Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Салауат Кәрім. «Ақша – зұлымдық» немесе Лев Толсто...

02.10.2023 1792

Салауат Кәрім. «Ақша – зұлымдық» немесе Лев Толстойдың Нобель сыйлығынан және материалдық байлықтан бас тартқаны туралы

Салауат Кәрім. «Ақша – зұлымдық» немесе Лев Толстойдың Нобель сыйлығынан және материалдық байлықтан бас тартқаны туралы - adebiportal.kz

Қайтыс боларынан үш жыл бұрын швед ғалымы және кәсіпкері Альфред Нобель өсиет қалдырады, ол өзінің өсиетінде артында қалып бара жатқан жеке мұрасының негізгі бөлігін Швед Корольдік Ғылым академиясына ғылым мен өнердегі ең маңызды және озық жаңалықтарды марапаттауға берілетін қор құру үшін жіберілуін талап етеді. Сонымен бірге Альфред Нобель: «Мен мұны міндетті түрдегі шарт ретінде санамасам да осы күнге дейін халықтар мен үкіметтер арасындағы ескішілдікке қарсы күресте өзінің ісімен және сөзімен қол жеткізгендерге ерекше назар аударғанды қалар едім», – деген өсиет қалдырады.

Ғалымның өсиеті орындалды, 1901 жылдан бастап Нобель сыйлығы беріле бастады. Әдебиет саласындағы ең бірінші Нобель сыйлығы 1901 жылы француз ақыны Рене Сюлли Прюдомға берілді. 

Бұған бүкіл әлемнің әдеби жұртшылығы: «Иә, француз ақыны сезімтал, өткір ақын шығар, ізгі ақын-ақ болсын, бірақ әдебиетшілердің алдыңғы қатарынан емес, мұндай сыйлықты, әлемге танымал, данышпан, кемеңгер жазушы Лев Толстой тірі жүргенде басқаларға беру үлкен қателік. Бұл әділетсіздік!» - деп кәдімгі ашуланып, шулайды, осыдан кейін әлемде орыс жазушысын «Нобельге» ұсыну халықаралық науқаны басталады. 

ХХ ғасырдың басында Лев Николаевич Толстой Нобель сыйлығына 1902, 1903, 1904 және 1905 жылдары, яғни, жыл сайын 4 мәрте ұсынылды, 1902 жылы Нобель сыйлығы неміс тарихшысы Теодор Моммзенге, 1903 жылы норвегиялық жазушы Бьёрнстьерне Бьёрнсонге берілді, 1904 жылы провансалдық ақын Фредерик Мистраль мен испан драматургі Хосе–Эчегарай –и-Эйсагирреге, ал 1905 жылы поляк классигі Генрик Сенкеевичке табысталды.

Еңбегіне қарай өнбегі демекші, әлемдегі беделді әдеби сыйлыққа қомақты ақшалай сыйақы қоса берілетінін ескерсек Лев Николаевич марапат сыйлыққа күмәнсіз лайықты еді, сыйлықтың құрылған жылынан бастап Толстойға неге сыйлық берілмеді деген сұрақтар оны сүйіп оқитындарды мазалай берді. 

Толстойдың жан дүниесін терең білмей, оның сыйлыққа ұсынылуына қарсылар да болды. Толстой номинацияға ұсынылған сайын Швед Ғылым академиясының хатшысы Карл Вирсен: «Толстой өркениеттің барлық түрлерін айыптап, олардың орнына жабайы өмір салтын ұстануда, жоғары мәдениеттің барлық институттарынан қол үзді», - деген пікірін білдіреді.

Карл Вирсеннің бұлай деуіне бір себеп бар еді, алғашқы жылдары Нобель сыйлығын беру идеологиясы әлі толық қалыптаса қоймады, пікірлер әр түрлі болатын, сыйлық авторды материалдық ынталандыру құралы ғана емес, моральдық тұрғыдан лауреат таза болуы керек және алған сыйақы қаржысымен бейбітшілік пен ізгілік үшін бөлісуі керек делінді. 

Ал Лев Толстой орыс духоборларының Ресей үкіметінің қудалануына қарсы Канадаға кету құқығы үшін күресті, Толстой сыйлық алса, оларға ақша беретінін ашық айтты. «Бұл адамдар қолдарына қару алудан, әскерде қызмет етіп, соғысудан бас тартты, олардан басқа кім лайықты», - деп оларды қолдап, үнемі қаржылай көмек көрсетіп тұрды. 

Лев Николаевичтің ұстанымы шведтерге ұнамаса керек, орыстың прослав жолындағы христиандардың осы бір тобын қолдау шведтердің жоспарына кірмеді. Толстойға мүлдем сыйлық бермеу әлдеқайда оңайырақ еді. Сондықтанда Швед Ғылым академиясының хатшысы, сыншы Карл Вирсен оның кандидатурасына қарсы шығатын. Карл Вирсен Лев Толстойдың жазушы данышпан екенін біле тұрып, бірақ сыйлық иегері «сау идеализм» иесі болуы керек, Толстойдың идеализмі «сау емес» деп, жоғарыда айтылған сөздерді мәлімдеді.

«1906 жылғы 8 қазанда Лев Толстой Нобель сыйлығынан бас тартты», - деп осы күнге дейін жазылып та, айтылып та жүр, шындығында олай емес, Толстой сыйлықтан бас тартқан емес, ол былай болған болатын. 

Лев Николаевич Толстой 1906 жылғы 7 қазанда Ресей Ғылым академиясы оны әдебиет саласында Нобель сыйлығына үміткер ретінде тағы да ұсынылғанын естігеннен кейін, өзінің танысы, фин жазушысы, аудармашы Арвид Ярнефельтке: «Қымбатты Арвид, Сізге үлкен өтінішім бар. Ең алдымен, менің Сізге жазғанымды ешкім білмесін. Ал менің өтінішім мынау: Бирюков маған Конидің айтуынша, Нобель сыйлығы маған берілуі мүмкін екенін айтты. Егер бұл орындалса, менің бас тартқаным ұят болар, сондықтанда мен Сізден Швецияда қандай да бір байланыстарыңыз болса, маған бұл сыйлықты бердірмеуге тырысуыңызды сұраймын. Мүмкін Сіз Нобель сыйлығы мүшелерінің біреу - міреуін білетін шығарсыз, мүмкін төрағаға оны жария етпеу туралы сұрап хат жазасыз ба», - деп өтінеді. 

Арвид Ярнефельт Толстойдың бұйымтайын орындады, Толстойға сыйлық берілмеді, сыйлық итальяндық ақын Джозуэ Кардуччиге берілді. Нәтижесінде бәрі риза болды: Кардуччи де, Толстой да. Итальяндық ақын Джозуэ Кардуччи өткір сатиралық өлеңдер мен эллегияларды шығаратын талантты ақын болатын. Өкінішке қарай, Кардуччи денсаулығына байланысты сыйлықты табыстау рәсіміне қатыса алмады, бірақ Лев Толстой сыйлықтың итальяндыққа берілгеніне дән риза болды. 

Лев Николаевич бұл туралы сол күндері күнделігінде: «Бұл мені үлкен қиындықтардан арылтты – бұл ақшаны игеру, менің ойымша, барлық ақша сияқты, маған тек зұлымдық әкелуі мүмкін; екіншіден, маған таныс емес, бірақ мені әлі де қатты құрметтейтін көптеген адамдардың тарапынан маған білдірген жанашырлығы мені үлкен қуанышқа бөледі, кез-келген материалдық сыйақы зұлымдық» санайтынын, Нобель сыйлығы комитетіне оның ақшаға мұқтаж еместігін жазады. 

Толстойдың Нобель сыйлығына қатысты оның шешімі оны жақсы білетіндерді таңқалдарымады, олар оның шешімінен қандай бір айла, не жазушының өкпесін көрмеді. Нобель сыйлығы комитетіне де екі рет түсіндірудің қажеті жоқ болды. 1906 жылдан кейін Лев Николаевичке қажет емес сыйлықты енді ешкім оған тыққыламады.

Ақшаға мұқтаж болмаған жазушы

XIX ғасырдың екінші жартысы орыс жазушылары үшін алтын ғасыр болды. Бұрын-соңды, тіпті одан кейін де орыс жазушылары жазғаны үшін осынша көп ақша алған емес. Бұған ең алдымен әдеби шығармалар басылған журналдардың және кітаптардың жеке басылымдарының көбеюі ықпал етті. 

Ал Лев Николаевич Толстой ең көп жалақы алатын орыс жазушысына айналды, жазушылық оның атын шығарып, даңқын асырып қана қоймады, сондай-ақ қалың романдары оны байлыққа кенелтті. 

Бірде Лев Николаевич Иван Тургеневпен жазушының материалдық жағдайына қатысты дауласып қалады. Тургенев нағыз суретші материалдық игіліктермен айналыспауы керек, жазушының шығармашылығында ақша басты болмауы керек, жазушы үнемі «аш жүруі керек» дегенді айтады, Толстой мұнымен, бұл сөзбен келіспейді: «Өмірде өзінің материалдық жағдайына көңіл бөлмейтін, материалдық жағдайын айналып өтетін адам болмайды», – деп Тургеневке жауап қайырады.

Жазушылық еңбегінің арқасында Лев Николаевич ақшаға ешқашанда мұқтаж болған емес, ұлы кемеңгердің кітаптары үлкен сұранысқа ие болды, оның шығармаларын халық көп оқитын, оның ақысы да әдеби шығармашылықпен шұғылданатын өзге жазушы-ақындардың табысынан (гонорары) едәуір жоғары еді. 

Мысалы, Лев Толстойдың шығармашылық қызметі басындағы «Севастополь әңгімелері» мен «Казактар» әңгімелері оны бірден танымал етті, ол баспагерлермен келіссөздер жүргізгенде сабырлық танытты. «Орыс газетінің» редакторымен журналдың әдеттегі бағасы бір парақ үшін 150 рубль болса да, Толстой 200 рубльге ғана келісті.

Толстой өзінің әдеби еңбектері үшін лайықты ақы төлеуді талап етті. «Соғыс және бейбітшілік» романының бір парағы баспагерлерге 500 рубльге түсті, бұл қомақты ақша еді. Ол гонорарын 25000 күміс рубльмен алғаннан кейін бірден 4 мың десятина жерінің берешегін қайтарады, 4 мың десятина жер гектармен есептегенде 40 шақырым шаршы жер болатын. 

Толстойдың қаламгерлік табысы үнемі өсіп, оның материалдық игілігі арта түсті: оның жазғандарының бір парағы 75күміс рубльден 150 рубльге дейін, кейін тіпті инфляция жағдайында 1000 рубльге дейін жетті. 

Лев Николаевич «Анна Каренина» романы үшін 1877 жылы 20 000 рубль гонорар алды (сатылымынан түсетін 10 пайызды есептемегенде), сол ақшасына 12 000 мың рубльге Мәскеуден үлкен үй сатып алады, сондай-ақ Рязань губерниясынан 5000 рубльге орман телімін иеленді, соның өзінде неше түрлі «ұсақ түйектерге» 3000 рубль қалады. 

Баспагерлер арасында Толстой өзінің іскерлігімен, келіссөз шеберлігімен танымал болды. Ол еңбекақысын әрқашан бірден және алдын ала беруді талап ететін, әйтпесе ол жазғанын жариялаудан бас тартатын. Жазушы өзінің шығармаларының құнын да, өзінің қадірін де жақсы білді, баспагерлер де Толстойдың романдары жақсы оқылып, көпшілікке таралып кететін білді, сондықтанда келісетін, өздері де кіріссіз қалмайтынын білетін.

Толстой үйленгеннен кейін 60-шы жылдары сегіз мың десятина жер иесіне айналды, оның отбасына, бала-шағасының күн көрісіне мінсіз жұмыс істеп, тұрақты табыс әкеліп тұрған шаруашылықтары болды, Толстой үш жүзге жуық шошқа, ондаған сиыр, жүзден аса асыл тұқымды қой, әртүрлі құстар ұстады. Сонымен қатар, ара ұяларының үлкен омартасы, спирт зауыты және бау- бақшасы болатын. Толстой өндіретін май зауыты Мәскеуде өнімдерін фунтын 60 тиыннан сатып қомақты кіріс алып тұрды. 

Граф Лев Николаевич пен оның әйелі Софья Андреевна отбасына қызмет көрсететін: балаларын оқытатын мұғалімдерге, тәрбиесіне қарайтын гувернерлерге ай сайын 30 немесе одан да көп рубль төлейтін, үй қызметшілеріне, жалшыларына, жылқышыларына, атқосшыларына, аула сыпырушылары мен аспазшыларға айына 8 рубль төлейтін, ал егде жастағы қызметшілерге Лев Николаевич зейнетақы тағайындап, ай сайын зейнетақы төлейтін. Бүкіл Толстой шаруашылықтарының кеңсесі мен қаржылық кассасын басқару оның ең сенімді көмекшісі, әйелі Софья Андреевнаға жүктелді.

Жалпы тарихшылар мен толстойтанушылар деректеріне сүйенсек, Толстойдың Самара губерниясындағы жер қожалығында 6000 десятина жері, 300 бас жылқысы болғанын ескерсек, оның негізгі табысы жазушылық кәсіптен: ағымдағы жазғандарынан, кітаптарының басылымдары саудасынан түскенін, оның жазушылықтан түсетін қаржысы қазіргі кезге шаққанда жылына 1 млн. АҚШ долларынан асып жығылатыны туралы жазады. 

Граф әрі жазушы Лев Толстой материалдық дүние байлықтан және ақшадан кенде болмады.

 

Лев Толстой: «Бұл өмірде атақ, даңқ, мансап, дүние байлық, тәнқұмарлық, тәккапарлық, ашу, кек – бәрі де құпталатын»

Толстойдың дүние байлыққа және ақшаға деген көзғарасы туралы өте көп жазылды. Ол өмірінің басында, жасында дүние байлықты, ақшаны менсінбеді, оған қалдырған мұра байлықты шашып бақты, жас кезінде Лев Толстой күні - түні карта ойнап, ұтылатын, сол кездегі «Журнал для слабостей» деген басылым: «Толстой жастық шағын босқа жағып, карта ойнап, штос партиясының үстінде отырады», - деп жазды.

1847 жылғы сәуірде Толстойға әке-шешесінен мұргерлікке Ясная Поляна усадьбасы, Ясенки, Ягодная деревнялары, Крапивенский уезінің Пустошь Мостовая және Тула губерниясының Богородицкий уезінің Малая Воротынка деревняларын мұрагерлікке қалды. Жалпы алғанда, оған 1,47 мың десятина жер мен 330 жан, еркек басыбайлылар ауысты. Бауырлары оған қосымша 4 мың күміс рубль қоса берген болатын.

Ясная Полянадағы жер «егістік пен шабындыққа құнарлы, орманы ағашты, орташа жер иелігі болатын». Ясная Полянаны әкесі Қамқоршылар кеңесінде кепілге салған болатын. Бірінші кезекте жас Лев Толстой мүлікті Қамқоршылықтан өзінің толық меншігіне алып шығуға тырысады. Ол Ресейде орман отырғызып, Ясная Полянадағы шаруаларды еріксіз, құлдық еңбектен, яғни, барщинадан босатуды жобалайды. Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрып, шаруа балаларына арналған мектеп ашуды ойлайды....

Бірақ оның бұл ойы жүзеге аспады. Карта ойынының құмарлығына әбден батқан Толстой бірінен соң бірі, картаға: 850 рубль, 3 мың, 5 мың рубль... ұттырады, үлкен шығындарға батады. Қарызын төлеу үшін Малая Воротынка деревнясын 18 мыңға рубльге, Ягодная деревнясын 5,7 мың рубльге тегін береді, асыл тұқымды жылқыларды жәрмеңкелерде тиын тебенге сатады, ең қымбат мейрамханаларда тамақтанып, ең сәнді киімдер тіктіріп, ақшасын оңды солды шашады. Әкесінен қалған Ясная Полянаны толық құлдырауға ұшыратады.

Лев Николаевич үйленгеннен кейін ақша оған отбасын асырауға қажет деп білді, артынан ақшаның адамды бұзатынын түсінген сайын ақшадан бас тартуға тырысты, бертін келе ақшаны тіпті үлкен күнә деп таныды.

XIX ғасырдың аяғында, қазірде адамзат баласының данышпаны танылған Лев Николаевич ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді, оның тәубаға келуінің құбылыстарын, өзінің күнәсіз еместігін жазып алғаш рет Еуропа жұрты оқып бағалаған, 1884 жылы Женевада жарық көрген «Арылу» өмірбаяндық философиялық туындысында былай түсіндіреді:

«Мен артынан, бір кезде өз өмірімнің тарихын, жастық шағымның әсерлі он жылы туралы айтып берермін. Меніңше жас кезде мұндайды бәрі де сезеді деп ойлаймын. Мен бар жан дүниеммен жақсы болуға тырыстым, жас едім, өмірге құштар едім, өмірден жақсылық іздегенде жалғыз едім, жапанда жалғыз едім. Қандай болмасын менің жан дүниемді көрсеткім келгенде, мен әрқашанда рухани жақсы болуды ойлайтынмын, сол үшін мені жексұрын көргендер де, маған күлгендер де болды, ал енді мен жиркенішті құмарлыққа бой алдыра бастағанда мені қолдап қоштап, мақтап шығатын.

Бұл өмірде атақ, даңқ, мансап, дүние байлық, тәнқұмарлық, тәккапарлық, ашу, кек - бәрі құпталатын. Осындай толы құштарлықтарға беріліп, мен үлкендерге ұқсай бастадым және мұны тоқтату керектігін де сезетінмін. Мен қолында тұрған, мейрімді, жаны таза, менің апайым, маған менің күйеуі бар әйелмен: «rien ne forme un еeune homme comme une liaison avec une femme comme il faut» («еркекті әйелмен дұрыс қарым-қатынастан басқа ештеңе қалыптастырмайды») деп маған әйелмен төсек рақатынан басқа ештеңе тілемейтінін жиі айтатын, сонымен бірге ол маған тағы бір рақат тілейтін, ол менің адъютант болғанымды, ең дұрысы патшаның адъютанты болғанымды және ең үлкен бақыт, менің бір бай қызға үйленіп, үйленгеннен кейін менің көп құлдарым болғанын қалайтын.

Мен осы жылдарды қазір масқара ұялып, жиркенішпен және жүрегім сыздап еске аламын.

Мен соғыста адамдарды өлтірдім, оларды өлтіру үшін дуэльге шақырдым, мұжықтардың адал еңбегін ішіп жеп, картаға шаштым, оларды картаға ұттырдым, оларды өлімге кестім, адамшылықтан шығып, оларды алдадым.... Өтірік, ұрлық, әр түрлі жыныстық тәнқұмарлық, ішімдік, адамға қиянат жасау, өлтіру... Мен істемеген қылмыс жоқ, сол үшін кәдімгі мені мақтайтын, құрдастарым салыстырмалы түрде мені өнегелі адам санайтын, санады да. Мен осылай он жыл өмір сүрдім» деп еске алады.

Нәпсісін тыйған Толстой

Толстойдың өмірін зерттеушілер «Толстой өмір бақи оның жанын толғандыратын, өмірде адамға қажетті маңызды мәселелерге қатысты күндегісін күнде жазып, өмір бақи өзін-өзі тәрбиелеумен болған, өзіне биік мақсаттар қойған адам еді, олардың бір бөлігі жүзеге асты, енді бір бөлігін жүзеге асыра алмады», - дейді.

Лев Николаевич «Арылу» өмірбаяндық туындысының 2-тарауында сол кездегі өзінің ішкі күйзелісі туралы: «Әркімнің ішкі жан дүниесінің өлімге ұшырайтын жағдайы менің де басымнан өтті. Басында дертке шалдыққан адам ауруға назар аудармайды, аурудың жазылмайтын нышандары біліне бастайды, сосын оның белгілері жиі қайталана береді, ол бір тоқтамайтын уайымға ұласады. Қайғы күннен күнге ұласып өсе береді, дертке шалдыққан адам ауруына қарап үлгергенше, дерт деп қабылдағаны мына дүниеден әлдеқайда бөлек, үлкен бір нәрсе екенін аңғарады, ол – ажал екен.

Бұндай оқиға менің де басымнан өтті. Мен мұның, егер бір мәселе үнемі қайталанып, айналып келіп тұратын болса, бұл жәй дерт емес екенін, оған жауап беру керегін түсіндім. Мен оларға жауап беруге тырыстым. Сұрақтар орынсыз, оңай, балаларға арналған қарапайым сұрақтардан тұратын. Оларға енді тиісіп, жауап қайыруға тырыса бастасам, сол сәтінде мынаған көзім жетті, біріншіден, бұл балаларға арналған, орынсыз сұрақтар емес екен, адам өміріне қатысты маңызды мәселелер екен, екіншіден, қаншама ойланып, шешімін табуға тырыссам да, мен оларды шеше алмайды екенмін. Самарадағы жер қожалығы, балаларымның тәрбиесі, кітап жазумен шұғылдану үшін, олармен неге айналысуым керегін білуім керек екен. Олардың не үшін маған қажеттігін анықтамайынша - мен ештеңе істей алмайды екенмін. 

Сол сәтте шаруашылық туралы ойлағандарымның ішінде, маған бірден басыма түскені: «Иә, жақсы Самара губерниясында 6000 десятина жерім, 300 бас жылқым бар екен, ал содан кейін?...». Мен асығып барып, не айтарымды білмедім. Немесе, мен балаларымды қалай тәрбиелеу керек дегенді ойлағанда, өзіме: «Не керек?» дейтінмін. Немесе халықтың өмірін қалай жақсартуға болады дегенді топшылай келіп, мен байқамай: «Онда менің шаруам қанша?» - дегенді айтып қалдым. 

Немесе менің шығармаларым келешектегі даңқы туралы қиялдай келіп, мен өзіме: «Иә, жақсы, сен Гогольден, Пушкиннен, Шекспирден, Мольерден, әлемнің барлық жазушыларынан даңқың артық болады,- Иә, содан кейін не!...деп, ешбір жауап таба алмай, аузымды жабамын», - деп жазады.

Осы кезеңде Лев Николаевич Толстой өзінің дүние мүлкі мен даңқы, мәртебесі оның өмір сүруіне ауыртпалық түсіре бастағанын, жанын қинайтынын сезеді, жеке меншігіндегі жерлерді, дүние-мүлкін шаруаларға таратып беруді ойлайды, осы мақсатта ересек балалары: Сергей, Татьяна, Илья, Марина, Александрамен сөйлесіп, оларды үгіттейді. Бірақ күйеуінің мұндай ойымен және көзқарасымен Софья Андреевна мүлдем келіспейді.

Жазушының балаларымен қарым-қатынасы да жақсы болмады. Лев Николаевич үлкен ұлдарының ізгілік пен адамшылық жанқиярлықты насихаттауда саңырау екеніне көзі жетеді. Қыздарымен жағдай сәл жақсырақ еді: Татьяна мен әсіресе, Мария әкесінің гуманистік өнегелі идеяларына үлкен ықыласпен, құрметпен қарайды.

Бұдан ештеңе шықпайтынын білген соң Толстой өзінің шығармаларына қатысты авторлық құқықтан бас тартуды көздейді, ондағы ойы шығармаларын тегін басып шығарып, кітаптарды кез келген адамның оқуы үшін және таратуға жағдай жасау еді, ол өзінің бұрын жазылған кітаптарына деген көзқарасын өзгертеді, олар үшін ақша алғысы келмейді. 

Лев Николаевичтің шығармалары орыс тілінде, әлем тілдерінде аударма түрінде үлкен тиражбен жарық көретін, әлемдік әдебиеттің жылнамасына еніп, олардан түскен түсімдер отбасы бюджетінің едәуір бөлігін құрады. Нәтижесінде отбасы мүшелерімен ұзақ келіссөздерден кейін Лев Николаевич ымыраға келеді, 1881 жылға дейін жазылған кітаптарына авторлық құқықты, оның ішінде «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренина» шығармалары да кірді, олардың сатылуынан түскен кірісті отбасы игілігіне, Софья Андреевнаға қалдырады. 

Екінші, 1891 жылы граф Толстой өз туындыларына авторлық құқықтан арылғаннан кейін барлық мүлкін әйелі мен балаларына таратады. Барлық жер учаскелері қайта бағаланып, тоғыз үлеске, әйелі мен балалары арасында бөлінеді. Тең бөлуге мүмкін болмаған жағдайда, үлестер басқа да қосымша төлемдермен теңестіріліп реттеледі, сөйтіп бөлек акті бойынша 550 мың рубльге бағаланған барлық жылжымайтын мүлік әйелі мен балаларына өтеді. 1883 жылы Лев Николаевич әйеліне барлық мүліктік істерді жүргізуге сенімхат береді.

Лев Николаевич 1891 жылғы 17 маусымда күнделігінде: «Үйде көңілсіз – дүние мүлік бөлінуде», - деп жазды. Толстой өзінің мүлкін таратпайынша тынышталмады. Әкесінің жолын қуған Маша өзінің бөлігінен бас тартады. Бірақ бауырлары ашуланып, әкесін ренжітпеуге көндіреді. Маша артынан, бірнеше жылдардан кейін күйеуге шығар алдында өзінің үлесін бәрібір алады.

1901 жылы осынау бөлістен он жыл өткеннен кейін Лев Николаевич естеліктерінде осы азапты күндерді былай еске алады:

«Қазір сол кезде не болғанын ойласам, қызық, мен балаларыма жақсы өмір қалдырғым келген болып шығады. Мен оларға ең жаман сұмдық жасадым. Менің Андрюшама қараңыз. Ол кім өзі?! Ол ештеңе істей алмайды, қолынан ештеңе келмейді. Бір кезде менің өзім тонаған халық есебінен өмір сүріп, бүгін оларда халықты тонауды жалғастыруда. Осы әңгімелердің барлығын есту, бәрін көру маған соншалықты азап! Бұл менің ойларыма, тілектеріме, мен өмір сүретін барлық нәрсеге қайшы келеді... Егер олар мені кішкене болса да аяса еді! » - деп жазады.

Лев Николаевич өмірінің соңында мынау дүниенің барлық игіліктерінен бас тартты, байлық пен ақшаға немқұрай қарады, өзінің нәпсісін тыйды, дүние-мүліктің иманының дұшпаны екенін білді, балаларын қанағатқа шақырды, олардың астамшылық өмір сүргендеріне қарсы болды, арының, жанының саулығын ойлады, ізгілік пен игіліктің ара жігін айыра білді, артынан бір жазбасында Толстой: «Өмір қатыгез, енді өмірдің мақсаты – сенің бақытты болғаныңды қалайтынын елестетсең, адамдардың даналығын тыңдап, өзің ақыл-ойыңа құлақ салып, жүрегің саған не айтатынын мойындасаң: өмір дегенің сені мынау дүниеге жібергенге қызмет ету екен, сонда ғана өмір үнемі қуанышқа бөленеді», - деп адамдармен бөліседі. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар