Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Қасым Аманжолов. Иса ақынмен соңғы кездесу...

10.04.2020 7437

Қасым Аманжолов. Иса ақынмен соңғы кездесу 12+

Қасым Аманжолов. Иса ақынмен соңғы кездесу - adebiportal.kz

1945 жылдың жазында Ұлы Отан соғысынан Алматыға қайттым. Майданнан қайтқан солдаттың сағынышын, қуанышын бұрын бір жүріп, бірге өскен жолдастарын көруге қаншалық ынтық болатынын майдандас жолдастар ғана біледі.

Сол жазда ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толғаны бүкіл Қазақстандық мереке болды. Осы мереке үстінде өзімнің қаламдас жолдастарымның көпшілігімен кездесіп, шексіз бір қуаныштың айдынында жүзіп жүрдім. Сол жылдың жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме күтпеген жерден бір ой орнай қалды. Ол не? - Ол мынау: Абай тойында ақын-жазушылардың бәрі бар; елдің кәрі тарлан, жүйрік жыраулары да топ жара суырылып шығып жатыр. Осындай думанның ортасында дуылдап жанған оттай шалқитын Иса қайда? Онсыз думан өтуші ме еді; ол әрдайым ортамызда болушы еді ғой. Осынысы қалай? Исаның орны бос тұрған сияқты, ол неге келіп отырмайды орнына... Қанатын желпіген бүркіттей өткір қара көздері төңкеріліп «Желдірмемен» желпіп-желпіп өтпес пе? Ақын жанның салютіндей жарқылдатып, асыл жырды аспандата атпас па?... Ол қатты науқас дейді. Алматыда жоқ дейді. Келе алмапты, бұл тойға. Неткен арсыз хабар. Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да, өлеңнің өткел бермес теңізін екпінді желдей «Желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де, сол Исаның бойында мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді? Япырай, Сондай қуатты өмірді, сүмелек ауру басынғаны не сұмдық!?

* * *

«Иса келіпті», - деді бір жолдас. Қуанғанымнан: «Иса! Иса! Иса!» - дей бердім ішімнен. Түскен жерін біліп алдым да, дереу сонда тарттым. Көз алдымда баяғы Иса сол қалпында елестейді. Жеттім. Ендім үйіне, сәлем бердім. Төрдегі бір төсекте Исаға маңдайы ұқсас, бір құр сүйек адам жатыр екен. Жаныма мұз төгіліп кеткендей болдым. Даусы ақырын ғана шығып, «қарағым, Қасымым» деді де, қалт-қалт еткен қолын соза берді. Менің ыстық шеңгеліммен, оның салқын тартқан шеңгелі достықтың бір түйініндей жазылмай біраз тұрды.

- Отыр, қарағым, - деп төрді ұсынды. Отырдым. Жайлап басын көтеріп, ол да төсек үстінде отырды.

- Аман-есен қайтқаныңды есіткем. Бәрін де есіткем. Қайырлы болсын, үй болыпсың.

Ол менен қандай өлең жазғандығымды, ағайын-туысқандарымнан кім барлығын сұрады. Осыдан кейін төсектің бас жағында тұрған, алғашқыда Исаның қойнындағы баласындай жастықтаса жатқан домбырасын алды да, бас пернеден сағаға дейін бір-екі рет сыдыртып өтті. Байқаймын, саусақтары бұрынғыдай құйғытпайды, тек жай ғана желеді...

- Сәбитке сәлем айт. Осында Сапарғалиді жіберіпті, менің өмірбаянымды жазып алсын, - деп. Тегі мені «өледі» деп ойлаған екен. Мен өлмеймін. Туберкулезім жоқ, тек бойымды суық алған. Өлмеймін! - деді Иса.

* * *

Бұл кез 1946 жылдың көктемі еді. Сол жылдың жазында Иса Алматыдағы туберкулез институтының ауруханасында жолықтым. Бірнеше адамдармен бірге жатыр екен. Сәлемімді алды. Қуанып қалғаны бірден сезілді. Өзімен қатарласа жатқан домбырасын алды да «Желдірмені» ойнап, бірден қосылып кетті. Амал не, дауысы сәл-сәл ғана естіледі. Кеуденің әбден қажығандығы сезіліп-ақ тұр. Бұдан соң жазушылар ұйымында не жаңалықтар болып жатқанын сұрады. Өзіне кім келді, кім келмегенін айтты. Әсіресе, Мұхтар мен Кәрімнің келгеніне қатты риза екенін айтты. Ақыр соңында:

- Мен осы қанша өлмеймін десем де өлемін-ау деймін. Тегі, енді ұзаққа бармаспын. Жолдастарға сәлем айт. Сәбитке сәлем айт, - деді де көзін жұмып біраз жатты. Мен шаршап жатқанын сездім де:

- Иса аға, мен енді кетейін, - дедім. Қолын созды. Қолын алдым да шығып кеттім.

Осыдан біраз күн өткен соң Шахмет Құсайынов, Ғабдол Сланов тағы бірнеше жолдастар болып сол институтқа барып, Исаның сүйегін алдық...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар