Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қалдырған ізің мәңгілік......

18.10.2024 1059

Қалдырған ізің мәңгілік... 6+

Қалдырған ізің мәңгілік... - adebiportal.kz

12 қазанда Астана қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы тоқсаныншы ұлттық гимназиясында қаладағы үш мемлекеттік мекемеге Әлкей Марғұлан, әл-Фараби, Қайым Мұхамедханов сынды халқымыздың ұлы тұлғаларының есімін бергізген, өмірін ағартушылық саласына арнаған Ербол Исламұлының өмірі мен ұстаздық еткен еңбек жолына арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты конференция өтті. Конференцияға Ербол Исламұлының бұрынғы әріптестері, ұстазындай болған ағалары, соңынан ерген қарындас-бауырлары қатысып, жылы естеліктер айтты.

Әуелгі сөз кезегін Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Темкеқызы Ербол Іргебаймен қатар жүріп, тең атқарған қызметтері туралы толқып тұрып бастады: 

- Өмір деген бір-ақ сәт десек де, осы қысқа өмірде көптен көңілде қалатын, сондай бір үлкен кездесулер болады. Жалпы жаныңда бірге жүретін, өзіңді түсіне білетін әріптестер көп емес қой. Мен үшін сондай адамның бірі – Ербол Исламұлы еді. Мен екі мың алтыншы жылдары білім басқармасына басшы болып келіп жатқан тұста, қаладағы қатысқан бірінші үлкен іс-шарам – Әлкей Марғұлан атындағы мектептегі мұражайдың ашылуымен өткен конференция болғаны әлі есімде. Сонда білім басқармасындағы еңбек жолым жақсы бір іс-шарамен басталып жатыр деп қуанып едім. Және сол жылы барлық іс-қағаздар мемлекеттік тілге ауыстырылып, мектепте де осындай жұмыстарды бастау керек болған еді. Сол кезде атқарылған істердің басы-қасында марқұм Ербол Іргебай аянбай ат салысып, тер төккен еді. Ол кісі соған дейін де орыс тілді мектептерде және қазақ мектептерінде қайтсек қазақ тілін кеңінен қолданысқа енгізіп жалпыластырамыз, балаларды қайтсек қазақша сөйлетеміз деген пікірді үнемі қозғап жүретін. Іздегенге-сұраған дегендей, кейіннен маған да ол кісі жиі көмектесіп, мектеп іс-қағаздарын қазақшалау ісінің бір шетіне шығысып, көптеген жұмыстар атқарысты. Ол кісінің бір ерекшелігі: жүрген жерін қазақшалап, ұлттық сипат беріп отыратын бір ұстанымы болды. Кейін Оқушылар сарайына келгенде де бұл ұжымды ұлттық бояуы қанық мекемеге айналдырып жібергеніне ел куә. Ол кісі осы үлкен мекемеге ұлы ғалымымыз Әбу Насыр әл-Фарабидің атын бергізіп те үлгерген еді. Өзінің жүрген жүрісімен де, айтқан ақылымен де, құрған жоспарымен де, осының барлығында да ол кісі әуелі үлкен жүрегіндегі патриоттық сезімін көрсететін. Елін, жерін қашан да ардақ тұтып: «Менің қалам, менің отаным, менің ұлтым, менің қазағым, менің оқушыларым!» - деген патриоттық ой мен идеяға қызмет қылған адам болды – деп, әріптесін тебірене еске алды.

Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай сөзді әріден қозғап, тереңінен толғап, ұзақ тебірене сөйледі:

- Аса құрметті ұстаздар, шәкірттер! Мен осы конференцияда екі нәрсеге риза болып отырмын. Төл шәкіртім болған Ербол Исламұлына көрсетіп жатқан мына бүгінгі құрметтеріңізге аса ризашылығымды білдіремін. Себебі, Ербол өзім әкем деп санайтын екі ұлы адам – Әлкей мен Қайымның жолын қуды және олардың ізін жалғастырды. Әлкей Марғұлан мені сексен үшінші жылы шақырып алып: «Менде ұл жоқ, менің ұлым боласың!» - деп бауырына басқан еді. Аға ұстазым Қайым Мұхамедхановтың үйінде өзге ешкімді отырғызбайтын, кезінде Мұхаң, Мұхтар Әуезов қана отырған орындық болушы еді. Бірде соған мені отырғызып қойып: «Сен менің он бірінші баламсың», - деген еді. Осы екі әкем артында қалған қаншама мұрасын маған аманаттап, тапсырып кеткен еді. 

«Отырар кітапханасы ғылыми орталығына» сирек қолжазбалар қорын құруға келген кезім. Бір күні «Жадырада» отырсам жүзі таныс жігіт келіп сәлем берді. Жыға танымадым. Сөйтсем, бұл – Ербол екен. Он жыл бұрын Ерболмен ауылында әкім боп жүргенде кездескен екенбіз. Сөйтіп Астанада қайта табыстық. 

Менің өзім түсінбейтін бір мінезім бар. Адал адамды көрсем айырылмаймын. Мейлі, менің жүрегімді таптап жатсын. Ол адам адал болса, мен одан қалмаймын. Екінші, білімді адам көрсем – еріп кетемін. Ондай адамның алдында құрдай жорғалаймын. Әңгімелесе келе білгенім: Ербол Қостанайда проректор болып жүріп, Астанаға теміржолдың аудармашы болып енді  келіп жатыр екен.Әңгіме Әлкей мен Қайым туралы болған кезде, Қайымның шәкіртінің біліміне жығылып түстім. Өйткені «Отырар кітапханасына» сирек кітаптар мен қолжазбаларды жию, оны дамыту осы сәтте күйіп тұрған іс болатын. Ерболды жұмысқа шақырып едім: «Жоқ, осы жұмысым ыңғайлы, келе алмаймын», - деді. Сол кезде Әлекеңнің «Отырар кітапханасында» қолжазба қорын ашу керек болды. Әлекеңнің қызы Дәнел апайға қоңырау шалып: «Маған еншімді беріңіз, Әлекең мені ұлым деді ғой. Сізге аманаттады ғой», - деп едім: «Иә, Тұрсын, сен еншіңді аласың, не қалайсың?» - дейді. «Әлкей Марғұланның қолжазба кітабын, тағы басқа толып жатқан дүниелерін «Отырар кітапханасына» тапсырыңыз. Анау үйдегі осыдан жиырма мың жыл бұрынғы тас бар. Сонымен қосып Жүрсін Ерман алып келсін», - дедім. Сөйтіп «Отырар кітапханасында» Әлкей Марғұланның қолжазба қорын ашқан кезде осылайша көңілім орнына бір түскен еді. 

Енді Қайымның дүниелерін түгендейін деп жүрген уақытта бір күні: «Астанадағы бір мектепке Әлкей Марғұланның есімі берілсе қалай болады?» - деп Дәнелі апай келді. «Ойбай, қазір», - деп Ерболға қоңырау соғып шақырып алдым да: «Міне, апай, ендігісін өздеріңіз әрі қарай көресіздер, қай мектепті қалай таңдауды өздеріңіз шешесіздер» - дедім. 

Содан-ақ апайы мен Ербол екеуі тура бір үйдің баласындай әңгімелері тез жарасып кетті. Сол кезде Ербол да мектепке ауысып, күні-түні жүріп қырқыншы мектепке Әлкей Марғұланның атын алып берді. Сол қарбаластықта жүрген оған екінші жақтан келіп мен жабысам. Ол кезде Қайымның қызы София тірі болатын. Өзінің қолжазбасын Динара тапсырған екен. Ол қолжазбаларды да сұрап алдым да, Ерболдан: «Ұстазыңды сыйлайсың ғой?» - деп сұраймын. Әдепті жігіт қой, күліп: - Иә, - дейді. «Міне, мына қолжазбаларды бір адамға бермей отырмын. Саған беремін, баста, оқы», - деп бірінші папкасын ашқызып ұстатып қойдым да: «Бір жыл уақыт беремін, кітабын дайындайсың», - дедім. 

Содан алғашқы екі жылда Қайым Мұхамедханов шығармаларының үш томы шығып кетті. Төртінші, бесінші томдарға келген кезде қатты бір қарбаластап, онсыз мектеп пен білім департаментінің жұмысы бітпейтіндей, шаруа кейіндей берді. Солайша жылына бір том, екі том шығарып жүріп, екі мың тоғызыншы жылы толық жазып бітірді. Қолымызда диссертация дайын. Кафедраға өткізген, кезекке қойған рецензенті бар. Енді соны қорғау керек. Сол кезде соған автореферат жазатын уақыты болмай кетті ғой. Бір бес-он күнде автореферат жазып келсе, кандидаттықты қорғауға да, кеңес те дайын тұр еді. Содан жоқ, жоқ. Сөйтіп жүргенде, екі мың тоғызыншы жылдың аяғында диссертациялық кеңес жабылды да, кандидат болмай қалды. Мұның бір жағы: егер де сол кезін ол Астанадағы қазақ тілі мен қазақ мектебіне пайдаланып, бар күшін тіл деген жауынгерлік іске салса, онда ол – кешірімді. Сонысы дұрыс болды. Бір диссертация қорғалар, бірақ Астанадағы қазақ мектебі, қазақ тілін көтергені үшін Ерболға сосын сол кездегі білім басқармасының төрайымы Әсима Темкеқызы сізге де кешіріммен қарап, мың алғыс айтамын. 

«Астанаға алғаш келген бетте «Абайтану» орталығын, «Қазақстан-Ресей» университетінде музей ашып, аз уақыт жұмыс атқарғанда алдымен шәкірттерін ертіп шын қуана білген ұстаз Ербол Іргебай еді», - деп кезекті сөз алған абайтанушы Алмахан Мұхамедқалиқызы өз сөзін музейге байланысты Ербол Іргебай мен Қайым Мұхамедхановтың арасында қандай ұрпақтар сабақтастығы барына тоқталып, былай деп тарқатты: «Қазақ топырағында ең бірінші рет музей ісін қалыптастырған – Абай еді. Біз көбінде Абайдың ағартушылығын, қайраткерлігін ғана айтамыз да, музей қалыптастырушы екенін жиі айта алмай келе жатырмыз. Абайдың өзі  көзі тірісінде тапсырған жиырма үш экспонат қазір Семейдегі мемлекеттік «Абай қорық-мұражайында» тұр. Абайдың тоқсан бес жылдық мерейтойы кезінде Семейден «Абай музейін» ашу қаулысы қабылданды. Сол кезде жас ағартушы-педагог Қайым Мұхамедханов ұстазы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Абай тұтынған заттарды жинап, ұлы ақын заманының куәгерлерінен естеліктер алып, мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы он алтыншы қазан күні Семейдегі мемлекеттік «Абай мұражайын» ашқан болатын. Сол ұстазының ізінен жаңылмай жүріп өткен бүгінгі ұстаз ол – Ербол Іргебай еді. Ол қа шәкірт бола жүріп, Алаштың арыстарын таныды. Енді ұстаздық жолда Ахмет Байтұрсыновтың ұстанымын ұстанды. Ұлтқа адал қызмет жасады. Ол тек білім берумен ғана айналысқан жоқ, ұлттың руханиятын, мұрағатын жинауға өз үлкен үлес қосты», - деді. 

Қайым Мұхамедханов атындағы № 90 гимназияның директоры Абдраманова Гулжанат Асанқызы мектеп ұйымдастырып жатқан іс-шараның негізгі мақсаттары мен маңызын былай деп баяндап берді: «Құрметті әріптестер, ұлағатты ұстаздар! Бүгінгі күн мен үшін өте ерекше. Себебі, Ербол Исламұлының салған ізі мен әрбір жүріп өткен қадамы – адамға үлкен бір жауапкершілік жүктейді. Менің түсінігімде ол кісі үнемі жаңалықтың жаршысы, жаңа идеяның белсенді қолдаушысы болатын. Екі мың үшінші жылдары мен Қазақстанда алғаш енгізіле бастаған сыни тұрғысынан ойлауды дамыту курсында оқыған едім. Екі мың бесінші жылдары сол курсты мектептерде өткізе бастадық. Ол кез қырқыншы мектеп жаңадан ашылып жатқан еді. Сол кездің өзінде мектептің енді-енді құрылып жатқанына да қарамай, бізді шақырып, Астана бойынша алғаш рет курс өткізген де осы Ербол Исламұлы болды. Сонда мұғалімдерін оқытып, жаңашылдыққа бастап, олардың кәсіби біліміне бағыт-бағдар бертін, өзінің ұжымындағы мұғалімдерінің білім сапасы өсуіне үнемі қолдау көрсетіп отыратын басшы ретінде есімде қалыпты. Одан кейін екі мың он екі, он үшінші жылдары ел көлемінде мектептерде деңгейлік курстар басталды. Сол деңгейлік курстардағы мектеп басшыларының курсы екі мың он үшінші жылы болды. Сол кезде де бірінші болып осы курстан өткен, өзінің мектебіне жаңашыл бағытта басқару жүйесін жасағысы келген және жасаған жаңашыл басшы осы Ербол ағамыз болды. Одан кейін сол курстардан соң жас басшылардың арасында «Көшбасшылық және бөлінген көшбасшылық» тақырыбында алғаш рет өзінің тәжірибесімен бөліскен де осы кісі болды. Көшбасшы қандай болу керек, бөлінген көшбасшы қандай болу керек, қалай мектепті басқару керек деген сұрақтарға алғаш рет алдымызға шығып өзінің тәжірибесімен бөліскен Ербол ағамыз еді», - деп Ербол Исламұлы соңғы рет жұмыс жасаған білім ордасының эстафетасын зор жауапкершілікпен атқарып келе жатқан Гүлжанат Асанқызы сөзін тәмамдады.

Көрнекті тұлғаның жары Қымбат Мұқанқызы келген қонақтар мен мектеп директорына және ұжымына ризашылығын білдіре отырып, Ербол Іргебайдың тоқсаныншы мектепті жөндеуден өткізген сәттерінен жылы естеліктер айтып өтті: «Құрметті әріптестер, сөйлемейін деп келсем де әрқашан бір-екі ауыз сөз сөйлеуге тура келіп жатады. Еске алып, сөз сөйлеп жатқан, құрметтеп келіп отырған сіздерге алғысым шексіз! Бір адам қашанда, қандай іс атқарамын десе де, қасында қолдаушылары, өзінің пікірлес әріптестері болмаса, ешқандай жетістікке жетпейтіні аян ғой. Ерболға Алла-Тағаланың берген үлкен бір сыйы – қай жерге барса да жақсы адамдардың ортасында болғаны шығар. Осы жерде шын ризашылығымды, рақметімді Әлкей Марғұлан атындағы мектептің ұжымына, осы мектептің мұғалімдеріне айтқым келеді. Осы мектепті бітіргеніне қаншама жыл өтсе де Ербол ұстазын ұмытпай, жылда жиналып жүрген шәкірттеріне айтқым келеді. Міне, Ерболдың өмірден кеткеніне үш жарым жыл болыпты. Қырқыншы мектептің шәкірттері жылда өздері жиылып кездесу өткізеді.

Мінеки, бүгінгідей Аятжанның кезінде де тоқсаныншы гимназияда іс-шаралар өтті. Ал ақиқатында біздің тарапымыздан осындай іс-шара өткізейік деп ешкімге өтініш айтылған емес. Шынымды айтсам, мұндай іс-шараға келуге ұяламын, ыңғайсызданамын. Бәрі сырттай қолқасыз, өздерінің тарапынан болып жатқанына өте ризамын. Ерболдың да рухы риза шығар. Мына залға кіргенде, марқұмның дәрігерде жатқан сәті есіме түсіп кетті. Дәл сол кез осы залдың дизайнын жасап жатқан уақыт еді. Емханада жатып: «Осындай адамдар болсын, осындай сөз болсын, осындай түс болсын», - деген тапсырмаларды жіберіп, қадағалап отыратын. Әлі есімде, бір кезде атып тұрып: «Ой, мен бір адамды ұмытып кетіппін ғой, тез телефонымды берші?» - деді, телефонын беріп едім. Осы залды өңдеп жатқан адамдарға хабарласып: «Біз Марғұланды ұмытып кетіппіз, бір орын шығара аласыздар ма?» - деп айтты да: «Сол кісіні қалай ұмытып кеттім!» - деп қатты қиналды. Содан ноутбугін ашып, суретін, сөзін іздеп, дайын болғасын жіберіп болып: «Маған Марғұланды орналастырған дизайнды жіберсеңіздер!» - деп соны асыға күтті. Бір кезде барып: «Әлекеңді қарашы, қоятын бір орын қалған екен!» - деп соған аса риза болып, өзіне-өзі көңілі толып жатты. Содан кейінгі дәрігерде жатып риза болғаны: мектепке Қайым Мұхамедхановтың атын беру болды. Телефоны шырылдап, арғы жақпен сөйлесіп алып: «Уһ!» - деп демін алды. «Не болды?» - деп едім: «Қаулы шығып, тоқсаныншы гимназияға Қайым Мұхамедхановтың аты берілді!» - деді. Өзінің ұстазына, Әлкей Марғұланның аруағына деген құрметін өзі төсек тартып жатса да, ешқашан естен шығармады. Бүгін алдына келгендей болып, әріптес-шәкірттерінің, ағаларының қолдап, көтеріп жатқанына тағы да ризашылығым білдіріп, рақметімді айтамын. Еңбек ете беріңіздер, ойда жүрген ойларыңыз, мақсаттарыңыз орындалсын! Әрқашан жандарыңызда адал, қолдаушыларыңыз көп болсын! Көп рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар