Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Сұраған Рахметұлы. Өзгерулі ел Өзбекстанға сапар...

22.10.2024 1044

Сұраған Рахметұлы. Өзгерулі ел Өзбекстанға сапар 12+

Сұраған Рахметұлы. Өзгерулі ел Өзбекстанға сапар - adebiportal.kz

Халықаралық “Алаш” сыйлығының иегері, белгілі ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлының оңтүстік өлкеге және көршілес Өзбекстан еліне жасаған әдеби ынтымақтастық сапарының күнделігін жариялап отырмыз.

ӨЗБЕКСТАНҒА ҚАРАЙ...

Ташкент пен Самарқандыға сапар... Баяғы бабалар жүрген сүрлеумен!

Қатты сонырқалаушы едік, ертеден бері. Әсіресе ақындары ерекше! Бір шөл бар іште, оларға деген?! Әрине Хиуадан шыққан Аваз Отароғұлы (1884-1919), баяғы байсалды ақын апай Зүльфия Исраилқызы (1915-1996) еске оралады. Солай соңғы буындағы әлгі қыпшақтың көбеңшісі, ақын Мухаммад Юсуф (1954-2001) және Қоқанның ақыны Фарида Арфуз, намангандық Хосият Рустамова (1971) сықылды шығармашы туыс, ең жақындармен таныспыз сырттай! Қамдануды мүлде ұмытып, суыт қамдандық. Жолға шықтық... Шымкент арқылы!

Беу, ШЫМКЕНТ...

Шымқалаға екі әлде үш мәрте келгенмін, бұрынағы жылдары. Түстіктегі Түркістан облысы және ірі мегаполис. Жан саны жағынан да өсімі қарқынды: шамамен бір миллион үш жүз мыңға жуық тұрғыны бар Шымқала. Жер аумағы жағынан да Шымкент (1162,8 км²) Люксембургтен (2 586,4 км²) бір есе үлкен. Қыркүйектің соңғы әлеті Шымқаланы алтын шарғыл, күміс шағыл салқар мұнарлы бояумен бүркеген сәнді шадыман сәт-ті. V-VІ ғасырлардың ізі қалған кенттің тауыриһаты шүңейт тереңде. ХІІІ–ХV ғасыр аясындағы айбынды Ақ, Алтын Ордалардың жұрты – осы Шым өңірі. Әмір Темірдің қол астында болған кезеңдері һәм ойраттардың шапқынымен (ХVШ) соңынан Қоқан мен Бұхараның қоқаңдауынан, шайбанилердің шайқасынан қалған ұласқан ұланғайыр құйқалы аймақ, құтты ұйық. ХХ ғасыр «жаңа» деген атаумен генерал М.Г.Черняев қаласы деген шенеунікке шейінгі уақыттарда басқаның ырқында болған ұйықты қала. Демек, 1921 жылы Шымкенттің су жаңа бір парағы ашылған. Осылай бүгінгі Шымкентті аңсайтын, армандайтындар аз емес. Мәселе мұнда емес, сапарда.

АЙТҚАНДАЙЫН...

Біз бұ күнге шейін Өзбекстанға бара алмаған едік. Б.з.б. 330-328 жылдардан ежелгі Гректерден кейінгі Қаңлы мемлекеті ыдырағаннан кейінгі VІ ғасырда Алтай мен Жетісуда құрылған Түрік қағанатына бағынышты болды да VІ-VІІ ғасырда Батыс Түрік қағанатына қарасты болған тамыры бізбен тым жақын мемлекет-ті. Көне «Торғын сүрлеуі» әбден қалыптасқан тұста Самарқан(д) және Бұхара қатарлы ірі сауда алыпсатарлық орталықтары құрылған ортаның берері мол болған, әринебағзыда. VІ-VІІ ғасырдағы арабтардың ықпалы Мәуреннаһр мен Зерафшанды өмірге әкелген өңір, ІХ-Х-ХІІ ғасырда Самани, Қархани, Ғазнауи, Салжұқ, Хорезмшах дәурен құрған бүтін ықпалды жұрттың мөрі. ХІІІ ғасырда Моғол империясы Шағатай қағанатын қамтыған ежелгі еңселі ерен ұйық. Иә, ХІV ғасырда Мәуреннаһрда Әмір Темір билік жүргізген осы кешегі ескі, бүгінгі жаңа Өзбекстан өлкесі. Осы өлкеге ат басын тіреп қайту арман тұғын бізге. Солай әлемге әйгілі Әмір Темір жатқан киелі орын өзіне тарта беретін-ді. Сапардың жөнін оңап, бізге жолашы болған – Сарыағаштың тумасы, кәсіпкер және қала депутаты Әшімхан Таңатар еді. Әшімхан інім қасына атқосшы жолбастар деп бір жақыны Амантай Үсіпұлы ағасын ертіп алған. Амантай Үсіпұлы да тегін ақсақал емес, алпыстың ақырына қарай алқымдаған ақылман. Қырып алар еті жоқ, жеңіл, ширақы. Салған жерден қағып өтетін шешен, өжеттігі өз алдына. Аңызы бар айтақалсынға тең! Сонау қиын-қыспақты 1995 жылы Сарыағаштың қисабын ұстаған шотшы. Ағаш шотты дүбірлете қағатын, дүниенің нарқы мен төркінін ерте сезінген есепкер. Сол кезден елдің көзіне түскен, төрден табылған тұлға. Кімді де болса «төрем» деп тергей сөйлейтін дағдылы оратор (orator). Амантай Үсіпұлы Мамудай баласы бір кездері той қылыпты. Бүткіл Сарыағаш, алыс, жақыннан мыңға жуық қонақтары, тілеуі бір ағайындары келіпті. Тойға шашу ретінде 285 жылқы 50 түйе, 70-80 сиыр, 200 қой, қисапсыз ақшалай байғазы жиналған... Тойбастарға шетелдік мәшине мінгізген жомарт осы – Әбекең! Өзбекстанды өз үйіндей білетін шопыр жолашы Марат (Мачо) Торабайұлы есімді алғыр азамат та бірге болды. Әшімхан ініме әке жолдас, баяғы жанашыр, рулас жегжаттығы да бар.

ҚАЗЫҒҰРТ

Алыстан Қазығұрт тауы мұнартады. Қазығұрттың ежелгі топонимі Шаш пен Испиджаб аралығында түйелі керуен кешетін көне сүрлеу. Арғы солтүстік шығыс шегі Қаржантаудан Өгем тіпті түбтегі Тянь-Шаньға шейін жалғасады. Қазығұрттың оңтүстік бауырайын кесіп ағып жатқан Келес, Өгем, Бадам, Қаржансай, Тастақсай өзендері көмкерген көрікті өлке алыстан көз тартады. Бұл да өңге әңгімеге демеу болмақ. 

Жая жағалай сара жолмен Сарыағашқа қарай тарта бересіз. Тау жылғасындағы жылан жол апам жайған алаша, сырмалы сырдақтай. Қазақ даласындағы қабағат таулардың қасиеттісі – Қазығұрт. Нұқ пайғабардың кемесі қалған төрдегі өр – төретаудың зау биігі зеу ғажайып. Олай десек: қасиетті боз көбік шашқан «Ақбура», «Тамшы бастау», аспанның етегін түріп, ақ мама бұлттарға ұмсынған – «Кеме қалған». Иә, сол сықылды қайран да қайран «Қазығұрт ата», шілтерлі күміс реңді «Шілтер ата», әйгілі «Әңгір ата», ортада – «Оспан ата» делінетін дегенбай ұйықтардың түгелі түбі әулие тау, төбеден төменгеге сұлаған төре биіктері бір маңғаз!

Әр дәуірдің бірегейлері мекен еткен аспанға шапшыған әулие биіктің етегін қырқай барып орнаған оқпандай Қақпақтыда баяғыдағы баһадүрлердің атасы Қаңлы атаның қалың елі жатыр. Хош!

САРЫАҒАШ

Керемет саялы Келес өзенінің бойында Сарыағаш елдімекені бар. Жан саны 220-300 неше мың, жер көлемі шамамен 39,2-4,2 мың ш.км. Облыстағы ең алып та бай аудан. Жерорта жағасындағы ең кіші мемлекет казиномен байыған Монако – шамамен 2,02 шаршы шақырым ғана. Сарыағаш Монакодан 19 есе үлкен!? Е, енді өйтсе!

Келес бойы – «Керуен»! Бұ өлке ХІХ ғ. 1870 жылы іргесі қаланған аумақ. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Сырдария губерниясына қарасты болды да 60 жылға жуық уақыттан бері Сарыағаш қала дәрежесімен келе жатқан кент. Сарыағаш аталуы да аңыздарға өзек болады. Алтын түске боялған өңіірдің өн бойы сары саңғал самалды жырашық. Жырашықтың апайтөс алқабында тасқа айналған сарыжағал тас талдар мәуесі жайқалып жатыр. Білмеймін. Сары түс пен саңғал өңірдің сүгіреті бір шығар!?

Жалпы Шымкент түгелдей һәм осы Сарыағаш өңірімен қоса тұщы да шипалы арасан суларына бай. (Мынау түстіктегі біз бара жатқан Өзбекстан келер ғасырда судың тәуелділігіне душар болуы мүмкін!?) Ал, құдайдың құба мөлдір тұмалары мен ақ бұршақты қайнарлары ғаламшардағы теңдессіз сусыны сарқылмас қайнары Шымның түбінде бар әзір. Дүниежүзлік деңгейдегі денсаулыққа аса қажетті нәрлі зәмзәм, шипалы қайнар – «Сарыағаш шипажайы» мұндағы біден бір 16 түрлі емге қолданатын дауаханадағы арасан. Алқабы кең арасан 1400 метр тереңнен шығатын шипалы таңғайып құнарлы тамыр. Жібек жолы бойынан қиып өтетін ұлпа жонды Ұлы даланың тірі тамыры – «Алтын бұлағы». Киелі су көзі тұмасы әлемде сирек кездесетін нәр осы жерде. Бұл өңір түмен-түмен жолаушының шөлін қандырған, жанына шипа, тәніне дәру болған дәріқайнар. Жерұйықтан жұрт шалған Асан қайғы әулиенің желмаясының ізі қалған жүзімдібайсын, құтты қайырлы жер. Сарыағаш Батыс пен Шығыстың жіккөпірі болатын жіміле ғасырлардың күре сүрлеуі. Айнатастан бастап, Салар арасындағы Жібек жолының шығар босағасында орнаған күресі ересен аудан. Тошкентке тиіп тұрған ескі есіктің қақпасы сықылды. Бір жағында Шиыршық екінші түстігі Жаңажол (Янгиюль) қатарлы бірнеше тұстан үш өткелегі бар. Бұрынғы алп-алп басқан, қом шомына шоң-шоң зат артқан атан түйелі тауар керуенінің зауар жолында бүгін қаз-қатар тізілген алып жүк мәшинелері тұр. Бұған қарасаң: «осы өткелектен бүгін түгілі осы аптада өтуің қиын-ау?!» деп үрейленіп қаласың! Кешегі түйенің жолы – түмен темір керуен. 

ТОШКЕНТ

«Тошкент – тоқ қала» деген кино бар еді баяғыда. Көксеркеден сұмынға келіп көргенбіз. Етене жақын атау. Бұрынғы атауы бурыл – «Шаш». Орта Азиядағы өте көне кент, Жібек жолының әлеммен түйісер жол торбына орналасқан жойқын мұралы, мұнаралы мұртаза шаһар. Тошкентте тоғышарлар тұрмайды, тоқмейілдер де аз. Тас пен кесектен кенерлеген керегелі тас қала туралы айтып тауыса алмайтын тауыриһаттары бар құмырысқаның илеуіндей құжыралы өңір. Өзгеге қимайтын дөң танауы өзгеше өз ағам – Өзбеккентінің басқаласы 43822 гектарға оранған ХV ғасырдан кейінгі кексе 3 миллион халқы бар Тошкент осы екен! Ортағасырдан орыны бар, кешегі сәбеттік замандағы жұлдызды қала, кейінгі ТМД, бүгінгі тәуелсіз Өзбекстан. Адырлы жазықты қақ жарып ағатын Шыршық өзенінің кең сағасы қашанғы қангөйлер мекен еткен десек лағып алысқа кетеміз... Біздің іздеп келген кенттің кіреберісінен бастап төріне шейін «ескі» елестер бірден сезіледі. Қаланың шеткері жағанда баяғы ортағасырлық жанды көліктік көк ишактар «істен» ығыстырылып жеңіл скутерлер көбейген. Кептелісі мол, ағашы көп, тынысы тар қалада скутер тобы тізулі тұр... 

Орта ғасырдағы Шағатай ұлысының уысында болған кенттен қалған ерекше белгілер әлдеқашан тас кітапқа басылған. ХХ ғасыр тұтастай кеңестік жүйеге бағынған Тошкент өзінше «соц жүйені» қалап, өзінше жаңаша өмір жасап келген сықылды. Еңбеккер де ежелден жер емген бұқара: ежелгі «Шаш» кентін таспен әшекейлей бастағанда 1966 жылы сәуірде типылы қалмай зілзалаға ұшырағаны өте үлкен қасірет те еді. Бірақ, зілзаланың сілкінісі соңыра жаңа Ташкенттің сілкініп тұруына үлкен жол ашқан сықылды. Көне мұражайлар мен қаладағы сәулеттердің түгелі осы кездегі іздерді көз алдыңнан өткереді. Адамзаттың берекелі бір белесінде туған Абдулла ханның мешіті соның бір белгісі. Демек әлемдегі ең ескі құранның көшірмесі сақталған кент те мінеки. 

«ЖАҢА ТАШКЕНТ»

Таяу жылдарда ескі Тошкент қайта түлеп жаңарады екен. Орта Азиядағы ең ірі қала жұрт жаңалап қонады, салынады. Шамамен бүгінгі ескі қала 3-4 есе үлкейеді және «15 минуттық» қағидалы жедел орталықтары бар шаһар 3 аймаққа кеңиді. Жан саны 7.5 милиллонға жетуі мүмкін деген долбар емес, жоспарда бар. Жоғарғы, Орта Шыршықтың бойы жасыл желекті экологиялы «бақша қалаға» айналмақ. Әсем қаланы қайта жасақтауға әлемдік ең озық 20 сәулет компаниясы білек сыбанып кіріскелі отыр. Азиядан сингапурлық Meinhardt, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропадан ұлыбританиялық Foster, тағы нидерландтық OMA, БАӘ-нен де сәулеткерлер қатыспақ керек. Ақшалы Ташкент өзі қисапсыз мол қаржының көзін жоспарлайды дейді өз үні – «Өз газеті».

ЧОРСУ

Бізге ең қызықты әлемдік кезбелердің (турист) баратын Чорсу (Chorsu bozori) базары. Чорсу деген қазақша «сор су» деген мағана беруі керек!? Чорсуда іш, сырттан кезіп жүрген кезбелер бықып жүр. Айналасы атшаптырым аумақты алып жатқан алып дәмхананың ішіндегі тағамдардың мәзірі тіл үйіретін керемет дәм. Мұндай қайшалысқан көп кезбелердің арасында Шығыстағы қытайлар мен кәрістер, жапондар, үнділіктер, Батыстан мұхит кешіп келген әмірқандар, немістер, француздар өте көп. Біз бұрынғы «Мәскеу» бүгінгі «Чорсу» қонақүйінің алдынан қиып өтіп кеттік. Үш қырлы, үшкіл иінді «Чорсудың» маңында кісі қара аздау. Жөндеуден өте алмай жатқан жайы бар сықылды. 

Бұл жерден біз: өзбектің ұлы жазушысы һәм өзбек поэзиясының жаңашылы болған, Сталин мен Ленин сыйлығына екі мәрте ие болған Ғафур Гұлам (1903-1966) шайыр жатқан Шағатай мазарына баруға уақыт таппадық. Ауаның қапырық ауаны көкіректі көзеп, шөл қысып барады... Мен өзім ежелден ішімдікке зауқым жоқ пендемін. Алайда русьтің кереметі Антон Павлович Чеховтың тәнік сөзі еске түскені несі екен осындайда!? «...Если человек не курит и не пьёт, поневоле задумаешься, уж не сволочь ли он?!». (If a person doesn’t smoke or drink, you can’t help but wonder if he’s a bastard?!) Сап-салқын саумал іштік.

ТӨЛЕ БИ (1675-1763)

Қазақтың дулат руынан шыққан, Әз-Тәукенің заманында «Жеті жарғыны» жасасқандардың бірегейі, өз кезінде осы көне шаһар Ташкентті басқарған салаутты Төле би Әлібекұлының жерқұндағы бар мұнда. «Қарлығаш (Калдригош) әулие» дейді екен өзбек ағайындар. Төле би атамның кенайымы со жақтан болғасын солай жанама аталуы мүмкін-ау!? Орталықтағы «Орда» маңында орын тепкен әулиенің күмбезі туралы өте көп шашыраңқы деректердің бары да, бір кезде әдейі жасырылғаны да рас. Алайда кейінірек Төле би екеніне өзбектердің де көз жеткізе бастаса керек. Бізге жол көрсеткен өзбектің ділгер білгірі Төле бидің бүгінгі ашық мазарын кешегі жабық кеңестік дәуірде ортадан оңашалап, биік жамбылмен жан-жағын тұйықтап, қалқалап жауып, ағаштармен көмкеріп ұстағанын айтады. КСРО мен соц. жүйенің кесепаты көзге ұрып тұрған кезде өзбектер сақтап қалған кесене  киелі орын. Ең кереметі мұнда төрткүл дүниеден туристер өте мол жүрді. Күмбезді мазар Әлішер Науаи көшесі мен Өзбек көркем прозасының негiзiн қалаушылардың бiрi Абдулла Қадыри (1894-1940) көшесінің тура қиылысында орналасыпты. Жұнттай жабық бір мүйісте «Жұлқынбай» мен Науаидың арасындағы қысаң қиылыста еңселі күмбез қазақ Төле биге қатысты! Иә, Науаи һасидасы алыстан құлаққа есіліп келеді!?

НАУАИ

Мұндағы бір қызықтысы – түркі әлеміне ортақ Мысыр, Әзербайжан, Иран, көне Мәуреннаһр, Хорасанның әлеміне таныс болған Әлішер Науаи (1441-1501) өзбектерге де өте қадірлі саналады. Біз әйгілі ойшылдың шығармалары «Ләйлі мен Мәжнүн» т.б. шығармаларымен ертеден етене таныс едік. өзағалардың Низамеддин Мир Әлішерге тіптен ерекше ықыласы барын, оны өзіне санайтынын түсіну қиын емес. Гератта туған Шығыстың жарық жұлдызы Науаи Самарқанда оқыған Темір мемлекетіне қарасты бізге ұқсаған «қандас» болғаны ғой дейік пе!? Мейлі!? Қай жерде болса да шындықтың тапшылығы бірдей қуатты бола береді екен ғой?! 

Науаиды тұңғыш рет Шоқан Уәлиханов қатты таныды. Соңынан Ұлы Абай: «Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу Һәммәси Медет бер я шағири фәрияд,» - деп Шығыс жұлдыздарын тізбелеп жазды. Абайдың «Ескендір» поэмасы да осы Науаидың әсерінен өмірге келсе керек десек артық болар ма? Науаидың «Хамсасының» екі бірдей дастанын (2019) қазақтың айбоз ақыны Несіпбек Айтұлы тәржімалаған еді. 

САМАРҚАНДА

Самарқанға тартқан тас жолдың бойымен ағызып келеміз. Жолдың үстіндегі шұбырған дәу көліктердің таусылар түрі көрінбейді. Мидай даланың екі жағы мұнартқан теңіздей кең аймақ. Жолдың оңтүстігі мен сол қанаты – осызамандық шырақтармен безендендірілген, өзбектің дәстүрлі шайханалары. Алдыңнан алаетек мата жабылған мәзірханаларда доғарылған мәшинелі қисапсыз жолаушылардың шерулі легі.

Түнгі қала тынысы тылсым тынымды, тап-таза әрі ертегідей еңселі де таңғайып сәулетті бақша қала. Біз тағы да бір ерекше қонақүйге тоқтадық. Бұл – тәжік ақыны, тәжіктің ғылым саласының мерейі Садриддин Айни (1878-1954) атындағы жұлдызды орын, қонысхана. Өзбектерден тыс қапсақалды, қабағы қалың тәжіктер жүр қайшалысып. Өзбек пен тәжікше өлең жазған Саидмұрадзаде Бұхарада білім алғаны болмаса әмбеге аян душанбелік ұлы шайыр. Бір кездері ол өткір көсемсөзімен бүткіл Бұхараның құйтырқы жағын әшкерелеп, түрмеге түскені өз алдына бір аңыз... Демек соц. сәбеттік дәуірде үш мәрте Ленин көсемінің моншағын кеудесіне таққан ересен тақуа. Біз осы жаһандық жазар Айнидің жайлы құндағында ерулеп демалдық. Өзбектерге әйтеуір бәрі «өзінікі» бола беретін секілді!? Әрине қылаптық, ұқып жағынан құптарлық жай!

Қазақтың аяулы ақыны Ғафу Қайырбектің жырлаған Самарқанды сыртынан қарағанда алып сары алтын сықылды. «...Онда бар сән сарайлар, сан сарайлар, Сарқылған саламын деп қаншама ойлар, Онда бар мұнартқан мұнаралар, Алтынды алыс төбе, алшақ айдар.,,». Қайырбектің шайыр ұлы Ғафу аға да мұнда келген.

Самарқан орнаған Зәрефшан су аңғарына шейін жағдай баяғы біз көрмеген меймәлім түлей дәуірдің елесін сезіндіргендей бейғайып. Ежелгі Афрасиаб солтүстік жағы Самарқанда шамамен 600 мың жан саны бар, ірі аймақ. Шаһардың ортасындағы ХV ғасыр көрінісі және қаланың рәмізі – Регистан-құмқаланың үш алаңы дүйім ғаламға баяғыдан таныс. Мырза Ұлықбек ханакасы һәм медресесі соның бірегейі. Шерддор мен Тіллә Қари екеуі Жалаңтөс баһадүрдің пейілімен көтерілген, тарихымен өзектес. Осы жерде біз көптеген неміс, калифорындық саяхаткерлермен жолықтық. Германиядан жүрген Зузана есімді әйел: (The Central Asian countries of Ozbekistan and Kazakhstan are flourishing openly... There are many immigrants in our country...) «Орта Азия мынау Өзбекстан, Қазақстан сықылды елдері көзіңше гүлденіп барады... Бізді толықтай келімсектер шоғыры басып алды...» дейді. Құдай өркенге жеткізгей де мадамның соңғы сөзінің бетін аулақ қылсын тәңірім дейік!?

ӘМІР ТЕМІР (ДОҒАЛАҢ ТЕМІР 1336-1405)

«Мені мәңгі ұйқымнан кім де кім оятса әлем дүрлігеді...»

Әмір Темір

Әмір Темір Бұдоншар мұңқұқтың руы барулас тайпасының Тарағай әулетінен. Баруластар өзбек, қырғыз, иран, тәжік, башқұрт, қалмақ, ойрат, татар, найман тайпалары құрамдарында бар. Самарқанға таяудағы Кеш атаулы Шехр-и Шебз кентінде туған сайыпқыран. Шыңғыс қағанның кезінде Шағатай ханның құрамында Орта Азияға келген Сұқу шешеннің баласы Қарашар есімді жүректі сардардың ұрпағы. Шыңғыс қағанның алтын ұрқынан тысқары тұлға болғандықтан тақ мұрасы қағандықтан 1360 жылы өзін әмір тағына лайықтап, әмірлікті таңдаған салт ат мінген ғаскер. Аңыз адамның жатқан жері – Самарқанның орталығында. Алып Пәмірден Арал теңізіне шейінгі жерлерді иеленген Әмір Темірдің орасан жаужүректілігі Самарқанның әмірі Құсайынмен және өзбектің қолбасшысы Тұқылық Темірмен шайқасы, Ауғанды жаулап алуы, күмені көп Үндіге жорығы, Мысырды басып алуы, Византияны түбімен шайқап дірілдетуі, Алтын Ордаға шабуылдауы, Қапқазды ықтаған қалың жамбылды қалаларды мола етіп күйретуі т.т. әлемдік әскери соғыс өнерінде өз ізімен қалды. Ол 1405 жылды Қытайды алуға аттанған жолда Отырарда қаза тапқаны бір қайран ғайып ерен дейік... Қазақтың хандары тек қана Тошкент пен Самарқан үшін шайқасқа шыққаны бөлек әңгімеге арқау болмақ.

КИЕЛІ ӘМІР

Әмір Темірдің жамбасы тиген орын, аруағы жатқан жерін нақтылап зерттеу үшін Жүсіп Сталиннің бұйырығы бойынша 1941 жылы маусымның 19-ы күні Михайл Герасимов көрхананың бергі бетағашын қопарып ашқан-ды. Көрханадан: «Мені мәңгі ұйқымнан кім де кім оятса әлем дүрлігеді...» деген жазу табылса керек. Осыдан ІІ Дүниежүзілік қанды соғыс тура басталған. Демек екі жылдан соң 1942 жылы қарашада Әмір Темірді дәстүрлі жора, үлкен ниетті кешумен қайта жерлегенде: Сталинград шайқасында кеңестік қызыл армия жауынгерлері (оның ішінде қазақ батырлары да мол) әрең зорға жеңіске жеткен... Баһадүрдің басына тәу етуге келетіндер легі көбейген.

Самарқандағы осы Әмір Темірге тәу ету үшін жергілікті бұқараға арзан өзбек сомы бойынша 10 мың сом, ТМД-ға 40 мың сом, туристерге тіптен зәрден қымбат. Әмәр Темір баһадүр ұйқыда жатса да өзбектерге қаржылай ризығын доллармен сыйлап жатыр жарықтық!

ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР ХАҺ

Жалаңтөс баһадүр мәңгі мекендеген жәннәты топырақ, киелі жерде егілген 500 жылдық жасы бар шынар ағашы өсіп тұр! Құдірет!

Жалаңтөс (Әбдікәрім) Сейітқұлұлы (1576-1656) Самарқандағы Бұхар хандығының сардар әмірі, қолбасшысы, Самарқандтың Регистан алаңында ол салдырған Тиллә-Қари мешіті мен Шер-дор медресесін жобалаған қолы шебер месекерлі сәулетші. Қазақ Жәнібек ханның немересі Жәдік сұлтанның ұлы Шығай ханның (1500-1582) кеңесшісі болған тағылымды қайраткер Сейітқұл бидің бел баласы. Жалаңтөс баһадүр ғаскербасы, жаужүрек тұлға, жауынкер құдыретті әмір. Жошының әулеті аштарханидтердің мықты пірі Мәуреннаһрды билеген Дінмұхаммедұлы Имамқұлидың әз досы, соңыра әрі ащы араз болған хас дұшпаны есебімен де. Сырдарияның шығыс жақ жайқын сағасын жайлап, кең көбесінде мекендеген Кіші жүз қаракесек, алшын әлімнің әулетінің ірісі төртқарадан ол. Кезінде Алаш серкелері М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов көп зерттелген, әрі қазбалап аз емес уақытта таласқа түскен баһадүрдің тауыриһатының көбі өрескел ойым-ойым қызықты. Мысалы, 1928 жылы Тәшкент қаласында жарияланған бір деректер: «Родословная Жалантус бахадура (Ялантуш-бахадура), строителя медрессе Тилля-кары и Шир-дор в городе Самарканде» атты еңбекте біршама ұтымды дәйек, ұзақы ұсыныстар жазылған. Ал, Самарқанды шаһарға жақын қожаларды жерлеген көмбелі қорымнан табылған құлпытаста оның есімі «Байқожа» деп жазылуы Сейітқұлдың ел ішіндегі еркелеткен мадақ аты «Байқажы» («Ялангтуш бая») болса керек. Бұл туралы қазақтың тауыриһатына әйгіленген бір ғалымы Талас Омарбекұлының еңбектеріне ерекше көз жүгіртуге болады.

Әшімхан ініміздің жомарт берекетімен Амантай аканың алқаулы лебізімен «беймарал» сапар соңы сәтті болды да Шымқаладан ұшаққа отырдым! Бұйырса бір түп өлең де жазылды. Алғыс айтамын, бағзы Шымкент пен салқар Сарыағашқа! Ертең тағы сапар. Шығыстағы талантты ақын, шоң жорналшы бауырым Олжас Керейханға көңіл айтуға асығып келеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар