Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Серіліктің атасы - Сегіз сері

31.08.2021 1104

Серіліктің атасы - Сегіз сері

Сегіз Сері (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлы Шақшақовтың өмірі мен шығармашылығы жайлы өнер зерттеуші, деректанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Кәрібайұлы Оспан мырзаны сұхбатқа тартқан едік...

- Неге Сегіз? Сегіз қырлы болмысы,

Қалай сыймақ тар қалыпқа ол кісі?

Алдыңғысы болса болар тұлпардың,

Емес бірақ сәйгүліктің соңғысы – деп жырға қосқан еді қазақ поэзиясының алыбы Қадыр Мырза-Әлі ақын. Сал-серіліктің жарқын үлгісі болған тұлға жайлы нені әлі де танып, зерделеуіміз керек, аға?

- Өркениетті елдер түймедейін түйедей етіп жатқанда, қазақ тарихында болған дарынды біртуар тұлғаларымызға топырақ шашып, қағымыздан жеріп, бағымызды бағалай алмағандығымызды бабаларымыз кешірер ме екен?! Осындай ел арасындағы әлеуметтік әділетсіздікке жаны күйген көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткері, классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз тілін өзі кескендік», – деген екен. Бұдан артық анықтама беру мүмкін емес шығар!

«Қазақ музыка мәдениетінде халық ішінде «сал» және «сері» деп аталған ақын-әншілердің алатын орны ерекше. «Сал» немесе «сері» деген құрметті атаққа ақындық әрі әншілік-поэтикалық өнерді асқан шеберлікпен меңгерген өнерпаздар ғана ие болған. Олар үшін өнер тек уақыт өткізу немесе әуестенушілік, күнкөрістің көзі емес, негізінде өмірлік, тірлік-тынысының арқауы болған. Сондықтан сал-серілер бүкіл саналы ғұмырларын халық өнеріне қызмет етуге арнаған жандар еді» – дейді ғалым Серік Негимов.

Қазақ даласында осындай өнерлі, жан-жақты дарынды жандардың сал- серілікті жоғары дәрежеге көтеруіне бөгет болған жағдайлар да аз болмаған. Ол 1723-1759 жылдар аралығында, отыз алты жылға созылған қазақ халқына сыртқы жаулардың келтірген төтенше шақпыншылық, жаугершілік лаңы еді. Қалмақтардың бейбіт жатқан елге тұтқиылдан жасаған шабуылы, қара шекпенділердің қазақтарды атақоныстарынан ығыстыруы қазақ даласындағы қайта өркендеп, дамып келе жатқан осы бекзат өнердің белгілі дәрежеде тоқырауына әкеліп соқтырды. Байтал түгілі, бас қайғы заман болды.

Сал-серілер өз жанынан өлең, ән-күй шығарып, оны халық алдында орындап беріп, көпшілік қауымның сүйіспеншілігіне бөленді, сөйтіп ел-жұрттың алғысын арқалады. Олардың өзгеден бір айырмасы – ақындығы, әншілігі, күйшілігі әрі сауыққойлығы, яғни осындай жаратылыс ерекшелігімен дараланған біртуар тума дарындылықтарында. Халықтың сал-серіні ардақ тұтып, қуанышпен қарсы алып, олардың өнерін аңыз етіп ауыздан-ауызға айтып жүретіндігі олардың елдің қуанышы мен қайғысын бірге бөлісе білгендіктерінен болар.

Сал-серілер өнерпаздықтарына қоса, көздегенін құр жібермейтін мерген, құсбегі, атбегі, он саусағынан өнер тамған шебер, өрімші, ұста, зергер, тігінші, етікші, ат әбзелдерін жасайтын балбармақ шеберлер болған. Оның себебі, жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы баптап, оған қажетті ат-әбзелі, жабу, киім-кешек, домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты музыка аспаптарын да өздері жасап, топтарын керек-жарақпен өздері қамтамасыз ете білгендіктерімен ерекшеленеді.

«Сол кездегі тұрмыстың өзі оларды осыған мәжбүр еткен. XVIII ғасырдың аяғында Дәстем сал мен Дүйсен сері бастап негізін салған сал-серілік өнерді іс жүзінде жалғастырушы өнерпаздар тобы жер-жерде көбейе бастағаны байқалады. Сол өнерпаздар тобының Теріскей Сарыарқадағы (Солтүстік Қазақстан) басшылары Салғара Жанкісіұлы, Жанақ Қамбарұлы, Шығырай сал мен Жанат сері Шақшақұлдары болатын» - деп тұжырым жасайды зерттеуші Нәбиден Әбуталиев.

XIX ғасырдың екінші жартысында осы өнерпаздар тобына ілесе шығып, сал-серіліктің туын көтерген, әйгілі суырыпсалма ақын, жезтаңдай әнші, дәулескер күйші, қобызшы, он саусағынан өнер тамған шебер, атбегі, құсбегі, аңшы, палуан, мерген Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов еді.

- Ол өз тұсындағы сал-серілер мектебінің алғаш ұйымдастырушысы болды. Сегіз серінің айналасына кілең өнерпаз әнші, ақын-жырау, күйші, палуан, саятшы, қолөнер шеберлері көптеп топтасқанын шәкірттерінің естеліктері арқылы біліп отырмыз. Ол қатарда кімдер болды?

- Ағалары Сейітжан сал, Құшан сері, құрдасы Нияз сері, Аббас, Сәду батырлар, Дайрабай күйші Нұқожаұлы, Көрпеш ақын, Шәрке сал, Тоғжан ақын, Бәйеке әнші, Жаманқұл ақын, Құлтума ақын, Біржан сал, Жаяу Мұса, Мырзаш, Мырзан, Балтекей секілді әншілердің өздері де дәл осындай бесаспап өнер иелері болғанын білеміз.

А. Сейдімбек айтқандай, Қазақ өнерінің «Алтын ғасыры» атанған ХІХ ғасыр қазақ қоғамына таңдаулы тұлғалар сыйлады. Нәтижесінде, ауасы саумал, самалы салқын, абыз әрі аңыз далада Сарыарқаның «әншілік» дәуірі туды.

Атақты Біржан салдан (1831-1896 жж.) бастап Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай және:

Сегіздей серіні мен көргенім жоқ,

Көрмесем де естімей жүргенім жоқ.

Біржаннан қанып оның жолын қудым,

Жақсыға одан басқа ергенім жоқ, –

деген Балуан Шолақ бабамыздың да, Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Мәдилердің қай-қайсысы да дүлдүл дарындарымыздың болашағы орыстың бұғауына байланып, бастары бодандық қамытына ілінген қазақтың зарын әнге айналдырды. Ұлы Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы):

Адамшылық егінін шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құл халықтың, –

дегеніндей, ақын атаулысы да бір сұмдықтың ұшығын аңдап, зар толғаудың тиегін ағытты. Тарих бұларға «Зар заман» жыршылары (М. Әуезов) деген баға берді.

Сол кездегі сал-серілердің негізгі мақсаты ел аралап, жиын-тойда сауық құрып, өнер көрсету, шапқыншылықтан зәрезап болған елдің қайғысына ортақтасып, қамыққанды жұбатып, ойын-тойдың көркі болу еді. Ал топтың ақылшы-батагөйі Қобылан ақын Бөрібайұлы (1760-1845 жж.) болды

- ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласында сал-серілердің атасы атанған Сегіз сері Баһрамұлының шыққан тегі мен туып-өскен ортасына тоқталсаңыз?

- Мұхаммед-Қанафия Шақшақов Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты «Благовещенский» кеңшарының жеріндегі Гүлтөбе-Маманайда, Бұқпа көлінің жағасында дүниеге келген. Руы – Керей ішінде Көшебе. Үш жүзге аты әйгілі Толыбай сыншының сегізінші баласы Қарабас тархан, одан – Асқап, одан – Көшек, оның сегізінші баласы – Шақшақ, одан – Баһрам, Баһрамның жеті ұлының бірі – Мұхаммед-Қанафия, яғни біз мұрасын зерттеп отырған кейіпкеріміз, Толыбай сыншының алтыншы ұрпағы Сегіз сері – осы (Шежіреші Тәбей Барлыбайұлының Қазақстан Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына әкеліп тапсырған «Керей шежіресі» бойынша алынды).

Мұхаммед-Қанафия сегіз жасқа келгенде анасы Жамалдан (атақты Қарауыл Қанай бидің баласы Бекболаттың қызы – С.О.), анасының қырқы өткен соң бір аптадан кейін әкесі 47 жасар Баһрамнан айырылып, тұл жетім қалады. Сол себепті Сегіз Сүйін, Сейіткерей есімді ағалары және Қуаныш деген інісімен бірге атасы Шақшақ пен әкесінің інісі Жанат серінің тәрбиесінде болады. Ағасы Көрпештің Сейтжан, Құшан есімді ересек балалары да Сегізбен бірге туа біткен ақындық таланты бар Шақшақ атасының бауырында өседі. Шақшақ айтыпты деген мына бір шумақ өлеңде:

Асқар тау төбе болар тас кеткен соң,

Жақсы ауыл жын болады бас кеткен соң.

Ақсақал төрде отырып не болады,

Қартайып тоқсан беске жас жеткен соң, –

деуі Сегіз серінің атасы Шақшақтың да ақындықтан құралақан болмағандығын дәлелдейді.

Шақшақ шешен Көшекұлының анасы Ақбота – атақты Сырым батырдың туған апасы, Даттың қызы (Сондықтан Сегіз сері он екі ата Байұлының іргелі руы Байбақтыға жиеншар болып келеді – С.О). Ал Шақшақтың Айман деген бәйбішесінен туған Қаншайым есімді қыз (Белгілі академик-жазушы Ғабит Махмұтұлының бабасы Мүсірептің туған анасы болады. Айман анамыз болса – белгілі атығай Құлекеұлы Шал ақынның туған апасы), Бауыржан, Сексен (Бектемір), Баһрам, Есенжан, Қайыржан, Шағырай, Жанат атты жеті ұл туады. Шақшақ балаларының ішінде Бауыржан мен Сексен екеуі де би болған. Ал Баһрам, Шағырай, Жанат үшеуі де әнші, ақын әрі күйші өнерпаз болған. Бұлардың ішінде Шағырай мен Жанат сал-серілік құрғандықтан, ел ішінде Шағырай сал, Жанат сері атанып кеткен.

Сегіз бала кезінде ауылдық шағын медреседегі Мөңке молдадан оқып, хадимше хат таниды. Одан кейін Болатынай, Қызылжар медресесінде оқиды. Атасы Шақшақ 1826 жылы Қызылжардың медресесіне беріп, қосымша Прохоров деген ұстазды жалдап, 4 жыл орысша сауат аштырады. Ол жайлы Сегіз сері:

Орысша білім ал деп атам Шақшақ,

Оқытты төрт жыл бойы ұстаз жалдап, –

дейді. Сонымен қатар, бұл жерде оған сабақ берген ұстаздары Имамғабит сері мен өз ағасы Көрпеш Бұхара шаһарындағы жоғары дәрежелі медресені бітірген, сол кездегі көздері ашық айтулы азаматтар әрі әнші, ақындар еді.

Осы екеуі Сегіз серіге діни сабақ берумен бірге оны ақындыққа, әншілік өнерге де баулиды. Осылайша ағаларының тәрбиесінде өскен Мұхаммед-Қанафия сегіз жасында аң атып алып, «Сегіз» деген атқа ие болады. Өсе келе ақындығымен танылып, ән шығара бастаған, бозбала шағында бұл есіміне «сері» деген атақ қосылып, азан шақырып қойған есімі ұмытылып, Сегіз сері атанып кетеді.

Бұл деректі Сәбит Мұқановтың бала күнгі досы, Қызылжардың тумасы, Жамантымақ Уақтан шыққан әйгілі шежіреші Кәрібай қажының ұлы Мұхаметжан ақсақалдың: «Менен бұрын жасаған қарттардың айтуынша, ағаларымен аңға шыққан Мұхаммед-Қанафия сегіз жасында киік атып түсіріпті. Содан жеңгелері еркелетіп әрі шұбалаңқы есімін атауға қиынсынып «Сегіз» деп атап кеткен екен», – деген естелігі дәлелдей түседі.

Зерек Сегіз сері 1830 жылы Омбының тілмаштар даярлайтын 6 жылдық «Азиатская школасына» оқуға түсіп, оны бітірер 1836 жылы аталмыш оқу орны Батыс Сібір казактары округінің әскери училищесіне қосылып, атауын өзгертеді.

Ең кереметі, алғаш «Азия мектебі» болып ашылған бұл екі қабатты ғимарат әлі күнге дейін сақталған. Мұнда Омбының қалалық әскери комиссариаты орналасқан. Ғимарат тарихи сәулет ескерткіші ретінде Мемлекеттік муниципиалдық қорғауға алынған.

Этнограф-ғалым Игілік Әлмұханұлы Тұрсыновтың «Очерки истории казахов Омского Прииртышья» кітабының «Просвещение казахов в XVIII – начале XX вв.» атты тарауында 1789 жылы Омбы қаласында тілмаштар даярлау үшін Азия мектебі ашылғаны; мұнда 1790 жылы оқыған 25 шәкірттің жетеуі қазақ-татар балалары болғаны; шәкірттер араб, парсы, манчүжір, түрік, орыс тілдерін оқығаны және онымен қоса міндетті түрде математика мен география сабақтары жүргізілгені; жыл сайын курсанттарға тегін арнайы форма беріліп, онымен қоса айына 5 рубль шәкіртақы төленгені; бұл ақшаны курсанттар оқулық, қалам-дәптер алуға жұмсағаны айтылады.

Сегіз сері 1836 жылы Омбының училищесін бітірген сауатты, зиялы, білімі жан-жақты адам болғандығына көзіміз жетті. Сол кездегі саяси-әлеуметтік ағымнан хабардар Мұхаммед-Қанафия ақ патшаның туған халқына қарсы жүргізген отарлау саясатына дәнекер-тілмәш болудан бас тартқаны үшін қуғынға түскен.

Сегіздің кейінгі ұрпаққа тастап кеткен өлең-жырлары мен қисса-дастандарын XIX ғасырдың бірінші жартысында зерттеген ақын Нұржан Наушабаев «Сегіз сері – баһадүр» атты дастан шығарып, Сегіз серінің шығармашылық тұлғасын жан-жақты бейнелеген. Ол қазақ жырының небір өшпес үлгілерін Сегіздің жасағандығын және жыраулығын алға тартады. Қазір біз Құлтума Өтемісұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Нұржан Наушабаев, Шынияз Жұбатұлы, Жаманқұл Дәндібайұлы, Ақтанкелді Жұмықұлы сияқты ақын шәкірттерінен біраз ән-дастандардың авторы Сегіз сері Баһрамұлы екенін біліп отырмыз. Бұл – болашақта терең зерттеуді қажет ететін дүние. Сонымен қатар, Сегізді дастан жазбады деп күмәндансаң:

Мен келдім Шекті, Табын арасына,

Көтібар, Арыстандай данасына.

Жырлайын «Айман – Шолпан», «Қыз Жібекті»,

Қазақтың даңқым шықсын даласына, –

деп өзінің болашақ дастандарына жазған кіріспесі бар (Ә. Марғұлан. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы. 1985. 331-бет).

Әр әніне зерделей үңілсеңіз, оның оқиға мазмұнынан шығарушының ғұмыр дерегіне қатысты көп жайға қанығарыңыз сөзсіз. Осы орайда қазақтың көрнекті музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың: «Кез келген ән-күй тарихтың әрбір кезеңін анық көрсетеді, тайға таңба басқандай бейнелеп береді. Сондықтан да ән-күй – халықтың басынан өткен кезеңдерді суреттейтін тарихи дерек десек қателеспейміз», – деген қанатты сөзінің дәлеліндей, тарихи тақырыптар Сегіз серінің шығармаларында молынан кездеседі. Соның бірі «Қашқын келбеті» дастаны – сол дәуірдің тарихын паш ететін туынды.

- Сегіздің шығармашылық өмірінде махаббат тақырыбы үлкен орын алады. Сері – аруларды аялау, оларға деген ынтық сезімді, махаббатқа деген іңкәрлікті қастерлей білу секілді ұлы ұғымды сұлу да әсем шеберлікпен жырлай білген үлкен жүректі ақын әрі композитор ғой...

- Ақынның сүйіспеншілік жырларынан махаббатқа толы жас жүректің ыстық лебі еседі. Лирикалық әндерінің тырнақалдысы «Назқоңыр» түпнұсқада:

Көркем қыз шақырған соң жуықтайын,

Басқаны неге саған жуытайын.

Өзіңе ықыласым ауғаннан соң,

Қалайша, Мүкәш, сені ұмытайын?

деп сағынышқа толы назбен басталады. Бұл өлеңін Сегіз 17 жасында Омбыдағы «Азия мектебінде» оқып жүргенде кезінде Мүкәрама есімді татардың сұлу қызына ғашық болып шығарған. Кейіннен бұл «Назқоңыр» әніне заман талабына сай жаңа шумақтар қосылған.

Сегіздің ғашықтық отты жандырған, көңілді шартарапқа шарлатқан мұңды-сазды, сұлу-назды әндер шығарғанын да нақты деректері арқылы біліп отырмыз.

20 наурыз 2018 жылы Монғолиядағы Қазақ радиосының «Алтын қорынан» Қорғалжындық атақты ән дүлдүлі Рәбиға Есімжанованың орындауындағы Сегіз серінің әні «Гаухартас» деп 1968 жылы жаздырған үнтаспаның табылуы қазақ ән өнеріндегі үлкен олжа болды.

«Міне, сондықтан да Сегіз серінің шашырап, бұл күнде халық әні санатында жүрген өз шығармаларына иелік етуі ән өнеріміздің көкжиегін кеңейте түсері хақ. Жоғарыда айтылған пікірлерге жүгінсек, «Ақбұлақ», «Гауһартас», «Бозшұбар», «Қызға сәлем», «Ғайни», «Әйкен-ай», «Көкем-ай», «Сәулем-ай», «Алқоңыр», «Елік-ай», «Ақбақай» әндері даусыз Сегіз серінікі», – дейді дүлділ әнші әрі Сегіз сері мұрасын тұңғыш зерттеуші, әнші Жәнібек Кәрменов.

«Сегіздің төл туындылары болып саналатын 30-ға тарта әндері мен 4 хисса-дастаны, 4 толғау-термесі мен 6 күйінің қысқаша тарихын, оларды кімге арнағанын және өзін қосқанда 26 талантты шәкірттерінің де аттарын атап, руларын таратып, түсін түстеп, қайсысы ақын, әнші, күйші екендігіне дейін айтқан. Сондықтан ақын Жаяу Мұса Байжанұлының тарихта болғандығы рас болса, оның деректері де ешқандай күмән туғызбайтын ақиқат және өзім 17 әнін білемін», – дейді қазақ өнері мен мәдениетінің ақсақалы, профессор, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Еркеғали Рахмадиев ағамыз.

Сегіз әндерінің әуен-сазы, үн сиқырлығының тылсым сыры ғана емес, оның табиғи тарихының өзі бірін-бірі қайталамайтын ғажайып толғаныстардан тұрады. Өйткені оның өмірі өзінің қайталанбас жастық шағындай тұнып тұрған лирикаға өте бай, мағынасы да мәнді, өз заманының ерекше туған хас таланты, күрескер тұлғасы. Оның ән-термелері бір ғана өңірдің, бір ғана өлкенің тарихымен емес, бүкіл қазақ даласының бітім-болмысымен біте қайнасып, терең қабысып жатыр. Сондықтан Сегіз серінің көптеген терме-өлеңдері өсиет, мадақ, арнау үлгісіне жатады, халықты бірлікке шақырып, жастарға ой салады.

Халық әні санатында жүрген «Алқоңыр», «Назқоңыр», «Қарғаш», әсіресе «Гауһартас» – Сегіз серінің туындылары. Мұны марқұм Жәнібек Кәрменов айтып та, жазып та кетті. Өзінің ұстазы, халық әртісі Жүсіпбек Елебеков шәкірті Жәнібекке: «Шырағым, бұл әндерді шығарған – Сегіз сері. Ол – Қызылжардың тумасы. Бұл әндер халық әні болып жаңсақ жазылып жүр», – деген екен. Бұл әңгімені Жәнібек аға кезінде қызылжарлық ғалым, жазушы Зейнолла Әкімжановқа айтыпты.

1985 жылы сәуір айында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Республикалық жастардың «ЖІГЕР» шығармашылық фестивалі өтті. Мен Ақмоланың намысын қорғадым. Дәстүрлі әннен 48 әнші бақ сынасып, содан үш облыстың атынан келген жаңаарқалық үш әнші бірдей лауреат атандық.

Мен халық әні «Ғайниді» орындадым. Қорытынды концертте конкурс төрағасы Жәнібек Кәрменов әннің авторын Сегіз сері деп хабарлатты.

Сонымен, ертеңіне Ғалым Мұхамедин, Жақсыкелді Кемалов үшеуіміз Жәнібек ағамен ашық-жарқын әңгіме құру үшін Жазушылар одағындағы «Қаламгерде» бас қостық. Жәкең бізге Сегіз сері деген қызылжарлық өнерпаз болғанын, оның әндері туралы, өзінің осы тақырыпты зерттеп жүргенін тілге тиек етті. Бізге: «Бұдан былай халық арасында Сегіз серіге байланысты дерек, әңгімелер, әндер болса, құлақ түре жүріңдер», – деп ескертті. Осы күннен бастап мен Сегіз серіге байланысты деректерді «Қазақ әдебиеті», «Қазақ батыры», «Жезқазған туы» газеттеріне, «Жұлдыз», «Білім және еңбек» журналдарына, басқа да БАҚ-та шыққан материалдар мен кітаптардан жинақтай бастадым.

Бірінші дерек: С. Мұқановтың «...Жаманшұбардың ең әншісі, ойын-сауықтың гүлі – Қабамбайдың Ғабдолы. Менің бар арманым – сондай әнші болу», – деп Ғабдолдан үйренген «Мақпал – Сегіз» поэмасына байланысты ескертпесінде: «Осы поэманы бертін кезде мен Ақтөбе, Қызылорда, Жетісу, Семей елдерінде естідім. Осылардың кейіпкерінің аты да Сегіз бен Мақпал бола тұра, оқиғалық жағынан да, өлеңдік жағынан да айырмалары көп болады. Және әр өлке Мақпалды өз елінің қызы ғып айтады.

Екінші дерек: Кенен Әзірбаев атамыз өз естелігінде: «15 жасымда (1899 ж. – С.О.) Балуан Шолақ Жетісуға келген жолы мен Балуан ағамен бірге Жетісудың талай жерлерін аралап, көптеген әндерін үйреніп алдым», – деп, оның «Ғайни қыз», «Жай қоңыр», «Дікілдек», «Құлан кісінес», «Ыңғай төк», «Қос перне», «Қос барабан», «Өтеді өмір», «Шөкеңнің желдірмесі», т.б. әндерді үйренгенін айтады. Бұл арада Балуан Шолақта «Ғайни қыз» атты әнінің болмауы – әннің Сегіз серінікі екендігіне дәлел (Т. Кененқызы. «Кенен ата», естелік-эссе. Алматы: Қазығұрт. 129-130-беттер).

Үшінші дерек: Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабының 314-бетінде: «...Республиканың еңбек сіңірген артисі Жүсіп Сейілов жасынан әнге құмар, күшті дауысты, айналасы үшін «пері соққанның өзі» болған. Ол 1925 жылы кеңес-партия мектебінде оқып жүргенде, Ақтөбенің педагогикалық техникумымен бірігіп қойған «Сегіз бен Мақпал» пьесасында Сегіздің рөлін тамаша сомдаған. Оркестр, фортепиано жоқ кезде, сүйемел жоқта спектакльді аяғына шейін бір мүдірмей, Сегіздің рөлін драмалық және музыкалық жағынан да жақсы орындап шыққан. Оның даусы аса жоғары лирикалық тенор болатын», – дейді.

...Бар ойым Алматыға жолым түссе, Жәнібек ағаға жинаған деректерімді апарып беру еді. Алла тағала ол күнге жеткізбеді 2002 жылы Жәкең жол апатынан қайтыс болды. Жиналған материалдарды кімге берерімді білмей дал болдым, содан, «Қой, ағаның аманаты ғой...» деп, қал-қадірім жеткенше өзім зерттеуге нар тәуекел еттім.

- Сегіз серінің әндерін орындап ән кешін де өткізіпсіз бір кезде. Сол кешті ұйымдастыруды қалай ойға алдыңыз?

- Қорытындысында 2005 жылы Астананың 1800 адам сыятын «Конгресс холл» сахнасында «Сегіз сері – жұлдызы алашымның» атты ән кешін өткізіп, өз орындауымда жазылған Сегіз серінің 20 әнінің «Алқоңыр» атты СD диск әндер жинағын Көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағыманов ағамның демеуімен шығарып, тұсаукесерін жасадым.

Бұл кештің жоғары деңгейде өтуіне Ерік Сұлтанов, Қуат Есімханов, Болат Дүйсенбаев, Марат Нәбиев, Кенжебай Сәтжанұлы, Зейнолла Рахымұлы секілді ұлтжанды ағаларым мен достарым қолдау көрсетті.

Ән кешінің кіріспесін этнограф-ғалым ағамыз Ақселеу Сейдімбек жасап, Сегіз сері бабамыздың басы даудан арылмай тұрғанын, ХІХ ғасырда сары орыстардан қорлық көрсе, бұл ғасырда «қара орыстардан» зорлық көріп отырғандығын ашына айтты. Өкінішке орай, біз – 300 жыл бойы «ұлы халықтың» бодауында болған жұртпыз. Сондықтан санасы мәңгүрттеніп бара жатқан жастарымызға тағылым болатын тарихи шындық, танымдық серпіліс қажет. Бүркемеленіп келген ата тарихымызда өмірде де, өнерде де бағы ашылмаған Сегіз сері, Нияз сері сияқты тұлғаларымыз баршылық. Өзімнің де кезінде осы Сегіз сері жиынтық образ емес пе екен деген ойда болғанымды жасырмаймын. Ал ақыл таразысына салып, зерделей келе Сегіз серіге деген көзқарасым мүлдем өзгерді. Әттеген-айы, «Алқоңыр», «Назқоңыр», «Мақпал», «Гауһартас», «Қарғаш», «Қарғам-ау», «Дайдидау» сынды ән маржандарын дүниеге әкелген Сегіз сері бабамыз босағадан сығалап тұрғаны налытады.

«Біз – өз тұлғаларымызды танып, білуде орыстың мәңгүрттендіру саясатынан аса алмай жүрген сорлы халықпыз. Оған ешқандай күмән келтірудің қажеті жоқ. Сегіз сері әндерінің қай-қайсын алсаң да, бір хас зергердің қолынан шыққан алтын қасықтай ұқсастығына куә боласың. Басқа қандай дерек қажет, айналайындар-ау?!» – деп күйініп: «Өкініштісі сол, мына рухани таяздығымызға қоса рушылдық, көреалмаушылық, іштарлық деген «шылықтардан» айыға алмай келеміз... Сегіз сері бабамызға байланысты Омбы архивінде дерек көздері жеткіліксіз болса, Петербург архивтерінен іздестіруге ақыл қосамын», – дей келе «Алқоңыр» атты Сегіз сері әндерінің CD дискісінің тұңғыш жарық көруімен жиналған көрермендерді құттықтап, концертке сәттілік тілеп еді.

Республикаға танымал ақын Аманжол Әлтай бауырым арнау айтып, кешті сегізтанушы ғалым, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Кеште Сегіз серінің ақындық арыны туралы Кәкімбек Салықов, композиторлығы туралы Еркеғали Рахмадиев, сал-серілігі туралы Сәкен сері Жүнісов сөз сөйлеп, соңынан өз өнерлерін көрсетіп, Кәкімбек аға өлең оқып, Еркеғали аға күйсандықта ойнап, Клара жеңгеміз «Гауһартас», «Мақпал» әндерін тамылжытса, Сәкен сері «Ақбақай» әнін әуелетіп, «Ат қайда Ақбақайдай жорта желген» деп бастап, қайырмасында «Айтқызбай ішкі сырды, сәулем-ай, өзі білген-ай» деп орындады. Осылайша Сегіз сері шығармашылығына арналған керемет әсерлі ән кеші өткеніне өнерсүйер Астана халқы куә.

Менің бойтұмарыма айналған Сегіз серінің «Ғайни» атты әні Исатайдың үзеңгілес досы, батыр Қабыланбай Қосаяқовтың қызы Ғайнижамалға арналғандығын драматург-жазушы Рахымжан Отарбаев ағамыз дәлелдеп, сегізтанушы ғалым, ақын Дәулеткерей Кәпұлына хат жолдапты, онда: «Бұл әнді әжем айтып отырушы еді. Оны шығарған – Сегіз сері. Ол Қабыланбай батырдың жалғыз қызына ғашық болыпты», деген.

Жоғарыдағы тұсаукесерге дайындық барысында Сегіз серінің «Алқоңыр» деген атпен жарық көрген 20 әнін әуелі аудиокассетаға жаздырып, елдің көзі үйренген «Қазақ әндері» антологиясындағы мәтіні бойынша орындап, шығармас бұрын тағы да ақылшым әрі сыншым этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек ағама апарып тыңдатқанмын. Мұндай іске өте ыждағаттылықпен қарайтын Ахаң екі күн өткеннен кейін:

– Әй, ұл, кешке келіп, шай ішіп кет, – деп телефон шалды. Келіскен уақытта бардым, Ахаң көңілді екен, бірден әңгіменің тиегін ағытып:

– Біріншіден, Сегіз сері әндерін «Қазақ әндеріндегі» мәтінмен орындағаның ағаттық болған. Мен өз халқымның әндерін жамандағаным емес, бұл жинақтағы әндер мәтіні – тегіс «кеңестік-партиялық» тазалаудан өткен сүреңсіз, жасанды дүниелер. Ана Жәнібек ағаңның «Төл сөз түрмеде кетті, жаңадан жасалған мәтіндер адам жүрегіне сәулесін түсіре алмады» деп шырылдауы ақиқат. Өзің ойлашы, өлең мәтініндегі құдай аты, жер-су, ру, адам аттары, архаизм (көне сөздер) алынып тасталды. Мысалы, атақты Естай ақынның «Қорланындағы»:

«Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,

Құдайым берген екен күн мен айын», –

деген тамаша өлең мәтіні «Табиғат берген екен күн мен айын» болып шыға келді (Бұл әңгімені маған фольклортанушы-академик Сейіт Қасқабасов ағам да айтқан болатын – С.О.).

Ал «Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуындағы»: «Ішінде Арғын, Найман салдым айғай», – деген жері «Ішінде халқымның салдым айғай» болып өзгертілді.

Бұл деген масқара емес пе?! Сондықтан, Сегіз сері бабаңның мұрасын тірілткің келсе, төл мәтінімен айтуға тырыс.

«Сәулем-ай» әнінің басқы шумағындағы «ақауданға» сөйлемі – «ақ қауданға» (қау – қалың өскен шөп). Басқа ескертулерді мынадан оқисың, – деп маған бір жапырақ қағазды ұсынып, ақыл-кеңесін айтып шығарып салды.

1926 жылдардан бастап өмірінің соңына дейін қазақ жоғары оқу орындарында әдебиет тарихы мен теориясынан дәріс берген профессор Сәкен Сейфуллин қазақ фольклорындағы жоқтау, қоштасу жырларының санатына Сегіз серінің Исатай батырды жоқтап, «Ақбұлақпен қоштасуын», Қоқан бектерінің қолынан қаза тапқан Тәти Азынабайұлының «Елге сәлемін», «Әсет пен Кемпірбай ақынның арыздасуын» мысалға келтіре отырып, 1931-1932 жылдары жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты оқулығына жіктеп алғаш рет енгізген. Сондықтан өнер тарихына үңілгенде «Білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз екенін» естен шығармағанымыз абзал деп ойлаймын.

«Ғұмыр» термесінен үзіндіні мен 1985 жылы ақын Жүрсін Ерман өткізген Республикалық телевизиялық ақындар айтысында авторын білмегендіктен ақын Қайып Айнабековтікі деп орындадым. Өйткені бұл терменің кей шумақтарын сол кісінің өлеңдері арасынан кездестірген едім.

Араға жылдар салып, 2005 жылы Қарағанды облысындағы маңызды білім беретін «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, досым Нұрлан Дулатбековтің іскер басшылығының арқасында ғылыми зертханасы Қайып ақынның 120 жылдығына орай өмірі мен шығармашылығын зерттеп, «Нұраның нұрлы Қайыбы» атты көлемді жинақ шығарды. Бұл жинақта «Ғұмыр» термесінің болмауы және оның үзінділері Сегіздің шәкірті Құлтуманың орындауында елге тарап, үзіндісі оның да жинағынан табылуы алғашқы пікірімді жоққа шығарды. Яғни, бұл «Ғұмыр» термесінің Сегіз серіден тарағанын айғақтайды.

Сегіз сері шығармаларының қай-қайсысы болмасын қазақ өнерінің төрінен орын алатын туындылар. Халқына осыншама асыл мұра қалдырған Сегіз серіге қазақ қауымының рухани-мәдени өмірінде ойып орын беретін кез келді. Жасырары жоқ, бүгінгі музыка мәдениетіміздің мерейін тасытып, гүлдендіріп тұрған сарқылмас кәусар бұлағы халықтың ән-күйі бола тұрса да, кеңес дәуірінде фольклорлық ән өнері ғылыми тұрғыдан талданып, жүйелі зерттелмей келді. Оның дәлелі – қазақ сал-серілерінің осы күнге дейін туған, қайтқан жылдары, туған жерлері дұрыс көрсетілмей келеді.

Мысалы, Тәттімбет Қазанғапұлы мен Сайдалы сары Тоқа күйлері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ әндері бір-біріне әлі ауысып жүр. Сондықтан халық композиторларының өмірі мен өнерін, творчестволық ерекшелігін ашатын монографиялық еңбектерге арнайы және жоғары музыкалық оқу орындары күні бүгінге дейін зәру екенін айту парыз.

Бүгінгідей өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген тәуелсіздік заманында асыл мұраға ыждағаттылықпен қарап, оны ұрпақтың рухани игілігіне айналдыру басты міндет болып отыр. Сегіз серінің артында қалдырып кеткен орасан зор, мәдени мол мұрасы жайлы көптеген жылдар бойы әр жерлерде жазылып та, айтылып та жүр. Солардың ішінде Ә. Марғұлан, Х. Сәтбаева, М. Есламғалиұлы, М. Жармұхамедов, Т. Кәкішев, М. Дүйсенов, С. Негимов, М. Болатов, Р. Бердібаев, Е. Рахмадиев, К. Салықов, Ж. Сағитов, Е. Дәрменов, Ы. Қарамендеұлы, Е. Жақыпов, И. Жақанов, Т. Сүлейменов, Н. Әбуталиев, Қ. Омаров, С. Жұмабаев, Ғ. Мусинов, Б. Нұржекеұлы, Р. Отарбаев, З. Шүкіров, Д. Кәпұлы, Т. Әлжантегі, Е. Дәрменов, С. Оспанов, Б. Абдуллина, Г. Дәркембаева, тағы басқалар бар.

Саф өнерімен дәуірінің дауылпазындай күй кешіп, халқымыздың рухани қазынасын өзіндік қолтаңбасымен байытқан Сегіз сері – сал-серілік өнердің негізін салушы екенін мойындауымыз қажет.

ХХ ғасырдың басында баянауылдық академик Әлкей Марғұланның зерттеуі; Мәшһүр Жүсіп пен Сұлтанмахмұт ақынның жырлауы; ХХІ ғасырда Арқадан Мағжан, Кәкімбек Салықов пен Ерік Асқаров, оралдық Қадыр Мырза-Әлі ақындардың Сегіз сері талантына бас иіп, өлең арнаулары; болмаса Сыр бойының арқалы ақыны Зейнолла Шүкіровтің «Сыр елі» романында «Мақпал – Сегіз» дастаны туралы ой қозғауы; Сегіз серіні зерттеуге жарты ғасыр ғұмырын арнаған атыраулық кәсіби журналист-жазушы Нәбиден Әбуталиев ақсақалдың «Сегіз сері» зерттеу еңбегі мен қызылжарлық ғалым-жазушы Төлеш Сүлейменовтің «Сегіз сері» тарихи-ғұмырнамалық еңбегі тектен-текке жазылмаса керек-ті.

Ол аздық етсе, Сегіз серіге байланысты 1 кандидаттық, 2 магистрлік диссертация қорғалғаны тағы бар. Сондықтан да қазақтың Біржан сал, Құлтума, Кемпірбай, Жаяу Мұса бастаған сал-серілері өзіне ұстаз тұтқан, серіліктің атасы саналатын Сегіз сері, Нияз сері тәрізді біртуар бабаларымыздың ән-жырларына күмән келтірмей, қараулық жасамай, рухани мұраларын хал-қадірімізше сақтап, өскелең ұрпаққа аманаттау – көкірегінде сәулесі бар, «мен қазақпын» дейтін әр өнерсүйер азаматтың қасиетті борышы деп есептеймін.

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар