Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сильвия Бичтің кітап дүкені

14.03.2022 674

Сильвия Бичтің кітап дүкені

Сильвия Бичтің жазушылығы мен баспагерлігін бірінші және екінші жаһан соғысы аралығында қалам ұстаған париждіктер ортасындағы бет-беделі мен әдеби қайраткерлігі басып кетері сөзсіз.

1887 жылы дәл осы күні (14 наурызда) АҚШ-тың Мэлиленд штатында дүниеге келген ол, тағдырдың жазуымен саналы ғұмырын Парижде өткізеді. Өйткені әкесі 1902-1905 жылдары Франция астанасындағы америкалық шіркеуде қызмет етіп, сондағы Америка студенттер орталығын басқарған болатын. Бұдан кейін Сильвия саяхат жөнімен Еуропаны шарлап, Испанияда бір-екі жыл тұрып, тіпті Қызыл Крест ұйымының Балқан комиссясында жұмыс істеп үлгереді. Сөйтіп бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталар тұста Парижге оралып, заманауи француз әдебиетін зерттеп-білуге кіріседі.

1917 жылы Сильвия және бір әйел қаламгер Адриенна Моньемен танысып, екеуі жақын құрбы болып кетеді. Ол кезде Монье кітап ләкпесі мен «Кітап достарының үйі» әдеби салонын ұстайтын. Құрбысының осы бір іскерлігінен шабыт алған Сильвия да 1919 жылы ағылшын тілінде шыққан кітаптарды сататын «Шекспир және компания» дүкенін ашады.

1922 жылы Сильвия Бич өз дүкенінің маркасымен Дж. Джойстың «Уилсс» романын жариялап, баритан және америкалық баспагерлердің көзін атыздай қылады. 1929 жылы Джойстың «Финнеганша еске алу» кітабы жайлы материалдар жинағын басып шығарады.

Сильвия Бичтің кітап дүкеніне сол жылдардағы париждік қаламгерлер Шервуд Андерсон, Гертруда Стайн, Джуна Барнс, Клод Каон, Беренис Эббот, Эзра Паунд, Т. С. Элиот, Генри Миллер, Торнтон Уайлдер, Алистер Кроули, Джордж Гершвин, Ман Рэй, Ф. С. Фицджеральд, Эрнест Хемингуэй, Олаф Булль, Андре Жид, Валери Ларбо, Жюль Ромен, Жан Полан, Поль Валери, Жак Лакан, Анри Мишолар жиі бас сұғатын. Өзара нелер бір әдебиеттің әңгімесі афтылатын. Сол бір шуақты жылдар туралы кейін Хемингуэй өз ғұмырының Париж кезеңі жайлы «Қызығы мол сол жылдар» кітабында әлденеше рет сағынышпен еске алады. Отызыншы жылдары Сильвияның кітап дүкені қаржылық тапшылыққа ұшырап, жабылып қалу қауіпі туыған еді. Алайда жақсы достардың қолдауы арқасында ғана ол қиындықтан да аман өтеді.

«Шекспир және компания» 1941 жылы «Финнеганша еске алу» кітабының соңғы данасын неміс офицеріне сатудан бас тартуы себепті жабылып тынады. Сильвия Бичтің өзі Виттельдегі тұтқындар лагерінде алты ай отырып шығады. Сосын сүйікті Парижіне оралады. Бірақ қаншама құнды кітап пен қат материалдар сақталған дүкен қайта ашылмады. Тек 1951 жылы ғана Джордж Уитмен есімді америкалық кітапхананы тап сол атаумен, тап сол Париждің өзінде, бірақ басқа бір көше – Бюшири 37-де ашады. Әлбетте Сильвия Бичтің рұхсатымен. 1959 жылы Сильвияның «Шекспир және компания» атты мемуары жарық көреді. Әуелі Париждегі Америка мәдени орталығында, кейін Лондонда үлкен табысқа жеткен «Жиырмасыншы жылдар» көрмесі де сол жылы ұйымдастырылған болатын.

Адамның дегені емес, жаратушының дегені болады екен – алыс Амрерикада туып, әлемнің астанасы саналған Парижде ғұмыр кешкен Сильвия Бич 1962 жылы 5 қазанда АҚШ-тағы Принстон зиратында жер қойнына тапсырылады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар