Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сары ала машиналар

19.05.2021 1557

Сары ала машиналар

(естелік)

Желдей ескен жылдар-ай, сол жаздан бері де мiне, аттай шауып отыз жеті жыл өтіп кетiптi. Бақандай үш мүшел!

Бiз, Алматыға Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқу іздеп келіп Қаз МУ-дiң алдында табысқан бірнеше жiгiт, сол жылы жолымыз болмай оқуға түсе алмай, елiмiзге қайтқан едік. Сол кездегi қоғамның, Совет қоғамының бiркелкі тәртiбi болар, барлығымыздың тағдыр жолымыз бiрдей қалыптасып, ұқсас болып келетін.

Мысалы, мен өзім өскен Семей өңiрiне қайта оралып, сол жылғы мектеп бітірген сыныптастарыммен бірге комсомол-жастардың бастамасымен шопан болдым. Шопан отбасында туып өскен маған, әрине бұл таңсық шаруа емес. Бір қыс бас шопанның көмекшiсi болып iстеп шығып едiм, мамыр айында әскер қатарына шақырылып, сонау Карелия орманынан бiрақ шықтым.

Өзге де құрдастарым сияқты екі жылдық әскери міндетімді өтеп, Қаз МУ-ға қайтадан абитуриент болып құжаттарымды өткiзуiм сол еді, баяғы көз таныс жігіттермен қайта ұшырастым. Сол жылдары армиядан келген абитуриенттер емтиханға әскери киiммен кiретiн салт бар еді. Бұл ендi емтихан алушы апайлар мен ағалар аздап болса да жеңілдікпен қарай ма деген пиғылдан қалыптасқан болуы керек. Біз, әскери киінген жігіттер өзімізше бөлек жүріп, емтихан алдында бiр-бiрiмiзге бiлгенiмiздi айтып бөлісіп, оқығанымызды пысықтап, өзімізше бір қауым болып жүретінбіз. Емтиханды оңды тапсырғандарымыз жұбымызды жазбастан таяу маңдағы сыраханаға тартатынбыз. Ойхой, не айтылмайды дейсің ол жерде! Әрқайсымыз әскерде өз басымыздан өткен неше түрлі қызық жайттарды айтып, жатып кеп күлеміз. Өз мейрамымыз өзімізде бiр қызық дәурен еді.

Ақыры емтихан аяқталып, әлгi топтан талайымыз оқуға қабылданып, орайы келгендер күндізгі бөлімге, кейбірі кешкі-сыртқы бөлiмге қабылданып мәре-сәре болдық.

Шілде айының шыжып тұрған шағы. Күн сенбі. Жезқазғандық досым Қадыр екеумiз Иркутскiден ұшып келген Сәнатты самолеттен қарсы алып, Алматының ең думанды жерi, Горький атындағы демалыс паркiн бiраз аралап, шөл басуға парктың бір шетіне көлеңкелі жерге құрылған жаздық павильонға жайғасып отырғанымыз сол еді, сырттан үстiне жеңiн қайырып ақ көйлек киген, қою қара шашын шалқайта тараған сұңғақ бойлы, iрi денелі қызылшырайлы жiгiт ағасы кiрiп келді. Сырт келбеті, сымбаты келіскен азаматқа аңтарыла қарап қалдық. Осыны байқағандай ол да бiз отырған столға тіке тартты. Қасымызға таяғанда Қадыр екеумiз орнымыздан тік тұрып қол ұсындық. Ол да бiздi бұрыннан бiлетiн адамдай күлімсіреп амандасып, біз ұсынған орындыққа отырып, сол қолымен маңдайына сырғып түскен қою шашын артқа қарай бір сілкіп тастап, маған тіке қарады. Жанары сондай тұнық та, ойлы болып көрінді. Ішімнен «Не деген келiстi адам, не әртіс, не суретші, әйтеуір өнер адамы шығар» деп түйдім.

- Әй, сен бала, көптен көрінбей кеттің ғой, бірдеңе жазып жүрсің бе? - деді.

Шамасы менi бiреуге ұқсатты ма, әлде менiң өзiне әсерлене қарауымнан жазатындардың біреуі шығар деп топшылағаны болар. Мен нақты жауап бермей, «аға әлі жазамыз ғой» деп қойдым. Одан ары Сәнатпен Қадырға кезек көз тастап,

- Мына балалар кімдер? -, деп сұрады.

- Мынау отырған Қадыр деген бауырыңыз болады. Жезқазғаннан. Мынау менің қалыңдығым еді,- деп айта берiп едiм жұлып алғандай:

- Тек, қалыңдығым едің қалай, шығарып жіберген қалыңдығың ба?

- Жоқ, ағай, Құдай сақтасын, қазiргi қалыңдығым -, дедім жалма-жан қате айтқаным санама ендi ғана жетiп, жуып-шайған болып жатырмын.

- Е, солай деп жөніңе көш. Осы бiздiң жастар сөйлеу мәнерін бұзып барады. Осы шақ, келер шақ, өткен шақ дегендi парық қылмай сөйлейсіңдер.

- Жарайды аты кім қалыңдығыңның?

- Сәнат.

- О, атың жақсы екен қалқам, ең бастысы сирек есім екен. Қайда оқисың?

- Иркутскіде оқып жүрмін.

- Ту, "итжеккен" асып кетiпсiң ғой, елге қайт қалқам. Жақсы келін бол! Күйеуіңді сыйла, ерге қарсы шыққан әйелдің оңғанын көрген жоқпын. Тәрбиелі келіндерден ғана – тәрбиелі ұрпақ өседі. Халқыңды, салтыңды сыйла, - дедi сұқ саусағын аспанға кезеп.

Бағанадан бергі iшiлген сыраның әсері ме,

- Өзiңiз кiм боласыз, ағатай? - деді Қадыр өзі өскен өңірде "ағаны" "ағатай" дейтін салтпен.

- Мен, Мұқағали деген ағаң боламын, естіп пе едің?

Бағанадан бері бұл кім болды екен деп дал боп отырған басым, жырларын жатқа оқып, өзін бір көруге құштар болып жүрген атақты Мұқағали екенін ендi бiлiп, тіптен абдырап қалдым.

Сасқаным ба, дегбiрсiздiгiм бе бiлмеймiн.

- Аға, бір өлең оқып жiберiңiзшi,- дегенім.

Мұқаң маған жымия қарап,

- Сен не, қызталақ, манадан құйған сыраңды құндап отырсың ба? Мен қай жерге барсам да алдымнан "Мұқағали өлең оқы" деп тұрады. Оу, мен осы өлең оқымай, ақын болмай жай бiреу болып отыруыма мүмкіндік бересіңдер ме, қазақтар! - деді.

- Ойбай-ау, аға, ол не дегенiңiз? Рұқсат болса, сiздiң өлеңдерiңiздi өзiм-ақ оқып берейін, - дедiм де мәнерлеп оқи жөңелдім;

Аяқтап болып,

Махаббат дейтін сапарды,

Қозы мен Баян моласы, міне, атанды.

Қалауын қанша тапқаныменен, қара тас,

Қайырымсыз ата Қарабайдайын қатал-ды.

Жол түсіп, ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде,

Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.

Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде,

Бабаларының махаббаттары көмілген...

- Дауысың, мәнерiң жақсы екен, жаным. Өлеңді түсініп, жанымен оқыған адам –ақын адам. Жаны ақын адамдар олар. Өзің көріп пе едің Қозы-Көрпеш Баянның күмбезiн? Керемет ескерткіш қой ол дегенің, әлемде аналогы жоқ.

- Ой, аға, көрмек түгiлi түбiнде қозы баққанмын. Талай жаңбырда ішін паналап өскен орным ғой, - дедiм.

Ағаның мақтауының әсері ме, әйтеуір тағы да өлеңін оқығым келіп кетті де, таяуда "Лениншіл жастан" оқыған "Майгүлге" деген өлеңін бастап кеттім. Өлең аяқталарда басын төмен салып жылап отырып тыңдады. Ауыр күрсініп орнынан тұрып, сыртқа қарай беттедi. Бiз де артынан ере сыртқа шықтық. Адам көп, бiрi кiрiп - бiрi шығып жатқан көпшілік орны ғой. Анадай жерде бірнеше сары ала милиция машиналары келiп, тiзiлiп тұр екен. Екі-үш милиционер бiр жiгiттi солай қарай сүйреп барады, олардың соңынан екі-үш жігіт сауға сұрағандай қалысар емес. Бастапқы жiгiт ештеңемен шатағы жоқ, өз қызығы өзінде, әлде бiр әннiң қайырмасын барылдап айтып барады. Осының бәрін көріп тұрған Мұқаң, мені иығымнан құшақтап тұрып:

- Өлең қалай туады дейсiң бе? Ол былай туады, жазып алғын,-деді.

Машиналар, сары ала машиналар,

Машиналар, мастарды тасиды олар.

Қызыл жаға ағаңыз жетiп келсе,

Шалқып тұрған көнiлiң жаси қалар,

Машиналар, сары ала машиналар!

деп аяқ астынан төгiлте салды да:

- Жә, бауырым, бүгiндiкке осы да жетер, жақсы отырдық, - деп қолын ұсынды.

Мен әлi де бiрге болса екен деген қимастықпен,

- Аға, біз біраздан соң анау парктың шетіндегі "Демалыс" мейрамханасында боламыз, бiраз достарымызға бастаңғы жасамақпын, келiңiз, - деп өтініш жасадым. Мұқаң сәл үнсiз тұрып,

- Сағат нешеде боласыңдар? - деп сұрады.

- Кешкi сегiзде -, дедiм мен.

Кешке қарай біраз ауылдас қыз-жігіттер жиналып, "Демалыс" мейрамханасының бір қапталына ұзыннан стол жасатып, бiздiң некелесу рәсiмді бастап кеттік. Бір кезде қолында түбін газетпен ораған бiр шоқ гүлi бар, қасында көкбурыл шашын алдына қарай жатқыза тараған аласа бойлы, арық, қарасұр адамды ерткен Мұқаң залға кiрiп келiп бiзге қарай жүрді. Үстелдiң қақ ортасында қатар отырған бiз орнымыздан көтеріліп үлгергенше адымдай келіп: «Бақытты болыңдар!» -, деп гүлiн Сәнатқа ұсынды да, отырмастан қасындағы адамды нұсқап:

- Мынау, Тоқаш Бердияров деген ақын ағаларың, соғысқа қатысқан адам,- деді. Ана кiсi сұсты түрiн сәл жібітіп, басын әнтек изегендей болды. Жастар қаумалап ақын ағаларды үстелдiң жоғары жағына отырғызды.

Сәлден соң жұрт улап-шулап дегендей, көңiлдi отырыс басталып кетті де, ақын ағаның не айтқанын толық естіртпей, оны танитындар жеке-жеке қасына барып, қағысып, құшақтасып, ортақ әңгімеге келтірмеді.

Бір кезде залдың екінші жағында отырған егде тартқан адамдар тобы, соғыс ардагерлері болса керек, аккардеонмен кең таралған соғыс кезiнiң бiр сағынышты әнін бастап, ортаға шығып билей бастады. Мұқағали аға досын ертіп, зор дауысымен әлгі әнге қосылып, сол топқа араласып кетті. Олар да оны жатсынбай, қаумалап орталарына алып үлгерді.

Бұл менің ақиық Мұқаңды, қазақ жырының Хантәңірі – Мұқағалиды алғаш және соңғы көруiм екен. Келесі жылы, яғни 1976-жылы Үржардың "Қарақол" ауылында комсомол қызметiнде жүріп, радиодан Мұқағали Мақатаевтың ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болғанын естіп, ет жақынымнан айрылғандай, өзегім өртене өкси өкiндiм.

Өткен жазда отбасыммен Нарынқолға демала барып, Қарасаз ауылындағы Мұқаңның музей үйiне арнайы соғып, ондағы жiгiттерге осы оқиғаны айтып беріп, отыз бес жыл бойы жадымда жүрген аманат, жыр жолын жаздырып кеттім. Шын мәнінде өзi қимасына балаған, қызғышындай қорыған, туған халқының құлы бола журіп, Ұлы болған ақынның көп қазақтың жадында осындай жарияланбаған жырлары жалқы емес болар. Халқының ақыны болу деген осындай-ақ болар.

Белгібай Сахариев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мұқағали, Белгібай
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар