Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Құндыздың жүрегіндегі көбелек...

21.07.2022 4297

Құндыздың жүрегіндегі көбелек 12+

Құндыздың жүрегіндегі көбелек - adebiportal.kz

Жас ақын Құндыз Тасқынбекқызы жайлы белгілі ақын Сұраған Рахметұлы мынадай пікір білдіріпті: «Ақынның өлеңі «Жусан». Екі жусан бар. Бірі – даладағы – боз жусан. Екіншісі – «Жусан» банкісі. Екеуі де сақтайды, өсіреді... Бірі иісін. Екіншісі – қаржысын. Әрине, ақын қыздың өлеңі осы екеуіне де ұқсас. Қатаң табиғи заңдылығы бар. Табанды, тағанды есебі бар... Елдік – есебі, кеңдік – кенеуі, еңлік дестесі де бар ақын қыз. Келешекте керемет кестесімен өлең – сүгірет сызарына сенуге болады. Әсірқызармауға тырысса ғана... Қиялда еш кінәрат жоқ. Оның ғұмыры 0-35 жас арасында кездессе керек. Соңғы өлеңдеріңізде өзгеше бір «план» болғалы тұрғанын сезетін секілдімін. Ол – кәперлеу һәм іздену». Белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы болса былай дейді: «Әдебиет, поэзия – ол ұлттың жан дүниесі, рухани сүйеніші, ұлт тілінің ең көркем кестесі. Құндыз Тасқынбекқызының өлеңдері, бір ауыз сөзбен айтқанда, әдемі өлең, көркем өлең. Өлеңнің ең бірінші талабы – сұлулық. Сөз бен ойдың ішкі қисыны. Құндызда сол екеуі де бар».

Әлеуметтік желіден «Алматыдағы Чехов атындағы орталық кітапханада Құндыз Тасқынбекқызының кітабының тұсаукесері өтеді» деген жазабаны оқып, қазіргі жас ақындардың тынысын байқап көру әрі өлең деген кіршіксіз әлемнен сусындап қайту мақсатында барып едік. Бір жағынан кітаптың аты мен дизайны да көзге бірден жылы ұшыраған: «Жүректегі көбелек». Жастар негізін қалаған «Nurbook» баспасынан жарық көрген пышақтың қырындай шап-шағын, сүйкімді жинақтың ішіндегі мазмұны да дәл сондай болып шықты. Жылдам оқылатын көңілге қонымды жыр шумақтары.

Ақын қыз ат арылтып Алтайдан келіпті. Алматыға өр мекеннің лебін бірге ала келгендей әсер берді. Өлеңдері ұйқас жағынан да, мағыналық тұрғыдан да нық әрі өзіндік қотаңбасы анық байқалады. Көбелекті жақсы көретін қыз осы бір нәзік те әлсіз жаратылысқа неліктен ынтызар болды екен. Оны өлеңінен білеміз:

«...Көрмесең де,

Гүлдермен көмкерілген қанатыңды.

Болмысың бар басқаға бұйырмаған,

Дұғасына қосады әр жан атыңды.

Жүрек те гүл, күтеді ол келуіңді,

Көлеңкең де сән берер көл бетіне.

Көбелегім, шарықтап ұш,

Бар әлемді ғашық қып келбетіңе!»

Әр ақынның өзіндік музасы болатынын анық. Құндыздың музасы көбелек шығар, бәлкім. Әлемге өзгеше қарайтын ақынның жан дүниесі де басқаларға ұқсамайтындай. Нәзік болмысы, сезімталдығы оны өзгелерден ерекшелеп тұрғандай. Ол көбелекке жәндік немесе бір зат ретінде қарамайды. Оған деген өзіндік көзқарасы бар. «Жүректегі көбелек» өлеңінде былай дейді:

«...Аямауға тағдыр да бекем бүгін,

Қайғы мен мұң. Мен де қос мекендімін.

Қалай ұшып жүрген ол білмесе егер,

Қанатының сұп-сұлу екендігін?

Бақыт үшін күндер көп құрап тіздік,

Жауабы жоқ қалады-ау сұрақ біздік.

Оны ғана байқайтын кінәм менің,

Оның жалғыз кінәсі – тұрақсыздық!..»

Астарлы жыр жолдарынан ақынның жан әлемін көруге болатындай. Дүниеге тап-таза болмыспен қарау қиын шығар. Оны ақындар ғана солай қабылдаса керек. Өзіндік әлемінде ғұмыр кешетін жандарды кейде түсінбей де жататынымыз бар. Олардың не айтқысы келгенін ұғыну былай тұрсын, қоғамнан шеткері қалғандар ретінде көреміз, кейде. Ақындардың жүрегіне салмақ салатын осы болар, бәлкім. Ал Құндыздың поэзия деген үлкен кеңістікке енді ғана қадам басқаны білінеді. Соның өзінде сақадай-сай келіпті. Алматыдай алып шаһарға алыс Алтайдан қорықпай қадам басыпты.

Құндыздың өлеңдері сезімге толы, ақыл-пайыммен ұштасып жатқан жастық шақтың ғажап күйімен көмкерілген.

«...Қабылдарсың жүр ғой деп, жәй бүлініп,

Жанарыңа келер деп жайдым үміт,

Бір жылап ал үзіліп түсер бәлкім,

Кірпігіңе қалыпты қайғы ілініп.

Тағы батып барады мұң кемесі,

Күйбең тірлік, бітпейтін күндегі осы.

Меңіреу боп қалғандай бүкіл әлем,

Мен де сені тыңдайын, үндемеші...» – дейді ақын.

Осы екі шумақ өлеңнің соңғы жолдарына көңіл бөлсеңіз, ақын қыздың өзіндік қолтаңбасын анық байқайсыз. Жай ұйқас емес, мағынасы терең сөздерді қарапайым әрі оңай жеткізеді. Қоспасыз таза сөз. «Мен де сені тыңдайын, үндемеші» деген жолдар тың әрі соны. Былай қарағанда бәрі білетіндей, бірақ оны өлеңге айналдырғанда әсерлілігі арта түскен. Поэзияның өзге жанрлардан ерекшелігі де осында болса керек. Ақын сөзбен сұлу сурет салып, оқырманға өз галереясын ұсынады. Оны оқып болған соң өзге әлемде жүргендей тынығып қаласыз. Өзі айтпақшы, көбелектер ұшып-қонатын гүлзар бақ елестейді.

«...Мен сурет салдым.

Біреу ұмыта алмады сірә да әлі,

Орындала салмайды сұрағаны?

Қыздың қолын жігіті ұстап алған,

Жібергісі келмейді бұдан әрі.

Басуға да болмайды көпке бауыр,

Ығыстырып тастайды шетке дәуір.

Мен сурет салдым...

Тек суретші емеспін! Неткен ауыр!» – дейді ақын.

Махаббат тақырыбын әркім әртүрлі жырлайды. Құндыз мұнда сезім мен мұңды әсерлі берген. Бұл тақырыпты өзіне тән әуенмен жеткізіп тұрғандай. Көз алдыңызда жанды сурет көрінгендей күй кешесіз. Қылқаламмен емес, жай қаламмен салынған өнер туындысы деуге болатын шығар. Сөздің өтімді әрі әсерге бай болуы жазушының ішкі әлеміне де байланысты екенін байқауға болады. Ақын жан дүниесінің тазалығы оның жыр шумақтарынан мен мұндалайды. Кіршіксіз табиғатпен үйлесімділікті сезесіз. Құндыздың жүрегінен ұшып шыққан көбелек сіздің де сезімдеріңізді қозғап жіберетіндей. Бала күнгі көбелек қуаған арманшыл кездерді еске алып, өткенге ойша барып қайтасыз. Ақын қиялы мен арманы сізге де әсер етіп, кеңістігіңізді кеңейте түседі. Тынысыңыз ашылып, таза ауамен дем алғандай күй кешесіз. Ақын мұңның өзін сұлу сипаттайды.

«...Менің ғана жан жарам ба қап, бәрі,

Сырқатыма жоқ та шығар нақ дәрі.

Ең болмаса жүрегіме үңілші,

Жапырақтай сап-сары!

Өткен қайтіп оралмайды, о, тыныш,

Енді сен де өкініштің өтін іш,

Мені жақсы көрмесең де болады

Күзді жақсы көре тұршы, өтініш!» – дейді.

Құндыздың тосын теңеулері оның шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетіп тұрғандай. Әсіресе өлеңнің соңғы жақтарына ешкімнің ойына келмейтін сөздерді қосып жібереді.

«Бір басыма қайғы берген үйіп мың,

Мүмкін содан, жанарыңнан күй ұқтым.

Көзімізде кіп-кішкентай қарашық,

Қалай ғана кетеді екен сыйып мұң?..» – дейді ол.

Құндыздың сезімтал жүрегінен төгілген әуеннің әсері де күшті. Қайғырып тұрған жанның өзіне ой салатындай. Ақын мен мұң қай кезде де бірге жүретін секілді. Мұңсыз ақын, Лермонтов айтқандай, дауылсыз мұхитқа ұқсас. Ақын әр нәрсені жүректен өткізіп барып жазбаса ақын бола ма. Сондықтан да шығар, мұң сезімін ақыннан артық түсінетін жан жоқтай көрінетіні.

Поэзия өлкесіне қадам басқан ақынның ұйқастары да бөлек. Өлеңнің әуен ырғағымен жүріп, заңдылықтарға да бағынбай кететіндей.

«Бәрі – мұң...

Жарығым деп атаушы ең, мен кеткелі,

Қараң қалмаған әлеміңе таңмын...

Таңмын, кешпін ол енді маңызды ма?

Адамдар ұмытады тарихын, аңызын да!

Дәуір...

Ауыр айтылған сөз де өтпелі,

Тоқтап қалған сағаттай кешіккен-мен...» – дейді ақын.

Жыр жолдарын жазып отырған ақын өзге кеңістікке түсіп қалғандай күй кешетін шығар, мүмкін. Өлеңді жазу барысындағы көңіл күй де бөлек болатын сияқты. Табиғатпен тілдесіп, аспанмен сырласатындай. Бөлекше әлемнің құпиясын жеткізуге асықса керек. Қуанышы мен мұңын да жыр шумақтарына жасырады.

«Басқан сәттен көзіңді бұлт, көкті мұң,

Аспан маған, мен аспанға кектімін!

Жанарыңды жүрегіме жерледім,

Енді маған жоқ құның!

Таңдаған шын екі бөлек жол әркім,

Ортаярсың сен немесе толарсың.

Мен келді деп қуанбаған едің ғой

Мен кетті деп өкінбеген боларсың?!» – дейді.

Ой мен сезімді ұштастырған өлең шумақтарының салмағы ауыр. Құндыз мұң жайында жиі сыр шерткенімен, түңілу, торығу сезімдерінен ада. Керісінше өжет болмысын жыр жолдарынан көруге болатындай.

«Жаным...

Уақыт – сенің жүрегіңнің лүпілі,

Сол лүпілде үмітім де үкілі.

Ақ қауырсын, жаның да аппақ, ақ әлем,

Құнды да сол дүниеде маған ең.

Кеуде толы ортаймайтын нала дем,

Бір жоғалсам қалай, қайдан табар ең?..» – дейді ақын.

Ол өзіне сенімді әрі өз құндылығын да жақсы білетінге ұқсайды. Батыл жырларынан да соны көруге болатындай. Сөз өнерінің қасиетіне қанық ақын қыздың айтары көп. Лирикалық өлеңдермен ғана шектелмейді. Сыршыл сезімге бойлап барып, артынан өжет те қайсар жырларын ұсынады. Кітапқа енген шығармаларының алды лирикалық өлеңдермен басталып, одан әрі арнау және патриоттық жырлармен толысыпты.

Құндыздың арнау өлеңдері де өзгеше. Топтаманың беташарын Мұқағалиға арнаған жыр шумақтарымен бастапты.

«Еткізеді жып-жылы кескіні елең,

Ғасырлар керуеніне ілесті өлең?

Айтпай ма енді қайтып асыл ағам,

«Бір әнін бүгінгі ұрпақ естімеген?!»

Өмір жолын осылай тұйықтаған ба?

Жететді оны жоқтап, күйік маған да.

Жетімкөл жетімсіреп қалды тағы,

«Аққулар ұйықтағанда!..» – дейді ақын.

Ақиықтың өз жыр шумақтарымен соңғы қатарды қорытындылап ұйқастырғаны да әсерлі шығыпты. Мұқағалидың өз қолтаңбасын көргендей боласыз. Ақынға деген құрметін қаршадай қыз осы бір өлеңімен жеткізеді. Ал Абай хакім жайлы жырынан біраз нәрсені аңғаруға болатындай:

«–Абайдың мұражайына адал ниетпен барсаңыз, айнадан Абайдың өзі көрінеді» дейді...

Қазақ қолын созбаған айды алам деп,

(Тарихымда болмаған қайнаған кек)

Тірісінде соққыға жыққан қазақ,

Енді Абайын іздейді айнадан кеп?

Қалар болса тағдырың тағы сынай,

Не деп сыбыр қағады намыс ұдай?

Керуені елдікке бұрылмаған,

Бағы қайтқан қауымның бағытын-ай!..» – дейді.

Арнау өлең дегені болмаса, ақынның ашынған үні, жүрегін жарып шыққан бір айтары шығар. Қоғам өміріне жаны күйіп, отқа ұмтылған көбелектей күй кешкені болар. Әйтпесе жиырманың ар жақ-бер жағындағы адам өмір жайлы, қоғам жайлы сөз айтуға асықпайды ғой. Бұл да ақындардың елден бұрын елеңдейтін нәзік жанының айғағындай. Құндыздың Оралхан Бөкейге де арнаған жыры бар екен.

«Қаламым бастады мұң,

Қайғым да басқа бүгін.

Сол беті табылмаған,

Қайдасың қасқа құлын?!

Мазалап жыршыны ұдай,

Өлеңдер тұр шырылдай.

Дүние-ай шыр айналған,

Күлпаштың ұршығындай.

Алыс па ұғынар күн,

Өмірдің сырын әркім?

Тым ұзақ болды неге,

Қасқырлар ұлыған түн...» – дейді.

Ақын қыздың Оралхан ақынды жоқтап жазған жыры тың әсері, өзгеше леппен оқырманға ой тастайтын шумақтар. Жазушының өзі Құндыздың құлағына сыбырлап айтқандай бөлекше сезімге бөлейді. Рухани сабақтастықтың көрінісі шығар, мүмкін. Ақынның арнау өлеңдері жүректен шығып, жүрекке жететіндей әсерлі. Жәркен жырауға арнаған жолдарына қараңыз:

«Жүрегім жалғыз жыр дейді,

(Бөлмеңдер мендік бүрме ойды)

Ақындар түнге падиша,

«Емендер түнде бүрлейді»

Қамсызға халқым, қайғы ермес,

Жақсыға жаман сай келмес.

Көп ішінде бір жалғыз,

«Жұлдызға орнын ай бермес...», – дейді.

Ақын қыз Жәркен атасының қолтаңбасын көшіріп алып, өзгеше кейіпте қайта ұсынғандай. Рухани байланысты байқайсыз. Сөз өнерінің алыптарына деген Құндыздың құрметін осыдан білуге болады.

Ақын патриоттық бағытта жазылған «Мен» өлеңінде:

«Отқа оранып өртенсе де өзегім,

Мен шыдаймын, мен көнемін, төземін.

Еркіндікпен бірге келген өмірге,

Мен! О, баста көк бөрінің өзі едім...» – дейді.

Жалынды жырында құдіретті халықтың ұрпағы екеніне мақтанады. Сөйте тұра қара өлеңсіз ешкім де емес екенін алға тартады.

«...Көмейімде сол баяғы көмескі үн,

Мені енді құдіретті демес кім?

Барлығы да бола аламын десем де

Қара өлеңсіз Мен! ешкім де емеспін!!!» – дейді.

Сөз өнерінің ең сыршыл бағыты – поэзия өлкесіне келіп кірген ақын қыз бұл мекеннің сырларына қанық көрінді. Оны өлеңдерінен де байқаған шығарсыз. Тың теңеу, соны сөздер сыршыл әлемді ақынның қабілет-қарымынан дерек береді. Содан да болар, оның болашақта бұдан да кемел, кесек сөздерді айта алатынына сенгің келеді. Құндыздың жүрегіндегі көбелек сұлу да сүйкімді қанатымен жарық жаһанға самғай берсе екен дейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар