Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Серік Қирабаев. Бұл – менің өмірімдегі ең бір қатт...

17.07.2019 8652

Серік Қирабаев. Бұл – менің өмірімдегі ең бір қатты сөйлеген сөзім 16+

Серік Қирабаев. Бұл – менің өмірімдегі ең бір қатты сөйлеген сөзім - adebiportal.kz

 

 

Өмірімен де, еңбегімен де туған халқының ілтипатына бөленіп, оның сүйіктісіне айналатын ұлдары болады. Біз көрген тұста жазушылар ортасындағы осындай ұлы тұлғалар Мұхтар Əуезов, Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин болды. Олардың жазушылық өнерін қазақ халқы ғана емес, əлем мойындап, шығармалары көптеген шет тілдерінде басылды. Өздері де елінің еркесіндей шалқып өмір сүрді, партия да, мемлекет те бағалады. Олардан бұрынғы ұлылар заманының ауырлығынан халқымен дəл солардай қоян-қолтық бола алмады. Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандар ел есін жия алмай жатқан заманда өмір сүріп, жасаған еңбегінің қызығын да көре алған жоқ. Сəкен, Бейімбет, Ілияс та өмірдің ауыртпалығынан өтіп, халқымен енді табыса бастағанда мерт болды. Халқымен, оқырмандарымен ұзақ бірлікте өмір сүріп, қызығын көрген де жоғарыда аталған төртеуі.

 

Біздің əдебиетке араласа бастаған кезімізде ақын-жазушылар көп болмайтын. Сондықтан да, сол ағаларымыз əдебиет айналасындағы əр жасты көз алдарына ұстап, кімнен не шығатынын байқап жүретін сияқты еді. Жазғандарыңды оқып, ақыл-кеңестерін беретін. Атағы үлкен болғанмен, өздері қарапайым, кішіпейіл ағалар қолтығына біз өстіп жүріп қалай кіріп кеткенімізді байқамай да қалдық. Жазушылар одағы маңында, Көркем əдебиет баспасы мен «əдебиет» журналы редакциясында қызмет істей жүріп жақындап, олармен ресми емес, отбасымызбен де араласып кеттік. Мұқаңның ақыл-парасаты, Сəбеңнің көпшіл əңгімешілдігі, Ғабеңнің маңғаз тұлғасы, Ғабекеңнің ақсақалдық даналығы бірін-бірі толықтырып, олардың өз тобындағы орнын да айқындап тұратын.

 

Сəбең мен Ғабеңді мен бірінші рет 1947 жылдың күзінде өткен жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Сəбеңнің баяндама жасап тұрып, бір сөздің орысшасын сұрап, Қайнекейге (Жармағамбетов – Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы) қарағаны, Қайнекейдің: «Анда Ғабең отыр ғой, баяғыда достобрен жазып берген», – деп Ғабитке жұмсағаны, Сəбеңнің «Ей, Ғабит, айтып жіберші, баяғыда достобрен жазып беріп ең ғой», – деп күлдіргені есімде қалыпты. Сəбит президиумда, Ғабит залдың алдыңғы қатарында отырған. Сəбең кеңеске бастан-аяқ қатысты, Ғабең баяндамадан кейінгі үзілісте кетіп қалды-ау деймін, қайтып көзге түспеді. Мұқаң мен Ғабиден сол кеңесте болмағанға ұқсайды, есімде қалмапты. Кейін оларды мен театрда кездестірдім.

 

 

 

 

Ол кезде жұрт театршыл болатын. Жаңа спектакльдерге билет табылмайтын. Күнделікті қойылып жүргендерінің өзінде де халық көп болушы еді. 1947 жылдың күзінде қазан мейрамына арнап Опера жəне балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров» атты операсы қойылды да, студенттер болып таласып-тармасып, билет алып бара қалдық. Мұхтар, Сəбит, Ғабиден үшеуі де барыпты. Үшеуінің үзіліс кезінде қатар əңгімелесіп жүргенін көріп, олардың нар тұлғасына сүйсінгеніміз де есімде. Ол кезде үзілісте қазіргідей аңтарылып, топ-топ боп тұру емес, астыңғы қабаттың кең вестюблінде айналып, əңгімелесіп жүру салты болатын. Бұл менің театрдан алған алғашқы тəрбиемнің бірі еді. Екі-үш студент үш жазушының артынан ере жүріп, əңгімелерін, əзіл-қалжыңдарын тыңдауға тырысқанбыз. Ғабит ол кеште болмады. Сол бір жылдары Қарағанды тақырыбына роман жазып жүрген ол Алматыда аз болып, көп уақытын көмірлі қалада өткізді. Бұл жайлы əңгімені біз ұстазымыз Қайнекей Жармағамбетовтен еститінбіз. Қайнекей Ғабеңнің серілігін, маңғаздығын, шешендігін, тағы басқа қасиеттерін аңызға айналдырып айтатын.

 

1950 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем əдебиет баспасы ашылды да, мен сол баспаға қызметке бардым. Баспаға Жазушылар одағы өзі отырған шағын ағаш үйді босатып берді де, өзі сонымен қатарлас тұрған кеңдеу үйге кірді. Онда бірер жыл істеп, кейін «Əдебиет жəне искусство» журналына ауыстым. Редакция одақтың өз үйінің ішінде болатын. Менің жазушылармен, оның ішінде аға жазушылармен жақынырақ білісіп, танысқан тұсым да – осы кез. Баспада мен Ғабиденнің «Қарағанды» атты романының алғашқы нұсқасының редакторы болдым. Журналда Ғабиттің «Оянған өлке» романының басылуына қатыстым.

 

Қайнекей бұл кезде Орталық Комсомол комитетіндегі қызметінен ауысып, Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы жəне «Əдебиет жəне искусство» журналына редактор боп келген. Əрі мен оқитын ҚазПИ-де сабақ береді. Мені журналға ауыстырып алған да сол еді.

 

Редакция қызметкерлерінің құрамы шағын болатын. Жаппар Өмірбеков – редакцияның жауапты хатшысы, Айқын Нұрқатов – сын бөлімінің, Аманжол Шамкенов – поэзия бөлімінің, мен проза бөлімінің меңгерушілері болып саналамыз, бір бөлімде бір-бір қызметкерміз. Бір күні Қайнекей бəрімізді жинап алды да, жаңа жылдан (1952) бастап, Ғ.Мүсіреповтің Қарағанды туралы жазған жаңа романын басатынымызды айтты. Қолжазбаны танысу үшін бізге берді. Біздің қызметіміз шын мағынасында танысу ғана болды. Оған пікір айту қайда? Оқып, таңырқап, мақтап, баспаға жіберумен тоқтадық. Тек екі-ақ нəрсе ойландырды. Бірі – шығарманың аты «Қарағанды» екен . Ғабиден Мұстафиннің осы аттас романы басылып кеткен. Екеуін де бір атпен атау қалай болар екен?! Екіншісі – роман аяқталмаған, жазылып бітпеген. О жағы қалай болар екен? – дестік. Бұл мəселенің шешімін редакцияға келген Ғабеңнің өзі айтты.

 

– Мен басында бұл романды «Қарағанды» деп атап едім, аздап созып алдым, солай бара берсін. Жұрт қай «Қарағандыны» қалар екен, көрейік, – деді. Жəне романды аяқтау үшін үздіксіз жұмыс істеп жатқанын, алды басылғанша, артын аяқтайтынын айтты. Сонымен 1952 жылдың басынан біз журналға «Қарағанды» деген атпен Ғабит Мүсіреповтің жаңа романын баса бастадық. Тек аяғы біткенше соза тұру мақсатымен аздап-аздап бірнеше нөмірге беруге ұйғардық. Роман 1-5 нөмірлерде шықты. Бірақ аяғы бітпей, үзіліп қалды. Оқырмандардан хат келе бастады. Қызық басталған романның «соңы қайда, қашан басылады» деп сұрайды. «Бітпеген дүниені басып, неге оқырмандарды əуре қыласыңдар?» деген ашулы бір хат түскені есімде. Бұл жағдайдан шығу үшін Қайнекей Ғабеңмен келісіп, күнделікті жазғанын алып келіп, машинкаға бастырып, дайындап отыру жəне Ғабеңнің жұмыс істеуін асықтыру жағын ойластырды. Айқын марқұм екеуміз күнде таңертең кезекпен Ғабиттің үйіне барып отырамыз. Біз отырған соң ол жұмысын үзіп кете алмайды. Түсте біткен жағын алып, редакцияға қайтамыз. Ал, Ғабең түстен кейін жазбайды, қыдырады, демалады, ертеңгі жазуына керек материалдарды дайындайды.

 

 

 

 

Бұл біздің Ғабеңмен, оның отбасымен жақын танысуымызға себеп болды. Кітапханасы бай, соны қарап, қалағанымызды оқып отыруға рұқсат етті. Оқи отырып, оның жұмыс істеу əдетін бақылаймыз. Ғабең өзінің жұмыс үстелінде емес, соның алдына көлденең қойған шағын үстелде отырып жұмыс істейді екен. Үстелінің үстінде өзінің керек жабдығынан басқа ештеңе болмайды. Ал, жабдық дегенің кəдімгі беттік форматты екіге бөліп (одан сəл жіңішкелеу ме, қалай?) дайындап қойған ақ қағаз, қалам сауытына толтырып қойылған ұшы өткір ғып ұшталған қарындаштар, өшіргіш қана. Сол қағазға қарындаштың ұшын баспай жеңіл, анық етіп жазады. Бетте бірде-бір сызылған, үстінен өшірілген сөз болмайды, тап-таза. Егер белгілі бір сөзді өшіру қажет болса, ол жазуын тоқтатып, əлгі сөзді өшіргішпен өшіріп, дабын үріп ұшырып, орнын тазалап, əрі қарай жазады. Егер өшіретін сөз көбейіп кетсе немесе сөйлемді қайта құру қажет болса, беттің бəрін қайта көшіреді. Асықпайды, оның жазуының өнбейтіні де осыдан сияқты . Жалпы мұндай баптылық Ғабеңнің бүкіл өмір стилінде қалыптасқан əдет екенін кейін байқадық.

 

Ғабең көбіне жұмысын түске қарай тоқтатады. Түс болып қалғанын хабарлап, Құсни апай есікті екі рет тықылдатып кетеді.

 

– Ал, біздің бəйбіше шайға шақырып жатыр ғой, жинақтайық, – деп Ғабең асықпай қағазын жинастыра бастайды.

 

– Жүр, шай ішейік.

 

Біз үлкен кісінің шай ішуіне бөгет болмай, əрі ыңғайсызданып, қолымызға тиген қағазды алып кетіп қалуға тырысамыз. Кейде Ғабең зорлап үстелге отырғызады. Құснидың үстелі бай, тамағы дəмді болатын. Мен беляши, чак-чак сияқты тағамдарды алғаш сол үйде жедім. Ондай тамақтар əлі қазақ ортасына кең жайыла қоймаған, оның үстіне біздің елде, таза қазақ ішінде, пісірілмейді.

 

Соғыстан кейінгі жүдеушілік кез ғой. Жалғыз ғана бүтін костюмім бар. Оны қонаққа, театрға, жиналыстарға ғана кием. Ғабең үйіне киіп барам. Өйткені шешініп отыруға тура келеді. Қалған уақытта, əсіресе, жұмысқа барарда шалбарының құйрық жағы жыртылған ескілеу костюм киемін. Кеңсе суық. Жұмыста пальтомен отырамыз. Бір күні осы күйіммен кешігіңкіреп, түске қарай жұмысқа барсам, Ғабит үйіне баратын Айқын ауырып қалыпты. Редактор мені: «Ғабең тосып отыр, жазғандарын алып кел» деп жұмсады. Барып ала салып қайтам ғой деп ойладым. Есік қағып кірсем, үй ішінің бəрі Ғабең бастап шай үстінде отыр. Бір топ адам.

 

– Кел, кел, Серік, шайға кел, – деп шақырды Ғабең мені көріп. Шешініп ішке кірдім. Қысылмай кірдім, киімім ескілеу болғанмен, алдыңғы беті бүтін, таза. Шет жағына отырып, бір-екі кесе шай іштім. Бір беляши жедім.

 

– Бұл жігіт – біздің жас сыншымыз, Серік Қирабаев – журналда істейді. Менің романымды басып жатыр, – деді маңғаз сөйлеп Ғабең. Отырған кісілерге таныстырғаны. Отырғандары негізінен өз балалары екен. Соның алдында ғана Роза деген екінші қызының Шəбал Бейсекованың інісі Бабасқа тұрмысқа шыққанын естігем. Шəбал – біздің елдің қызы. Сыртынан білем. Ел адамдары айтып отырады. Қаратайдың Бейсегі деген белгілі адам болған, інісін де көргем. Төрде отырған сол екенін аңғардым.

 

– Ал, болдың ба, болсаң тұр, кеттік, – деді Ғабең.

 

Алдымен батыл кірген маған артыммен шығу қиын болды. Шалбарымның арты жыртық. Дегенмен артыммен шегіншектеп барып, есікке таянғанда бұрылып, кабинетке тез кіріп кеттім.

 

Ғабең үйіне барғаным еске түскен сайын əрдайым осы оқиға ойымда тұрады.

 

 

Ғабит Мүсіреповтің ерекше жазу үстелі

 

 

Қолжазбасын осы жолмен жинаған романның аяғын сол жылдың 10-12 нөмірлерінде жарияладық. Маған романның аяғы асығыс біткендей көрінеді. Басы асығыссыз, эпикалық кеңдікпен, үлкен суреткерлікпен басталған романның соңғы жағында оқиға жүйесі тым тез өрбіп, уақыт жылдамдықпен дамитыны осыны аңғартқандай. Егер бас жағын жа-рияламай тұра тұрып, тұтас күйінде біткен соң жарияланса, оқырман қысымына түспес пе еді деп ойлаймын.

 

Елуінші жылдардың басындағы идеология маңындағы айғай-шу Ғабеңді де айналып өтпеді. Тікелей сынға сылтауы болмағанмен, əрқилы мақалаларда іліп-тартып сыналып жүрді. «Қазақ батыры» повесінде («Қазақ солдаты» əуелде осы аттас повесть болып жазылған) соғыс шындығы нашар көрсетілген деп сынағаны есімде. Соғыс кезінде жазған «Желкелер неден қышиды» деген бір очеркінен «ұлтшылдық» іздеді. Осылардың салдарынан 1952 жылдың соңғы кезінде өткен жазушының елу жылдығы тым жүдеу ұйымдастырылды. Құттықтаулар да аз болды, орден бермеді, баяндама да сынға құрылды. Бірақ қазақ драма театрында əдебиетсүйгіш халық көп жиналып, жазушыға құрмет көрсетті. Ең бастысы – ел сүйіспеншілігі ғой.

 

Бұдан кейінгі жылдары Ғабеңмен қарым-қатынасымыз ресми ғана өтті десе де болады. Мен баспасөз маңында істедім. Үлкен жазушыға, оның шығармашылығына деген құрметім өзгерген жоқ. «Социалистік Қазақстан» бетінде ол кісі жайлы бір мақала жариялағаным да бар.

 

1957 жылы Бейімбет ақталған соң Ғабең партиялығын қайтып алып, қайтадан атқа міне бастады. Бейімбетті ұстаз тұтып, оған жақын жүрген жас жазушының оның адалдығына көзі жеткен тұста «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген сөзі оны осы уақытқа шейін партиядан да, жауапты қызметтен де ысырып келіп еді. Сондай қиын заманда ұсталмай қалғанының өзіне шүкіршілік. Əуелі жаңадан ашылған «Ара» журналына редактор болды да, кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланды. Бұл тұста мен Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде істедім. Ол кезде мəдениет бөлімі болмайтын, мəдениет жұмысын үгіт жəне насихат бөлімі меңгерушісінің бір орынбасары басқаратын. Маған сондай міндет жүктелді. Сыпайы, келісіп жұмыс істеген сияқтымыз. Менің де төрешілдік мінезім жоқ, Ғабең алдында баяғы күйде балаша сезінеміз. Ол кісімен сөйлесу керек болса, шақырмай өзім барам, оны-мұны асығыс шаруа болса, одақтың жауапты хатшысы Сейтжан Омаровқа тапсырамын, елгезек Секең əрқашан керек қағазды уақытында дайындайды. Осы жолмен одақтың пленумдарын өткізуге, тағы басқа шараларды жүзеге асыруына қолғабысым да тигені есімде. Əкімшілік қызметпен қоса сыншылық қызметімді де жалғастырып жүрдім. Сəкен ақталып, бір томдық шығармалары шыққан кезде, «Лениншіл жас»газетінің бірнеше санында «Сəкеннің поэзиясы» атты үлкен мақала жариялағам. Осы жəне басқа жазғандарымды жинап, бір сын мақалалар жинағын бастыруды ойлап, «Жазушы» баспасына ұсынғам. Ол баспаның 1959 жылғы жоспарына да кірді.

 

Ол кезде сын жинақтарын шығару дəстүрі біздің əдебиетімізде қалыптаса қоймаған еді. 1958 жылы өзі баспаға директор боп барған Мұхамеджан Қаратаев «Туған əдебиет туралы ойлар», «Рожденная октя-брем» деген атпен екі тілде мақалалар кітабын жариялаған. Соны көріп, біздің де талпынғанымыз ғой.

 

1958 жылдың тамызында мен басқа қызметке ауысып, Орталық комитеттен кеттім. Кешікпей менің жинағымның жоспардан түсіп қалғанын естідім. Сұрастырсам, Ғабит баспаның жоспарын алып қарапты да, көп нəрселерді сызыпты. Ішінде менің де кітабым кеткен. Оған келген кезде: «Ондай мақалалар əркімде бар, менің де жазғандарымды жинаса, бір жинақ болады», – депті. Мен өзім сыйлап жүрген үлкен жазушының бұл мінезіне əрі таңдандым, əрі ренжідім, бірақ алдына барғам жоқ. Алда жа-зушылар съезі тұр. Сонда бір есесін қайтарармын деп ойладым.

 

 

 

 

 

Міне, менің алдымда сол съезде сөйлеген сөзім жатыр, қолжазбам да, съездің стенограммасы да бар. Бұл – менің өмірімдегі ең бір қатты сөйлеген сөзім. Ғабитке: «Менің ЦК-м Серік болды», – деп айтқызған сөз. Бұл сөздің қандай жағдайда айтылғанын, оның мазмұнын білмейтін кейінгі ұрпақтың кейбір өкілдері Ғабеңнің сөзін тікелей түсініп, ЦК-да істеген кезінде Серік Ғабиттің соңына түсіп, тыныштық бермеген екен деп ұғады. Солай деп жазғандар да бар. Шынында, бұл сөз бірге жұмыс істесіп, мен қызметтен кеткен кезде менің кітабымды жоспардан сызып тастаған адамға өкпеден туған еді. Ашумен автор одақ жұмысының көптеген кемшіліктерін ашып, бəрін одақ басшысының жауапкершілігіне артқан. Сөзді түгелдей келтіріп жатпай-ақ қояйын. Ол əрі ұзақ, əрі орысша жазылған. Оқырманға түсінікті болу үшін оның негізгі қағидаларына тоқталу қажет болар деп ойлаймын.

 

Сол кездің салты бойынша сөзді партияның əдебиетке жасап отырған қамқорлығы мен талаптары жайында айтудан бастаппын да, біздің əдебиеттің кемшін тұстарын көрсетуге көшіппін. Алдымен бүгінгі заман тақырыбына арналған шығармалардың жетімсіздігі жəне көркемдік сапасының төмендігі, жазушылардың өмірмен байланысының əлсіздігі, сынның əдебиет дамуына көмектесе алмай отырғаны туралы сөз болыпты. Сынның ағайыншылық мінезден арыла алмай отырғаны жайында айтқан Ғ.Мүсірепов сөзін қолдай отырып, баяндамашының өзі де батыл, өткір сынға барған жоқ. Əркімнің аузымен сөйледі деп бір түйреп өтіппін. Баяндамада талдаудың жетімсіздігінен əдебиет табыстары қатарындағы шығармалар тиісті бағасын алмады. Т.Ахтанов романы жөніндегі Н.Тихоновтың, М.Қаратаев кітабы жөніндегі Г.Ломидзенің пікірлерін қоштайтынын ескертумен баяндамашы тыңдаушыларын алдаңқыратып кетті. «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде сыналған Қ.Бекқожин мен Х.Ерғалиев шығармалары жөніндегі көзқарасын айтып, соңғы екі ақынның кітаптарын əпербақан сыннан қорғауға тырысыппын. Осыдан соң Қазақстан əдебиет сынының дамуына жағдай жоқтығына, шығармашылық іссапарға сыншылар жіберілмейтініне (менің де іссапарға сұраған өтінішім қанағаттандырылмағанына), сыншылар кітаптарының шықпайтынына арнайы тоқтаппын. Бізде жалғыз əдебиет журналы бар. Көлемі сегіз-ақ баспа табақ. Қазақстандағы бүкіл əдебиет жаңалығы осы журнал арқылы өтеді. Ондағы ең көлемді орын прозаға беріледі. Өлең-поэмалар да басылады. Ал, сын журналдың ең соңғы беттеріндегі артылған орынға ғана орналасады. Сондықтан редакция сын мақала көлемін шағындауды ескертеді де жүреді. 5-6 əңгіме жазған жас прозашы не он шақты өлең жазған жас ақын жинақ шығарады. Сыншы кітабы шықпайды. Əдеби сынға өмірін арнаған Б.Кенжебаев, Е.Ысмайлов, Т.Нұртазиндер осы күнге шейін бір жинақ шығарып көрген жоқ, – дей келіп, «Бұл мəселеге Мүсірепов жолдастың теріс қарайтыны мені таңқалдырады. Осы тақырыпқа əңгіме бола қалса, ол өзін көлденең тартады. Менде де бір кітаптық мақала бар дейді. Ол рас, жолдас Мүсірепов, сізде əдебиет тақырыбына арналған мақалалар көп. Оларды жинап бастырам десеңіз, ешкім қолыңызды қақпайды. Өйткені əдебиетті жасаушы жазушы тəжірибесі – біз үшін үлкен сабақ. Онда əдеби шеберліктің мəселелері де сөз болады. Мұндай еңбектер С.Сейфуллинде де, М.Əуезовте де, С.Мұқановта да бар. Оларды жинап бастыру керек. Мəскеу баспалары осылай етеді. Олар Фединнің, Гладковтың, Исаковскийдің, Чуковскийдің жинақтарын шығарды. Сіздің де бұған құқыңыз бар, Мүсірепов жолдас! Құқыңызды пайдаланыңыз. Ал, пайдаланбайды екенсіз, басқаға бөгет жасамаңыз. Сіз одаққа басшы боп келгенде, біз қуанып едік. Сізден көп үміт күткеміз. Онымыз ақталмады. Бұл Абайдың «дəрежең өскенше, тілеуіңді өзің де, ел де тілейді , дəрежең өскен соң өз тілеуіңді өзің тілейсің» деген сөзін еске түсіреді», – деппін. Жоспардан шығып қалған тағы да жеті жас ақынның тағдырлары жайлы айтыппын. Ғабеңе батқан осы сөздер болса керек. Ышқынып кетті. Мұндай сөздерді, əсіресе, менен күте қоймаған болу керек. Зал толы. Жазушылар съезіне халық көп жиналатын əдеті. Жазушылардың өздерінен басқа шақырумен келгендер көп. Олар мен сөйлеп болғанда, ду қол шапалақтады. Сөздің оларға жасаған əсерін басу керек болды да, Ғабең мен сөйлеп болысымен, бірден жауап беруге ұмтылды. Бəрін де жұмсартып, екеуміздің арамызда бұрыннан келе жатқан бір кикілжің бар сияқты көрсетуге тырысты. «Менің ЦК-м Қирабаев болды», – деді. Жұртқа бұл сөз кері əсер етіп, қайта қол соғылды.

 

Əрине, мен дəл осы тұстағы Ғабең психологиясын түсінемін. Өмірдің азапты, ауыр соқпағынан көп өткен кісілер ғой, өмірлері күреспен өтті. 20 жылдардан бастап қазақ оқырмандарының өзін екі жікке бөліп, ауыр тағдыр айтыстырып қойды. Үлкен жиындарда кімді-кім жеңеді деп қарайтын. Сонда жалған да болса, халық көзіне өздерін өктем көрсету үшін алдап кетуге де баратын. 20 жылдар тарихын көп қараған маған ол мінез мəлім еді. Ғабең осы жолы сол кəрі əдісін қолданды. Аудиторияны алдап кетті. Мұны мен кейін съезд соңында қайта сөз сұрап алып айттым. Бірақ ол кезде залда жазушылар ғана қалған. Сөз терген көп жұрт Ғабең сөзіне иланып кетті.

 

Ал, Ғабең болса, мен сөйлегеннен кейін: «Ал, мен қойдым, бірімізден соң біріміз справка беріп жату жараспас», – деген сөзбен тоқтады.

 

Осыдан біраз күн кейін Сафуан Шаймерденов үйіне қонаққа шақырды. Барсақ, Сəбең, Ғабең бəйбішелерімен келіпті. Басқа адам жоқ. Қой сойған екен, бірден ет əкелді. Сəбеңе бас тартты. Мəкең (Мариям – Сəбиттің жолдасы) алдына тіл қойды. О кісілермен қатар отырған Ғабең қалжыңға сүйеп:

 

– Сен екеуің, бірің – бас ұстап, екіншің тіл жегенде, біз не жейміз, – деді де Мариямның алдындағы тілді өзіне тартып алды. Оның ұш жағынан үлкендеу қып кесіп алды да: – Мə, тілің өткір болсын! Осымен қояйық, татуласайық! – деді. Мен рахмет айтып, тілді алып жедім. Ғабең қылығын ел мақұл көріп, мəз болып қалды.

 

– Е бəсе, дұрыс, – деді Сəбең.

 

– Өзім де осылай болар деп шақырып ем, Ғабеңнің қолын ал, – деді Сафуан. Мен қолын ұстадым. Осымен өкпе тарқағандай болды.

 

 

 

 

Сын деген дəрі сияқты ғой. Ащы да болса пайдалы. Менің сол съезде айтқандарым ешкім мақұл деп бас шұлғымағанмен, үн-түнсіз жүзеге асты. Үлкен жазушылардың сыншылдық ой-пікірлерін жинап бастыру қолға алынды. Əуелі Мұқаңның «Əр жылдар ойлары», Сəбеңнің «Өсу жолдарымыз» атты кітаптары шықты. Аға сыншылар да кітаптарын бастыру қамына кірісті. Менің жоспардан шығып қалған кітабым 1960 жылдың жоспарына кірді. Ал, Ғабең өзі де мақалаларын жинастыра бастады. Ол сəл кейіндеу «Суреткер парызы» деген атпен жарық көрді.

 

Осы жылдары Ғабеңмен менің жақынырақ табысуыма, отбасымызбен араласуымыз Ғабиден Мұстафин себепкер болды. Бұл кісімен мен Мəжит Сейфуллин арқылы танысып, туыс боп араласа бастағам. Екі шал (Ғабитті «Қара шал», Ғабиденді «Сары шал» деуші ек) карта ойнайды. Оған мені де шақыратын болды. Əлжаппар мен Жұбан, – осы топтың белсенді мүшелері. Арагідік басқа адамдар қатысып ойнайды. Ол кезде Жазушылар одағының Министрлер кеңесінің екінші демалыс үйінде екі үйі болатын. Əрқайсысында сегіз бөлме (екі жағынан кіретін 4 бөлмелі пəтер) бар. Барлығы 16 бөлме. Жазушылар үлкендеуі екі бөлмеден, жастары бір бөлме алып, жазды осында өткізеді. Мұқаңа, Сəбеңе, Ғабеңе, Ғабекеңе үкімет жеке-жеке саяжай бөлетін. Демалыс үйінің корпусынан да орын тиетін. Онда көбінесе артистер тұратын. Жаз бойы ел у-шу, «ойдағы ел, қырдағы елмен араласып», ерлер карта, əйелдері лото ойнайтын. Екі жағы қосылып, «тоғызыншы балл» деген карта ойынына жиналатын.

 

Кейінгі бір жылдары екі шал инфаркт алып, тауға шықпай қалды. Бір жазын қалада өткізді. Демалыс күндері тау жаққа емес, ой жаққа, Талдықорғанға баратын жолдың үстінде Дмитриевкадан өте, Николаевкаға жетпей, өзеннің бір кең, ағашты алқабы болатын, сонда күнұзақ демалып, карта ойнап қайтады (ол жер кейін су қоймасына айналып кетті). Екі машинамен төрт отбасы барамыз. Əйелдер тамақ дайындайды, əңгімелеседі. Біз карта ойнаймыз.

 

Екі шал да содан кейін тауға шығуды тоқтатты. Қарғалыдағы тұтынушылар қоғамының демалыс үйінен саяжай жалдайтын болды. Бірер жылдан кейін Ғабиден сол жерден үй салдырды. Сөйтіп, сонда орнығып қалды.

 

1960 жылы күзде мен машина алдым. Жекеменшікке машина алу салтқа кіре бастаған кез. Үлкен жазушылардың көбінің машинасы бар.

 

Кейінгі ұрпақ өкілдерінен əуелі Сафуан, содан соң Əбдіжəміл, үшінші боп мен алдым. Бір күні Жазушылар одағында Ғабең кездесіп қалды.

 

– Əй, сен машина алды дей ме? – деді даусын соза түсіп ыңыранып.

 

– Иə, алдым.

 

– Оны өзің жүргізесің бе, шоферің бар ма?

 

– Жүргізуді үйреніп жүрмін, əзірше шоферім жоқ.

 

– Онда менің Анатолий деген шоферім бар, жақсы жігіт. Бір жылдай соны ұстай тұр. Мен машинамды сатып жібердім. Келесі жылы машина алған соң қайтып алам. Қазір басқа жұмысқа орналасып кетсе, айырылып қалам ғой.

 

– Жарайды.

 

– Онда, мен саған жіберейін.

 

Анатолий келіп, машинаға ие болды. Бір күні Құсни марқұм телефон соғады.

 

– Серік, Анатолийді бізге жіберсең қайтеді?

 

– Жіберейін.

 

Машинаға үйреніп қалған адам қолы қысқарып қалған болар деп ойладым. Құсни базарға, оны-мұны шаруаларына барып, қайтарады. Кейде Анатолий келіп: «Ғабең шақырып еді», – дейді. Сонымен машинаны кезек міне бастадық. Бұл жағдай екі үйдің өзара жақындасуына себеп болды.

 

Ғабеңнің бəйбішесі Құсни маған өте тəрбиелі адам сияқты көрінетін. Əуелі барып жүрген кездерімде оның жұмыс істеп отырған күйеуінің үстіне баса көктеп кірмей, түскі тамақ кезінде есікті екі рет тықырлатып кеткенін көріп едім. Осының өзінде тəрбиеліктің белгісі болатын. Кейін араласа жүріп байқағаным – Ғабең сол үйдің ерке баласы сияқты екен. Еш уақытта əйелге есеп берген кісі емес. Келем деген уақытында келеді, кетем деген уақытында кетеді. Құснидың осы мінезділігін, төзімділігін Ғабеңнің пайдаланып кететін тұстары да аз болмаған. Ол кісінің серілігі, жүріс-тұрысы көпке аңызға айналғаны белгілі. Құсни Ғабеңнің еш ісіне араласпайды, отбасына, ас-суына ғана ие.

 

Құснидың төзімділігін пайдаланудың бір көрінісі ретінде Рая Мұхамедияровамен алғашқы танысып жүрген кездерінде оны үйіне қонаққа шақыруын айтуға болады. Кіші қызының туған күнін атап өтуге жиналған кешке Рая келеді.

 

– Мынау талантты жас – кино актриса, сенімен құрдас, танысып подруга болып жүріңдер, – дейді Ғабең қызына.

 

Екеуінің таныстығы елге мəлім болып қалған кез. Кешке шақырылған Сəбит пен Мариям, Ғабиден мен Зейне тұрып кетіп қалады. Құсни да түсінеді, той дастарқаны бұзылады. Бұл – елге белгілі жағдай.

 

Менің машинамның екеуінің қыдыруына да біраз қызмет еткенін білем. Анатолий – аңқылдақ жігіт, көрген-білгенін айтып келеді. Бірде оны өзім де көргем. Таңертең «Ғабең шақырып еді», – деп кеткен Анатолий түске шейін келмеді. Күн демалыс еді. Бір жерге қонаққа шақырылғанбыз. Жандосов, Морис Торез көшелерінің бұрышынан автобустан түссем, сол көше бойындағы бір будканың алдында менің машинам тұр. Таянып едім, артында қатар отырған Ғабең мен Раяны көрдім. Анатолий жоқ. Будкаға кірсем, темекі сатып алып тұр екен, маған көзін қысты да, шығып кетті. Олар кеткен соң мен де шығып жөніме тарттым.

 

 

 

 

Осындай жағдайлар Ғабең мен Құснидың арақатынасын біраз шиеленістіргені даусыз. Көп кешікпей Құсни ауруға шалдықты. Əуелде емделіп еді, кейін өзін керексіз сезінгендей, емделуін тоқтатып қойды. Ауруханада жатқан кездерінде біз Əлия екеуміз бір-екі рет барып қайттық. Ғабең Мəскеуде жатып алды. Ол кезде республикадағы Жазушылар одағы басшылары Одақтық Жазушылар ұйымының да хатшысы саналатын. Жылына бір-екі ай сонда кезекшілік қызмет атқаратын. Сондай хатшылар үшін Жазушылар одағының бөліп қойған үйі бар. Ғабең сонда кезекшілік қызметін атқарды. Қасында Рая бары белгілі болды. Құсни нашарлаған тұста жақын жолдастары, туыстары телефон соғып, хабар да берді. Бірақ о кісі Құсни қайтыс болған күні ғана келді. Құсниды жерлеп қайтып, Сəкен Сейфуллиннің 70 жылдығына арналған мəжілісті ашқаны (1964 жылы мамырда) да есімде.

 

Сол Құснидың артын жөнелтуге де Ғабең араласқан жоқ. Жетісін, қырқын, жылын қыздары əйелдерді жинап қана өткізді. Оны білгенім: бір күні Жұбан үйіне шақырды. Күн демалыс еді. Ғабитті шақырғанын айтты. Шəкен Айманов келеді деді, төртеуміз отырып карта ойнадық, тамақ іштік, кешке қарай тарастық. Ғабең, Шəкен үшеуміз Калинин көшесінің (Жұбан онда Төлебаев көшесінің бойында, Калинин көшесінен сəл төмен, қазіргі Мəлік Ғабдуллинге мемориалдық тақта қойылған үйде тұратын) бойымен ТЮЗ-ға қарай (Алматы қонақүйінің қазіргі орны бос тұрған Абылай даңғылы жақ бұрышында жастар театры болатын) аяңдадық. ТЮЗ-дың алдына келгенде, Ғабең бізге:

 

– Сендер маған бір такси ұстап беріңдер. Балалар шешесінің қырқын беріп жатыр еді. Оларға мешайт етпей-ақ қояйын, – деді. Такси ұстап Кизге кетті (қазіргі Жандосов пен Манас көшелерінің бұрышында ертеректе Қазақтың жер шаруашылығы институты болған. Сол əдетпен ел əлі сол ауданды Киз – Казахский институт земледелия дейді). Онда Рая тұратын.

 

Мен осы əңгімені айтқанда Мариям мен Зейне Құснидың қырқын Ғабитсіз қыздары əйелдерді жинап өткізгенін растады. Жетісін де, жылын да солай өткізгенін айтқан. Құснидың басына да көп уақыт ескерткіш қойылған жоқ. Жалпы Ғабең мұндай іске мəн бермей ме, салақ па, білмеймін, өзінің көзі тірісінде өлген үш қызының да ешқайсысына ескерткіш қоймады. Бірде карта ойнап отырып:

 

– Ел моланың басына үлкен ескерткіш қойғанды салтқа айналдырып алыпты. Бұл дұрыс емес. Топырақтан жаратылған адамды жер қойнына берген соң шаруа бітуі керек. Бұрынғы қазақтардың қабірін жел айдап, құм, топырақ басып қалатын, жер қойнауына алатын, – дегенін естігенім бар. Мен оны өз жасағанын ақтап отырғаны ғой деп ойлағам. Кейін ғана ой тоқтаттым. «Бұл дүниенің қысасы о дүниеге кетпейді» деген емес пе, Ғабеңнің өз басы да ұзақ жылдар иесіз жатты.

 

Құсни өлгеннен кейін көп ұзамай-ақ Ғабең Раяны кіргізіп алды. Сол жылдары о кісі Жоғарғы кеңестің төрағасы болатын. «Алатау» шипажайының (Қалқамандағы «Алатау» емес, Министрлер кеңесінің екінші демалыс үйінің арғы қасындағы қазіргі балалар шипажайы) арғы жағында 15 нөмірлі саяжай сол қызметті атқарушыға бөлінген. Бұрын Сақтаған Баишев тұрғанын көргенім бар. Сол саяжайға шыққанда, жазда үйленді. Үйленер алдында Сəбит пен Ғабиденді шақырып ақылдасыпты деп естідік. Сəбең тым асығыс үйленуіне риза еместігін айтып кетіп қалыпты. Ал, Ғабиден – құрдасы, əзіл-қалжыңы жарасқан, батыл айтатын адам. «Əй, сен пайғамбар жасына келдің. Елдің жас əйеліне зорлықты көп жасап едің, алдыма келеді деп ойламайсың ба? «Кіші қатын кісі қатыны» дегенді ұмыттың ба?», – депті. Бірақ оларды тыңдаған Ғабит жоқ, үйленді де тынды. Раяның сол үйде жүргенін біз кезекті бір карта ойнауға барғанда көрдік. Сол жылы сол саяжайда Ғабең өзбек жазушыла-ры мен өнер қызметкерлерінің үлкен бір делегациясын қабылдады. Қазақ жазушыларынан да көп адам шақырған екен. Ішкі бөлмеге сыймай, есікті ашып қойып, біразымыз балконда отырғанымыз есімде. Сонда қонақты Рая күтті.

 

Сол жылы Интернациональная (қазіргі Сырбай Мəуленов көшесі) көшесіндегі, 129 нөмірлі жазушылар үйі бітіп, бəріміз содан үй алып кіргеміз. Мен де төрт бөлмелі үй алғам. Жаңа үйдің құрметіне көршілер жиналып, кезектесіп қонақ шақырысқан. Ішіне одақтың басшысы, үй бөлуші Ғабитті Раясымен қосқан. Рая екіқабат екен. Асық жіліктің асығын тазалап, ырым етіп Ғабиттің қалтасына салғандар да болған.

 

1965 жылы қазақ жазушыларының үлкен бір тобы Батыс Қазақстан өлкесінің үш облысын (Ақтөбе, Орал, Гурьев) аралауға шықтық. Деле-гация басшысы – Ғабит. Екі топқа бөлінген жерде бірін Жұбан басқарып жүрді. Сонда Шалқарда бір қарт шопанмен əңгіме үстінде Ғабиттің пайғамбар жасына келгенін, жас тоқалы, кішкене қызы барын айтып мақтанғаны да есімде.

 

 

 

 

Раяның келуімен Ғабиттің компаниясы кеңейді, театр, кино, өнер адам-дары ішінен карташылар да, қошеметшілер де молайды. Жалпы Ғабең топ құрып, шулап отырғанды жек көрмейтін. Қошеметшіл əйелдермен де «тоғызыншы балл», лото, карта ойнап отыра беретін. Уақытын да аямайтын. Менің сондай тұстарда ұлы жазушының босқа кеткен есіл уақытына ішім ашитын. Осындай шулы компания кейін Ғазизаның тұсында да Ғабеңнің көп уақытын жеді. Қыста «Алматы» шипажайында демалып жатқан Ғабеңнің артынан карта ойнаған əйелдерді де көргенім бар. Бір қызығы – Ғабең соларды қабақ шытпай қарсы алады. Көкала түтіннің ортасында (о кісі темекіні көп тартатын жəне отырған орнында түтіндете беретін) сау адамның басы айналатын жағдайда ойнап отыратын.

 

Ғабең мен Раяның тату өмірлері ұзаққа созылған жоқ. Бір екі мысал келтірейін: Раямен қосылған кездің алғашқы айларында біз карта ойнауға шақырылдық. Барсам, Ғабиден, Жұбан келіпті. Төртеуміз ойынға кірісіп кеттік. Түс мезгілі болғанда, Рая келіп үстелге шақырды. Тұрып, қол жуып қайтып келсем, Ғабиден үстелдің төменгі арақ-шараптар қойылған басында ас-дəмге қарап тұр екен. Үстел мол əзірленген. Бəрі бар десе де болады. Жұбан:

 

– Мына шал бір кінəрат іздеп тұр, – деп күлді. Айтқандай, тұрды-тұрды да, есіктен кіре берген Раяға қарап:

 

– Лимонад бар ма? – деді.

 

Рая сасып қалды.

 

– Ағай, ол бала ішетін нəрсе ғой деп алмап едік, – деді.

 

– Бұл иттің үйінде аяғы лимонад та болмайды, – деді Ғабиден құрдасын мұқатып.

 

Осындай мол үстел дайындап күткен Рая бірер жылдан кейін-ақ осы елгезек, қонақжай мінезінен айни бастады.

 

1964 жылы Сəкен, Бейімбет, Ілияс – үшеуінің туғанына 70 жыл толған. Сол жылы Сəкен тойы атап өтілді. Тойларды қабаттастырмау үшін жəне жақсылап дайындау мақсатында Бейімбет пен Ілияс тойлары келесі, 1965 жылға қалдырылған. Олар сол жылы өтті. Ілияс тойы туралы хабар келген. Шақыру алсам да, бір шаруаларым болып, бара алмайтынымды айтқам. Бір кезде телефон шылдырады. Ғабиден екен.

 

– Əй, не қып жатырсың? – деді ол бірден.

 

– Не қылайын, үйдемін.

 

– Мен мына иттің үйіне келіп едім (Ғабитті айтады). Ертең Ілияс тойына ерте жүреміз. Осында келіп қон деп шақырып еді (Ғабиден тауда саяжайда, Ғабит қалада тұратын). Үйінде ешкім жоқ, ішім пысып өлем ғой. Келсеңдерші, бірдеңе айналдырайық. Жұбан қайда? Мен Жұбанға телефон соқтым да, екеуміз келе қалдық. Ғабит те үйде жалғыз екен. Төртеуміз ойынға кірістік. Кешкі сағат 5-тің шамасы болатын. Түнгі 12-ге дейін ойнадық. Ас-су дайындап жатқан ешкім байқалмайды. Рая есікті ашып қалып, бізді көрді де, амандаспастан жаба салды. Содан қайтып көрінген жоқ, ойын біткен соң біз үйлерімізге кеттік.

 

– Əй, сендер үйлеріңе барып, шай ішесіңдер-ау, мен мына иттің үйінде аш жататын болдым ғой, – деп Ғабиден қалды. Ғабитте үн жоқ.

 

– Сол қалпымызда аш жаттық та, таңертең оразамызды ашпастан жолға шықтық, – деді кейін Ғабиден. Рая сол қалпында көрінбей қалған. Күйеу сыйлаған, оның қонақтарын құрмет тұтқан əйел сүйте ме?

 

Араларындағы келісе алмаушылық бірде жұмсарып, бірде шиеленісіп жүріп, ақыры айырылысып тынды. Ғабең басшыларға барып, Раяға бөлек үй əперіп, шығарып салды.

 

Жас адаммен отаса алмаған Ғабең енді өзін күтетін, егде адам іздеді. Сонда тапқаны – Ғазиза. Ғазизаны мен көптен білем. Кезінде Мұқаңа машинистка болған. Мұқаң оған екі бөлмелі жақсы үй əперген (қазіргі Қарасай, Сейфуллин көшелерінің қиылысында). Ғазиза апай ол үйіне Мұқаңды Валентина Николаевамен қонаққа шақырып, рахмет айтқан, менің соған да қатысқаным бар. Біздің мұндайлық дəрежедегі жақындығымызға менің жерлес, бірге өскен жолдасым Жиенбек Рсалдин себепкер болып еді. Жиенбектің əйелі Ғафура – Ғазизаның сіңілісі. Араласпыз. Бəріміз Ғазизаны апай деп құрметтейміз. Еті пысық, бірақ жесірліктің зардабын көп тартқан адам. Күйеуі əскерден қайтпаған. Сіңілісінің бір баласын асырап алған, ол да ержетіп, үй болып кетті. Қолында шешесі бар еді, ол қайтыс болған. Жалғыз. Осындай күйде Ғарифолла Құрманғалиевтердің таныстыруымен Ғабитке жолықты. Тез келісті. Бұл келісімде де есеп бар еді. Ол кейін мəлім болды. Ғабит: «Ғазиза шебер машинистка, араб, қазақ шрифтерінің бəрін жақсы оқиды, таза басады, менің оны-мұны қағаздарымды ретке келтіреді», – деп ойлады. Оны өзі кейін айтқан. Солай ойлап едім, ол ойым іске аспады деген. Ал, Ғазиза болса, өмір бойы жалғыз, жетімсіздікте өскен əйел қартайған шағында Ғабиттің арқасында дұрыс өмір сүруді ойлады. Бұл ойын іске асырды да. Алғашқы кезде Ғабиттің қағаздарын басуға көмектескенмен, еті үйрене келе: «Мен саған машинка басу үшін келгем жоқ», – деп, машинкасын тастады. Еріккен, қолы бос əйел жиынтой, карта ойнау сияқты топтың ұйытқысына айналды. Өзі де мұндайды жек көрмегенмен, шектен тыс режим бұзу ұлғайған Ғабиттің басын айналдырып жіберді. Қонақ күту, қабылдау жағына да Ғазиза жанын ауыртқан жоқ. Ғабитке барған адамдар құр ауыз шығатын болды. Бұрын қарапайым көрінетін Ғазиза «Ғабиттің əйелі» деген аттың буына пісіп шыға келді. Біздің үйде қонақта отырып, Мариямға: «Сен Сəбиттің қатыны болсаң, мен Ғабиттың қатынымын», – дегенін естіген жұрт жағасын ұстаған. Мəкең төзімді, мінезді кісі ғой, үндемеді. Біз бұрын жақсы көріп жүрген апамыздың өрескел сөзіне, мінезіне абыржып қалдық. Ғазизаның қатыгездігінен қажыған тұста Ғабеңнің қыздарын сылтау етіп, Раяға кетіп қалып жүргенін, кейде сонда қонып та қалатынын жақын адамдары қазір еске алып жүр. Ал, өлер алдында Ғазизаның зорлап жинақ банкісіне апарып, бар жиған-тергенін өз атына жаздырып алғаны көпке мəлім, ол жайлы көзі көргендер баспасөз бетінде талай жазды.

 

Ғабитпен бажа болған соң Жиенбектің де жалы күжірейіп шыға келді. Əкесі 1937 жылы ұсталып, шешесі тастап, күйеуге тиіп кеткен жетім жігіт еді. Мектепке бірге барған едік. Мені паналап Алматыға келген соң қолымнан келген көмегімді аяған жоқ едім. Консерваторияға оқуға түсуіне көмектестім, үйімде тұрды. Ғафураға да қолымнан үйлендірдім. Сол Жиенбегім Ғабит екеуміздің арамызға сөз айтып, шалды маған тағы қарсы қойды. Бір күні барсам, Жиенбек үйінің төріне Ғабиттің үлкен портретін іліп қойыпты.

 

Күлдім.

 

– Баяғыда үйде Сталиннің суреті ғана ілінуші еді. Басқа көсемдерді кеңсеге ілетін. Сенің көсемің Ғабит болған ба?

 

Осы сөзім алдымнан шықты.

 

– Сен, немене, менің суретімді Жиенбектен қызғанасың ба? – деді бір көргенде сызданып Ғабең. Содан көп уақыт ресми амандықтан аспай жүрді. Оның сол көңіл күйі мен академияның сайлауына түскен күндерде де алдымнан шықты. Жиенбек те хабарласуын қойды.

 

Ол осындай отбасылық өмірдің тартысында жүріп өмірден өтті. Қайтар алдында Раядан туған кіші қызын ұзатты. Құдасы – өзінің жерлесі, Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, белгілі гидрогеолог Серік Мұхамеджанов еді, оны өзі ризалықпен қабылдап, тойын «Жетісу» (Панфиловшылар паркіндегі) мейрамханада өткізді. Той үстінде көңілді отырды, ұзақ, аяғына шейін отырыпты (біз ертерек кетіп қалғанбыз), үйіне барған жерде приступ болып ауруханаға түскен. Содан тұра алмады.

 

 

 

 

Жалпы шалдардың мінездері қызық еді. Мүмкін, заманы солай қалыптастырды ма екен? Бірдеңе естісе, қолма-қол өкпелеп шыға келетін. Оларды өкпелету үшін жамандау да қажет емес, екінші біреулерді мақтаудың өзі жеткілікті. Қаншама мақтау естіп жүрсе де, басқа біреудің атына айтылған жылы сөз оған жетіспей тұрғандай көрінетін, маған неге арналмады екен деп отыратын. Кейде қалжың сөздің өзін ауыр алатыны да болады.

 

Ғабит мінезі басқа шалдардың бəрінен де ауыр еді. Карта ойнап отырып, быт-шыт боп ашуланып, картаны тастап, отырған үйдің асына қарамай кетіп қала салу ол кісінің əдетінде жиі болатын. Қонақ үстінде ашуланып, тұстас құрдастарына бутылка лақтырған да шағы болған. Бірге жүрген, əзіл-қалжыңы жарасқан достарының үстінен арыздар түсіп жатқан кезде оған ара түсу орнына «шоқ, шоқ» мінез көрсеткені де жасырын емес. Лениндік жəне Мемлекеттік сыйлықтар комитетінде қазақ жазушыларының шығармалары талқыланғанда, оларға қолдау жасамағаны да мəлім. Мен мұның бəріне басқаша көзбен, түсіністікпен қараймын.

 

Ғабит – үлкен шебер жазушы. Оның өнері, алдымен, тілінде. Ал, тіл деген аударылмайды. Ғабит шығармаларының орыс тіліне өз дəрежесінде аударылмай жүргенінің өзі жазушы тілінің өрнектерін жеткізе алмаудан. Сондықтан Ғабит кітаптары орыстардың назарына аз ілікті. Қазақ жазушыларынан орыстар алдымен М.Əуезовті таныды. Одан кейін

«Шығанақ», «Миллионердің» кезінде Ғабиден көзге түсті. «Ботакоз», «Сырдариямен» Сəбит көрінді. Өзін осылардан кем санамайтын, тіпті қайсыбіреулерінен тəуірмін деп есептейтін Ғабит олардың табыста-рына, сол себептен, қуана қоймады, оны ішкі қызғаныш, пендешілік сезім жеңді. Осы жағдайлар оның жүйкесіне əсер етті. Өзі Жазушылар одағының басшысы болып, одақтық ұйымның хатшысы болған тұстарда орыстар оның өзін танығанмен, шығармаларын мойындап үлгермеді, «Ұлпаны» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, кейін түсіп қалды . Оны-мен бірге ұсынылған Жұбан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болып кетті. Осындай жағдайда Ғабеңді пендешілік мінездердің жеңіп кеткені жасырын емес.

 

Өскен, қызмет істеген замандары да соған тəрбиелеген болар, Ғабең қайшылықты, күрделі кісі еді. Ол кісі уəде берді деп малдану қиын бо-латын. Белгілі бір жағдайларға қарай өзгеріп, айнып кете салатын. Крес-лоны жек көрмейтін, креслосы бар адамға жалтақтау əдетінде бар еді. Жайшылықта басшылықты ұнатпай, оның кейбір істеріне сын көзімен қарап, оппозициядағы адамша көрінетін ол бетпе-бет келгенде басшылар алдында сол пікірлерін айтпайтын . Отызыншы жылдардан бастап басшы қызметтерге араласқан ол басшы алдында пікірін ашық айту неге апа-рып соғатынын жақсы білген. Сол əдетінен кейін де өзгерген жоқ . Мұны мен Орталық комитетте істеп жүрген кезде байқағанмын, кейін де Жа-зушылар одағының президиумында , секретариатында бірге мүше боп жүрген кездерде де аңдадым. Екі рет 60 жəне 70 жылдығымен құттықтап, Д.А.Қонаевтың алдына бірге барғанымыз (секретариат мүшелері) бар. Сол кісінің алдында да шешіліп сөйлегенін көргенім жоқ. Қайта Ғабиден ойындағысын ашық айтатын, жалтақ емес еді. Əнуар Əлімжанов пен Ол-жас Сүлейменов одақ басшылығына сайланарда да Ғабиттің: «Қазақ тілін білмейді, қазақша кітап оқымайды , бұл – ұлт əдебиетіне зорлық қой», – деп талай жерде айтқанын естідім. Бірақ оларды сайлайтын пленумдарда сөйлемеді. Олжас Жазушылар одағына бірінші хатшы болайын деп жа-тыр деп естіген бір «досы» Ғабитке барыпты. Ғабең ол кезде ауруханада жатқан. Осы хабарды айтып, Қонаевқа барып , тоқтатуды сұраған. Ғабең Ғабиденге телефон соғады: «Мен ауруханада жатырмын. Сен Қонаевқа бар, екеуміздің атымыздан айт, мынау сұмдық қой, əдебиет қазақ əдебиеті болудан қалады ғой», – депті. Келген жігіт Ғабиденге барып, оны алып келеді. Қонаевқа бірден кіре алмайды, идеология жөніндегі хатшыда болады. Ол мəселенің шешіліп кеткенін, енді ол кісіге кірудің қажетсіздігін ескертеді. Салы суға кетіп Ғабиден мен Олжастың «досы» қайтады. Сөйткен Ғабеңнің Жазушылар одағының кезекті бір пленумын-да: «Олжастың одаққа келгені жақсы болды, оны жіберген Қонаевқа рах-мет!», – деп сөйлегенін бəріміз де естігенбіз.

 

Тағы бір мысал: Ғылым академиясында сайлау өтетін болып, академиктік орынға Əбділда Тəжібаев пен Зəки Ахметов таласты. Жоғарыда айтқан Олжастың «досы» əрнəрсеге араласқыш. Сол Ғабитті, Əбділданы қосып қонаққа шақырады. Əбділданы қолдауын өтінеді. Ғабит тебіреніп сөз сөйлейді, Əбділданың əдебиетке қосқан үлесін, əлдеқашан академик болуы керектігін айтады. Жиналған жұрт риза болысып, Ғабит қолдаған соң сайланып қалғандай көріп, Əбділданы құттықтай бастайды. Сайлау үстінде Орталық комитет те, академияның басшылары да Зəкиді колдайды. Димекеңнің сəлемін жеткізеді. Осы кезде Ғабит сөйлеп: «Ал, жігіттер, тұрып дауыс берейік, Димекең айтса, не тұрыс бар? Зəкиді қолдайық», – деп орнынан тұрады. Серікбай Бейсенбаевқа бұрылып: «Сен, Серікбай, бұра тартпа, Зəкиге дауыс бер», – деп оны үгіттейді. Сөйтіп сол жылы Зəки Ахметов академик боп сайланды. Əбділда сол сөзінен кейін Ғабитпен тіпті суысып кетті.

 

Ғабиттің əдебиет, əдеби шығарма жөніндегі екіұшты пікірлері де аз емес. «Абай» романының алғашқы кітабы шыққанда «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында отырып: «Мылжың кітап, маған берсе, тең жартысын қысқартар едім», – дегенін, кейін сол романды мақтап мақала жазғанын Мұқан Иманжанов таңғалып айтатын еді. Мұқан – өтірік айтпайтын адам. Ғабеңнің жазушылығын сыйлайтын, өзі құрметтейтін жазушының əлгіндей екі сөйлегеніне таңырқайтын. Тұрсынзада Есімжановты мақтап, оның кітабына алғы сөз жазып, кітап Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда, бұғып қалғанын мен көзіммен көргенмін.

 

Əрине, бұлардың бəрін мен Ғабитті мұқату мақсатында жазып отырғаным жоқ. Естелік болған соң, есте қалған жақсы-жаман қылықтардың бəрі адал, шын айтылуы керек қой. Тарих мақтауды да, даттауды да көтермейді. Барды барша, жоқты жоқша айтуды сүйеді. Біртіндеп ұлы адамдардың пендешілік қылықтары ұмытылады. Артында қалатыны, ұзақ сақталатыны – олардың кітаптары. Ғабит те тарихта шығармаларымен қалады.

 

 

 

 

Ғабиттің құрдастарымен қарым-қатынасы бір келкі болмағанын сөз еттік қой, кезінде Сəкенді өкпелетіп алғанын өзі де, көргендер де айтатын, Мұхтармен арасындағы əңгімені Əлжаппар Əбішев талай жазды. Сəбитпен де, құдалығына қарамай (Ғабиттің үлкен қызы Ғалияға Сəбиттің үлкен ұлы Арыстан үйленген ) бір қалыпта қалтқысыз көңілмен өмір сүрді деу қиын. Құрбыларының ішінде қатты сыйласқаны – Ғабиден. Екеуі құрдас, бірге карта ойнайды, қатты қалжыңдасады. Бірін-бірі көргенде шыдап тұра алмайды, «тазды таз көрсе, басы қышиды» дегендей, міндетті түрде бірдеңе айтып, қажап отыруды əдетке айналдырған. Солармен бірге болған күндерде өзім куə болған екеуінің қалжыңы, əзілі, ойыны жайында кезінде Ғабиден туралы естелікте жазған едім. Оларды қайталамай-ақ қояйын. Ғабиден үйіне келгенде Ғабит біресе арақ ішем деп, біресе коньяк ішем деп, «мынаның екеуі де татымсыз екен, шампанская аш» деп, əйтеуір барлық бутылкаларын аштырып рəсуа етіп кететін. Бір жолы қызмет еткен мен: «Не құяйын?» – деп сұрағанымда, «Ағаңның арағын аяйсың ба? Əрқайсысынан құйып қой, қалағанымызды ішіп отырайық», – деген. Ғабиденді сараң деп қажайтын еді, мынасы – соған жасаған қысастығы.

 

Ғабиден де ақысын жібермейді. Бір жерде екеуі қатысып карта ойнапты. Ғабит «Мизер» десе, Ғабиден «тоғыз» деп басып алыпты. Жерден алған картасы нашар болғанына қарамастан, Ғабиден «10» деп жариялайды. Ғабит картасын тастай салады. Сөйтсе, қолында «8» ойыны бар екен, соған тəуекел етіп ойнаса, жерден карта шықпайды. Тоғыздан құлаған не, оннан құлаған не, тəуекел, бұларды қорқытайын деп, 10 жариялапты. Сөйтіп, алдап кетіп, «қорқақ» деп Ғабитті мазақ ететін. Осы мінезін Жұбан екеумізге де бір қайталағысы келіп еді, біз сезіп қалып, ұстап алғанда «əлгі итті сөйтіп қорқытып ала беруші ем» деп құрдасын еске алғаны бар.

 

Жоғарыда айттым ғой, алпысыншы жылдардың аяқ кезінде бір жазда екеуі де инфаркт алып, тауға шықпай, қалада болды. Демалыс күндерін Дмитриевканың арғы жағындағы бір өзен алқабында, ағаш ішінде өткізетін. Бір жолы одақтың үлкен «Зил» машинасының үстінде жеткенше карта ойнадық. Ғабеңнің жаңа алған бір туфлиі бар екен, біреуі аяғын қысып, шешіп қойып отырды. Ғабиден оны ақырын аяғымен сырғытып, машинаның есігін ашып, насыбайын түкірген болып, түсіріп кетті. Машина тоқтаған жерде Ғабит туфлиін таба алмай, ақыры Ғабиденнен көріп тынды. Дмитриевка селосына машина жіберіп, аяқ киім алдырып, киіп қайтты.

 

Екінші бір жолы, содан бір жеті кейін, демалыс күні тағы сол жерге бардық. Ғабиден, Ғабит, Ғали, мен – төртеуміз едік. Əйелдерден Құсни мен Ғалекең бəйбішесі Айтбала ерген. Зейне мен Əлия бара алмай қалған. Екі əйел тамақ дайындағанша, біз карта ойнап, тамаққа таяғанда, жуынып, бой сергітейік деп өзенге суға түстік. Ғабит асығыс киінді де, алды-артына қарамай кетіп қалды.

 

– Ана ит бірнəрсені бүлдіруге кетті, – деді Ғабиден. Артынан ере жүрді. Біз де аяңдадық. Келсек, Ғабиденнің ағаш бұтағында ілулі тұрған пиджагын тығып тастапты. Ғабиден барып, оның карта ойнаған жерде жатқан көзілдіріктерін жинап алды. Екеуі беріспей біраз отырды да, енді райларынан қайтқан кезде, Ғабит пиджакты қай ағаштың түбіне тық-қанын таба алмай қалды. Бəріміз іздеп таппадық. Сол күні Ғабиден пиджаксыз қайтты. Мұндай əзілдері көп болатын.

 

 

 

 

Ғабең – темекіні көп тартқан адам. Бірін сөндіріп, екіншісін тартып, бұрқыратып отырғаны. Мүштүктен тартады. Жайшылықта жинақы, таза адам, темекі тартқанда, оның күлін бір жерге түсіріп отыруды да ескермейді. Темекі күлі кез келген жерге үгіліп түсіп жатады. Ол тамақ ішіп отырған дастарқан ба, карта ойнап отырған үстел ме, бəрібір. Сонсоң үстел үстіне түскен күлді үріп, отырғандардың үстіне шашыратады.

 

– Ит, жеген боғыңды дұрыстап жемейсің бе? – деп боқтайды Ғабиден. Менің бірде (инфаркт алған кезде):

 

– Осы темекі денсаулығыңызға зиян емес пе, тым көп тартасыз, – дегенімде:

 

– Сен білесің бе, сүрленген ет көпке шыдай ма, жас ет шыдамды бола ма? – деп кері сұрақ қойғаны бар.

 

Суреткер адам ғой, образбен ойлап отыратын. Бірде ауруханада жатқанда көңілін сұрап барған маған:

 

– Мен пеницеллиннің образын таптым, – деді, – ол өрт сөндіруші екен. Өртті сөндіргенмен, үй ішін түгел талқандап, бүлдіріп кетеді. Пеницеллин де сондай, ауруды жазғанмен, денеңді, іш құрылысыңды ойрандап кетеді екен.

 

Əдемі табылған образ. Ойға келмеген. Ғабең ғана ойлап тапқан. Ғабең – қазақ жазушылары ішінде ең көп жасаған адам. Ғабиден екеуі құрдас еді. Қатар жасады. Ғабең Ғабиденнен бір жылға жуық кейін қайтты (Ғабиден қаңтарда, Ғабит желтоқсанда). 6-7 айдай үлкендігі тағы бар. Көп жасаған адам көп көреді. Қазақ жазушылары ішінде құрметті де, сыйды да көп көрген осы екеуі. Кейінгі ұрпақ өкілдерімен көп араласты. Ұлттық əдебиетіміздің өсіп жетілгенін көрді, талантты жаңа ұрпақты таныды. Құрдастарына жасаған мінезін кейінгі жастарға көрсеткен жоқ. Олардың жаңа шығармаларын оқып, көмектесті, қамқорлық жасады. Елуінші жылдардың басында Сафуан Шаймерденовтің «Болашаққа жол» атты тұңғыш романын қолдап, Жазушылар одағындағы талқылауда баяндама жасағанын көзіммен көргем. Сонда Сафуанға көп үміт арта сөйлеген. Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Мағауин жөнінде жазған «Екі Мұхтар» деген мақаласы көпке мəлім. Сонда екеуінің сəтті ізденістеріне қуаныш білдірген. Баяндамалары мен мақалаларында көптеген жастардың аттарын атап, əдебиет болашағын танығанын байқатады.

 

Өзінің айтуы бойынша, Сəкен ұсталарынан аз күн бұрын келіп: «Заман беті бұзылып барады, біз кетеміз. Сен аман қаларсың. Сені мынау үй (өлкелік партия комитетін айтады, Ғабит сонда істеген) сақтар. Кейінгі жастарға басшы боп сен қаларсың, соларға қамқор бол», – депті. Шынында, сол міндетті тағдыр Ғабитке жүктеді. Сəбит барда сонымен бөлісті. Сəбең де жастарға көмектесуден шаршамайтын еді. Ерте кетіп, артын Ғабитке тастап кетті. Бүкіл əдебиет қауымы, үлкені бар, кішісі бар, оны аға тұтты. Атын да атамай «Ғабе» деді. (Ғабитті «Ғабе», Ғабиденді «Ғабеке» деуші ек). Елі де құрметтеді. Көп жылдар КСРО Жоғары кеңесіне, Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат сайлады, Орталық Комитетінің мүшесі болды. Ол көрген құрметті бұған дейін бірде-бір жазушы көрген жоқ. Сəкен, Бейімбет, Ілиястар қырықтан жаңа асқан кезінде өтсе, Мұхтар алпыстан аса, Сəбит жетпістен аса қайтты. Сондықтан Ғабитке деген халықтық құрмет арманда кеткен арыстарға деген ел ілтипаты еді. Сол ағаларына бұйырмаған атақ та Ғабитке тиісті болды. Қазақ жазушылары ішінен жалғыз Социалистік Еңбек Ері атанды. Екі рет (1957–1961, 1964–1966) одаққа басшылық жасады. Ол да ағаларына ерекше құрмет көрсететін. Олардың аттарын ілтипатпен атайтын, қылықтарын сүйсініп, сағынып еске алатын. Сəкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сəбит – бесеуін «алыптар тобы» деп атандырған да сол. Олардың əрқайсысы жөнінде естелік-эссе жазды. Мұхтар мен Сəбит қайтқанда тебіреніп сөйлегені көз алдымызда. Өзі де сол «алыптар тобының» арты болды.

 

Соңғы жылдары Ғабит Жазушылар одағының Ақсақалдар алқасын басқарды. Сонда əдебиеттің сапасы, көркемдік жетістігі, жастарды тəрбиелеу мəселелеріне зор көңіл бөлгенін ерекше атауға болады. Ол тіл білмеген, сөзді орнына қолдана алмаған адамды жазушы деп танымайтын. Оны талай айтты. Жазушы тілі, көркем əдебиет тілі тақырыбына оның сөйлеген сөздері, жазған мақалалары, жасаған баяндамалары – өз алдына бір кітап боларлықтай. Ақсақалдар алқасы көркем əдебиет тіліне арнап арнайы конференция өткізді. Алқаның тапсыруымен мен оны ұйымдастыруға қатыстым. Конференцияны да кіріспе сөзбен мен аштым. Ғабең сонда керемет баяндама жасап еді. Ұзақ сөйледі, көп материал келтірді, көп сын да айтты. (Конференция материалдары кітап болып басылды). Соның бəрі əдебиетке деген ағалық қамқорлық болатын. Ағаны еске алғанда, бұлар ешуақыт ұмытылмайды. Сондықтан оның еңбегін, кітаптарын қандай сүйіп оқысақ, есімін де құрметпен атаймыз. Қазіргі жаңа ұрпақта кешегі кеңес дəуірінде туған əдебиетке, жасалған өнер туындыларына оқымай, көрмей, білмей тұрып, қол сілтей салатын «соқырлық» пайда болғанын көріп жүрміз. Бұл – ұлттық мұраны өркендетпейді, оны сыйламауға үйретеді. Сол бір қиын заманда кім қалай өмір сүрді, не жазды, қалай жазды, оның өзі қандай жазушы, ақын, өнерпаз екендігін білу үшін олардың еңбегін оқу, көру керек. Тек осылай қарағанда ғана кімнің кім екенін түсінеміз. Ғабиттің де ұлы тұлға екенін білеміз, мойындаймыз.

 

1999


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар