдігерлерінің бірі – Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы UNESCO көлемінде аталып өтті.

Әл-Фарабидің туғанына – 1150 жыл

Мұқым түркі әлемінің, қала берді исі адамзаттың ақыл-ой шырақшысы болған, әлемнің екінші ұстазы саналатын Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы ел көлемінде ұлықталып, аталып өтті. Шығыс әлемінің ойпаз-данышпаны, әлем кітапханасы сөрелеріндегі салмағы ауыр пәлсапалық трактаттар авторының адамзат игілігіне қосқан үлесі қомақты, еңбегі ұшан-теңіз болып саналады.

Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл

2020 жылы ұлтымыздың бас ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, реформатор Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ел көлемінде елеулі мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Маңғыстау көтерілісіне – 150 жыл

Қазақ даласында Патша үкіметіне қарсы азаттық алу жолында егемендікті ұран қылған 300-ден астам үшін ірілі-ұсақты көтеріліс болған. Кенесары Қасымұлының, Есет пен Жанқожаның, Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбеттердің көтерілістерінің ізімен 1870 жылы патшалық Ресей өкіметінің отарлау саясатына қарсы Маңғыстау өңірінде болған Иса мен Досан көтерілісіне 2020 жылы – 150 жыл толды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 75 жыл

2020 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 75 жыл толды. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 400 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ. Олар майданда ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль, ордендермен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды

2020 жылы Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлына, мәдениеттанушы – «Абыз Әбіш» зерттеуі үшін; Ақсұңқар Серікке, ақын – «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін; Есім Ғарифоллаға, жазушы – «Ғұлама-наме» трилогиясы үшін; Жолдасбеков Мырзатайға, әдебиеттанушы – «Ұлы Дала әдебиеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін; Қанапиянов Бақытжан Мұсаханұлына, ақын – «Достояние души» өлеңдер жинағы үшін; Мұқанова Роза Қажығалымқызына, драматург – «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін; Нұрмағанбетов Тынымбай Нұрмағанбетұлына, жазушы – «Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін Қазақстан Республикасының "Абай" атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы табыс етілді

2020 жылы өзіндік сүрлеу салып, ұлт өнерінің дамуына ықпал еткен бір топ ақын-жазушылар мен әнші-сазгерлер, руханиятымызға өлшеусіз үлес қосушы ғалымдар елуге толды. Атап айтсақ олардың ішінде театртанушы, өнертану кандидаты Бақыт Кәкиқызы, компазитор, эстрада әншісі, ақын Елена Әбдіхалықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Жалғас Толғанбай, режиссер, суретші, сценарист Рүстем Әбдірашев, суретші Сәуле Сүлейменова, қазақ эстрадасына опералық музыкана әкелген тұңғыш әнші Толқын Забирова, ақын, журналист Қазыбек Қабжановтар бар.

2020 жылы бірқатар ақын-жазушыларға 1 ғасыр толды. Олардың қатарында жазушы, Бұқара Тышқанбаев, жауынгер қазақ ақыны Жұбан Молдағалиев, жазушы, аудармашы Қажымұрат Сыздықов бар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар