Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қасіретті КарЛаг» қара өлеңде...

01.06.2023 1242

«Қасіретті КарЛаг» қара өлеңде 14+

«Қасіретті КарЛаг» қара өлеңде - adebiportal.kz

Қарағанды қаласы әкімдігі мен Жазушылар одағының Қарағанды облысы филиалының бірлесе ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Қасіретті КарЛаг» атты Республикалық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Бұрын онжылдықтар бойы ғалым Нұрлан Дулатбеков ағамыз зерттеп, ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз «Қара орамал» атты ғажап поэма жазған. Одан кейін ешкім аяқ баспаған тақырып қой. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Қытай мен Моңғолия елдерінен өлеңдер келіп түсті. Жалпы жобасы жетпіс ақын қатысты. Үш поэма келіп түсті. Ішінде төрт аяғын тең алған жорғадай қалыптасқан ақындар да, аяғын тәлпеңдетіп басқан жас талаптар да бар. 

Қазылар алқасында Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайылбай ағаларымыз, екі филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов пен Жарылгапов Жансая ағаларымыз бар. Және ақын Жанат Жаңқашұлы қазылық етті. 

Қазының бәрі қарағандылық болғандықтан жерлестерімізге бермейміз, сыртқа береміз деген уағда болған. Бірақ өлеңдерді қарай келе бәрібір Қарағандының тумасы, Астананың тұрғынының өлеңіне батыраштық жасай алмадық.

Сонымен «Қасіретті Карлаг» жыр мүшәйрасының нәтижесі мынандай болды. 

Мирас Асан бірінші орын, Ұмтыл Зарыққан екінші орын, Нұрбек Кеңесбай үшінші орын. Назгүл Бердіқожа арнайы жүлде, Олжас Қасым арнайы жүлде, Батырлан Сағынтай арнайы жүлде,  Сезім Мергенбай ынталандыру,  Ерік Нарын ынталандыру, Дмитрий Пхенда ынталандыру.

Жүлдегерлерді анықтау қазылар алқасына оңайға соққан жоқ. Және өте әділ өтті деп ойлаймын. Қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкен өзі келіп қатысып, қадағалап отырды. Өлеңдер лақап аты бойынша қаралды. 

Бүгін ҚарУ ректоры, атымтай жомарт Нұрлан Дулатбек ағам хабарласып "КарЛаг: Тарихтан тағлым. Өткенге тағзым” атты гуманитарлық жоба аясында мүшәйраға жиналған өлеңдерді іріктеп, кітап шығарсақ, мен көмектесейін деді. Біздің негізгі демеушімізге һәм әріптесімізге айналған Нұрлан ағамызға басымызды иіп, алғыс айтамыз.

Жоғарыда әділ өтті дедік қой. Енді негізгі үш жүлдегердің өлеңін назарларыңызға ұсынайяқ. Көз жеткізе отырыңыздар:

Жалғыз үй

(КарЛаг қасіретіне)

Жұмбақ көп біз шешпеген әлі қанша,

Ерқашты ығыр аттай көңіл арса...

Ызалы жүрек теуіп тар кеудені,

Жаралы, жауға атылған қабыланша,

Ойлардың отырамын қазып ішін,

Аз күлкім,

Аз шаттығым,

Аз ырысым.

Жапанда, жар басында жалғыз үй тұр,

Сол менің – қалт-құлт еткен жазмышым.

Сол жалғыз жыртық лашық болмысымдай,

Жармасам белдеуінен желге ұшырмай...

Үй маңын кезген рухтар мені сонда,

Сүйрейді өздерінің соңғысындай...

Зұлматқа, зобалаңға кепілденіп,

Әлгі үйге кірем сүлде секілденіп.

Отырам аруақтардың арасында,

Ешқайсы тіл қатпайды бетін беріп.

Жалғыз үй айналады көрге кенет,

Шығамын өзімді-өзім өрге демеп.

Кетеді әлгі рухтар ұшып көкке,

Төбеме тас құлатып, шер жебелеп.

Қаламын мен шырылдап, көкемайлап,

Жанымды зар мен нала етеді ойнақ...

Керзі етік тұтқындарды топырлатып,

Үстінен жүрегімнің өтеді айдап...

Қолында қып-қызыл ту, сұсты берен,

Тамырсыз, жапырақсыз, ұсқыны емен,

Төбені адақтайды сосын ажал,

Ақсөңке сүйектердің үстіменен...

Сүйектер кебіні жоқ, моласы жоқ,

Аулаққа шұбырады қарасы көп.

Аруақтар шұбырады жүрегіме,

Жанымның назасы боп, наласы боп.

Өң мен түс, жалған, шындық арбасуда,

Әділ сөз бір айтылмай қалмасын ба?

Жалғыз үй қалт-құлт етіп тұрады үнсіз,

Жалпылдап...

жан түбінде,

жар басында...

Мирас Асан

Ақмқола. Алжир. Ақборан

Ақмола, Қарағанды арасында,

қой бағам Батық, Жарық даласында.

Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,

ешбір ой қойдан басқа болмай қойды.

Алыста жылай-жылай бала қалды,

жүрген жер Ақмола мен Қарағанды.

Қайран ел сені көркер күн бар ма екен,

мұңымды алыс-жақын тыңдар ма екен.

«АЛЖИР» тұтқыны. С. Қожановтың жары 

Күләндам апаның өлеңінен.

 

Селеу семген,

жусан өлген,

ақ даладан ажал исі аңқыған.

Ақмоланың ақ бораны аш бөрідей ұлыған.

Құшағында қу таяғы, сәбиіндей аялап,–

қандай ана қой соңында көздің жасын бұлаған?..

Қамыс басы төгіледі, егіледі желменен,

көкірегін кеміреді, улы өксік кернеген.

Құр тұлыпқа телміргендей, телміреді далаға,

қандай кінәң болды сенің,

қайран ана, ұлы ана!?

Ақмола мен Қарағанды, Батық, Жарық даласы,

сендер айтып беріңдерші, қандай оның күнәсі?!

Атар таңды арқалаған, белдер айтып беріңдерші,

кейуананың жасы тамған, көлдер айтып беріңдерші,

көрдей ауыр сауалым бар, жазылмаған жарам бар,

сендер айтып беріңдерші, қазылмаған арандар!?

Қызғалдағы гүл ашпаған, жусаны бүр жармаған,

жасы сіңіп сары далаға сауулы інгендей боздаған.

Шөккен нардай шойырылып жатқан анау төбелер,

сендер айтып көріңдерші, неге мұнша момын ел!?

Ауыр ойды арқалаудан жауыр болған, далам-ау,

қара тастай ауыр қайғы бауыр болған, далам-ау,

асыл шашы ақтарылып жатыр неге кейуанам,

көзі – бітеу, көңілі – көр, сөйле қане, ей, заман?!

Ақмола мен Қарағанды, Батық, Жарық даласын,

жаным ұшып шарлағанмен, таба алм ба моласын?

Тас обалар күңіреніп нені айтады түнімен,

әлденені жоқтайды олар қара тастың тілімен.

Ұлы уақыт дауылы да ақтай алмас күнәсін,

айналайын, аруақтар, оған да өзің куәсің.

Ақмоланың ақ бораны аңыраса іңірде,

осы өлеңді айтып іштей, дұға оқимын Тәңірге.

Ұмтыл Зарыққан

 «…Мамочкин дом», қазақшалағанда, «анашымның үйі» атты арнаулы мекеме жұмыс істеген. Долинканың бір шеті сол сәбилердің қорымына ұласады. Қорымның екінші жағы өзен суымен шайылып, жарлауыттанған жағаға тіреледі. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін көктемгі су тоғысы кезінде өзен бетінде қалқыған сүйектер үйреншікті көрініс болыпты…»

Толеутай Тұрарұлының

«Карлаг – Сталиндік қуғын-сүргіннің азалы тарихы»

атты мақаласынан.

 

Мамочкин домдағы баланың соңғы сөзі

(Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, КарЛаг қасіретіне арналған өлең)

 

_ Мынау түнек әлемде:

Бізден асқан болды кімдер сормаңдай,

Жарық қайда… көрсет кәне жол қандай?

Әкеміздің сүйегімен қаланған,

Қабырғаны теспек болсақ қол бармай…

Өзегіне талшық қылған бүрге етін,

Есік жақты тырнайды әне бір жетім.

Күн көсемге шоқынамыз әйнектен,

Бір-ақ рет көру үшін күн бетін.

Ал мамамыз шығып кетсе келем деп,

Оны күтер ауыр азап, мол еңбек.

Жеңгемізді тапалайды көп жендет,

Соқыр ағай қалған күні керең боп.

Сол жеңгеміз толғатады көп өтпей,

Ұл туады жирен басы көнектей…

«Бауы берік болмағырды бері әкеп,

Менің жыртық шұлғауыма бөлеп қой.»

Деп мамамыз жерден алып көтеріп,

Кеткендігін көрсетеді еті өліп.

Біз тұрамыз қабырғаны сипалап,

Кімді ол енді алады деп әке ғып?!

Әкесіздер өрген солай тым көп боп,

Жетесіздер өлген талай, індет кеп.

Көмусіздер көбейгенде тіледік,

Қабірімде тұрса ғой деп гүл көктеп.

Осы біздің ең соңғы арман еді әттең,

Баба аруақ! бізді солай жебеп пе ең?

Ей періште, мен де өлемін анамды,

Жерлеп берші!…

Одан кейін жоқ өкпем…

Ал біздерді көмеді әкеп көрге кім,

Сүйегіміз жабар ма әлде көл бетін?

Басымыздан аттап өтер о, мүмкін,

Әкелерін іздеп шыққан көп жетім…

Нұрбек Кеңесбай

Қарағанды қаласының әкімдігіне һәм Ләззат Төкен ханымға әріптестік үшін зор алғыс айтамыз!

Жанат Жаңқашұлы

ақын, ҚР Жазушылар одағы Қарағанды облысы филиалының директоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар