Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Шолпан Балманова. Өмірден түйген ойлар...

12.05.2025 698

Шолпан Балманова. Өмірден түйген ойлар 12+

Шолпан Балманова. Өмірден түйген ойлар - adebiportal.kz

“Әдебиет порталының” тұрақты оқырманы, ақын Шолпан Балманова күнделікті өмір тәжірибесі барысында түйіндеген ой-тұжырымдарын жолдаған екен. “Өмірден түйген ойлар” деген тақырыппен ұсынып отырмыз: 

***

Ертеңге бару үшін, бүгіннің бағасын біл!

***

Уақыттан ұтатының алға ұмтылып еңбек ету, білім алу.

***

Санасып істеген іс, сапасыздыққа соқтырады.

***

Басыңа бас қосылса бақытың, 

Жаныңа жан қосылса жақұтың.

***

Білім сапалы болса, еңбек еселі болады.

* * *

Түсінікті етіп айтылған сөзді, 

барлық адам түсінуге тиісті.

Сол үшін де ол адам.

***

Тіл – тарихымыздың тұнығы, тағдырымыздың тұғыры.

***

Өз ісіңе өзіңнен артық ұста жоқ.

***

Келінге кісінің баласы деп қарама, 

“Ұрпағымның анасы!” - деп қара!

***

Күнделікті шым-шымдап жиғаның - бір күндері том-томға татиды.

***

Есікке қасиетіңмен енсең, 

Төрге өсиетіңмен озасың.

***

Алланы тану - ақиқатты табу.

***

Біреуді біреуге ұқса деп айтпа, 

бәрі бір де ұқсай алмайды.

Тек соның жолын ұста деп айт.

***

Сөз берсе тосылма, сөз бермесе - жосылма.

***

Кітап оқыған кезде керегін ал, 

керек емесіне басыңды қатырма.

***

Біреудің жақсы да, жаман да болуы өзіңнен. Өйткені сенің әрбір басқан қадамыңа сыншы -  айналаң.

***

Аңдамағанға еш болмайды, абайламағанға кеш болады.

***

Өлең, тектен-текке тумайды,

Туамын деп барып туады,

Ақынды іштен буады,

Іштен буып шыққан сөз,

Нағыз өлең боп туады.

***

Естеліктер ескірмейді, айтыла берген сайын жаңара береді.

***

Дүниені түсініп пайдалану ғажап,

түсінбей пайдалану - азап.

***

Бастау алар білімнен болашағың,

Қызықты тірлігімен бала шағың.

Ата-аналар ұстаздармен бірлескенде,

Асырар, балалары елдің бағын.

***

Айта білген өнер, жеткізе білген шебер!

***

Ұрысқанның екі түрі болады, біреуі сенің жаныңды ойлап ұрысу, екіншісі өзінің жанын ойлап ұрысу. Сенің жаныңды ойлап ұрысқанға бар, өзінің жанын ойлап ұрысқаннан қал!

***

Бір рет өтірік айтсаң, етекте тұрасың,

Екі рет өтірік айтсаң, есікке барасың,

Үш рет өтірік айтсаң, далада қаласың!

***

Жерден жез таба алмасаң, аспаннан алтын іздемей-ақ қой.

***

Көңіліңіз қатты құлазыған сәтте, өткен өміріңіздің ең қимас та қызықты уақыттарын есіңізге түсірсеңіз, көп жеңілдеп, емделіп қаласыз!

***

Бала келінге, бақытын бағалай білгені дұрыс,

Ана келінге, баласын аялай білгені дұрыс,

Дана келінге, бағасын шамалай білгені дұрыс.

***

Өзіңді артық көріп ап,

Бәрінен биік қоймағын.

Күнәлі істер арқалап,

Иманнан бекер таймағын!

***

Кімде кім жақсы іс қылса,

Қарымын алар қатесіз.

Кімде кім жаман іс қылса,

Жазасын алып өтесіз.

***

 Батады екен Күн неге,

көмескі етіп көңілді?

Шығады екен Күн неге,

тіленші етіп өмірді?

***

Балаң жаста тыңдамаса балаңыз, 

Келген жаста керең бе деп қалмаңыз.

***

Құранға құлау-Құдайға ұнау.

***

Келін, келген жерін қалай құрмет тұтады,

өмірдегі орнын да солай ұтады.

***

Іздеген нәрсең қай жерден табылса, 

сол жер сенікі.

***

Адалдық – ақылдың алды!

***

Парықсыз әйел, пайдасын тебеді.

***

Бір жұмыстың бітетіндігіне сеніммен қарасаң, оған әлі ерте болса да, күні ертең бітетіндей болып тұрады.Ал егер, жұмыстың бітетініне күмәнданып тұрсаң, ол күні ертең бітетін болса да, оған әлі ұзақ сияқты болып көрінеді.

***

Ұрпақ болашағы – ұлт болашағы.

***

Өзіңе өзіңді құл ету, өскенің,

Өзгені өзіңе құл ету өшкенің.

***

Адамдық қалпыңнан кетуге бір ақ күн жеткілікті.

Адамдық қалпыңа келуге мың күн де аз.

***

Өз жұмысыңа біреуді жеккенің 

үлкен арсыздық.

***

Өз қалпыңды бұзып, өзгеге еліктеу есерлік,

Одан тек бойыңа аласың ең ауыр кеселдік.

***

Алдыңғы күніне алаңдаған, бүгінгі күнінен бос қалады.

***

Мақсатсыз жасалынған жол тұйыққа тірейді.

***

Ата-анасының жасаған әрбір жақсы қадамы,

Баласының жолына жасаған ізгі амалы.

***

Жүрмесең көрмейсің, көрмесең білмейсің.

***

Қырда жүрсең ойды аңсайсың, 

ойда жүрсең қырды аңсайсың.

***

Біреуге жағамын деп өмір сүрме, 

жанымды бағамын деп өмір сүр.

***

Абыройыңды асқақтата біл,

Еркектігіңде сын болмасын.

Арыңды ардақ тұта біл,

Әйелдігіңе мін болмасын.

***

Адамның жаны өте нәзік, сәл нәрседен үзіліп кетуге дайын. Ал, кей кезде беріктігі де сондай, үземін дегенмен де үзе алмайсың. Сол себептен жан, өлімге келгенде нәзік, жұмысқа келгенде сірі.

***

Ақынның тілі мен ойын түсінгенің, сен де сол ақынша жаза алып, ойлай алғаның.

***

Әр жылда ораза ұстаған адам, өзіне амандық пен денсаулықтың бір жасын қосып отырады.

***

Өмірдегі есіңде тұратын екі адамның бірі шешеңнің, екіншісі әкеңнің қазасын естірткен адам.

***

Білімділер кішірейеді, 

Білімсіздер шікірейеді.

***

Өмірге “мен” деп келдім дей аласың, ей, көпті көтерген адам? 

 Өмірден кім боп кеттім дей аласың, ей, түкті бітірмеген адам?

***

Көңілімнің көгінен, көрем күннің күлкісін,

Көрем күннің көңілін, көкіректегі көзіммен.

Келер күннен кемелдік, күтем көзге көрінер,

Күресемін күнбе-күн келіспейтін кезіммен!

***

Күн мен түн теңеседі белгілі бір уақытта ғана,

Ал, адам мен адам теңеспейді еш уақытта да.

***

Жақсы абысын бара-бара туған апаңдай болады екен. Оны тек уақыт пен арадағы сыйластық ғана түсіндіріп бере алады екен.

***

Адамның барлық жермен де байланысы бар. Сондықтан да адам табиғаттың ажырамас бір бөлшегіне айналған.

***

Әділдік айтсаң, қоғам түгілі бауырға да жақпайсың.

***

Қызың өскенінде қымбат, ұлың көшкенінде қымбат болады екен.

***

Ақылы асқан адам, өзінен де асқан адамды іздейді. Ақылы төмен адам, өзінен де төмен адамды көздейді. Сөйтіп жүргенде өзіңнен асқан адам  сені алысқа апарады. Ал өзіңнен төмен адам, бір күндері сені жолыңнан қалдырады.

***

Сүйікті ісіңмен айналыссаң, сүйкімді көріне аласың.

***

Баққа тасымас болар,

Жоққа жасымас болар.

Баққа тасығаның тынғаның,

Жоққа жасығаның сынғаның.

***

Біреуге жасаған жамандығың алдыңа келеді.

Біреуге жасаған жақсылығың артыңнан ереді.

***

Үйлеріңде жас балаларың болса, білім алып, қызмет қылсын. Үлкен болсаңдар солардың тілеуін тілеп үйіңде отыр. Бір күндері болғанда олар да өз балаларының оқу оқып, қызмет қылғандарын көріп, солардың тілеуін тілеп отырары һақ.

***

Әрбір адам, жерден жеті атасына дейін жететін азық ала алады.

***

Өз өткеніңе өзіңнен асқан шежіреші жоқ.

***

Өмір заңын ұқтыратын бір ғана нәрсе, ол-уақыт.

***

Күрескер дегеніміз, күшпен сынасу емес, іспен сынасу.

***

Өмірден де бұрын, көңіл қымбат.

***

Көшкен бір керуенге еріп, жұртыңды тастама,

Үрген бір иттерге еріп, үйіңді тастама,

Қараусыз қазанды қорып, ұртыңды ластама.

***

Шамыңды жаққаның, жолыңды тапқаның.

***

Дуалы ауыздан шыққан сөз, дауыл тұрғызады.

***

Баламды өзім жараттым десең, ол балада ақыл да, ес те, зейін де, зерек те болмайды. Ал керісінше Алланың жаратқан баласы десең, балаңызда ақыл да, ес те, зейін де, зерек те, бәрі де болары сөзсіз. Өйткені біз, бәріміз де бір Жаратушыданбыз.

***

Әке – алғаусыз адалдығың үшін,

Әке – қанатты қамқорлығың үшін,

Әке – жаныңның жылылығы үшін,

Әке – марғасқа мәрттігің үшін, рахмет!

Әке – салмақты сабырлығың үшін,

Әке – арқалы айбының үшін,

Әке – барымды бағалағаның үшін,

Әке – талантты тағылымың үшін, рахмет!

Әке – өнегелі өсиетің үшін,

Әке – шуақты шұғылаң үшін,

Әке – салқоңыр самалың үшін,

Әке – көктерге көтергенің үшін, рахмет!!!

***

Ана – аялы алақаның үшін,

Ана – саялы саябағың үшін,

Ана – талапшыл талғамың үшін,

Ана – қасиет қондырғаның үшін рахмет!!!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар