Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Шәкәрім Жәнібекұлы Кәрменовтың 7-класта жазған ӘКЕ...

03.05.2023 2483

Шәкәрім Жәнібекұлы Кәрменовтың 7-класта жазған ӘКЕ туралы шығармасы 14+

Шәкәрім Жәнібекұлы Кәрменовтың 7-класта жазған ӘКЕ туралы шығармасы - adebiportal.kz

Жазушы Құлтөлеу аға Мұқаштың 

facebook парақшасындағы ұлы өнерпаз 

Жәнібек Кәрменов туралы эссесінен алынды.

Әке» – үш-ақ әріп. Бірақ осы сөздің бағасы мен құнын адамзат біле бере ме? Әкеңді құшақтап, басыңды кеудесіне қойып, бір еркелеп алғанның өзі шексіз бақыт екеніне елдің бәрінің көзі жете бермейді. «Қолда барда алтының қадірі жоқ» дейді ғой қазақ. Мен баға жетпес «алтынымнан» есім кірмей-ақ ерте айырылып қалдым. Мүмкін содан да шығар, апайым берген тақырыптан тыс әке туралы жазып отырғаным... Бұл жазғаным – мен үшін еріккеннің ермегі емес. Ішіме сыймай бара жатқан дерттің қысып, қинаған кезіндегі жүректен шыққан әкеме деген пәк, сазды сағынышым. Жасымнан құрбыларым сияқты әкемнің алдына отырып, әкемнің жылы алақанын сезбегеннен шыққан сағыныш. Кейде осындай кең дүниеге сыймай, ішімдегі дертіме шыдамай, әкемді құшақтап, әкемнің қанатының астына тығылып, бар әлемді ұмытқым келіп кетеді. Бірақ амал не, тағдырдың жазғаны сол болды, амалсыздан шыдаймын. Балапандай кезімнен мәпелеп, әкенің орнына әке болған асыл анамның көңіліне қарап, ішімдегі жалынды көрсетпеуге тырысамын. Әкемнің жоқтығын сездірмей, құрбыларымнан кем қылмай өсіріп келе жатқан анамның жүрегіне бұл жай ауыр тиетінін де түсінемін. Сондықтан да, көрсетпеймін. Бірақ өзімнен-өзім әкемнің үнтаспаларын тыңдап отырған кезімде көзімнен жас сорғалап кеткенін де байқаймын. Сағынамын! Қиналамын! Түнде ұйықтар алдында әкем бүгін түсіме кірсінші деп Алладан тілеймін. Түсімде болса да әкеммен бірге болғым келеді. Әкемнің дауысын суық үнтаспадан емес, тірідей, таза тыңдағым келеді. Дана, ұлағатты сөздерін әкемнің достарының аузынан емес, өз аузынан тыңдағым келеді. Бірақ мұның бәрі тек қана арман, қиял. Қатыгез тағдырдың жазғанына көнуден басқа амал жоқ. Бірақ қолымнан келгені – әкемнің атын өшірмей, жолын қуып, ғибратты ойлары мен асқақ дауысын келер ұрпаққа жеткізіп, Жәнібек Кәрменовтің ұлы деген атқа сай болу. Өмір бойы осы мақсатымды орындауға соңғы демім жеткенше тырысамын. Бар күшімді саламын. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атам айтқандай, әкемнің деңгейіне әлі жету алыс екенін білсем де, жан аямай тырысамын. Кім біледі, алда әлі бүкіл өмір бар емес пе!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар