Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
«Қарғыбаулы қасқыр» оқырманға жол тартты...

24.11.2023 1559

«Қарғыбаулы қасқыр» оқырманға жол тартты 14+

«Қарғыбаулы қасқыр» оқырманға жол тартты - adebiportal.kz

Алматыда өтіп жатқан «Ұлы жібек жолымен – 2023» кітап көрмесі аясында, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Қарғыбаулы қасқыр» атты хикаялар жинағының әдеби таныстырылымы өтті. Кітап жақында ғана «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан жарық көрген болатын. Осы уақытқа дейін Ұларбек Дәлейұлының «Қанымдағы қасқыр иісі», «Күз жауған соқпақ» жыр жинағы мен «Хат бармайтын қыстақ» атты әңгімелер жинағы жарық көрген еді. 

«Қарғыбаулы қасқыр» хикаялар жинағына арналған кештің тізгінін журналист Садық Шерімбек ұстады. Ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов пен жазушы Қанағат Әбілқайыр бастаған зиялы қауым кітаптың тұсауын кесіп, ақ жол тілеп, автордың шығармашылық ізденісі мен кітаптың жетістігі туралы ойларын ортаға салды. Аталмыш кешке, Жүсіпбек Қорғасбек, Алмас Ахметбек, Ислам Жеменей, Зайда Елғондиева сынды ақын-жазушылар мен өнер өкілдері қатысты. 

«Қарғыбаулы қасқыр» кітабының негізгі өзегі – көшпенділер рухы. Жүлгесі – тарихи шайқастар. Тамыры – ұлы Ғұн мен көк Түріктер дәуірінен бастау алатын жауынгерлік хикаялар. Алтай бетін жайлаған қазақтардың атамекені үшін өткерген қиян-кескі соғысы, оған бас болған қазақ мергендерінің ерлігі деректер негізінде өрнекті тілмен баяндалады. 

Негізгі тамыры көшренді жұрттың ерлік даңқынан қуаттанған тамаша жазу стилі оқырман жүрегіне жігер мен намыс отын құяды. Сонымен қатар, арасын шекара торы бөліп жатқан сонау Алтайда өткен балалық шақ, ауыл тіршілігін айта отырып, бүгінгі күні көзден таса бола бастаған ұлттық құндылықтар негізін тілге тиек етеді. 

«Қарғыбаулы қасқыр» кітабының алғы сөзін белгілі жазушы Қанағат Әбілқайыр жазған болатын. Кітаптың мәні мен мазмұнынан толыққанды ақпарат алу үшін, оқырман назарына сол алғы сөзді қалпын бұзбай, толығымен ұсынғанды жөн көрдік. 

Ұларбек дегенде өткен ғасырлардағы алқам-салқам көңілі бар ақжайық жан көңілге оралады. Сағына көріскен отырыстарда білегін түріне сөз бастағанда қызды-қыздымен орнынан тұрып кетіп, әр кейіпкерінің кейпіне еніп, бар болмысымен әңгіме тиегін ағытқанда сол оқиғаның ортасында өзің де жүргендей ғажап бір күйге тап боласың. Рас, не айтса да сендіре айтады, не айтса да керемет бір күйге бөлейді. Бұл сөзім құрғақ болмасын, мына кітап – айтпағыма дәлел! Өлеңде өзін дәлелдеген Ұлашқа, «Осы айтқандарыңды әңгіме қылып жазшы», –  деп қолқа салушы едік. Сол тілек, міне, орындалыпты. Қолжазбасын бір демде құмарым қанбай оқып шықтым. Өте шынайы! Ең бастысы, арғы беттегі өмірді, ата-бабамыздың туып-өскен өлкесіндегі қиын жағдайды, сұлу Алтайды, екі алып мемлекеттің қыспағында қалған талапай-өмірді шынайы баяндайды. Аталарымыздың жанкешті ғұмыр жолын оқып отырып, елі мен жері үшін жан аямаған ерлігіне марқаясың, арқаң қозады. Сондай саңлақ жігіттердің еш қызық көрмей ат үстінде құрбан болғанына жүрегің езіле өкінесің. Бұл деректі дүние ғой, Ұларбектің шығармасының тағы бір құндылығы – Алтай бойындағы сандаған жылдарға созылған тартыстың ішінде жүрген батыр аталарымыздың көзін көріп, жанында отырып әңгімесін өз ауыздарынан естіген. Аңызға айналған ерліктерін таңды таңға ұрып тыңдаған құймақұлақ. Біз жақсы білетін, қытай жұрты ғана емес, орыс пен маңғол елі де аяғын тарта басып санасқан, қазақтың еркіндігі үшін ғұмырын сарп еткен Оспан батырға дейінгі оғландар осы кітапта қайтадан өмірге келді, таспаға басылып тарихта қалды. Бізді сол қуантады. Оспан батырдың қытай билеушісіне: «Менің ұлттық тәуелсіздік құқығымды танысаң, барамын. Егер «Шынжаңның ұлттық тәуелсіздігін танымаймын. Баса билеймін, жұтамын» десең, келіп жұтып бақ», – деп жауап беруі, тәуелсіздік алдық деп кеуде қаққанымен тарихты толық танып-білмеген бүгінгі әр қазаққа сабақ болар. 

Ұларбекті оқып отырғанда тағы бір деректі көзім шалды. Қытай әскерінің сағы сынып, орыстан көмек сұрағанда атақты бір орыс генералы оққа ұшыпты. «Соның сүйегін қайтарып беріңдер», –  дегенде, біздің аталарымыз: «Сендер Әлихан, Ахмет бастаған зиялыларымыздың сүйегін беріңіздер. Сонда біз де сүйекті қайтрамыз», –  депті. Бұл да жүректі төтенше толқытады. Қай бетте жүрсе де қазақтың қазақтан суымағанын, сыртта жүрсе де көңілінің бір түкпірінде бауырына деген ыстық ықыласының бүлкілдеп жатқанын бар болмысыңмен сезінесің.

Мақтаныш сыйлар, мәртебеңді көтерер сәттер: аталарымыздың көзсіз батырлығы, жер-суды жетік танып, ұрыс сәттерінде ұрымтал тұстарды тиімді пайдалана білуі, құралайды көзге атар мергендігі, әсіресе оқты артық шығындамай екі-үш әскерді қабаттай атуы болса; Жаныңды ауыртып, өксік байлар жағдай: жазықсыз жұрттың қытайдың, орыстың, маңғолдың қыспағынан шексіз жапа шеккені, аяусыз тепкі көргені. Қаншама батыр аталарымыздың қыршынынан қиылып, құрбан болғаны. Осындайда «Қазақтың бір шоғыры ғана тұтас үш мемлекеттің құрсауында отырып, осынша жылдарға созылған қарсылық жасады. Күллі алаш жұрты жұмыла күрессе не болар еді?» деген балаң арман санаңда жүгіріп өтеді екен.

Сөз басында Оспан батырға дейінгі қаһармандарды қайта тірілтті дегенім, аңызға айналған қолбасшы – Сүлейменді, Ырысхан мен Есімхан атты көсемдерді, Қабай мерген, Райхан батыр, Рәшат, Рахым, Әбілдай, Татай, Шәйтіғазы, Шәукей, Қабділмәлік, Қарақас Дәлелхан балуан сынды айбоздарды осы кітаптан оқып-білдік. Жанкешті әрекеттеріне сүйіндік. Әттең, әділетті тең ұрыс болмады-ау деп күйіндік. Күйінерге тағы бір себеп: Сүлеймен аталарымыз бастаған көтерілістен ойсырай жеңілген, амалсыз келісімге келген қытай билігі қазақ би-болыстарымен астыртын келісіп, қару-жарақтарын жинап алады. Бұл бір қателік болса, өз арамыздан шыққан Сағда сынды сатқындар екі сүріндіреді. Көңілді толқытар, өзекті өртер ондай өкініштер осы кітапта тұнып тұр... Тағы бір айтатын дүние, Ұлаш шығармалары арқылы дала тарланбоздарын ғана емес, қазақтың бай тілін, көне сөздері мен асыл ұғымдарын қайта жандандырды. 

Әттең дейсің тағы да... «Сол кезде жасы 18-ге енді толған Қорқымбай білек түріп, алдыға шығады. Қайыс арқанын алып, етігін шешіп, киіз байпақпен баспалап, жартас түбіне қарай жылжиды. Ажал сеуіп, сақылдап тұрған пулеметтің тура түбіне барып, атайын десе пулеметші көрінер емес. Иек астына келіп қалған қазақты олар да байқамайды. Қайыс арқан басын ілмектеп, шалма жасайды да, үйіріп-үйіріп лақтырып қалып, пулеметке тура түсіреді. Аяғын жақпарға тіреп, сілке тартып, пулеметті жұлып алады» дегенді оқығанда, көңілің босайды. Қазаққа қарсы қытай билігі қару еткен ұйғыр, дұңған бауырлардың әрекетіне ішің ашиды. Сол сәтте олар да қазақпен тізе қоса әрекет етсе, елін, жерін сақтап қалар ма еді деген жаныңды безбенге салар ой да жоқ емес. 

1040 жылы шілдеде Алтайдағы аз ғана қазақ, мың бес жүздей соғыс көрмеген жауынгер он шақты мергеннің бастауымен айналасы бір жарым ай ішінде, үш мың орыс қызыл әскері мен бес мың қытай шерігін, жалпы саны сегіз мыңнан астам әскерді тау ішінде қаша соғысып түгел қырып тастайды. Бұл Қытай архивіне түскен нақты дерек екен. Сонда сол тұста-ақ аты аңызға айналып үлгерген бас қолбасшы, көздегенін мүлт кетпейтін қырағы мерген Сүлеймен бір сәтте алдынан өткен екі жүзден астам әскерді оққа байлаған. 1940-1958 жылдар аралығында, айналасы 18 жылда алпыс мыңнан астам ағы бар, қызылы бар, қытай әскерін қойша қырған, ұлт үшін жан алысып, жан берісіп, қанмайданда көзсіз ерлік көрсеткен баһадүр аталарымыздың соңы бертінде қайтыпты. Сол көнекөздерді көріп, шындықты құлағына құйып қалған Ұлашқа мың алғыс! 

Кітаптың өнбойынан жалаң қолмен жауға шабар асқақ рух, қазақтың еңсесін көтерер ерен өрлік есіп тұр, туған мекеніміз, Атажұрт – Алтайға  деген сарытап сағыныш аңқып тұр. Осы кітаптағы қытайларды ғана жейтін қасқырларды қазақ рухы деп ұқтым. Ұларбектің бойында аталарымыздан жұққан батырлық бар. Сол батырлық осы шығарманың тууына, аруақты оятуға себеп болды. Қолжазбаны маған жолдағанда, өзімді олқысындым.  Жақсылық Үшкемпіров ағамыз қазақтан шыққан тұңғыш Олимпида чемпионы атанғанда: «Менің орнымда «Міне, нағыз қазақ!» дейтіндей тұлғалы біреу тұруы керек еді» деп, өзін қорашсынған екен. Сол сияқты, мынандай аруақты дүниеге пікір жазуға мен де өзімді лайықсыз көрдім о баста. Дегенмен, алтын бауырдың ақ ниетін аттап өте алмай аз-кем сөз жаздым. Бағасын өздеріңіз берерсіздер!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар