Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Серікжан Қажытай. Ұлы жазушылардың тосын қылықтары...

06.11.2019 6368

Серікжан Қажытай. Ұлы жазушылардың тосын қылықтары 12+

Серікжан Қажытай. Ұлы жазушылардың тосын қылықтары - adebiportal.kz

Эрнест Хемингуэй – күніне бес жүз сөз жазуды дағдыға айналдырыпты. Тіпті, сол бес жүз сөзді кейде жарты күнде жазып тастайды екен. Бірақ... Жақын досы Френсис Скотт Фицджеральдқа жазған бір хатында еңбекқор Эрнест орта есеппен алғанда 90-100 бет жазудан небары жалғыз-ақ парақ шедевр шығатынын айтады.

Эдгар Алан По – жануарларды, оның ішінде Катерина деген мысығын қатты жақсы көріпті. Мысығын балаша мәпелеп, өбектеп, еркелетіп, төбесіне көтереді екен-мыс. Тиісінше жазушы көз жұмған соң, Катрина да иесін аңсап құсадан өлген деседі.

Агата Кристи – «қылмыскерлердің қас жауы» аталып кеткен жазушы. Агата жазу жазар алдында шымшым сулы ваннада кісі өлімі т.б қылмыс болған жерлердің суретіне қарап алма жеп жатады екен.

Фридрих Шиллер – тағы бір алмақұмар. Ақын жазу үстеліне бір жәшік алма әкеліп қойып, оның әбден шірігенін күтеді екен. Өзінің айтуынша шіріген алма шабыт шақырудың таптырмас құралы көрінеді.

Гертруда Стайн – ғаламат жазуымен қатар мына бір тосын әрекетімен де тарихта қалған адам-ау. Ол жазу үстеліне отырмай тұрып үйінің еденін бір жуып шығады екен. Қай жағынан қарасаң да өте пайдалы іс – еден жуып тастадың да бір роман жаздың.

Александр Дюма – «Үш ноянның» әкесі қағазды түсіне қарап таңдайды екен. Тіпті жазуды да солай жазған. Мысалы көк қағазға проза, сары қағазға – өлең, қызғылт қағазға – мақала түсірген екен.

Льюис Кэрролл – әдебиеттегі таңғажайыптар елінің әміршісі. Кэрролл математика пәнінің мұғалімі болып жүргенде оқушыларының қатесін тек күлгін түспен түзейді екен. Шамасы жазушыға күлгін түс қатты ұнаған болса керек. Өйткені атақты шығармаларынан да күлгін түс жиі көзге түседі.

Энтони Берджесс – «Қояншық апельсиннің» иесі. Ал оның төмендегі қылығы жазуды енді бастаған жастарға өте қажет сынды. Мысалы, жазушы бір затты егжей-тегжейлі баяндағысы келсе сөздікті айқара ашып қойып қолданады екен. Қызығы сол – сөздерді әдейі іздемей, көзіне түскендерін пайдаланыпты.

Оноре де Бальзак – атақты кофеман. Кофенің танауды жарар жағымды иісі шыға қалса болды тыпыршып кетеді екен. Рас-өтірігін бір құдай білсін, Бәкең күніне 50 шыны-аяқ кофе ішкен деседі. Тіпті «Адамзат комедиясын» жазып жатқанда мүлдем ұйқы көрмеген деген дерек бар. Шамасы әлгі елу шыны-аяқ кофе алып тынған-ау...

Джейн Остин – құдды өз шығармаларының авторы емес, оқырманындай. Оның дәлелі – әрбір шығармасын аяқтаған соң, сондағы кейіпкерлерінің ары қарайғы тағдырына алаңдап, қалың ойдың құшағында жүреді екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар