Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өткен күнде белгі бар...
«Саяси партиялардың жұмысы сайлаумен бітпейді...»...

01.10.2024 497

«Саяси партиялардың жұмысы сайлаумен бітпейді...» 14+

«Саяси партиялардың жұмысы сайлаумен бітпейді...» - adebiportal.kz

2000 жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше екі басылым болды. Бірі  Атырау шәрінен шыққан «Алтын Орда» газеті болса, екіншісі Алматы қаласынан шыққан «Жас қазақ» газеті еді. Бұл қос газеттің біріне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал екіншісіне Талғат Ешен есімді қазақтың қос интеллектуал азаматы бас редакторлық қызмет етті. Екеуі де елге белгілі ғажайып ақындар.  Баз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын еш жарытып  газет шығара алмайды», - деген сыпсың сөзінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы ағаларым болды. 

Сонымен біз «ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР...» айдарымен тек осы екі басылым ғана емес, 2000 жылдардың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген жілікті жазбалар мен танымдық сұхбаттарды сұрыптап алып, оқырман жадысында қайыра жаңғыртуды жөн санап отырмыз.  Бүгін қоғам қайраткері,  марқұм, философия ғылымының докторы, профессор Аманкелді АЙТАЛЫНЫҢ 2005 жылы «Алтын Орда» газетінде жарық көрген  «Саяси партиялардың жұмысы сайлаумен бітпейді» атты саяси сұхбатын оқырманға ықшамдап ұсынып отырмыз.

                                                                                              «Әдебиет порталы»

                              Қазақы демократиядан айырылдық…

 

- Сайлаудан кейінгі айқай-шудың аяғы әлі басылған жоқ. Өзіңіз басы-қасында жүрсіз ғой. Қалай ойлайсыз, біздің Парламент кімнің ығындағы Парламент?

- ХХ ғасырдың басында ағылшын жазушысы Роберт Льюис Стивенсон: «Парламенттің не екенін білеміз. Сол үшін де ұяламыз», - деген екен. Ресейдің бір министрі: «Құдайға шүкір, бізде Парламент жоқ», - деп мақтаныпты. Міне қызық, бір елде Парламент бар, оған риза емес, екінші елде Парламент жоқ, сол үшін мақтанады. Парламентіміздің өз алдына бір төбе болып қалыптасқаны кеше ғана. Мәселе – біздің бүгінгі өмірімізде емес, мәселе біздің кешегімізде, тарихымызда, шыққан тегімізде. Қазақы демократиядан баяғыда-ақ айырылып қалғанбыз. Патшалық Ресейдің, одан соң Кеңестер дәуірінің боданы болып, ғасырлар бойы шынайы демократияның көлеңкесін де көрген жоқпыз.

- Парламент пен үкімет тіл табыса ала ма?

- Жалпы, «Отан» және билікке жақын басқа да партиялардың алдында бүгін күрделі мәселе тұр. Себебі, саяси партиялардың жұмысы сайлаумен бітпейді. Енді партияның мақсаты сайлаушының үміті мен сенімін ақтау болуы тиіс. Қазір үкімет партиялық мүддеден аулақ. Халықты ойландыратын көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер үкіметті ойландыра бермейді, Осыдан да үкімет пен Парламенттің арасы кейде тату, кейде қату. Мысалы, жерге байланысты дау-дамайдың әлегімен бір үкімет отставкаға да кетті ғой.

- Сонда саяси бірыңғай атқарушы биліктің сойылын партиялар соқпайды, халықты өкпелетіп алмауды да ойлайды демексіз бе?

Егер партиялар атқарушы биліктің жетегінде кетсе, олар өздерінің идеологиялық-саяси бағытынан айырылады. Миллиондаған сайлаушының үміті мен аманатын билік үшін құрбан етеді. Бұрын да мәртебесі төмен Парламент енді тіпті, биліктің алдына түсіп, бүлкілдеп жүгірген «малай» органға айналады. Іс-қимылы, шешімі алдын ала болжамды Парламентті демократиялық деу қиын. Сондықтан біз, депутаттар, миллиондаған сайлаушының мүддесін елемеуіміз мүмкін емес. Сайлау алдындағы бағдарлама сайлау үшін емес, халықтың үміті мен сенімін ақтау үшін беріледі. Сырт көзге Парламентте заңдар демократиялық негізде басымдық дауыспен қабылданып жатқандай көрінгенмен, Парламенттегі белгілі бір партияның басымдығы қоғамдағы барлық халықтың, көпшілігінің мүддесін білдірмейді. Өкінішке орай, бұрын да мұндай жағдайлар болған. Қазіргі Парламенттің ақсап тұрған жерлері көп.

- Бәлкім, Парламентте оппозиция өкілдерінің болмауы да әсер ететін болар?

- Дұрыс айтасыз. Әлсіз болса да оппозициялық топтың Мәжілістен кетуінің артында Парламентті азды көпті болса да, плюрализмнен айыру қаупі бар. Біріншіден, Парламенттегі фракциялардың саяси бет пердесі, бағыты егіздердей бір-бірінен айнымайды. Сондықтан саяси таластың болмауы қиын. Екіншіден, ұлттық рухани құндылықтарды қолдайтындардың ат төбеліндей аз қалу қаупі жоқ емес. Кеңес заманындағыдай билік тармақтарының арасындағы қарама-қайшылық пен тепе-теңдіктің мәні жойылып барады.

- Биліктің мұны түсінгісі келмесе ше?

- Біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда Қытай философы Конфуций «Мемлекет басқарудың алғышарттары азық-түліктің мол, қару-жарақтың жеткілікті болуы және халықтың сенімі» деген екен. «Мәжбүрлік туса, осы айтылған үшеудің қайсысын қатардан қалдыруға болады?» деген сұраққа ол: «Қару-жарақты қатардан қалдырыңыз» депті. «Ендігі кезекте қалған екеуінің қайсысын санаттан шығарамыз?» дегенде, «Азық-түлікті» депті. Түбінде пендесін ажал алмай қоймайды. Ал жұрттың сенімінен айырылса, ешбір іс оңбайды. Сондықтан адамдардың мемлекетке сенімі мен сыйластығы – саяси тұрақтылықтың негізі.

- Парламент депутаты артындағы саяси партияның сойылын соғатыны да белгілі. Сіз Азаматтық партияның мүшесісіз. Бұл партияның артында еуразиялық топтар тұр. Белгілі бір партияның мүшесі болған соң оның мүддесін көздейтін кездер болмай тұрмайды. Өз партияңыздың мүддесі үшін не істедіңіз?

- Әр партияның артында белгілі бір қаржылық топтар бар деп айтылады. Мен өзім 5 жыл депутат болдым. Шүкір, осы бес жылда Еуразиялық қауымдастық мүддесі үшін заң қабылдап, лобби болғаным жоқ. Менің «Еврейдің ақшасын пайдаланып, қазақтың сойылын соқсам өсем бе?»- деп әзілдеп айтатыным бар. Жалпы, даналықты халықтан үйреніп, өз қателіктерімізден сабақ алсақ, жаман болмайды. Ұрыстың арты реніш, татулықтың арты - кеніш. Бізге реніш емес, кеніш керек. Сонда елді кісілік жолмен басқаратын заман да туады.

Әңгімелескен Рәзиға ӘШЕЕВА (2005 жыл)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар