Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қыз жібек» этно-фольклорлық мюзикл қойылымының пр...

25.07.2023 1763

«Қыз жібек» этно-фольклорлық мюзикл қойылымының премьерасы өтті 14+

«Қыз жібек» этно-фольклорлық мюзикл қойылымының премьерасы өтті - adebiportal.kz

2023 жылдың 5, 8, 9, 22, 23 шілде күндері Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Қазақ КСР ҒА академигі, қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туындаған «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзикл премьерасын көрермен назарына ұсынды.

Бүгінгі таңда либреттосын жазушы-драматург Ғ.Мүсірепов, халық әндері мен күйлері, халық композиторларының шығармалары негізінде музыкасын композитор Е.Брусиловский жазған «Қыз Жібек» музыкалық драмасы – ұлттық операмыздың інжу-маржанына айналды. 

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында қойылатын «Қыз Жібек» - этно-фольклорлық мюзикл болып сахналанды.

Премьераға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Қыз Жібек» кинофильмінің басты кейіпкері Жібектің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев және тағы да басқа қонақтар қатысты. 

Шығармашылық топтың басты мақсаты, операдағы орындалатын ариялар мен хорлардың, күйлер мен билердің барлығы халық әндері мен халық композиторларының  музыкалық шығармалары болғандықтан, әу баста симфониялық оркестрге арнап жазылған партитурасын қайтадан рухани тамыры мен өзегіне оралтып, халық аспаптар ансамблінің орындауына лайықтап қайтадан жазып, этно-фольклорлық мюзиклге айналдыру.

Айта кетейік, мюзиклде халық әндері мен күйлері орындалды.«Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры - халқымыздың ежелден келе жатқан рухани мұрасы. Бұл туынды аңыз емес, шынайы өмірде болған оқиға.  Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тектілігі мен ұлттық болмысын сипаттайтын, қос ғашық Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын арқау ететін рухани құндылығымыз іспеттес бірегей туынды.

Этно-фольклорлық мюзиклдің желісі – Төлегенмен Қыз Жібек, Бекежан секілді үштаған бейнелердің арасында өтті.

Қойылым соңында, театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировпен бірге сахнаға көтерілген қазақ қыздарының сұлулық эталонына айналған Қыз Жібегі, Меруерт Қаратайқызы театр ұжымына және актерлік құрамға спектакльдің жоғары деңгейде болғандығын атап өтті. Ол өз сөзінде:

- «Бүгінгі «Қыз Жібек» мюзикліне мен өз басымды иемін. Осындай табысты үлкен, одан да басқа рөлдерді ойнап, одан да жоғары деңгейге көтерілуге шын жүректен тілектеспін. Дауыстарыңыз керемет, жоғары деңгейдегі пластика, қыздар мен ұлдар бәрі жалындаған жастар!»,- деді.

Естелік ретінде, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың «махаббат» символына айналған «ақбоз ат» бейнесіндегі мүсіншені басты рөлді сомдаған, Төлеген бейнесіндегі Оразалы Игілік пен Жібек бейнесіндегі Инабат Ризабековаға тарту етті. Қазақтың Қыз Жібегі қойылымды тамашалауға келген көрермендерге өз батасын беріп, театр ұжымына алдағы жұмыстарына толағай табыс тіледі.

«Қыз Жібек» - тарихының тамыры тереңде жатқан ұлтымыздың бойтұмары, қасиетті рухы, ар-ұятының айнасы.

Сондықтан, қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтпай, махаббаттың өміршең дастаны ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан туынды – көрерменге ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан фольклоры мен этнографиясын, философиясы мен дүниетанымын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, бай музыкалық мұрасы мен өмір сүру салтын біртұтас күйінде көрсетті.

Этно-фольклорлық мюзиклдің либретто авторы Қазақ КСР ҒА академигі, қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов, композиторы Қазақстанның халық артисі Евгений Брусиловский, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, суретшісі Мәдениет саласының үздігі Алма Сырбаева, этно-фольклорлық ансамблге лайықтап өңдеген әрі дирижері Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Ақтаев, қоюшы хормейстер Мәдениет саласының үздігі Ғалымжан Берекешов, қоюшы балетмейстер Мәдениет саласының үздігі Анвара Садықова, режиссердің ассистенті Бауыржан Нұрбай, жарық қою суретшісі Айдын Досаев, дыбыс режиссері Сабина Ильясова, режиссердің көмекшісі Еламан Иманбаев.

 

Кейіпкерлер мен орындаушылар:

  1. Қыз Жібек  Инабат Ризабекова, Мақпал Дүйсен, Жансая Өмірбекова.     
  2. Төлеген – Оразалы Игілік, Саламат Мұқашев, Нұржас Садырбаев.
  3. Бекежан  Расул Усманов, Аққанат Қуандықов, Мақсат Қабдеш.
  4. Шеге  Армат Амандықов, Мағжан Омар, Бақдәулет Оралов.
  5. Дүрия – Дана Қабылова, Альфия Хайзуллиева, Диана Тұржанова.
  6. Базарбай – Қазыбек ЕсқараСұлтан Кеңшілік.
  7. Қамқа  Шынар ҚалдыбайДана Верещак.
  8. Қарлығаш  Жансұлу Төлеген, Аяжан Бағдат, Аружан Темірхан.
  9. Сансызбай  Дінислам Нұрмағанбетов, Бибол Байғараев.
  10.  Батсайы  Қалима Наушабаева, Гүлдана Әбдісадық, Нұрай Рысбекова.
  11.  Жырау – Сұлтан Кеңшілік, Азамат Болатов.
  12.  Көпшілік сахнада: театр артистері.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар