Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Саңлақ» оқырманға жол тартты...

02.06.2023 1220

«Саңлақ» оқырманға жол тартты 14+

«Саңлақ» оқырманға жол тартты - adebiportal.kz

Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын Дәурен Бақытқажыұлының «Саңлақ» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. «Саңлақ» атты бұл кітапты әлем қазақтары үздік спортшыларының энциклопедиясы десек те болады. Өйткені, кітапта елімізде ғана емес шет елдерде өмір сүріп жатқан 500-ден астам спортшылардың тарихы, жетістіктері фтото суреттерімен қоса берілген. Автор Дәурен Бақытқажыұлы бірнеше шет елдерді аралап сегіз жылдан артық уақыт тиянақты түрде зерттеп, құрстырып шыққан. 

Дәурен Бақытқажыұлының «Саңлақ» атты кітабының әдеби таныстырылымын ақын, ҚР Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Кешке белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы, Отандастар қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, ақын, «Аманат» партиясы Астана қаласы филиалының өкілі Әбдіғани Бәзілханұлы, ақын, диктор Серік Әбілұлы және автордың қаламдас, әріптестері қатысты.  

 

Әуелі сөз алған Несіп Жүнісбайұлы «Саңлақ» кітабын спортшылардың шежіресі деп жоғары баға берсе, Абзал Сапарбекұлы шетелдегі қазақтардың рухани өмірі, шығармашылығы туралы тереңнен сөз бастап Дәурен Бақытқажыұлының еңбегіне ризашылдығын білдірді. Ақын Әбдіғани Бәзілханұлы арнайы «Аманат» партиясының құттықтау хатын тапсырды. 

 

 

Сөз соңында Дәрен Бақытқажыұлына шығармашылық табыс тілей отырып, оқырманға «Саңлақ» атты кітабының алғы сөзін ұсынамыз. «Қазақ аз-ақ болғанымен, ғажап халық. Жер бетінде 200-ден артық мемлекет бар, соның ішінде Қазақстан жер аумағы бойынша 9-орында тұр. Осыншама ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр алқапты баһадүр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғағаны ақиқат.

Бабаларымыздың батырлығы мен батылдығы қанында тулаған қаншама ұл-қыздарымыздың жұлдызы жанып, бұл күндері халықаралық додада бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп, әлемге өздерін әйгілеп келеді. Қолыңыздағы бұл кітап әлемдік деңгейдегі қазақ спортшылары туралы.

Кітапқа қазақтың күш атасы атанған ең алғашқы әлемдік деңгейдегі қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпас, қазақ қыздарынан ең алғаш олимпиадаға қатысқан Моңғолиядағы Алданыш Рамазанқызы, Өзбекстаннан қазақтың ең алғашқы олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхаммед, Қытайдан халықаралық деңгейге ең алғаш шыққан палуан Солтікен Көкішұлы бастаған шетелден 150-ге жуық халықарлық деңгейдегі қазақ спортшысын және Қазақстаннан әлемдік, олимпиадалық деңгейдегі спортшыларды негіз еткен 350-ден астам қазақ спортшысын, жалпы 16 мемлекеттен 500 спортшының дерегін жинақтадық.

Ең алғаш бұл кітаптың бастамасын 2016 жылы «Қытайдағы қазақ спортшылары» деген атпен қазақ елінде шағын кітап етіп шығардым. Кейін Моңғолияда екі рет шығармашылық сапарда болып, ол жақтағы қазақ спортшыларын да өз алдына шағын жинақ етіп дайындадым. Ары қарай шетелдегі қазақ спортшыларын бір кітап етіп шығарсам деген ниетпен, Өзбекстан, Қырғызстанға барып, сол жақтағы қазақ спортшыларын топтастырып қайттым. Соңында Қазақстан спортшыларын да қосып, әлемдегі барлық қазақ спортшыларын бір кітап етіп шығарсам деген ойға келіп, барлығын топтап, міне, бүгін өздеріңізге «САҢЛАҚ» деген атпен кітап етіп ұсынып отырмын.

Осы кітапты құрастырып, жазу барысында әр түрлі мақала және кітаптарды оқуға тура келді.. Бірақ шетелдегі, Қазақстандағы қазақ спортшыларын қамтыған анықтамалық кітапты кездестірмедім. Сосын ары-бергі шетелдегі шетелдегі қазақ спортшылары туралы кітап шығарсам деген ойға келдім. Алла қолдады, мінеки сол арман орындалды. Алайда кемшіліксіз іс болмасы анық. Мүмкіндіктің шектеулігіне байланысты әлі де талай тұлғалар осы кітаптан тыс қалды. Сол кірмей қалған спортшылардан кешірім сұраймын. Келесі кезеңде қалған спортшыларды толық қамтуға тырысамын. Ол енді келер күннің еншісіндегі дүние.

Сөз соңында осы кітапты жазуда қол ұшын берген ақеділ жандарға өз алғысымды айтқым келеді!

Ендеше өздеріңізге жол тартып отырған осы кітапты, кемшілігі болса толықтырып, артығы болса кешіріп, қабыл аларсыздар, ардақты оқырман».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар