Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Құдайды ұмытқан әлем жазасы...

01.03.2023 2206

Құдайды ұмытқан әлем жазасы 14+

Құдайды ұмытқан әлем жазасы - adebiportal.kz

немесе 

«Топанның алғашқы толқыны адам жүрегінен басталады»

(Қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Топан» романы туралы)

Жер бетінде адам саны әр сәт сайын артып келе жатқанымен, аяқ астында болып өтетін табиғи апаттар мен ауру, жаһандық соғыстар себебінен азайып отыратыны белгілі. Тарихтың бұрынғы кезеңдерінен мысал келтірмей-ақ, үш-төрт жыл бұрынғы әлемдік коронавирус пандемиясы мен жақында ғана Түркия қалаларында болып өткен жер сілкісінен мыңдаған адамның қаза тапқанын еске алсақ та жеткілікті. Бұл табиғи апат болғандықтан, адам баласының ауыр сынаққа төзуден басқа амалы жоқ. 

Бағзы замандардан бері адамзатқа өлім құштырып келе жатқан табиғи апаттардың қатарына жер бетін топан су басу, аштық, пандемия, жел сілкінісін, т.б. атап өтуге болады. Табиғи апаттардың аяқ астынан болатыны белгілі. Ал қырғыз жазушысы Сұлтан Әкімұлы Раев «Топан» романында неге жер бетін топан су алып кетеді?.. Әлде автор топан суды көрінісін әдеби амал ретінде қолданып, «әлдебір» ойларға сілтеме жасауға ұмтылды ма? Жер бетін бағзы заманда топан су шайып кеткеннен кейін қайта су жібермейтіні туралы Құдайдың уәдесі бар емес пе еді?.. «Қасиетті кітапта» Құдай Нұх (ғ.с.) пайғамбар мен балаларына бұдан кейін жер бетіне қайта топан су жібермейтінін ескертіп, өзара келісімнің белгісі ретінде жаңбырдан кейін Кемпірқосақтың пайда болып тұратынын айтқан (https://kkitap.net/?page_id=603&b=Section1). Жаңбырдан кейін аспан әлемін ғажап көрініске бояйтын кемпірқосақ белгісіне адамзат қазіргі уақытқа дейін куә болып келеді. Сонда жазушы Құдайдан да пәрменін асырып әлемге билігін орнатқысы келе ме?.. Иә... Өйткені жазушы – демиург, өнер кеңістігі мен уақыттың иесі. Әлдебір ғасырлық шындықтар мен терең ойларын оқырманға жеткізу үшін реалды әлем көрінісін еркіне қарай өзгертуге құқылы, алайда онда шындықтың да негізі болуы шарт. 

Осы тұста «Топан» романы 2017 жылы 38 мемлекеттен 1600 жазушының шығармасы қатысқан Стокгольмде (Швеция) өткен халықаралық кітап конкурсында Гран-при сыйлығын жеңіп, Генрик Сенкеевич атындағы сыйлыққа лайықты деп танылғанын да атап өткен жөн. Сонымен қатар, Сұлтан Раевтың драмалық шығармалары қырғыз, қазақ сахналарымен қоса, әлем елдерінде де сахналанып келеді. 2002 жылы Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның Букингем сарайындағы мерейтойына әлемнің бірқатар мәдениет қайраткерлерімен қатар, әдебиетке поэтикалық жаңалық әкелгені үшін С. Раев та шақырылған болатын. Біз қарастырып отырған «Топан» романы жазушының Youtube арнасындағы сұхбатына қарағанда, 2012-2014 жылдары жазылған екен. 

Жазушы С. Раевтың пайымдауынша, «Топан» романында жер бетін топан су басуының басты себебі – адамзаттың құлқы мен мінезі теріс жаққа қарай өзгерген және Жаратушыға қарсы келетін күнәлі істері шегіне жеткен. Яғни, «топанның алғашқы толқыны адам жүрегінен басталады». Жазушы әлемді басқан топан су ұғымын  аллегориялық-метафоралық мәнде қолдану арқылы адамның жан дүниесіндегі, сеніміндегі өзгерістерді, Құдайды ұмыта бастаған және Оған қарсы күнәлі істері көбейген адамзаттың теріс әрекеттерін баяндайды. Күнәлі істердің үлкені – адамзаттық құндылықтардан жұрдай қолдан жасалған адамдардың көбеюі. Әлемнің жартысынан көбін ауру, ауырсыну, сезім, өлім, махаббат, эмоция және күнә дегеннің не екенін сезініп, білмейтін жасанды адамдар жайлап алған. Романда жер үстінде Құдайға сыйынатын жалғыз діндар адам ретінде Кхэ ғана қалғанда және оның өзін діндар болғаны үшін дарға асар сәтте жер бетін топан су басады. 

Шынайы өмірде әлемде әртүрлі сенім өкілдерімен қоса атеистер де өмір сүріп келеді. Біз ешкімнің сеніміне қол сұқпаймызды алға тарта отырып, осы тұста ойымызды әлемді әлдебір Күштің – Құдайдың ұстап тұратынына сенетіндер жағына қарай бұрғымыз келеді. Сенімді құрметтеудің өзі – либералды-демократиялық қоғамның басты құндылығы. Яғни, айтпағымыз, Құдайға сенетіндердің көп бөлігі жер бетін азғындық жайласа, түбінде Құдайдан апат келетініне иланады. Діни дискурстарда да Жаратушыға қарсы күнә көбейгенде ақырзаман келетіні айтылған. Демек, жазушы С. Раевтың да әлдебір апаттың болатынынан қауіптенуі де заңдылық. «Топан» романында жазушы топан судың басуынан қауіптенеді немесе оқырман топан судың орнына басқа да әртүрлі апаттарды елестетуіне болады. Жазбамыздың басында атап өткен кейбір апаттардың ішінде жазушы не үшін топан су басқан көркем әлемді таңдап алды деген сауал туады. Өйткені, діни аңыздарда және Қасиетті кітапта Нұх (ғ.с.) пайғамбар заманында әлемді топан су басқаны жайлы айтылған еді. Бәлкім, роман арқылы сол бағзы дәуір моделін қайта интерпретациялау авторға да ыңғайлы көрінген болуы мүмкін. 

Бір ерекшелігі, Сұлтан Раев «Жанжаза» және «Топан» романында «Қасиетті кітаптағы» сакральды мекендер мен пайғамбарларға тән діни-аңыздық, мифтік ритуалдарды қайта тірілтеді. Мысалы, «Жанжаза» романында Эдем бағы (Жұмақ), Мұса (а.с.) пайғамбардың шөлде халқымен қырық жыл адасып жүруі, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар баласы Исмайылды құрбандыққа шалуға ниет білдіру мотиві және «Топан» романында Нұх (ғ.с.) пайғамбардың кемесінде жұп-жұбымен тірі қалған тіршілік иелерінің әрекетін бастапқы мәтін деңгейінде – мәтінаралық мәтін ретінде қолданады. Осы тұста жазушының көркем әлемді жаратушы ретінде мәртебесі көрінеді. Реалды әлемнің иесі Құдай болса, шынайы әлемнің көркемдік сұлбасын жаратқан – Сұлтан Раев. 

Қолдан жасалған адамдар қауіпті ме?..

«Топан» романында ғалымдар, соның ішінде гендік инжерения профессоры Ян Вельмут қолдан адам жасаумен айналысады. Ондағы мақсаты шынайы адамдар ақыл-ой, қабілет, жаңалық ашу тұрғысынан жаңа дәуірдің талабына сәйкес келмейді қалады. Жоғарыда қысқаша айтып өткеніміздей, қолдан жасалған адамдар жалпы адамзатқа тән эмоция мен сезім, көңіл күйден ада тіршілік иесі ретінде кескінделген. Яғни, шынайы адамға тән рухани сезімнен жұрдай жасанды адам – әлемге қауіпті. 

«Топан» романындағы ғалым-кейіпкер Ян Вельмуттың да шынайы адамдардың ақыл-ойы ескірді, жаңа өмір дағдысынан жарамсыз болып қалғаннан кейін жасанды адамдар шығаруы да әлем ғылымындағы кейбір теориялармен аздап болса да қисыны келетін тұстары кездеседі. Мысалы, психология ғылымы тарихындағы әлеуметтік дарвинизм бағытында «мықты адамдар ғана аман қалады» деген тұжырым өмір сүрді. «Егер үкімет нашар жұмыс істейтін жүйелерді (адамдарды, топтарды, ұйымдарды) қолдай берсе, мұндай жүйелер қоғамды әлсіретіп, ең күшті және бейімделгендердің тіршілік ету заңын бұзады. Ең күштілер аман қалған жағдайда қоғам кемелденген күйге жетеді деген еді» (Шульц Д.П., Шульц С.Э. Қазіргі психология тарихы. 11-басылым. – Алматы: Ұлттық аударма бюросы. – 2018. – 448 б. – 152 б.). Сонымен қатар, әлемдік коронавирус пандемиясы кезеңінде де физикалық тұрғыда саламат адамдар тірі қалатынына адамзаттың көзі жетті деп ойлаймыз.  

«Топан» романында протогонист Кхэ мен қосылқы кейіпкерлер ретінде оның әйелі Ман және ұлы Этих пен қызы Дуна образы бейнеленген. Ман да гендік инженерия маманы, яғни қолдан ұрықтандыру арқылы адам жасайтын маман. 

Гендік инжерения профессоры, адамдарды қолдан ұрықтандырудың генетикалық кодын ойлап тапқан Ян Вельмут өлердің алдында қолдан адам жасағанына өкініп, тіпті, жаназасын Кхэ шығаруын өтініп, хат жазады. Сонда Ян Вильмут Кхэге: «Саған айтарым, ақырзаманды біз Жаратқаннан емес, адамдардан күтуіміз керек» деп те айтып кетеді. Вильмут қолдан жасаған адамдар көкірегі бос, иман-сауапты білмейтін қатігез адам болып шығады. Жер бетінде адам жаратушыға айналып кеткен ғалым өлерінің алдында «адамның өзін жасағаныммен, оның иманын, ішкі дүниесін жасай алмадым. Қолымнан келмеді. Оларға дем бергеніммен, жан бере алмадым. Кешір!..» деп те мойындайды. 

Жазушы С. Раевтың Қасиетті кітаптарға деген құрметі ерекше екенін байқауға болады. Автордың «Топан» романымен қоса, «Жанжаза» туындысында да «Қасиетті кітап» сақталып қалады. «Топан» романында «Қасиетті кітап» жер бетін топан су шайып кеткеннен кейін, Кхэ отбасымен өлімнен аман қалғанда су жиегіне қалқып шыққан сандықта сақтаулы күйде табылады. Ал «Жанжаза» романында император ретінде бейнеленген кейіпкер де жындыханада өмір сүріп жүргенінде «Қасиетті кітаптың» мұқабасын өрттен сақтап қалады. Жазушының ойынша, «Қасиетті кітап» – өмір жасамының негізі. 

Эдип синдромы немесе инцест әдісі және Адам ата мен Хауа ана архетипі

Сұлтан Раевтың «Топан» романымен қоса, «Жанжаза» романында сан түрлі ғасырлық оқиғалар мен әлем әдебиетіндегі мифтік, діни-философиялық, эзотерикалық әдістер – архетиптер, антика әдебиетіндегі инцест әдісі, қасиетті сандық символдар қолданыс тапқанын атап өтуге болады. Яғни, С. Раевтың романдарын белгілі бір жүйемен интерпретациялау мүмкін емес. Мысалы, әлемге әмір жүргізген Шыңғыс хан образын ашу үшін инкарнация әдісі (өлгеннен кейін жаны жыланға өтеді), Эдип синдромы (Шыңғыс хан төсекте өз қызымен бас қосады), ескі моңғол танымындағы сандық символдар (қырық, жеті, 666... сандары, т.б.), Құдайдан жіберілген кітаптардағы Эдем бағы архетипі, т.б. қат-қабат қолданылады. Ал «Топан» романында Құдайды ұмытқан әлем бейнесін кескіндеу үшін Эдем бағы, топан су және Адам ата мен Хауа ана архетипін символдық мәнде бірінші деңгейлі мәтін ретінде қолданады. Оған қоса, технология мен ғылымның арқасында жалған адам жасау қолға алынып, жер бетінде саны артқанда неге соқтыратынын да жазушылық – қиялдан тудыру қабілетіне сүйеніп қисынды баяндайды. Романдары арқылы Сұлтан Раевқа әдеби-интеллектуалдық деңгейі биік әрі таным көкжиегі мен көзқарасы кең жазушы деп баға беруге болады.

Екі романда антика дәуіріндегі грек драматургі Софоклдің «Эдип патша» трагедиясындағы өз анасымен көңіл қосатын мифтік әдісті белсенді қолданады. «Топан» романында жер бетін топан су басып, әлем жойылып кеткенде Кхе ғана отбасымен су ортасындағы шағын ғана құрғақ жерде мекендеп қалады. Ол мекен «Ной жері» деп аталады. Кхэ топан судаан кейінгі өміріндегі уақыт ұғымын өз бетінше таңбалау үшін «о дүние» және «бұл дүние» деп екі кезеңге бөліп қояды. «О дүние» – топан су басқаннан бұрынғы уақыт, ал «бұл дүние» – әлемді топан су шайып кеткеннен кейінгі уақыт. 

Топан судан кейінгі әлемде Кхэнің баласы Этих мен қызы Дуна «жаңа адам» болып ержетеді. Яғни, топан суға дейінгі өркениет белгілерінің бәрі оларға белгісіз болады. «Жаңа адам» ретінде олардың көргені тек шексіз су және өздері мекен етіп жатқан «Ной жері» – шетсіз судың ортасындағы шағын құрғақ мекен. Жазушының пайымынша, адам баласы өз табиғатынан ешқашан алыстай алмайды. Яғни, Этих пен Дуна да нәпсілік сезімдеріне тұсау салу мүмкін емес. Жыныстық белгілері жетілгеннен кейін екеуі де қарсы жыныссыз өмір сүру мүмкін болмайтын жағдайға жетеді. Екінші қырынан түсіндірер болсақ, адам баласы әу баста Адам ата мен Хауа анадан тарағанда Кхэнің баласы мен қызы секілді инцест жағдайдарды бастан өткерген болуы мүмкін. Адамзат бір ата-анадан тарады дейтін түсінік сөзсіз осыған жетелейді. Яғни, «Топан» романындағы Кхэ мен әйелі Ман арқылы Адам ата мен Хауа ана архетипі қолданыс тапқан. Этих те қолдан жасалған адамдар екенін айтып өтуге болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Этих пен Дуна – топан су басқаннан кейінгі бұрынғы өркениеттің бір де бір белгісін көрмеген, сезбеген бұ дүниенің «жаңа адамдары». Бұл кейіпкер арқылы автор әлем жаратылысының бастауы (адамзаттың таралуы, көбеюі, күнә арқалауы) мен ақырзаманға дейінгі белгілерін (Құдайға қарсы шығу, қолдан адам жасау, топан су басуы) түсіндіруге тырысады. 

Кхе образынан Нұх (ғ.с.) және Иса (ғ.с.) пайғамбарлармен параллель салыстыруды байқауға болады. Бір айырмашылығы, ілкі дәуірде топан су басқанда Нұх (ғ.с.) пайғамбардың кемесінде тірі қалған адам, жануар мен жәндік жұптары арқылы тіршілік иелері көбейген еді. Ал Кхэ діндар Құдайға деген сүйіспеншілікте ондай дәрежеге жете алмады. Мұның себебін автор Кхэнің түсі арқылы ұғындырады. Кхэ Құдайдың сынағына төзе алғанымен, сол өзіндегі Құдайға деген махаббат балалары арқылы жалғаспайды. Сол үшін толыққанды Құдайдың сүйікті құлына айнала алмады.

«Топан» романында әлем әдебиетіндегі инцест әдісі белсенді қолданыс тапқан. Этих анасы Манды зорлап, анасы баласынан екіқабат болады; ал Этих пен Дуна – ағалы-қарындас көңіл қосып, екеуінен мүйізді бала туады. Ман баласының осындай зорлығына шыдай алмай, шалқар суға ағып өледі. Роман соңында Кхенің қолдан жасалған баласы Этих пен мүйізді немересі зорлық-зомдылық көрсетіп, Иса (ғ.с.) пайғамбарды асып өлтірген ағаш іспетті айқыш ағашқа таңады. Кхе олардың қолынан өлгісі келмей, ағашқа таңылған күйде өзін суға тастайды. Автор осы тұста «Пайғамбарлап көз жұмғанда сол жерден шайтандардың қурайы өсіп шығады» деген ой айтады. Демек, қолдан жасалған да, мүйізді немересі де шайтан бейнесінде көрініс тапқан деп тұжырымдауға болады. Яғни, С. Раев кескіндеген әлем Құдайдан билікті алып, өз бетінше билік жүргізгісі келген шайтандардың қолына өтеді. Шайтан билеген әлем ақырзаманға тап келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Кхе діндар мен Иса (ғ.с.) арасында өте жақын ұқсастық кездеседі. Кхе образы Иса (ғ.с.) пайғамбар прототипіне негізделген. 

Қорыта келгенде айтарымыз, қазіргі уақытта қырғыз әдеби кеңістігінен шығып, Орталық Азияның танымал жазушысына айналған Сұлтан Раевты адамзаттың болашағы – бүгінгі шынайы өмірдегі адамдар әрекетінің соңы қайда алып барады деген сауалдар көбірек толғандыратыны байқалды. Жазушы «Жанжаза» және «Топан» романы арқылы адамзатқа Жаратушыға қарсы жасалып жатқан күнәлі істерді тоқтатуды және шегінен шыққан теріс әрекеттері үшін жауап алынатын уақыт келетінін ескерткендей көрінді. «Топан» романы арқылы реалды әлемнің сюрреалистік (super real) – асқан шындықпен бедерленген өзгеше – фантастикалық образын көреміз. Біз бұл мақаламызда С. Раевтың «Жанжаза» романына көп тоқталған жоқпыз, өйткені бұл туынды өз алдына кеңірек интерпретациялауды қажет етеді және алдағы уақытта мақала авторы С. Раев шығармашылығын ғылыми аспектіде кеңірек зерттеуді жоспарлап отыр. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар