Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Разия Акпар. Ақшақар арман

20.01.2022 1203

Разия Акпар. Ақшақар арман

Акпар Разия Өмірсерікқызы 13 жаста. Елорданың ең жас қаламгері. 12 жасында «Ертегі әлеміндегі ханшайым» деп аталатын алғашқы жинағы жарық көрді. Разия – республикалық «Ер Төстік» әдеби байқауының, халықаралық «Алаш» өнер байқауының жүлдегері, Бауыржан Момышұлы атындағы «Шапағат» медалінің иегері. «Әдебиет порталы» Разияға болашақ шығармашылық жолына шабыт, сәттілік тілейді.

АҚШАҚАР АРМАН

Мезгіл ішіндегі ең аппақ ажарлысы, ең сұлуы да кербезі қыс мезгілі біздің әлемге де келіп қалды. Даланы ақ көрпеге орап, мамық жастыққа айналған қыс ерекше мезгіл-ау. Ең суық жыл мезгілі болғанына қарамастан, бұл мезгілді ұнататын адамдар да, балалар да өте көп.

Бір кезде жапалақтап жерге түскен аппақ қардың сықыры естілді. Аспанға қарасаң көптеп түсіп жатқан ақшақарларды көресің. Олардың әрқайсысы ерекше өрнекті ұлпаны елестетеді. Өте ғажап көрініс.

Үлкен ақшақарлар ішінде ең кішкентай ақшақар болды. Бірақ арманы өте үлкен еді. Жерге түсу, ағаштар мен өсімдіктерді, жануарлар мен құстарды көру, жердің құдіретін сезіну - басты мақсаты. Осыны елестеткен сұлу ақшақардың қуанышында шек жоқ.

Бір кезде ақшақар жерге жаймен құлап түсті. Ол таза ауа жұтып, әнін айтып, қуанып жатып көзі жаныңдағы ақшақарға түсіп кетті. Үсті кір, көңілсіз туысын көріп, сұрайды:

- Сәлем! Мен жаңа ғана аспаннан түскен ақшақармын! Сен жерде қашаннан бері жатсың?

- Жерге түскенің – сенің ойынша үлкен қуаныш. Бірақ бұл өтірік. Менің жерге түскеніме 1 айдай болды. Басында сендей қуанған едім, қазір болсам өкініп отырмын.

- Неге?

- Жердегі адамдар зауыттар мен фабрикалар салды. Одан шыққан лас дүиелер ауаға тараған. Көрмейсің бе қап-қарамын. Мені кім ақшақар дейді? Сен жерге жатқан соң, адамдар аяғымен басып өтеді. Балалар келіп бір-біріне лақтырады. Меніңше, осы жердің бетінде сен бір апта болсын тірі қалмайсың. Қалсаң да көктем жеткенде еріп кетеміз.

Ақшақардың көңілі қатты түсіп кетеді де, ойланып қалады. «Егер менің осы жер бетінде тірі қалуым мүмкін болмаса, онда мен жақсы іс істеп кетуім керек», - деген ойға бекиді. Қандай жақсы іс жасауға болатынын ойланып жатқан кезде, қасындағы ақшақар:

- Саған не істеу керектігін білетін сияқтымын.

- Ия?! Не істеуім керек?

- Егер осы жерге және адамдарға пайда әкелгің келсе, егіс алқабына бар. Ол жерге көп су керек. Сол жерге сіңсең, жер құнарланады, кейін бидайға айналасың. Ал бидайдан ұн пайда болады. Ұннан нан шығады.

- Иә! Бұл ой керемет! Мен егіс алқабына барып, сол жерге сіңуім керек! Рахмет саған!

«Егіс алқабы тым алыс. Не істеймін..», - деп ойланып жатқанда, оған керемет ой келеді. Желден көмек сұрау керек. Бірақ жел күнде бола бермегендіктен, оны біршама күтті. Бір күн күтеді, екінші күн күтеді. Үшінші күні қатты боран басталады. Ақшақар қуанып, желден көмек сұрайды.

Жел:

- Иә, сенің ойың керемет екен. Сен жерге босқа түспепсің. Мен саған көмектесемін. Сонымен қатар, мен де осы жақсы іске өз әсерімді келтіремін. Жақсы іс жасағандай боламын.

Ақшақар желге алғысын айтады, жел болса ақшақарды егіс алқабына ұшырып әкеледі. Айналаны шуаққа бөлеп көктем жетеді. Ақшақар бір тамшы суға айналып, топыраққа сіңіп кетеді. Сол тамшыдан топыраққа егілген бір түйір дән қаулап өседі. Егін бітік шығып егіс алқабы бидаймен тербеледі.

Ол бидайдан ұн жасалып, сол жылы халық молшылыққа кенеледі. Үлкен мақсатқа әркім де өзінше үлес қоса алатынын осыдан байқауға болады.

КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ

Сонау бір күндерде, бір уақыттарда барлық елдің тулары жиналып жиналыс жасайды. Олар араларынан ең күшті, ең беделді, ең танымал туды тапқысы келеді. Ең бірінші мақтануды орыс халқының туы бастайды:

⁃ Менің жерім ең керемет! Себебі, ақ түсі бірлікті, тазалықты, көк түсі адалдықты, ал қызыл түс энергияны білдіреді. Мұндай символдары бар туды жер бетінен таппайсыздар! - деді.

Америка туы Ресей туын тыңдап болып:

⁃Жо-жоқ! Менің жерім де, елім де мықты! Себебі, менің туымда 50 жұлдыз бейнеленген. Олардың әрқайсысы бір-бір штатты білдіреді. Сонымен қатар менің ақ түсім тазалықты, көк түсім еңбекқорлық пен әділеттікті, қызыл түсім ерлік пен күшті білдіреді! Күшті держава екеніме күмәндарың жоқ шығар? - депті.

Франция туы сонда былай деді:

⁃ Менің жерім ең керемет! Өйткені, қызыл түсі ошақтар мен жүректердің жалынын, ал ақ түсі француз ұлттық қаһарманының символы. Себебі біз қаһарман да жеңімпаз халықпыз! Франция жасасын!

Таласты әрі қарай Австралия мен Жапония тулары жалғапты.

Жапония туы:

⁃ Менің туымның ортасында үлкен қызыл шеңбер бар, ол қып-қызыл күннің шығуын білдіреді. Біз күнбіз! - деді.

Австралия туы былайша түсіндірді:

- Меніңше менің жерім ең керемет! Себебі, Тудың көк түсі Австралияны барлық жағынан қоршап тұрған мұхитты бейнелейді, жоғарғы сол жақ бұрышта орналасқан Ұлыбританияның туы елдің Британ достастығына кіретіндігін, ал ақ түсті алты жұлдыз Достастықтың алты штатын білдіреді.

Басқа тулардың барлығы өз жерін мақтап ауыздары жабылмайды. Тек Қазақстан туы ғана ештеңе демей, үнсіз өз-өзімен отыра береді. Бұған бәрінің назары ауып:

⁃ Қазақстан туы, сен неге үнсіз отырсың? Мақтанатын дәрежең жоқ па?

Қазақстан туы:

⁃ Маған талас-тартыстың қажеті жоқ. Себебі менің елім, менің ең жақсы ту екенімді біледі, бұл туралы маған айтудың қажеті жоқ. Қазақстаным ең бай, ең әдемі, ең үлкен мемлекет екенін білемін. Күн әрқашан менің жерімнің үстінен жарқырайды. Барлық адамдар мейірімді, қонақжай, ақжарқын. Жастары қырандай, көк аспанда қалықтайды. Бұл «Мәңгілік елдің» символы!

Қазақстан туының айтқанын естіген басқа тулар тартысты аяқтап, үнсіз ғана бас изепті.

ҮЗІЛГЕН ЖАПЫРАҚ

Жер жүзін қуантып, айнала жылып, қар еріп, көктем де жетті. Ағаштар бүршік атып, жапырақтар жасыл түске боялды. Солардың арасында бір ерекше, әдемі жапырақ өсіп шықты. Ол күн сайын үлкейіп, гүлдене берді. Оған күн өз жылуы мен нұрын шашса, жаңбыр өз суымен сусындатты. Жапырақ күнен-күнге әдемілене түсті.

Жапырақ өсе келе мінезін өзгерте бастады. Соңғы кездері тәкаппар, мақтаншақ, менменшіл болғанын достары байқаған болатын. Бірақ жапыраққа ештеңе айтқан жоқ.

Бір күні жапыраққа Күн келіп:

- Сәлем, жапырақ! Мен Күнмін. Саған жылу мен жарық беретін менмін. Сен өте әдемі екенсің. Айналадағы бар жануарлар, өсімдіктер сенің сұлулығың жайлы сөйлесіп жатыр. Дос болайықшы! – деді.

- Жоқ! Мен өте әдемі, көркеммін! Сен болсаң тым үлкенсің, түсің де маған ұнаған жоқ. Мен сенімен дос болмаймын.

Күн ренжіп кетіп қалады.

Келесі күні жапырақтың тұсына құс қонып былай деді:

- Сәлем! Жапырақ өте әдемі екенсің. Маған ұнадың. Дос болайықшы!

- Кешір, сен маған ұнаған жоқсың. Тұмсығың тым үшкір, әнді де жақсы айтпайсың. Маған сендей дос керек емес!

Құс та ренжіп, жөнімен кетеді.

Күндер өте сұлу жапырақтың қасына адам келеді де:

- Сәлем! Сенің сұлулығыңа таң қалып отырмын. Мүмкін менімен дос боларсың? – деді.

- Кешір, адам! Сенімен де дос болмаймын. Сені көрсем қорқынышым артады. Сене алмаймын. Мені жұлып алуың мүмкін. Негізі алыс жүрсең жақсы болар еді, жаныма жақындама.

Адам күрсініп кетіп қалады.

Жапыраққа күнде жануарлар, өсімдіктер мен адамдар дос болуды ұсынуын жалғастырады. Бірақ жапырақ бәріне менсінбей жауап береді.

Уақыт өте берді. Жапырақ күннен күнге сарғая бастайды. Себебі күз келіп еді. Алтын түске боялып, өзі жарқырай бастаған соң уайымдамады. Түсінің өзгерісіне көп мән берген жоқ.

Бір сәтте ойламаған жерден суық ұрды. Жапырақ еркінен тыс әлсіреп, жерге үзіліп түсті. Ешкім жүгіріп келіп, көтермеді.

Бұл халіне сене алмай жерде ұзақ жатты. Бір кезде біреу келіп үзілген жапырақтың соңғы үмітін таптап, басып-жаншып кете барды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар