Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Қарадаланың қара өлеңін әуелеткен ақын...

20.06.2023 2014

Қарадаланың қара өлеңін әуелеткен ақын 14+

Қарадаланың қара өлеңін әуелеткен ақын - adebiportal.kz

Өлең әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келген өзгеше ақын қыздың бірі – Жазира Бақаева. Оның өлеңдерінен туған жердің, өмір жолының, тағдыр жазуының иірімдері еседі. Ақынның түрлі құбылысқа өзіндік пәлсапамен келетінін байқауға болады. Сонау Қарадаланы мекен етіп, әдеби ортадан жырақ жүрсе де өлеңге деген махаббатын еш суытпаған парасат көңіл өз пайымдарын жырына өзек еткен.

Жазира Бақаеваның «Қарадала – қара өлең», «Жетісудан аққан өзендер» жыр жинақтарына өлеңдері енген. Республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жетісу», «Жас алаш», «Ана тілі», «Заң» газеттері мен «Жалын», «Үркер» журналдарына, Ұйғыр аудандық «Қара дала», «Иле вадиси» газеттеріне өлеңдері жиі жарияланып тұратын. 2022 жылы «Аспантау-Қарадала» сериясымен «Бақыттың кілті» атты жеке жыр жинағы жарық көрді. 2022 жылы «Қазақстанның үздік қызметкері» медалімен марапатталған. Еңбек жолында озат бола жүріп, поэзиядан да қол үзбей келе жатқаны қуантады. Поэзия әлеміне әкелген жеміс-жырлары да аз емес. Бүгінде оның қанжығасы тоқ. Жазира Бақаева алғашқы жырларымен-ақ өз оқырманын тауып, сөз сүйер қауымның көзайымына айналған.

«Өмірдің кешігіп қалардай көшінен,

Ауа жұтып көрмеген жандай осы мен...

Тұншығып кетем нәр сызбағандай сезімнен,

Сосын, 

Өзімді жұбата бастаймын амалсыз,

Санамдағы ойлар үстемдігінің қошымен» - 

дейді ол. Өмірге өлеңмен жауап қатып, өлеңмен мұң шағатын, өлеңмен қайғыратын, өкінетін, ширығатын, шын сүйетін, үндесетін, сырласатын, сауға сұрайтын, шашу шашатын ақынның әлеміне енесіз. Ақынның біраз өлеңі өмір жайлы. Күнделікті күйбең тірлікке желініп қалмай, жүрек түкпіріндегі сезім атаулыны өлеңге қондыруы да еркін, саф үдеріс. Өмірдің әр парасы, әр белесі есею жолына айналып жатқанын сезінесіз. Өлең мен өмірдің арасын жалғаған сезімге елітіп, көз қуанып, көңіл сүйсінеді. Ақынның көзімен өмірге деген мөлдір махаббат оянады.

«Сен не деген құдіретті ең, зерлі өлең! 

Ойға тыным,

Жанға маза бермеген,

Бақ боп қонып, сор боп сөзге ермеген,

Паң ғұмырда жүрегімді тербеген, 

Сен не деген құдіретті ең, зерлі өлең! 

Көңіл тербеп, 

Көкірегімде көктеген, 

Өмір сыйлап, өзегімнен теппеген,

Тағырыма тұмар таққан, текті өлең,

Сен не деген мәртебелі мектеп ең!» - 

деп Жазира ақын өлеңнің өзін жырына арқау еткен. Мұндағы мотив қарапайым қара өлеңнің адам болмысын, ақын бітімін парасат биігіне әуелете алуын көрсету. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», дегенмен өлеңмен біте қайнасып жатқан арқалы ақынның жырында өлеңге деген мөлдір сүйіспеншілік айшықталған. Өлеңге өміршеңдікті де сол махаббат сіңіріп жатқандай. Өлеңнен еш пафос көрмейсіз. Бұрын да бар дүниені, талай жырланған құбылысты қарапайым жырға қосу. Ақынның өлеңдерінен акмеизмді сезінуге болады. Өмірге мән беретін, өлеңге сән беретін тұғырлы сезімдердің құндағын жазып көрсеткендей. Көңіл сезінетін, сүйсінетін, соған иланатын шындықты ғана жырлайды.

«Əпке!

Бір жайт түсіп кетті есіме,

Сіз де ердіңіз Фаризаның көшіне.

Қарасаздың қара өлеңін арқалап,

Қош келдіңіз, Қарадала төсіне!» - 

деп ақын Санжар Келекеев Жазира Бақаеваға арнаған жырында өлеңде кімге елітетінін айтқандай. Қазақта Фариза Оңғарсынованың өлеңіне елітпей өскен қыз жоқ шығар. Бәлкім, еліктеудің ақыры өнерге өз үлесін қосуға жетелеген болар?! Өлеңнің миятын сезініп, өмірге берерін поэзияның теңіне қосқан шығар? Болмыстың бар құдіретін жиып ап өлеңге теңдегені де талантты қап түбінде қалдырмаудың жемісі шығар? Бағалағанның бағы жанар, өнерді қастерлеуді де өнерге айналдырған ақындар некен-саяқ. Жазира Бақаева сондай санаулы ақынның бірі дер ем. Қолда бар қасиеттің қадіріне жету де дегдарлық. 

«Дүние мынау дап-дайын,

Ақпа-төкпе атырап... 

Сенің бейнең Ақ қайың,

Менің бейнем жапырақ.

Өміріме өң берген,

Алатаудай асқарым.

Қырып жедім сен берген,

Қара өлеңнің қаспағын». 

Өлеңде Мұқағалиды пір тұтатын ақын, оған да сырын ақтарған. Оған да мұңын шаққан екен. Өзін пір тұтып, шөлдегенде іздейтін мөлдір жырына айналдырған. Мұқағалидың жырынан от алған, қуаттанған Жазира Бақаеваның өлеңінен жаңа дәуірдің жарқын үнін сезесіз. 

«Жерұйық жерде,

Кермиық белде,

Қызыр дарыған өлкемде,

Маңдайдан жатыр күн сүйіп, 

Қол бұлғап қайың, қырмызы қырқам,

Көктемнің күні нұр құйып.

Базарлы далам,

Іргесі берік, ірі елім,

Кетпесін саған,

Кетпесін саған тіл тиіп! 

 

Көгіңде қалқып, 

Көк сұңқар ғана самғайтын,

Қарасаң көзіңді арбайтын,

Сімірсең – сусын,

Шөлдесең жүрек жалғайтын, 

Бұлағы тұнық, сындырып түсер шекені.

Шарбы бұлттары көш керуенімдей көшеді.

Көк Тәңірісі өзі қолдаған, 

Бұл өлке – біздің Көк Түріктердің мекені!» - 

осындай жырларынан ақынның туған жерге, Отанға деген мөлдір махаббатын байқайсыз. Өлеңдегі өрнектерінен сол далада өзің жүргендей елітесің. Бұлақтың тастай суын сіміріп, күнге маңдайыңды өптіріп келе жатқандай күйде қаласың. Қазақтың кең байтақ даласына деген шексіз махаббатың оянады. Көз жетпейтін  сұлулықты сөз жеткізгеніне сүйсінесің. Аспантаудың басына шығып, шарбы бұлттардың арасында ойнаған балалығың есіңе түседі. Аттап бассаң долана, аттап бассаң қарақатқа тоятын базарлы, берекелі жайлауың менмұндалайтындай. Саф сезімдермен, ыстық естеліктермен қауыштыратын тірі өлеңге алғыстан басқа айтарың жоқ. 

«Өлең өлкесіне ерте келіп, кеш түлеу – кемшілік емес, кемелдену! Жазира-өлең, маған осылай түсіндіргендей. Сенімді де сабырлы қалыппен... 

Салқын күзде сарқылмас – деп сабырым,

Алтын күнге алақанымды қарыдым.

Бақытымның кілтін тауып алғанша,

Сен де сөнбе, жарығым! 

Ақындық әлеміндегі бар күш-жігерін «Бақыттың кілтіне» балаған асау да ұшқыр көңіл мөлт-мөлт етіп «Мөлдір өлең» іздейді. «Мөлдірлік» деп елегізиді. Қайшыласқан сезімдер, орай да борай ойлар, драмаға толы ішкі бұлқыныстар сені де «қолтықтап» қиял көгіне бірге алып бара жатады. Иә, еріксіз! Ересің де құсқанатты жырлармен бірге биікке көтеріліп, сен де «мөлдір өлең» болып кете барасың... Сенбесең, «Бақыттың кілтін» қолыңа алып, асықпай оқып көр! Айтпақшы, тәптіштеп-тәпсірлеп отырғаным Жазира ақынның жазира-жырлары хақында. Өлеңге өмір сыйлап, өмірді өлеңге айналдыру – от пен суды қосып сапырғандай сақи шаруа!» - деп бағалапты ақын жырларын белгілі ақын Бақыт Беделхан.

Ақынның өлеңдерін оқып отырып, қоғамдағы түрлі жайттарға үн қосып отыратынын байқадық. Соның бірі астанада өртенген бес бүлдіршіннің қайғылы оқиғасы.    

«Мына өмірде білгендей дауыл, сын барын, 

Көкке ұшып кеттіңдер, Қауырсындарым! 

Бір-біріне тас атып үлкендер ғана жүр, 

Пәк рухтарыңның сезбестен ауырсынғанын...

Бәлкім, сәнсіз ғаламды керек етпедің,

Аз күн ғұмыр жазылған, Көбелектерім! 

Бесігімнен үзілген сәби-гүлдерім, 

Неге осынша дауысқа елең етпедің?

Ақ армандарды ақ қарға көміп келемін,

Ақ ұлпадай күнәсіз, Періштелерім!» - 

деген сөзге жыламай қалу мүмкін емес... Қайғыны жан-жүрегімен сезіну де бір бөлек күй. Бес бүлдіршіннің өлімі қоғамда қорғансыздың халін сезіндірген қаралы оқиға болды. Жақсы мен жаманның, ақ пен қараның ортасында періште күйінде келіп, періште күйінде кеткен балалардың ауыр қазасы күллі елдің қабырғасын қайыстырды. Елмен бірге сол бүлдіршіндерді жоқтаған ақынның азалы жыры да – өмірдің бір қыры екенін көресің. Өмір бар жерде өлім қатар жүретінін білдіртеді. 

«Өзім нәзік болғаныммен,

Ұлтым – Дүр! 

Ішім оттай жанғанымен, 

Сыртым – нұр! 

Қазақтықтан,

Ғажап құттан айырылмай,

Сауық-думан ортасында ғұрпым жүр... 

Өзім әлсіз болғаныммен,

Сертім нық! 

Ай алыстау қонғанымен,

Жер – кіндік! 

Дала жырдан, сана нұрдан сән құрып, 

Ақ әлемге сіңіп барады еркіндік...» - 

деген жыр үзіндісінен өз болмысынан айнымаған ұлтына деген махаббат сезіледі. Тамырынан үзілмеген жадының махаббатын сезесіз. Ұлтының ең бір қайырлы дәстүріне деген түпсіз мейірін сезесіз. Алмағайып заманда, жаһандану үдерісіне ілесіп кеткен қазақтың көшінде кімдер бар деген елегізуді сезесіз... Сенім мен күдікті алма-кезек ауыстырып, түзу жолдан адасып кетпедік пе деген емеурін сезіледі... Еркін елдің бүтін көші қайдан шықты, қайда барады деген дүдәмал ой сезіледі... Барын асырып, жоғын жасыратын данышпандық сезіледі... Бірақ соның қайыры неде? 

Жазира Бақаеваның ізденісі әлі жемісін берері анық. Оның өлең әлеміне сыйлаған жырларынан нәзік сезім мен терең түйсікті қатар сезінесіз. Оның уайымы мен қайғысы, қуанышы мен өкініші қарақан басының жоғын жоқтау емес, ХХІ ғасырдағы қазақ көшіндегі бар мен жоқту бүтіндеу. Оның өлеңдерінде жарамсақтық пен жағымпаздықты сынап, қоғамға қажет арлы адамның бейнесін сомдау байқалады. Ал, оның махаббат лирикасы өз алдына бір төбе. 

«Алағай дүние, бұлағай,

Жаныма қойды-ау ұнамай. 

Тәлкекке түскен тағдырды, 

Сен ғана жүрген сынамай...

Басқанмен күннің мұң жүзін, 

Айдан да жарық, жұлдызым,

Сен тұрсаң болды құламай!

Көгімде жанған шамшырақ,

Көзімде жанған тамшы бақ,

Өзім құраған өлеңде 

Содан соң мәңгі төбемде

Сен тұрсаң болды жарқырап!» - 

деген жырында ыстық ықыластың, шуақты сезімнің ұшқыны сипатталған. Жүректің егізіне арналған қуатты жыр. Көңіл түкпіріндегі сыңарын бағына балаған әдемі өлең. Сезім мен сергелдеңнен тұратын таразы басын тең ұстаған еркіндік сезіледі. Өлеңдегі ілтипаттан өмірдегі ризашылық сезіледі. Қол ұстасу, жұптасудың қадірін сезіну бар. Ақынның көбі қолы жетпеген махаббатты жырласа, Жазира ақынның өлеңінен қолы жеткен, жүрегі қатар соғатын адал жарға деген ақ махаббатты сезінеміз. 

«Иінінде отырып ізгіліктің,

Сен бір күні келер деп күзді күттім...

Елемедім нөсерді есі кеткен,

Өшірмедім жалынын ізгі үміттің...

Көздеріммен аялап көк пен жерді,

Сен екен деп жүгірдім ескен желді.

Сағым ұшқан далаға қарап тұрдым,

Сен келмедің...

...көгеріп көктем келді...» - 

деген өлеңімен ерен сағынышын жеткізген. Жол торыған көңілдің таусылмас сағынышы... Сүйіктісін көзбен емес, көңілмен іздеген тау-тау сағыныш... Құдды бір күн емес, бір ғасырға созылған ауыр сағынышты сезесіз. Өлеңдегі сағыныш оқырман көңіліңдегі талай жылғы дертті қозғап кететіндей сезімтал.  

Жазира Бақаеваның өлеңінен өмірді де, өлімді де, сезім мен күйзелісті де сезінесіз. Қуанғанға шуақ шашып, күйзелгенге тірек болар қуатты жырлары мол. Өлең әлеміне теңдеп жинар жүгі әлі де баршылық деген сенімдеміз. Әлі де берері мол ақын. Өлеңі тұнық, жыры мөлдір талантты ақынның ізденіс аясы да кең. Өмір мен өлімнің арасы бір сәт қана болса, сол сәтті мың жырға қосып, мәңгі өлмес поэзия көшіне ілестірген тума талант әлі арналы өлеңдерімен елді тамсантатын болады!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар